Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті Ш. Есенов
(Қ.Р. білім және ғылым Министрлігі Ғылым комитетінің біріккен ведомстволық архиві.
( қ. 2, О. 1,і. 1419, б. 1.2.)
***
Архивтік көшірме
Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президиумы отырысының
Стенограммасы
Алматы қ.
6-қаңтар 1970 ж.
Төраға Қазақ ССР Ғ.А.президенті Ш. Есенов
Төраға Ш.Есенов: Бүгін бізде бір мәселе – Қоғамдық ғылымдар және оның мекемелерінің 1969 жылғы қорытындылары туралы айтылды, кімде қандай қосымшалар бар?
Мен айтуға тиіспін, бұл институт өте маңызды. Көптеген сұрақтар туындады, барлығы да өз пікірін білдіргісі келеді. Міне, сондықтан басқа жолдастар ұрандатып, әдемі сөздерді көбейтпей, сөйлеу алдында айтатындарыңыз туралы жақсылап ойланып алыңыздар. Ал, енді әншейін сөлеп қалу үшін ұмтылсаңыздар оның біздің ұжымға, біздің ғалымдарға берері аз.
Әл-Фараби туралы. Егер өз пікірлеріңізбен бөліскілеріңіз келсе, айтыңыздар. Осы бағытта қандай жаңалық айтыңыз, соны айтыңыздар. Фараби туралы францияда да біледі деген сияқты әңгіменің бізге керегі жоқ. Бұл бағытта жаңалықтар ашумен біз шұғылдануымыз керек. Бұл мәселенің соншалықты маңызды екенін сіздер түсінесіздер ме? Біз мұнда ғалымдар бір жылда қандай жұмыстар атқарылғанын тыңдауға жиналдық. Міне сіздер айттыңыздар, осы бағытта қандай мәселелерді зерттеді, жүктелген тапсырмалар орындалды ма?
Ал құрдан құр ұрандатып біз алысқа бара алмаймыз. Мұның ешкімге қажеті жоқ.
Сөйленетін сөздердің барлығы бөлімнің есебімен тығыз байланысты болсын. Институттар өз күштерін бөлген. Әрбір бөлім белгілі бір жұмыстар атқарды. Біз қазір қазақ халқының ежелгі мәдениеті туралы пікірді қолданамыз. Бір нәрсе белгілі, қазақ халқы ежелгі халық, оның мәдениеті бар, тарихы бар, атақты адамдары бар. Осыларды зерттеу керек, ашу керек. Бар болғаны жұмысты белсендіру қажет.
Мен орыс ғалымдары Тургенов пен Толстой туралы айтайын. Олар бірін бірі жақтырмаған. Тургеновтің жазушылығы пісіп-жетілген кезде Толстой әдебиетке енді ғана келген. Бірде Толстой әдеби мақала жазып Тургеновке көрсеткен, Тургенов мақаланы жоғары бағалап Толстойдың талантына тәнті болған. Оның әдебиетте құбылыс болатындығын танып, білген. Міне, сондықтан ұлы орыс әдебиеті туралы айтқанда біз Толстой туралы, Тургенов туралы айтамыз. Екеуі де ұлы шығармаларымен есте қалды. Сондықтан бізде де кімге ескерткіш қойылды, кімге қойылмады дегендей қарсы әңгімелердің қажеті жоқ. Бұндай тәсіл, жарамсыз тәсіл. Мұның өзі біздің әдебиет пен өнердің даму деңгейіне сәйкес болмайды.
Материалдар бар ма, онда солардың негізінде сөз қозғайық, егер материал жоқ болса, онда трибунаға шығу үшін ғана, көріну үшін ғана ұмтылудың пайдасы жоқ. Сіздерді өкпелетейін дегенім емес, әл-Фарабиге қатысты зерттеулер жүргізілуде, бірақ мен сол зерттеулердің жан-жақтылығына, Фарабидің тереңділігіне күмәнім бар. Дегенмен, жұмыс бар, ол Қазақстанда туылған деп бүкіл әлемге ұрандатудан аулақ болуымыз керек. Ұрандату емес, зерттеу қажет, сонда оның нәтижелері кімнің кім болғанын көрсетеді.
Конференцияға қатысты әңгімелер бар. Мәселені ең алдымен Қазақстан ішінде талқылау қажет, ол үшін қойылатын сұрақтарды республика ішінде сараптайық. Мен жалпы үйлестіру жұмыстарына қарсы емеспін, бірақ, ең алдымен зерттеулердің жоғары деңгейіне жетуді көздейік. Сондықтан сөйлеушілерге менің өтінішім, не болса соны айта бермеңіздер, негіздеп сөйлеңіздер. Ал. енді сөйлеушілерге мархабат...
(Қ.Р. Білім және Ғылым Министрлігі Ғылым
Комитетінің біріккен ведомстволық архиві)
(қ. 2. О. 1, і. 1243, б. 80, 86, 95, 96)
***
Осы үш құжаттың өзі ұлы ғұлама әл-Фарабиді өз Отанына оралту үшін атқарылған істер мен Есенов әрекетінің қандайлық дәрежеде болғанынан мағлұмат беріп тұрған жоқ па?! Бұдан кейін де осындай бас қосулардың талайы өтіп, бәрінде де әл-Фараби шығрмаларын іздеу, табу, аудару талқыланды. Шындығына келсек президент Есеновтің табанды талап етуінің, сөз бұйдалыққа салмай нақтылы шараларды ұйымдастыруының арқасында Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын, оған байланысты еңбектерді жинақтап, зерттеу мәселесі мықтап қолға алынды. Мысалы, академик С.Балмұқанов Түркияның Анкара қаласынан әл-Фарабидің екі кітабын, академик Ш.Есенов Канадаға барғанда бір кітабын, А.Көбесов астрономиялық, физика-математикалық еңбектерінің көшірмелерін алдырған болса, А.Машанов Париж қаласынан музыка кітабын, А.Қасымжанов Чехословакияның Братислава университетінің кітапханасынан логикаға байланысты сегіз кітабын алдырды. Соның арқасында әл-Фарабидің елуден астам еңбегі Қазақ ССР Ғылым Академиясының фондына келіп түсті. Қандай байлық! Теңдесі жоқ құндылық! Бұрын ұлы ғұламаның бірде-бір кітабы болмаған кітапхана үшін, ең бастысы, білім мен ілімге ұмтылып отырған халық үшін бұл қандай байлық екенін көкірегі ояу, санасы сергек адамның түсінуі қиын емес. Бұл жерде Есенов еңбегі елеулі болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Ақырында, Азия-Африка Жазушыларының Ү конференциясының соңғы күні-- 9 сентябрь күні Қазақстан Ғылым Академиясының үлкен залында әл-Фарабидің 1100 жылдық торқалы тойы тұңғыш рет аталып өтіп, оған шет елден келген қонақтар, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысып, сөз сөйлейді. Өз сөзінде ол «жерлесіміз әл-Фарабидің 1100 жылдық торқалы тойы 1975 жылы арнайы аталып өтіледі» деп, жиналған жұртқа, шет елден келген қонақтар алдында, қысқасы, айдай әлемге жария етті.
Шын мәнінде, осы жолы, осы конференцияда жасалған баяндамада да, сөйлеушілер де әлемде Аристотельден кейін «Екінші Ұстаз» аталған әл-Фараби Отырарда туып өскендігі, терең ойлы, гуманист ғалым екендігі байсалды дәлелденіп, біздің бабамыз екендігі мойындалды, басқалар да мойындады. Бұл кезге дейін әл-Фарабиді арабтар-араб, парсылықтар-парсы, өзбектер-өзбек... деп таласып, еңбектерін аударып, иемденіп жатқан кез болатын, оған алғаш тойтарыс беріліп, ұлы ғалымның Отырарлық екені нақтылы дәлелдермен дәлелденді.
Бас баяндамашы, Шығыстану институтының директоры, академик Б.Ғ.Ғафуров:
«--...оның ғұмыры жайлы деректер аз. Бізге оның толық есіміндегі «Тархан» деген терминнің өзі-ақ танытып тұрғанындай, түркі-қыпшық тайпасының бір тобынан шыққандығы белгілі. Сондай-ақ, оның қазіргі Түркістан қаласына таяу маңда Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында тұрған Отырар қаласында 870-873 жылдар арасында туғаны және өмірінің едәуір бөлігін осында өткізгені бізге мәлім болып отыр. Ізденімпаздық, білімге деген құштарлық оны сапарға жетеледі. Ол өз заманының Хорасан, Бағдат, Дамаск, Алеппо, Каир сияқты көптеген мәдени орталықтарында болып, білім алды, ілім қуды...,--деп, оның еңбектеріне ғылыми талдау жасай келіп,-- Фарабидің 1975 жылы атап өтілгелі отырған туғанына 1100 жыл толуына арналған мерекесі бүкіл дүниежүзі мәдени, ғылыми өмірінің үлкен оқиғасы болатындығына шүбә жоқ.
Қазақ ғалымдарының, республика Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Есеновтің басшылығымен өз жерлестері, заманының дана ойшылы әл-Фарабидің мерекесіне дайындық жөнінде елеулі жұмыстар атқарып жатқандығын айтқым келеді. Алматы—Фарабитанудың шын мәніндегі орталығына айналды. Бұның өзі Қазақстанның ғылым мен мәдениет саласындағы зор жетістіктерінің тағы бір белгісі».
Конференцияда екінші болып сөз сөйлеген Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Есенов баяндамасы мына бағытта болды:
«...әл-Фарабиге қайта оралғанда, оның мұрасын зерттеудегі ең маңыздысы сыртқы әсерлер емес, керісінше ішкі ой кенеулері екенін ескерте кеткен жөн.
Сондай-ақ кейбір авторлардың әл-Фарабиді тек қазақ ретінде бейнелеуге тырысушылығы, осы мақсатта оқиғалардың жасанды түрде өңін өзгертушілігі де құрғақ әрі негізсіз әрекет болып табылады. Оның заманында этникалық жіктелу процесі әбден аяқталып болмағанын, қазақтардың халық ретінде әлі қалыптаспағанын есте ұстаған жөн. Сондай-ақ, оны өзбек деп те атауға бола қоймас. Жалпы, біздің ойымызша, әл-Фарабидің этникалық тегі жайлы пікір таласы—жөнсіз, негізсіз бос нәрсе. Фактілерді тірек ете отырып айтуға болатыны біреу-ақ, ол—әл-Фарабидің кейіннен қазақ халқының құрамына енген түркі тайпасынан шыққандығы, оның—советтік Шығыстың барлық халықтарының мәдениетіне тығыз қатысы бар қайраткер екендігі. Ол—Шығыстың ұлы.
Ұлы ойшылдың 1100 жылдық мерекесін лайықты атап өту дегеніміз—ең алдымен оның өз еңбектерін барынша толық күйінде шығару, сонымен бірге оның мұрасына зерттеу жүргізу деген сөз. Бұл жұмыс аса күрделі әрі көп күшті керек етеді. Қазақ ССР Ғылым академиясы әл-Фарабидің «Философиялық трактаттарын» орыс және қазақ тілдерінде, «Математикалық трактаттары» мен Әлеуметтік-этникалық трактаттарын» орыс тілінде, «Әл-Фараби—ұлы ойшыл және ғалым-энциклопедист» атты жинақ жарыққа шақты.
Біздің замандастарымыз үшін әл-Фарабидің этикалық ілімінің ерекше ықылас қоярлық маңызы бар...Әл-Фараби былай дейді: «Алайда, ізгі ниетті адам өлімді күшпен жеделдетуге тиіс емес, себебі өмірге деген құштарлықтың өзі ізгіліктің ұлы қайнары болып табылады».
Жеке тұлғаның бақыты, әл-Фарабидің ойынша, адамның ізгі қасиеттеріне байланысты болмақ. Бұл қасиеттер ақыл-ой өткірлігі мен тереңдігін, сондай-ақ абзал адамгершілік мінезді қамтиды. Бұның соңғысы адамның іс-әрекетіне қатысы жоқ, алдын-ала берілген әлдене емес. Көркем жазу өнерін жетілдіру шеберлікке апаратыны сияқты, жақсы әрекеттерге бой ұру, оларды дәстүрлі, табиғи, жан риза болатын тәртіппен қызмет нормаларына айналдыру, сөз жоқ, жақсы мінез- құлықты қалыптастырмақ. Адамгершілік мінез-құлық іс-әрекеттерден көрінеді және керісінше. Өз алдыңда барынша шыншыл болуың керек, бұл әсіресе өзіңнің бойында бар ізгі қасиеттерді тануға және бір нәрсені одан әрі дамытуға қатысты.
Мінез-құлықты жетілдіру процесін әл-Фараби дене мүсіндерін жетілдіруге ұқсатады. Соңғының жетілуі денсаулыққа байланысты. Егер денсаулық болса, онда оны сақтауға және нығайтуға ұмтылу керек, егер денсаулық болмаса, онда оны жақсарту үшін күш жұмсау қажет. Тән саулығы тіршілк істерінде ұстамдылық сақтауға, соның ішінде –тамақ ішудегі сабырлылық қанағатқа байланысты. Жақсы мінез-құлық рухани салауаттық ретінде, сондай-ақ, іс-әрекет ұстамд ылығын да талап етеді. Бұнымен қатар, жарамсыз мінез-құлықты әл-Фараби рухани дерт ретінде сипаттайды. Іс-әрекеттегі ұстамдылық орайында ол бұны шектен тыс екі өрескелдіктің ортасы ретінде сипаттай келіп, толықтай дерлік аристотельдік көзқарасты одан әрі дамытқан.
Болашақта әл-Фараби бүкіл өмірі бойында еңбек еткен логика, таным, эстетика, математика, музыка теориясы мәселелері кеңінен қозғалған «Үлкен музыка кітабын» зерттеу және жарыққа шығару жұмысы күтіп тұр...
Ұлы ойшыл-философтың мерекесі Азияның көптеген елдерінде, сондай-ақ, Европа мен Американың Шығыстану топтарында кеңінен атап өтілмек. Ақыл-ой мен ағарту жаршысы болған, соғыс пен басып-жаншуға батыл үн көтеріп, дүние жүзінің барлық халықтарын бейбітшілк пен достыққа шақырған гуманист әл-Фараби ізгі ниетті барлық адамның да жүрегіне ыстық әрі қымбат...»
Бұдан кейін сөз алғандар, шет елдерден келген ақын-жазушы, ғалымдар: Ирактан келген Халила Абдул Азиз, Сириялық Аднана Багаджати, Египеттік Абден Рахман Әл-Шарқай, Пакистандық Файз Ахмад Файз мінберден сөз сөйлеп, бас баяндамашының сөзін қолдап, әл-Фарабидің біздің жерлесіміз екенін мойындап, басқалардың да мойындауын қалап, не керек, осы уақытқа дейін әр-түрлі айтылып, әркім «иемденіп» жүрген пікірлерге соңғы нүкте қойылды.
Президент Шахмардан Есеновтің жеке араласуымен, қатысуымен әл-Фарабидің шығармалары сараланып, оның философиялық, логикалық, әлеуметтік-этикалық, математикалық, жаратылыстық ғылымдар, музыкалық трактаттарын тарихта тұңғыш рет Қазақстанда жеке-жеке кітап етіп, қазақ және орыс тілінде шығарды. Теңдесі жоқ Есенов еңбегін елге таныстыру үшін, есте сақтап, өсіп келе жатқан жас өрендерге үлгі ету үшін осылай тәтпіштеп айтуды жөн көрдік.
Бізге ой келеді, егер Есенов бастама көтеріп, қолға алмағанда әл-Фараби әлі аулына, туған жерге «орала алмай» жүрер ме еді, кім білсін. Ең бастысы— Әбу Насыр әл-Фарабидей ұлы адаммен жерлес болудың өзінде бір ұлы күш барын сезесің. Әсіресе, әлі күнге дейін тарихты зерделемей, бізді «жабайы» деп жатырқап, «адам еттік» деп айғайлап жүргендерге кәдімгідей-ақ айбарлана қарап, рухтанып қалады екенсің! Басқаны білмейміз, біз әл-Фарабидей ғұлама ғалым бабамызды Отанына «қайтарғаны» үшін-ақ Шахмардан Есеновке қарыздармыз.
Өкінішке орай 1975 жылы өткен әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына академик Есенов шақырылмады. Бұл кезде оның президенттік міндетін толық аяқтатпай, орнынан алған кез болатын. Жарайды, президент қызметінен кеткенмен әл-Фарабидің осы торқалы тойының аталып өтілуіне бірден-бір күш салып, істі ұйымдастарған сол екенін архив құжаттары тұрғанда тарих бетінен қалай өшірмекпіз. Басты баяндамашы болмаса да, призидиумға отырғзбаса да құрметті қонақ етіп шақыруға болушы еді ғой. Жоқ, шақырылмаған. Архивте сақтаулы тұрған бар құжаттарды қарап, ешбір тізімнен Есенов есімін біз кезіктіре алмадық. Қызық. Мұндайда не айтуға болады, қолымда биліктің бишігі бар екен деп әрбір әділ іске осылай өктемдік жасала берсе оларда ар мен ұяттың болмағаны да.
Достарыңызбен бөлісу: |