Шахмарданның істі ұйымдастыру қабілетіне қайран қалып, риза болдық.
Облыстық партия комитетінде өндірісті басқару бөлімінің меңгерушісі болғандықтан да Шахмарданмен жиі кездесуіме қызметім көмектесті. Қашан, қай кезде барсаң да есігінің алдында сарғайтып отырғызып қоймай, жылы қабылдап, өтініш-тілектерімізді тез шешіп беретін. Соның арқасында Шалқия кен орнындағы құрылыс, Жаңақорған басындағы қиыршық тас зауыты, Қызылорда қаласындағы селикат өндіретін өндіріс орыны жұмысын бұрынғыдан екі-үш есеге жақсартты және Арал өңірінен сульфат өндірудің жолдарын қарастырды.
Әсіресе, экологиялық қатер аймағына айналып отырған Арал және Қазалы өңірінен ауыз су көзін табуды қатты қолға алды. Барлаушылардың бар мұқтажын жеткізіп, тез арада жер асты су көзін табуды тапсырды. Тиянақты тапсырманың арқасында Байқожа, Қараұзақ су табылып, скважиналар қойылып, халық ауыз суға қарық болды да қалды. Мұны іскерлік емес деп қалай айтарсың...
Шахмарданды республиканың «Басты геологі» деп атауға тұрарлық адам. Оның Құмкөл мен Арысқұм мұнай мен газ кенінің табылуына бар қолындағы билігі мен өзінің күш-қайратын аямады. Осы екі кеніштің табысы облыс экономикасының көтерілуіне елеулі үлес қосып отыр. Шахмарданның туған жеріне қосқан үлесі, перзенттік борышын өтеді деп есептейді қызылордалықтар...»
***
Шынмен-ақ Шахмардан өз ортасына, геолог-барлаушыларына оралғанына қуанбаса ренжіген жоқ. Ол бір мансаптың соңына түсіп, «мені президент немесе министір етіңізші» деп, Қонаевтың алдына барған емес. Бәрі де тоссыннан, аяқ астынан болды емес пе. Қайта, оған: «кен ізде, мұнай тап, академияның беделін көтер!» деп, өздеріне ең керек кезде жұмысқа жеккен жоқ па? Ол да сеніп тапсырылды ғой деп қолынан келетінін, бойында бар қабылетін жұмсаудан аянған жоқ. Әйтпесе, қай министр апталап, айлап ми қайнатар ыстық пен қақаған аязда мұнайшы ортасында жатып еді?! Сенімнің соңында Димаш ағасы тұрғандықтан да ұятқа қалдырмауды ойлады. Нәтижесіз болды ма, Шахмардан Есенов тұсында Жетібай, Өзен, Бозашы, Қаражамбас... мұнай көздері табылып, Кенді Алтайдан Тишин, Орлов, Малеев полиметалл кен орындары, Қазақстанның орталығынан Жәйрем, Батысынан Тастыбұлақ, Приорск, Авангард, Оңтүстігінен Шалқия, Шатыркөл кендері ашылып, Ғылым академиясының абыройы асқақтады. Жаман атын шығарған жоқ. Жамандықты таңып жүрген өздері, оны істетіп отырған өздерінен асып бара жатқан беделін көре алмаушылық пендешліктері еді.
Біздің қолымызға Шамардан Есеновтің екінші рет министр болған тұста Бірінші хатшы Д.Қонаев атына жазған хаты тұр. Хатты оқимыз да қайран қаламыз. Күні кеше ғана сан-алуан мәселелерді кабинетіне барып, ақылдасып шешіп отырған Есеновке енді келіп, табан астынан Орталық Комитеттің есігі неге «тарс!» жабылды. Сондайлық Есенов адам өлтіріп, мемлекет қазынасын ұрлап, қылмыскер атанған жоқ қой, соншалықты қарым-қатынасты шарт бұзатындай. Түйткіл көп, бәрі де түсініксіз. Жоқ, түсінбейтін түгі де жоқ, адам атаулының, оның ішінде ел билеуші патша мен ханға қасірет болып жабысқан қызғаншақтық деген «ауру» бар емес пе, міне, біздің «біріншілеріміз» де сол аурудан ада бола адмай қалып тұр. Қолындағы биліктен айрылып қаламыз ба деген қауіп оларды осындай әрекеттерге, түймедейді түйедей етіп жала жабуға, қиянаттыққа әкеп тұр. Бүгінде «кемеңгер», «ұлы» деп, жаһаннамға жар салып, жариялап жүрген адамымыздың бұл қылығын оның қай қасиетіне жатқызсақ екен?
Қызғаныш! Бұл бойыңызды билемесін деңіз, биледі ме оған ақылыңыз да тосқауыл бола алмайды. Талай данышпандар мен дарындылардың түбіне жеткен қызғаныш, көре алмаушылық емес пе бұл! Кеше ғана қамқор болған ағасы Димекеңе енді неге Есенов хат жазуға мәжбүрлі? Сол хатты түгел жариялап отырмыз, онда министрліктің атқарған қыруар ісін Есеновтің өзі баяндайды. Кімнің-кім екенін, істің ақ-қарасын өзіңіз-ақ пайымдай аласыз. Не болса да хатты оқып көрелік.
Достарыңызбен бөлісу: |