Ұстаз, академик, профессор Шахмардан Есенов:
«-Қазіргі қайта құру кезеңінде біздің кафедра Қазақ геология басқармасымен тізе қоса отырып республиканың басты-басты деген геологиялық объектілерін зерттеуді бір арнаға түсіріп жатыр. Атап айтқанда Балқаш сегментіндегі жер қабаттарының геологиясы мен металлогениясын ұңғи зеттеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл зерттеу Саяқ кенішінің шикізат базасын кеңейтіп, осы аймақтағы ашылатын кен орындарын алдын ала болжауға мүмкіндік тудырар еді. Ал, түсті және бағалы металлдардың кен орындарын барлау методикасы» тақырыбымен жүргізілген зерттеулер табиғи құбылыстармен тікелей байланысты. Мұның ішіндегі тұнба жинаудың магматизміне, метаморфизм мен тектоникаға кезінде геология ғылымының аса көрнекті өкілдері А.П.Карпинский, Қ.И.Сәтбаев, А.Е.Ферсман баса назар аударған. Барлаудың тектоникалық бағыты жер қабаты құрылымының ілімі негізінде кендердің аймақ бойынша орналасу заңдылықтарын ашып берді. Ал, Оңтүстік Қазақстан мен Арал теңізі төңірегіндегі палеозойлық және мезозойлық қабаттарына дұрыс барлау жасасақ, мұнай мен газдың қисапсыз қорын табуымыз хақ».
Ол осылай, осы бағытта дәріс оқыды, ғылыми зерттеулерге басшылық жасады, кафедра мақсатын айқындады.
Ол жүздеген жас инженерді, жер қойнауын қопарып, байлық табар барлаушыларды тәрбиелеп, білім берді, ілім сыйлады. Он алты жыл ұстаздықтың туын жерге түсірмей, абыройлы атқарды. Ол оқыған лекцияны басқа топтың, басқа курстың студенттері де келіп тыңдайтын. Қызықтыратын! Қызығатын! Олардың біразы Қазақстан Ғылым Академиясының академиялық ғылымын жалғастырса, енді біразы геологиялық-барлауды дамытты, жаңа кендер көзін ашты, геология-инженерлері атанды. Есенов өз ойларын үнемі айтып, жазып жүрді. Оның қаламынан туған елдік-жерлік мағынасы бар мақалаларды республикалық және Одақтық басылымдар: газет пен журналдар бетінен жиі көруге болатын. Мақалалары арқылы геология –барлау, геология-инженерлік мамандықтың, өндірістің күрделі мәселелерін көтеріп, қоғамдық пікір туғызып отырды.
Мысалы, Есенов қаламынан туған 200-ден астам мақаланың біразын оқыдық, қарап шықтық. Бірі ғылыми, екіншісі, публицистикалық жанырда жазылған мақалалардың тақырыбы біреу—Қазақтанның кен байлықтары. Бірақ, көтерген мәселелері алуан-алуан. Әсіресе, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазған мақалаларында ой тәуелсіздігі, сөз бостандығы басым. Ол жаңа пікір, жақсы идеялар айтты. Проблема көтерді. Оның сыры еліміздің шетіне келген демократия Есеновтің ақыл мен ойына да бостандық әкелді. Ол осы күнді он-он бес жыл күтті. «Шындықта да кемшілк бар, ол кешігіп келеді» дейді даналар. Санасында сарқыла күтіп жатқан идеялар мен проблемалар күркірей бой көтеріп, сөз маржан болып жарыққа шықты. Сондай бір мақаласында ол ата-бабадан қалған жер байлығы ел игілігіне жаратылса екен, шашылып-төгіліп, бей-берекет біреулердің қолында кетіп қалмаса екен дегенді ашық айтты. Бұл үлкен жүректі Азаматтың жан айқайына көбірек ұқсайтын еді.
Достарыңызбен бөлісу: |