Жабайы жануарларды темір жол көлігімен тасымалдау ережелері
Жабайы жануарларды тасымалдауға мұқият әзірлену керек және ветеринарлық бақылау қатаң болуы тиіс. Жабайы жануарлар қолайсыз жағдайларға өте сезімтал, сондықтан оңай күйзеліске ұшырайды.
Тасымалдауға дені сау, 30 күн оқшауда болған жануарлар жіберіледі. Жабайы жануарлардың қапаста тамақтануға үйренгендігіне, ветеринарлық өңдеуден өткеніне көз жеткізу керек. Оларды арнайы берік торларда тасымалдайды. Олар бір қатарда қарап, күтіп, азықтану үшін орын қалдырып орналастырады, торларды жақсылап бекітеді.
Ірі жыртқыштар салынған торларды (барыс, жолбарыс, сілеусін, гиена) ұсақ және тұяқтылардан жеке орналыстырады. Азықтандыру жеке рацион бойынша оны жөнелтуші құрайды, оларды тасымалдауға дейін қалай азықтандырса, солай азықтандыру қажет.
Жабайы жануарларды күту, азықтандыру үшін бір вагонға 2 жолсерік тағайындалады. Тасымалдау алдында (3-4 күн бүрын) олар арнайы дайындықтан өту керек. Жол жүру кезінде ауырған, жарақаттанған жануарлар болса, жедел түрде хабарлайды да, көмек көрсетеді.
Цирктік және зоопарктік жануарларды темір жол көлігімен тасымалдау ережелері
Жануарларды жөнелтер алдында мұқият қарап зерттейді, жылқы, есек, пони, қашар өзге тақтұяқтылар мен түйелерді маңқаға, ешкілерді туберкуллезге, бруцеллезге, маймыл мен құстарды туберкулезге, піл, мүйізтұмсық, жыртқыштарды гельминтозға зерттейді. Ит, түлкі, қасқырларды құтыру мен обаға егеді. Темір жол арқылы тасымалдауға тек қана теріс нәтиже бергендері ғана жіберіледі. Ветеринарлық куәлікте өңдеу орнын, уақытын белгілейді. Егер бір жылда осы аталған жануарларды қайтадан тасымалдаса, онда өңдеуден өткізбейді.
Арту орнына жануарларды арнайы дайындалған фургондарда жеткізеді де, бірден вагонға артады. Ірі зоопарктік жануарларды берік металл дөңгелекті торларда жеткізіп, вагонға енгізеді де, бекітеді. Ірі цирктік, зоопарктік тақтұяқтыларды және жұптұяқтыларды байлап немесе бос жеткізеді, ұсақ жануарларды және құстарды торда тасымалдайды. Піл, мүйізтұмсық, бегемоттарды 1-2 басқа жабдықталған арнайы вагондарда, теңіз жануарларын су құйылған ыдыстарда, жыландарды электржылуы бар торларда тасиды.
Азықтандыру режимі мен ұсталуы тасымалдауға дейінгідей болады. Рационына ет, балық, туралған ет арнайы екі түбі бар жәшіктерде сақталады, түбінің астында мұз салынады. Жыландарды ұсақ жануарлармен (тірі асыранды құс, тышқан, қояндармен) азықтандырады. Келіп жеткен стансада жануарларды түсіріп алып 30 күнге оқшауға қояды, ал цирктік жануарларды 2-3 күн дем алдырып, циркте жұмыс өткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |