4. Қожа Ахмет Иассауидың Диуан-и Хикмет шығармасының маңызын ашып көрсетіңіз. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани хикмет/ Диуани Хикмат» (Хикмат - жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайтара басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын.Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұқара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.«Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Ясауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және “инсани камил” дәрежесіне жету мәселесін қарастырады Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. “Асылын білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа” – дейді ол. Сопылық мағынада “топырақ” – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық. Ал, нәпсіқұмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер. Қожа Ахмет Ясауидың кейбір хикметтерінде өзінің бүкіл болмысымен топыраққа айналғандығын білдіретін символдық ұғымдар қолданылады: “Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ; Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ”. Бұл сопылық мағынада “уисал” (Хаққа қауышу) мақамын білдіреді. Топырақ болу, нәпсіден арылу – Хаққа қауышудың бірінші шарты. Осыдан кейін адам ақиқатқа жетіп, инсани кәміл дәрежесіне ұласып, өзінің Хаққа бастар “жол” екендігінің мәніне қанығады. “Топырақ болғыр әлем сені басып өтсін” дегендегі мақсат осыған саяды. Өйткені сопылық атауда әулиелер мен пірлердің қабірін де “топырақ” дейді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алла рақметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға. Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» атты ұрпаққа ғибратты дүние қалдырды. Аталған еңбекте жомарттық, қанағат, достық, сүйіспеншілік, ғылым-білім, адал еңбек, бейбітшілік, жақсылық пен жамандық, əділетсіздік, көрсеқызарлық, адамзаттың асыл арманы, күндестік, өсек-аяң — бəрі-бəрі жан-жақты кең қамтылған. Бұл шығармада жақсы тəлім-тəрбие, өз басын ғана емес, өзгені ойлайтын кеңдік пен парасаттылық, асыл тектілік бар. 1934 жылы «Диуани Хикмет» ҚазССР Ғылым Академиясы мен ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорына тапсырылған.
«Диуани Хикмет» жинағының түпнұсқасы сақталмаған. Оның бізге тек XVI–XVII ғасырлардағы көшірмелері ғана жеткен. Профессор Кемал Ераслан өзінің зерттеулерінде осындай көшірмелердің тоғыз қолжазбасын көрсеткен [13; 10].
Диуани хикмет, «Ақыл кітабы» – Қожа Ахмет Ясауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы.
Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәпсірлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» Қазан (1887–1901), Ыстамбұл (1901), Ташкент (1902–11) баспаларынан жарық көрген.
Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Ясауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана «жабарут» (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), «мәләкут» (өмірдің мәнмағынасына қанық болу), «лахут» (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), «насут» (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады.
«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Ясауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.[1]
Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |