Шымкент қаласы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия 11 «Ә» сынып оқушысы Жанбырбаева Зарина


Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипаты мен сал-серілер өлеңдеріндегі қыз бейнесін салыстыра талдап жазыңыз



бет2/2
Дата23.08.2017
өлшемі1,15 Mb.
#24916
1   2

Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипаты мен сал-серілер өлеңдеріндегі қыз бейнесін салыстыра талдап жазыңыз

Қазақ қызы! Осы бір аяулы есім жаныңды тербеп, жараңды емдеп, шабыттандырып, қолыңды сермеп, сезім гүлдеп, жүректегі отты үрлеп жібереді. Қазақтың мұңы, зары, арманы, үміті ардағы, аманаты, тарихи өмірі бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұрғандай көрінеді.Ұлт болып ұйысуды, жұрт болып жұмылуда халық болып қайрат танытуды қазақ қызының атқарар рөлі, алар орны ерекше. Міне, асы қазақ қызына арнап шығармаған ақындар, сұлулығына тамсанып жырлаған жыршылар қазақта кемде- кем шығар! Соның ішіндегі Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңі өте ерекше. Бұл өлеңді оқи отырып, ойыма «Қыз Жібек» жыры түседі. Екі шығарманың қандай ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар? Бір жағынан, ұқсатықтарына тоқталсақ, Мұрат Мөңкеұлының өлеңіндегі қыз сипаты ақ моншақтай әдемі, әдемілігі соншалықты, ақ жүзінің сәулесі жерге түссе сары алтындай көрінеді. Ол-құрбыларының алды болған байдың қызы.Тісі маржандай сөзі жағымды, сөйлесе тілінен сүт шығады. Келген адам қасынан кеткісі келмейтін. Сол әдемілігі соншалықты, әлемді мойындатады. Көзі жанып тұрған шоқтай , дидары қоғалы көлдің құрағындай. Бойы ұзын, білегі жіңішке, белі нәзік. Екінші жағынан айырмашылықтарын да қарастыруға болады. Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңінде қазақ халқының салт-дәстірінің бірі қызды құтты орынға қондыру бейнеленген. Автордың айтпағы, «Қыз мұраты-кету» демекші, қыз өз ата-анасының дәулетіне шалықтап өскенімен, бір күні олда ұясынан ұшып, өз орнын табады. Ал Жібек образы эпоста идеал болып суреттеледі. Жібек тірі жанды менсінбейді, бұла болып өскен ерке әрі өр мінезді. Сонымен қатар, онда қыз сипаты ғана емес, қыздың сезімі бейнеленген. Сұлулығымен қоса, адам әйел екендігі көрінеді.

Менің ойымша, екі шығармадағы қыз сипаты ұқсас болғанымен, олардың әрқайсысы жеке тұлға. Біріншідегі қыз сипаты тұрмыс құрарға дейінгі болса, екіншідегі тұрмыстағы сипат болып табылады. Қай шығарманы алсақ та, ертедегі қазақ қызының бейнесі шебер суреттелген деп ойлаймын.

252 сөз


Лермонтов атындағы

17 жалпы орта мектеп



қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Исатаева Жансая

Шәкәрім Құдайбердиевтің «Жастарға» өлеңінде Абайды үлгі етудің себебін талдап жазыңыз

Шәкәрім - Абай дәстүрін жалғастырушы  әрі жалғастырып қана қоймай, оны түрлентіп түлету арқылы жаңа сапаға көтерген ұлы тұлға. Өзінің алғашқы шығармаларының бірі «Жастарға» атты өлеңінде ақын өзіне де, өзгеге де Абайды бағыт сілтеуші, жолбасшы ретінде ұсынды. Өлеңде жас ақынның сезімталдығы мен көрегендігі танылды. Сол кезде небары отыздан жаңа асқан Абайдың кемеңгерлігін, даналығын, парасатын бағалай білудің өзі Шəкəрімнің осы қасиеттерін дəлелдей түседі.

«Жастарға» өлеңінде Абай тағылымына деген адалдығы айқын аңғарылады. Мұнда Абайдың рухани тұлғасы сомдалып, оның биік болашағымен даналығы жастарға үлгі етіледі. Шəкəрім өлең арқылы халықты бақытқа, жақсы өмірге жеткізудің бірден-бір жолы — ғылым мен өнерде, адалдық пен əділдікте деген ой айтады жəне қазақ жастарын соған үндейді:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік.

Бір білімді данышпан жан табалық,- деген өлең жолдары жастарға айтылатын тілек түрінде жазылған. Бұл - Абайдың салып кеткен соқпағы, Абай дəстүрі.

Сонымен қатар, Абай халықтың рухани әлемін түзетуші, ой-санасына білім, ғылым, ақыл, әділдікті мұрат етуші ретінде:

Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,

Замандасы болмады сөзді ұғарлық.

Амалы жоқ, айналды енді бізге,

Күн туды етегіне жабысарлық, -деген жолдардан көруге болады. Шәкәрім ақын Абай тұлғасын болашақ ұрпақ санасына жеткізуде оның  ұстанған мақсатын, шығармашылық бағытын, рухын терең түсіне отырып оны көркем бейнелей білген. Шәкәрімнің «Жастарға» өлеңінің мәні жайында профессор Б.Әбдіғазиұлы: «Шәкәрім өлеңдерінде сомдалатын осындай нақты тұлғалардың ең шоқтығы биігі – ұлы Абай ақынның бейнесі. Бозбала шағында жазған «Жастарға» атты өлеңінде-ақ ол Абайдың рухани дүниеміздегі орнына көрегендікпен баға берді. Абайды ұлттың ұстазы дәрежесіне көтереді» –дейді.

Қорытындылай келгенде айтарым, Шəкəрім поэзиясының құндылығы — осындай жаңа, қуатты идеяларды астарлап болса да жеткізе білуінде. Сондықтан да қос алыптың шалқар дүниетанымы, нұрлы жаны, талантты тебіренісі, өзгеше бітімі, биік мақсұты, ақыл-ой тереңдігі қазақ халқының арымайтын рухани биігі болып қала бермек. Біз, жастар, өлеңде айтылған үлгі-өнегені бойымызға сіңіре білуіміз керек.

290 сөз


19 Ө.Жәнібеков атындағы

жалпы орта мектеп

11 «А» сынып оқушысы

Райымқұлова Альмира

Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіне

Естай мен Қорлан оқиғасын кірістіруіндегі мақсатын талдап жазыңыз

Өр Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен алаш жұрты қазақ елінде, қазақ топырағында қара сөздің қадірін түсінер қара орман халықтың қадір тұтқан ақындары да болғанын тарих парақтарынан анық білеміз. Суырып салма ақын мен шебер тілді шешеннің бүгінгі жалғасы - Мұхтар Шаханов. Өлең өлкесінде айрықша із қалдырған ақынның «Ғашықтық ғаламаты» өлеңі белгілі бір сюжетке құрылған, астарлы оймен тереңнен толғаған тамаша туынды. Өлең қартаң әйелдің бауыр еті баласын қанаттыға қақтырмай , тұмсықтыға шоқтырмай өсіруін баяндаумен басталады. Қызы да құрбы – құрдасының алды болып, жұрт көзіне жарқырай көрінген сұлулығымен белгілі болады. Бір әттеңі, жас қыз сезім шырғалаңына түсіп, өнер адамына ғашық болып қалады. Бұл жағдай анасына ауыр тиеді. Сүйгені некелі адам болса да қыз жүрегі тек сол адамға ғана арналып, өзге жігіттерге көз қырын да салмайды. Ақынға бар мұңын шаққан ана қызына арнап өлең жазуын өтінеді. Ақын бұл оқиғаны естігеннен кейін , не себепті өлеңіне Естай мен Қорлан оқиғасын кірістірді? Өлеңінде не жеткізгісі келді?

Мұхтардың шығармасындағы лирикалық кейіпкер көкейкесті мәселеге жауап іздейді. Бойжеткен қыздың жауапсыз махаббатына налыған ақын авторды іздеп келіп:

Өтінемін, сол бақытсыз сорлыға,

Қол ұшын бер, ой саларлық жыр жазып -деп, қызының ақынды ерекше көретінін, құлақ асатынына сеніммен келеді. Осы тұста автор өлең ішінде Естай мен Қорлан махаббатын ерекше шеберлікпен жеткізіп қана қоймай, «Сүю бақыты – кез келгенге тартылмайтын сыбаға» екендігін дәлелдейді.

Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы,

Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады.

Меніңше, бұдан туатын ой – махаббатты кінәлауға асықпау. Себебі, шынайы махаббаттың күштілігін, Естай мен Қорланның бір – біріне деген сезімдерінің қартайған шағында да өшпегендігімен, Естайдың Қорлан сыйлаған жүзікті о дүниеге өзімен бірге жерлеуін өтінуімен, Естай өлімін естіген кейуананың Естайды «жаны сұлу жанға балап», өлерінде Естайдың әнін қайталап тыңдап, «бақыттымын, бақыттымын» деп жан дүниесін ұғынуға жетелейтіндей. Бұл тұрғыда, қазіргі кезде қосыларда «сүйдім, күйдім» деп, күн өте келе «жаңылыппын» дейтіндерге «ғашықтың ғаламатының» қандай болатынын ұғындырып, «Ғашық жыры – ешбір геометриямен өлшеуге келмейтін тіршіліктің өлеңі» екендігін жеткізу мақсатында ақынның Естай мен Қорлан оқиғасын кіріктіруінің негізділігі. Евгений Евтушконың сөзімен айтар болсақ, «Естай мен Қорланның махаббатының астарында бүкіл бір ұлттың махаббатқа деген мінезі мен ерлігі жатқандықтан», бұйрабас әртіске ғашық болған қыз оқиғасына төрелік айтуға асықпай, оқырманға ой тастауды мақтан тұтқан. Ендеше, «жүрекке әмір жүрмейтіндіктен», құлай сүйген жандарға шектеу қоймай, ойланғанымыз жөн.

354 сөз

19 Ө.Жәнібеков атындағы



жалпы орта мектеп

11 «А» сынып оқушысы

Құдайберген Нұрболат

Ә.Нұршайықов Ақиқат пен аңыз роман-диалогіндегі ерекше стилі арқылы батыр бейнесін аша алды ма ?

Қарабет боп қайтқанша,

қайрат көрсетіп өлген артық.

Б. Момышұлы

Өр рухты қазақ халқының өзіндей өткір ұрпағы қаншама!

«Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, Қас болғанға қиып түсер қылышпыз», - деген Абылай бабамыздың мұндай сөздерінен ұлтымызға тән ұлылықты ұғынамыз. Отаны үшін жан аямай күрескен Абылай ханның ізін жалғастырған қаһармандар аз болмады. Сол батыр ұрпақ тізімінің көш басында Б.Момышұлы тұр десек, артық айтқанымыз болмас. Елінің ертеңі үшін жауынан тайсалмай соғысқан елдерді жырламау - ұрпаққа сын. Сондай асқан ерлік пен елдіктің жаршысы – Ә.Нұршайықовтың асқан шеберлігінен түған «Ақиқат пен аңыз» роман - диалогі.

Ә.Нұршайықов аталмыш туындысында Бауыржан Момышұлы бейнесін өте жоғары деңгейде аша алды деп есептеймін. Неге десеңіз, шығарманың кереметтігі сондай, кітаптың алғашқы беттерінен-ақ Бауыржан атамызға тәнті болып, батырды жаңа қырынан таныта түседі. Сұхбат мақсатымен басталған бұл диалогтің халық жүрегінен ерекше орын тепкен романға айналарын кім білген?

Батыр бабамыздың сондай байсалды да салмақты, сұсты да қатал, шыншыл да әділ бейнесі һәм Отанына соншалықты берілгені, тәртіп пен тәрбиені өмірлік ұстанымы еткені мені тәнті етті. Оны өзінің мынадай сөздерінен аңғаруға болады

«Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің құлы.»

Роман- диалогті оқи отырып, батыр Бауыржанның сергелдеңге түспейтін салқын қанды екенін, қандай да бір оқыс оқиға, төтенше жағдай орын алса да дегбірсізденбей, байыппен шешетінін оңай аңғара аламыз. Батырдың сұсты қабағы мен рухты сөздері әрбір жауынгердің жүрегіне от жақты, жасытпады. Отанына, оның ұлағатты ұландарына риясыз берілген батыр барша қатарластарына, қол асты сарбаздарына үлкен үлгі болды. Тіпті, өмірдегі екінші әкесі тұтқан, ұлылар санатына қосқан командирі генерал – майор Панфиловтің қазасында да үнсіз жабығып, қайғысын қабағына жасырған Бауыржанды асқан сабырлы, ерекше байыпты деп есептемеске болмас. Жазушы Әзілхан Нұршайықов батыр бейнесін өз дәрежесінде аша білді. Кем – кетігі, асыра сілтеуі жоқ бұл шығарма біз үшін ұлағатты қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлымен танысу рөлін атқарды. Батырдың әрбір сөзінен жігер алып, өзіңе үлгі етесің. Батыр болса – дәл біздің Баукеңдей болсын, шіркін!

«Тәртіпсіз ел болмайды,Тәртіпке бағынған құл болмайды.»

Бұл сөздер біздің күнделікті ұранымызға айналған. Батыр бейнесі – халық айнасы.

298 сөз

Ергешова Перизат

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінде заманның зарлығы мен тарлығын қалай көрсеткеніне талдау
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып, жаман болар.

Асан қайғы

Бағзы заманнан бері қарай өмір сүрген ақын, жыраулар қазақ жеріндегі замана көшінің бағыт-бағдарын елден бұрын бағамдап, өмір ағымының беталысын, тіршілігінің тынысын көріпкелдей дөп басып танып отырған. Тыстан келетін қауіп-қатерлерді алдын-ала сезіп –біліп отырған. Ел басына күн туған шақта отты жырларымен қалың қазақтың жігерін жанып, тұтастық пен бірлікке шақырған. Жылжып келе жатқан қасіреттенхалқын сақтандырып жырмен зар илеген.

Ресей патшалығы қазақ жеріне де отаршыл, озбыр саясат жүргізе бастады. Орыстар қазақ елін еріксіз билеп-төстеп, елдің шұрайлы , құйқалы өңірлерін емін-еркін егеленіп , халықты жерінен , дінінен, тілінен бездіруге әрекет жүргізді. Қан қақсаған, езгіден жабығып, қанаудан тарыққан халыққа тек мұңдас болған бір шоғыр «зар заман ақындары» еді. Сол бір сыпыра көшті бастап тұрған белгілі, белді ақын Шортанбай Қанайұлы. Өзінің бойына туа біткен дарынын осы жолға әкелмеске амал болмады, ақырында толғау айтса –толғап айтатын, жыр айтса- төкпелеп төгетін ақынға айналады. Шортанбай шығармаларында ХІХ ғасырдағы қазақтың өмірі мен шындығы шынайы болмысымен суреттеледі. Әсіресе, елдің тұрмыс-тірлігі, жоқ –жұтаңдардың жағдайы ақынды қатты толғандырып, жат-жұрттық келімсіктерден қазақ жерін талапайға сала бастауы ақынға шаншудай қадалады. Ақынның « Зар заман» өлеңінде бейбіт күндердің келмеске кеткеніне налып, халқына ащы шындықты айтып, мамыражай заманды аңсайды. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселені жырға арқау етіп, жұртқа төрелік айтатын билер мен ел билеушілерінің парақорлығы мен әділетсіздігін , ел ішіндегі алауыздықты тағы басқа да мін-қылықтарды шариғат жолымен кінәлап, бұрынғы өтіп кеткен замандағы билердің әділ іс-әрекеттерін аңсайды. Оны мына жолдардан байқауға болады.

...Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман

Азусызға тар заман

Мұның өзі зар-заман..., - деп кейпі қашқан заманның кесір-кесапатын ашына жырлап, батыл толғайды. Аласапыраны көп алмағайып замандағы өзгерістер мен жаңалық біткенді танығысы келмей, үрке қарап , келешекке қүмәнмен қарайды. Қазақ жеріндегі ел билеушілерді сын садағына алып, заман ағымының беталысының қалыптан ауып, теңдіктің ауытқуын қуара білдіреді. Адам баласының жұрдай болған қасиеттеріне тоқталып, қыздан ұят кетіп, ұлдан намыс кетіп ар-ұят азайған заманның зарын бірге жырлайды. Сол замандағы қоғамның жай-жапсарын зерделеп, залалды зардабын елге түсіндірді, салдарынан сақтандырды, кесапаттың алдын-алуға жатпай-тұрпай жұртын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел үшін дендей бастаған әр түрлі теңсіздіктерге, алауыздық пен бейәдептікке тоқтау салғысы кеп, аянбай күреседі. Неліктен Шортанбай заманды қатаң сынға алып, тарлығымен зарлығының белгілерін шегелейді?

Тарлығының белгісі:

Жақсы – жаннан түңілген,

Жаман – малдан түңілген ,

Мұсылманнан хал кетті.

Мұның өзі-тар заман. Расында да жақсы өмірден баз кешіп, тіршіліктен еш үміт күтпейтін жағдайға жетті. Зар заман ағымының беталысының қалыптан ауып, адамдар арасындағы әлеуметтік теңдіктің ауытқуын, осыдан барып кедей мен жарлының базынасын жырларында түйіндеген.

Зарлығының белгісі:

Бір-бірлерін күндеген,

Жай жайына жүрмеген,

Мұның өзі – зар заман ... – деп , кейпі қашқан түнеріп келе жатқан қара бұлтты көрсетеді. Халықтың азғындалып, бір-бірін күндеп, мінеуден басқа тірлігі қалмағанына ашынады. Заманның бұзылғанына назары болған ақын «әуелгі заманның» енді қайта келмейтіндігіне құдасы жоқ құлдың ,қонысы жоқ байдың озатынына, «байдың тілін жарлы алмай , ханның тілін қара алмай» өздері де жөнін біле алмайтынына қынжылыс білдіреді.

Бүгінгі ұрпақтың қой басына бозторғай жұмыртқалаған заманда күн кешіп жатқанына тәубә. «Зар заман» сияқты өлеңдерді оқи отырып, жауапкершілігіміздің артады.

467 сөз


25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Алмашова Камилла

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Адамгершілік арқауы – рухани қасиет

Өмір...Бақыт... Сезім...

Адамның бұл үлкен әлемге, дүниеге келуі – үлкен бақыт. «Адамзат қалай бақытты болады?» «Бақыттың кілті неде?» Әрбір азамат бұл сауалды өзіне қоя білуі тиіс. Сұрақтың жауабын да өз бойынан табуға міндетті. Себебі, адамның бақыт жолында күресуі, межелі мақсатына жетуі – өз қолында. Өмір сүруге деген құштарлық, ынта, жігер, қайрат адамды үлкен белестерді бағындыруға жетелейді. «Бақыт» деген асқар да биік шыңға жеткізетін адамның ең басты құндылығы – адамгер-шілік. Рухани ішкі азық - ешқашанда сарқылмайтын асыл дүние. Барлық жетістіктың бастауы, адамдықтың арқауы болған адамгершілік кез келген адам бойынан табылуы қажет. Алайда, барлық адамнан бұл қасиет табыла береді ме? Кез келген адамзат бойынан қателіктер орын алатыны сөзсіз. Бірақ, бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін адам, ең алдымен, адамдық қасиетін жоғалтпауы тиіс. Біздің заманымызда адам болып қалу ең басты рөл атқарады.

Адамдық ізгі қасиеттер – адамгершілік, парасат-тылық, мейірімділік, шыдамдылық, кең-пейілділік, кішіпейілдік, құрмет, жақсы ниет. Бәрі-бәрі «Адам» деген жаратылыстың ең жоғары деңгейіне жинақталған. Сол себепті барлық нәрседе ең жоғары тұратын да – адам және оның ғұмыры. Адам өмірді көре-көре өз алдынан түрлі кедер-гілерге жолығады. Аяқтан шалу, көреалмаушылық адам жанын жейді. Денсаулығына нұқсан келтіріп, зардабын тигі-зеді. Өкінішке орай, сондай жаман пиғылды адамдар өмірде жер басып, өмір сүріп жатыр. Ақша өмірлерінде көбірек маңызды рөл атқарып, адамдық қасиеттерін ұмыта бастайды. Жанұясына көңіл аудармай, өзге жолға түсіп кететін жағдайларға да кездеседі. Бірақ заман күннен-күнге дамып, өзгерсе де, адамгершлікті мәңгі серік етіп өмір сүру керек. Себебі, бақыттың кілті де адамгершілік қасиеттерінде жатыр. Адамгершілік болса, адамның барлық қалауы болады. Арманы, жанұясы, достары, елі, мақсаты, балалары, ата-анасы бәрі - адамның шексіз бақыты. Бақыт пен адамгершілік - тығыз байланысты дүниелер.

Сайып келгенде, адамзат, ең алдымен, бақытты болу үшін «адамгершілік» деген адам бойындағы ең құнды қазынаны бағалауы керек. Адамгершілік – бақыт жолына апарар жол. Ұлағатты қасиетті сақтай білуі – өз ата тегіңді ұмытпаумен тең. «Өмір» атты терең мұхитта жүзе білу, өмір толқынына ерік бермеу – әр адамның міндеті.

297 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «Ә» сынып оқушысы Алмашова Камилла

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Жарқын болашаққа деген нық қадам

Елбасының әрбір ісін үлгі тұтқан,

Мемлекет бар аталатын - Қазақстан!

Жалындаған жастардың айбатында

Болашаққа нық сенім бар үміт артқан.

Тәуелсіздік - арғы атаның аманаты,

Ешкімнің жоқ жақсылыққа қиянаты. ..

Иә, мына жаһандану заманында басқа елдермен тепе-теңдік дәрежесін мықты ұстап тұру ол - үлкен де жауапкершілігі мол, қиын іс. Көштің басы қандай жолды ұсынса, сол жолға мұқият зер сала отырып, жұмыс атқару ақылдың, білімнің тереңдігінде. Ал енді нық қадамның белгілі бір тәртіппен орын алуы – үлкен жауапкершілік . Туымыз көк аспанда желбіреген күннен бастап, елдің тұтқасын ұстаған көреген Елбасымыздың әр жылда халыққа жолдаған Жолдауы – болашаққа бастар нық адымның қақпасы. «Қазақстан - 2050» стратегиясы, «Қазақстан - 2030» стратегиясы, «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» сынды халыққа жасаған Жолдауларында дамыған мемлекеттердің қатарына қалай және қандай тиімді жолдармен жету баяндалады. Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесі, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, оқушыларға заманауи үлгідегі білім ордасын салу, сонымен қатар елдің қайнар көзі ауылды жандандыру сынды түрлі бағдарламалар көзделген.

Тәулсіз ұлт болудың ежелгі шарттары, яғни өзіне тән тілі, сенетін діні, салт-дәстүрі, жазуы міндетті түрде өз ықпалын тигізбей қоймайды. Қазіргі таңда елімізде жалынды жастарға барлық мүмкіндіктер жасалған. Тіпті, қабілетіңді көрсету мақсатында осы жылы әлемдік нарықтағы «ЕХРО -2017» көрмесі өткізіледі. Осының өзі еліміздің аз ғана уақыттың ішіндегі көрсеткен жетістігі болды. Күні кеше ғана

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың соңғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы : жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халқына жолдаған Жолдауы бүкіл 25 жылда атқарған тырнақ алды жұмыстарды, еліміздің айтарлықтай танымал болғанын барша отандастарға паш етті. Сонымен бірге, «Қазақстан- 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс» деген үлкен қадамды Ұлт Көшбасшысы жарқын болашаққа , мына біздің қолымызға тапсырды.

Біз, жастар, алып шыңмен тірескен өжет, білімді болсақ, жарқын болашаққа нық қадаммен, нық сеніммен, табандылықпен қадам баса аламыз.

264 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «Ә» сынып оқушысы Алмашова Камилла

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Сәкен – лирик ақын

«Өмір» атты теңізде қолдарына қалам алып дүние сырына тоймай тамсана жазып, өз жырларына қосқан талай дана адамдар болды. Өмірге жарық жұлдыз болып келетін, халықтың еркесі, халық жүгін көтеретін дара адамдар, дарынды жандар аз-ақ. Дарынды тұлғалардың бірі, қазақтың маңдайына біткен талантты сыршыл ақыны – Сәкен Сейфуллин. Сері Сәкеннің сезімге толы, сұлу жанынан өріліп талай туындылар дүниеге келді. Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан шақырып қайған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары, толқыған Нұра, Есіл өзендерінің бойы-болашақ ақынның балалық шағы өткен, жаз жайлау рахатын көріп, ән мен күй тыңдаған алтын бесік, ыстық ұясы. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, айбынды күрескер, қоғам қайраткері Сәкен қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің себепшісі болған. Ең басты да негізгі өнері – ақындық.

Сәкен - лирик ақын. Сәкен, ең алдымен, өзінің өмір сүрген дәуірін жырлап, оны қастерлеудің оңтайлы жолдарын таба білген жаңашыл ұлы тұлға. Құдай берген дарынын сәулелендіруге сазгерлік қабілеті ажарлай түсті. Сәкен лирикасы тақырыптық және жанрлық сыр-сипаты жағынан әр алуан. Ол туған даланың табиғатын, өлмес махаббатты, көңіл-күй әсерлерін жырлады. Соның бәрін ақын адамның сезім күйін қоғамдық өмірмен тығыз байланыстыра көрсетті. Сәкеннің көңіл-күйі лирикаларының ішінде «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына тығылған кілттеулі сыр сандығына балайды. Сәкен – сөз құдіретін меңгерген суреткер.

Қара жерден аспан асып ұшайық,

Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.

Аспан жерді қуыршақтай қапсырып,

Алып қолға ырғап – шайқап қысайық,- деп жырлағандай, өлең жолдарындағы бейнелі образ ақынның қиялының ұшқыр екенін дәлелдейді. Аспандағы қызыл жұлдызды жердің сәніне айналдыру ниетінің өзі таза болса, жер мен көкті қуыршақтай ойнату - сөз құдіретін меңгергендігінің көрінісі. «Аспанның хаты», «Анаға жауап» сияқты өлеңдерінде ол ана мен бала арасындағы ерекше сезім мен сағыныш суреттелген.

Сәкеннің табиғаттың әсем сұлулығын суреттеуде зор жетістікке жеткен шығармасы – «Көкшетау» поэмасы. 1929 жылы басылып шыққан халықтың «Көкшетау» дастанының қазақ поэзиясындағы орны мүлде ерекше. Поэмадағы лирикалық кейіпкер – Көкшетау. Барлық оқиға «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Жеке батыр» айқын суреттеліп, Адақ пен тұтқын қыз бейнелері Көкшетау образын ашып, күшейте түсуге жәрдем береді. Көкшетаудан тарайтын тарих пен табиғат көрінісінің қазақ әдебиетіне, поэзиясына бергені де, дарытқаны да ерекше. Абылайдың қалмаққа шабуылын, одан алып қайтқан орасан олжаларын нақты образбен көрсету үшін қолға түскен қалмақ қызын негізгі кейіпкер ретінде алады. Қалмақ қызын тамсандыра суреттеп қана қоймай, бүкіл қазақ құмарлана оқитын дастанға айналдырды. Ер намысы емес, ел намысын ардақтауды мақсат тұтқан. Поэманың негізгі идеялық желісі елдің ішінен шыққан қарапайым Адақ арқылы адамгершіліктің де, әділеттіктің де мейірбандықтың да үлгісі екендігін көрсете білді. Ақынның қазақ әдебиетіне сыйлаған керемет дастандарынан талай әсемдік пен сұлулықты, керемет көркем сөз бояуын, таң қалдырар кермет образды, оқыс мінезді кездестіруге болады. Туған даланың сұлу табиғаты мен адал махаббатты бірлікте алып жырлауда Сәкенннің «Аққудың айрылуы» поэмасының ерекше маңызы бар. Поэма шын мәнінде кімнің болса да жүрегін елжірететі, үлкен сыр мен мағынаға толы шығарма назар аудартатын деңгейде дүниеге келді. Бір мезеттік сәт қана суреттелген поэмада қос аққу айдын көлде жүзіп жүргенде, қаныпезер сұр мерген біреуін атып алып, сыңарын қайғы-қасіретке батырады. Шын ғашықтық сезімнің қуатты күші жалғыздық пен өмір сүре алмайтынын сезінген кезде екінші аққу сұр мергеннің алдына құлдилап келіп құлайды. Сүйгеніне «қош» деп қанатын бір қағып мәңгілікке көз жұмады. Осы аңыздың үлкен идеясы шын сезімді, достықты қадірлеуде, сұлулықты сүюде жатыр. Лирикалық поэманың көркемдік қуаты күшті, әсері мол болды. Өкінішке орай, тек Сәкен ақталғаннан кейін ғана «Аққудың айрылуы» өзінің пәктігі мен сезімталдығы әдебиет тарихынан өзіне тиісті орын алды. Өмірдің қиын-қыстау кезеңдерін басынан өткізген қоғам қайраткері бұл қиындықтарға мойынсұнбады. Оның жүрегінде тек қазақ халқына деген махаббат пен сүйіспеншілік аты ғана лаулап тұрды. Шын жүрек шыншылдығы ғана орын алатын шығармаларында халыққа үндеу тастай білді. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы.

Қорыта келгенде, өмір шындығына негізделген шығарманың қайсысы болса да, қандай деңгейде жазылса да елеусіз қалмайды. Оның тамаша туындылары – Сәкеннің қазақ әдебиетіне қосқан інжу-маржандары. Сол туындылардың қадір-қасиеті уақыт озған сайын құрметтеле береді, жаңа ұрпақпен табыса береді.

620 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Әмірханұлы Дарын

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Астана – тәуелсіздіктің жемісі

Адам өміріндегі ең қымбат, құнды дүние не? «Отан оттан да ыстық» демекші, адамның ең басты байлығы – Отаны. Тарихқа көз жүгіртсек, Отанымыз талай қиындықтарды бастан кешірді, сырттан төнген қауіпке қайсар батырларымыз, билеріміз, хандарымыз тайсалмай, қарсы тұрды.

Аңсаған арманға қол созған халық өмірі... Қаншалықты, көз алдымызға елестету қиын. Алайда шыдамдылықпен пен жасампаздықтың арқасында дара халқымыз биік шыңға жетті. Жанын пида еткен батырлар арманы орындалды. Ғасырлар бойы бір мүддені ойлаған ел халқы жұмыла көтерген жүкті сөзсіз көтере білді.

Міне, тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Туған жерімзде бабалар мақсат еткен бейбіт өмір орнады. Тәуелсіздік сөзі адамға қаншама бақыт, қуаныш сыйлайды. Адам жүзіне тек қана күлкі еріксіз үйіріледі. Себебі мұңды күндер артта қалды және ешқашан ел басына қайта оралмайды деген сенімдемін. «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» атауы әлем картасында бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылы пайда болды. Егемендік - қан мен тер арқылы келген үлкен жеңіс. Жеңіс туы қазақ елінің астанасына тігілді.

Кең байтақ табиғаты ғажайып ертегідей тамаша ел астанасы – Астана қаласы. Астана – Тәуелсіздіктің жемісі. Расында да, еліміздің қаншалықты дамығандығын Астана көрінісінен байқай аламыз. Әлем жұртшылығы таңдана да, тамсана да қарайтын қала көз қызығарлық тамаша. Бұл – елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы парасаты мен саясатының арқасында жүзеге асырылған жетістігінің шыңы. Бір мың тоғыз жүз тоқсан сегізінші жылдың оныншы маусым күні тәуелсіз Қазақстан жаңа да жас қала – Астананың атынбүкіл әлемге паш етті. Астанамыз әр күні жылға татитын әр жылы ғасырға тең қарқынмен дамудың даңғыл жолына түсті. Сәулеті келіскен алып шаһарда көрсең көз тоймайтын әдемі жерлер өте көп. Бас қаладағы әсем мұнара - Бәйтерек. Еліміздің символына айналған бұл мұнара тірек, сүйеніш, пана деген ұғымды білдіреді. Бір мың тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жылы Астана ЮНЕСКО шешіміммен «Әлем қаласы» атағын алды, екі мыңыншы жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар мен конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Елордамызда өтілуіне де санаулы күндер қалды.

Қорыта келе, Астанамызға одан әрі қарай сән беріп, өсіп-өркендету біздің, жастардың, қолында. Жетістігіміз арта беріп, еліміз толағай табысқа жете берсін! Алтын діңгегімізді берік ұстап, Мәңгілік Елімізді алға жетелей берейік!

332 сөз


25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Б» сынып оқушысы Төлеген Жансая

Пән мұғалімі Ф.Байбосын

Ғаламтор желісінің жасөспірімдердің оқу үлгеріміне тигізер ықпалы

Осы күнде білім саласы көптеген елдерде бірінші орындарға қойылуда және осының дамуын кері тартатын бірнеше факторлардың бірі - ғаламтор желісіне деген тәуелділік болып келеді. Осы тақырыпты ала отырып, мен ғаламтор желісінің жасөспірімдердің оқу үлгеріміне қалай әсер ететінін ізденіс сұрағы етіп алдым. Қазіргі кезде адамдар ғаламтор желісінің әсері туралы екі түрлі көзқарасты қалыптастырды: ол адамдар үшін пайдалы немесе ол адамдар үшін зиянды. Менің мақсатым – оқушылардың сабақ үлгеріміне ғаламтордың қалай әсер етуін анықтау. Осы сұрақты жүзеге асыра отырып, менің қазіргі көзқарасым – «ғаламтор желісі мектеп оқушысының сабақ үлгеріміне нашар әсер етпейді және ол пайдалы» демекпін. Ғаламтор желісіне тәуелділік деген не екенін қарастырып кетер болсақ, бұл – әрдайым ғаламторға қосылуды қалап тұру және уақытында одан шыға алмау құбылысы. Ғаламтор желісіне тәуелділіктің бірі 3сағаттан артық ғаламторда уақыт өткізу болып табылады. Қазіргі күнде оқу бағдарламасы өзгеріп келеді және оқу әдісінің өзгеруі туралы айтуға да болады. Көптеген мекемелер мен орталықтарда жасөспірімдерді оқыту үшін мектептен тыс іздену, өз бетінше оқуға тапсырма беру және үй тапсырмасын ғаламтор арқылы таратып жіберу секілді әдістерді қолданады. Сондықтан да ғаламтордың оң жағын сипаттайтын мәселелерді қарастырар болсақ, ол – ғаламтор желісі оқушыларға сабақ барысында үлкен көмегін тигізеді. Ғаламторды жақтайтын екінші мәселе ретінде ғаламтор желісі арқылы жүзеге асырылатын ойындардың оқушылардың үлгеріміне пайдалы екенін келтіре аламын. Бұл ойындар сыртынан қарағанда пайдасыз және оқушының көп уақытын алатын секілді көрінсе де, оның даму үшін, ойлау қабілетін дамыту үшін пайдасы зор. Ғаламтор ойынын ойнау барысында балаға нақтылық, шапшаңдылық, алдын ала жоспарлау және логика қажет. Оқушылар ойын ойнау барысында қиыншылықтармен кездеседі, кей кездері математикалық нақтылықты қажет етеді. Ойындардағы ағылшын тілінде жазылған сөздерді және сөйлемдерді түсіну қажет болған кезде, олар ағылшын тілін оқи бастайды. Ойын ойнау барысында бала берілген барлық тосқауылдарды қалай шешуге болатындығын ойластырады және соның арқасында ол мидың жұмысын жақсартады. Адам миын әрдайым қозғалыста ұстау өте пайдалы. Қазіргі күні қысқа уақыт ішінде үлкен адамдар да әлеуметтік желілерде отыра алады. Барлық жұмыстарын компьютер арқылы жасайды. Біз үшін білім саласы маңызды рөл ойнайтынын ескере отырып, осы мәселелер бойынша қарқынды жұмыс істеу керектігін ұғындым. Эссе барысында өзімнің сұрағыма қатысты көзқарасты қарастырып, соған нақты дәлелдемелер іздестірдім. Өз мақсатыма қол жеткіздім деп ойлаймын.

337 сөз
Нұрлыбаева Н.

Астана – тәуелсіздіктің табысты жемісі

Жердің де,елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа. Н.Ә.Назарбаев

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеміс. Осы жолға жету-оңайлықпен келмеді. Қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген армандарының,мақсаттарының орындалуы.Тәуелсіз мемлекет бола салысымен,көптеген сұрақтарға шешім табылды.Қазақ халқына ауыртпалық әкелген Семей полигоны жабылды.Арал теңізі мәселесі шешіліп,қазақ тілі қайта жаңғыртылып,табиғи байлықтарымызды өз иелігімізге алдық.Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын,өркениетті,индустриалдық жаңғырту жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетіміз.

Таңбасы тасқа қашалған,қаны қара жердің қойнауында,тарихы сан ғасырлар сайраған,ащы термен келген тәуелсіздіктің жемісі-Астана! Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын ойлап жүзеге асқан соғыстар мен ұлт – азаттық көтерілістер,тар жол тайғақ кешіп,етігінен су өткен,тәні жараланса да рухы өлмеген,елінің ертеңін ойлап,жігерін өшірмеген,үміт отын сөндірмеген ата – бабам арқасында азат елдің ақ ордасы бой көтерді емес пе? Иә, бүгінде біз қанатын кеңге жайған елге,тоғыз жолдың торабындағы зәулім сарайы аспанменен таласқан Астананы әлем жұртшылығы құрметтеп,тамсанады. Шабытқа себеп болып, қағаздағы қара сөзді ән салдырған ақ ордам:

Ығымен еместігімен өрлеп ғасырға,

Арнаыс кең,сырлы да жырлы дариям.

Өлең болып көкірегімде өрілесің

Есілдей ерке,Абылайдан айбат – Астанам!

Келбетің мен сәулетіңе тіл біткен

Астана – кербез сұлу бойжеткен

Ажары шұбыртады сілекейді,

Есіл,Нұра – қос бұрымы төгілген.

Бір Аллаға шүкіршілік,мың алғыс

Нұрсұлтандай елбасыма нұр төккен!

Астана – мәдениеттің ошағы,ғылым мен білім ордасы.Мемлекетіміздің жаңашылдыққа ұмтылуының көрінісі.Жас қалада білім алып жатқан ерікті елдің еркін ұландары қаншама көп.Ал аспан асты думанмен дүрілдеп,бәйтерегі биік зәулім,ақ бұлттары мәрмәрдай ұзын тізіліп,шоқ гүлдері бір – бірімен өріле кестеленгендей сән беріп тұр.Бұл сұлулық Астанаға барған сайын жүрегімді тербетіп,елімнің өткені мен бүгінгі күнінің тоғысына апарады.Яғни,олар ата – баба,жауынгер,батырлар болса,мен үшін бүгінгі күннің батыры,данышпаны – Нұрсұлтан Назарбаев.Елін ұлы көшке сүйреген көшбасшымызды кейде шахмат шеберіне теңеймін.Себебі,оның іс – әрекетін,жүрісін саралап,даралап жүруі – хас шебердің,ойы озық данышпанның қимылы. Сонау ғасырлар толқынында билік еткен хандардың тізгінін ұстап,қарумен емес саясатымен алға шыққан,көгілдір туы мен алтындай әнұраны асқақатаған,тәуелсіздіктің ордасы,аққан қанмен шыққан тердің жемісі, жас та болса қасқайып,төрден көрінген Астана – еліміздің символы. Астана – мәңгі менің жүрегімде! Астана әрқашан жылдан – жылға гүлдей берсін!

289 сөз


Сал-серілердің өміріне әсер еткен әлеуметтік жағдай ма?

Әлде ғашықтық па?

Жаратылыстың пайда болысынан барлық адам заты өнерге, өлеңге жаны құмарта білді. Мұндай дәулеті мен думаны толы сәттерге қазақ xалқының да бет-бұрысы жаман емес еді!! Қонақжай xалық болғанынан ба, кез келген отырыста не жиында қолында асыл домбырасы мен аузында маржандай сөздері дайын тұратын суырыпсалма серілер мен бойжеткендер қатары өзгелерден артық болатын. Күміс көмей дауыстары салиқалы мазмұнға толы болды. Қазақ xалқында, әрі қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын, барлық жұртты ән мен жырға бөлеген, әрі өзекті мәселелерді күллі жұрттың көзінше жырлаған сал-серілер тізбегі қаншама? Біржанның Жанботасы, Ақанның Балқадишасы, Балуанның Ғалиясы, Жаяу Мұсаның Ақсисасы бәрі дерлік әлеуметтік қатыгез тап өкілдері мен сұлу қыздарына арналған-ды.

Өзіңдей Азнабайдың поштабайы

Қолымнан домбырамды алды тартып,

Тартса да, домбырамды бергенім жоқ

Есерді поштабайдың көргенім жоқ

Қанша қиналып жанына батса да, киелі домбырасының киесін сақтап қала алды.

Жанбота өзің-болыс, әкең-Қарпық

Ішінде сегіз болыс шенің артық

болыс болып, адамдарды қанап, сабап жатқанына шыдай алмаған Біржанның осы бір тармақтардан қалай ашынғанын байқай аламыз.

Басынан Жыландының құлағаным,

Кекілін телжиреннің, шіркін-ай сылағаным

«Кетті» деп Балқадишаны естігенде,

Құшақтап құз-жартасты, шіркін-ай, жылағаным?

деп, мәңгілік өлмейтұғын әніне арқау болған аңыз аруды осылайша жадынан шығармайды. Осы арада басты рөлде xалықты қанаған сұмпайылдар ма немесе қасы-көзі қиылған арулар болды ма? Менің түсінігім бойынша, екі жайтта қатар өрбіген мәселелер. Бірақ әлеуметтік мәселенің шындығын шырмайына батырып айтқанмен де, нәтижесі бұрыс болды. Ұнатқан қыздарына көңіл білдіргенмен де соңында армандарынан айырылған мәжнүндей қала берді. Тек ішкі жан-күй тебіреністерін өлең арқылы жеткізу құқығына ғана ие бола алды.

Алтын көрсе, періште жолдан таяр деген сөз нағыз қазаққа айтылған сынды. Себебі, байлық, атақ-даңқ үшін өрімдей қыздарды егде жасқа келген қарт кісілерге тұрмысқа беріп жатты. Әрине мұндай әлеуметтік теңсіздіктің жыршысы сол сал-серілер емес пе еді. Ресей патшалығы түгілі, қазақ басшылар өз қандастарын қанап, екі жүзділіктің ролін атқарды. Мұндай озбырлыққа жанымен қас болған сал-серілердің әндерінің бір баламасы да саяси істер болған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығара келе, әр жылдардың сазгерлері, әнші ақындары болашақты жырлағаннан гөрі сол заманғы қиын кезеңді паш ететін болған. Ал қазіргі таңның әншілері не болмаса сал-серілері әлеуметтік жағдайдан бұрын, маxаббат, той-думан секілді әндерді көп жырлайды. Себебі, табыстың көзі де осы тақырыптар болары айдан анық. Ал салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, байырғы сал-серілердің әндері әлдеқайда мағыналы, терең оймен жазылған.
25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияның

10 «Б» оушысы Қалқаман Әсем

Пән мұғалімі Ә.Т. Дәрменбай

Сал-серілердің (әнші-ақындардың ) өлеңдеріндегі қыз сипатын талдап жазыңыз

Сал-серілер ертеден сақталып келе жатқан, халқымыздың күнделікті тіршілігіне енген, қазақ мәдениетінің бір жарқын бейнелері ғой, шіркін. Ең алдымен, сал-серілер өз поэзияларында адамгершілік, бейбітшілік, ел-жұрттың ынтымағы туралы ой толғаса, енді бірінде жігіттік дәурен менен қыз баласы туралы да айтып отырған. Қазақ халқының ежелден қыз баласына, оның тағдыры мен тәрбиесіне осы сал-серілеріміздің шығармаларынан-ақ байқаймыз.

Сал-серілеріміздің ішінде есімі кеңінен таралған Ақан сері де қыз баласының сұлулығын қоса отырып, поэзиясына ерекше бір көрік берген. Ақан серінің «Ақтоқты», «Мақпал», «Балқадиша»,т.б. әндері қыз жанының сұлулығын жарқырата көрсетумен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен құнды. Маған осылардың ішінде Балқадиша қыздың тағдыры ерекше әсер береді. Ақан серінің осы бір өлеңін естігенде көз алдыма күннің суық ызғарынан бүршік жара алмай, үсіп қалған жас ағаш елестейді. Қыздарын ұзатып отырған ата-анасы - күннің ызғары болса, жас ағаш, әрине, бұл – Қадиша жан. Өз теңін таппай жатып үлкен шалға атастырылып кете барған жас қыздың аяулы жүзін көріп, сірә, Ақан атамыз шыдай алмаған болар. Бірақ қандай жағдай, қандай тағдыр болмасын сал-серілеріміз қазақ қыздарының жан дүниесін қылықты етіп суреттеген. Біржан сал да Ләйлім қызды «Таудан аққан сен бір бұлақ...»деп, сұлулығын таза мөлдір суға, ал күлкісін сол судың сыңғыр үніне теңеген. Менің ойымша, мұның өзі – қыз баласына деген құрметі мен сыйластығының айрықша белгісі.

Қорыта айтқанда, «Қыз тәрбиесі – ұлт ұяты» демекші, қазақ қызы қазақтың үкілеген үміті, аманаты, ар-намысы болғандықтан, жаңа ғасыр азаматтарын нәзік жандыларды сыйлауға, құрметтеуге, қорғауға шақырамын.



Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды неге Абай

арқылы түзеткісі келді?

«Жастарға» өлеңі –Шәкәрімнің ағартушылық нысанын жария еткен әйгілі туындысы. Абай көтерген адам болуға ,азамат болуға шақырады.Ал қазіргі таңда Шәкәрім айтқан Абайдың толық адам болу қасиеттері жастар бойынан табыла ма? Осы сауал төңірегіндемен өз көзқарасымды ашып көрсетсем деп едім.

Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған , Ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы Шәкәрім Құдайбердіұлы "Жастарға" деген өлеңінде өз ортасынан білімді,әрі ойшыл жан деп Абайды ғана таныған . Біріншіден, оның өнеге көрген ортасы Абай әулеті еді. Екіншіден, жетімдік көрмей өсуіне себеп болған Абайдың тағылымы еді.Сондықтан да жастарды адалдықты сүюге,арамдық-қулықтан қашуға,үлкеннің ақылын тыңдауға шақырды.Осындай игі қасиеттерді бойына сіңіріп өскен жастар жалын жүректі,өршіл намысты,биік рухты болса,ол елдің еңсесі де биік болмақ .

Шәкәрім «Жастарға»өлеңі арқылы жастарды Абай арқылы түзеткісі келді. Абайдың арман-мұратын білім,ғылым үйренуді , адал еңбек етуді,адамгершілікті,әділдікті ту етіп көтеру,надандық,алауыздықтан аулақ болуға шақырады.Оны ақын "Жастарға" өлеңінде: "... Бір білімді данышпан жан табалық,

... Ал енді олай бола кімді алалық?...

...Жалыналық, Абайға жүр, баралық!"- дейтіні де сондықтан. Ол жастардың өмірлік мақсаты туралы айта отырып,өзінің өнерпаздық бағытын да айқындайды. «Қазақта қай жақсы бар сөз саларлық?» деген сауал қойып,кім болса да үлгі аларлық «білімді,данышпан»,шынайы ғалым Абай дейді.Шәкәрім өмір бойы ақ пен қара,әділдік пен зұлымдықтың құрбаны болып өтті.

Қазақ қашанда жамандығын жасырып,жақсылығын асырып айтқан халық қой.Десек те, жастар тәрбиесінің көлеңкелі тұстарын жасырып,қоғам өмірі үшін аса маңызды бұл мәселеге атүсті қарауымыз өз тамырымызға балта шабумен бірдей.Соңғы кезде замандас құрбыларымның бойындағы теріс қылықтарды,қазақи бояуға мүлдем ұқсамайтын жат бейнелерді көріп қынжыламын.Дегенмен, бостандығымызды баянды етер болашақтың барыс жүрек ,Қырандай күшті, арыстандай айбатты,жолбарыстай қайратты бар жастарымыздың ел игілігі үшін атқарылып жатқан бастамалардың басы-қасында жүргені де қуантады.Сондықтан, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаушы «Сенде бір кірпіш дүниеге,кетігін тап та бар қалан»,-деп Абай атамыз айтқандай,Отанымның өркендеп өсуіне бар күш-жігерімді аямаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Шәкәрім шығармаларында айтылған Абай бойынан үйренерлік адами құндылықтарды басты орынға қойса,нұр үстіне нұр болар еді.Ұлттың бүгіні мен келешегі-белсенді жастардың қолында .



14.Әнші-ақындардың өлеңдеріндегі серілік табиғатын

талдап жазыңыз.

Өлең емізіп, өнер сауғызған қазақ жері «сегіз қырлы, бір сырлы» әнші- ақындар шығармашылығымен бай. Сал-серілер мұралары – қазақ поэзиясын көкке көтеріп, жұлдызын жарқыратты. «... қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, тың өрістерге көтерген арна екені дау тудырмайды»( профессор Ш.Керимов) деп бағаланған серілік өнердің табиғаты қайдан бастау алып жатыр?

Біріншіден, сал- сері десе, көз алдыма қызылды- жасылды киім киген, қолында үкілі домбыра, астында сүйріктей сәйгүлік ат мініп, елін жырға бөлеген адам елестейді. Өйткені сал-серілік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған үлкен өнер: ақындық, әншілік, күйшілік, серілік керек. Олардың жүрген жері той, думан, қызық, мереке болғандықтан, ел-жұрт өздерінің серкесі, еркесі, мақтанышын шапан жауып көтермелеген. Сал-серілерді Әз- Жәнібек, Абылай хандардың өзі жоғары бағалаған, құрмет көрсеткен. Осындай серілік өнер бүгінгі таңда неге жоқ деген сұрақ мені қатты ойландырады. Әлде заманына қарай адамы ма...

Екіншіден, сал-серілер – суырып салма айтыскер ақын болған. Сөз қадірін пайымдағыш зеректік көрінеді әр сөздерінде. Мысалы,Біржан салдың Сарамен айтысында – суырып салма ақындығы, шешен сөздері күні бүгінге дейін үлгі.

«Аққудай аспандағы мың құбылып,Сал Біржан ән салуға ерінбейді»,

«Сайраған орта жүздің бұлбұлымын», «Міні жоқ бізден шығар сөз бедері» деген сияқты сөз айшықтарын ұтымды қолдана білген. Бүгінгі айтыс саңлақтарына Біржан, Үкілі Ыбырай, Ақан серілердің сөз мәдениеті жетпей жатқан сияқты. Сондықтан әнші -ақындардың шығармалары әдеби қауымның ортасында терең зерттелуі қажет, өйткені олардың шығармашылығы әлі толық бағасын алған жоқ.

Үшіншіден, олардың жандары сұлулыққа құштар. Ақындардың сүйіспеншілік жырларынан жастық шақтың ыстық лебі есіп тұрады. Мысалы, Сегіздің өлеңдерінде сұлу қыздар «аққу», «кер марал», «шынар» бейнесінде көрінсе, Ақан сері қыз сұлулығын одан әрі құбылтады. «Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған», «Сармойын аққумысың көлге тартқан»секілді сөз маржандарын тере білді. Балуан Шолақ та « Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Әлдеқандай болады заманымыз» деп ғашығы Ғалияның әсемдігін жырына қосқан. Серіліктің бір табиғаты шығар, өмірдің әр қырынан сұлулықты таба білулері. Өйткені олар өмірге өлердей ғашық. Осы өмірге деген құштарлық бәрімізге де қажет.Тағы бір ескерер жай, сал- серілер өте ержүрек келген. Олар халықтың мұңын жоқтаушысы болды. Ащы шындықты бетке айта білді. Оны Біржан салдың «Сен түгіл, патшаға да бас ұрмаймын» деп асқақ сөйлегенінен-ақ түсінеміз. Олар өз заманының байына да, болысына да бас имеген. Мәңгілік елдің ұландарына осы өршілдік әрқашан серік болсын.

Сал-серілердің – тума таланты, ғажап дауысы, сұлу бейнесі, көркем келбеті оларды өз ортасынан бір сатыға жоғары көтеріп тұрды.Сал-серілік - қайталанбас біртұма қасиетті өнер.



Балуан Шолақтың «Ғалия» өлеңіндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз

Балуан Шолақтың аты аталғанда еске түсетін бір есім бар.Ол – Ғалия. Ақынның ғашығына арнап шығарған әніне қатысты жиырмаға жуық сөз мәтіні бар. Сол мәтіндерден Балуан Шолақтың сүйіспеншілік лебі анық байқалады.

Сал-серілердің әнмен бірге айтылатын өлеңдері, көбінесе лирикалық сипатта болып келетіні сияқты Балуан Шолақтың «Ғалиясы» да махаббат сырын шертуге арналған.Ақынның бір ғана Ғалияға осыншама өлең арнауы ғашықтық сезімінің шексізсіздігін көрсетеді.Әйтсе де, ақынның қаламының шабытының шарықтауы болған Ғалия, расымене де қандай еді?

«Ғалия» әнін тыңдап отырғанда, өткір мінезді сұлу қыздың «нұр сипаты» көз алдыңа келеді. «Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан» деп қыздың бейнесін эпитеттік метафорамен сипаттайды. Өлеңнің қайырмасында келіп, қайталанып тұратын «Ғалия – ау, бетіңнен, Әппақ қардай етіңнен» деген жолдардан сұлу қыздың нұр дидарын үздік теңеумен бейнелегені көрінеді. Осындай көркемсөз айшықтарын ақын өзінің арман – мұратын, іңкәр сезімін беру үшін шебер пайдалана білген деп ойлаймын. Ғашығының қол жетпес ерекше жан екенін өлеңдегі «айым да сен, күнім де сен» деген метафорамен жеткізсе, қыздың күлімдеп қараған көзқарасына « оң қабағы тартып» қуанатынын айтып, Ғалияны тоқсан құбылтып бейнелейді.

Сонымен қатар, халықтың тұрмыс ерекшелігіне тән көркем бейнелер де ақын өлеңдерінен орын алған. «Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, Ауған түйе секілді бейімдесең» деген жолдар – қазақ ақынының аузынан ғана шығатын бейнелі теңеу.

Өлеңде сұлу қыздың өзіне ғана тән ерке қылығын «бір күн ауру, бір күн сау» деген сөздермен көрсете келе, ғашық жігітті сарсаңға салып қойған тәкәппар мінезін де бейнелейді. Ақын сүйгенінің бұл мінезіне ашуланбайды. «Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың» дей тұра, «қай қылығын қалқаның ұмытарсың» деп сол еркелігіне сүйсінгендігін байқатады. Алып жүректің Ғалияға арналған іңкәрлік сезімі ән – өлеңнің өн бойынан есіліп тұрады.

Қорыта келгенде, сүйгенін әнге қосу – сал-серілер мен әнші –ақындардың бір қыры десек, ақын Ғалия бейнесін көркем тіркестермен бейнелейді. Тағдыр екеуінің махаббатын баянды етпегенмен, кейінгі ұрпаққа өлмес мұра ретінде сырлы да сазды ән қалды. Бұндай әндер қазақ барда мәңгілік жасайды деген сенімдемін.

Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» дастанындағы бәйгеге қобыз қосу көрінісін баяндап жазыңыз.

Қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы- Мағжанның әдебиет майданына жаңа бағыт әкелген поэмасы- Қойлыбайдың қобызы» дастаны Шығарма мистикалық аңыз әңгіме негізінде жазылған. Дастанда қобызды бәйгеге қосу көрінісі қалай баяндалады?

Адам бойындағы тылсым күштің бар екені аян. Ш.Уәлиханов: «Қойлыбай бар бақсылардың пірі, түп атасы, оқ тартса садағы іспетті»,- деп бақсыларды мойындап кеткен. Дастанда Найман ішіндегі зор аста Қойлыбай бақсының қобызын, Барақ батырдың қолқалауымен бәйгеге қосу көрінісі баяндалады. «Аруақ қалшылдатып, дірілдетті, Аузынан қанды көбік бұрқ-бұрқ етіп», - дейді. Бақсының күш жігерін, қайратын, қобызды қосудағы сарнауы оқырманды сендіріп, қорқыныш үрей сезімін ұялатады. Қазіргі таңда Алланың берген қасиетін басқа мақсатта пайдаланып жүрген бақсы- балгерлер де бар екені хақ. Оған күнделікті өмір ағымында болып жатқан небір таң қаларлық оқиғалар дәлел.

Бақсының бәйгеге қобызы қосылған сәттегі күйі қандай еді? Бақсы «Сары даланы күңірентіп, екпіндеп, долданып, жыны буып күбірлеп»,-дейді бақсының ақын жырлағандай күйі ауыр. Қалың құмды қара бұлтқа қосылуы, қызыл желдің құйындатып дүрілдеуі, сексеуілге байланған қобыз келе жатқандай елестетесің... Осы көріністен қазақ даласындағы шынымен бақсылардың мықты тылсым күштің иесі, екендігін дәлелдей түседі.Дауыл ортасынан бақсының сексеуілге байланған қобызының келуі дүйім жұртты тамашадан тас қып қатыру көрінісі тіптен сендіре түседі.

Дастанда қазақ халқының бақсылығын, қобыздың қасиетін суреттейді. Ақын: «Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан»,-деп жырласа бақсы болса, Қойлыбай мен Қорқыттай болсын деуі тегіннен емес. Дастанда қобыздың құдіретін жеткізе білетін қазақ халқы дана халық екендігін ақын дәлелдеп көрсетеді. Ал, қазіргі таңда қобызға қызығушылық бар ма? Жалпы алып қарасақ, жастар арасында қобызға деген қызығушылық жоқ емес, дамып келеді.

Ойымды түйіндей келе, ақын дастан арқылы алты алаштың дүбірлеген бәйгесін, бақсылық қасиетін, қобыздың үнімен ұштастыра отырып мойындатқан деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды адам баласына берілген асыл қасиетін, өнерін, әр нәрсенің орнын білсек , өнер де, халық та мәңгі жасамақ!



С.Сейфулиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз

Қазақ әдебиетінде өзінің сыршыл өлеңдерімен артына өшпес із қалдырған ақындардың бірегейі - Сәкен Сейфуллин. Оның лирикалық шығармалары оқырман қауымды адалдыққа, нәзіктікке жетелейді. Сондай өлеңдерінің бірі - «Сыр сандық» өлеңі. Ендеше, ақын нағыз досқа қандай қасиеттер тән деп есептейді?

Ақын өлеңде адал достық пен амал достықтың ара жігін ажыратып, тілге тиек етеді. «Шырқ айналар шіркін тауық, Жемің болса қолыңда, - деп, уақытша достарды тауыққа теңеп, қолында жемің болса ғана сенің қасыңда болатынын, ал, жем таусылса жалт беріп жоқ болатынын айтады. Мұндай алдамшы достар қазіргі уақытта да кездеседі. Атқарған қызметің, лауазымың жоғары болса немесе қолыңда қомақты қаржың болса, амал достардың сені айналшықтайтыны анық.

«Әр адамның ішкі сыры, Берік қойма сақталған»,- дей келе, нағыз достарды берік қоймаға теңейді. Менің ойымша, олар бір-біріне айтылған сырларын өз іштерінде ғана сақтайды. Құпияны сақтай білу әр адамның қолынан келе бермейді. Ендеше, ақын адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастықтың ара жігін аша жазып, адам үшін құнды байлық – достықты жан-жақты дәріптеп жырлайды. Мұндай адал достар қазіргі таңда санаулы. Себебі, басыңа іс түскенде иық тірейтін, арқа сүйейтін досың болса, өмірде кездесетін қиыншылықтарға бірге төтеп беріп, небір белестерді бағындыра аласың. «Нағыз достар –Шыққанбық дос, шыңға талай, Талай сырды ойланып...» деген тармақтарын сөзіме дәлел ретінде айта аламын.

Қазіргі қоғамда адал дос пен арам досты ажырата білу қажет. Өзгеге мін таға бермей, өз бойыңда нағыз досқа тән қасиеттерді қалыптастыра білу - ізгі қасиет. Нағыз досқа тән қасиеттер деп адалдықты, құрметті, сыйластықты айтар едім. Қазақ халқының болмысында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани өсиет бар. Ол - достыққа беріктік, адалдық.

Қорыта келгенде, С.Сейфуллин «Сыр сандық» өлеңі арқылы бізге достықты дәріптеп, оны бағалауды үлгі етті. Ендеше, досымызға адал болып, достығымызды сақтай білейік!



І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай,Құлагерім!» жоқтауындағы ақын өміріндегі Құлагердің орнын білдіретін өлең жолдарын талдап жазыңыз.

Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың бірі де, бірегейі Ілияс Жансүгіров. Ақынның өнер тақырыбында қалам тартқан шығармаларының бірі - «Құлагер» поэмасы Ақан серінің өміріне арналады. Ақан серінің «Бай-бай,Құлагерім!» - деп жоқтау айтатындай, сері өміріндегі Құлагердің орны қандай еді? Құлагер – Ақан үшін жан досы, сырласы, мұңдасы, жан серігі еді.

Серінің атын асқақтатқан ең әуелі жомарт табиғат тарту еткен сан қырлы талант болса, екіншісі – Ақан есімімен қатар аталатын атақты пырағы – Құлагер еді. Ол астындағы атын бейне бір туған баласындай өбектейді. Аламан бәйгенің алдын бермей, даңқы бүкіл Арқаға тараған Құлагер Сағынайдың асында қастандықпен өлтірілгені білеміз. Осы бір қарабет қастандық ақынның жүрегін жаралайды. Құлагердің басын құшақтап: «Құлагер – әкең тұлпар, шешең сұңқар...» - деп жоқтау айтады.

Өлеңдегі: «Құлагер жаз жайладым, күз жайладым, Тұсына қызды ауылдың көп байладым», - деген жолдарынан Құлагердің Ақанның жастық шағының да куәсі болғандығын аңғарамыз. Ақан сері Құлагерді «Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің...» деген көңілінің бәйтерегіне теңеген тұсы оқырманның сай сүйегін сырқыратады. Ақанның өкінішінде шек жоқ. Бұл жоқтаудан Құлагердің сері өміріндегі орнына ғана емес, ақынның жылқы малына деген ерекше құрметінің куәсі боламыз.

«...Тірегі көңілімнің бәйтерегім, Бұл жерге қалайынша құлап едің?!» - деген жолдарды оқып отырғанда, Ақан серінің жанына жара салған күйзелісті басып тығырыққа тірелген ауыр да, азапты сәттердің шыны мен сырына қаныға түсеміз.«Құлагер» поэмасы бір ғана жүйрік тұлпарға арналмаған. Мұндай әділетсіздікке деген Ақан сері жан ашуы жатыр. Заманның ащы шындығын ашып, кеудесіне нан піскен озбырлар да бүгінгі өмірде кездеседі. Адам баласына айтатын жоқтауды Құлагерге айтқызған тағдырдың қаталдығы ма, әлде адамзат атаулының зұлымдығының шексіздігі ме? Менің ойымша, жер бетіндегі адамдардың пендешілік қылықтарынан деп ойлаймын.

Қорыта келгенде, бұл оқиғаға қанық әрбір адам алты алаштың арқалы азаматы, өз заманынында әділетсіздіктің құрбаны болып, рухани дағдарысқа ұшырағанына қапаланамыз.«Қолда бар алтынның қадірі жоқ»,- демекші асыл арысты азаматтарымызды қадірлей білейік!



І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырып жазыңыз.

Қазақ халқындағы ерекше дәстүрдің бірі – ас беру. Ас беру –өлім-жітімде жасалатын еске алу рәсімі.Көркем шығармаларды парақтап отырсақ, үлкен ас беру дәстүріне куә боламыз.

Халық тарихында аңыз болып жатталған астың ірісі – «Құлагер поэмасындағы» Сағынайдың асы мен «Абай жолындағы» Бөжейдің асы.Бұл екі астың бір- бірімен ұқсастығы бар ма? Сонымен қатар, ерекшелігі неде?

Екі астың өту уақыты шамалас, себебі Сағынайдың асына қатысқан Ақан мен Бөжейдің асын өткізуге көмек берген Абай екеуінің өмір сүру кезеңдері бір кезеңге дөп келеді.Сондықтан да, екі астың бірі- біріне ұқсастықтары басымырақ деп ойлаймын.

Біріншіден, екі шығармада да ас беріліп өткеннен кейін де елдің әңгімесі әлі тарқамағанын, бұрын-соңды мұндай ас болмағандығы көпке дейін ел ішінде айтылып жүрсе керек. Абай жолында: «Тобықты ортасы осы жылдарда туған баласының жасын Бөжейдің асымен санайтын болады»- десе, «Құлагерде»: «Жетісу осында кеп құйып жатыр, Арқаға аунап шөкті Қаратауы» деп жырлайды. Бұл мысалдардан, екі ас иесіне деген халық құрметімен қатар, екі астың ұқсастығын аңғару қиын емес.

Екіншіден, екі асқа да он- он бес күн бұрын үйлер тігіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі.Сағынайдың асына күллі Арқаның игі- жақсылары жиналса, Бөжейдің асына да Тобықты мен көрші рулас ауылдардың игілері жиналады.Шығармадағы екі астың ерекше ұқсастығы жүйріктерін баптап қосқан аламан бәйге еді. Бөжейдің асындағы: «Бір кезде Ербол шабатын аттардың санын айтып келді.Жиыны Байдалы санатқанда жүз елу ат болыпты.» - деген жолдардан үлкен бәйгенің болатыны айтылады.Ал, Сағынайдың асында: «Әйтеуір әудем жерге шаба алатын, Бұл астан қалдырған жоқ қазақ атын...» дейді.

Екі астың ерекшеліктерін саралайтын болсақ, басты ерекшелік Сағынайдың асындағы бәйге трагедиямен аяқталады.Бәрімізге белгілі, сері Ақанымыздың бәйгеге қосқан Құлагері жау қолынан мерт болады.

Қорытындылай келе, Сағынайдың асы мен Бөжейдің асының ұқсастық жақтары көп деп ойлаймын. Ас берілген екі адам да, екі рулы елдің сыйлы адамдары болғандықтан, үлкен ас беруге тән жөн-жоралғылардың барлығы дерлік жасалған. Сондықтан да, неше ғасыр өтсе де, берілген екі ас ел есінде жатталып, небір көркем туындылардың жазылуына себепкер болды.

Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы ғашықтар махаббатының діңгегі Сұлушаш па, әлде Алтай ма?

Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы да махаббат дастаны. Поэмадағы оқиға бірін -бірі сүйген екі ғашық Сұлушаш пен Алтайдың махаббатына құрылған. Махаббатқа адалдық оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Әйтсе де ғашықтар махаббатының діңгегі Сұлушаш па, әлде Алтай ма?

Менің пайымдауымша, ғашықтар діңгегі екеуі де деп ойлаймын.

Қарап отырсақ, Сұлушаштың сұлу бейнесі де, байдың қызы бола тұрып, кедей жігітке ғашық болуы, сол жолда мерт болуы да лиро- эпостық жырлардағы ару қыздарға ұқсайды.

«Басқаны Сұлушаштың сүйері жоқ,

Алтайдан басқа көңілі иері жоқ, - деген жыр жолдарында ақылына көркі сай Сұлушаш ғашығы Алтайдың кедейлігін мін санамауы оның адамгершілігі мен парасаттылығын көрсетеді.Сұлушаш асқан сұлу ғана емес, өзінің махаббат мұраты жолында қандай қиындыққа да қарсы бара алатын намысты, жігерлі жан болып суреттеледі. Ол қауіпті, қатерлі кездерде уайымға, мұңға берілмей, қайта Алтайды батылдыққа, мақсаттылыққа қайрайды.

Көзін ашқаннан бері көргені байдың есігіндегі жалшылық, жоқшылық, қиянат болғандықтан,Алтайдың бойында да байлар әулетіне деген ыза мен кек бар. Дегенмен шынайы махаббат сезіміне келгенде екі жастың арманы да, мақсаты да үндесіп кетеді. Алтай ғашығы үшін отқа да , суға да түсуге дайын болды. Озбырлардан қанша қысым көрсе де, Сұлушашын жау шеңгелінен алып қашып махаббатқа адалдығын көрсетті. Қол ұстасып иесіз тауды паналаған кездерінде, ашығып- тарыққанда оларға осы сезім қуат береді. Бірлесе отырып өмірдегі қиянат атаулыға қарсы, адамның бас еркіндігі жолында ақтық, сәттеріне дейін күреседі.

Қорыта келгенде, Алтай мен Сұлушашты махаббат діңгегі еткен екеуінің жүректерінде жалындаған сезім алауы еді. Әрқайсысы ақтық демдері шыққанша махаббаттары үшін күресе білді. Сұлушаш өзінің нәзіктігімен, парасаттылығымен, ақылдылығымен, сабырлылығымен махаббат үшін күрессе, Алтай ержүректілігімен, қайтпас қайсарлылығымен, жігер- намысымен арманына жетуге талпынды. Махаббат қос жүректің лүпілі болғандықтан, ғашықтар туралы айтқанда екі жанды бөле жара айту мүмкін емес деп айтқым келеді.


Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі оқырманға ой тастайтын сөздер өлең идеясына сәйкес пе?

Өмір, ол — тәжірибе. Өмірде әр нәрседен хабардар болсаң да, оны толығымен зерттеп біле алмайсың. Өмірдің өзі жұмбақ екенін поэзия әлемінде өзіндік орны бар, ақиық ақындардың бірі Қ. Мырзалиев тамаша жырлай білген. Ақын өлеңінде өмірдің қызықты екендігін оқырмандарына жеткізуге тырысқан. Оны «Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңі арқылы дәлелдейді.

Қамшының сабындай қысқа өмірде біздер, өскелең ұрпақ өмірдің мәнін кей уақытта бағаламай жатамыз. Бұл жайттыақынның:«Біреуді сынап адам ғып, мақтаумен жүрміз бұзып ап» - деген жолдарынан көреміз. Себебі, қазіргі таңда «Қолда бар да алтынның қадірі жоқ» - дегендей барымызды бағаламай, жақындарымыздың қадірін тек олардан айырылып қалғанда ғана аңғарып жатамыз. Сондықтан өмірдің қызығы жанымызға жақын адамдармен байланысты екендігін түсініп, қадірін бағалайық.

Өмірдің жұмбақтылығы, қызықтылығы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасап, сыйластығында жатыр деп ойлаймын. «Жүйкеге бола дәрі ішіп, бауырды жүрміз бұзып ап» - деген ақын ойымен менің ойым сабақтасып жатыр. Бұған дәлел, күнделікті күйбең тіршілікте адамдар өзара болмашы нәрсеге ренжісіп, бет жыртысып, тіптен бір-бірімен қарым-қатынастарын үзіп жатады. Соның салдарынан жүйкемізге зиян тигізіп жатқанымызды байқамаймыз. Сөйтіп, денсаулығымызды нашарлатамыз.

Қазақ даналығында:«Адам құлақтан азады, Көңілден семіреді» деген ұлағатты сөздері бар. Соның дәлелі ретінде: «Аштықпен емдеп ауруды, тоқтықпен жүрміз бұзып ап»ақынның айтқан өлең жолдарынан үзінді келтіре аламыз.Менің түсінуімше, өмір шыңға шыққанмен бірдей. Асықпай шығасың, зымырап түсесің. Өмірдің мәні не? Айналаңа қызмет етіп, көмек көрсету; сыйластықта өмір кешу. Өмір - жұмбақ, иә, жұмбақ, ертеңгі күніміздің қандай болатынын білмейміз. Сондықтан да, өмірдің мәнін, сәнін біліп, барымызды қанағат тұтып, жанымыздағы адамдарды сыйлап құрметтейік!

Қорытындылай келе, Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңі оқырманға өмірдің мәнін түсіндіріп, аша алды.Өлең идеясы арқылы оқырмандарын өмірді бағалауға үйретті. Олай болса, өмірді қадірлейік, ағайын!


Бүгінгі жастар бойынан Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған ұл мен қыз қылығы кездесе ме?

Бұдан екі жүз жыл бұрын «Азулыға бар заман, азусызға тар заман» деп, әлеуметтік әділетсіздіктің пердесін сыпырған асау ақын – Шортанбай. XIX ғасырда белең алған патша отаршылдығының ойранын, дінсізденген, құлдыққа көндіге бастаған есіл жұрттың мұң-қайғысын жырлап өткен «Зар заман ақыны» сол кездегі жастарды да аяусыз сынайды. Ендеше, заманы алыс Шортанбай сөздерінің XXI ғасырдағы ұл мен қыз тәрбиесіне қаншалықты қатысы бар?

Шортанбай «Зар заман» өлеңінде өз заманының жастарына кінә арта отырып, болашақта Ақырзаман келеді деп болжаған. Әйтпесе, ақын былай деп толғамас еді:

«...Заманақыр кезінде

Ұл туады атаменен егесіп,

Қыз туады анамен теңдесіп,

Баласы кетіп тыюдан».

Біздің заманымыздағы қазақ баласының бәріне ата-ана тарапынан тыйым бар деп айта алмаймын. Өйткені, өз өміріне қалай болса солай қарап, от басқан, соңында тастанды балалар санын көбейтіп жатқан бойжеткендер баршылық. Оның жиіркенішті бір мысалы, әжетханадан, қоқыс жәшіктерден табылған - кінәсіз сәбилер. Қайда, не істеп жүргенін ата-анасына айтпайтын, сырласпайтын ұлдар да көп. Соның салдарынан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс та аз емес. Қазір ұлдарға ата-ана, достардан гөрі «виртуалды өмір» ұнайды. Егер осы бір жағымсыз, адамға жат қылықтар көбейе берсе, болашағымызға қауіп төнбей ме?! «Атамен егескен ұл қадірсіз, анамен теңдескен қыз қадірсіз» дер едім.

Шортанбай ақынның ойларын данышпан Абай «Заманақыр жастары» өлеңінде жеріне жеткізе, ойын сабақтастырған. Өкінішке орай, ар мен иманын саудаға салып, еңбексіз, жанын қинамай-ақ баюды ойлайтын жастар да бізде кездеседі. Бір таң қалатыным, екі ұлы ақын да «Ақырзаман жастарынан» қатты қауіптенген. Менің ойымша, Заманақыр болмайды! Неге десеңіз, біздің жастарымыздың бойында рухани құлдыраудан гөрі даму басым. Елімізде Шортанбай мен Абайды, Әуезов пен Мұқағалидың шығармаларын оқиды. Көпшілік жастар ата-ана, ұстаз, үлкендердің айтқанына ден қояды. Қытайда өнер көрсетіп, миллиардтаған әлем көрермендерінің ықыласына бөленген Димаш Құдайбергеновтың тұлғасы – соның дәлелі. Оның шет елде жүріп қазақ тілінде сөйлеуінің өзі жастарға да, үлкендерге де тамаша үлгі боп отыр.

Қорыта келгенде, «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Біздің жастарға да Шортанбайдың айтқаны сияқты өткір сын қажет. Сонда ғана ар-намысымызға тиетін қасиетсіз қылықтардан жастар да арылады деп ойлаймын.

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияның

11 «Ә» сынып оқушысы Құлмахан Ақбаян

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Қадыр Мырза Әлінің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі оқырманына ой тастайтын сөздер өлең идеясына сәйкес пе?

Бұл өмірдің мәні не? Өмірдің өзі жұмбақ дүние... Сол жұмбақтың шешуін таба алдық па? Өмірдің өзі қызық-ақ! «Бір айналдырса шыр айналдырады» демекші, бір қиындық берсе де, соның шығу жолында береді.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ,

Жап-жақсы жырды кейде біз, түзеумен жүрміз бұзып ап.

Шын мәнісінде де, өмірдің өзі – жұмбақ дүние. Оны әлі күнге дейін толық түсіне алмадық. Қадыр Мырза Әлі «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңінде өте дұрыс айтқан деп ойлаймын. Жап-жақсы жырды бұзатын, ол - біздің істеп жүрген іс-әрекетіміз.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ,

Біреуді сынап адам ғып, мақтаумен жүрміз бұзып ап.

Біреуді сынағанда алдымызға жан салмаймыз, алайда өзіміз қандаймыз? Қорыққанды сыйлаймыз, мақтаймыз! Біз қандаймыз? Шындықты бетке айта алмаймыз, өтірікті судай мақтаймыз... Шындық айтсаң жақпайсың, сол себепті өтірік мақтайсың.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ,

Жүйкеге бола дәрі ішіп, бауырды жүрміз бұзып ап.

Иә, дәрі ішеміз. Сол жүйкені тоздыратын кім? Айдаладағы біреу... Біреу үшін жүйкемізді тоздырамыз. «Естімеген елде көп» демекші, айта берсек көп.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ,

Аштықпен емдеп ауруды, тоқтықпен жүрміз бұзып ап

Таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстап, Алланың берген парызын дұрыс орындап, нығметке бөлегенге не жетсін, шіркін! Ораза - адам денсаулығына өте пайдалы. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» демекші, таңнан кешке дейін ішіп-жеп жата беретіндерді айтпай-ақ қояйық. Сол артық салмақтарының арқасында көптеген ауруларға шалдығады.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық –ақ!

Бұл өмірдің мәні неде? Үй, көлік, жұмыс, ақша, мансапқорлық барлығы – болмашы нәрсе. Мал мен балалар дүние тіршілігінің сәні, ал бақи қалатын – құлшылық.

Ойымды қорытындылай келе, өмірдің сан түрлі жұмбақ қыры мен сырын Қадыр Мырза Әлінің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңін оқи отырып, өмірдің соқтықпалы соқпақты сан жолында кездесетін қиындықтар мен қызықтар адам болмысының қалыптасу жолында өмір мектебі болатындығына көз жеткіздім.

25 Т.Рысқұлов атындағы



мектеп-гимназияның 11 «Ә»

сынып оқушысы Алмашова Камила

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы өмір үшін күресін талдап жаз

Қазақ халқы қыз баласын әрқашан құрметтеп, төрінен орын беріп, «Қыз – қонақ» деп аялап, бетінен қақпай, тәлім-тәрбие беріп өсірді. Бұл - қазақ халқының өмір келбеті.

Бұл қыз баласының қоғамдағы орны қандай? Тарихқа көз жүгіртсек, қыз – өмірдің көркі, болашақ ана, жар, әже. Ата-ана көзіне тік қарай алмай, шолпысының сылдырлаған баяу, әсем дыбысы ғана – қыз көркі. Осындай сұлулықты тас-талқан етіп құртатын жаман пиғылды адамдар кездесіп жататыны сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов тарихтың бір ұшқыны іспетті. Романдағы күллі оқиғалар желісі өмірден алынған. Ақбілек әлемі, Ақбілек тағдыры Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ ауылының өмірі ақтардың іс-әрекеті кеңінен көрініс берген. Маңыздысы - жазушының жан әлемін жаулап алған қазақ қызының тағдыры. Басты тұлға Ақбілек аяулы әке мен қымбат ананың алдында ерке де сымбатты болып өсті.

Нұрлы жүзі – шапағатқа толы қыз бейнесі. Құрбылармен әзілі жарасқан, ақылына көркі сай Ақбілекті жазушы шебер суреттей білген.

Бай қызының ес білгелі кезікпеген түрлі кедергілер Ақбілекке ауыр соққы болып тиді. Содырлардың қолына түсті, қара мұртқа ермек болды. Ақбілектің жан дауысы мен шерлі мұңы мен сезімі жан түршігерлік сұм еді. Тартқан қорлығы қаншалықты азапты болса да, ол жарық күнге деген сенімін жоғалтпады. Қайсар қыздың күштілігі, мықтылығы таңқаларлық. Оның орнында басқа қыз баласы болса өмірден түңіліп кетер еді. Ауылдың, сүйген жігітінің сырт айналуы қыздың қиын өмірін айқындай түсті. Ақбілек трагедиясы сол замандағы ұлттық мәселелермен байланысты. Қара мұрт офицерінің қызғалдақ ғұмырды ерте солдыруы – бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Ақбілек өмірі – күрестен тұратын шырғалаң жол. Ел көзіне көріне алмай күлкі болып ауылдан кетеді. Алайда мойымай, қалаға барып оқиды. Адам қатарына қосылады. Жар табады. Бақытымен кездесіп, әйел бақытына қол жеткізеді.

Қорыта келе, өмір үшін күрескен Ақбілек өз мақсатына жете білді. Өмірдің азабын артқа тастады. Биік шыңына жетеді. «Өмір» атты теңізде өз кемесін жүргізе білді. Кеменің желкенін ашып, толқын ағысымен қалыпты жүзе бастады. Жарық күн аспанында отбасымен бақытты ғұмырға қол жеткізді. Қазақ қыздары осындай рухани азығы мол әрі мықты болса, өмірде кездескен сынақты жеңе біледі.

25 Т.Рысқұлов атындағы



мектеп-гимназияның

10 «А» сынып оқушысы Құрманбек Айгерім

Пән мұғалімі Ә.Т.Дәрменбай

Бүгінгі күн жігіттерінің бойында Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде сипатталған мінез-құлықтар қаншалықты кездесетінін дәлелдеңіз

Абай Құнанбаев «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде өзінің заманынан асып туған айрықша ерекшелігін бүгінгі күнгі жігіттердің де бойынан табылатын мінез-құлықтарды асқан дәлдікпен сипаттап жазған. Қазақ жігіттеріне зор сенім артқан ақынның мына өлең жолдарынан қазіргі кездегі жігіттердің бойынан табылатын ерекшеліктерді анық аңғаруға болады:

Керек іс бозбалаға - талаптылық,

Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,

Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.

Ақиық ақынның, меніңше, осы өлеңінен сол кездегі жалынды жігіттер қауымы ғұмырлық ғибрат алғандай. Себебі бүгінгі таңда барлық қазақ жігіттері – сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздар, бесаспап сайыпқырандар. Олардың бойында ежелгі ата-бабаларымыздан дарыған ержүректілік, намысқойлық, парасаттылық түрлі өнерлермен үйлесім таба ұштасып жатыр. Тіпті, бір бойына бірнеше өнерді жинаған халықтың еркесіне айналған сал-серілердің ізін қуып келе жатқан, ұлт дәстүрін ұлықтап жүрген ұлы тұлғалар баршылық. Міне, осындай жігіттер қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген талапшыл нақыл сөзін растағандай. Жігіттердің алдына мақсат қойып, сол мақсатына талпынып, талаптану керектігін баяндайды. Ал бір тұста жігіттердің мақтаншақтық, сырт көзге ғана жақсы көрініп, шын мәнінде надан екендігін, шыдамсыз қызба мінезді екендігін баяндап, әрбір күнді тек күлкі, ойын-сауықпен босқа өткізіп жүретіндігін қатты сынға алады. Қанша және қанша жерден қиындық келсе де, шыдамдылықпен төзе біліп, әр істің артын күтіп, ойланып қадам басу керектігін керемет баяндайды.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызық нәпсіге ерме !

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме! - деп Абай адамның сыртқы бейнесіне, көркіне қарап бағаламай, көрінгенге көз салып еріп кетпеу керек екендігін, «Сырты бүтін, іші түтін» демекші,сыртқы бейненің алдамшы болып келетінін айтады.

Абай өз өлеңінде достықты тебірене жырлай отырып, олардың өзара татулықта болуын қалайтынын жеткізген. Бүгінгі күнгі қазақ жігіттерінің арасында да Абай жырлаған тамаша достық сақталған. Демек, олар шынайы достықтың қадіріне жете білген.

Менің ойымша, мәңгілік елдің ұландары жан-жақты, хакім Абай армандаған қасиеттерді бойына жинаған нағыз қазақ жігіттері деген атқа лайық. Қазақ халқының мақтанышына айналып, құрметке бөленіп жүрген серілеріміз де аз емес. Мәселен күні кеше ғана аспан асты елінде қазақ халқының даңқын асқақтатқан Димаш Құдайбергеновтің адам таңқаларлық ғажайып даусы әлемді таңдай қақтырды. Нәтижесінде еңбекқор әрі қарапайым Димаштай сері Азияның ең танымал әншісі атанды. Табиғатынан зор дауысы бар Димаштың бұл жемісі тікелей тынымсыз еңбегіне байланысты. Сондай-ақ, «МузАрт» тобының әншілері, әйгілі боксшылар, әсіресе жауырыны жерге тимеген Геннадий Головкин, Рио олимпиадасынан алтыннан алқа тағынып келген жеңімпаздар, заман ағымынан қалыс қалмай, дамудың даңғыл жолына түскен қазақ жігіттерінің арасынан жаңа өнерді сәтті игеріп жүрген, көзді ашып-жұмғанша түрлі құрастырулар мен есептеулерді жүргізуге қабілетті жастар қазақ халқының мәңгілік мұратына жетуіне ат салысуда.

Қорытындылай келе, бүгінгі ХХI ғасырда жігітке қайсарлықпен қатар ақылды, білімді болу керек. Сонымен қатар, «елім, жерім» деп тұратын жүрегі мен ұлтжандылығы бір төбе болу керек. Абай өз өлеңінде сипаттаған жігітке тән жақсы қасиеттер бүгінгі қазақ жігіттерінің бойынан табылады деп ойлаймын.

25 Т.Рысқұлов атындағы

мектеп-гимназияның

10 «А» сынып оқушысы Кеңес Аружан

Пән мұғалімі Ә.Т.Дәрменбай

М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып талдап жазыңыз

«Тағамның асылы – қара нан, адамның асылы – кәрі анаң» демекші, әжелер, аналар әр адамның өмірінде үлкен рөл атқаратын тұлғалар болып табылады. Біздің дана халқымыз әрқашан да ақ жаулықты әжелерін құрметтей білген.

Қазақ тарихында үлкен орны бар біздің дара тұлғаларымыздың барлығы дерлік ақ кимешекті әжелердің мейіріміне бөленіп өскен. М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңі - баланың әжеге деген сағынышы.

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек киген кемпір көрсем,

Ақ кимешек астынан сені көрем, - деп, әжеге деген махаббатын аз өлең жолдары арқылы жеткізеді.

Қазақтың ұлы ақыны Абай да Зередей әженің бұлағынан сусындап, теңіздей терең тәлім-тәрбие ала білген. Абайды Абай деп атаған да осы Зере әжесі болатын. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, Абайдың, Абай болып қалыптасуына игі әсерін тигізген.

«Е-е... бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?» деп басталатын Зеренің ұлағатты әңгімелері неге тұрады десеңізші?!

Тағы осындай дана әрі дара әжелердің бірі Шоқанның әжесі - Айғаным. Шоқанның әжесі Айғаным исі қазаққа мәлім, көркіне аты сай парасатты, салиқалы әйел болған. Мұхаммедханафияның, яғни Шоқанды Шоқан деп еркелеткен әжесі Айғаным. Оның рухани өсуіне алғашқылардың бірі болып өз әжесі Айғанымның әсері мол болған. Абайдың әжесі Зере Шоқанның әжесі Айғаным, Мұқағалидың әжесі Тиын, Мұхтардың әжесі Дінәсіл сияқты ақ кимешекті әжелер қазақта көп болған. Менің ойымша, ақ жаулығын жамылған ақ ниетті аяулы жандардың ақ батасын алғанға не жетсін. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, осындай асыл қазыналарымызды қарттар үйіне өткізіп, көңілдеріне қаяу түсіретін кездеріміз де бар. Ардақты жандарымыздың өсиетін тыңдап, тәрбиесіне құлақ асып өссек қазақи құндылығымыз сақталып, ұлттың ұятын сақтай білетін ұлы тұлға болып қалыптасады деген ойдамын.



258 сөз



Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2016 -> Сабақтың атауы Бейнелеу өнерінің түрлері Сілтеме Сабақтың жабдығы
2016 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Отаным Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет