Шымкент қаласы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия 11 «Ә» сынып оқушысы Жанбырбаева Зарина



бет1/2
Дата23.08.2017
өлшемі1,15 Mb.
#24916
  1   2


Шымкент қаласы

Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Жанбырбаева Зарина

Пән мұғалімі Кунтаева М.А.

Балуан Шолақ «Ғалия» өлеңінде ғашықтық

сезімін қалай жеткізген?

«Ғашық жыры-тіршіліктің көкейкесті өлеңі»,- деп жырлаған М.Шаханов сөзі аты аңызға айналған, ерекше күш иесі-Балуан Шолаққа арналған секілді. Атына заты сай болған Балуан Шолақтың алып денесінің ішіндегі жұдырықтай жүрек бір жанды көргенде дүр сілкінді.Иә, ұғынып жатқан боларсыз, тыңдаушы! Бүгінгі сөзді ерекше сезіммен ұштастырмақпын. Мен дауылдай,құйындай, жалындаған оттай албырт сезім-махаббат жайлы сөз қозғауды жөн көрдім. Ерекше жанды иілдірген бұрымды Ғалияны шығармаға кірістіргелі отырмын. Шын сезіну үшін қиялыма қанат бітіремін.

Келе жатып жолдан орамал тауып алдым. Ішінде ораулы ақ қағаз.Оқи бастап едім, ғашықтық ғаламатының куәсі болдым. Балуан бабамыздың алаштың аруына деген аяулы сезіміне,Ғалияға арналған аңыз. Аңыз бола тұра, баяны жоқ махаббат хақында. Шолақтың пәк сезімін қазақ даласына паш еткен- «Ғалия». Балуан үшін ерекше сезімосы есіммен өзектес. Қажымұқан атамыз Ғалияны көргенде таңғалады. Елдің еркесі, халықтың серкесі осындай сепкіл бет келіншекке қалайша ғашық болған? Алайда, Балуан бабамыздың мына сөздері Қажымұқан сөзіне тоқтау секілді. «Пәлі-ау,сен оған менің көзіммен қарасайшы,»-дегені. Яғни, ғашықтың көзі - соқыр. Балуан Ғалияға ынтызар болып, Ғалия атын әнге қосады. Өмір сынағы қос ғашықтың жолын екіге бөледі.

Айым да сен, Ғалия күнім де сен...-

деген жолдардан Шолақтың ессіз ғашық болғанын аңғаруға болады. Ол үшін өмірдің мәні - Ғалия. Оның бір күлкісі өмірінің бояуы секілді.Ғалиямен тағы бір көріссе,айырылмас еді деп ойлаймын.Дегенмен, өмір заңы - қатал. Кейде біз ойлағандай бола бермейді.

Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын,

Бүйте берсең діңкемді құрытарсың , -

деп Шолақ неше түн ұйықтамай, Ғалияны күтеді. Мені еститін болар деген оймен әнін тоқтатпайды. Ән осылайша қазақ даласына кеңінен жайылып ,құлағына сіңеді. Әйтеуір, алапат күш иесінің Ғалияға деген сезімі ерекше болғаны анық. Әйтпесе,күллі қазақ даласы сүйіп шырқайтын ғажап әндер дүниеге келмес еді ғой!..

Көзімді ашсам, бәрі мен көрген қысқа түс екен. Терең ойға түсіп кеткенімді ұғындым. Халық аузындағы аңыз адамның басынан өткерген ғашықтық сезімінің куәсі болдым. Әнші-ақынның нағыз ер екеніне көзім толық жетті. «Құлай сүю ерлікпен тек себебі» деген Мұхтар сөзі ойымның дәлелі. Қарапайым ғана өлеңнің тартымдылығы махаббаттың өмірге, адамға деген ыстық сағынышты оятатын әрі нығайтатын күш екенін аңғартты. Ақын, менің түсінігімше, осылайша махаббаттың өмірлік ұстаным екендігін жеткізген.

337 сөз


Шымкент қаласы

Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Санақұл Шаһар

Пән мұғалімі: Кунтаева М.А.
Мұхит Мералыұлының «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдеріндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның

көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз

Әдебиет әлемінде ерекше суреткерлік болмысымен көзге түсетін сирек ақындардың бірі-Мұхит Мералыұлы. Белгілі өнер зерттеушісі А. Затаевич: «…қазақ әндері саласында Мұхит халық музыка элементтерінен өзіндік мағынасы бар ән мектебін құрды», – деп, дәл суреттеп жазған. Ал Мұхиттың өзін «қазақтың Баяны» деп атап өткен. Өлең мен ән шебері атанған халық психологиясының білгірі Мұхит ақынның туындылары мені тыңдаушы-оқырман ретінде түрлі сезімдер жетегінде, эмоционалдық көңіл-күйде қалдырып отырды. Бұған оның «Айнамкөз», «Зәуреш», «Дүние-ау» атты әндері толық дәлел бола алады деп ойлаймын. Осы ретте музыка өнеріміздің алтын қорына енген өлеңдерін тілге тиек ете отырып, ой толғауды жөн көрдім.

Мералыұлының Құралайға арнаған «Айнамкөз» әніне тоқталсам, ең алдымен, әннің бастан-аяқ бір қайғысыз лирикаға, албырт сезімге толы туынды екенін айтар едім. Мәселен:

Есіме, сен түскенде, беу қарағым,

Шымырлап қан қайнайды өн бойдағы, -

деп жалғасатын өлең жолдары ғашықтық сезімді байсалдылықпен ұштастырып, жылы жүректен көркем әнді жанға майдай жағымды ететінін байқадым.

Сал Мұхиттың маған сезім әсерін эстетикалық-эмоционалдық дәрежеде жеткізе алған тағы бір туындысы – «Зәуреш» әні. Әкенің бар үміті, жұбанышы болған Зәурештің оқиғасы ақын жүрегін көркем тілменен шебер табыстырып, өлеңде:

Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

Иіскеп бір сүйейін маңдайыңды, -

деп өрілген. Өлеңдегі трагедия ақын өнерінің арқасында әрбір тыңдарманды тебіренте алатын күшке ие деп ойлаймын.

Ақынның тұла бойды қайғы-мұңымен толқытатын келесі әні- «Дүние-ау» деп аталады. Мен үшін бұл ән өзгелерден мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. Әсіресе:

Ат басқа, доға басқа, шылия басқа,

Кез келсе қарамайсың, дүние-ай, кәрі-жасқа, -

деп берілген тармақтардан күйініш-реніші, философиялық толғаныстары маған түрлі ой салды. Өлең көркемдік жағынан сөз қайталауларымен ерекшеленеді. Аталған туындыларды халық жадында асқақ, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен есте қалады десем, артық айтқандық емес.

Ойымды жинақтай келе, халқымыздың қателеспес талғамы қалыптастырған ғажайып әншілік өнерінің өкілі Мұхит Мералыұлының әндерінен әрбір тыңдарман керемет әсер алады деп мен сеніммен айта аламын. Алайда, әндерінің тек бір-бір тамшысын ғана алып, таңдай жібіткендей сезімдемін. Адамның жан дүниесі, ой-арманы мен махаббаты, жеке басына сүйсінуі тамаша үндестік тауып, көркем бейнелерімен елестейтіні мені ерекше таңғалдырады. Мұхит ақынның жүректі тебірентіп, сезімдерді құбылтатын сыршыл әндерімен қазақ даласына танылған аса ірі тұлға екеніне көзім жетті.

325 сөз


25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Алмашова Камилла

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы өмір үшін күрестегі кейіпкер психологиясын талдап жазыңыз

Бұл дүниедегі адамға берілген үлкен бақыт – өмір. Адамдар өмір үшін қаншалықты күреседі? Өмір үшін күрес дегеніміз не? Менің ойымша, өмір үшін күрес – алдағы толқын жолдарға төтеп беру, мойымау, қиындықтарды жеңе білу. Дәл осындай күресті қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазушы Т.Ахтановтың шығармасынан байқай аламыз. Бұл ғажап туынды - «Шырағың сөнбесін» романы. Оқырман жүрегінен ерекше орын алған роман кейіпкерлері... Олардың өмірі... Бастан кешкен оқиғалар...

Бас кейіпкер - Нәзира ғұмыры. Нәзира рухы мықты, күресуші әйел бейнесі. Нәзік жанды бола тұра, тайсалмай, өз батылдығымен соғыс алаңына шығуы сөзіме дәлел. Сұрапыл соғыста қаншама өмір қиылды, еліміз қайсар ұл-қыздарымыздан айырылды. Осы кездегі қайсар жандардың бір-ақ мүддесі болды. Ол – Отанды қорғау. Жұмыла жүкті көтеріп, соғыс алаңында жеңіс туын тікті. Соғысқа тек қана рухани мықты адам ғана төзе алады. Нәзира психологиялық тұрғыдан дайын болады, өзін соғысқа дайындайды. Құрсағындағы баласымен тәуекелге бас тігеді. Жауға жігерлілігімен қарсы тұрады. Қасымбекке деген махаббаты, сүйіспеншілігі бар қиындықты жеңуге көмектеседі. Махаббаты ғана жылулық сыйлап, күресуге септігін тигізеді. Сүйгені оған мойымай, қарсы тұруына себепкер болады. Қанша қиындық кездессе де, барлығын жеңеді. Алдағы күнге деген үміт сәулесі арта бастады. Бейбіт күннің таңы атты. Жау күші қайтарылды. Еліміз жеңіс туын рейхстагқа тікті.

Қорыта келгенде, «Шырағың сөнбесін» романындағы кейіпкер тағдыры келешек ұрпаққа үлгі. Себебі қайталанбас батырлық пен жау тылында жаумен бетпе-бет келу кез-келген адамның қолынан келмейді. Өшпес тұлғалар ерлігі ел есінде. Нәзирадағы ерлік өз болмысын аша түскендей. Нәзирадай рухты қазақтың ұл мен қыздары көп болса игі еді. Еліміздің болашағы – рухты жастар қолында!

235 сөз №25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Әмірханұлы Дарын

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Қашаған Күржіманұлының «Есқали сұпыға айтқан» өлеңіндегі байлықтар таласын өз көзқарасыңызбен дәлелдеп жазыңыз

Бұл заманда адамның сан түрін жолықтырасың... Бірі ақылы таяз, бірі надан, ал бірі жомарт жан. Кейінгісі мал-дүниеге бай, ішкені артында, ішпегені алдында... Байлық адамды қатты өзгертеді. Қазір де адамды көзін, құлағын, аузын ақшамен жапқан заман торлады. Баяғыда да Қашаған Күржіманұлының заманы да сондай болған деседі. Оған тоқтала кетсем жөн болар.

Қашаған – елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, тойымсыз бай мен биді, қанағатсыз болыс пен молданы аяусыз сынға алып, бетпердесін ашқан ақын. Осындай жанрдағы өлеңдерінің бірі - «Есқали сұпыға айтқаны» өлеңі. Қаншама жыл өтсе де, бұл өлең өз құдіреттілігін жойған емес. Себебі бұл өлең қазіргі заманға арнайы жазылғандай көрінеді. Неге десең, қандай жоғары оқу орнын алсаң да, дәрігерлерді алсаң да, сот істерінде, жол полиция қызметкерлерінде және т.б. қағазбасты жұмыс орындарының барлығында жемқорлық жүріп жатқанын көреміз. Қайткенмен судың да сұрауы бар емес пе? Тек ақыретте ғана оның істері қаралатындай көрінеді. Осы өлеңіндегі надан дінбұзар молдалар мен сараң байларды ашына жырлаған. Бірде Қашаған, Құрманғазы Маңғыстаудың бір аулына келе жатып, малшылардың айтуымен Есқали деген сұпының үйіне қонуға барады. Барса келіні, баласы оған «Қонаққа тіккен үйіміз жоқ», - деп үйіне кіргізбейді. Сонда Қашаған қолына домбырасын алып, ұятсыз, имансыз келінді сынға алады. Оған ақыл бермеген ата-енесінің де ақылының жоқтығын айтып, масқаралайды. Есқали Қашағанды күтпей, намаз оқи жөнеледі. Ал Қашағанның домбырасы сонда үн қатады. Оған ашуланған Есқали аузын тоқтатпастан қу таяқ, шайтанның таяғы деп кір жағады. Сонда Қашаған намыстанып, домбыраның маңызын, діни жағынан да керектігін айтып, сұпының үнін біраз уақытқа өшірген деседі. Соңында Қашаған Есқали сұпының ән-күйді «шайтанның ісі» дегеніне тойтарыс беріп, домбыра өнерінің ақ екенін айтып қорғап қалады.

Сөз соңында айтарым, «Есқали сұпыға айтқаны» әдебиетіміздің бір биік шоқтығы болып табылады әрі ол Қашағаннан қалған асыл мұра болып саналады. Ендігі міндетіміз – сол мұраны қадірлеп, әдебиет тізгінін сөз өнерін қадірлеушілерге мәңгі ұстату, сонымен қатар адам бойындағы кездесер «есқалилық» мінез-құлықтарды қазақ санасында болдыртпау.

298 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «Ә» сынып оқушысы Алмашова Камилла

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Ә. Нұршайықов “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогіндегі ерекше стилі арқылы батыр бейнесін аша алды ма?

Иә, қайсар батыр бар кез келген ел бақытты емес пе? Бұл сезіммен келіспейтін адам жоқ шығар. Нар тұлғаларды дүниеге әкелген ана бақытты. Бір дәуірде өмір сүрген халық бақытты. Батыл батыры бар ел бақытты. Рухы мықты, отансүйгіш халық қорғаны бола білген батырларымыз көп. Азаттық жолында тәуелсіздік үшін күрескен батырлар өз жерін қан мен тер арқылықорғады. Сондай қайталанбас заңғар тұлғалардың бірі дебірегейі – Бауыржан Момышұлы. Ақын-жазушылар Бауыржан туралы қалам тартты. Тек шындық қана көрініс беретін туындылардың әрқайсысы қымбат. Олар – халық байлығы.

Қазақ әдебиетінде сүбелі үлес қосқан жазушылардың бірі – Әзілхан Нұршайықов. Кейіпкерлердің бейнелерін, мінез-құлықтарын беруде ерекше шеберлігі бар. Әрбір баяндалған оқиғасы тартымды. Шындық желісінде жазылған тартыс пен шынайлыққа толы шығармасы – «Ақиқат пен аңыз» жазылу мәнері мен стилі ерекше туындыны халық қабылдауы да өзгеше. Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғалы мүсінделген. Жаратылысы бөлек тұлғаның образын жасауда жазушы қателеспеді. Бауыржанның балауса жастық шығынан бері, әскери мектебінде шыңдалу кезеңі суреттеледі. Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан бастап, бүгінге дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы баяндайды, өз кейіпкерінің бойындағы асыл қасиеттерді дәл әрі терең, көркем суреттейді. Соның нәтижесінде халық адамының өсу жолы баяндалады. Бойындағы күш-қайрат, Отанға деген махаббат, бауырмалдық, ізгі ниет бәрі-бәрі кеңінен ашылады. Он бір диалогтан тұратын шабытты туынды Бауыржан Момышұлын жан-жақты қырынан көрсеткен. Бауыржан ерлігі ел есінен кетпейтін қолбасшы ретінде, өр мінезді, рухы мықты халық жанашыры ретінде ел есінде қалды.

Бауыржан батырлығы көпке үлгі. Оның еңбегі халық жадынан ешқашан өшпейді, өшпек емес. Қазіргі таңда Бауыржандай өзі көсем, өзі шешен және батыр жазушы туралы әрбір туынды маңызды.

245 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «Ә» сынып оқушысы Әмірханұлы Дарын

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Ш.Құдайбердиевтің «Жастарға» өлеңінде Абайды үлгі етудің себебін талдап жазыңыз

Атақты ақын, жазушы, аудармашы Ш.Құдайбердіұлы қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының бірі болып саналады. Ол философ, тарихшы және өте ойшыл кісі болған. Менің білуімше, оның пірі - Абай Құнанбайұлы. Себебі оған дәлел ретінде Шәкәрім Құдайбердиевтің «Жастарға» өлеңін алайын. Тек жастарға емес, басқа да бірнеше шығармашылығында Абай өмірі тоғысады.

Шәкәрімнің бұл «Жастарға» деген өлеңін жазудағы мақсатын айта кетейін. Мұнда өскелең ұрпақтың жас жеткіншектердің алдағы өмірі, бүгіні мен ертеңі, жақсылыққа бет бұруы айтылады және соған ұмтылыс насихатталады. Бұл өлең жолдарының бас жағында Абайдай тұлғаны үлгі етіп, жастарға сол хакімге қарап бой түзеу керектігін ұғындыра жырлайды. Мұнысы, әрине, өте орынды деп ойлаймын. Себебі Абай қазақ елінің ғана емес, әлемнің мақтанышы деп еш тайсалмай айта аламын. Абай мен Шәкәрім бір-бірімен тығыз байланысты жандар, онымен қоймай шығармашылығы да тағы ұқсас. Екеуі де әділдікті қалады, исламға қатты көңіл бөлді. Біреудің ала жібін аттамауды мақсат тұтты. Шәкәрім «Жастарға» өлеңінде өзін барынша қамқоршы іспеттес көрсеткендей. Ол болашағына, өзінің емес, ұлт болашағына алаңдайтынын көрсетіп тұрғандай. Оған дәлел ол жастарды бөгде біреуге емес, дана хакімге ұқсауын қалады. Оны мына өлең жолдарынан анық байқаймыз:

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыныалық Абайға, жүр, баралық! –

деген өлең жолдары нағыз дәлел бола алады. Енді «Неге Шәкәрім Абайды үлгі етті?» деген сұраққа жауап беріп көрейін. Шәкәрім жастарға үлгі таңдарда көрегенділік көрсеткен дер едім. Себебі Абай – әлем әдебиетіндегі еліміздің жанашыры, ұстазы. Абайдай тұлға болу бар қазақтың арманы ғой, шіркін! Осы деңгейге жеткен Абайдың өзі «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын біле тұра тексермедім....» деп қынжыла жазған екен. Осындай биік шыңды бағындырса да, әлі талай асуды бағындыра алар еді Абай. Сондықтан да Шәкәрім жастардың осы тұлға секілді соңына дейін білім-ғылым қуғанын қалағанын білу қиын емес.

Сөз соңында айтарым, «Жастарға» өлеңі әрқашанда жастардың жан жүрегінде сақталса екен. Бүгінгі егеменді еліміздің жастары Шәкәрімді, Абайды сүйіп оқып, алға мақсат қоя білуді, табандылықпен өмір сүруді үйренетініне сенімім мол. Егер бұл өлең сұраныстан шығып жатса, жастардың бұзылғанының үлкен көрінісі болар, бәлкім!

318 сөз


25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Әмірханұлы Дарын

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы



ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз

Бүгінгі заманға дейін әлем тарихында көптеген қолбасшылардың, патшалардың ғұмыр кешкені баршамызға мәлім. Ал сол тұлғалардың қалай ел басқарып, қалай ғұмыр кешкені жайлы әр ақын әр түрлі жырлаған. Әйгілі Атиллоға Джузепе Верди атақты операсын арнаса, бүкіл әлемді жаулап алғысы келген Ескендір Зұлқарнайынға ұлы Абай «Ескендір» поэмасын арнаған.

«Ескендір» поэмасы Абай поэмаларының ішіндегі елеулі поэмасы. Бұған ұлы жазушы М.Әуезовтің ««Ескендір» Абайдың ең жақсы поэмасы» деген сөзі дәлел. Поэманың басты кейіпкері Ескендір шығыс елдеріне Ескендір Зұлқарнайын деген атпен тараса, Еуропаға Александр Македонский деген тойымсыз, қанағатсыз етіп суреттеген. Бұл ащы шындық. Ескендір өмірінде көп халықты қырып, талай елді қиратқан әділетсіз басшы. Ол әлемді бағындырам деп ойлады және тойымсыздық танытты. Міне, осы тойымсыздық Ескендір Зұлқарнайынның ең әлсіз тұсы дер едім. Себебі, осы уақытқа дейін ешкім әлемді жаулап ала алмаған. Тіпті, Аттилло, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Кир, т.б. ол осы қағиданы ескермеді. Ескергісі де келмеді. Сөзіме дәлел ретінде поэмада Ескендір Зұлқарнайын өз жорықтарының бірінде бір шөлге тап болады. Барлық әскері шаршап шалдығып, бір бұлақтың басына келіп сол жерден шөлдерін қандырып шабуылға дайындалады. Егер осы кезде Ескендір қанағат танытып кері қайтқанда бәрі басқаша бола ма еді? Поэмада Абай Ескендірің қасына ақылшы етіп ұлы Аристотельді қойған. Аристотель Ескендірдің әлсіздігін бетіне айтатын жан болған. Ескендірдің әдсіз тұсы Ескендірдің қамал алдындағы іс әрекеті. Ескендір сабырсыздық жасап алдындағы қақпаны ашуын бұйырады. Сонда қақпаның ар жағынан ақ орамалға түйілген көз сүйегін көріп ашуға булығады. Сонда ұлы ұстазы Аристотель ол сүйектің мәнісін түсіндіреді. Көз сүйекке тек құм салынғанда ғана басылатынын, адам ана дүниеге аттанғанда анадан қалай туылса солай кететінін айтып оған ой салады. Содан Ескендір барлығын түсініп өз еліне қайтады.

Қорыта келе, Абай «Ескендір» поэмасында «Адам қанша биікке өрлегенмен, бір күні құлайтынын, еш нәрсе де мәңгілік емес екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, адам бойындағы ең әлсіз қасиет ақылсыздық пен тойымсыздық екенін айтып өткен.

289 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «А» сынып оқушысы Аманқұл Зағипа

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып, талдап жазыңыз

Қара өлеңнің Құлагері, қазақтың ақиық ақыны Мұқағалиді білмейтін қазақ жоқ десем, қателеспейтін шығармын. Жырларын сүйіп оқып, жүректеріне бой тұмар етіп өскен жастар қаншама...Ақын түрлі тақырыпта қалам тартқан. Сондай өлеңдерінің бірі ретінде айшықты сөз орамдарымен өрнектелген «Ақ кимешек көрінсе» өлеңін ерекше атап айтуымызға болады. Өлеңнің тақырыбы айтып тұрғандай, мазмұнында әже бейнесі байқалады.

Әже. Иә, «Осы сөздің астарында қандай мағына жатыр?», «Қазақтың данагөй әжелерінің бейнесі қандай?» деген сауал еріксіз ойға оарлатыны сөзсіз. Меніңше, өз баласы емес, немересі десе ішкен асын жерге қоятын, немере тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бар жағдайын жасайтын жан - әже. Ойымды таратып айтып өтсем.

Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,

Ақ кимешек астынан сені көрем.

Өңі түсі өзіңнен бір аумайды,

Немересін ертпесе жүре алмайды...

Ақынның «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі осы бір өлең жолдары жоғарыда айтқан сөзімен дәлел.

...Аппақтығы ұқсайды әрінің де,

Әжімің де аумайды тәлімің де.

Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!...

Әрине, әлемдегі әжелердің бәрі бірдей шығар, бірақ қазағымның ақ кимешек киген асыл да мейірбан әжелеріне жететін жан жоқ ау, сірә? Оның ішінде менің де әжеме.

Тарихта есімдері танымал әжелер қаншама. Бүкіл рулы елдің анасына, ақылшысына, тәрбиешісіне айналған Домалақ ана, Айшабибі, Айғаным, Айпара, Зере сынды әжелеріміздің бейнесі шығармаларда өте ұтымды сомдалған. Шоқанның Шоқан болуына әжесі Айғаным мен ұлы Абайдың Абай болып қалыптасуына ықпал еткен Ел анасы атанған Зере емес пе еді?.. Бұл әжелердің барлығына ортақ болмыс, мінез – немересіне деген шексіз махаббат пен мейірімділік.

Өз ойымды қорытындылайтын болсам, әже - ұлтымыздың тәрбиешісі, ақылдың кені, өткеніміздің шежіресі! Олай болса, Мәңгілік қазақ елінің мақтан тұтар

ақ кимешек киген асыл да ардақты әжелері аман болғай!

256 сөз


25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «А» сынып оқушысы Аманқұл Зағипа

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова



Мұxтар Шаxановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіндегі ғашықтық сезімге қатысты көзқарастарға өз пікіріңізді білдіріп жазыңыз

Құдай-ау, қайда сол жылдар

Маxаббат,қызық мол жылдар,

Ақырын-ақырын шегініп

Барады-ау кетіп құрғырлар...

А.Құнанбаев

Көз алдыңызға мына дүниені еш сезімсіз, маxаббатсыз елестетіп көріңізші, сірә да болмас. Адамзатты жаратылғаннан бастап, барлық жағынан жан-жақты қамтыды. Анаға деген маxаббат, әкеге деген сүйіспеншілік, жалпы алғанда, дүниеге, өмірге деген маxаббат барлық жан баласында табыла беретін ұлы сезім. Алайда, ең ерекшесі, лаулап жанған алау жүректің ошағы саналатын, сезімдердің ең ұлысы, мәңгі ескірмейтін маxаббат ол-қыз бен баланың арасындағы азбас та, тозбас та сезім күші. Құрғақшылықта жауынды қалай тағатсыздана күтсең, маxаббатты да дәл солай тосасың. Ұлы сезімді балалық маxаббатың лүпілі деп бөлген болатын едім. Әрине, маxаббаттың тізбегі деген көп емес пе? Бірақ, Қозы менен Баяндай, Жібек пенен Төлегендей, Ләйлі мен Мәжнүндей өздерінің ғашықтығын мәңгілікке жұптастырған, тағдырына қарсы тұрған жандар кемде-кем! Осындай бір кереметтің тағы бір куәсі- Естай мен Қорлан маxаббаты.

Заман-жылан

Жатып алды ау жолымда

Бірақ менің бақытым да, барым да

Қорланберген алтын жүзік жарқырап,

Елу бір жыл сәуле шашты қолымда

Тағдыр қоспаған Қорланды, Естайдың жүрегіне кішкене бір жүзік жарқырап жылу беріп, жоқтығын білдіртпей тұрды. Екеуінің қосылмауына не себеп болды деп ойлайсыз? Егер де әлеуметтік жағдай кедергі деп тұжырымдасаңыз, қатты қателесіз? «Маxаббат жас мөлшеріне қарамайды»деген осы бір Естай мен Қорланға сай келетін сияқты, осы бір жырға өз ойымен кең мазмұн берген - шыншыл ақын Мұxтар Шаxановтың «Ғашықтық ғаламаты» дәлел. Өз құрсағынан шыққан, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген қызының өзінің әкесімен жасты, отбасылы жанға ғашық болуы ананың оттай жылы жүрегіне, мұздай суық тиіп ерітті.

Соны айтты да шығып кетті ол қоштасып,

Тұрып қалдым ойым мұңмен ұштасып.

Көз алдымнан кетпей қойды мұңлы ана,

Көз алдымнан кетпей қойды қос ғашық.

Автор, осы арқылы үлкен бір ақиқатты көздеді.

Бұған дәлел - құдіретті «Қорлан» әні кешегі....деп, Естайдың жан досы

Нұрлыбекке берген соңғы аманатын жырлап өтеді.

Белдесуге талап қылдым мен неше,

Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға

Елу бір жыл өмір сүрдім ендеше.... баянды маxаббатты осылайша паш етті.

Қорланды ойлап қиял қостым таңдарға,

Қорланды ойлап шықтым қанша заңғарға.

Сірә, мендей ғашықтықтан бақ тауып,

Сірә, мендей мұңға батқан жан бар ма?!

Сәулесі алысқа шашылған бұл сезімнің ғұмыры ұзаққа бармады. Қыз Қорланды өмірлік дертіне айналдырған Естай жасарын жасап, 72-ге келгенде мәңгілік бақилық болады.

Адам азса, ғашықтықтың жоқтығынан азады,

Ғашық жыры- тіршіліктің көкейкесті өлеңі.

Ешбір геометриямен

Өлшенбейтін көлемі.

Шынымен-ақ, шегі жоқ сезімнің соңы қол жетпес сағымға айналып кете барды.

Ғашық болу келсе кімнің қолынан

Әлем соған сенеді.

Құлай сүю ерлікпен тең себебі!

Кез келген адамның қолынан шын сүю бақыты келе бермейді.

Әрине, қазіргі таңмен салыстырғанда, мұндай маxаббатты жолықтырудың өзі - бір ғанибет. Мейлі, Қорлан Естайды шын жүрегімен сүйген болса, қазіргі қыздардың егде жастағы кісіні xал-аxуалы болмаса сүйді деуге болмас. Ойымның түйсігі осы бір қосылмаған бейбақ ғашықтарды қолдайды. Кезінде жас Абайдың өзі де сүйген қызы Тоғжанға қосыла алмай, жүректегі бар мұңын өлең арқылы жеткізген. Осылайша, Ғашықтықтың мәңгілік символына айналған жандарды тілге тиек ету үлкен мәртебе деп өз ой толғауымды қорытындылаймын.

448 сөз
25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «А» сынып оқушысы Әбілқасым Айдана

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен «Абай жолы» романы-эпопеясындағы Бөжей асының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырып жазыңыз

Қазақ елінің ежелгі дәстүрі, арғы заманнан белгілі, ел ішіндегі абыройлы, беделі асқан адамдар дүниеден өткенде ас беру, жылы өткенше өліктің артын күтту, азалы үй тігіп, ас беру, жылы өткенше қаралы көш жүргізу, алыс-жақын көрісіп, хал сұрасу дәстүрі-Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленетін, керемет сипатқа ие болса, .І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы Сағынай байдың асы да одан еш қалыспайды.

Шіркін, қазақтар-ай! «Өлі разы болмай,тірі байымас»-деп күн кешкен халқпыз ғой. Дүниеден өткен туыстардың рухын разы етуді міндет парыз санаймыз.Жылдық ас-бұл қайғы-мұңды өткен жылдың еншісіне қалдырып, «қыс артынан жаз келер» , «бір жамандық екі жақсылық»дегендей, жаңа өмірге қадам басу ретінде берілетін ас.

Халық тарихында аңыз болып жатталған астың ірісі-«Құлагер» поэмасындағы Сағынайдың асы мен «Абай жолындағы» Бөжейдің асы емес пе?! Бұл екі астың бір-бірмен ұқсастығы бар ма? Сонымен қатар,ерекшелігі қандай?

Бөжей асы қазақ даласындағы ең бір ұлан-асыр ас десем қателеспеспін,сірә? Себебі :бұл ас Абайдың тікелей ұйымдастыруымен,қатысуымен өткен. Ас берудің алдында күі-түні дайындыұ,қонақтарға тігіліп жатқан үйлер алыстан ажарлы, қайталанбас үйлердей көрінеді. Бұл сәні жарасқан он үй-отыз-отыздан үш жүз кісі сиятындай үй болмақ.Оған қоса жиырма қой,асау аттарды құрбандыұұа шалып,ет асып,жиырма ауылдың үлкендерін тегіс шақыртып,бүкіл Тобықты ортасы осы жерде бас қосты.Еңбасты ерекшелігі-киіз үйді ауыл-ауылдан жинап,жиналған әрбір үйдің жігіттерінде қоса алып келіп,бірдей еттіп сері жігіттердей кейіндіріп,астарына бірдей жорға мінгізіп, өз киіз үйлеріне күтуші етіп сайлап, қонақтарды етпен қарық қылғазды.Ертеңіне ат шауып,балуан күресті. Келген жұрт Абайдың ұйымдастыру шеберлігіне тәнті болып,естен кетпестей ұзақ әңгіеме еткен-ді.

Сағынай асы да дәл осы іспеттес өткен.Байдың асы дүркіреп,тау-тау ет,өзен-өзен қымыз ішіліп, бәйгеге уш жүз сайгүлік жарысқа түскен.Алайда, бұл астың соңы той-думанмен бітпеді. Көреалмаушылық пен алауыздықтың кесірінен бқл аста Ақан серінің Құлагердей жүйрігінің қаза болуымен аяқталған еді.Осылайша,Сағынай асы бәйге трагедиясымен аяқталды.

Қорытындылай келе, Сағынайдың асы мен Бөжейдің асының ұқсас жақтары бар. Оны жоғарыда айттып кеттің. Асберілген екі адам да, екі рудың ең сыйлы,беделді адамдары еді, оларға деген халықтың ізгі ниеті мен құрметі ешқашан таусылмас.

Қазіргі таңда да қазақтың атадан балаға мұра ретінде қалып отырған дәстүрі өз жалғасын табуда. Туыстарының жылдық асын, еске алу кешін мейрамханада, тойханаларда істеп жататындар да бар.Бұндайды ысырапшылдық ретінде санайтындар да бар. Менің ойымша, жан-жақты шашып-төкпей, барымен базар еткен тиімді сияқты. Өйткені, қазіргі жаңа заманда байырғы кеңпейіл қазақ аз, ас беруге бүкіл туыс болып, барын беріп, Абай секілді қызмет ету екінің бірінің қолынан келе қоймасы айдан анық. Байырғы жылдық ас десе, бір жеті бұрын барып, дастарқанды жайнатып отыртын апа-жеңгелеріміз, білек сыбанып кірісетін ағаларымыз жоқтың қасы. Бірлік болса, тірлік болар, бірлігі мықты ел болар, біріне-бірі қызмет қып жұрт қызығар ел болар!

400 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «А» сынып оқушысы Әбілқасым Айдана

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіндегі ғашықтық сезімге қатысты қөзқарастарға өз пікіріңізді білдірі, талдап жазыңыз

Ғашықтық! Ғашықтық - адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі. Ғашықтық деген өрт, ғашық болу - махаббаттың тұтқыны болу. Ең қиыны ғашық бола тұрып, оны жеткізе алмау. Ең бақытты махаббат біреуді сүю, біреудің сүйіктіс болу емес пе?! Ғашықтық қалай және неден пайда болады? Ол достықтан, өз ара түсіністіктен, ортақ ой- мақсаттардан, ұмытылстардан бастау алады. Ғашықтық - тақырыбы қай ақыннық болмасын шығармашылығында ойып тұрып орын алатын тақырыптың бірі. Дәл осындай «Махаббат» тақырыбындағы өлеңнің авторы, шебер тілдің шешені, бүгінгінің жалғасы - Мұхтар Шаханов. Мұхтар Шахаовтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңін оқыған әрбір оқырман, махаббаттың не екенін түсінеді деп ойлаймын. Ақынның «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіне Естай мен Қорлан оқиғасын кірістіруі махаббат сенімін дәріптеу деп білемін. Бұл өлеңге отбасылы әртіске қызының ғашық болып қалғанына қайғырып келген шешесі, автордан оған көмектесуін сұрайды. Осы мәселені шешу барысында автор Естай мен Қорлан махаббатын еске алып, ғашықтық сезімін ерлікке теңеп көрсетеді. Естай мен Қорланның бір-біне деген сезімінің қартайғанда да сөнбеуі - махаббаттың өмірге деген құштарлықты, адамға деген құрметті оятатын әрі нығайтатын ғажайып күш. Бұл махаббаты Естай махаббаты арқылы жеткізудің арқасында өлеңнің тартымдылығы, көркемділігі арта түскен-ді. Ақынның айтар ақылы мен нақылы да осы Қорлан әнімен бір арнаға тоғысады. Оны мына өлең жолдарынан байқай аламыз:

Ғашық жүрек өз тағдырын өзі ғана шешеді,

Жыға алмайды оны жұрттың өсегі.

Бұған дәлел құдіретті Қорлан әні кешегі...

Мұхтар Шахановтың бұл өлеңін оқи отырып, мен Қорлан мен Есай махаббатына сеніп, жүрегімнің түгінен өткізіп, бірден-бір сабақ алдым. Автор үшін махаббат, ғашықтық сезімі бәрінен де қымбат, бәрінен де артық екендігін түсіндім. Оған дәлел ретінде «Ғашық болып өлу-қандай мәртебе!» - деген өлең жолдарынан келтіруге болады.

Қортындылай келе, Мұхтар ғашықтықтың шынайы да ғаламат сезім екенін дәріптеу үшін Естай махаббатын әсерлі жеткізе білген. Кез келегн мәселеге бір жақты қарауға болмайды, себебі әр адам бұл сезімді басынан әр түрлі күйде өткізеді. «Махаббат», «Ғашықтық» атты ұлы сезімді жүрек түпкірінде аялап сақтап, ол сезімнің қадіріне тіріде жету керек. Алайда, мына XXI ғасырда сезім, махаббат, адалдық, сүю деген сөздер жай ғана сөз болып қалуда. Себебі қазір шынайы, пәк махаббаттан бұрын адамдар ақшаға, атақ-даңққа құмартуда. Әрине, біз ақшамен бәрін сатып ала алатын шығармыз, бірақ адал сезімді, шынайы махаббатты ешқашан сатып алмаймыз. Махаббат- ұлы сезім. Махаббаттың қай түрін алсақ та, адамды ізгілікке, мейрімділікке, шынайылыққа, адалдыққа тәрбиелейді. Бұл ғұмырда бәріміз өз махаббатымызбен қауышып, бақытты да баянды ғұмыр кеше берейік!

350 сөз


25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия

11 «Ә» сынып оқушысы Алмашова Камилла

Пән мұғалімі Б.Н.Азимханова

М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіндегі ғашықтық сезімге қатысты көзқарастарға өз пікіріңізді білдіріп, талдап жазыңыз.

Пай, пай, ғашықтық сезім! Неткен керемет едің!... Кез келген адамның басына қона бермейтін бақпен тең келердей. Бұл керемет сезімді кей адамдар басынан кешіре бермейді. Махаббат – адамдардың бір-біріне деген кіршіксіз сезімі. Батыстық философия тарихын Эмпедокия өз ілімінде «Махаббат- бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш» деді.Иә, махаббат, ғашықтық сөздеріне сансыз анықтамалар берсе аз болмас. Себебі, ол - шексіз сезім. Отанға, Анаға, табиғатқа деген махаббатта адам бойында сөзсіз орын алады. Ал екі жастың арасында шынайы махаббат пен сүйіспеншілік кездесе бермейді. Махаббат пәктік пен сенімділікті қажет етеді. Сүйгеніңе деген ынтық сезімің ешқашан сөнбеуі тиіс. Дәл осындай сөнбес махаббатты еліміздің керемет ақыны Мұхтар Шахановтың туындысынан байқауға болады. «Ғашықтық ғаламаты» - ақынның сырға толы қаламынан туындаған тамаша туындысы. Мұнда махаббаттың құдіретті күші сипатталады. Өлең қартаң әйелдің баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруін баяндаудан басталады. Ақылына көркі сай қыз жұрт көзіне түскен сұлулығымен белгілі болады. Қыз өмірінде өзгерістер пайда болады. Бұл өзгеріс, пәк сезім - ғашықтық. Менің ойымша, ешкім махаббатқа төтеп бере алмайды. Махаббат адамды кенеттен торлайтын құбылыс іспеттес. Махаббат алдында адам әлсіз, ол жүректегі сезімді ақылға жеңгізе алмайды. Ешқашан адамның күші келмейтіндіктен де “махаббат” аталады. Қыздың өзінен қаншама жас үлкен әртіске ғашық болуы-махаббат. Анасының жан айқайы, қимастығы... Ақынға бар мұңын шаққан анаға айтқан ақылы, жауабы. Автор елу бір жыл ғашықтық азабын тартқан. Естай ақынның махаббатқа адалдығын дәлел ретінде айтады. Елу бір жыл қолына шабыт берген жүзігі - оның махаббатқа деген адалдығы, ізгі жан екені сөзіне дәлел, Естай мен Қорлан арасындағы тамаша махаббат ұғымын айқындай түскендей.

Ғашықтық көңіл мәңгі жасыл айдын көл,

Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,

Ал қалғаны жай күндер.

Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға.

Елу бір жыл ғашық өмір сүрдім, ендеше,– деп нәзік көңілін білдіреді.

Қорланымның көзі болған жүзікті, өтінемін,

Өзіммен бір жерлегін!- деп Естай ақын көз жұмады. Кейін Қорлан да қартайған шағында Естайдың әнін салдырып, «бақыттымын, бақыттымын» деп мәңгілікке сапар шегеді.

Қорыта келгенде, дүниедегі асыл да қайталанбас құбылыс - махаббат. Ақын өлеңіндегі астырлы ой, ибалы сөз келер ұрпағына үлгі ретінде айтылғандай. Өмірде серігіңді таба білу – бақыт. Сондықтан өмірде адаспай, өз дара жолымыз бен махаббатымызды таба білейік!

333 cөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «Б» сынып оқушысы Әмзеханов Мұрат

Пән мұғалімі Ф.Байбосын

Әсет Найманбайұлының “Салиха-Сәмен” поэмасы мен ғашықтық жырларындағы жігіт сипатын талдап жазыңыз

Әсет Найманбайұлы - асқақ үнді, әсем, ырғақты әндерімен танымал, әдебиетімізге көркемдігі жоғары мол мұра қосқан, ақындығымен оқшауланатын тұлға. Оның шығармаларының қазақ мәдениеті мен әдебиетінде алатын орны ерекше. Ақынның мол мұраларының бірі – қисса-дастандары. Шығармаларында ең көп жырланған тақырып – сертке беріктік пен уәдеге адалдық. Әсет дастандарында махаббат, байлық, мансап, зұлымдық бірдей қатар орын алып, шытырман оқиғалардың дамуы да, шешілуі де қызықтырып отырады. Сондай дастандардың бірі - моңғол өмірінен алынып жырланған “Салиха-Сәмен” дастаны. Дастанның сюжеті Салиха мен Сәменнің арасындағы махаббатқа негізделген. Салиха сұлуСәмен деген жігітті көріп, сырттай ғашық болады. Сәмен де Салихаға өз сезімін білдіреді. Екеуі бір-бірін шын сүйіп, қосылуға уәделеседі. Бірақ қыздың әкесі қатал еді. Салиха мен Сәмен ханның рұқсат етпейтінін біліп, айтудан жасқанады. Екеуі жасырынып қашуды ойлайды. Жасырыну үшін ыңғайлы жер іздейді. Салиха Сәменге: “Сен үшін жаным құрбан” , - деп уәде береді. Сөйтіп, екеуі тауға қашып, үңгірге тығылады. Бірақ көп ұзамай қолға түсіп, ақыры қосыла алмай өледі. Дастанда арсыздық желі мен наным-түсінік қатар көрініс табады. Оқиға желісі тартымды, көркемдігі жоғары. Дастандағы басты кейіпкерлердің бірі Сәменнің батыр бейнесі мына өлең жолдарынан көрінеді:

«Ажарын жай оғындай жалындаған,

Туыста қас-қабақты ер тұлғасы.

Сабырлы, терең ойлы маңғаз еді,

Жетпеген қатарына тең құрдасы.

Сағымдай садақ жетпес жылдамдығы,

Қырмызы қыз мінезді, қымбат басын.

Денесі тең сандалдың терегіндей,

Кең біткен иығының екі арасы.

Шолақ төс, бура санды, бұлшық етті,

Бар еді батырлықәр саласы.

Жау десе жабырқанып жатпайтұғын.

Таңдаулы батыр болған ер-қолбасы».

Осы дастан арқылы Әсет Найманбайұлының шебер суретші екенін аңғаруға болады. Дастандағы Сәменнің бейнесі басқа да бейнесіне ұқсаса, батырлар жыры мен ғашықтық жыры бір-бірімен қатарласа, байланыса жүреді.

Қорыта айтқанда, Әсеттің көп қырлы дарын иесі екенін атап өткен жөн. Ол дастанда қос ғашықтың махаббатын, сонымен бірге Сәменнің батырлығын керемет суреттеген. Әсет Найманбайұлының асқақ әндері, қисса-дастандарын ұлттық өнерімізді дамытып, мәдениетімізді көтеруге өз үлесін қосқаны күмәнсіз.

286 сөз

25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназия



11 «Б» сынып оқушысы Амалбекова Гүлнұр

Пән мұғалімі Ф.Байбосын

С. Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы ғашықтар діңгегі Сұлушаш па, әлде Алтай ма?

«Сұлушаш» поэмасы атақты қазақ халқына белгілі Сәбит Мұқановтың туындысы болып табылады. «Сұлушаш» поэмасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» сынды туындыларының жалғасындай.

Поэмаға тоқталатын болсам, сол заманда әр қазақ жастарының басына түскен жағдай сипатталған. Байлардың басымдылығы, әлсіздердің көрген қорлығы, адамның бас бостандығының болмауы, жастардың шешімімен, ойымен санаспауы көрініс тапқан. Бұл шығармада Сұлушаш пен Алтайдың махаббаты баяндалған. Ақын шығарманы оқырманға әсерлі етіп жеткізу үшін барлық әдеби терминді, қазақтың салт-дәстүрін, эпостық, батырлық, трагедиялық жанрларды орынды да үйлесімді пайдалана алған. Мысал келтіретін болсам, Сұлушашты мінсіз сұлу, ақылына көркі сай етіп суреттеуі эпосқа тән әсерлеу болып табылады. Ал Алтайды қазақтың мықты батырларына теңеп суреттеген.

Сұлушаш туралы айтып кететін болсам, Сұлушаш тек сұлу да сымбатты ғана емес, өз махаббаты жолында алдынан қандай қиындық шықса да төзе алатын мықты, намысты болған. Ол басына қауіп-қатер төнген кезде мойымай, қайта Алтайға сенім білдіріп, батылдыққа жігерлендіріп, күш беріп отырған. Сұлушаш пен Алтай – бір-бірін жан тәнімен сүйген жастар. Бірақ олар қосыла алмайды. Себебі Сұлушаш байдың қызы болса, Алтай күңнің ұлы болған еді. Олар өздерінің қосыла алмайтынын біліп, тәуекел етіп бірге қашып, тауды паналайды. Алтайдың қасында серігі, жан досы Қайсар бар еді.

Қайсар қыранның ұясына тор құрып бүркітті ұстаймын деп мерт болады. Ал Сұлушаш болса, қуғыншылардан қашамын деп жүріп, жар басынан құлап, өзенге батып кетеді. Алтай болса, жан серігі Қайсар мен Сұлушаштан айрылғаннан кейін өз жүрегіне қанжар сұғып өмірден өтеді. Шығармада бір-бірін сүйген жандар қосыла алмай трагедияга ұшырайды.

Меніңше, бұл поэманың діңгегі Сұлушаш болған сияқты. Сұлушаш сол кезде өмір сүрген адамдардың көзқарасы қарсы болсада, қыз баласы болып, әкесіне, салт-дәстүрге қарсы шығып, қашады. Сұлушаш сияқты батылдық екінің бірінде болмайтын қасиет деп ойлаймын. Алмайға қарағанда батыл, талапшыл болған сияқты. Өз махаббатына адал қиналғанда демеп қол ұшын беретін жан. Шығармада Сұлушаштың бейнесі қазақ қыздарына батылдық беретін сияқты.

Поэманың өмір шындығынан алынды, үйлесімді суреттелуі “Сұлушаш” поэмасын елеулі туындылар қатарына қосады.

295 сөз



11"В"сынып оқушысы Абдукадирова Д.

Ә.Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" роман - диалогіндегі

автор сөздері арқылы батыр бейнесін талдап жазыңыз
Ә.Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" атты роман - диалогінде еліне беттеген оқты кеудесімен қағып түсірген, ерлігі елге батырлар аңызы секілді қадірмен жеткен батыр Бауыржан жайлы айтылады.

Менің ойымша, шығарма өте ерекше тәсілмен жазылып, оқырманды патриоттыққа итермелейтінімен, көңілге қонымдылығымен ерекшеленеді. Себебі, автор өз ойын екі адамның сырға толы әңгімесі арқылы, яғни диалогпен жеткізген. Елдің басына күн туғанда, елі үшін топты жарып шыққан Бауыржан атамыздың есімі әрқашан ардақты және сыйлы.Өйткені ол өз жалынымен қатарластарын ғана емес, бүкіл жауынгерлерді жылытқан, рух беріп, жігерлендіре білген батыр. Қазіргі күнге дейін оның жалыны сөнген емес және ешқашан сөнбейді де. "Ақиқат пен аңыз" роман - диалогін оқи отырып, ақиқаттың аңыз болып жетуі бекер еместігіне көзім жетті. Бауыржан Момышұлының көрген қиындықтары адам төзгісіз болғандықтан, оны басқа адамдар сезгендіктен аңыз болып жеткен секілді. Бауыржанның батырлық есімінің аңызға айналуында заңдылық бар. Ол өмірін, қайратын Отан мүддесіне бағыттаған. Романда батырдың саналы ерлігін 8-гвардия дивизиясындағы қазақ командирлеріне елге барып, жауынгерлерді үйретіп алып келіңдер деген бұйрығына Бауыржан оттай әсерлі, әділ сөз айтады. Оны мына үзіндіден байқаймыз: "Жоқ, жолдас комиссар. Менің кеудемде адамдық тілек, әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар мен намыс бар. Ол - осы отырған бәрімізге ортақ намыс. Ендеше бұл дивизияның жүрген жолында біздің қып-қызыл қанымыз қалды. Дивизияны құруға тиіс емес, ол құрылмайды. Ендеше, ақырғы қаны бойында жүрген азаматтар осы дивизияның құрамында болып, жеңіске жетуге міндетті",- дейді батыр.Сонымен қатар, атамыздың омыртқасының оқты өз бұйрығымен ұстарамен алдыруы, жарақатына қарамай майданға асығуы - батырлықтан да артық дүние екендігін дәлелдейді. Кез келген өзін батырмын дейтін адам ондай азапқа төзе бермейді. Менің осы шығарманы оқи отырып жүрегімде батырға деген, өз еліме деген ерекше ыстық ықылас пайда болды. Бауыржан атамыз жұтқан ауаны мен де жұтып жүрмін, сондықтан менің де қолымнан батыр болу келеді. Әлия, Мәншүктер секілді қолыма пулемет, автомат алып жауға қарсы аттанып, ел үшін барлығына дайын болғым келеді.

Қорыта айтарым, Бауыржан Момышұлы сияқты ыстыққа да, суыққа да төзе білетін жігер бар менде, өйткені мен де батыр бабаның ұрпағымын. Баукең : "Мен болашақ ұрпақтың асықпауы үшін асығамын" - дегендей, мен - болашақ ұрпақ өткен күннің адамымын, өмірлік батырдың жасаған ерлігін әрқашан дәріптеп, үлгі тұтамын. Себебі, атамыздың бұл айтқан сөздері - бізге айтылған аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Олай болса, барлығымыз бірлесе жарқын болашағымыз үшін ел тыныштығын сақтау жолында қажымайық, ағайын!

362сөз


«...дәулетті өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәні болармын деп қорқамын»деген Ыбырай Алтынсаринның «Атымтай Жомарт» әңгімесіндегі Атымтай сөзі қорқуға тұрарлық па?

Әңгіменің тақырыбына қарап «Жомарт»-адамға тән қасиет, «Атымтай»-адамның есімі деп ойлауымыз мүмкін. Алайда Атымтай Жомарт-түрлі халық фольклорында кездесетін, әрдайым жағымды образ ретінде сипатталатын кейіпкер. Ал жомарт сөзі парсы сөзі «жуван»-жас жігіт, «мард»-адам деген мағынаны береді екен. Әңгімеде автор Атымтайдың жомарттығын барынша көрсетуге тырысқан. Атымтай жомарт қолы ашық, кең пейіл ғана емес, ойымен, рухани дүниесімен де жомарт екендігін жоғарыдағы сөздерінен байқауға болады. Атымтай жомарт әңгіме барысында қарапайымдылығымен көрінеді. «Өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен»,-дейді автор. Бұның өзі жомарт мінезін тәрбиелеу деп білемін. Адам өзіне саналылықпен есеп беріп отырмаса, өзін басқалардан жоғары санап, менмендік пайда болуы мүмкін екенін Атымтай жомарт түсінеді. Ол, сондықтан да, сол кеселге бой алдырып кетуден қорқады. Тәкәппарлық тез жұғатын әдет. «Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер әбірет алсын деймін»,-деген сөзімен идеалдағы күнге деген қорқынышын көруге болады. Өзің жұмыс істемей, өзгелерге әмір берумен шектелсем, кейінгі ұрпағыма берер үлгім қандай болмақ? Ендеше,Атымтай жомарттың бақ-дәулеті тасқан пенделер аз емес. Дегенмен солардың бәрі « Атымтай жомарт па»?! Солардың әр бірінде, тіпті адамның бәрінде де осы әңгіме кейіпкерінің «әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өне бойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді! Сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын»,-деген қорқынышы болса артық болмас еді деген ой келеді.

Қорыта келе әңгіме кейіпкерінің әр сөзі, әр ісі оқырманға үлгі екендігін аса айтқым келеді. Адам бойында осындай керемет қасиеттердің жинақталуын тілер едім. Жан баласының жүрегіне жомарттық қасиет қонса екен деймін. Әрине, үлгі болып қана қоймай, адам тұлғасында қалуына ой салар екені даусыз.

261 сөз


Лермонтов атындағы №17 жалпы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Балқыбекова Ш.Ж.

Балуан Шолақтың «Ғалия» өлеңіндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз

Балуан Шолақтың «Ғалия» өлеңі мөлдір махаббатты сазды әуен, нәзік сезіммен жырлаған ғашықтар әні болып табылады. Бұл өлең Балуан бабамыздың алаштың аруына деген аяулы сезімі, Ғалияға деген баяны жоқ махаббаты. Сүйгеніне қосыла алмаған ақынның өкініш пен сағынышқа толы әні ғашығы Ғалияға арналады.

Балуанның өмірінде махаббат тақырыбы үлкен орын алып, небір сұлу әндер тудырып, сезім толқыны шығармашылығына шабыт берген. Ақын ғашықтық сезімін барынша жеткізу үшін көркемдік тәсілді айшықты қолдана білген. Оған дәлел:

Айым да – сен, Ғалия күнім де – сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең... - деп өзінің сүйген қызын айшықтай, ажарлай түсу үшін, «айға», «күнге» балап, сезімін әсерлеп, бейнелеп жеткізген. Ақын сүйген қызы Ғалияны ешбір қызға тең көрмей, Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, - деп ерекшелігін, сыр-сипатын бейнелі түрде айқындап көрсетеді.

Қайталанбас ұлт батыры, әнші, сазгер атамыз көпшілікті серілігімен сүйсіндірген біртуар жан. Бірақ Балуанның бақытты, базарлы күндерінен гөрі, басына бұлт үйірілген, мазасыз шақтары көп болды. Ғалияға өзінің мұңын жеткізеді.

Әнеугі айтқан, сәулем-ай, сөзіңді ұқтым,

Мен дұшпаннан қорғалып қашан бұқтым?

Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп,

Ерегіскен дұшпанды жерге тықтым,- деп басына қара бұлт үйрілсе де, серттен таймай уәдеге берік екендігін көрсетеді.

Сонымен бірге, ақын өзінің сағынышын «қарға аунаған түлкідей» деп теңей келе, өз ойын сан-салалы сауал арқылы жеткізеді.

Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен,

Айдын көлге шомылған аққуға ұқсап?

Құралай көз , сүмбіл шаш Ғалияжан,

Ынтығымды құрытқан сен мес пе ең?

Түнеугүні бір сөзді айтып едім,

Сол сөзіме не жауап қайырасың?- деп өзінің Ғалияға деген сағынышын ерекше сезіммен жеткізеді.Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған жыры ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты.

Қорыта айтқанда, сезімі асқақ, сұлулыққа жаны құмар ақын ғашықтық сезімін айшықты, бейнелі сөздермен жеткізген. Ақынның ішкі толғанысы мен күйзелісі, нәзік сезімі мен ғашығына деген жан сыры әсерлі суреттеледі.

276 сөз

68 жалпы орта мектебі



қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі

Құлтай Абылай Қыстаубайұлы

М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың Бөжей асындағы азаматтығы елге танылу ма, елді таныту ма, жоқ әлде есейгендік пе?

Тарихта «Қазақ жұрты қонақжай» деген сөздің түп тамыры ретінде қалған ерекше дәлел - Абай дәуіріндегі Бөжейдің асы. Күн арқан бойы көтерілгені іспетті дәл осы кезде ақылы толысып, он жетісінде әке атанып, Абайдың аты дүркіреп, жиырмадан жасы енді ғана асқан шағы болатын. Дәл сол аталас ағасы Бөжейдің асында жас Абайдың жасаған қызметі мен сый-құрметі Тобықты ғана емес, үш жүздің руларына аңыз болып таралған еді. Ұлан асыр астағы Абайдың азаматтығы елге танылу ма, елді таныту ма, жоқ әлде есейгендік пе? Жоқ, менің ойымша, Абай осы кезде-ақ өзінің болашақ тарих бетінде қалатын «Ұлы Абай» атына лайық ұлы қасиетін аңғартқан болатын. Елге танылу да, елді таныту да, есейгендік те емес еді. Тарқатсақ.

Біріншіден, Абай қара басының беделін үшін елге танылуды көкседі дейік. Бұндай ойдың бірінші тууына Құнанбай мен Бөжейдің арасындағы алауыздық себеп. Алайда осы алауыздыққа қарамастан Абайдың астағы белсенділігі әкесіне қарама-қайшы тұрғыда сөзсіз қара басын қаһарман еткені болады. Дегенмен бұл өте жаңсақ пікір. Өйткені, Абай әкесінің алдына шығып қаһарман болғысы келсе, Бөжей асына ат салысу үшін алдымен жөн сұрап Құнанбайдан рұқсат алмас еді. Сондай-ақ, ас кезінде сыйлы қонақ, бір рудың басын бастап келген Қадырбайдың жұрт алдында Құнанбайды келекелеп сөйлеген сөзіне намыстанып, ұтымды жауап тауып, әкесінің сөзін сөйлемеген болар еді.

Екіншіден, Абайдың Бөжей асына ат салысуы елді, яғни Тобықты жұртын таныту үшін деуіміз де өте қате пікір. Өйткені, Бөжей Абайдың аталас ағайын ағасы. Тірісінде ақ тілекті батасын алғаны тағы бар. Тек елді таныту үшін деген салғырт оймен осы ағайындық, аға алдындағы інілік парызды шетке ысырып қойды деуге мүлде келмейді.

Үшіншіден, есейгендік деп оңай баға бере салуға да болмайды. Өйткені Абай он үшінде оқу бітіріп, ел ісіне араласып қойған еді. Орыстарға ел атынан ашық хаттар жазып, талай кісендеулі қазақтарға араша болып, патша билігіндегілерге қазақтан шыққан білімді екенін мойындатқан-ды. Яғни, Бөжейдің асына дейін есейіп, қалыптасқан тұлға болатын. Тіпті сол аста Абайға сыйлы меймандарды (Бөжейдің нағашылары Найман руын) күтуіне қарсы болмаған үлкендердің сенімі де осының айғағы.

Қысқасы, Абайдың атынан ат үркитін Бөжейдің асындағы азаматтығын дүниелік және арзан пікірлерге теңемеуіміз керек. Бұл қазақтың ұлы ақыны Абайдың бойындағы ұлылыққа тән бас қасиет болса керек. Осылай бағалайық!

336 сөз

Қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі Э.Оразбаева

Абайдың он тоғызыншы қара сөзіндегі естілік пен білімділікке қандай адам жетіп, қалай жүзеге асыра алатынын өмірлік деректер арқылы дәлелдеп жазыңыз

Қай істің болсын өнуіне

ең әуелі- ниет керек,

содан соң – күш керек.



М.Әуезов

Қазақтың маңдайына біткен ғұламасы Абай атамыз өзінің он тоғызыншы қара сөзінде адамзатты білімді, есті болуға, жақсы мен жаманды ажырата өмір сүруге шақырады.

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды», - дейді хакім Абай. Толығырақ талдап айтар болсақ, туылған сәттен кейін нәресте ішкі түйсік пен кейбір сезу мүшелері арқылы ата-анасын, ет жақындарын таниды, қарны ашқанын сезеді. Тек инстинкты түрде әрекет етеді.

Екінші, «естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы жаманды таниды» делінеді. Демек, енді нәресте көзбен көргенін қолмен ұстап, атын біліп, түрін түстеуге, дәмін көріп, түйсінуге тырысады. Ата-анасы, туыстарынан өзге адамдардың бар екенін түсінеді. Өсе келе әсем табиғаттың әрбір бөлшегін, өзі үшін жұмбақ дүниелерді танып білуге тырысады. Осының бәрін танып білуге әрине оған маңайындағылар көмектеседі.

Яғни, «...жаманды, жақсыны таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады»,- дейді Хакім Абай.

Білімді болатын бала мектеп қабырғасына келгеннен бастап бәрін танып-білуге тырысып, кітап деген асыл қазынаға көзі тоймай, білім бұлағының мөлдір нәріне қанбай шөлдеп оны құмарлана жұта береді, жұта береді.

Ал, әлемнің құпиясы мен тылсым беттерін танып, өмірдің мәнін тұщынуға тырыспайтын, немесе тек «қарыны тоқтық», «уайымы жоқтықты» көздейтін адамдар қаншама. Олар туралы Абай есті сөздерді есіткенде «шайқақтап, шалықтап не салбырап, салғырттанып естісе, не... ұғайын деп тұшынбаса, не ...шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?» дейді. Олардың барлығы сәби кезінде «естіп, көріп, ұстап, татып ескеруге» ұмтылмады ма? Ұмтылған болса, неге білуге құштарлығы тоқтады. Бұған кім, не кінәлі?..

Енді, есті, білімді болуды қалай жүзеге асыратынымызды зерделесек. Жақсы мен жаманды ажыратып есті өмір сүруді түсіну бар да, соны жүзеге асыру бар.

Ол үшін білімді болуға ниеттеніп, көп оқып, іздену керек. Дұрыс жолды таңдап, үлкендерді тыңдап, ойы мен сөзінің құнары бар тұлғалардың насихатына құлақ түріп, көңілге тоқу керек.

Екіншіден, айтылған бағыттардан танбау үшін шыдамдылық пен жігер, күш керек. Тек рухы мықты адам ғана білім шыңына жетіп, құпиялар сыры мен жаңалықтарды аша алады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» демекші, Абай, Дінмұхамед аталарымыз қамын жеген қазақ еліміздің болашағы күңгірттенбесін десек, барынша білім жинап, есті жолмен жүруге тырысайық, достар!

337 сөз


11"Б"сынып оқушысы Тоқанова Шолпан

М.Мақатаевтың "Дариға -жүрек"шағын поэмасындағы

Дариға-жүрек кім?

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың кез-келген өлеңін оқыған адам, өзін екрекше сезініп,өмірге басқаша көзбен қарайды. Ақынның жазылмаған сөзі, жырламаған тақырыбы жоқ шығар, сірә! Қай жырын алып қарасаңыз да ащы шындықты әдемі өлең өрнегімен өріп, жырлаған тақырыбына ерекше махаббатпен, шынайы көзқараспен қарап, сол тақырыпты терең ойдың түбіне тастап,зерттегені өлеңнің бірінші шумағын оқығанда- ақ көрініп тұрады. Мұқағали Мақатаевтың жазған жыр-шумақтарынан ақынның қиялы мен тіл байлығын ұштастырып , маңызы жоқ тақырыпқа жаңа бір өң бергені анық десем,артық айтқаным емес. Әсіресе "Дариға-жүрек шөлдеді"атты туындысы үлкен, қайталанбас әсер қалдырады.

Поэманың бас кейіпкері - жеңгесі. Поэмада сылдыр үні мен әдемілігі үйлесім тапқан қазақ әйелі туралы баяндалады. Менің ойымша, бұл жырда тау-тас пен әсем табиғаттың жырда өз орнын тапқанын білеміз. Бас кейіпкер Дариғаның сыңғыр қаққан үніне тек жан-жағындағы адамдар ғана емес, сонымен қатар биік тау,шыңда орналасқан құз, әсем табиғаттың да тамсана қарап, салған әніне қызыға тыңдайтыны баяндалады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі әйелдер ,әсіресе отағасынан айырылып, жесір атанған қазақ әйелдерінің мұңын қозғайды. Соғысқа кеткен ерін бар жанымен күтіп,қайтып келмейтінін білсе де, келерінен үміт үзбеген адал жар,аяулы ана орнына өз жеңгесін қою арқылы жесір әйел бейнесін айқын ашып көрсетеді.Бұрыннан "жетімін жылатпаған, жесірін ұзатпаған "дана халықпыз. Жолдасынан айырылған әйелдерді халқымыз әмеңгерлік жолмен, жолдасының ағасы я болмаса інісіне жар еткен. Сондағы тәрбие, мақсат, көрегендік: сол әйел бала-шағамен далада қаңғырып қалмауы, өз үйінен жыраққа ұзап кетпеуі, өсіп келе жатқан ұрпағымен қарым-қатынасының үзіліп кетпеуі, артынан сөздің ермеуін қатты қадағалаған.Қоғамда мұндай әйелдер туралы жаман пікір қалыптасқан.,алайда сол жалғыз ананың бүкіл үй қызметін жасап ,жұмысқа да барып, балаға дұрыс тәрбие беріп, оларды ел азаматы болуы үшін жетілдіріп,өсіріп жүргенін біріміз білсек, енді біріміз бұдан мүлдем бейхабармыз. Бір сәт ойланар болсақ,жалғызбасты аналарға арнайы жәрдемақы жоқ,бірақ арнайы заңдарға жүгінер болсақ сұраққа жауап табуымызға болады. Иә, бүгінгі күнмен кешегі ақын Мұқағали жырлаған заманды салыстыруға келмейді,алайда жүрек түкпірінде бір қайғы, бір өкініш, бір ыза! Маңызды мұндай тақырыпты көтерген Мұқағали Мақатаев туралы Әбіш Кекілбаев :"Мұқағали -қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол-шын мәніндегі ұлттық құбылыс"-деп өз пікірін білдіреді.

Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,

Сол екен -менің періште жырым, мұратым

Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын,

Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын,- деп,сол бір жесір әйелдің өзінің ақын болуына бір септігі тигенін поэма соңында айтып өтеді.

Ойымды қорытындылай келе айтарым, әрбір әйел-ана, елдің іргесі, отбасының ұйытқысы.Ал іргені қалай берік ұстасақ, ол одан да мықты бола түспек. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аяулы аналарымыз аман болғай!

385 сөз

Рахметуллақызы Айсұлу 11 «Ә»

М.Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипаты мен сал-серілер өлеңіндегіқыз бейнесін салыстыра талдап жазыңыз

«Қыз» деген атаудың өзі өте әсерлі, өте нәзік. Құдіреті күшті Аллах Тағаланың ерекше ғып жаратқан бір бейнесі ол - әйел заты. Қыз – ол қарындас, сіңлі, әпке және болашақ ана. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетіп, мейірімге бөлеп отыратын жан. Аналарымыз пайғамбар бола алмаса да, пайғамбарлар мен кейбір ғұламаларды дүниеге әкеліп жатқан батыр аналарымыз. Міне, осы нәзік «қыздарымыз» атақты ақындардың қаламынан шыққан туындыда өз орнын тауып отыр. М.Мөңкеұлының сұлулық туралы өлеңдері өте әсерлі. «Қыз» деген өлеңінде жаны таза, ақылы дана, сырт пішіні көркем қыз бейнесін жасайды.

Бұраңдап ақ моншақтай керілген қыз

Өздырдың салтанатты еліңнен, қыз

Сәулесі ақ жүзіңнің жерге түссе,

Реңің сары алтындай көрінген қыз.

Бұлаңда дәурен өтпей басыңнан, қыз,

Лебізің, сөзің-шырын, маржан-тісің,

Кеткісіз келген адам қасыңнан, қыз.

Ақын ағаның осы орайда айтқан лебізіне менде бір қыз туралы ой қоссам, қыз-көктемнің жайма шуақ күнінде қырда жайқалып әлдебір әлемнің әсемдігін паш ететұғын түбіне қарасаң ,түпсіз тұңғиық гүл іспеттес.

Ақын ағаларымыз сұлулықтың бейнесін қыз деп біліп, оларды өз қара өлеңдеріне қосып жатса, сол заманға атақты сал-серілеріміз ән-жырына арқау етіп, сүйіспеншілік жырларында кіршіксіз махаббат пен сұлулықты әспеттейді. Біржанның «Ләйлім шырақ» өлеңінің өзі былай басталады:

«Ләйлім шырақ дегенде, Ләйлім шырақ,

Таудан аққан сылдырап ән бір бұлақ ... .»

Қандай әдемі сурет! Сұлу қыздың портреті, мінезі көз алдыңа келеді. Әнге салмай-ақ, өлеңнің өзінен әуен төгіліп тұр. Ақынның өткір тілі, нанымды байлауы, «Ләйлім шырақ» деп қызға қарата айтқан сөздің өзінен сезіледі. Бұл өлеңдегі жарықсыз қыздың түрін көрген ақын-әнші жүрегі әннің қайырмасына келгенде баяулап, дыбыстар еркеленіп шығады. Бұл ән табиғатында сыпайылықта, нәзік сезім де, қыз келбетіне қызығушылық та бар. Өз сезімдерін астарлап әдемі ән шумақтары арқылы жеткізген Біржанның қыздарға деген сыпайылығы өте басым келген.

Жалпы, қай ақынның шығармасын ашып қарасақ та, аяулы аналарымызға, нәзік жанды қыздарымызға, сұлулыққа арналған туындыларды оқып жатамыз. Сол, себепті де, менің ойымша, Мұрат ақынның да, сал-серілердіңде «қыз» тақырыбындағы өлеңдері өте әсерлі, сұлулық пен сүйіспеншілікке толы. Бұл жерде бірақ нәрсе айтуға болады, ол-әркімнің жазу және жеткізу стилі әр түрлі.

Қыздың жаратылысы кең дүниенің нәзіктігінен тұрса дағы, жауырыны жерге тимеген батырдың да, ел басқаратын елбасының да артында өз бойындағы жергілікті тарту ететін керемет қайсарлыққа ие.

Қорытындылай келе, қыздарымыз жайлы:

Жетіп қолы құлпырған қырмызыдай,

Десек керек болса егер хор қызындай.

Көркіне көз тоймаған қайран сәт,

Қалмайтын жігіт біткен бір қызынбай.

Біздің қазақ қыздары осындай-ды

Жалғандыққа ешқашан бас ұрмайды,

Жотасында қос бұрым белге түскен,

Сұлу қалпын ашпас жасырмайды.

385 сөз


Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицей

11 «А» сынып оқушысы Абдуалиева Назерке

Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігі

Кім де кім, әділдік пен жақсылық үшін отқа түсуден

қорықпаса, онда ол батыр, яғни батырлық, ерлік осында жатыр.

Аристотель

Мен Абай Құнанбаевты суреткер ақын ретінде есімді танығалы бері білемін. Оның білімге, ғылымға жетелейтін өлеңдерімен сусындап келемін. Бертін келе, оның басқа шығармаларымен таныса отырып, батыстың ақындары мен философтарының еңбектеріне ден қойып, оқығанын білдім. Оған дәлел сөз – өз сөзі. Яғни «Шығысым - батыс боп кетті»- деуі. Шығыс классиктері:Фирдоуси, Науаи, Низами өз дастандарында, шығармаларында атақты грек қолбасшысы Александр Македонский туралы аңыздарды арқау еткен, мадақтаған. Дрэпер әйгілі философ Аристотелді мақтаса, Абай Аристотель даналығына, ақыл сөзіне сүйсінеді.Олай болса, «Ескендір» поэмасы-Абай поэмасының ішіндегі ең елеулісі, ақынның гуманистік ой-пікірлерін тереңірек танытатын шығармасы. Поэманың басты кейіпкері Ескендір-Шығыс елдеріне Ескендір Зұлқарнайын деген атпен тараса, Еуропаға Александр Македонский деген атпен тараған, белгілі қолбасшы жайлы аңыздар негізіне, жырларға кейіпкер болған патша.

Жоғарыда айтып өткенімдей, шығыс ақындары Ескендір образын ақылды, батыр деп ардақтап көрсеткен.Ал, Абай «Ескендір» дастанына ұстазы Аристотельді, Ескендірдің әкесі мен тұрған жерін, патшалығын қосып, өзінше жырлайды. Ақын поэманы Ескендірді мақтаншақ, қызғаншақ адам ретінде таныстырудан бастайды.Әрі қарай қанішер, қанағатты білмейтін адам ретінде сынайды.Елсіз шөлге жеткен кездегі әрекеттерінен қолбасшының мейірімсіз,қатыгез мінездерін анық байқауға болады.Ескендір тоқтау көрмей өскен, нәпсісін ешқашан жеңе алған емес. Қақпаны аша алмаған кезде ол ашуға ерік беріп, сабырлы бола алмайтынын көрсетеді. Меніңше, осы жаман қасиеттер қолбасшының әлсіздігінің анық дәлелі деп ойлаймын. Себебі, өз ішкі сезімдеріңді дер кезінде ақылға жеңдіріп, дұрыс шешім қабылдау - үлкен парасаттылықты қажет етеді.

Абайдың бұл шығармасы неміс романтикалық әдебиетінің көрнекті ақыны болған Альберт Фон Шамиссодан1844 жылыаударған В.А.Жуковский түпнұсқасына ұқсас болып келеді.Ақын Ескендірдің өмірбаяндық деректерін дәл келтіреді де, оның дүние жүзін жаулап алмақ болған шапқыншылық саясатын сынауға ауысады. Соған орай поэмаға жас кезінде тәрбиешісі болған ұлы философ – гуманист Аристотельді кіргізеді. Әңгімеде жауыздыққа жетелейтін тойымсыздық екенін көрсете келіп, әділдік, даналықты соған қарсы қояды.Қақпа мен адамның көз сүйегін символ ретінде алады да, ол жұмбақтарды ақылға шештіреді.

Аристотельдің даналық сөзі қанағатсыз Ескендірге ой салады, ол алған бетінен қайтады. Сөйтіп, ақын Аристотельге Ескендірді бағындырып, жауыздықты әділетке жеңгізеді. Поэмада аңыз сюжеті сақталғанмен, ақын оны өмір шындығына жақындатып, реалистік негізде баяндайды. Уақиға әділдік пен жауыздықтың бетпе-бет кездесуіне түйіседі де, іс-әрекеті біртіндеп ашылады. Поэманың бас кейіпкері Ескендір шығармадағы оқиға арқауы болып, оның өн бойында көрініп отырады.

334 сөз

72 жалпы орта мектеп



қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Нарбек Клара Әріпбайқызы

Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы: «Бәріміз де пендеміз ғой ... Бір-бірімізді сөге жамандамай, жақсы көңілмен еске алатын болайық» - деген түйін сөзге әкелген қандай құндылық?

Тағдыр дегеніміз не? Қазақта "пешене” деген ұғым бар. Пешенеңе не жазылса, соны көресің демекші, тағдыр атты жазмыштың пендесінің маңдайына жазар азды-көпті теперішін көру. Жазушы Қабдеш Жұмаділов осы романы арқылы сонау ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы шекара сыртында қалған қазақтардың ауыр да, оқшау тағдырын көрсетуді мақсат еткен. Әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты, патшалық Ресей мен Цин империясы Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап, шекара сызығы арқылы кең жазира даланы, асқар биік тауларды ғана бөліп қойған жоқ, осы өлкені мекен еткен адамдардың, халықтардың тағдырын қақ жарып өтті десе де болады. Екі алып империяның ортасында өмір сүрген аз санды көшпенді қазақ халқының ауыр тағдыры, іргесі іріп, қанаты қайырылып, қабырғасы сөгілген сергелдең жұрттың шылбыр үзіп шыға алмастай шекара шеңберіне түсуі, ел ішіндегі жағдай, қазақ жеріндегі ел басқару ісіндегі итке тастаған сүйектей үкірдайлыққа таласып, маңдайына басқан азаматы Демежанның түбіне жетуі, қазақ пен қытай арасындағы қарым-қатынастар, бүкіл бір қауым елдің етекке толған көз жасы, қайғы-зар, бір күндік қуаныш тойы осы шекара шеңберінің ішінде өтеді. «Тағдыр» романынан тек шекара бөлінісін ғана емес, тұтас ұлт тағдырының сергелдеңге түскенін көреміз.

Сол бір зұлмат заманда екі алып империяның өз дегендеріне жету үшін сайын даланың қойдай жуас халқына ішінара іріткі салып, бір-біріне жауластырып жасамаған қиянаты қалмаған. Қазақ ұлтына жасалған бұл қиянаттардың барлығында өткен ғасырлардың еншісінде қалдырып, өкпе-ренішті ұмытып, өткенге кек сақтамай, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырызда бір-бірімізді сыйлап, қадір-қасиетімізді арттырып, жақсылыққа жасалған игі істерді ғана еске алу қазақ сияқты кең пейілді халықтың ғана қолынан келетіндігінің өзін құндылық деп білемін.Мына жарық дүниеге адамзат баласы жылап келіп,  жылап кетіп жататыны да барша жұртқа аян. Бұл өмірге адамның қонақ екенін терең түйсінген қырдың көшпелі қазағы табиғи таза­лығын,  кәусар бұлақтай мөлдірлігін, адами келбетін сақтап қалғысы келеді.Әр мемлекет өзінің территориясын айқындап, шекара бағандарын орнату кезінде жергілікті халық тарапынан үлкен наразылық туады, бірақ ол көтеріліске ұлғаймайды. Бұл да біздің мінез ерекшелігіміздегі қазақилығымыз. "Қонып бір өтер сай үшін,  арам өлер тай үшін” бет жыртыспауға үндеген, жаны жайсаң, жүрегі мәрт жұрттың шынайылығы.Романның бас қаһарманы Демежанның қиянатшыл, әділетсіз Маншың өкіметінің зорлығына қарсы төңкеріс жасап, көтеріліске шықпаса да, әділетсіздікпен күресудің өзге амалын табуында. Ол халқының ауыз-бірлігін, елдігін сақтап қалу жолында тер төгеді. Сонау жаугершілік заманда Абылай ханда қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық жағдайы үшін Қытай мен Ресейдей екі алып империямен достық қарым-қатынас орнатқан болатын.

Бүгінгі заманның сарабдал саясаткері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жер бетіндегі бүкіл әлеммен достықты нығайтып, «Мәңгілік Ел» атануы да соның жалғасы іспеттес.

Қазақ қаншама тағдыр-талайын басынан өткергеніне қарамай, көшпелі қазақ өміріндегі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан ешқашан жаңылған емес. Бұл да біздің ұлтымыздың мәрттігі, өзгеге ұқсай бермейтін тектілігі деп білемін. Жазушымыз сол тектілікті, мәрттікті күні бүгінге дейін насихаттаудан, жазудан жалықпай келеді. Мынау пәни жалғанда жұмыр басты пенденің өзінің бойындағы арам пиғылы мен ықыласынан туындайтын арсыз қасиеттерін тежеп, өз іс-әрекетіне есеп беріп отырса, зұлымдық қайдан келеді?Қазіргі таңдағы жаһандану заманында бірінші кезекке материалдық жағдайды қойып,  руханият әлемі  кейінге ысырылуы, адамзат бойындағы рухани құндылықтың төмендеуін көрсетеді.Өмір құбылыстарындағы сәулелі сезім мен саналы парасаттылық ұялаған ішкі-сыртқы үйлесімділік – тек қана қара­пайымдылық пен табиғилық ұғымдарымен ұлттық болмыстың, табиғаттың ұлы жаратылыс заңына, адам мен адамның, адам мен қоғамның, адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділіктің сақталуында жатыр.

497 сөз


72 жалпы орта мектеп

Қазақ тілі пәні мұғалімі Умралиева Г.

Астана-Тәуелсіздіктің жемісі

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

Әр адамда өз анасынан басқа да

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері-түп қазығы, айбыны,

Туған тілі-сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт-санасы-тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және туған тарихы, еске алуға қаншама

Ауыр, әрі қасіретті болса да...

Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес-күрестердің ұлысы!

М.Шаханов

... Қайран, қазақ елім... Осы елімнің тамырын тереңге жайған тарихына көз жіберер болсам, санамды түрлі ой тұңғиығы билейді, көкейіме талай сұрақтар келіп, сансыз жауаптардың мазамды алары хақ. Мысалы, «Біз кімбіз?», «Қай жерді мекен еттік?», «Не үшін өмір сүріп жатырмыз?», «Бостандық және тәуелсіздік деген не?», т.б. Меніңше, тәуелсіз болу- өз тағдырыңа жауап беру деген сөз. Ал «бостандық» сөзін халық билігі, теңдік, құқық, әділдік, еркіндік деп білемін. Демек, тәуелсіздік- ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні- ең қастерлі де, құдіретті күн. Біз өр Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен сақтардан қалған сарқытпыз, ғұндардан қалған жұрнақпыз, үйсіндердің жүріп өткен ізіміз. Біз- қазақпыз! Ал әр қазақ- өз елінде, өз жерінде бақытты болу үшін, бостандықтың боданын сезіну үшін өмір сүруге міндетті деп ойлаймын. Биылғы жыл- қазақ халқы, мемлекетіміз үшін ең мерейлі жыл. Ғасырға бергісіз тәуелсіздігіміздің 25 жылға толуы- барша қазақтың арман-тілегі еді... Міне, тәуелсіздігіміздің 25 жылдық қарсаңында, артқа қарап, жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді сілкіндіретін сырға, мұңға толы тарихи парақтарын қайта ақтарып, қарар болсақ, тәуелсіздікке оңай жолмен келмегендігіміздің сырға толы жылдарының да бірнеше сыр шертетіндігі байқалады. Тек қана сол күндердің куәсі ретінде кең дала, заңғар-заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер мен кесенелер тілсіз қарап қалғандай... Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама», отызыншы жылдардағы ашаршылық, отыз жетінші жылдардағы нәубет, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, кешегіндегі желтоқсан оқиғасы - барлығы тәуелсіздігіміздің құны іспеттес емес пе?!

Тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңші?! «Бостандық» деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама батырлар мен ер азаматтар мерт болды. Негізінде, бұл арпалыс бір күнде, бір уақытта, бір жылда емес, талай ғасырларға созылған. Осындай қанды арпалысты күндерді біз жай ғана «тарих» деп атай саламыз. Ал сол тарихтың іші нешеме жас пен қанның, жан пиданың демімен, батырлардың, елім деп еңіреген ерлердің елеулі егесімен толы екенін жан-тәнімен ұққан пенде бар ма екен?! Олар тәуелсіздігіміздің жолында бар күшін салып, жанын құрбан етті емес пе?! Міне, осындай рухы күшті елдің - алынбайтын қамалында тәуелсіздікке қол жеткізіп, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Осы кезеңде не тындырдық? Жиырма бес жылда жеткен жетістігіміз қандай? 1991 жылы еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылдары. Сол уақыттан бері, міне, жиырма бес жыл да өте шықты. Қазіргі таңда Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Әр қазақтың азаматы өз елімен, жерімен мақтанады деген ойдамын. Осы жылы 16 желтоқсанда ҚР-ның мемлекеттік саяси тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды. Бұл-қазақ халқы үшін ұлы күн. Барлық халықтың достығының еңбегінің нәтижесі. Соның бірі-Астана. Аздаған уақыт ішінде көркейіп, түрленіп, гүлденген тәуелсіздіктің түлегі, Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздіктің жемісі. Әрі, астанамыз-Астана қаласы. Бұл қала өз әсемдігімен, көріктігімен жылдан-жылға көркеюде... Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаншама қиыншылықтарға қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енді.

Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы Қазақстандықтар үшін айрықша оқиға. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбектену, оқу оқып, білім игеру, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын бекіту, ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуды ең басты міндетіміз деп білемін.

Ұлан-байтақ жері бар, сабырлы да еркін халқы бар үлкен мемлекеттің өзгеге ұқсамайтын тарихы, қалыптасуы мен дамуы да ерекше болды. Ата-бабамыздан қалған осыншама жерді игеріп, дербес мемлекет ретінде дамып жатқан еркін елміз.

Бүгінгі Қазақстан- әлемдік сахнадан өз орнын ойып алған, Азия мен Европаны мойындата білген өжет елдің мекені. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі-еркіндік! Тәуелсіздік-бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз-Қазақстанның болашығы, оның мүмкіндігі мен мақсаттары. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда біздің елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз үлесін тигізуде.

Қазақстан қасиетті үғым бұл,

Ей, келешек, жан тәніңмен ұғын, біл.

Он бір әріп не мағына береді,

Ал толғайын жеткенінше қызыл тіл...

Тәуелсіздік білдіреді: теңдікті, әдептілік, әлдікті, уайымсыз уақытты, егемендік елдікті, дейді лағыл лепірме, сенімділік секілді ең, ілтипат пен ізет қой, зиялылық тілек қой. Шақырады достыққа, дейді күн боп көктегі, көз алартпа, көршілерге қол сұқпа!

Қорыта келе, Қазақстан бүгінде егеменді ел болып, дүниежүзіне танылуда. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз- ұлттық рәміздерімізді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетті өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу. Тәуелсіздік туын тігуде қаншалықты қажыр-қайрат кеткен болса, соншалықты сақтап қалуға міндеттіміз. Себебі, асқақ арманға қол созып, бүгінгі бейбіт уақытты көре алмай кеткен асылдар қаншама?! Тәуелсіздікті алған соң елім елдігін көрсетіп, ерлігін танытты. Намысты ту еткен осынау нұрлы күндерге де жеттік-ау!..

Алдымызда, жүзге жуық елдің басын қосатын халықаралық көрме - «ЭКСПО-2017». Осылайша өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Елбасымыз бекіткен жаңа экономикалық бағамда бағдарламалар, оның бағыттары мен нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық!

731сөз

56 жалпы орта мектеп




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет