Тәлім алушым барлық сабағының соңында бағалау парақтарын таратып беріп отырды, «екі жұлдыз, бір тілек» арқылы оқушылардың өткен сабақ туралы пікірлерімен танысып отырды. Сабақ толығымен бейнежазбаға түсірілді. Кері байланыста оқушылар «маған мына сабақ ұнады», « сабақ өте жақсы өтті», «мен мына сабаққа бес қоямын» деген пікірлерін жазып қалдырыпты. Мұғалім екеуімізді қуантқан тағы бір жағдай – ол балалардың өз ойларын қазақ тілінде жазғандары, себебі мұғалім егер өз ойларыңды қазақша жаза алмасаңдар, орыс тілінде де болады деген. Блум таксономиясына негізделген сабақ үлгісін жасауда тәлім алушым екеуіміз балалар жоғары дәрежелі сұрақтарға жауап бере ала ма екен деп көп ойландық, алайда бейнежазбада көрсетілгендей, оқушылардың алғашқы талпыныстары тіпті жаман емес, бұл – қуантарлық жайт. Блум таксономиясының алты кезеңіне «Денсаулық елінде» мәтіні бойынша мұғалім екеуміз келесі сұрақтарды дайындадық:
1.Білу – Әңгіме кім туралы? Не болды? Мәтіннің мазмұнын айтып бер.
2 Түсіну – әңгіменің ең қызықты жерін ата. Неге қызық?
3.Қолдану – Сіз Әсеттің орнында болсаңыз не істер едіңіз?
4.Талдау – Әсет қандай бала? Нәркез қандай қыз?
5.Жинақтау – Әңгіменің қалай аяқталғанын қалар едіңіз? Ол үшін не істер едіңіз?
6.Бағалау – « Денсаулық еліне» Әсет неге кіре алмады? Нәркез неліктен кірді? Нәркез Әсеттен несімен ерекшеленеді?
Бақылауға алынған оқушым – Айнара мәтіннің мазмұнын айтты. Айту барысында ол мәтінді оқыған күйінде еш өзгеріссіз мазмұндап берді. Айнара- үздік оқушы, дегенмен ойлаудың төмен деңгейлі сұрағына жауап берді. Бұл мұғалімнің жіберген қатесі, ол туралы әріптесіммен сөйлесіп, қабілеті жоғары оқушыларға ашық сұрақтар төңірегінде талдау жасатуды ұсындым. «Сабақты жоспарлау кезінде жеңіл сұрақтарды деңгейі төмен оқушыларға беруге тырыс деп айтқансыз, мен ұмытып кеттім, дегенмен мәтін мазмұнын айту оқушылар үшін жеңіл тапсырма емес екенін тәлім алушым атап өтті. Шындығында, аз уақыт ішінде мәтін мазмұнын қазақ тілінде айтып беру орыс мектебіндегі оқушылар үшін оңай тапсырма еместігіне менің келісуіме тура келді.
Екпінді оқушы – Әлішер «Нәркез Әсеттен несімен ерекшеленеді?» деген сұраққа: Нәркез Әсеттен таза болып тұр, - деп жауап берді. Ал үшінші нашар оқушы Анель «Неге қызық?» деген сұраққа: Себебі ғажайып қақпаға кез болады және Нәркезді ешбір кедергісіз кіргізеді, ал Әсетті кіргізбейді,- деп жауап берді.
Достарыңызбен бөлісу: |