Сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерін қолдану арқылы оқушылардың ынтасын арттыру
Мустафина Бакитгуль Амангалиевна
Ақтөбе қаласы
№ 9 орта мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Күнделікті сабақта оқушының сөйлесім, айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым және тілдесім әрекеттерін қалыптастыру үшін, бала сын тұрғысынан ойлай білу қажет. Диалог арқылы оқушының сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын байытуда сын тұрғысынан ойлау әдістері тиімді әрі баланың пәнге деген қызығушылығы мен ынтасы артады. Көбінесе орыс мектебінде қазақ тілін оқитын оқушылар басқа пәндерден үлгерімі үздік немесе жақсы болғанымен, қазақ тілінен нашар болып жатады, яғни сауатты жаза біледі, үйден жаттап келгенін айтып береді, бірақ сабақ үстінде кездейсоқ берілген сұрақтарға жауап бере алмайды, сұхбат жүргізе алмайды, алған білімін өмірмен байланыстыра алмайды, бір сөзбен айтқанда, автоматты түрде баға үшін жаттап алады. Алған білімін қоғамдық ортада қолданбайды. Ал Джон Дьюи атап көрсеткендей, «оқушылардың ойлау дағдысын қалыптастыруда білім беру бағдарламасын оқушылар үшін ғана емес, қоғам үшін және барлық демократиялық құрылыс үшін тиімді болуына бағыттау керек екендігін мойындатты». Міне, сондықтан да сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерін сабақта жүйелі қолдана отырып, мен және менімен болашақта тығыз жұмыс жасайтын ұстаздар , нұсқаулықта көрсетілгендей – еркін, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыра аламыз деп сенемін.
Эдвард Глейзер (1941) сын тұрғысынан ойлау қабілеттілігі үш элементтен тұратындығын болжап берді:
1.Проблемалар мен мәселелерді шешу кезінде өзінің тәжірибесін қалыптастыру өрісіне кіретін ойлау үдерісін жүзеге асыру.
2.Логикалық зерттеу мен ой жүгірту әдістерін білу.
3.Осы әдістерді қолданудағы тәжірибелік дағдылар.
Осыған байланысты оқушылар логикалық ойлау дағдыларын дамыту арқылы қазақ тілінде алған білімдерін өмірде орынды қолдана алуға дағдыланады.
Блум таксономиясы арқылы оқытудың танымдық, эмоционалдық және психомоторлық саласына бірдей назар аударуға болады. 20 жылдық тәжірбиеме көз салып қарасам, мен көбінесе үздік бағаларды төмен дәрежедегі сұрақтардың жауабына қойып келіппін. Оқулықта берілген мағлұматтар аясынан шықпаппын. Мүмкін содан да болар, бала қазақ тілінде еркін сөйлей алмауы.
Топта жұмыс істей отырып, оқушылар бір-бірімен ой бөліседі, пікірлерін тыңдайды. Диалог арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамытуда мұғалім мен оқушы бірлесіп іс-әрекет жасап қана қоймайды, сонымен қатар оқушының жоғары деңгейдегі ойлау қабілеттерін дамытуға және зияткерлік қырларының жетілуіне ықпалын тигізеді. Неғұрлым оқушы оқушымен немесе мұғаліммен тілдесімге көп қатысса, соғұрлым оның тіл байлығы да дамиды, ынтасы да артады.
Александердің (2001,2008) Диалогтік оқыту теориясына сәйкес, мұғалімдер білім мен зерттеу үдерістерін басқармай, бағыттап отыру үшін өздерінің рөлдерін қайта қарастыруы керек. (Нұсқаулық. 46-бет) Сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістері (Джиксо, инсерт, ассоциация, блум таксономиясы т.б.) осы бағытта жұмыс түрлерін ұйымдастыруға сәйкес келеді. Туындаған сұрақтарға немесе жаңа тақырыпты дайын күйінде ұсынбай, проблеманы шешу жолында мұғалім мен оқушы зерттеу жұмыстарын бірлесе отырып жүргізеді.
Мерсер анықтаған әңгіменің үш түрін (әңгіме-дебат, кумулятивтік-әңгіме, зерттеушілік-әңгіме) сабақта жүйелі қолдану оқушылардың ойлау қабілетін өрістетіп қана қоймай, сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін дамытуға жағдай жасайды. Оқушылардың бір-бірімен қазақ тілінде диалогтік әрекетке түспеуінің тағы бір себебі – оның дұрыс жауап бере алмаймын, сөйлемді дұрыс құрастыра алмаймын деген қорқынышы. Ал сын тұрғысынан ойлауға дағдыланған бала бірден дұрыс жауаптарды іздеудің орнына сұрақтар қойып, өзінің қатесін өзі түзетіп, диологқа ашық болады. Сын тұрғысынан ойлауға дағдыланған бала өзінің орындаған жұмысына баға берумен қатар, не үйренгені туралы, не білетіні туралы ойтолғаныс жасай алады, бір қорытындыға келеді. Дьюи «Біз қалай ойлаймыз?» деген кітабында рефлексивтік ойды шешуге жататын мәселелерді зияткерлендіру тұрғысынан қарастыра отырып, идеялар мен болжамдарды дамытып, практикалық жағдаяттардың зерттеулеріне бастама жасап және іске асыра отырып оқытуға ықпал ететінін көрсетеді. (Нұсқаулық. 47-бет) Баланың не үйренгені туралы білу үшін сын тұрғысының әдістерін (мыс.:синквейн, ББҮ, вен диаграммасы, кубизм т.б.) қолдануға болады.
Ендеше, сын тұрғысы технологисының әдістерін қолдана отырып, мен оқушылардың қазақ тіліне деген ынтасын арттыра аламын ба?
Сын тұрғысы әдістері баланың қазақ тілінде сауатты сөйлеуіне ықпал ете ме?
Ол үшін мен әдістерді қалай қолдануым керек?
Осы сұрақтарға жауап беру үшін бірінші соңғысынан бастайық. Осыған дейін мен сын тұрғысынан ойлаудың элементтерін ғана сабағымда қолданыппын, оны да жүйелі түрде емес. ІІ деңгей бағдарламасымен танысқаннан кейін, менің қолданып жүрген әдістерімнің дұрыс еместігіне көзім жетті. Олай дейтінім, сын тұрғысынан ойлау әдісін сабақта жүйелі қолдану арқылы ғана белгілі нәтижеге жетесің. Ол топтық жұмыстан басталады, яғни әр сабағыңды топқа бөлуден бастайсың, сын тұрғысынан ойлау дағдылары: қадағалау, интерпретация, талдау, қорытынды жасау, бағалау, түсіндіру, метатануды қалыптастыратын жағдайларды сабағыңда қолданасың.
Сын тұрғысы технологиясының әдістерін қолдана отырып, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыра аламын. Оған дәлел ретінде тәлім алушымның өткізіп жатқан сабақтарын айта аламын. Бала әр кез білмейтін нәрсесін білуге құмар болып тұрады, сондықтан ұстаз ретінде біздің міндетіміз – білуге құмар баланың бойындағы қызығушылықты жоғалтып алмай, дұрыс шешім табатын жолға бағыт-бағдар беріп тұруымыз қажет.
Сын тұрғысынан ойлау әдістерін жүйелі түрде дұрыс қолдану арқылы баланың қазақ тілінде сауатты сөйлеу дағдыларын, сөздік қорының молаюын қалыптастыруға әбден мүмкіндік бар. Тек ол үшін мұғалім өзінің кәсібін шын сүйетін, ізденуден жалықпайтын, оқушыға қалай оқу керектігіне саналы түрде бағыт-бағдар бере алатын, заман талабына сай өзі де сын тұрғысынан ойлай білу керек деп ойлаймын.
Іс-тәжірибеге енгізілген өзгерістер және пайдаланылған деректер туралы есептер.
Жұмысымды әріптесімнің 5 «Б» класындағы дәстүрлі сабағына қатысудан бастадым. Сабақта байқағаным, оқушылардың жауаптары мұғалімнің қойған төмен дәрежелі сұрақтарымен шектеліп отырды. Оқушылар топқа,жұпқа бөлініп жұмыс істеген жоқ. Кейбір оқушы қойылған сұраққа жауап бермесе, мұғалім өзі жауап беріп тұрды. Сабаққа қатыспай отырған оқушы да болды. Сабақ бірсарындылықпен, көрнекіліксіз, дидактикалық құралсыз өтті. Оқушының қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс түрі өткізілген жоқ. Мәтіннің мазмұнын игеруде тек оқумен, аударумен және төмен дәрежелі сұрақтарға жауап берумен шектелді. Грамматикалық тапсырмаларды орындау барысында да бірсарындылық байқалды. Оқушылардың бойынан пәнге деген қызығушылықты, белсенділікті көре алмадым. Оқушы мен оқушы арасында диалог болған жоқ.
Осы сабақтан кейін оқушылардан сауалнама алдым. Сауалнама нәтижесіне қарап, үш оқушыны зерттеу нысаны ретінде таңдап алдым: Айнара, Әлішер және Анель. Оларды таңдап алған себебім, үшеуінің сабаққа деген ынтасы әр түрлі. Айнара – оқу үлгерімі жоғары, сабақта ылғи белсенділік танытып отырады,тиянақты, ұқыпты оқушы. Әлішер – оқуға деген ынтасы жақсы, достарының арасында сыйлы, өз тобында белсенділікті қолына алып, топ басшысы болуға талпыныс жасап отырады. Анель – сабақта жауап беруге тырысады, бірақ сөздік қорының жетіспеуінен өз ойын еркін жеткізе алмай қиналады, белсенділік танытпайды, мұғалім сұрамаса, үндемей отыра береді. Үшеуінің мінез-құлықтары да әр түрлі. Анель қойылған сұрақтың жауабын дұрыс болмаса да өз білгенін айтып қалып, үндемей қалмайды, яғни диалогқа ашық. Әлішер білсе, жауап береді де, білмесе, өзінің жауабының дұрыстығына сенімді болмаса, үндемейді. Анель – сабақта белсенділік танытпайды, көзге түспеуге тырысады, мұғалім атын бірнеше рет атап тақтаға шақырғанда, әрең шығады, жауап беру үшін көп күтуге тура келеді, бірақ білуге ынтасы бар. Сыныптастарынан өзін алшақ ұстайды.
Тәлім алушым – Айгүл, жас мұғалім, еңбек өтілі – 10 жыл, осы кластың сынып жетекшісі, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, балалармен тіл табыса білетін ұстаз. Менің берген ұсыныстарыма жай ғана келісіп қоймай, өзі де мәселеге байланысты жаңа идеялар ұсынып отырды. Менен көрген жұмыс түрлерімен таныс емес екен. Бірлесіп сабақ жоспарын құруға, сабақты жаңаша өткізуге қуана келісті. Осы жерде менің айта кетейін деген бір ойым- сын тұрғысынан ойлау әдісі туралы. Мұғалімдерден жиі еститінім- орыс мектебінде қазақ тілі сабағында сын тұрғысын ойлау әдістерін қолдану өте қиын, оқушылардың сөйлеуге тіл байлығы жетіспейді, бағдарламадан қалып қоямыз деген пікірлер. Мен бұған келісемін, дегенмен тәлім алушымның беріп жатқан сабақтарынан байқағаным- баланың оқуға деген ынтасының артуы, білу үшін алға қарай талпыныс жасауы. Өзі ізденіп, сабақтың тақырыбын ашуы, бір-бірінің сөздерін тыңдауы, бір-біріне көмектесуі, тақырыпты өмірмен байланыстыра білуі. Егер қиын деп жүре берсек, бала сол сөйлей алмаған күйінде қала бермей ме? Сабақта талапты жоғарылатсақ, оқушының да білімі жоғарыламай ма?! Сондықтан уақытша қиындықтарды жеңе отырып, сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерін сабағымызда жүйелі, дұрыс қолдану арқылы баланы да сын тұрғысынан ойлануға,оқуға дағдыландыруға тәлім алушы екеуміз кірістік. Жоспар жасауда біздің алдымызда оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы мен ынтасын арттыра отырып, жаңа тақырыпты өзі игеруге қалай үйретеміз деген проблема тұрды. Олай дейтінім, осыған дейін өткен сабақтарда мәтіннің мазмұнын айтуды үй тапсырмасы етіп беретінбіз, енді оны оқушы аз уақыт ішінде игеріп, класта айту керек. Сондықтан тәлім алушым екеуміз сабақ жоспарына өзгеріс енгіздік. Бірінші сабақты тренингтен бастап, класты үш топқа бөлді, топ ережесін оқушылармен бірлесіп шығарды.
Ережені жасауда балалар белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісіп жатты. Топқа бөлгенде, үй тапсырмасы сұралып кетті, яғни адам туралы мақал-мәтел арқылы топқа бөлді. «Адам» сөзіне ассоциация жасап, өткен тақырыпты жаңа тақырыппен байланыстырды. «Джиксо» әдісі арқылы «» мәтінімен жұмыс жүргізілді. Балалар өздерінің тобына қайтып баруы керек болғанда, таңырқағандарын байқадым, бұндай әдіспен бірінші рет жұмыс істеп тұрғасын сәл абыржып қалғандары да байқалды. Осы сабақта балалардың түсінгендерін бір-біріне айтуға қысылып отырғандарын, ал кейбір оқушының мазмұнын тобына айтып беру үшін өзінің әлі дұрыс дайын еместігін байқадым. Мұғалім оқушы жауап беруге қиналған кезде, топтастарынан көмек сұрады. Алайда бірнеше оқушы бұл жұмыс түрін өте жақсы орындады. Мұғалім әр оқушы өзінің мүмкіндігінше ауызша жауап беріп болғаннан кейін, түсінгендерін жазбаша орындатып, дәптерлерін жинап алды. Осы әдісті жүйелі қолдансақ, бала сабақта ашылады, сыныптастарына білгенін айтып беруде қысылмайды деп ойлаймын. Ең бастысы оның сөйлесім әрекеті қалыптасады. «Синквейн» әдісі арқылы сөздік қорын молайтып қана қоймай, сөз таптарын да қайталап кетуге мүмкіндік бар.
Достарыңызбен бөлісу: |