Сыныбы: 7 Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы Тақырыбы



бет16/18
Дата31.07.2017
өлшемі2,68 Mb.
#22336
түріСабақ
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

Климаттық белдеулер. Африканың географиялық орнының ерекшелігіне сәйкес, экватордан басқа климаттық белдеулер екі реттен қайталанады.

Экваторлық белдеу Конго өзені алабының бойындағы бөлігін және Гвинея шығанағы жағалауы алып жатыр. Аумағы онша үлкен емес. Бұл белдеуге бүкіл жыл бойы ылғалды экваторлық ауа массалары әсер етеді. Ауа райы әдетте таңертең ашық болады, түске қарай жердің беті қатты қызуына байланысты ауа жоғары көтеріліп, бұлттар пайда болады.

Субэкваторлық белдеулер экваторлық белдеуден екі жарты шардың шамамен 20º ендіктеріне дейінгі аралықты, Мадагаскар аралының солтүстігін қамтиды. Оңтүстік субэкваторлық белдеудің батыс шекарасы Бенгал суық ағысының әсерінен солтүстікке қарай ығысқан. Субэкваторлық климаттың экватор климатынан басты айырмашылығы – жауын-шашын мөлшерінің аздау болуы және оның жыл мезгілдеріне қарай түсуінен байқалады.

Тропиктік белдеулер материктің екі тропиктік шеңбер үстіндегі бөлігін қамтиды. Солтүстік тропиктік климаттық белдеу батыстан шығысқа қарай өте енді және аса зор Еуразия материгі мен көршілес орналасқан. Бұл белдеуге осында қалыптасқан тропиктік континенттік ауа массалары мен Еуразия үстінен құрғақ, ыстық ауа әкелетін пассаттар әсер етеді. Сондықтан белдеуде Жер шарындағы ең ыстық, ең құрғақ, ең үлкен Сахара шөлі орналасқан. Мұнда күндіз ауаның орташа температурасы +40ºС және одан да жоғары көтеріледі. Құмның беті +70ºС-қа дейін қызады, керісінше түнде ауа мен жер беті тез суынады.

Субтропиктік белдеулер материктің солтүстік және оңтүстік шеткі бөліктерін қамтиды. Өтпелі белдеу болғандықтан мұнда жазада тропиктік, қыста қоңыржай ауа массалары әсер етеді. Солтүстік субтропиктік белдеу Жерорта теңізінің жағалауын алып жатыр. Температураның жыл мезгілдеріне қарай ауытқуы айқын байқалады.

Жаңа сабақты бекіту:

  1. Африка материгіне қандай климаттық белдеулер тән? Олардың орналасуының қандай ерекшеліктері бар?

  2. Оқулық мәтінін пайдаланып, әр климаттық белдеуге тән басты белгілерді ажыратыңдар.

  3. Солтүстік және оңтүстік жарты шардағы бірдей климаттық белдеулердің айырмашылықтарын анықтаңдар.

  4. Климаттық карталарды пайдалана отырып, оқулық соңындағы жоспар бойынша Мадагаскар аралының климатын сипаттаңдар.

Қорытынды: Қорыта келгенде, Африкада жыл бойы температураның жоғары болуы кофе, какао, құрма және майлы пальма сияқты бағалы тропиктік және цитрустар, шай, мақта тәрізді субтропиктік дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Материкте қоңыржай ендіктердің дақылдары да өсіріледі. Ылғал жетіспейтін аудандар қолдан суарылады.

Үйге тапсырма: §46-47 оқу. Кескін картаға Африканың климатын түсіріп келу.

Сыныбы: 7

Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы

Тақырыбы: Өзендері мен көлдері.

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларды Африка материгінің өзен көлдерімен таныстыра отырып, оқушылардың тіл байлықтарын сөздік қорын молайту.

2.Дамытушылық: Дамытуға, оқытуға негізделген шығармашылық қиялын, жүйелеу, ойлау қабілеттерін дамыту.

3. Тәрбиелік: Оқушыларды ұжымдылыққа, өз бетімен жұмыс жасай білуге үйрету және тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, баяндау, түсіндірмелі

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Африканың өзен-көлдер картасы, атлас карта, оқулық, қосымша материалдар.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Жаңа сабақты түсіндіру:

Өзендері. Африкадағы өзендер жүйесінің неғұрлым жиі таралғанжері – экватор маңы мен материктің оңтүстік-шығыс бөлігі. Шөлді аймақтарда өзендер өте аз. Керісінше кеуіп қалған арналар – уәдтер көп кездеседі. Олар сирек жауатын жаңбырлар кезінде ғана суға толады. Жер бедерінің шығысқа қарай көтеріңкі болуына байланысты өзендердің басым көпшілігі Атлант мұхитына құяды. Материк ауданының 1/3-і ішкі тұйық алапқа жатады. Африканың шығыс бөлігіндегі өзендер Үнді мұхиты алабына жатады.

Жер бедерінің көтеріңкі болуына және кристалды жыныстардың кең таралуына байланысты Африка өзендерінде шоңғалдар мен сарқырамалар көп кездеседі. Сондықтан өзен суларының гидроэнергетикалық қоры мол. Өзендердің барлығы дерлік жаңбыр суымен қоректенеді. Сондықтан экваторлық белдеу арқылы ағып өтетін өзендердің суы жыл бойы мол болады, ал басқа белдеулерде ылғалдың мөлшері мен түсу мерзіміне байланысты өзен деңгейлері ауытқып отырады.

Материктегі ірі өзен жүйелері Ніл, Конго (Заир), Нигер, Замбези өзендері жатады.

Африка өзендерінің көпшілігі шоңғалды-сарқырамалы болатындықтан гидроэнергетикалық қорларға өте бай. Климаты құрғақ аудандардан ағып өтетін өзендердің сулары егістіктерді суаруға кеңінен пайдаланылады. Осы мақсатта Нілдің бойында көптеген бөгендер салынған. Ірі өзендерде кеме қатынасы жолға қойылған. Жергілікті тұрғындар өзендерден балық аулаумен айналысады.

Көлдері. Африканың ірі көлдері барлығы дерлік Ұлы Шығыс Африка жарылыстарының бойында орналасқан. Сондықтан пішіндері көбінесе созылыңқы болып келеді. Көлдер өте терең, жан-жағын тік беткейлі, биік таулар қоршай орналасады. Көлдердің ең тереңі Таньганиканың ені 50-80 км, ал ұзындығы 650 км-ге жетеді. Африканың ең үлкен көлі – Виктория платформаның аздап төмен түсіп, майысқан жерінде орналасқан. Сондықтан бұл көл онша терең емес (ең терең жері 80м), жағалары жатық және өте күшті тілімденген. Виктория көлінің географиялық орнының ерекшелігіне байланысты көл бетінде күшті толқындар туғызатын қатты дауылдар болып тұрады. Эфиопия таулы қыратында лава тасқындарының өзен аңғарын бөгеуіненпайда болған Тана көлі бар, одан Көк Ніл ағып шығады.

Солтүстік Африкада ежелгі су айдындарының орнында сақталып қалған Чад көлі орналасқан. Оның суы таяз, тереңдігі 4-7 м ғана, ағынсыз көл болғандықтан суы тұзды. Субэкваторлық белдеудегі орнына байланысты көл аумағы жыл ішінде өзгеріп отырады. Жаңбырлы кезеңде көл ауданы екі есеге дейін ұлғаяды. Ал құрғақ кезеңде көл суы тартылып, батпақтанады, көл жағалауы тұз қабыршақтарымен жабылады.



Африка көлдерінің шаруашылық маңызы зор. Шығыстағы ірі көлдер кеме қатынасына пайдаланылады. Көлдер балықтарға өте бай. Солтүстік жарты шардан жылы жаққа ұшатын құстардың басым көпшілігі осы көлдерде қыстап шығады. Шығыс Африкадағы табиғаты көркем көл жағалауларында дүниенің түкпір-түкпірінен келетін туристер саны жыл сайын артуда.

Жер асты сулары. Өзендер сирек таралған құрғақ аудандарда жер асты суларының мол қоры жинақталған. Әсіресе Сахара, Судан, Калахариде жер асты тұщы суының мол қоры анықталған. Тұщы су деңгейі Жер бетіне жақын жатқан шөлді аймақтарда құрма пальмалары өсетін шұраттар көп таралған.

Жаңа сабақта бекіту:

  1. Африка өзендері қандай алаптарға жатады?

  2. Неге Африка жерінде ішкі тұйық алап көп бөлікті қамтиды?

  3. Материктегі өзен торларының таралуына жер бедері қалай әсер етеді, ол неден көрінеді?

  4. Көлдер неге Африканың шығысында шоғырланған?

  5. Картада Чад көлінің жағалауы неге үзік сызықтармен көрсетілген?

Қорытынды: Қорытындылай келе, бүгінгі сабақта Африка материгінің өзен көлдерімен таныстырдым.

Үйге тапсырма: §48-оқу. Кескін картаға өзендері мен көлдерін түсіріп келу.

Сыныбы: 7

Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы

Тақырыбы: Табиғат зоналары

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларға табиғат зоналарымен таныстыра отырып, негізгі ерекшеліктері мен маңызына тоқталып әр түрлі ұғымдар қалыптастыру.

2.Дамытушылық: Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын оята отырып, картамен жұмыс істеуге, өз бетімен шығармашылықпен шұғылдануын дағдыландыру.

3. Тәрбиелік: Оқушылар басқа мемлекеттердің табиғат зоналарымен таныса отырып, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту және бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, баяндау, түсіндірмелі

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Африканың картасы, атлас карта, оқулық, қосымша материалдар.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Жаңа сабақты түсіндіру:

Африканың табиғат зоналары экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай ендік бағытта ауысатын ылғалды экваторлық ормандар мен ауыспалы ылғалды ормандардан, саванналар мен сирек ормандардан, тропиктік шөл зонасы мен субтропиктік жерортатеңіздік ормандардан тұрады.

Ылғалды экватолрлық ормандар Конго қазаншұңқыры мен Гвинея шығанағы жағалауын алып жатыр. Бұл орман зонасы табиғат жағдайлары жөнінен Оңтүстік Америкадағы Амазония ормандарына ұқсайды. Биік ағаштар орманның ең жоғарғы қабатын құрайды. Мұнда биіктігі 80 м-ге жететін алып фикустар, сейба ағашы, майлы пальма мен шарап пальмасы – рафия, эбен және қауын ағашы өседі. Орманның банан, ағаш тәрізді папортник, либериялық кофе ағашы, лианалардан тұратын төменгі қабаты адам өте алмайтын қалың ну (джунгли) құрайды. Жануарлар дүниесі бай, Амазония ормандарынан басты айырмашылығ,ы мұнда жануарлар орманның төменгі қабатында да кездеседі. Ормандарда шашақ құлақ шошқа, ергежейлі бегемот, жираф тұқымдас окапи, ергежейлі антилопа, маймылдардан мартышка, шимпанзе, мандрил, павиан, адам тәріздес ең ірі горилла маймылы, жыртқыштардан қабылан, қауырсындары түрлі түсті, денелері ірі құстар мекендейді.

Ылғалды экваторлық ормандар жауын-шашынның азаюына байланысты біртіндеп ауыспалы ылғалды ормандарға, одан кейін саванналар мен сирек ормандарға ауысады.

Саванналар мен сирек ормандар Африка жерінің 40%-на жуығын алып жатыр. Ешбір материкте саванналар мұндай үлкен аудандарды алып жатқан жоқ. Африка саванналары жалпы көрінісі, тіршілік дүниесінің құрамы мен құрылымы жағынан да басқа материктердегі саванналарға ұқсамайды. Мұнда тығыз өскен биік шөптесін өсімдіктер арасында сирек ағаштар кездеседі. Саваннада топырақ-өсімдік жамылғысының таралуы жаңбырлы кезеңнің ұзақтығы мен мөлшеріне тікелей байланысты. Жаңбырлы кезеңде саванна түрленіп, қызу тіршілік ортасына айналады. Ал құрғақ кезең басталысымен-ақ өсімдіктер тез арада қурап, ағаштар жапырағын түсіреді. Бұл мезгілде саванна сүреңсіз сарғыш түске енеді.

Ылғалды кезең 8-9 айға созылып, жауын-шашын мол түсетін жерлерде қызыл ферралитті топырақтарда паркті саванналар таралған. Мұнда биіктігі 3 м-ге жететін піл шөбінің арасында алып баобабтар, дум пальмасы мен майлы пальма өседі. Жаңбырлы кезең 6 айға дейін созылатын жерлердегі қызыл-қоңыр топырақ жамылғысында онша биік емес шөптерден тұратын нағыз саванналар таралған. Шөптердің арасында қолшатыр тәрізді акациялар өседі. Шөлейт зонасына жақындаған сайын жаңбыр өте аз, әрі 2-3 ай ғана түсетін жерлерге құрғақ саванналар тән.

Саванналарда шөптесін өсімдіктер басым болғандықтан ірі тұяқты жануарлар кең таралған. Мұнда тек бөкендердің (антилопа) 40-тан аса түрі, зебра, ұзын мойын керіктер (жираф), буйволдар бар. Мадагаскарда шағын денелі маймылдардың ерекше тобын құрайтын лемурлардың 26 түрі мекендейді. Топталып тіршілік ететін Африкалық сурикат кездеседі. Лемур мен саяхатшылар ағашы Мадагаскар аралының символы болып табылады. Саванналар шөп қоректі ірі жануарлар Африка пілі, мүйізтұмсықтарымен және өзен-көл бойында тіршілі ететін бегемоттарымен де әйгілі. Бұл жануарлардың көпшілігі негізінен саваннада кең таралған жыртқыштарға қорек болады. Жыртқыштардан арыстан, гепард, қабылан, шиебөрі, қорқау қасқырларкездеседі. Өзендерде қолтырауындар тіршілік етеді. Ніл қолтырауынының ұзындығы 5-6 м-ге жетеді. Африка саванналарында құстар өте көп. Мұнда жер бетіндегі ең ірі құс Африка түйеқұсы, жыландар мен кемірушілерді аулайтын ірі құс секретарь, өте әдемі кішкентай шырын сорғыштар мекендейді. Көлдер мен өзен жағалауларында қоқиқаздар, тырна, көкқұтан, бірқазандар, Африкада ғана кездесетін марабу тіршілік етеді. Жәндіктерден, әсіресе ауыл шаруашылығына үлкен зиян тигізетін Марокко шегірткесі кең таралған.

Саванналардан екі жаққа қарай тропиктік шөлдер орналасқан. Олар әсіресе, Солтүстік Африкада үлкен ауданды алып жатыр. Сондықтан тропиктік шөлдерді Сахараның мысалында сипаттайық.



Сахарада жылдық жауын-шашын мөлшері 100 мм-ден аз, ішкі бөліктерінде кейде бірнеше жылдар бойы жаңбыр жаумайды. Бұлт болмайтындықтан күн сәулесі жер бетін қатты қыздырады. Жазда көлеңкенің өзінде ауа температурасы +40º, +50ºС болады, әсіресе шаң мен құмды боратып, аңызақ құрғақ самум желі соққан кезде ыстықтан қорғану үшін жергілікті халық кең, ұзын киім киіп, бетін тұмшаланып жүреді. Ал түнге қарай күрт төмендеген температурадан адамдар қалтырап тоңады.

Жануарлар дүниесі де шөл климатына бейімделген. Көптеген жануарлар су іздеп алысқа бара алады, кейбіреулері ұзақ уақыт сусыз тіршілік етуге бейімделген. Сахарада бір өркешті жабайы түйелер (дромедар), бөкендер, қорқау қасқырлар мен шиебөрілер, фенек түлкісі, шағыл мысығы мекендейді.

Кемірушілер, улы жыландар, үлкен сұр келес (варан), ұсақ улы жәндіктер көп.

Шығысқа және солтүстікке қарай Оңтүстік Африка шөлдері шөлей зонасына ауысады. Мұнда тікенекті, жастық тәрізді бұталар мен сүттіген, алоэ өседі.

Субтропиктік қатты жапырақты ормандар мен бұталар Жерорта теңізі жағалауы мен Оңтүстік Африканың жағалау бөлігіне тән өсімдіктер. Жерорта теңізі жағалауында тас емен мен тоз емені, зәйтүн ағашы, олеандр, фисташка, мәңгі жасыл кипарис, атлас самырсыны, жабайы алмұрт пен жүзім, ал Канар аралдарында бүлдірген және айдаһар ағаштары өседі. Оңтүстіктегі Кап тауларында ылғалдың көбірек түсуіне байланысты кап шамшаты, күміс ағаш, лавр жапырақты зәйтүн ағашы, түйнекті және тамыржемісті әдемі өсімдіктер, кап орхидеясы өседі. Субтропиктік климат бұл зонада цитрустарды өсіруге мүмкіндік береді.

Жаңа сабақты бекіту:


  1. Климаттық жағдайлер мен табиғат зоналарының орналасуында қандай байланыс бар?

  2. Африка жерінде мал шаруашылығы неге жақсы дамымаған?

  3. Материкте қандай табиғат апаттары жиі қайталанады? Онымен күресудің қандай жолдары қарастырылған?

  4. Африканың қандай табиғат зонасы ауыл шаруашылығына пайдалануға қолайлы?

Қорытынды: Бүгінгі сабақта, Африка материгінің табиғат зоналарының түрлерімен таныстық.

Үйге тапсырма: §49-50-оқу. Кескін картаға табиғат зоналарын түсіріп келу.

Сыныбы: 7

Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы

Тақырыбы: Халқы және елдері. Солтүстік Африка елдері

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларға Африка материгінің халқы мен елдерін таныстыра отырып, ерекшеліктері мен маңызына тоқталу, халқының байланысын анықтау.

2.Дамытушылық: Оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге, танымдық қабілетін таныта отырып, тез ойлауды және картамен жұмысты дамыту.

3. Тәрбиелік: Оқушылар басқа мемлекеттермен таныса отырып, өз елін, жерін сүйе білуге құрметтеуге, бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, іздену

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Африка материгінің халықтар картасы, атлас карта, оқулық, қосымша материалдар, суреттер.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Үй тапсырмасын тексеру

Жаңа сабақты түсіндіру:

Халқы. Африканың қазіргі кездегі халқының саны 700 млн-нан астам. Материк халқының нәсілдік, тілдік және ұлттық құрамы өте күрделі. Африкада Жер шарындағы негізгі үш нәсілдің өкілдері кездеседі.

Африканың байырғы халқын саны жағынан басым экваторлық нәсілдің өкілдері құрайды. Материктің көп бөлігінде Сахарадан оңтүстікке қарай негрлер мекендейді. Негрлердің көпшілігіне тән белгілер – өңінің қара, ал шаштарының қалың, бұйра болуы. Бұл қасиеттер олардың денесін қатты ыстықтан қорғайды. Негр тектес халықтардың ортақ белгілерімен қатар, бас және бет пішінінде, дене бітімі мен бойының ұзындығына үлкен айырмашылықтар байқалады.

Солтүстік Африкада саванналарында материктің ең бойшаң адамдары – тутси мен химилер тұрады. Олар ерекше сымбатты, шымыр болады, бойларының орташа ұзындығы 180-200 см-ге жетеді. Ал экваторлық ормандарда бойлары өте аласа пигмейлер тұрады, олардың бойының ұзындығы 150 см-ден аспайды. Пигмейлердің өңі ақшылдау, кең танаулы, еріндері жұқа, денелері шомбал болып келеді. Ніл өзенінің жоғары және орта ағысында, шығыстағы көлдер маңында нилоттар тұрады. Олардың өңі қап-қара, қыр мұрынды, бойшаң болады. Калахари шөлін бушмендер мен готтентоттар қоныстанған. Олардың өңі сары, беті жалпақ, монғол тектестерге ұқсастау болып келеді.

Еуропалық тектес нәсілге жататын халықтар Африканың солтүстігі мен оңтүстігінде тұрады. Осы нәсілге Солтүстік Африканы мекендейтін араб және бербер халықтары, Жерорта теңізі жағалауында тұратын француздар жатады. Ал Оңтүстік Африкада Нидерландыдан көшіп барғандардың ұрпақтары – африканерлер (бурлар) және ағылшындар тұрады.

Елдері. Жерорта теңізінің жағалауында ежелгі дүние бөліктері - Еуропа және Азиямен көршілес орналасқан Африка ежелден-ақ ғылым мен мәдениеттің ошағы ретінде белгілі. Африка жеріндегі Египет, Ефиопия, Гана тәрізді ежелгі мемлекеттерде қолөнер, сауда, құрылыс ісі өркендеп, дүниежүзілік мәдениеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Египеттегі ежелгі пирамидалар, Александрия шам-шырағы (маягі) «Әлемнің жеті кереметінің» қатарына жатады. Сондай-ақ піл сүйегі мен ағаштан ойып жасалған айшықты ою-өрнектер, қоладан жасалған мүсіндер көптеп сақталған. Кейбір ғалымдар мәдениеттің дамуындағы алғашқы жетістіктері үшін адамзат ең алдымен Африкаға қарыздар деп есептеледі.Бірақ кейіннен жүргізілген құл саудасы мен отаршылдық саясат Африка елдерінің дамуын ұзақ уақытқа тежеді.

Материктегі шаруашылығының даму дәрежесі ең жоғары мемлекет – Оңтүстік Африка Республикасы. Солтүстік Африкадағы мұнай мен табиғи газ өндіретін Либия, Алжир, Египет тәрізді елдер де қарқынды дамуда. Ал Мали, Нигер, Чад, Эфиопия, Сомали елдерінің даму дәрежесі өте төмен, мешеу елдердің қатарына жатады. Африканың артта қалған елдерінде аштық болдырмас үшін халықаралық ұйымдар бұл елдердің халқына ұдайы қайырымдылық көмек көрсетіп отырады.

Африка елдері табиғат жағдайы мен халқының құрамына сәйкес бес тарихи-географиялық аймаққа топтастырылады: Солтүстік Африка, Батыс Африка, Орталық Африка, Шығыс Африка, Оңтүстік Африка.

Солтүстік Африка елдері Жерорта теңізі жағалауы мен Сахара шөлінің солтүстік бөлігін қамтиды. Солтүстік Африка аймағының құрамына Алжир, Либия, Египет, Марокко, Батыс Сахара, Тунис елдері кіреді.

Солтүстік Африканың батысында Жерорта теңізі жағалауын Атлас тауы алып жатыр.Алтас таулары бірнеше көлденең жоталар тізбегінен тұрады, олар: Эр-Риф, Телль-Атлас, Биік Атлас, Сахара Атласы. Таудың ең биік нүктесі – Биік Атластағы Тубкаль шыңы (4165 м). Атлас таулары оңтүстігіне қарай біртіндеп аласарып, тропиктік шөл алып жатқан Сахараға ұласады.

Жаңа сабақты бекіту:


  1. Африка халқының нәсілдік және ұлттық құрамының қандай ерекшеліктері бар?

  2. Африканың байырғы халықтарын атаңдар. Олар бір-бірінен қандай белгілері арқылы ажыратылады?

  3. Африка елдері қандай аймақтарға топтастырылған?

  4. Солтүстік Африка елдерінің табиғаты қандай

Қорытынды: Халқының негізінен араб тілінде сөйлейтіндігіне, мәдениеті мен тұрмыс-салтына байланысты Солтүстік африканы Араб Африкасы деп атайды. Қалаларының басым көпшілігі араб үлгісінде салынған, ескі және жаңа қалаға айқын бөлінеді. Ніл аңғарындағы ең ірі қала – Каир 973 жылдан Египеттің (Мысырдың) астанасы. Солтүстік Африканың ежелгі қалалары өзіндік сәулет өнері ескерткіштерімен, дүниедегі керектің барлығын табуға болатын шығыс базарларымен ерекшеленеді. Жерорта теңізінің жағалауында ірі портты қалалар (Касабланка, Рабат, Александрия, Триполи, Алжир, Тунис) орналасқан.

Үйге тапсырма: §51-оқу. Кескін картаға халқын түсіріп келу. Қосымша материалдар жинау.

Сыныбы: 7

Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы

Тақырыбы: Батыс, Шығыс және Оңтүстік Африка елдері

Сабақтың мақсаттары:

1. Білімділік: Оқушыларға Батыс, Шығыс және Оңтүстік Африка елдерімен таныстыра отырып, ерекшеліктері мен маңызына тоқталу, халқының байланысын анықтау.

2.Дамытушылық: Оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге, танымдық қабілетін таныта отырып, тез ойлауды және картамен жұмысты дамыту.

3. Тәрбиелік: Оқушылар басқа мемлекеттермен таныса отырып, өз елін, жерін сүйе білуге құрметтеуге, бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Оқыту әдісі: Сұрақ-жауап, іздену

Сабақтың әдістемелік жабдықталынуы: Карта, атлас карта, оқулық, қосымша материалдар, суреттер.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, оларды түгендеу. Оқушылар назарын өзіме аударту

Үй тапсырмасын тексеру

Жаңа сабақты түсіндіру:

Батыс Африка елдері. Аймақтың құрамына Атлант мұхиты жағалауы бойындағы Кабо-Верде, Сенегал, Гамбия, Гвинея-Бисау, Гвинея, Сьерра-Леоне, Либерия, Кот-д-Ивуар, Гана, Того, Бенин, Нигерия және ішкерірек орналасқан Буркина-Фасо, Нигер, Мали, Мавритания елдері кіреді.

Батыс Африка аймағының жер бедері негізінен аласа таулы, үстіртті болып келеді.Ойпатты жазықтар Сенегал жері мен Гвинея шығанағы жағалауына, көбінесе батпақты болып келетін өзен бойларына тән болады. Осы жазықтарды ылғалды экваторлық ормандар алып жатыр. Ыстық, ылғалды климат жағдайында дамыған құнарлы топырақ жамылғысында өсірілетін каучук, кофе, майлы пальма, какао, банан, ананас, маниок, батат, сорго, жүгері, қант құрағы, жер жаңғағы плантациялары бірте-бірте ормандарды ығыстыруда. Атлант мұхитының жағалауында орналасқан елдерде теңіз траспорты, балық аулау мен балық өңдеу шаруашылықтары дамыған. Аймақтағы Нигер, Сенегал, Вольта, Бенуэ сияқты ірі өзендердің шаруашылық маңызы бар.

Батыс Африка халықтарының тарихы ежелден басталады. Аймақта орта ғасырда Бенин, Ифе, Дагомея, Гана, Мали, Сонгай тәрізді мәдениеті дамыған мемлекеттер болған.

Шығыс Африка елдері. Аймақтың құрамына Судан, Эритрея, Эфиопия, Джибути, Сомали, Уганда, Кения, Руанда, Бурунди, Танзания, Замбия, Малави кіреді. Шығыс Африка жерінде Африка материгінің теңіз деңгейінен ең төмен және ең биік жатқан нүктелері орналасқан.

Аймақ жерінде Африканың ең биік, қозғалмалы бөлігі сәйкес келеді. Сондықтан жер сілкіну мен жанартау атқылаулары болып тұрады. Аймақтың жер бедерінде Эфиопия таулы қыраты мен Шығыс Африка таулы үстірті айқын ажыратылады. Эфиопия таулы қыраты түгелге жуық лавалық жыныстармен жабылған. Жанартау атқылаулары тек тауларда ғана емес, жарылыстар бойындағы жазықтарда да байқалады. Эфиопия таулы қыратының солтүстік-шығысындағы Афар ойысын толтырып жатқан ыстық лава мезгіл-мезгіл кемелерінен асып, жан-жағына жайылады. Ыстық лава әсерінен бұл ойыстың айналасында қыстың өзінде ауаның орташа температурасы +30ºС-тан төмен болмайды.



Оңтүстік Африка елдері. Аймақ материктің Конго және Замбези өзендерінің суайрықтарынан оңтүстікке қарай жатқан бөлігін қамтиды. Оның құрамына Намибия, Боствана, Зимбабве, Мозамбик, Оңтүстік Африка Республикасы, Свазиленд, Лесото және Мадагаскар елдері кіреді.

Жерінің көпшілігін Оңтүстік Африка таулы үстірті алып жатыр. Таулы үстірт оңтүстігі мен шығысына қарай биіктеп, Кап және Айдаһар таулары ұласады. Ал орталық бөлігі аласарып, Калахари қазаншұңқырына ауысады. Қазаншұңқырларды Калахари шөлі алып жатыр. Аймақтың Атлант мұхит жағалауында Намиб шөлі орналасқан. Оңтүстік Африканың көпшілік бөлігін саванналар, ал таулы бөліктерді субтропиктік ормандар алып жатыр.

Аймақтағы жетекші ел Оңтүстік Африка Республикасы шаруашылығының даму дәрежесі жөнінен дүние жүзінде алдыңғы орныдардың бірін иеленеді.


Каталог: Geografia
Geografia -> Сабақтың тақырыбы: Экономикалық және әлеуметтік география ұғымы, мақасаттары мен міндеттері
Geografia -> Сабақтың тақырыбы: Материктер мен мұхиттар географиясы нені оқытады
Geografia -> Сабақтың тақырыбы және оқып үйренудің негізгі мақсаттары Сағат саны Оқытуда қолданыла-тын әдіс-тәсілдер
Geografia -> Сабақтың тақырыбы: Көлдер Сабақтың мақсаты
Geografia -> Бекітемін: Күні: Сыныбы: 11. Пәні: География. Сабақтың тақырыбы
Geografia -> Сыныбы: Күні: Пәні: География. №1сабақ Сабақтың тақырыбы
Geografia -> Сабақ сынып апта күн 3 сабақ Сабақтың тақырыбы Географиялық білім көздері Сілтеме
Geografia -> Географияп ә нбірлестіг і Әдістемелік бірлестік жетекшісі
Geografia -> Сабақтың тақырыбы және оқып үйренудің негізгі мақсаттары Оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет