«СЫР БОЙЫ» ГАЗЕТІ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА
Сыр өңірінің айнасына айналған «Сыр бойы» газеті тәуелсіздік алған жылдары қайта түлеп, мемлекетіміздің іргесінің берік қалануына өз үлесін қоса бастады. Жетпіс жыл бойы жоғалтып алған құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен дініміз, ұлттық тарихымызды жаңа көзқарастар тұрғысынан қарастыру, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында ұлт пен татулық күн тәртібіне қойылды.
Сонымен бірге, өзге аймақтық басылымдар тәрізді «Ленин жолының» алдында да атауын өзгерту міндеті тұрды. Газеттің атын өзгерту оңай шешіле салатын шаруа емес. Өйткені ол да ел, халық өміріндегі ерекше кезеңдерді басынан өткеріп барып, өзгеріске ұшырайды. Бұл тұста газет редакторы Әскербек Рахымбеков болатын. Газеттің атын оқырмандармен ақылдасып барып шешу керек екендігін ұғынған редакция ұжымы ашық пікір алысуға шақырды. Айналасы 10 шақты күннің ішінде редакцияға ауызша, жазбаша жүзден астам ұсыныс-пікірлер келіп түскен. Әрбір айтылған ұсынысты оқи отырып пікір иесі оны барынша жан-жақты дәлелдеуге, оған жұртшылықтың көзін жеткізуге ұмтылғанын байқадық. Бір сөзбен айтқанда, газеттің атын талқылау барысы шын мәніндегі жанашыр пікірсайысына ұласқан. Мәселен, 1991 жылы 14 қыркүйекте «Газет атын оқырмандар қояды» деген айдармен «Менің айтар ұсынысым...» тақырыбында бірнеше оқырман пікірі топталып берілген:
«З.Жарқынбаев, газеттің бұрынғы редакторы: – Мен газеттің атын «Сыр шамшырағы» немесе «Сыр елі» болып аталса деген ойдамын.
Б.Досманбетов, Қызылорда пединститутының ректорының міндетін атқарушы: – Газеттің бұрынғы атауы «Сыр бойына» қайта оралған жөн.
Е.Несіпбаев, облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінің қызметкері: - «Ақмешіт таңы» деп атасақ қайтеді». Міне, осы тектес оқырман хаттары көптеп саналады. Алайда, көпшілігінің дені газеттің байырғы атауы «Сыр бойын» лайық деп санаған.
Нәтижесінде, газет оқырмандары тарапынан көп дауыс алған «Сыр бойы» атауын газетке беру жөнінде шешім қабылданады. Сөйтіп, газет 1991 жылдың 24 қыркүйегінен бастап №151 (14540) «Сыр бойы» деген атпен шыға бастайды. Бұл турасында газеттің алғашқы бетіне редакция тарапынан оқырмандарға арнау сөз беріліпті. Онда былай деп жазылған: «Сіз бен біз өзіміздің төл баспасөзіміздің өміріндегі ерекше оқиғаның куәгері болып отырмыз. Біз өзіміз де «Сыр бойы» деген тарихи атауын қайтып алған газетіміздің тұңғыш оқырмандарымыз. Олай болса газетіміздің жаңа атауы құтты болсын, ойлы оқырман».
Осылайша бұрынғы атауымен қауышқан «Сыр бойы» өмiр айнасы, жылдар шежiресi болды. Уақыт ағымына орай басылымның келбетi мен шығу жиiлiгi үнемi өзгерiске түсiп отырды. Мысалы, алғашқы шыққанда 1000 дана болып тараған газет 1990 жылы 56 мыңға жеткен. Оқырманның газетке жазылу ықыласының күрт күшеюi арқасында әр нөмiрдiң тиражы 20 мың, апталық таралымы 100-120 мыңға көтерiлген. Газет бетінде жаңа айдарлар пайда болды. Материалдарды беру, орналастыру тәртібі де өзгерді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басылым бетінде жаңалықтарға көп орын берілді. Ол «Бүгін – Сыр бойында», «Жаңалықтар жаңғырығы», «Ел жаңалығы – екі сөйлеммен» деген айдарлар арқылы көрініс тапты. Газеттің үшінші бетінің көп бөлігі жарнамалар, хабарландырулар, құттықтауларға арналды. Форматы да шағын /А-3/.
«Сыр бойы» атауымен шыққан басылымды парақтап отырмыз. Алғашқы бетке орналасқан жаңалық көзімізге шалынды. Онда 1991 жылдың 19 қыркүйегінде күндізгі сағат 3-те Ленинскі қаласының «Қиыр шет» әуежайына Совет-Австрия экипажының ғарышкерлері келіп қонғаны хабарланыпты. Осыған орай газеттің меншікті тілшісі Р.Жарылқасыновтың қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен қысқа сұхбаты берілген. /1991, 21 қыркүйек/
Бүкіл әлемді дүр сілкінткен аталмыш оқиға «Ғарышқа самғатқан мекенде» деп аталатын тақырыппен Ә.Рахымбеков пен Ж.Ақсақалұлының репортажында жалғасын тапқан. Онда қазақтың қасиетті киелі топырағынан өсіп-өнген алғашқы қазақ ғарышкері Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтың Сыр еліне келген сапары кеңінен суреттеледі /1996, 26 қараша/.
Осы тұста «Сыр бойы» мен «Кзылординские вести» газеттерін өркендету мен мазмұнын жақсарту, қаржыландыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Облыстық газеттерді жергілікті қағаз қорымен қамтамасыз етіп отыру, оларды облыстық бюджет арқылы қаржыландыруды сессияның назарына ұсыну туралы алқа жиынында талқыланды. Облыстық баспахананы шетелдік жаңа жабдықтармен жабдықтау, мүмкіндігінше жақын арада офсеттік басылымға көшу уақыт талабынан туған қажеттілік. Аталмыш жайттың шешімін тапқаны «Облыстық газеттерге көмек көрсетіледі» атты есепте баяндалған.
«Сыр бойы» байланыс бөлімшесіне жазылғандардан бөлек, дүңгіршектерде сатылым арқылы да оқырмандарға таралды. Аймақта болып жатқан жаңалықтарды білу, жарнама немесе көгілдір экран бағдарламаларымен танысу үшін кейбір оқырмандар дүңгіршектерде ертемен кезекке тұрып алады. Алайда азғантай дана газеттің сағатқа жетпей сатылып кететіні тағы бар. Мінекей, осыны қалай жолға қою керек деген мәселе «Киоскіде жоқ, іздесең таппайсың» /1991, 24 желтоқсан/ атты мақалада тарқатылған. «Қайткен күнде де, қандай қиыншылық болса да бөлшек сауда да және қаланың ірі-ірі емдеу орындарында, темір жол және автовокзалда, аэропортта, басқа да халықтың көп жүретін жерлерінде газетті көптеп сатуды ұйымдастыру маңызды іс» – деп санайды газет тілшісі Итен Қарымсақов.
«Ойлар. Ұсыныстар. Пікірлер» айдары халықтың тілегін қанағаттандыруға талпынған бірден-бір айдар. Онда жарық көрген оқырман хаттары өзекті мәселелерді қозғайды. Мысалы, «Мұстафа атымен аталсын» деген хат иесі соғыс және еңбек ардагері Ж.Омаров: «Түркістан үкіметін құруда, қазақты тәуелсіз ел етуде оның атқарған қызметі зор» – дей келе, оның атын мәңгі қалдыру үшін өзінің туған ауылы – 1 Май совхозына Мұстафа Шоқай есімі берілсе деген ұсынысын жеткізеді. Бұл өз уақытында қолға алынған мәселе болды. Кейін бұл ұсыныс жергілікті басшылардың назарына ілініп, аталған совхозға М.Шоқай есімі берілді. Қызылорда қаласы №8 мектеп оқушыларының «Қазақша үйренгіміз келеді» хатында қазақ балабақшалары мен мектептерінің аздығынан орысша тіл сындырған аталмыш мектеп оқушыларының ана тілін білсек, үйренсек деген ниеттері баяндалған. Мұнан мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты қалыптастырудағы газеттің рөлін көруге болады.
Ал, «Қала аты Байқоңыр болсын» деген хат иесі Ленинск қаласының атауы Байқоңыр болғанын құптайды. Осыдан бір ай бұрын, дәлірек айтсақ 8 қазанда газет бетінде «Ленинск Байқоңыр атана ма?» /1991, 8 қазан/ деген тақырыппен Азия-пресс агенттігінің материалы жарық көрген болатын.
Газет көтерген Ленинск қаласының атын Байқоңыр деп өзгерту туралы ұсынысты ғарыш ардагері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Алексей Манов қолдапты: « – Бұл арада әңгіме Ленинді мен құрмет тұтам ба, жоқ па онда емес, – дейді Азия-пресс тілшісіне атақты ұшқыш-космонавт. Себебі елімізде төрт бірдей Ленинск бар, ал Байқоңыр қаласы жоқ. Тек космодромнан оншақты шақырым жерде оған ешқандай қатынасы жоқ осылай аталатын ауыл ғана бар. Сондықтан Кеңес космонавтикасының басты символына айналған Байқоңыр есімін Қазақстан картасына заңдастыру керек деп есептеймін». Әрине, бұл да мезгілінде орынды көтерілген тақырып. Қазіргі таңда бұрынғы Ленинск қаласы Байқоңыр деп аталады. Осыдан байқалатындай «Сыр бойының» оқырман тілегін қанағаттандыруда пәрменділік танытқанын, бірден-бір ықпалды басылым болғанын аңғару қиын емес.
Нарықтық қатынасқа түбегейлі көшу, экономикалық байланыстар аясын кеңейту, қоғамды демократияландыру, заңды құрметтеу, салауатты өмір салтын орнықтыру, бюджетті толықтыру, қайырымдылық акцияларын жүзеге асыру, т.б. тоқсан толғаулы мәселелер мерзім міндеттері ретінде “Сыр бойы” газетінің де алдына көлденең тартылды.
Сыр өңірінің экологиясы жергілікті жердің ғана емес, дүние жүзін толғақты мәселелердің қатарынан саналады. Арал қасіреті мен Байқоңырдың тағдырына қам жеген журналистер қауымы талай мәрте республикалық мерзімді басылым беттерінде мақалалар жариялады. Бұл тақырып “Сыр бойының” журналистерін де ойлантпай қойған жоқ.
Сондай жарияланымның бірі А.Сәдібекұлының «Туған топырақ тағдыры». Бұл проблемалық очеркте автор Байқоңыр ғарыш айлағы ашылуының құпия түрде 1950 жылдардан, Арал өңіріндегі әскери құпия полигондардың да сол уақыттардан бастап орнатыла бастағанын жазады. Мал жайылымдарының қысқарылуы, жердің заңсыз түрде әскери құрылымдарға өтуі, жерасты суларының азаюы, экологиялық апаттарға молынан жол ашылуы, адамдардың түрлі ауруларға шалдығуының көбеюі – бұлардың бәрі осы Байқоңыр зардабы екенін автор нақты деректер, мысалдар арқылы дәлелдейді. Туған жердің перзенттері сияқты тағдырдың тәлкегіне тап болып, кім көрінгеннің қолжаулығына айналғанына халық, ел атынан нақты деректермен сөйлеп, билік басындағылардың назарын аударады.
Егеменді ел болған тұста Байқоңырды пайдаланудың мемлекеттік саясаты жөнінде де автор осы мақаласында оқырманмен ой бөліседі. Ресей мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы Байқоңырға байланысты қарым-қатынастың күнгей және көлеңкелі тұстары туралы журналист ойларын да осы очерктен оқимыз.
Қази Данабаев «Сыр бойы» басылымы публицистер тобының белді мүшелерінің бірі. Әртүрлі тақырыптарға қалам тербеп, тереңнен ой қозғай білгендігі жайында негізгі дәлел ретінде, басылым беттерінде жарық көрген әралуан тақырыптағы мақалалары мен журналистік ой-толғамдары дәлел бола алады. «Замандас» сырласу алаңында тілші болып, халықтың мұң-мұқтажымен ой бөліскен публицистің «Темір және Нарықтық экономика», «Мәдениет майданына зер салдық» т.б. айдарлар төңірегінде толғамды мақалалары жарық көріп отырды. «Қайсар» футбол командасының жай-күйі хақында көптеген мақалаларын осы басылымнан таба аламыз.
1996 жылдың 20 ақпанынан бастап белгілі журналист-жазушы Жақсылық Рахматулла бас редактор болып қызмет атқарды. Басылымда республика, облыс өміріндегі маңызды оқиғалар жедел хабарланып тұрды. Бұрынғы бөлімдер ықшамдалып, енді газетте руханият және ақпарат, экономика және әлеуметтік мәселелер, саясат және құқық бөлімдері пайда болды. Газет жанынан қосымшалар шығару қолға алынды. 1997 жылдың тамыз айынан «Жарнама», 1999 жылдың қаңтарынан қыз-келіншектерге арналған «Махаббат» газеттері жарық көрді. 1998 жылдың қарашасынан газет компьютерлік терімге көшті. Газетке жас буын өкілдері келді. Д.Аяшұлы, Қ.Шәрібекұлы, А.Тұңғышбаева, Ә.Үмбет секілді журналистер еңбек ете бастады.
Халыққа есеп беру болып табылатын ай, сессия, жыл сайынғы әкімдердің, депутаттардың баяндамалары беріліп тұрды. Аудандарда (Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Қазалы, Жаңақорған, Арал, Байқоңыр т.б.) аймақтар мен кенттерде, орын алып жатқан жаңалықтар, жетістіктері мен жетіспеушіліктері, жалпы халық өмірімен біте- қайнасқан мәселелер кеңінен қозғалды.
1996 жылдары «Сыр шөңгесі» әзіл-оспақ бұрышы «Түрлі-түрлі бастар бар» атты мысқыл бетіне орын берді. Редакторы – сатирик Жанұзақ Қожаберген. Бұл бет заман ыңғайына қарай нарықтың нақыштарын, тәуелсіздік тәжін кигеннен кейінгі кейбіреулердің нарық заманына икемсіздігін, әлжуаздығын сынап, қаптап кеткен жезөкше, нашақорлық мәселелеріне қарсы өзіндік үн қосып отырды. Соңғы жылдардағы сары басылымдардың қаптап кеткені сын садағына ілінді. Онда жекеменшік басылымдардың «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген желеумен ақша табуды ғана көздеп, ұлттық «ұят болады» деген ұяң бетпердені жұлып алған ұятсыз, анайы жасөспірімдерді жат қылыққа тәрбиелейтін «Ләззат», «Қылмыс пен махаббат», «Айғақ» сияқты газеттері сыналды.
1997 жыл Мұстафа Шоқай жылы деп аталып, газет бетінде Мария Шоқай естеліктері жарық көрді. «Аймақ жаңалықтары» апта сайын салалық жаңалықтар, әлем құбылысы жайынан ақпарат берді. «Жүрекке жол тапқан жолдау», «Бағдарлама бағытымен», «Сырымды саған айтам, Сыр бойы» сияқты арнаулы беттер, тұрақты айдарлар арқылы жүйелі беріліп тұрды.
Газет оқырмандарын ең алдымен қызықтыратын халықаралық жаңалықтар. Еліміз тәуелсіздігін өз қолына алып, бостандықтың даңғыл жолына батыл аяқ басқан шақта әлем тіршілігін, халықаралық жағдайды басқа басылымдардан іздеп әуре болмай-ақ өзіміздің жергілікті газетімізден оқығанға не жетсін. Осы орайда «Сыр бойы» газетінің бұрынғы редакторларының бірі ардагер журналист Сүлеймен Сейітов редакцияға жолдаған хатында былай дейді: “Менің айтайын дегенім, халықаралық бұрыштама. Бұл тек «Сыр бойы» газетіне ғана тән игілікті іс. Бұл тақырыпты басқа облыстардың газеттерінде біздегідей кең құлашпен сермеп жазу оңай бола қоймас.
Мен өз басым «Сыр бойының» жаңа шыққан санын қолыма ала сала ішкі екінші беттің оң жақ бұрышына көз жіберемін. Газеттің халықаралық жаңалыққа арнаған осы әсем бұрыштамасын іздеймін. Ол шықпай қалған күні газеттің бір нәрсесі жетіспей тұрғандай сезіледі». Міне, осыдан байқалатындай оқырман «Сыр бойы» газетінің халықаралық жаңалықтарынан еліміздегі орталық газеттерде кездесе бермейтін тың, қызық мәселелерді оқу мүмкіндігіне ие болды. Газет оқырмандарының назарын бірден баурап алған халықаралық бұрыштаманың жарыққа шығуына саяси шолушы, журналист Айжарық Сәдібекұлының еңбегі аз болмаса керек. Әсіресе, ауыл, елді мекен тұрғындарының саяси жаңалықтардан хабардар болуына «Сыр бойының» көп көмегін тигізгені анық.
Ал, 2000 жылдан бері қарай газет заман талабына сай көлемі үлкен материалдар санын азайтып, қысқа әрі нұсқа материалдар беруге, оқырмандар көкейінде жүрген мәселелер туралы сұхбат, мақала, заметка және сыни мақалалар, зерттеу материалдар, өзекті деген тақырыптарды көтеруге талпынғанын аңғаруға болады. Бұл әрине, нарықтық заманда бәсекелестікке төтеп бере алмаған басылым сұранысқа ие бола алмайтындықтарын жақсы түсінгендіктен туындаған іс-әрекет екендігі белгілі.
2004 жылдың көктемінде газет баяғы аудандық басылымдардың көлеміндей ғана болып, аптасына 3 рет шығып тұрған болса, сол жылдың қарашасында А-2 стандартты үлкен форматқа көшіп, шілде айынан бері жиілігі жетісіне 5 рет шығып тұрды. Осы жылы аймақ басылымдары арасында ең мәртебелі тұғырға көтеріліп, Қазақстан Журналистер академиясының “Алтын жұлдыз” белгісімен марапатталды. Ал, 2005 жылы журналистер ұжымы республика БАҚ-тары арасында өңірде мемлекеттік бағдарламаларды терең әрі жан-жақты насихаттағаны үшін Президент грантын жеңіп алып, күллі сырбойылық қаламгерлердің мерейін өсірді. Ал 2009 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Облыс әкімдігі 2006 жылды «Өнер жылы» деп жариялаған болатын. Осы істі қолдау мақсатында газеттің жанынан «Сыр өнері» қосымшасы тұрақты шыға бастады. Мұнда Қорқыт бабадан бергі аса талантты ақын-жазушылар, мәдениет пен өнер саласындағы құндылықтар жариялылық тапты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 2005-2006 жылдардағы газет материалдарының сапалық тұрғыдан жақсарғанын аңғару қиын емес. «Сыр бойы» газетінің бетінде аға буын журналистермен бірге жас журналистер Гүлжазира Жалғасова, Айнұр Батталова, Қуат Шарабидиновтердің мақалалары жиірек көрінді. Әділжан Үмбет әлеуметтік көкейкесті мәселелерді көтеріп, спорт тақырыбына қалам тартса, Қуат Шарабидинов жаңалықтарға баса назар аударды және жауапты хатшы ретінде газеттің мазмұнды, сапалы безендірілуіне өз үлесін қосты.
«Сыр бойы» газетiне 2008 жылдың сәуiр айында бас редактор болып «Егемен Қазақстан» газетiнiң облыстағы меншiктi тiлшiсi қызметiн атқарған Серiк Пiрназар тағайындалды. Бұл кезеңде «Сыр бойы» – республикадағы облыстық газеттердің ішіндегі аптасына 4 рет жиілікпен, сенбі күні 16 беттік А3 форматпен, түрлі-түсті бояумен басылатын бірден-бір басылымға айналды.
Сондай-ақ, ол өзі жариялаған сүйекті мақалаларды кітап етіп бастырып шығарып, 80 жылдық мерейтойлық шаралар аясында аудандарда газет күндерін өткізді. Газет өкілдері аудан тұрғындарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-тілектеріне зейін қойды
Аптасына төрт рет, кейде бес рет шығатын өңір басылымы «Сыр бойының» 2009 жылдың өзінде 252 нөмірі жарық көрген. Шамамен осынша газет санына 200 тоннадай қағаз жұмсалады екен. Мұның тасасында қанша шығармашылық, техникалық қызметкерлердің тынымсыз еңбегі тағы бар. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» дегендей, елдің сөзі де, көзі де болып отырған басылым беттеріндегі түрлі тақырыптағы жүздеген мақалалар адамның танымына, рухына, тіпті тағдырына да тікелей әсер ететінін әркім де біледі. Газет бетінде жарияланған, оқырманның ой-пікірін ерекше қозғап, сана серпілісін тудырған бірнеше мақаланың мән-жайына журналист Дүйсенбек Беркінбаев «Сиыр жылының суреттері» /30.12.2004/ шолуында тоқталып өткен.
2010 жылы облыс әкімінің шешімімен «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері бір шаңырақ астына біріктіріліп, «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылды. Газеттің әлеумет және саясат, экономика, руханият және ақпарат бөлімдері мен аудандарда меншікті тілшілері бар. «Сыр бойы» газеті қазір жергілікті басылымдар арасындағы ең таралымы мол басылым саналады. Бүгінгі таңдағы таралымы 24 мыңнан асады.
Басылымда әр кездерде талантымен көпшілікке кеңінен танылған Жиенғали Тілепбергенов, Сыдық Алдабергенов, Сайд Баязитов, Әбдікәрім Оңалбаев, Жақсылық Түменбаев, Байжігіт Әбдіразақов, Шәкірат пен Шәкізат Дәрмағамбетов, Қомшабай Сүйеніш, Сейіл Боранбаев, Адырбек Сопыбеков, Сақтаған Есмаханов, Жақсылық Бекхожаев, Дархан Сапаров, Өтеген Жаппарханов, Ақберген Ержан, Тоқболат Еңсегенов, Мырқы Исаев, Үсен Әбшенов, Рысты Бекбергенова, Жолтай Әлмашев, Базарбай Исаев, Асқар Кіребаев, Сәрсенкүл Бихожа, Құттыбай Сыдықов, Зұлқарнай Сахиев, Нұрпейіс Байғараев, Шайзада Рахметбеков, Айжарық Сәдібеков, Арзымбек Мәдединов, Әділхан Бәймен, Болат Мұратбаев, Ә.Уәлиұлы, Р.Серік, Қ.Мырзахметұлы, Б.Ахметова, Қ.Данабаев, О.Мақсұтұлы, Н.Елтай т.б. азаматтар жемісті қызмет атқарды. Республикаға танымал фототiлшi Болат Омарәлиев газетте 40 жылдан астам еңбек етiп келеді. Ол одақтық конкурстардың бас жүлдесін иеленіп, шетелде көрмесін өткізуге мүмкіндік алған.
Қарымды да қажырлы еңбектерімен ел құрметіне бөленген Ұзақ Бағаев, Қ.Әбенов, Н.Оспанов, А.Нұрекеев, Нұрділдә Уәлиев, Құрманғали Ажаров, Әбілдә Құрманаев, Орман Нұрхабаев, Жарылқасын Шөкенов, Шора Ерәлиев, Сақтапберген Әлжіков, Шәкір Қайырбеков, Сұлтан Қожаниязовтардың есімдерін бүгінгі буын журналистер мақтанышпен атай алады. Газетте Сыр өңірі публицистикасын дамытуға үлес қосқан журналистердің әрқайсысының мұрасы жеке зерттеу нысаны болуға лайық.
Қорыта айтқанда, Сыр өңірі халқының жүрегіне жол салған “Сыр бойы” елдің бірлігі мен татулығына, өркениет пен даму үрдісіне өз сүбелі үлесін қоса беретіні сөзсіз.
ЕРМАҒАНБЕТОВА Зухра Нұрғалиқызы
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты
Достарыңызбен бөлісу: |