КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында (2007 ж) білім беру жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған рөлі атап көрсетіліп, осы заңда: «Педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көзделген деңгейден төмен емес білім, білік, дағды алуын қамтамасыз етуге, жеке шығармашылық қабілеттерінің көрініп дамуы үшін жағдай жасауға міндетті» делінген.
Сондықтан, орта мектептің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – оқушылардың шығармашылық қабілетін барынша ашып, қоғамды құрып дамытуға бар мүмкіндігін жұмсайтын қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Әрбір оқушының тұлға ретінде қалыптасып дамуына математикалық білімнің үлкен үлесі бар.
Мектеп математикасын өмірмен байланыстыру, бұл пәнді адамдардың практикалық және техникалық іс-әрекетіне қолдану үшін мектеп математикасы мен математика ғылымын жақындастыру қажет.
Бұл мәселені шешу мүмкіншілігі – математикалық терминологияны орта мектеп математика курсына енгізу. Математикалық терминдерді мектеп курсында оқыту мәселесі ұзақ жылдардан қаралып келе жатқан мәселе болғанымен, оны мектепте оқыту тәжірибесіне енгізу мәселесі толғандырды.
Орта мектепте математикалық білім мазмұнын жетілдіру, математикалық білімнің сабақтастығы мен болашағы мәселелері қазақстандық ғалымдар А.Е. Әбілқасымова, М. Есмұхан, Б. Баймұханов, Е.Ө. Медеуов,С.Е. Шәкілікова, Н. Темірғалиев, Ә.Б. Тұңғатаров, Ә. Қағазбаева тағы басқалардың еңбектерінде қарастырылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мектептеріндегі математиканың қазіргі мазмұнына талдау жасайтын болсақ, онда көптеген тақырыптардың немесе жеке бір теориялық материалдардың не үшін оқылатындығы оқушылар емес, кейбір жағдайда мұғалімнің өзіне де түсініксіз болып қалады. Сондықтан көптеген оқушылардың математиканы оқып білуге деген ынтасы төмендеп, қызығушылық танытпайды.
Орта мектепте математиканы оқыту үрдісінде математикалық терминдер мен символдарды және оған байланысты мәселелерді Қазақстандағы математикалық білімнің даму тарихынан сырт қарауға болмайды. Сондықтан Қазақстандағы математикалық білімнің дамуын сипаттауға, математикалық терминалогияның қазақ тіліндегі кезеңдерін саралай отырып, қазақ білімпаздарының ой-пікірлерінен, ғалымдардың зерттеу нәтижелерінен қорытынды шығаруға тиіспіз. Осының негізінде математика терминалогиясын жасаудың принциптерін айқындау, қазіргі оқыту кезеңіндегі әдістемелік жүйенің, технологиялардың математикаға қатысты тән сипаттарын тұжырымдау да басты міндетіміз. Сол сияқты оқыту әдістері мен формаларындағы озат тәжірибе негіздерін айқындау керек. Осылардың негізінде оқушының математикалық тіл мәдениеті, терминалогия мен символиканы оқыту проблемаларын шешу керек.
Физиканың, химия, өндірісті автоматтандырудың, биологияның алуан түрлі мәселелері символдар тілінде сөйлейтін математкалық логиканың негізінде шешіледі. Олай болса математика тілін барлық мамандық иелері игеруі қажет. Онсыз академик С. Л. Соболев айтқандай, «...математиканы білмейтіндер немесе шала білетіндер, заводта немесе транспортта жұмыс істей алмайтын болады». Мысалы, V=H(S1+4S2+S3)/6 формуласымен жұмыс істей білуі, ауыл шаруашылығы маманына шөп, жем көлемдерін, қойма сыйымдылығын, таразыға тартпай-ақ тірілей малдың салмағын, тіпті мал жайылымдарының ауданын, түрлі ұзындықтарды табуға мүмкіндік туғызады. Демек, математиканың арнайы терминдерін, таңбаларын, өрнектерін, анықтамаларын, тұрақты сөз тіркестерін, формулаларын, графиктерін тани, қолдана әрі түсіне білу әркімнің өмір қажеттігі.
Математиканы оқытудың мақсаттарының бірі оқушыларға саналы жүйелі және баянды білім беру, ал білім нәрселермен құбылыстардың елеулі белгілерінен олардың байланыстары туралы ғылым тағайындайтын ұғымдардан құралады. Ф.Энгельстің анықтауынша ұғым мен қимылдың өзі ойлау. Ұғым арқылы адам ойланады. Сондықтан да зерттеу тақырыбын «Математиканы оқыту үрдісінде терминдер мен символдарды пайдалану мәселесі және оны шешу жолдары» деп атадық.
Достарыңызбен бөлісу: |