Стоматология


Самай шүңқыршасының абсцестері мен флегмоналары



бет10/25
Дата19.04.2018
өлшемі7,78 Mb.
#40219
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25

Самай шүңқыршасының абсцестері мен флегмоналары. Самай шұңқыршасының шегі: жарты ай тәрізді бұлшықет — үстіңгі және артқы шегі, шығыңқы бет сүйегінің маңдай өсіндісі — алдыңғы, шығыңқы бет сүйегінің самай өсіндісі, шығыңқы бет сүйегі доғасы және самайасты қыры астыңғы шегі болып табылады.

Самай шұңқыршасы сыртынан қалың апонерврозбен қапталған, ол бас сүйегімен тығыз бітіскен, тек төменгі шегінде ғана ұрттың май түйіншегі, самайасты және қанатша-таңдай шұңқыршаларымен байланысты. Самай шұңқыршасына инфекция осы клетчаткалы кеңістіктерден кіреді. Әсіресе, іріңді қабынудың пайда болуына үстіңгі азу тістер жиі себепші болады.

Самай аймағында бірнеше қабат клетчаткалы кеңістіктер бар: 1 қабат — теріасты шелі, 2 қабат — самай бұлшықеті мен апоневроздың арасында, 3 қабат — самай бұлшықетінің астында (самай сүйегі бетінде), ең тереңі.

Теріасты шел қабатының флегмонасында — үлкен шегі көмескі инфильтрат пайда болады, бұлшықет қабынбайды, сондықтан контрактура байқалмайды. Клиникалық көрінісі ауыр емес. Іріңді шығару үшін инфильтраттың төменгі шегін бойлай кеседі.



Егер ірің 2-ші қабатта орналасса, клиникалық көрінісі ауырлау болады. Интоксикация күшейіп, II дәрежелі қабыну контрактурасы пайда болады. Іріңді шығару үшін самай шұңқыршасын алдыңғы шегінде тіледі де, жоғарғы азу тістердің өтпелі қатпары арқылы контрапертура жасайды. Дренаж ауыз қуысындағы және сыртындағы кесілген жараны қосып бұруы қажет. Сондай-ақ жараны жылы антибиотик, антисептик және фермент ерітінділерімен жу-ып тұрады. Терең, бұлшықетасты клетчаткасы қабатының флегмонасында да интоксикация күшейіп, дене қызуы жоғары көтеріледі, қабыну контрактурасы пайда болады. Сырт көзбен қарағанда жастық тәрізді көтерілген инфильтратты, қабақтың домбығуын, терінің керіліп тұрғанын көруге болады. (20 сурет)

20-сурет. Самай аймағының флегмонасы.


Флегмонаны кесіп — ашу үшін, (терең және жайылмалы) самай бұлшықеті талшықтарының бойымен, ұзындығы 4—5 см етіп, 2— 3 радиальды және самай бұлшықетінің бекіген жерінде доға тәрізді ұзындығы 9 см-дей етіп кесу керек те, бүлшықетті сүйектен ажырату қажет. Ірің шыққан соң жараға бірнеше жерден дренаж қою керек.

Самайасты және қанатша-таңдай шүңқыршаларының абсцестері мен флегмоналары. Самайасты шұңқыршасының анатомиялық шегі: артында — біз тәрізді өсіндіге бекитін бұлшықеттер, алдында — жоғарғы жақ сүйегінің бұдыры, латеральды (қапталында) — төменгі жақ сүйегі бұтағының ішкі беті, үстінде-самайасты қыры, медиальды жағында қанатша-таңдай шұңқыршасымен шектеседі.

Самайасты шұңқыршасы көзасты саңылауы арқылы — көз ұясымен (шарасымен), ал төмен жағында саңылаулы клетчаткалар аралығы арқылы жұтқыншақ маңы, жақ-қанатша кеңістігімен және ұрттың май түйінімен байланысады. Осы аймақта орналасқан қанатша (венозды) өрімдері, коллатеральдар арқылы бас сүйегі вена куыстарымен тіке байланысқан. Сондықтан инфекцияның бас сүйек қуысына тарап, өмірге қауіпті асқынулар тудыруы мүмкін. Самайасты және қанатша таңдай шүңқыршаларында іріңді процестің пайда болуына, жоғарғы азу тістер себепкер болады.

Бұл флегмоналардың клиникалық көрінісі өте ауыр, интоксикация күшейіп, зардапты бас ауыруы пайда болады, дене қызуы көтеріледі. Бірінші тәуліктерде өзгеріс байқай қою қиын, тек ауыз қуысы арқылы жоғарғы жақ бұдырын қолмен басқанда — қатты ауыратыны және өтпелі қатпардың тегістелгені байқалады. Кейінірек шығыңқы бет сүйегі доғасының жоғарғы жағында инфильтрат пайда болып, қабақ домбығады. Ірің жедел түрде жұтқыншақ маңына жайылып, жұтыну және дем алу процестерін қиындатады. Іріңді шығару үшін үлкен азу тістердің тұсында шырышты қабықты 2,5—3 см етіп тіліп, иілген қан тоқтатқыш қысқашты жоғарғы жақ бұдырымен астынан жоғары қарай, сырттан ішке қарай, алдынан артқа қарай бағыттап, қанатша-таңдай шұңқыршасының кіре берісіне жетеді де, қысқаштың аузын ашып сол бойымен кейін шығарады. Ауыз куысын антисептик ерітінділерімен жиі шайқау керек.

Жүмсақ және қатты таңдайдың іріңді процестері. Жұмсақ таңдайдың аумағында аз ғана клетчаткалардың бар екені анық. Сондықтан осы жерде абсцестер мен флегмоналардың пайда болуы ықтимал. Бүл жерге инфекция, көбінесе жоғарғы үшінші азу тістің түбір ұшынан жетуі мүмкін. Жұмсақ таңдай мөлшері дереу үлкейіп, сау жағына қарай жылжыған, бұлшықеттері шала салға, парезге ұшыраған.

Емдеуі. Шырышты қабықтың томпайып көтеріліп тұрған жерін, алдынан артқа қарай ұзындығы 2 см етіп тіледі. Қатты таңдайда абсцестер альвеолдық өсіндінің таңдай бетіне жақын орналасқан, бұзылған тіс түбірлерінен пайда болады (кіші күрек тістер, бірінші азу тістің таңдай түбірі). Қатты таңдайдың шырышты қабығының астына жиналған ірің қатты ауырады, өйткені бұл жерде борпылдақ клетчатка болмайды. Сондықтан шырышты қабық сүйек сырты қабығымен бірге сүйектен ажырап, сезімтал нерв талшықтарының тітіркенуіне әкеп соғады. Абсцесті ашу үшін, шырышты қабықты инфильтраттың дәл ортасынан үшбұрышты не ромбы тәрізді етіп кесіп алып тастау қажет. Сонда ірің дереу, шығады, жараның шеттері тез жабыса қоймайды.


Төменгі жақ сүйегі маңында кездесетін абсцестер мен флегмоналар

Анатомиялық топографиясы: алдында — төменгі жақ сүйегінің иек бөлімі, шет қапталдарында оң және сол қос қарынша бұлшықетінің алдыңғы қарынша бөлігі, үстінде — жақ-тіласты бұлшықеті, артында — тіласты сүйегінің денесі, төменінде — мойынның меншікті фасциясы. Бұл жерде бұлшықет арасы борпылдақ клетчаткасы және 2—4 иекасты лимфа түйіндері орналасқан. Бүл аймақта іріңді қабынудың пайда болуына лимфа түйіндерінің қабынуы және төменгі күрек тістердің түбір ұшында инфекция ошағының болуы себепші деп есептеледі.

Клиникасы. Екінші иек тәрізді қатты ауыратын инфильтрат пайда болып, бет аумағы ұзарғандай көрінеді. Жалпы көрінісі онша ауыр емес. Ауыз ашу шектелмеген, ауыз қуысы түбінің шырышты қабығы өзгермеген, тек әбден асқынған жағдайда шырышты қабық домбығады, ал тері қабатында — қан кернеп қызару және флюктуация пайда болады.

Іріңді шығару үшін иекасты аймағының терісін ортаңғы сызықпен ұзындығы 2—2,5 см етіп тіледі де, қан тоқтатқыш қысқашпен тіндерді жылжытып (сырып), ірің шыққанға дейін ашады. Жараға дренаж қойып таңады.



Төменгі жақасты үшбұрышының абсцестері мен флегмоналары. Үшбұрыштың анатомиялық шегі: төменгі жақ сүйектің төменгі қыры, қос қарынша бұлшықетінің алдыңғы және артқы қарыншалары, үстіңгі шегі — жақ-тіласты бұлшықеті, астыңғы шегі — мойынның меншікті фасциясының беткей қабықшасы. Жақасты кеңістігін толтырып тұратын клетчаткада жақасты сілекей безі, бет артериясы, алдыңғы бет венасы лимфа туйіні орналасады. Бұл жерге инфекция — кешеуілдеп жарып келе жатқан үшінші азу тістен, төменгі үлкен және кіші азу тістердің түбір ұшында болатын қабыну процестерінен тарайды. Жақ астында ауыратын ісік пайда болып, жұтынуда ауырсынады. Жақасты үшбұрыштығының тереңінде тығыз, ауыратын инфильтрат пайда болып, тері қабаты керіле бастайды. Коллатеральды домбығу күшейіп, төменгі жақ сүйек қимылында ауырсынады. Төменгі жақасты аймағының және 2-3 дәрежелі жақ флегмонасы қарысуы болуы мүмкін. (21-сурет)

21-сурет. Төменгі жақасты аймағының флегмонасы.


Флегмона — даму шыңына жете бергенде, дене қызуы 3 8— 3 9° көтеріліп, науқастың жалпы жағдайы нашарлап, тәбеті мен ұйқысы бұзылады. Іріңді зат мойынға жұтқыншақ маңы кеңістігіне және ауыз қуысы түбіне таралуы мүмкін. Сондай-ақ алдыңғы бет жүйесі және мойындырық венасының тромбозы болуы ықтимал.

Жақасты клетчаткалы кеңістігінің флегмонасы сепсиспен және медиастинитпен асқынуы мүмкін.

Емі. Флегмонаны ашу үшін, төменгі жақ сүйегінің қырынан төмен қарай және оған параллель 1—2 см төмен ұзындығы 3—4 см тері қабатын тіледі де, теріасты клетчаткасы мен бұлшықеттерін қан тоқтатқыш қысқашпен ашады. Іріңді шығарып, жараға дренаж қояды.

Меншікті шайнау еті асты кеңістігінің абсцестері мен флегмоналары. Кеңістіктің топографиялық анатомиясы: төменгі жақ сүйегі бұтағының сыртқы беті — медиальды шегі, меншікті шайнау етінің ішкі беті — латеральды шегі, шықшыт доғасының қыры — үстіңгі шегі, төменгі жақ сүйегі қыры — астыңғы шегі болып табылады. Бұл жерде маи клетчаткасы аз болғандықтан, ірің меншікті шайнау еті мен сүйек сырты қабығы араларында жиналады. Аурудың себебі — төменгі үшінші азу тістің кешігіп қиналып жаруы және төменгі азу тістер жанындағы тіндердегі инфекциялардың лимфа және вена жолдары арқылы таралуы.



Клиникасы. Меншікті шайнау етінің бекіген тұсында, яғни төменгі жақ сүйегінің бұрышынан жоғары тығыз, ауыратын инфильтраттың пайда болуынан, бет әлпет өзгереді. Тері қабаты өзгермейді, бірақ I—II дәрежелі қабыну контрактурасы пайда болады. Науқастың жалпы жағдайы — орташа, асқынған жағдайда — ауыр, дене қызуы 38—39 градусқа дейін көтеріледі. Ауру әрі қарай асқынған кезде домбығу және инфильтрация самай, жақарты және құлақмаңы меншікті шайнау еті аймағына жайылып, ауыруы үдейді.

Емі. Іріңді затты шығару үшін төменгі жақтың бұрышын айналдыра ұзындығы 4—5 см етіп тері қабатын тіледі де, шайнау етінің бекілген жеріндегі сіңірін (жақтың бұрышына таман жерінде) жартылай кесіп, қан тоқтатқыш қысқашпен етті төмен жағынан, жақ сүйек бұтағының сыртынан ажыратады. Іріңді шығарып, жараға дренаж қояды.

Жақ сүйегі арты аймағының флегмонасы. Топографиялық анатомиясы. Жақарты шүңқыршасы төменгі жақ сүйектің бұтағының артқы қырымен — алдында, емізікше өсіндісімен оған бекитін — төс-бүғана-емізікше бұлшықетімен — артында, біз тәрізді өсінді мен оған бекіген еттермен — медиальды жағында, сыртқы дыбыс есту тесігімен — үстіңгі жағында шектеледі. Сырт жағында құлақмаңы шайнау еті фасциясымен жабылған. Бұл жерде лимфа түйіндері, май клетчаткасы, құлақмаңы сілекей безінің артқы полюсі орналасқан.

Флегмонаның пайда болуына, төменгі азу тістері мен инфекцияның көрші аймақтардан келуі себепші болады (подмассетериальды, жақасты аймақтары).



Клиникасы. Тығыз, ауыратын инфильтрат пайда болып, колла-теральды домбығу самай, құлақмаңы және сыртқы есту тесігі маңына жайылады. Жалпы жағдайы орташа, дене қызуы 38—39° дейін көтеріліп, төменгі жақ сүйегі мен мойын қимылы шектеледі. Іріңді шығару үшін төменгі жақ сүйегі бұтағының артқы қырына параллель етіп, ұзындығы 2,5 см-дей тері қабатын қандауырмен тіледі де, ары қарай тіндерді өткір емес аспаппен ашады. Іріңді шығарып, жараға дренаж қояды.

Жақ-қанатша кеңістігінің флегмонасы. Топографиялық анато-миясы. Жақ-қанатша кеңістігінің латеральды қабырғасын — төменгі жақ сүйегі бүтағының ішкі беті, артқы және төменгі қабырғасын — медиальды қанатша бұлшықетінің сыртқы беті құрайды. Жоғарғы жақ шегі — медиальды және латеральды қанатша бұлшықеттерінің фасциальды жапырағы, алдыңғы жағында — ұрт-жұтқыншақ жігі.

Жақ-қанатша кеңістігі борпылдақ клетчаткамен толтырылған, оның латеральды қабырғасының ортасында альвеолды нерв, артерия және вена өтетін төменгі жақ сүйек тесігі орналасқан. Қанатша-жақ кеңістігі — самайасты, қанатша-таңдай шүңқыршаларымен, жұтқыншақ маңы кеңістігі және жақарты аймағымен, ал дөңгелек тесік арқылы — үшкіл нерв бұтақтарының жолымен, бас қуысымен байланысады. Осы кеңістіктегі іріңді процестер, кей жағдайда адам өміріне қауіп туғызатын ауру болып табылады.

Жақ-қанатша кеңістігі клетчаткасының іріңді қабынуына көбінесе төменгі азу тістер себепші болады. Сондай-ақ инфекция мандибулярлық жансыздандыру кезінде де енуі мүмкін. Тістен пайда болған одонтогендік (инфекциялық флегмона) флегмоналарда қабыну инфильтраты — бұл кеңістіктің төменгі бөлімінде, ал инфекциялы флегмоналарда инфильтрат көбінесе кеңістіктің жоғарғы бөлімінде пайда болады.

Клиникасы. Қабынудың ең ерте білінетін белгісі — II—III дәрежелі контрактура және ауырсынып жұтыну болып есептеледі. Сонан соң төменгі жақ сүйегі бұрышында тығыз, ауыратын инфильтрат пайда болып, ауыз ашылуы одан әрі шектеледі. Жалпы жағдайы нашарлап, дене қызуы 38—39° көтеріледі. Ауыз қуысын тексергенде — алдыңғы таңдай иінінің, қанатша-жақ қатпарының шырышты қабығының инфильтрациясын көруге болады. Сондай-ақ Венсан симптомы байқалуы мүмкін (иек аймағының сезімталдығының бұзылуы) ол төменгі альвеолды нервісінің, жақ сүйегі өзегіне кірер жерінде қысылып қалуының салдары.

Емі. Іріңді шығару үшін төменгі жақ сүйегі бұрышын айналдыра, ұзындығы 4—4,5 см етіп, тері және теріасты клетчаткасын тіліп, ары қарай қан тоқтатқыш қысқашпен, төменгі жақ сүйегінің ішкі бетіне бекитін медиальды қанатша бұлшықетінің сіңірін сүйектен ажыратады. Аспапты жақсүйек бұтағының ішкі бетімен жылжыта отырып, іріңді шығарады. Жараға дренаж қойып таңады.

Қабыну кезеңінде инфильтрат қанатша-жақ кеңістігінің жоғарғы бөлімінде орналасса, іріңді шығару үшін ауыз қуысы арқылы қанатша-жақ қатпарына параллель етіп, шырышты қабықты тік кеседі, яғни қатпар мен төменгі жақ сүйегінің алдыңғы қыры арқылы. Өткір емес аспаппен қанатша-жақ кеңістігі тінін ашып іріңді шығарады.



Жүтқыншақмаңы кеңістігінің флегмонасы. Жұтқыншақмаңы кеңістігінің мөлшері кіші болғанымен, іріңді аурулар клиникасы үшін мағынасы бар. Өйткені бұл жерге кеңірдек жақын орналасады және үлкен қан тамыры, нерв бағандары өтеді. Сондықтан бұл аймақтың флегмоналары өмірге үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

Топографиялық анатомиясы. Жұтқыншақтың бүйір қабырғасының бұлшықеттері — кеңістіктің ішкі қабырғасын; медиальды қанатша бұлшықетінің ішкі беті — сыртқы қабырғасын; қанатша-жақ — алдыңғы қабырғасын; біз тәрізді өсінді өзіне бекитін үш бұлшықетпен және екі байламмен (Жонеско диафрагмасы) бірге — артқы қабырғасын; жақасты сілекей безі — астыңғы қабырғасын шектейді.

Парафарингеалды кеңістікте борпылдақ клетчатка да мол болады. Ол жақарты шұңқыршасымен, медиальды қанатша бұлшықетінің және бізше-жұтқыншақ апоневрозының арасына сыналап кіріп жатқан жұтқыншақ өсіндісі арқылы құлақмаңы (шықшыт) сікелей безі ұясымен, біз-тіласты және біз-тіл бұлшықеттері арқылы ауыз қуысы түбі және жақасты үшбұрыштығымен байланысады.

Жұтқыншақмаңы кеңістігінің іріңді қабынуына — балық сүйегінен немесе бөтен денелерден жарақаттану немесе басқа көрші аймақтардан (паротитте, баспада, ауыз қуысы түбі флегмонасында) инфекцияның кіруі себеп болады.

Клиникасы. Дене қызуы көтеріліп, жұтыну процесі құлаққа шауып, қатты ауырады. Науқастың жалпы жағдайы тез нашарлап, жұтынуы, дем алуы қиындайды, даусы қырылдап, міңгірлей бастайды. Бет келбеті дөңгелектеніп, көкшіл тартады. Ауызды ашу қиындайды. Лимфа түйіндері үлкейіп, ауырсынады (төс-бүғана-емізікше бұлшықеті бойындағы). Ауыз қуысының артқы бөлімін қарағанда онда жұмсақ таңдайдың, оның иіндерінің және жұтқыншақтың бүйір қабырғасының домбығуы мен инфильтрациясын көруге болады, жұмсақ таңдай тілігі сау жаққа қарай жылжыған, жұтқыншақ (аңқа) кішірейген.

Парафарингеалды кеңістіктің қауіпті асқынуы — көкірек қуысының іріңдеуі, яғни медиастинит болып есептеледі. Көкірек қуысына инфекцияны өткізуші болып, ұйқы, мойындырық веналары, бассүйек-ми нервтерінің бағандары есептеледі.



Емі. Парафарингеалды кеңістіктің іріңін шығару үшін, төменгі жақ сүйегінің бүрышын айналдыра, ұзындығы 4—4,5 см етіп тері қабатын тіледі де, қан тоқтатқыш қысқашты медиальды қанатша бұлшықетінің ішкі бетімен астынан жоғары қарай, сырттан ішке қарай жылжытады. Ірің шыққан соң, жараға дренаж қояды. Егер шектелген абсцесс пайда болса, онда қанатша-жақ қатпарына параллель ішке қарай, ауыз қуысы арқылы тік, тереңдігі 0,5—0,75 см-дей шырышты қабықты тіледі де, қан тоқтатқыш қысқашпен тінді ашып, іріңді шығарады. Ауыз қуысын жылы антисептиктермен бірнеше рет шайқайды.

Тамақасты флегмонасы. Топографиялық анатомиясы. Тамақ астын (диафрагма) аша сүйек-жақ-тіласты бұлшықеті қүрайды. Оның жоғарғы жағында симметриялы түрде — иек-тіл және тіласты-иек бұлшықеттері орналасады; диафрагаадан төмен қосқарынша бұлшықетінің алдыңғы қарыншасы орналасады. Осы еттердің арасында борпылдақ клетчатка болады.

Аша сүйек-жақ-тіласты бұлшықеті тамақ астын 2 қабатқа бөледі — жоғарғы және төменгі. Жоғарғы қабатында — тіласты сілекей бездері, төменгі қабатында — жақасты сілекей бездері, қан тамырлары, нервтер мен лимфа түйіндері орналасады.



Тамақасты флегмонасының пайда болуына — төменгі азу тістері мен басқа аймақтардан (тамақасты үшбұрыштығы, жұтқыншақмаңы немесе қанатша-жақ кеңістігі) инфекцияның кіруі және сілекей безі себепші болады.

Клиникасы. Науқастың жалпы жағдайы ауыр, дене қызуы 39—40 градусқа дейін көтеріледі де, тамыр соғуы жиілейді. Тынысы жиілеп, ауырлайды. Беттің төменгі бөлімінде — жайылмалы, ауыратын, тығыз инфильтрат пайда болып, тері қабаты керіліп, қан кернеп қызарады. Ауызы жартылай ашылып, тілі кеуіп, ауызға сыймай тұрады (инфильтраттың әсерінен). Ауыздан жағымсыз иіс шығады. Сілекей қою және таза емес (22-сурет).

22-сурет. Ауыз қуысы түбінің флегмонасы.


Тіласты біліктері мен қатпарлары тілұшы астында үлкейіп, екінші тіл тәрізденіп тұрады. Жұтынуы қиындайды немесе мүлдем жұтына алмайды, даусы қырылдап, сөйлеу қиынға соғады.

Науқастың лажыз басы төмен салбырап, селқос жағдайда немесе шамадан тыс көтеріңкі күйде болуы мүмкін.



Емі. Іріңді ошақты уақтылы ашып, іріңді шығару өте қажет шара.

Тамақастының шектелген флегмонасында орта сызық бойымен ұзындығы 4 см-дей етіп иектен тіласты аша сүйегіне дейін тіліп, тіласты аймағына дейін аспаппен тінді ашады.

Ал тамақастының жайылмалы флегмонасында, орта сызық бойымен кесіп-ашып қана қоймай, жақасты үшбұрыштығында, төменгі жақ қырына параллель етіп, оң-сол жақтарын да тіледі. Барлық тілінген жер арқылы, клетчаткалы кеңістіктерді ашып, іріңді шығарады да, жараға жақсылап дренаж қояды.

Ауыз қуысы арқылы тек шырышты қабық астында кездесетін шектелген абсцестерді ғана тіледі,



Тіл-жақ абсцесі. Топографиялық анатомиясы. Тіл-жақ науасы үлкен азу тістердің түсында, тіласты аймағының артқы бүйір бөлімінде, төменгі жақ сүйегі денесінің ішкі беті мен тіл түбінің бүйір қабырғасында орналасқан.

Науаның ұзындығы 2—2,5 см, ені-1 —1,5 см, бүл жерде борпылдақ клетчатка орналасқан. Инфекция осы аймаққа төменгі азу тістерден енеді.

Жақ-тіл науасы қабынуын уақтылы анықтап емдемесе, ол жақасты кеңістігі және тамақасты флегмоналарымен асқынады.

Клиникасы. Ауру жедел басталып, науқас жұтынғанда, тіластының ауыратынын, сілекей бөлінуінің күшейгенін, ауызды ашудың шектелгенін және сөйлегенде, тамақ жегенде ауыратынын айтады. Дене қызуы, 37,5—39 градусқа дейін көтеріледі. Сырт көзбен қарағанда жақасты үшбұрыштығында ептеп ісік барын көруге болады. Ауыз қуысында жақ-тіл науасының шырышты қабығының көтеріліп, қан кернеп қызарғанын және қолмен басқанда қатты ауыратын инфильтраттың барын көруге болады. Сондай-ақ флюктуация бұл жерде ерте пайда болады.

Жақ-тіл науасы абсцесінің, зардапты ауыруы тіл нервісінің экссудатпен басылып қалуымен түсіндіріледі.

Емі. Іріңді шығарарда, тіл нервісі мен тіл венасын зақымдап алмау үшін, төменгі жақ сүйегінің ішкі беті мен науаның орта сызығының арасын, қандауырмен ұзындығы 2 см етіп тіледі де, қан тоқтатқыш қысқашпен тіндерді ашады. Іріңді зат шыққан соң ауыз қуысын антисептик ерітінділерімен жиі шайқау керек.

Ауыз қуысы түбінің флегмонасы (Людвиг баспасы). Бұл ауру туралы 1836 жылы неміс дәрігері Людвиг жазған.

Бұның кәдімгі флегмоналардан айырмашылығы, тамақасты тіндерінде іріңсіз некроз пайда болып, тіңдерде ірің орнына аз мөлшерде жағымсыз иісті, шикі ет жуған су тәріздес сұйықтық болады.

Людвиг баспасының пайда болуына бұзылған төменгі азу тістер, тонзиллит және пародонтоздың ауыр формалары себепші болуы мүмкін.

Ауруды — анаэробты инфекциялар тудырады (гемолитикалық стрептококк).

Людвиг баспасында негізгі процесс бұлшықеттерде жүреді. Ол жиі жақасты аймағында басталып, дереу ауыз қуысы түбінің тіндеріне жайылады. Сондықтан өте тығыз, жайылмалы, аздап ауыратын инфильтрат пайда болады (тығыздығы ағаш тәрізді). Тері қабаты домбығып керілген, Түсі мрамор тәріздес, бірақ қан кернеп қызармаған. Ауызы жартылай ашылып, тіл көлемі үлкейіп, көтеріледі, ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығады.

Тыныс алуы жиілеп, қиындайды. Науқас — лажысыз жартылай отырған күйде болады, мұрын-ерін қатпары көкшіл тартып, жұтынуы ауырлап, сөзі түсініксіз болады. Интоксикация күшейіп, жүрек-қан тамыры, орталық нерв жүйелері жағынан өзгеріс байқалады. Дене қызуы 3 8—38,5° дейін көтеріледі.

Ауру басталғаннан 3—4 күн өткен соң, инфильтратты қолмен басса, газ көпіршіктерінің крепитациясы байқалады. Ол тері астында тіндердің шіруінен пайда болады.

Людвиг баспасында интоксикацияның, сепсистің, жүрек қызметі нашарлауының және тыныс алу орталығының зардап шегуінің әсерінен өлім-жітім жағдайы көп кездеседі (40—60% дейін).



Емі. Хирургиялық ем тәсілін неғүрлым ерте қолданған жөн. Барлық инфильтрацияға ұшыраған тіндер және бұлшықетаралық кеңістіктері кең ашылуы тиіс. Ол тіндерге ауаның жеңіл жетуін қамтамасыз етеді. Тілінетін жер төменгі жақ сүйегінің бір бұрышына дейін жақ сүйекке параллель (жаға тәрізді) болуы тиіс. Сонымен бірге жақ сүйекке бекіген бұлшықеттер де кесілуі тиіс. Инфильтратты тіліп ашқанда одан аз мөлшерде жағымсыз, сүр түсті лайлы сүйық зат және газ көпіршіктері шығады.

Бұлшықеттер, клетчаткалар, сілекей бездері піскен ет түстес болады.

Инфильтратты кең ашып, ұзақ уақыт оксигенция (кеңістіктерге оттегін кіргізу) жүргізу қажет. Ол үшін жараны 1% сутегі тотығы ерітіндісімен калий перманганатын қосып жуады, сондай-ақ тампонға марганец қышқылды калий ерітіндісін сіңдіріп жараға қоюға болады. Бактерияларға қарсы еммен бірге гангренаға қарсы бағытталған сарысуды (сыворотка) да тағайындау қажет.

Тілдің абсцестері мен флегмоналары. Топографиялық анатомиясы. Тілдің жоғарғы бөлімі — ұзынша және көлденең жолақты бұлшықеттердің талшықтарынан тұрады. Төменгі бөлімі немесе түбірі — жұп иек бұлшықеті, тіласты-аша-сүйек-тіл бұлшықеті, бір өсіндісі — тіл бұлшықеті және таңдай-тіл бұлшықеттерінен тұрады.

Бұлшықеттердің арасында клетчаткалы кеңістіктер болады, Тіл қан және лимфа тамырларына өте бай келеді. Әсіресе иек-тіл бұлшықеті — тілге өткен жерінде өте көп клетчатка және екі лимфа түйіні орналасқан.

Тілдің іріңдеп қабынуы әртүрлі себептерге байланысты бұзылған тіс сауытының өткір қыры, протездер және т. б. Сондай-ақ тіл абсцестері жаралы ауыз уылуынан (стоматит), тонзилиттің асқынуынан да пайда болуы мүмкін.

Бұл жердің іріңді процестері: 1)тілдің меншікті бұлшықеттері аралығының жоғарғы бөлімінде шектелген абсцесс; 2) жайылмалы флегмоналы қабыну; 3) тіл түбірінің абсцесі немесе флегмонасы ретінде кездесуі мүмкін.



Клиникасы. Тілдің беткей орналасқан абсцестерінде — бір жақ жартысында немесе орта шенінде қатты ауыратын, шектелген инфильтрат пайда болады. Содан кейін тілдің көлемі үлкейіп, бетінде тіс дақтары (іздері) көріне бастайды. Тіл домбығып, инфильтраттың шегі үлкейеді. Ауыздан жағымсыз иіс шығып, созылған сілекей бөлінеді. Даусы қырылдап, жұтына алмаушылық байқалады. Дене қызуы 38°-қа дейін көтеріліп, жақасты, иекасты лимфа түйіндері ауырып, үлкейеді. Беткей орналасқан абсцестерді, тілдің бойымен кішкене ғана тіліп ашады.

Ал терең орналасқан флегмонада инфильтрат және іріңдік тілдің төменгі бүйір бетінде кездеседі. Науқастың жалпы жағдайы ауырлап, тілдің көлемі үлкейеді де, қимылы шектеледі.

Тіл флегмонасын — бүйір бетін тілу арқылы ашады, кейбір жағдайларда, тіл арқасы бойымен қосымша тіліп ашады.

Тіл түбірі флегмонасы өте ауыр жүреді: дене қызуы 39—40° дейін көтеріліп, дене қалшылдап, науқастар ұйықтай алмайтындығына және тұншығып қалу қорқынышына шағымданады.

Науқастар жүтына алмайды немесе өте ауыр жұтынады. Бет әлпеті бозарып, сәл көкшіл тартып, көз қарашығы үлкеюі мүмкін.

Тіл үлкейген, бірақ жұмсақ, пальпация жасағанда тілдің түбір жағы ауырады. Иекасты аймағында (тіласты аша сүйегіне жақын жерде) ауыратын инфильтрат байқалады.

Тіл түбірі флегмонасын ашу үшін, иекасты аймағында, орта сызық бойымен тері және теріасты клетчаткасын тіліп, аспаппен қос қарынша бұлшықетінің алдыңғы қарыншасын жылжытады (арасын ашады). Содан соң аша сүйек-жақ тіласты бұлшықетін орта жігінен кесіп, қолдың саусағымен тіл түбіріне жетеді. Ірің шыққан соң, жараға кең етіп дренаж қояды. Кейбір науқастарда, ірің 2 тәулік өткен соң ғана пайда болуы ықтимал.

Егер тыныс алу қызметі нашарлай берсе, онда трахеотомия жасау қажет.



Жақ-бет аймағы флегмоналарын емдеудің негізгі қағидалары

Емдеу жолы жан-жақты комплексті шаралардан тұруы қажет. Негізгі шаралар:

1) Хирургиялық емі Мақсаты: жұмсақ тіндердегі ошақты іріңді ашып, дренаж жасау; 2)микробқа қарсы; 3)интоксикацияға қарсы; 4)сенсибилизацияға қарсы; 5)организмнің нашарлаған функциясын қалпына келтіруге бағытталған; 6)жалпы әлдендіргіш және иммуды биологиялық қасиеттерді көтеру үшін бағытталған стимуляциялық емдер.

Жақ-бет аймағының флегмонасында оперативтік ем, яғни бұзылған (қабынуға себепші болған) тісті жұлу және жұмсақ тіндерді ашып, іріңді шығару кейінге қалдыруға болмайтын, кей жағдайда шұғыл операция түріне жатады.

Тісті жұлудың негізгі мақсаты — сүйек ішіндегі іріңді дренаж шығарып токсиндердің қанға сіңуін және экссудаттың сүйек өзектері арқылы жайылуын азайту болып табылады.

Сонымен бірге, тісті жұлғанда, инфекция „көзі" де жойылады.



Микробқа қарсы ем. Антибиотиктер. Микробтар клеткасына әсер ету механизміне байланысты антибиотиктер екіге бөлінеді: 1) Бактерицидті; 2) Бактериостатикті әсерлі антибиотиктер.

Егер организмнің реактивтігі сақталса, онда бактериостатикті антибиотиктерді (стрептомицин, неомицин, нитрофурандар тобы, фурадонин, фурагин) тағайындайды. Жедел одонтогенді инфекцияларда пенициллиннің жартылай синтетикалық препараттары, жоғары нәтижелі болып есептеледі. Олардың кейбірлері пенициллинге тұрақты микробтар штамдарында антибактериалды әсер етеді. Олардың бірі — метациклин, 1960 жылы алынған. Оның ерекшелігі — бензилпенициллинге және басқа да антибиотиктерге тұрақты стафилококктарға әсер етеді.

Метициллин организмнен дереу бөлініп шығады, сондықтан оны бұлшықет ішіне тәулігіне 1 гр-нан 4—6 рет салады.

Одонтогенді инфекциялардың асқынған жағдайында (сепсис) метициллиннің тәуліктік дозасын 10—12 г дейін көбейту қажет.

Оксациллин — әлсіз қышқыл ортаға тұрақты, сондықтан оны ішке тәулігіне, 5 грамнан 4—6 рет (тамақ ішер алдында 30—40 мин бұрын) тағайындайды. Бұлшықет ішіне де тәулігіне 0,5 грамм-нан 4—6 рет жіберіледі.

Пенициллиннің басқа түрлеріне қарағанда, ампициллиннің әсер ету спектрі үлкен. Ол грамм оң және грамм теріс бактерияларды жоя алады. Оны ішке, тамақ ішерден 30—40 минут бұрын тәулігіне 0,5 граммнан 4—6 рет тағайындайды.

Тетрациклиндер — микробтарға бактериостатикті әсер етеді. (Пенициллин мен стрептомицинге түрақты түрлеріне). Олар жаңа микроб клеткалары пайда болу үшін қажет белок синтезін ұстап қалады.

Тетрациклин немесе окситетрациклин гидрохлориді 1—2% новокаин ерітіндісінде 0,1—0,25 граммнан тәулігіне 3—4 рет бұлшықет ішіне енгізіледі. Морфоциклин — остеотропты антибиотик қатарына жатады, сондықтан ол сүйек тініндегі инфекцияға, басқа антибиотиктерге қарағанда күшті әсер етеді. Оны көбінесе жедел одонтогенді остеомиелитте тағайындайды. Оның 10—20 мл 5% глюкоза ерітіндісіндегі 0,1—0,15 грамы венаға тәулігіне І рет жәйлап жіберіледі. Ем курсы 5—7 күн.

Стрептомициндер — көбейіп келе жатқан микробтар клеткаларына, бактериостатикті әсер етеді. Ас қорыту жолында нашар сіңетін болғандықтан, оны бұлшықет ішіне тәулігіне 0,5—1,0 г 2 рет енгізеді.

Стрептомициннің бір инъекциясы 8 сағаттан көп уақыт қан құрамында жүреді.

Неомициндердің әсер ету спектрі кең, бірақ орталық нерв жүйесіне және бүйрекке улы әсер етеді.

Қисындасқан антибиотиктер. Олететрин — олеандомицин мен тетрациклиннен тұрады, спектрі кең болғандықтан, грамм теріс бактерияларға күшті әсер етеді. Сондықтан оны қатты ауырған жағдайларда тағайындайды.

Олететрин таблеткасын тәулігіне 4—5 рет 0,5 г-нан қабылдайды.

Тетраолеан (сигмамицин) олететрин тәрізді, тек бұлшықет ішіне 0,1 г-нан изотониялық ерітіндіде тәулігіне 2—3 рет енгізеді.

Олеоморфоциклин — олеандомицин мен морфоциклиннің қоспасы; оны венаға 0,26 г (250 000) тәулігіне 1 рет қана жібереді.



Басқа топтағы антибиотиктер. Ристомицин — күрделі құрылысы бар, жоғары молекулалы антибиотик. Басқа антибиотиктерге тұрақты микробтарға қарсы тиімді дәрі. Оны ауыр сепсистік жағдайларда қолданады.

Вена арқылы тамшылатып, 500 000 Б. тәулігіне 2 рет енгізеді. Сонымен бірге қан құрамы мен бүйректің несеп бөлу функциясын (қызметін) қадағалау қажет.

Линкомицин — кейбір анаэробтарға антибактериалды әсер етеді. Оны басқа антибиотиктерге тұрақты микробтардан пайда болған сепсистік жағдайларда қолданады. Бұлшықет ішіне 0,5 г тәулігіне 2 рет немесе капсула түрінде тамақ ішерден 1 сағат бүрын, 0,5 г-нан тәулігіне 3 рет береді.

Науқастар линкомицинді жақсы көтереді, бірақ бауыр мен бүйрек қатты ауыратын жағдайларда тағайындауға болмайды.

Одонтогенді инфекцияда, микрофлора көбінесе цепоринге сезімтал келеді.

Ол бұлшықет ішіне енгізіледі. Ең жоғары тәуліктік дозасы 6 г.



Сульфаниламидті препараттар кокктардан пайда болатын ауруларда тиімді келеді.

Олардың жеткіліксіз дозасын қабылдағанда немесе қабылдауды ерте тоқтатқан жағдайда, микробтардың оларға тұрақтылығы пайда болады да, бірнеше буынына тарайды. Сондықтан ұзақ әсер ететін сульфаниламидті препараттарды тағайындаудан бұрын, науқастың дәріні „көтере" алатындығын анықтау қажет. Науқастар, бұл препараттарымен бірге тәулігіне 3 л сұйық зат ішуі керек. Ол бүйректе тас пайда болмауы және препараттың организмде дереу еріп сіңуі үшін қажет. Сонымен бірге „В" тобындағы витаминдердің орташа дозасын тағайындау қажет, өйткені сульфаниламидтер „В" тобындағы витаминдердің синтезін жасайтын ішектегі сапрофитті бактериялардың қызметін баяулатады.

Жалпы кез келген инфекциялы процестерде зат алмасудың жеделдеуіне байланысты, организмге витаминдер мен белоктардың шығындалуы үдейді. Сондықтан антибиотиктер мен сульфаниламидтерді қабылдағанда витаминдер мен белоктарды тағайындау қажет. Олар — инфекцияның пенициллинге тұрақтылығын жеңу үшін және пенициллиназаны инактивациялау үшін қажет.

Жедел одонтогенді инфекцияның интенсивті (қарқынды, үдемелі) емі. Интенсивті ем өмірге қажет ағза мен жүйелердің бұзылған функциясын уақытша басқару.



Жедел одонтогенді инфекцияның, интенсивті емнің мақсаты мыналар:

1. Тыныс алу қызметін реттеу (сыртқы және тіндік);

2. Адекватты (бара-бар) қан айналысын қолдау;

3. Зат алмасу процестерін ретке келтіру (ас қорыту жолдары мен бүйрек);

4. Нерв және эндокриндік жүйелердің қызметін реттеу;

5. Қабынуға қарсы көлемді және мақсатты бағытталған ем;

6. Интоксикацияға қарсы шара;

7. Қанның ұйытатын және ұйытуға қарсы жүйелерінің жұмысын реттеу.

Жақ-бет аймағының флегмонасында, тыныс алудың жетіспеушілігі (асфиксия): а)орталықтан; б)тыныс жолдарының обтурациясынан (бітелуінен) пайда болуы мүмкін.

Орталықтан пайда болатын тыныс алудың жетіспеушілігі — тыныс алу орталығының токсиндерден зардап шегуіне байланысты. Сондай-ақ науқастарға тағайындалған дәрілердің депрессиясынан да пайда болуы мүмкін (аминазин, морфий, барбитураттар).

Бүл ауруды емдеу — тыныс алдыру аналептиктерін тағайындау (цититон, лобелин, кордиамин). Тыныс алу орталығы „терең" бұзылған кезде өкпеде ауа алмастыруды ұзақ уақыт қолдан жүргізу үшін трахеостома салады.

Тыныс алудың жетіспеушілігі ірің көмей кіре-берісінің клетчаткасында орналасқанда, сондай-ақ тамақасты және тіл түбірі флегмоналарында қоршаған тіндердің домбығуынан, көмей кіре-берісінің тарылуы әсерінен пайда болуы мүмкін.

Сонымен бірге ауыз қуысында операция жасағанда, ірің мен қанның көмейге кетуінен аспирациялық асфикция болуы ықтимал.

Тамақасты және тіл түбірі флегмоналарын тіліп-ашқан соң „домбығуға" қарсы ем тағайындаған жөн (вена арқылы 0,5—1 г гидрокортизон, эуфиллин және кальций хлориді). Ауыз қуысындағы қою сілекейді шығару үшін 2% натрий бикарбонаты ерітіндісімен шайқау керек.


БЕТ ЖӘНЕ МОЙЫН ЛИМФАДЕНИТІ

Лимфа ағзалармен дене бөлшеқтеріне жеткізетін тамырлар оның бойына орналасқан лимфатикалық түйіндер лимфатикалық жүйе құрып, адам организімінде көптеген міндеттер атқарады. Лимфаны тіндерден венаға өткізеді (өткізгіш міндет), лимфоидтық элементтер құрады (лимфопоэз) және организмге кірген бөтен заттарды сүзіп аластайды (тосқауыл міндет). Лимфатикалық тармақтармен қатерлі ісік клеткалары жайылып басқа ағзаларға жетеді (метастаза).

Лимфатикалық түйін домалақ немесе сопақша болып келеді де, мөлшері бидай дәнінен бұршақтай болады. Ол дәнекер қапшықпен қапталып, түйінге қарай перделермен бөлінеді. Перделер арасы лимфоидтық тіндермен толтырылған, ол қабыршақ ми заттарына ұқсас орналасқан. Лимфоидтық тіндер мен перделердің арасында кеңістіктер бар,— ол лимфатикалық синустар деп аталады.

Лимфа, лимфатикалық түйіндерге синусқа келіп ашылатын лимфатикалық тамырлар арқылы жетеді. Синустарда лимфа ағуы баяулап ол түйін тіндерінде жатқан лимфоциттермен бірге алып кеткіш тамырлар арқылы әрі қарай жылжиды.

Жақ-бет аймағынан, лимфа жинайтын лимфатикалық түйіндерге мыналар жатады: құлақмаңы, құлақарты, жақарты, жұтқыншақарты, ұрт, төменгі жақ, иекасты, төменгі жақасты, беткей және тереңде орналасқан мойын түйіндері, тілдің лимфатикалық түйіні. Құлақ маңындағы лимфатикалық түйіндер құлақ қалқаны мен сыртқы құлақ тесігінен алдыңғы жағына орналасып, құлақ маңайындағы сілекей бездерімен тығыз байланыста болады.

Құлақ маңындағы түйіндер беткей (1—2) олар без қапшығының сыртында және терең (4—10) түйіндер (И. И. Косицин бойынша), олар без түйіні бөліктерінің арасында тереңірек, құлақтың сырғалық бөлігінің турасында.

Құлақарты лимфатикалық түйіні, емізікше өсіндінің маңайында орналасқан. Төменгі жақ лимфатикалық түйіні, жақ бұрышының артқы жағында, құлақ қалқанының астында, олар құлақ маңайындағы сілекей бездерімен жабылып түрады.

Жұтқыншақарты үш-төрттен жұтқыншақтың артқы кеңістігіндегі клеткада орналасқан. Жұтқыншақтың ауыз қуыс бөлімінде, ұрттық түйіндер, ұрттық бұлшықеттердің беткей жағында орналасып, алдыңғы топ ауыздың езу маңында, ал артқы топ ұрт бұлшықетінің арасынан өтетін сілекей безі өзегінің маңында орналасқан. Бұлар көп емес, әр топта бір-екі түйігі ғана және С. П. Бердышевтің зерттеуі бойынша бұлар көбінесе тұрақсыз болады.

Астыңғы жақ түйіндері, астыңғы жақ сүйек денесінің шайнау бұлшықеттерінің бекитін жерлерінің алдыңғы қатарында бет артериясы мен вена аралығында бір-екеу және тұрақсыз болады.

Иекасты лимфатикалық бездері (әдетте 2—4) жақ-тіласты бұлшықетінің беткей жағында қос қарыншалы бүлшықетінің, алдыңғы қарыншаларының ортасында орналасады.

Төменгі жақасты лимфатикалық түйіндері үш топқа бөлінеді: алдыңғы, ортаңғы, артқы. Олар жақасты үш бұрышында, сілекей безінің орналасатын жерінде, оның қапшығының тысқары әр жағында 3— 10 түйіннен болады. Тілдің лимфатикалық түйіндері, тілдің астында тіласты-тіл, иек-тіл бұлшықеттерінің ортасында тереңірек орналасып әр жағында бір-бір түйіннен болады. Мойынның беткей және терең орналасқан лимфатикалық түйіндері үлкен тамырларды, нервтерді және төс-бүғана-емізікше бұлшықет-терін жағалап көпқатарлы тор құрып моншақ тәріздес орналасқан.

Бет аймағынан барлық лимфатикалық түйіндерінің ұрт түйіндерінен басқа (алып кетуші) тамырлар лимфаны тереңдегі мойын түйініне апарады. Ал ұрттың алып кетуші тамыры лимфаның жақасты түйініне апарады. Бет аймағының лимфатикалық түйіндерінің афферентті (алып келуші) тамырлары көптеп саналады, олар қабат-қабат болып орналасып (тері, терінің майлы клетчаткасы, бұлшықет) лимфаны бет-жақ ағзаларынан әкеледі.

Ұрт, төменгі жақ, жақарты, жақасты, иекасты лимфатикалық түйіндер, тіс жүйесінен, жақтардан, сілекей бездерінен, ауыздың шырышты қабығынан, мұрынның қосалқы қуыстарынан лимфаны қабылдайды (онымен қоса организмдегі инфекцияны). Олар жоғарыда аталған ағзалар мен дене бөліктерінің, алдыңғы қатарлы аймақтық лимфатикалық түйіндері болып саналады.

Қабыну процестері алғашқы басталған кезден-ақ аймақты лим-фатикалық тамырлардың өткізгіш қасиеті бүзылады, лимфаның жылжуы бәсеңдейді осы арқылы организмдегі қатерлі заттар патологиялық ортадан, лимфатикалық тамыр мен түйін көмегімен венаға келіп қүйылады.

Қабыңу процесінің өршіген кезінде лимфатикалық тамырларда тромб пайда болады, лимфатикалық жүйе тежеледі де, қабынуды іріңді аймақтан жан-жаққа таратпайды. Микробтар, олардан бөліп шығаратын улы заттар жинақталып лимфа тамырларын, түйіндерін патологиялық өзгеріске ұшыратады (И. Руфанов 1960).

Лимфа тамырларының қабынуы (лимфангоит) бет-жақ аймағында сирек кездеседі, жиі кездесетіні лимфа түйіндерінің қабынуы (лимфаденит).



Этиологиясы мен патогенезі. Қабыну процесін әр микрофлора қоздыра алады, соның ішінде стафилококк пен стрептококктың орны ерекше. Лимфадениттер одонтогенді, одонтогенді емес болып бөлінеді. Одонтогендіге инфекциялы-одонтогенді қабыну ошақтары (жедел және созылмалы перйодонтиттер, периостит, жақ остеомиелиті, іріңді киста, перикоронарит, пародонтоз т. б.) болып табылады.

Одонтогенді емес топтарына пиодермиялық, стоматогендік, ри-ногендік, тонзилогендік т. б. симптоматиялық лимфадениттер жатады, олардың тіс-жақ жүйесімен байланысы жоқ.

Кей уақытта алғашқы қабыну ошағын таба алмағанда және қабыну процесі тез сөніп қалуына байланысты лимфадениттің өздігінен (алғашқы лимфаденит) пайда болуы мүмкін деген тұжырымға келеді.

Жоғарыда аталған лимфадениттердің барлығын арнайы емес қабынуға жатқызамыз.

Ал арнайыға туберкулезді, актиномикозді, мерезді этиологиясы бар лимфадениттер жатады.

Олар жеке тарауда сипатталған.


Жедел лимфадениттер

Науқас басын қимылдатқанда ыңғайсыздық білініп, қабынған түйін немесе түйіндер аумағында әлсін-әлсін ауыру сезімі туады.

Аурудың алғашқы белгісі, қабынған аймақта көлемі шағын, домалақ, ауырмайтын немесе аздап ауыратын ісік пайда болады. Науқастың ауру тарихында тістер бадамшасының, жақ-бет аймағындағы тағы да басқа ағзалардың қабыну процестері болғаны аталған.

Сары су лимфаденитінде науқас организмінде жалпы өзгеріс байқалмайды, тек дене қызуы аздап көтеріліп (субфебрилді) лейкоцитоз (аздаған) болады. Қарап көргенде ауырған жағында қоршаулы ісік, терісі қозғалмалы өзгеріссіз болады.

Сипап көргенде ауыратын үлкейген, қозғалмалы тығыз, сопақша пішінді, лимфатикалық түйіндер байқалады. Мұқият тексергенде қабынудың алғашқы ошағы периодонтит, пародонтоз, перикоронарит, стоматит, тонзилит, шиқан немесе бет жарақаты т. б. анықталады.

Алғашқы қабыну ошағын жойған кезде сарысулы лимфадениттің кері дамуы басталады.

Емдеу дұрыс жүргізілмесе, сарысулы лимфаденит іріңді лимфаденитке айналады.

Науқастар, солқылдаған ауыру сезімінің қабынған аумақта күшейе түскеніне, мазасыздығына, тамаққа тәбетінің жоқтығына, дене қызуының көтерілуіне (37,2—38,0 дейін) шағым жасайды. Жергілікті периодонтиттің клиникалық көріністерінің басым болуына байланысты, лимфатикалық түйін шекараларының анықтығы жоғалады. Ол қозғалыссыз, басқа түйіндермен жабысып бірігіп, іріңдей бастайды. Қабынған түйіндер аумағындағы тері ісінген, қатты, қозғалыссыз, қызарған, артынан ол жұмсарады. Науқастың жалпы жағдайы ауырлайды. Шеткі қан айналысында, лейкоциттердің көбейгені байқалады. 10— 12 103 мкл, нейтрофилез сол жаққа жылжыған, эозинопения.



Патологиялық анатомиясы. Лимфатикалық түйіндегі қабыну оның қызаруынан және синустарының кеңеюінен басталады. Эндотелий клеткалары жиырылып, домалақтанып, қозғалып макрофагтың міндетін атқарып, микробтар мен бөтен заттарды ұстайды.

Аденофлегмона. Инфекциялық қабыну процесі үдеуінен лимфатикалық түйін қапшығының сырт жағындағы тіндерге жайылып лимфаденитке тән клиникалық сурет жойылып көбінесе остеофлегмонаға ұқсайды. Сөйтсе де аденофлегмонаның дамуы, ағысы остеофлегмонаға қарағанда жәй және ақырын болады. Дененің қызуы аденофлегмонада 37—38,7°, өте сирек жағдайда 39° көтеріледі.

Лейкоцитоз, нейтрофилез болады, ЭТЖ 30—40 мм/сағ дейін көтеріледі, бұл суреттер жәй дамитын процеске тән.

Қарап көргенде лимфатикалық түйіндер аумағында жайылмалы ісіктер көрінеді. Терінің қызарғаны, ісік үстіндегі терінің қатаюы, артынан жұмсаруы остеофлегмонаға қарағанда кешірек байқалады.

Жедел лимфаденитті емдеу. Ем одонтогенді, одонтогенді емес инфекцияның алғашқы ошағын жоюдан басталады. Кейінгі емдеу, аурудың клиникасына, кезеңіне байланысты. Жедел лифадениттің сарысулы кезеңінде консервативтік ем қажет, ол организмнің инфекциямен қарсыласуын, күресуін күшейтуге арналады (құнарлы тамақтану, поливитаминдер, десенсибилизациялық дәрі-дәрмектер).

Қабыну процесі асқына бастағанда антибактериялық емдерді (антибиотиктер, сульфаниламидтер, нитрофуран қатарынан дәрі-дәрмектер), физиоемдеуді бастайды (УЖЖ, ӨЖЖ сәл жылу мөлшерінде, УКС).

Іріңді лимфаденит пен аденофлегмонада іріңді ошақты тері жағынан кесіп дренаж қояды. Қалған ем бет-жақ аймағындағы абсцестер мен флегмоналарды емдеу шараларына тән.


Созылмалы лимфаденит

Созылмалы арнайы емес лимфаденит жедел лимфадениттің салдарынан немесе әлсіз вирулентті инфекцияның күшімен болады.

Аурулар лимфатикалық түйіндер аймағында домалақ ауырмайтын бірде үлкейіп, бірде кішірейетін ісіктерге көңіл аударады. Созылмалы лимфаденитпен ауырған аурулардың жалпы жағдайы қанағаттарлықтай, тек организмде созылмалы ошақтың болуы дене қызуын субфебрильді көтеріп, тез шаршау, мазасыздық туғызады. Ауруды тексеріп көрген кезде организмде одонтогенді немесе одонтогенді емес ошақтардың жойылмағаны белгілі болады. Кей уақытта аурудан сұрап білген кезде алғашқы ошақтың жойылғаны мәлім болады. Бірақ кейбір анотомиялық аумақтарда, ұстап көргенде жеке-жара, үлкейген аздап қозғалмалы, сәл ауыратын кейде ауырмайтын лимфатикалық түйіндердің бар екені белгілі болады. Олардың үстіндегі тері қабаттары өзгеріссіз. Бүл түйіндердің іріңдеуі өте сирек кездеседі тек алғашқы ошақтың қайта қозу процесі қайталанғанда.

Патологоанотомиялық суретте гиперпластикалық, деструктивтік және іріңді (қозған) созылмалы лимфадениттерді бөлуге болады. Созылмалы лимфадениттер бірте-бірте үзақ уақыт бойы лимфа түйіндерінің лимфоидтық элементтерінің гиперплазиялануымен сипатталады, кейінірек олар дәнекер тіндермен қоршалады. Лимфа түйіні жиырылып, фиброздық тартпаға айналып дәнекер тіндермен бірігіп кетеді. Созылмалы арнайы емес лимфаденитті созылмалы арнайы туберкулезден, актиномикотикалық және ме-резді этиологиясы бар лимфадениттерден ажырату керек.

Науқастарда, туберкулез ауруына тән улану байқалады, Пирке, Манту сынақтары оның дәлелдері бола алады. Жарадан алынған сүйықты микроскоп арқылы тексергенде тек туберкулездік гранулемаға тән клеткаларды көреміз, олар Пирогов-Лангганстың үлкен клеткалары.

Мерезді лимфаденитте бірнеше аймақтың түйіндері қабынады, олар өзара және айналасындағы тіндермен бірігіп жабыспайды, басып көргеңде қатты ауырмайды көбінесе моншақ тәрізді орналасады. Ешқашан іріңдемейді. Қабынған түйіндерден алынған сұйықтарды тексергенде бозғылт спирохеталарды көруге болады.

Созылмалы арнайы емес лимфадениттерді басқа аурулардан ажырату кезінде қатерсіз ісіктерді, дермоидты-сарысулы ісікті (киста), лимфа түйіндерінің алғашқы қатерлі ісіктерін (лимфогра-нулематоз, лимфа-және ретикулосаркома), қатерлі ісіктердің метастазасын ойдан шығармаған жөн.

Жоғарыда аталып өткен процестерден ажырату диагнозы үшін түбегейлі жиналған анамнез, жан-жақты клиникалық тексеріс өте қажет, бірақ түптеп келгенде цитологиялық және гистологиялық тексерулер шешуші болып табылады.



Созылмалы лимфадениттерді емдеу. Жедел лимфадениттер сияқты алғашқы ошақты жоюдан басталады, соның әсерінен бірте-бірте лимфатикалық түйіндегі қабыну да жойылады.

Емдеу шараларды мыналарға бағытталған:

1) . Ауру организмнің жалпы иммунологиялық қарсыласуын арттыру (толық диета, витаминді емдеу).

2) . Жалпы организмдегі иммунды жүйенің функционалдық белсенділігін арттыру (арнайы емес терапия, алоэ экстрактысы, ФИБС, пирогикол, преднизолон салу, УКС).

3) . Бет-жақ аймағындағы иммундық қасиетін күшейте отырып, қабыну ошағындағы иммунды процестерді арттыру (УЖЖ, ӨЖЖ, ультрадыбыс, калий йодитімен электрофорез). Егер осы комплексті емдеу шараларынан лимфатикалық түйіндер кішіреймесе оны сылып алып тастау қажет.
Лимфангоиттер
Этиологиясы және патогенезі. Лимфангоит немесе лимфангит — лимфа тамырларының қабынуы. Лимфангоит микрофлораның және олардың токсиндерінің лимфа жолдарына өтуінен пайда болады. Ол периодонтта, периостта жақ сүйектерінің қабыну процестері кезінде дамиды. Лимфа тамырларына ісік клеткаларының ыдырау өнімдері және де бөгде заттардың енуінен де лимфангоит дамуы мүмкін.

Клиникалық көрінісі. Лимфангоиттар жедел және созылмалы болып бөлінеді. Жедел қабыну процесі беткей немесе терең орналасқан лимфа тамырлар торларында дамиды.

Созылмалы лимфангоиттар жедел қабыну процесінің созылмалыға өтуінен дамиды, ол организмнің қорғағыштық қасиетінің төмендеуінен немесе антибиотиктерді дұрыс қабылдамау әсерінен дамуы мүмкін.

Жедел лимфангоит қамтылған тамырлар топографиясына сәйкес торлы (ретикулярлы) және тармақты (турункулярлы) болып бөлінеді.

Ретикулярлы немесе торлы лимфангоит жара, шиқан, көршиқан айналасындағы беткей орналасқан лимфа тамыр торларының қабынуымен ерекшеленеді. Нәтижесінде тілмелік қабынуға ұқсас клиникалық көрініс береді. Қызару және ауру сезімі байқалады, кейіннен инфекциялық ошақтан лимфа түйіндеріне бағытталған жіңішке қызыл жолақтар пайда болады. Дене қызуы 38—39° дейін көтеріліп, қалтырау және уланудың басқа да көріністері байқалады (құрғақ тіл, бас ауруы, тәбеттің болмауы).



Турункулярлы немесе тармақтық лимфангоит ірі лимфа тамырларын қамтиды, тері бетінде біріншілік инфекциялық ошақтан аймақтық лимфа түйіндеріне бағытталған 1—2 ашық-қызыл жолақ байқалады. Бұл жолақтар лимфа тамырлары қабырғаларының қабыну әсерінен қызаруынан пайда болады. Алғашқыда жолақ бойымен сыздаған ауыру сезімі анықталады. Кейіннен тығыз, басып тексергенде ауыру сезімі бар жолақтар, ал олардың айналасындағы тіндерді ісіну және кернеу пайда болады. Лимфа тамырларынан қабыңу процестерінің оны қоршаған тіндерге өтуі (перилимфангоит) терідегі қызару көлемінің ұлғаюы, бет және мойын жұмсақ тіндерінің ісінуімен суреттеледі және төменгі жақасты немесе мойын аймақтарының лимфадениттеріне ауысады.

Терең орналасқан лимфа тамырларының қабынуы негізінен, беткей лимфа тамырларының қабынулары әсерінен дамиды.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2011
2011 -> 2011 жылдың 14 мамырында «Жалпы гигиена және экология», «Эпидемиология» кафедрасының ұйымдастыруымен және «Студенттік басқару ұйымының» ұйымдастыруымен Д. Е
2011 -> 2011 жылдың 14 мамырында «Жалпы гигиена және экология», «Эпидемиология» кафедрасының ұйымдастыруымен және «Студенттік басқару ұйымының» ұйымдастыруымен Д. Е
2011 -> Международный Фонд защиты свободы слова
2011 -> Темекінің зияны Алипбаева Айгуль Жұлдызбековна, ҚазҰпу-дің химия-биология факультетінің 3курс студенті, биология-психология мамандығы. Ғылыми жетекшісі м.ғ. д профессор Кауашев С. К
2011 -> Педагог қызметкерлерді аттестаттау
2011 -> Сабақ 10. 11. 2011ж. 18. 11. 2011ж аралығында кесте бойынша екі ағымнан тұратын кесте бойынша өткізілді
2011 -> «ҚазҰму-ң Үздік оқытушысы» сайысы
2011 -> «Астана қаласының Мәдениет басқармасы» мм бастығының 2010 жылғы № бұйрығына
2011 -> «Саламатты Қазақстан 2011-2015» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет