Студенттер мен магистранттардың №71 дәстүрлі ғылыми конференциясының материалдары Ғылыми жинақ



бет3/12
Дата08.06.2018
өлшемі465,29 Kb.
#41148
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Еңбек және шаруашылық әндері. Халықтың ән шығармаларының ең көне жанрының бірі – еңбек жырлары – ел тұрмысының шындық суреттемесін, қарапайым шаруалардың күнделікті өмірін бейнелейді. Еңбек және шаруашылыққа байланысты туған өлең – жырларға төрт түлік туралы, аңшылық және наурыз әндері жатады. Еңбек және шаруашылық өлең – жырларының ішіндегі ең көп тарағаны – төрт түлік мал туралысы.

Халық ертеден әрбір малдың өзінше әулие иесі, бабалары бар деп сенді. Сол себепті мал туралы тілек тілесе де, малға өз бағасын берсе де әуелі малдың « иелеріне » сөз арнады. Мысалы:

Шаруаның бір түлік пірі – Шопан,

Келтірмей қу, пір ата, қойға топан.

Ай мүйізді шоқпақтай

Шүйделері тоқпақтай,

Тегене құйрық қошқарлы,

Малды берсең, қойдан бер...

-деп, қой иесін – Шопан ата, жылқы иесін – Жылқышы ата, түйенің пірін – Ойсыл қара, сиыр пірін – Зеңгі баба атаған. Оларға бас иіп, әндер шығарған.

Малды ардақтау, мал пірлеріне жалбарыну, сыйынудан басқа еңбек жырларында малды күтіп, баптау жөнінде ақыл – кеңес беретін әндер де мол.



Тұрмыс – салт әндер. Бұл түрдің әндері халық өмірінің айнымас серіктері болып келеді. Олар адам өмірінде кездесетін әр түрлі салт, әдет – ғұрыптармен байланысты. Мысалға, үйлену тойында айтылатын әндер немесе нәрестенің шілдеханасында орындалатын әндер. Сондай – ақ адамды ақырғы жолға аттандыратын жоқтау әндері.

Үйлену тойының әндері



1.Тойбастар

2.Жігіттер жар – жары

3. Қыздар жар –жары

4. Қыз сыңсуы

5. Беташар

Қазақ халқының от басының тағдырына, жас буынның өсіп, мұрат – мақсатына жетуіне, арман – қайғысына ортақ әндер. Үйлену әндерінің алуан түрлері жасалып, халықтың тұрмыс – тіршілігіне, әдет – ғұрпы мен салт –санасы, ой сезімі мен арман ниетін білдіретін танымдық мәні елеулі. Әдет –ғұрыпқа байланысты бұл әндердің өзі жар – жар, сыңсыма, қоштасу, жұбату, беташар, той бастар түрінде айтылады.

Халықпен бірге жасасып, өркендеп келе жатқан бай салт – дәстүрінің ішіндегі өміршеңі – келін түсіру той томалағы. Бұл жоралғы халқымыздың қадір қасиетін, өнеге өрісін, тұрмыс тіршілігін сонымен қоса адамгершілік – этикалық қағидаларын танытады.

Халықтың педагогикалық шарттары мен талаптары беташарда мол көрініс береді. Жаңа түскен келінге тойдың ең көңілді кезінде өнеге түрінде айтылады. Беташар әдетте « Келін, келін келіп тұр, келін үйге кіріп тұр » деп басталып келін келген үйі мен бүкіл ауылдың адамдарын таныстырып, олардың өмірдегі, ауыл арасындағы алатын орны мен беделі, мінез ерекшелігі әзіл мен нақыл сөздермен айтылады ». [4, 7 – 13 б ].



Жаназалау әндері. « Тарихи оқиғаларға адам қазасына байланысты туындап, ел аузында сақталған естірту, көңіл айту, жоқтау сияқты салт әндері. Мұнда жеке адамның немесе бүкіл бір елдің көңіл – күйлерінің сан алуан толқыны бар. Жерімен, елімен, жарық дүниемен қоштасу әндері ел басына түскен ауыр күндерге туған. Оның қайтыс болған адамның тірі күнінде айтқан өсиеті түрінде кездесетін үлгілері де болады.

Жоқтау – тұрмыс – салт жырларының іш індегі ең толық сақталған түрі. Алғашында өлген адамды шығарып салу дәстүріне байланысты болса, кейіннен жоқтау басқа да халық әндеріне еніп кеткен.

Адамның қазасы кезінде айтылатын дәстүрлі жоқтау әндерімен естірту және көңіл айту түрлері жалғаса жүреді.



Естірту – ауылдастарына, туған – туыстарына, жора – жолдастарына өлген адамның қайғылы хабарын естірту үшін айтылатын жыр. Егер қазақтың өшпес мұрасына айналған « Ақсақ құлан » аңызына сүйенетін болсақ, « Ақсақ құлан » күйі де естірту болып табылады.

Ал, көңіл айту болса, қаралы үйге келген кісілердің жақынынан айрылған туған – туыстарына жұбаныш сөз айтып, рухын көтеру ниетімен айтылатын ән ». [ 5, 8 – 9 б]

Тұрмыс – салт жырларының бұл арнасын біз мұң – шер өлеңдері деп те атаймыз.

Лирикалық әндер. Халық композиторлары мен ауызекі ән шығармашылығында лирикалық әндердің түрлері ерекше орын алады. Бұл әндер өзінің музыкалық байлығы, әсем де әсерлі ән – әуезімен көркемөнердің жоғары дәрежелі үлгісі болып саналады.

« Лирикалық әндердің мазмұны мен тақырыбы әр алуан. Бұлар махаббат сезімін, сүйікті адамның асыл қасиеттері мен ажарлы көркін ( « Назқоңыр », Абайдың « Айттым сәлем, қалам қасы », Мәдидің « Үш тоты құсы », Біржанның « Ақ тентегі » ); сүйгеніне қосыла алмаған жастардың қайғы - зарын ( « Ақбөпе », Ақанның « Сырымбеті », Абайдың « Татьянаның сөзі » ), толғайды. Бұл әндердің енді бір үлгілерінде сұлу табиғаттың көркем суреттері бейнеленеді ( Абайдың, « Желсіз түнде жарық ай », « Қараңғы түнде тау қалғып » әндері ). Лирикалық әндерде албырт жастық шақ, адамның өмірдегі орны туралы терең философиялық ой – толғамдар үлкен тебіреніспен жырланады ( Абайдың « Қарашада өмір тұр », « Сұрғылт тұман дым бүркіп », Естайдың « Дүние – айы ») т.б. әндерді үлгі ретінде келтіруге болады ». [ 4, 21- 22 б].

Махаббат лирикасы және табиғат лирикасы. «Махаббат лирикасының мамұны мен тақырыбы әр алуан да өте бай. Мысалы, Сегіз серінің « Назқоңыр » әні сүйген жардың көркем келбетін суреттесе, халық әні « Ақбөпе »кедей жігіттің қалың мал төлей алмай, сүйген қызынан айырылып қалған күйініш сезімін бейнелейді.

Назқоңыр

( Ай қабақ )

Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,

Кел десең, неге аяйын аттың терін.

Сары ағаш сазға біткен секілденіп,

Қай жерде отыр екен бұраң белім.


Базардан алып келген күміс құман,

Жігітті адастырған қалың тұман.

Арадан қыл өтпестей тату едік,

Біздерге қастық қылған қай ант ұрған.

Сегіз серінің « Назқоңыр » өлеңінде « Арадан қыл өтпестей тату едік » деген жол бар. Мұндағы қыл өтпестей - балдай тату, ынтымағы бір, достығы берік мағынасына сәйкес келеді. Бұл тіркес сүйген жарымен балдай тату болғандығын білдіреді, алайда, өлеңнің кейінгі жолы: « Біздерге қастық қылған қай ант ұрған ». Сүйген жарлардың ажырағанының белгісі.

Табиғат лирикасы. Қазақтың бай табиғаты халық ақындары мен композиторларын әдеби – музыкалық суреттерді шырқауға шабыттандырады. Табиғат суреттері адамның шындық өмірімен оның ой – толғауларына, шаттығы мен күйінішіне тығыз байланысты туады. Мысалы, халық әні « Айкөке » адамның жер анаға деген махаббаты мен қуанышын анық сездіреді.

Сырымбет биік асыр қатар кезең,

Жарасып таудан құлай аққан өзен.

Ұқсаған биқасапқа көк шалғыны,

Көк орай қайың мен тал бәрі де әсем.

Өлең жолында кездесетін « биқасап » сөзі бұл күнде көп қолданылмайтын бейтаныс атау. Контексте « биқасап » жібектен тоқылған енсіз мата. Табиғатты, жерді жібектей жылтыраған нәзік матаға ұқсатып, теңеп өлең жолдарын ерекшелендіріп тұр.

Айтыс. Қазақ музыкалық фольклорының дара бір саласы – айтыс. Айтыс көбіне түркі тектес халықтардың мәдениетіне тән құбылыс. Оны Еуропа халықтарының әдеби – музыкалық дәстүрінен табу қиын.

« Айтыс музыкалық – эпикалық дәстүрдің бір арнасы. Оның негізгі ерекшелігі импровизацияға негізделіп, сөзбен жеткізілетін ой тартысына құрылуы. Айтыстың қайым, бәдік, сүре, т.б. түрлері бар. Ал музыкалық әуеніне келгенде олардың бір – бірінен пәлендей айырмасы жоқ. Айтыстың жоғарыда айтылған кез келген түрі белгілі бір музыкалық мақаммен орындала береді. Сонымен бірге, әрбір айтыскер өз ойын ел арасына тараған әуен саздарды қолдану арқылы да жеткізетін болған. Ақпа, төкпе ақын деп те ат қойған қазақ ақындары расыменде таудан аққан бұлақ сияқты тыңдаушыларын сарқырап төккен жырларының астында қалдырады. Атадан мұра болып қалған осынау жыр толқыны ешқашан толастаған емес.». [ 6, 232 б ]

Халық әндерінің стильдік ерекшеліктеріне бойлай түсетін болсақ, олардың музыкалық әуені мен әдеби мәтінінің бірде сәйкес, бірде сәйкес еместігін аңғарамыз. Бұл ерекшелікті ғылым тілімен синхрондық және асинхрондық деп екіге жіктейміз. Асинхрондық жүйеге негізделген әндердің музыкасы мен әдеби мәтіні әр түрлі кезеңдерде туындағандықтан, олардың құрылымдық жағынан бір – біріне сәйкес келмейтіні байқалады.

Речитативтік әндер халық шығармашылығына да авторлық шығармашылыққа да тән құбылыс. Олардың басты ерекшелігі – өлең жолының әр буынына жеке музыкалық үн – дыбыстың келіп отыруы. Мұндағы жеке буындар бірнеше дыбысқа созылмайды, музыкалық интонциясы бір деңгейде дамиды. Оның диапазоны шектеулі, интонациялық секірістер өте сирек кездеседі.

Қазақ даласына асқан әншілік өнерімен танылған, әрі ақын, әрі әнші, әрі композиторлық өнер түрлерін қатар меңгерген дарын иелерінің бірі – Ақан сері Қорамсаұлы. Ол XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі халықтық кәсіби - әншілік өнердің көрнекті өкілі.

« Ол - әншілік өнердің биігіне көтерілген нағыз өнерпаз тұлға. Оның көркем әндеріне терең сезімді лирика, әсерлі әуен тән. Ақан шығармашылығы арқылы қазақ халқының ән өнері кәсіби сипатқа ие болып, өрісін кеңейте түсті.

Ақан серінің өмірі, шығармашылығы мен әншілік – поэзиялық өнері, орындаушылық шеберлігі мен мәнері ғылым, әдебиет пен өнер мамандарының көпшілігінің назарын аударды. Алайда, қазақ халқының әншілік мәдениетінің төрінен орын алатын композиторлық және әншілік шығармашылығы өз дәрежесінде зерттеліп болған жоқ. Ақындығы туралы С. Сейфуллин, І. Жансүгіровтер толғана жазды. Оның бейнесі көркем әдебиетке де түсіп, Ғ. Мүсірепов «Ақан сері – ақтоты » пьесасын, сол негізде композитор С. Мұхамеджанов « Ақан сері – Ақтоты » операсын жазды. Жазушы С. Жүнісов әнші – ақын бейнесін өзінің прозалық туындысы – « Ақан сері» романына арқау етті. Ақан серінің көркем әндері кәсіби композиторлар шығармаларында кеңінен қолданылып келеді. Осының бәрі қазақ музыкасының биік белестерден көрінуіне ықпал еткені анық.

Ақан сері дегенде Сырымбет, Құлагер елестейді, дарқан дарынды ақын, композитор, үздік әнші, асқақ азамат, ел мұңына оранған талай хикаялар елестейді. Өзгеге ұқсамас өмірі де, өнері де қазақ халқының мақтанышына айналды. Адам баласына сирек кездесетін сан қырлы дүлділ бекзаттылықтың не екенін танытып кетті. Ақан серінің даңқын әлемге жаю елге жүк! ».[ 7, 18 б ].

Сырымбет


Ауылым қонған Сырымбет саласына,

Ғашық бодым ақсұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарағым – ай,

Бөктеріге жем болып барасың да...

Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,

Артық туған бала едің ел бағына.

Лашын құсқа лайық қарағым – ай,

Бөктергінің іліндің тырнағына.

Қыздың ауылы шынында да Сырымбетті жайлаған төрелердің елі. Өлең Жамал қызға арналып бүкіл елге жайылса, сұлудың әкесі жүсіп төре тұқымының есімі елге айқын өкілі. « Қалқа бала » деуі әсем, әрі есті сөз, « қарағым – ай » деп қолында барынан айырылып отырған жоқ, қолына түспей ұмсынтып кеткен балғын жас, бала ғашығын айтып отыр. Ал, « барасың ба? » емес, « барасың да... » деуде үлкен философиялық ұғым жатыр. Біріншіден, қатты ғашық Ақанның нәзік жанын, өртеген өкінішін білдірсе, екіншіден, « қалқа баланың » бас бостандығы өзінде емес, әкеде, мал берген құдаларда, өз қаһары, өз дәстүрі билеп тұрған заманда. « Да » деуде жан қызығарлық үлкен күрсініс жатыр.

Ақан сері сұлу қыздың бейнесін көркем сөзбен, әсерлі етіп суреттеген. Ол әндеріндегі қыздардың бейнесін көбіне – көп теңеп, ұқсатып шығарған.

Ақтотының сипаты

Ой, қалқа, тілің тәтті, лебің балдай,

Қалам қас, ителгі көз,жазық маңдай.

Түсінде Бағылан патша ғашық болып,

Секілді сүйген сұлу Күләндамдай.

Қыпша бел бәйгі кердің жарауындай,

Кекілің тоты құстың тарауындай

Қайырылып өзіңді аңсап келген шақта,

Жаутаң көз ақсұңқардың қарауындай.

Теңеу формалары ұлттық мәдениеттің, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі өмір бейнесінен алынған.

XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әншілік өнерін сөз еткенде Біржан сал есімі айрықша көрінеді. Ол – ақын, әнші, композитор ретінде қазақ музыка мәдениетін дамытып, биік белеске көтерген тұлға. Арқа жерінде ақындық – әншілік және композиторлық өнердің көркем үлгісін жасап, айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан өнер саңлағы.

Ә. Марғұланның көрсетуінше, Біржан Арқадағы сал – серілердің ұстазы болған. Олар поэзия мен музыканы ұштастырып, қазақ мәдениетін өздерінің көркем шығармашылығымен байыта түскен. Біржан әндері, айтыс өлеңдер сол кездегі қазақ тұрмысына қатысты күрделі мәселелерді қозғайды. Оның шығармалары қазақ музыкасындағы өрлеу бағытының көрінісі болды.

Композитор Біржан сал әндерінің басты тақырыбы – сүйіспеншілік пен махаббат. Осы сезім оның шығармаларының басым көпшілігіне арқау болған. Тіпті әлеуметтік мәселелерге арналған әндерінен де ғашық жүрек лүпілі естіліп тұрады.

Біржан – қазақ музыкасындағы дара құбылыс. Оның әндері қазақ музыкасын интонациялық тұрғыдан байыта түскен қымбат қазына.

Қол берген қиын жерде жолдас артық,

Бас тартқан жолдасынан оңбасы артық.

Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,

Досыңнан – қатын – балаң болмас артық,

Осылай боз балаға салдым нұсқа,

Өмірің зайғы болар бекер босқа.

Көргенің бір күнгідей болмас сірә,

Міне, ажал келді нәубат деген тұста.



Зайғы – зая

« Өмірің зайғы болар бекер босқа », - деп өмірің зая өткеріп алма десе,



Нәубат – кезек

« Міне, ажал келді нәубат деген », - деп ажалға кезегің келген кезде көргенің бір күнгідей болмайды дейді.



Жаяу Мұса

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әншілік өнерінен елеулі орын алатын аты – шулы дарын иелерінің бірі – Жаяу Мұса. Оның есімі бір ғана әнші – композитор ретінде емес, қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздікке қарсы тұрған тұлға, әнші және күйші ретінде танымал.

Павлодар облысының Ақсу қаласындағы мәдени – ағарту училищесі және Павлодар қаласының бір көшесі Жаяу Мұсаның есімінен аталады.

« Жаяу Мұса Арқадағы Біржан сал мен Ақан сері бастаған әнші – ақындар тобының әріден келе жатқан дәстүрін дамыта түссе, екіншіден, қазақ музыкасының мазмұны мен түріне орындаушылық өнеріне көптеген жаңалықтар еңгізді. Ол әрдайым халықтық – бұқарашылдық бағытты берік ұстайды, өмір бойы үстем тап өкілдерімен күресе отырып, сол замандағы қазақ ауылының шындығын батыл суреттейді ». [ 8, 70 б ]

***

Мақтанба басыңызда бағыңызға,



Қартаймақ қиын сауда тағыңызда,

Сізге де сорлы болу қиын емес.



Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Басынан бағы тайды – дәулеті кетті деген мағынада. Жаяу Мұса бұл өлең жолдары арқылы дәулетім бар деп асып – тасыма, басыңнан дәулетің кеткен күні сенде сорлы болып қалуың қиын емес деп үлгі өсиет ретінде бізге жеткізіп тұр. « Ләйлім » атты шығармасында қыздың сыртқы пішінін « қоян жон », « құмырсқа бел » деп аса нанымды суреттейді.



Қоян жон – қоянның жоны тәріздес дөңес келген. Құмырсқа бел – жіп – жіңішке, нәзік қыпша бел.

Әр халықтың әндері сол халықтың тек мінез – құлқын, ұлттық ерекшелігін ғана бейнелеумен шектелмей, сол халықтың өмір сүрген географиялық ортасын да қалтқысыз бейнелейтін дыбыс картинасы екендігі ақиқат. Халқымыздың музыкалық тіліндегі интонациялық өзгешеліктер, соған орай орындау мәнері және стильдік ерекшеліктері бірден пайда болмаған, ұзақ тарихи мерзімнің жемісі. Сондықтан халқымыздың әншілік дәстүріндегі стиль ерекшеліктерінің тамыры тереңде жатыр.



«Жетісу әншілік дәстүрі. Жетісу жеріндегі ән өнерінің қалыптасуына да осы өңірде ерекше дамыған ежелгі ақындық – жыршылық дәстүрдің зор ықпал еткені анық. Осы өңірде мейлінше көп айтылатын қара өлеңдер мен халық әндері кәсіби әншілік мектептің қалыптасуына негіз болды. Зерттеуші -ғалымдар Жетісуда Арқадағы Ақан, Біржандармен замандас Дәурен сал, Тәкен сал деген сал – сері, әнші – сазгерлер өткенін, бірақ шығармалары сақталмағанын жазады. Осы әншілік мектептің қалыптасуына ұйытқы болған дара тұлға Кенен Әзірбаев шығармаларының көбі негізінен өз орындауында жетті. Ұзақ жасап, артына мол мұра қалдырған Кенен әндерінің тақырып ауқымы мол, құрылым – пішіні жағынан да әр алуан, тынысы кең, әуені өрнекті, сан құбылған ырғақты келеді. « Бозторғай », « Көкшолақ », « Бұлбұлға », « Базар – Назар », « Алатау алабында », « Тік шырқау » сияқты әсем сазды, сұлу нақышты әндермен Кенен Жетісу өлкесінде қалыптасқан әншілік дәстүрді кәсіби биік өреге көтерген қазақтың бірегей әнші – композиторы. Жамбыл, Сарбас, Балуан Шолақ сынды белгілі әнші – ақындардан үлгі – өнеге алған Кенен Әзірбаев өз өмірінде жүзден астам әндер шығарған. Жетісу әндері өзінің мелодиялық табиғаты, орындаушылық мәнері жағынан Қазақстанның басқа региондарындағы әншілік дәстүрден өзгеше.

Арқа әншілік дәстүрі. Еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстік аймақтарын қамтитын Арқа әншілік дәстүрі кең тыныстылығымен, әуен байлығымен, терең мазмұн, күрделі құрылымымен ерекшеленеді. Көмейіне бұлбұл ұялаған небір күміс көмей, жезтаңдай әншілер осы өлкеде дүниеге келіп, сал – серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты әнші – композиторлар қазақ әнін бұрын болмаған биік өреге көтерді. Кейінгі ұрпаққа Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Игібай Әлібаев, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықовтар арқылы жеткен осынау мол қазына, асыл аманатты Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндкова, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды майталман әншілер дәстүрлі әннің қазіргі буын орындаушыларына арқауын үзбей, сынын бұзбай тапсырды. Арқа әншілік дәстүріндегі мәнер, ән табиғаты өз алдына Қазақстанның ешбір өңірін қайталамайды.

Батыс Қазақстан әндерінің бүгінгі заманға бұзылмай жетуіне зор еңбек сіңірген әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев болды. Мұхиттың әндерін оның немерелері Шайқы мен Шынтастан үйреніп, орындаушылық үлгілерін алған Ғ.Құрманғалиев өзінің ауқымды орындаушылық шеберлігі арқасында Қазақстанның Батыс аймағының ежелгі қара өлең үлгісіндегі халық әндерін кәсіби деңгейге жеткізді. Мәселен, ол « Әдемі қыз », « Дариға » секілді халық әндеріне қайырма қосып, қосымша дыбыстар қолдану нәтижесінде бұл әндерге мол тыныс дарытып, кәсіби деңгейін көтерді. Ғ.Құрманғалиев – Мұхит дәстүріндегі әндердің шебер орындаушысы ғана емес, өзі де көптеген әндер шығарған тамаша сазгер. Оның мектебінен дәріс алған шәкірттері Қ.Бекбосынов, Ә.Еңкебаев, Қ. Құлышева, Қ. Рахимова, Ж.Сәрсенғалиев, Қ.Орашева, С.Таудаева, С.Рахметжанов, Г.Сүндетова, С.Абдрахманов, С.Жанпейісова, т.б. әншілер батыс ән дәстүрін жалғастырушы ізбасарлар болды. Ел ішінен шыққан асқақ әншілер Қ.Жұмалиев, М.Төрешев, Қ.Бердіғалиев, Е.Мағазов, т.б. әншілер батыс өлкеде қалыптасқан әншілік дәстүр өз алдына оқшау тұрды.

Оңтүстік Қазақстан әншілік дәстүрі өз алдына бір төбе. Сыр бойына бүкіл қазаққа аты мәлім болған көптеген ақын жыраулар шыққан. Оларды атап айтсақ; Омар Шораяқов, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, Балқы базар, Мәнсұр Бекежанов т.б. Осы сүлейлердің ізін басып кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізіп келе жатқан Алмас Алматов, Сәрсенбек Баймазанбетов, Амандық Бүрлібаев, Әлмырза Нағайбаев, Шолпан Бейімбетова, т.б. Өткен ғасырда өмір сүрген ақындардың бірі – Тұрмағанбет Ізтілеуов ( 1852 – 1939 ) Тұрмағанбет жасынан сөзге құмар, қағылез, шешен, таңдайынан бал тамған ерекше қасиеті бар ақын – жырау болған. Тұрмағанбет ақынның « Балаларым », « Адамдық іс »шығармалары, « Рүстем », « Мың бір түн » дастандары сияқты көптеген шығармалары тарихқа енген. Сыр бойының ата – бабаларының ең таңдаулы дәстүрін арқау еткен тамаша жыршылық мектебі қазақ әншілік өнеріндегі жеке бір құбылыс ». [ 9. 11 – 12 б ].

Халық әндері - халықтық танымның жемісі. Халықтың ұрпақтан – ұрпаққа мұра болып жалғасып келе жатқан халық әндері бұл күнде жаңа профессионалдық композиторлық творчествомен ұштасты.Олардың әлі күнге ашылып бола қоймаған сырлары жеткілікті. Халқымыз ежелден әнді ерекше қастерлеп, оны халықтың жаны мен жүрегі деп бағалаған. Бұл өте дәл, мейлінше әділ айтылған баға деуге әбден болады. Өйткені, жақсы ән мен жақсы күй қай заманда да, қай халықтың болса да арманы мен тілегін айқын бейнелеп, олардың өмірге ұмтылған ынта – ықыласын жеткізе білді. Ән адамның бүкіл тірлік тынысында көңіл серігі болды. Адам күнделікті өмір тіршілігін ғана емес, аңсаған арманын да, көңіл түкпіріндегі үмітін де ән арқылы білдірген. Ән – халықтың рухани байлығы, ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасының бірі, заманның тарихи шежіресі. Ән – адамның жан серігі, қуанғанда бой сергітер, күйзелгенде көңіл жұбатар, жорық жолдарында жігер қосар жайсаң жанр. Оның өміршеңдігі де осындай қасиетінде. Ұлы ақын Абай айтқандай,



« Әннің де естісі бар есері бар,

Тыңдаушының құағын кесері бар ».

Біз халықтың өткен тарихының куәгері саналатын есті ән дүниесін сөз етіп отырмыз. Мұндай әндерден көне заман шындығын шертетін деректерді білумен бірге халық басынан өткерген қилы – қилы тарих сырларына қанғандай боламыз.

Халық әндері қазақтың жүрегі. Ол қазақтың тұрмыс – тіршілігінен, салт – дәстүрінен, тарихынан сыр шертеді. Естіген жанның жан – жүрегін шымырлататын әуезділігімен, әсемдігіменен ерекшеленеді. Қазақ қай дәуірде де әнді ерекше қастерлеп қадірлейтін халық. Кезінде екі ауыз өлең білмейтін қазақ болмаған, ол қазақтың танымының кеңдігі деп білемін. Жалпы қазақ халқы өнер десе ішкен асын жерге қоятын, сауыққой халық. Ән салу, ән айту – ұлттық дәстүріміздің жалғасы. Халқымыздың мұндай қасиетін орыс және басқа да халықтардың озық ойлы интеллегенциясы, ғалымдары, этнограф – жазушылары, әдебиетшілері жазбай танып, білікті пікір айтқаны, лайықты бағалағаны белгілі.

Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Т. Қоңыратбай «Қазақ музыкасының тарихы», Алматы 2011 ж

  2. С. Алпысұлы Орталық Қазақстан « Дәстүрлі ән дегеніміз қандай ән? » ( мақала )

3.Ә. Тұрғанбаев « Дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі күндегі міндеті мен маңызы.» ( мақала )

4.Т. Жұмағалиев, Д. Ахметбекова « Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы » Алматы 2005 ж

5.Т. Тәжібаев « Қазқ халық әндерінің тәрбиелік мәні » ( мақала )


  1. А. Айтбаева Хабаршы « Айтыстың эстетикалық және этикалық сипаты мен тәрбиелік маңызы » ( мақала)

  2. Ақан сері Қорамсаұлы Алматы 2013 ж

  3. « Бес ғасыр жырлайды » Алматы 1989 ж

  4. Г.К. Сапарбаева «Дәстүрлі әннің қалыптасуы және стильдік ерекшеліктері» (мақала).


ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТЫЙЫМ СӨЗДЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МАЗМҰНЫ

Орақ Дина - 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) м.а. С.А.Жиренов

Қоғамымыздың алға қойып отырған мақсаттарының бірі – жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беру болып табылады.Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпаққа байланысты болмақ.

Адамзат баласы еш уақытта өмірдің мәнін ұрпақтар тағдырынан бөліп қараған емес. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын; екіншіден, немерелеріне ертегі айтатын әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын; үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын; бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірек көзі қор бола ма деп қорқамын»,- деген екен.

Жасыратыны жоқ, кеңес дәуірінде рухани ұлттық құндылықтарымыздың біразын жоғалтып ала жаздағанымыз рас.

Ұрпағымызды жан-жақты жетілген, парасатты азамат етіп өсіруде қазақтың сан ғасыр ұлт ретінде қалыптасу барысында жинақталған қазақы тыйымдарымыздың танымдық-тағылымдық мәні өте зор. [1; 69]

Кез келген саналы адам қоғамы тыйымсыз болмайды. Өйткені салт-дәстүр, наным-сенім, моральдық-этикалық және құқықтық қалыптар (нормалар) сияқты тыйым да әрбір әлеуметтік ортаны реттеп отыруға, адамдарды белгілі бір мақсатқа жұмылдыруға, сол арқылы қоғамдық жарастықтың орнауына қызмет етеді. Кез келген қоғамдағы салт-дәстүрдің, кісілік қалыптарының, діннің, заңның, яғни, кең мағынасында мәдениеттің негізі тыйым арқылы қалыптасады. «Тыйымсыз елдің жастары дуана» деп айтылатын қазақ мәтелінің астарында қоғамдық тәжірибеден туындаған ой-тұжырым (концепция) бар.

Әр түрлі тарихи кезеңдерде тыйымның адам санасындағы себептік негізі әр түрлі болғанымен, оның қоғамдық-әлеуметтік мән-маңызы, белгілі дәрежеде бірдей болып келеді. Мәселен, бұрынғы көшпелілер үшін жерошақтан аттап өтуге болмаса, бұл – тыйым. Сол көшпелілердің бүгінгі ұрпағы үшін бағдаршамның (светофор) қызыл көзі жанып тұрғанда көшеден өтуге болмаса, бұл да тыйым. Айырмашылығы – бұрынғы адамға қатысты тыйым мифтік-діни наным-сеніммен астасып жатса, бүгінгі адамға қатысты тыйым саналы түрде қоғамдық тәртіпті сақтаудан туған. Яғни, әрбір тарихи кезеңдегі тыйымның адам санасындағы себептік негізі әр түрлі. Оның есесіне, бұрынғы адам үшін де, бүгінгі адам үшінде әлгі тыйымдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірдің талғам-талабымен санаспағандық болып есептеледі. Демек, тыйым институтының өзекті қасиеті ретінде оның әлеуметтік мән-маңызы алдымен назар аударады. [2; 192]

Жалпы тыйым атаулыны парықтап тану үшін, оны мән-мағыналық ерекшеліктері бойынша саралап алу қажет. Бұл тұрғыда, ағылшын антропологиялық мектебінің әйгілі өкілі Джеймс Фрэзердің саралауы ден қойдырады. Ол тыйым атаулыны ірі-ірі төрт салаға бөліп қарастырады: бірінші – іс-әрекеттерге қатысты тыйымдар; екінші – адамға қатысты тыйымдар; үшінші – заттарға қатысты тыйымдар; төртінші – тыйым салынған сөздер. Джеймс Фрэзердің бұл саралауы жалпы тыйым атаулыға қатысты типологиялық жинақтаушы ой-тұжырым ретінде кезеңдік мән-мағынаға ие. Алайда, кез келген тыйым белгілі бір ортаның талғам-талабымен шендесіп жататын болғандықтан, тыйымды саралағанда сол тарихи-әлеуметтік ортаға тән ерекшелігі алдымен қаперде болғаны жөн. Былайша айтқанда, әрбір тарихи-әлеуметтік ортаға тән тыйымдар болады және ондай тыйымдар төл ерекшеліктерін қаперде ұстай отырып саралауды қажет етеді. Джеймс Фрэзердің саралауындағы іс-әрекетке қатысты тыйымның адамға да қатысты болуы, адамға қатысты тыйымның затқа да қатысты болуы, затқа қатысты тыйымның сөзге де қатысты болуы бек мүмкін. Мәселен, көшпелі қазақтың «Малды ноқтамен ұрма» деген тыйымды алайық: Малды ноқтамен ұрмау – іс-әрекетке қатысты тыйым; малды ноқтамен ұрмауды ескерту – адамға қатысты айтылған тыйым; малды басқа затпен емес, тек ноқтамен ғана ұрмау – затқа қатысты тыйым. Демек, бір тыйымның мән-иағынасы іс-әрекетке де, адамға да, затқа да қатысты. Олай болса, Джеймс Фрэзердің тыйымды саралауында, белгілі дәрежеде, шарттылық бар.

Осы орайда, белгілі этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақтың дәстүрлі тыйымдарын кең аяда үш салаға бөліп қарастырған. Бірінші – адамға қатысты тыйымдар. Екінші – қоғамға қатысты тыйымдар. Үшінші – табиғатқа қатысты тыйымдар. Мұның үшеуінде де тыйым арналатын ортаңғы тұлға – Адам.

Яғни, адамның адамға қатысы, адамның қоғамға қатысы, адамның табиғатқа қатысы тыйым арқылы бажайланады. Бұлайша жіктеуде шарттылықтан гөрі көшпелі қазақ болмысына тән тыйымдардың ерекшеліктерімен санасушылық басым. Мұнда адам да, қоғам да, табиғат та нақтылы субъект немесе объект ретінде емес, типологиялық кең аяда қарастырылады [2; 196-197]. Осы аталғандардың ішінен «Қоғамға» қатысты бірнеше мысал келтіріп өтсем:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет