Студенттік қызық мол жылдар Бірінші курс. Пай-пай, шіркін, «перваш» кез!



бет1/2
Дата25.12.2016
өлшемі130,05 Kb.
#4665
  1   2
Студенттік қызық мол жылдар

Бірінші курс. Пай-пай, шіркін, «перваш» кез! Қадірін білгендерге бұл  – бір ғажап кезең. Ең таза көңілдердің танысып, табысатын уақыты. Қулық-сұмдықпен әлі танысып үлгермеген балаң үміттер Алматыға арман арқалап келеді. Әдетте, олардың жанында ата-анасы бас-көз боп жүреді, баласын жатақханаға не пәтерге орналастырып барып бір-ақ кетеді. Ал содан кейін оларға еркіндік деген әлем құшағын айқара ашады. Әсіресе, жатақхана өмірі бұрын-соңды ата-анасының қасынан бір адым алыс шығып көрмеген қыз-бозбалаға алғашқы кездері жұмақтай боп көрінеді. Дегенмен, еркіндіктің шекарасынан шығып кетсең – өзіңе сор. Студенттік өмірдің дәмін татып үлгермей жатып онымен қош айтысатындар бұған жарқын дәлел бола алады.

«Перваш» кезде күніне жүз адаммен танысасың, ұстаздардың, аялдамалардың, көшелердің аттарын жаттауға біраз уақыт кетеді. «ҰБТ-дан қанша балл алдың?», «Алтын белгімен» бітірдің бе?», «Грантта оқисың ба?» деген сұрақтар саған күніне бірнеше мәрте қойылады. Ал мектеп кезіндегі жетістіктерің біраз уақытқа дейін жыр болады. Өйткені, сенде бұдан басқа естелік жоқ. «Мектепте бүйтетінбіз» деген әңгімені айналып келіп айта бересің, айта бересің.

Ең алғашқы стипендия ыстық көрінеді, ал, ең алғашқы сессияны үлкен қорқынышпен күтесің. Әрдайым белсенді болуға тырысу, таң атпай сабаққа бару дағдыға айналады. Егер үлкен қаладан бірді-екілі жақын туысың табылса, демалыс күндері соның үйіне барасың. Өйткені, жатақхана қалай дегенмен үйдің аурасын, жылылығын сездіре алмайды. Біреулер осылайша мейірім іздеп туыстарын жағалап жүргенде, екіншілері балконнан өрмелеп мініп-түсіп жаттыға бастайды. Әдетте бірінші курстың өзінде бұзықтығымен көзге түскендер оқуды бітіргенше талай шытырман оқиғаларды бастан кешіреді.

Бірінші курстың қысқы семестрінде ауылға барғанда «Бізде, Алматыда былай» деп қойып әңгіме соғасың. Сен Алматыда оқуға қалай үлгеріп жүрсің, курс бойынша нешінші атамансың, оны біліп жатқан кім бар? Ауылдағылар үшін «Бәленше Алматыда оқып жатыр» дегеннің өзі дардай атақ емес пе?!



Екінші курс – еркеліктің ауылынан бірте-бірте жылыстап, есеюге бет бұру жылы. Бұдан былай «балмұздақ» кезіңдегідей жұрттың назарында болмайсың. Қыздардың бірінші курстағы қолаң шаштары қысқарып, сан алуан түске боялады. Көңілде көктемдер бүршік жара бастайды. Өзіңнің кеше ғана «перваш» болғаның ұмытылған, «балмұздақтарға» «Әлі кішкентайсыңдар ғой, сендер не білесіңдер?» деп мұрын шүйіресің. Енді сенің түсіңе ауылың, мектебің не сыныптастарың емес, бірінші курстағы қызықтар кіре бастайды. Егер, қалаға алғаш келгенде жантүршігерлік оқиғаларды естіп, дөңбекшіп ұйықтай алмайтын болсаң, бірте-бірте мұның бәріне етің үйренеді. Оның үстіне теледидардан, ғаламтордан тек қайғылы оқиғалардың қайта-қайта көрсетілуі жас жүрегіңді одан сайын қатайтып жібереді.

Сабақтан себепсіз қалу жиілейді, туыстың үйіне бару сирейді. Ыңғайы келсе,  ұйықтағанды немесе қыдырғанды хош көресің. Қаладағы кафе, ресторан, кино, театр, бәрін-бәрін толыққанды аралау дәл осы екінші курстан басталады. Бұл уақытта жатақхана өз үйіңе айналады. Бірақ, бәрібір туған үйіңе деген сағыныш жүрек тұсыңда бүлкілдеп тұрады.





Үшінші курс – қыдырудың курсы. Қоғамдық жұмыстан ат-тоныңды ала қашатын кезең де – осы. Кейбір топтар 3 курсқа келгенде біріге бастайды, ал кейбірі, керісінше, ыдырайды. Бәленше түгеншенің құрбысы, анау мынаның жолдас баласы дегендей.  Топ-топқа бөлініп қыдыратындар қатары көбейеді. Бұл курста ұстазға тікелей қоңырау шалып, сабақтан сұрана салатын дәрежеге де жетесің. Рахат! Дегенмен, екінші курстағы қиқуды азайтасың, өйткені, саған қарап бой түзейтін «перваштар» мен «втораштар» бар ғой!

Топтың алды тұрмыс құра бастайды, тойға барасың. Той тойлап жүргенде, жатақханаға кешігіп келу әдеті қалыптасады. Бұл кезде киімді таңдап киюге үйренесің, шаш қойысың да, сөйлеу мәнерің де, жүріс-тұрысың да жөнделеді. Өз қатарластарын менсінбеген жігіттер «перваш» қыздарға көз сүзеді. Ал, қыздар оқуды бітірген, тұрақты жұмысы бар жігіттерді іздей бастайды. Қысқасы, үшінші курста аңқаулар ысылады, пысық студенттерді қала өмірі одан әрі шыңдай түседі. Ортаға бейімделген, алды-артын бағамдай білетін студент деп осы курста оқитындарды айтуға болады.

Әне-міне дегенше, студенттік өмірдің соңғы жылы да келіп жетеді. Жан-жағыңа маңғаз кейіппен қарап, әр қадамыңды нық басатын шағың бұл. Байыпты болатын себебің – бәрін көргенсің. Әр қадамыңды нық басатын себебің – алғашқы жылдардағыдай емес, орнықты, өз-өзіне сенімді студентке айналғансың. Бірінші курста бәріне жететін стипендияң бұл кезде тек бірер рет қыдыруға ғана жарайды. Бірге жүретін достарың да өз-өзінен сұрыпталып, қасыңда ең жақындары қалады. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деп топ болып шулап жүретін балғын шақтар бұл кезде көзден бұлбұл ұшқан. Балмұздақтарға сырттай қызыға қарайсың. Өзіңнің «старшак» екенің есіңе түскенде кішілерге жол көрсетіп, жөн сілтегендей боласың.

Төртінші курс – қимастықтың курсы. Төрт жыл бойы өзің жүрген ортадан, ұстаздарыңнан, сүйікті жатақханаңнан бір-ақ сәтте алыстайтыныңды ойлау – қиынның-қиыны. Жүрек тұсыңда бір нәрсе шым етеді.

Кей студенттер Алматыға келерде-ақ нақты мақсатын анықтап алады. Мәселен, «мен оқуымды бітіре сала ауылыма қайта ораламын» немесе «қалайда Алматыда қалуым керек» деген сияқты. Олар шешімді алдын-ала таңдағаннан еш ұтылмайды. Ал, зардап шегетіндер – уақыттың қадірін білмей, 4 жылда не оқып қарық қылмаған, не жұмысқа орналасып үлгермеген жастар. Алғашында асқақ армандардың мекені болып көрінген Алматы бір-ақ сәтте сенен әбжілдікті, пысықтықты талап ететін қымбат қалаға айналып кетеді. Біреулер алды-артын бағамдай алмай жүргенде, біреулер емтиханды баласын құшақтап жүріп тапсырады. Ең өкініштісі, жыл сайын бос қылжақпен уақыт өткізген қаншама жас басы салбырап ауылына қайтады. Еті тірі, пысықтар үлкен қалаларда қалады, қалғаны ауылына қайтады («туған ауылымды көркейтемін» дейтін талапты жастар туралы әңгіме бөлек). Бұрыннан солай. Нан – біреуге қаладан, біреуге даладан бұйырады. Ал студенттік шақты бәрі де ерекше сағынышпен еске алатын болады.


Үш талапкер тарих пәнінен емтихан тапсырып отыр. Біріншісі жақсы баға алу үшін өгіз беріп қойса, екіншісі қой берген. Ал үшіншісі жағдайы нашар болғандықтан, ештеңе бермеген.

Ұстазы біріншісінен:

- Алғашқы атом бомбасы қай елде жарылды?

- Жапонияда

- Бес!

Екіншісінен:



- Алғашқы атом бомбасы қай елде жарылды?

- Жапонияда

- Қай жылы?

- 1945 жылы.

- Бес!

Үшіншісінен:



- Қай қалада?

- Херасимода.

- Өлген адамдардың саны қанша?

- Екі жүз тоқсан төрт мың.

Ұстазы сасқанынан:

- Өлгендердің атын атап шық, - депті.

********

Филология факультетінің үшінші курсында оқитын спорт шебері емтихан тапсырып отырса керек.

- Айналайын, ең болмаса қарапайым сұраққа жауап берші!

Лев Толстой деген классикті білесің бе?



- Ағай-ау, мен классикамен емес, еркін күреспен айналысамын ғой...


Каталог: images -> stories
stories -> П. М. Кольцов т.ғ. д., профессор, Қалмақ мемлекеттік д и. н., профессор, Калмыцкий
stories -> Исатай Кенжалиев
stories -> Ғылыми кітапхана Ақпараттық-библиографиялық бөлім
stories -> Емтихан сұРАҚтары
stories -> Бағдарламасы Тақырыбы: «Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудың әдістері»
stories -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
stories -> Батыс қазақстан ауыл шаруашылығЫ 1946-2000 жылдарда
stories -> Ғылыми кітапхана Ақпараттық-библиографиялық бөлім Ақ Жайықтың Хамзасы
stories -> С. торайғыров атындағы павлодар
stories -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет