2.1. Қазақ және түрік тіліндегі амандасу сөз бірліктерінің формалары
Этикет адамдар арасында қарым-қатынаста айқын көрінеді. Қарым-қатынас жасаушылар өзінің статусымен әріптесінің статусын салыстырады. Жасаушылардың статусына жынысы, жасы, қоғамдағы орны, туыстық байланысы т.б. жатады. Әр этностың (ұлт, халық, ұлыс) қоғамдық өмірде өзіне тән қарым-қатынас жүйесі мен түрлері болады. Қазақ және түрік тілдеріндегі сөйлеу әрекетіне және осы процесстегі ұлттық-мәдени ерекшеліктерге талдау жасағанда екі тілдегі амандасу формаларын салыстыра қараудың да рөлі ерекше.
Сәлемдесудің күнделікті өмірде мәні аса зор. Танысу да, әңгімелесу де амандасудан басталады. Амандасу арқылы көзтаныс, жүзтаныстармен одан әрі білістігімізді нығайта түсеміз. Сондықтан да халық нақылында «Сөз атасы – сәлем» делінеді. Амандасу – этикеттік таңба, ал белгілі бір нақты жағдайда (ситуацияда) амандаспай кету (сәлем алмау, сәлем бермеу) этикеттік таңба жоқ дегенді білдірмейді, қайта керісінше қандай да болмасын себепке (мотивке) байланысты (реніш, өкпе т. б.) қарым-қатынасты үзу тактісін аңғартады. Сол себептен де сәлемдесуге жер бетіндегі халықтардың бәрі ерекше мән береді. Оларды қолданудың, жұмсаудың өзіндік қалыптасқан жүйесі бар. Амандасудың тұрақты сөз орамдарын (сөздерін) яки тілдік құралдарын орнымен қолдана білу алдымен қалыпты қарым-қатынастың типін ажырата білуге байланысты болып келеді. Осы жүйені дұрыс аңғармаған адам кейде амандасуда ағаттық жіберіп алады.
Сәлемдесу – амандасудың түрлерін талғап, таңдай білу нақты жағдай мен қалыпты қарым-қатынасқа тәуелді болады: ресми-бейресми, бастық-бағынышты, жасы үлкен - жасы кіші, сондай-ақ әлеуметтік ерекшелігіне қарай, мысалы, ер адам - әйел адам, немесе уақыт ыңғайына қарай («Қайырлы таң!» мен «Кеш жарық!»-ты салыстырыңыз). Ал бейресми жағдайда амандасу сөздерінің қысқа, ықшам түрлері («Сәлем!», «Ассалаумағалейкум!», «Әлессалам!» т. б. ) жиі қолданады.
Мәселен, қазақ тілінде таныс-бейтанысқа, үлкен-кішіге, ресми және бейресми жағдайда қолданыла беретін «Сәлеметсің бе?», «Сәлеметсіз бе?», «Сәлеметсіңдер ме?», «Сәлеметсіздер ме?» қолданысы бар. Бұл қолданыстың түрік тіліндегі формасы «Merhaba (мерһаба) - жекеше түрі, «Merhabalar (мерһабалар)» - көпше түрі. Merhaba (мерһаба) араб тілінен аударғанда жақсы, мейірімді, қайырымды деген мағына білдіреді. Тікелей аударсақ «Жақсысыз ба?» деген мағынадағы қолданыс табады. «Merhabalar» (мерһабалар) қолданысы негізінен көп адамға қарата айтылады, сондай-ақ, бұл көпше түрдегі қолданысты аса сыйлы, құрметті жеке адамдарға да қарата айтуға болады. Амандасудың бұл түрі (сәлеметсіз бе? (қазақ тілінде), мерһаба (түрік тілінде) бейтарап болғандықтан күнделікті өмірде өте жиі қолданылады. Мысалы,
«- Merhaba Bayram Ağa!» (- Мархаба Байрам Ага!)
«- Merhaba Paşa Efendimiz!» (Мархаба Паша Эфендимиз!)
« – Сәлеметсіз бе Байрам Аға!»
« – Сәлеметсіз бе Паша мырза!»
(Halide Edib Adivar «Sinekli Bakkal» 157. sayfa)
Қазақ тілінде «Сәлеметсіз бе?» дегенге «Сәлеметсіз бе?!», «Рахмет жақсымын» деп жауап береді. Ал түрік тілінде «Merhaba» дегенге көп жағдайда «Merhaba» деп, ал жасы үлкен адамдар кейде «Аleyküm selam» (алейкум селам) деп те жауап береді.
Мысалы,
« - Merhaba Sevket Ağa.» (Мархаба Севкет Ага)
« - Merhaba, Ramazan Ağa. Şu penceredeki ışığı gördün mü?» (Мархаба, Рамазан Ага. Шу пенджередеки ышыгы гөрдүн мү?)
« - Жақсысыз ба Севкет Аға?»
« - Жақсымын, Рамазан Аға. Анау терезедегі жарықты көрдің бе?»
(Halide Edib Adivar «Sinekli Bakkal» 86. sayfa)
Түрік тілінде «Merhaba» формасымен қатар «Nasılsın?» (насылсын) формасы да жиі қолданылады. Nasıl түрік тілінен тікелей аударғанда Қалай? Қандай? деген мағынаны береді. Бұл қолданыс көбіне жақын, бір-бірін жақсы танитын адамдар арасында қолданады. Қазақ тіліндегі «Қал қалай?» қолданысымен сәйкес келеді. Көпше түрдегі формасы «Nasılsınız?» (насылсыныз?), түрік тілінен қазақ тіліне тікелей аударғанда Қалайсыз? деген мағына береді. Көпше түрдегі бұл қолданысты құрмет көрсету мақсатында аса сыйлы, жеке адамдарға да қарата қолдануға болады. Қазақ тілінде «Қал қалай?», «Қалыңыз қалай?», «Қалдарыңыз қалай?» қолданыстарына «Жақсы», «Жақсы, рахмет» деп жауап береді. Ал түрік тіліндегі «Nasılsın?», «Nasılsınız?» қолданыстарына «Teşekkürler iyiyim» (тешеккүрләр иим), қазақ тіліне тікелей аударғанда «Рахмет, жақсымын» «Teşekkürler iyiyiz» (тешеккүрләр ииз) «Рахмет, жақсымыз» деп жауап береді. Кейде Teşekkürler (тешеккүрләр) «Рахмет!» деп те жауап береді.
Мұсылман қауымы арасында кең тараған амандасу рәсімі (Әссәләму әлейкум) қазақ тілінде де, түрік тілінде де жиі қолданылады. Ер адамның сәлем бергенде айтатын бұл сөзі араб тілінен сөзбе-сөз аударғанда «Сізге тыныштық (бейбітшілік) болсын» деген ұғым береді. Түрік тілінде де, қазақ тілінде де амандасудың бұл түрі тек жасы үлкен ер адамдар арасында, кей кезде жасы үлкен адамдармен амандасқанда жастар арасында қолданылады. 1924 жылға дейін Түркияда кеңінен қолданылған амандасудың бұл түрі өзтүрікшіл ағым әсерінен сирек қолданыла бастады. Қазіргі Түркияда амандасудың бұл түрін тек діни сенімдегі адамдар ғана қолданады. Зиялы қауым «Мерһаба?», «Насылсыныз?» деп амандасады.
Достарыңызбен бөлісу: |