Тақырыбы: Адамгершілік пен мейірімділік Тәрбие сағатының мақсаты:
а) Кішіпейілділік, тазалық, әдептілік, көмек беру, достық, жақсылық, ар-ұят, қызмет ету, имандылық, инабаттылық, елін, жерін сүю – адамгершіліктің басты ұстанымдары екенін ұғындыра отырып, оқушылардың бойына адамгершілікті сіңіру.
ә) Жасөспірімдердің ой-санасын оята отырып, өзін-өзі тануға және бағалауға, адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.
б) Әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу;
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру бөлімі
ІІ.Ақын жазушылардың сыпайылыққа, әдептілік туралы ойлары
ІІІ.Әдептілікке, адамгершілік – сыпайылыққа байланысты мақал –мәтелдер.
IV. Ойын “Мен кіммін?”
V. “Құпия хаттарға” жауап беру
VІ. Шығармашылық тапсырма
VІІ Ойын “Саяхатқа шығу”
VIII Оқушыларға сөз кезегі
ІХ Қорытынды
Адамгершілікке тәрбиелеу құралы — еңбек пен ата-ана үлгісі Ыбырай Алтынсарин. Ал, адамгершілік дегеніміз не? Мұның жауабы, әрине, адам бойындағы асыл қасиеттерді айтамыз. Демек, асыл қасиетіміз – еңбек сүйгіштік, достық, әдептілік, көмек беру, қоғамға қызмет ету, инабаттылық, имандылық, елін, жерін сүю, кішіпейілділік. Яғни, адам бойында осы қасиеттер жоғары тұрса, ол адамның адамгершілігі жоғары болмақ. Сондықтан, біз осы қасиеттерді кішкентай кезімізден бойымызға сіңіруіміз қажет. Ал, керісінше, сөзі дөрекі, мінезі шайпау, менмен мақтаншақ, керенау кесір мінезден аулақ болуымыз керек. Осы жерде ұлы Абайдың сөзімен нақтылап өтсек:
«Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба. Құмарланып шаттанба, Ойнап, босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол; Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдында, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ - Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой – Бес асыл іс көнсеңіз…» - деп, адам баласын тек адамгершілік қасиеттерді айтып кеткені бізге сабақ.
1.Әдепті бала –арлы бала ------------------------------. 2. ------------- сөздің анасы. 3. Әдепті бала ата-анасын мақтатар ------------------------------. 4. Сәлем беру де парыз, ---------------------------.
5. Әдептілік белгісі - -----------------бергені.
«Құпия хаттарға» жауап беру Оқушылар үш топқа бөлінеді. Әр топқа құпия хаттар жазылған конверттер таратылып беріледі. Жауабын әр топ ойланып , ақылдаса отырып айтады. Хаттардың мазмұны: 1 хат.Құрметті достар!Менің көршімнің бір баласы бар.Өзі өтірікші көзбе - көз өтірікті айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып бірге ойнайын ба? 2 хат.Құрметті достар!Менің де бір досым. Өзі мақтаншақ. Ойнап жүргенде үй ішін айтып, нәрселерін айтып, бөсіп мақтанады. Мен онысын ұнатпаймын. Бірақ ойынды жақсы ойнайды. Мен осы баламен дос болайын ба, айтыңдаршы? 3 хат. Құрметті достар!Партада менімен бірге бір бала отырады.Ойнап - ойнап тапсырмасын орындамай, жазбай келеді. Мұғалім сұрағанда қысылады.Сабақты менің дәптерімнен көшіріп алады.Мен бермесем, «Сен сараңсың» - дейді. Мен не істеуім керек?
Мұғалім.Адамгершілікке байланысты проблемалық жағдаяттарды шешу үшін саяхатқа шығу ойынын ойнайық. Елімізде үлкен қалалар бар: Астана, Алматы, Ақтау, Жезқазған, Көкшетау, Ақтөбе, Семей, т.б.
Ал, балалар, өздеріңе қай қалалар ұнайды? Ұнаған қала аты жазылған қима қағазда сұрақ бар. Соған жауап беру керек. Сұрақтар: – Мектептен үйге қарай жүгіріп келе жатқанда, алдыңнан бір үлкен кісі шықты. Сен не істер едің? – Үлкен кісімен амандасып жол беремін. – Өзіңнен үлкен кісілер әңгімелесіп отырған кезде сен не істеуің керек? – Үлкендердің әңгімесін бөліп, сөзге араласуға болмайды. – Егер тығыз шаруам болса, «кешіріңдер» деп айтар едім. – Көшеде біреу жөн немесе жол сұраса не істер едің? – Асықпай түсіндіріп беремін. – Автобуста, қоғамдық орындарда егде адамдарды көрсең не істеген жөн? – Үлкен кісілерге әрдайым орын беру керек. – Үлкен кісілермен қалай сөйлесу керек? – Үлкен кісімен «Сіз» деп сөйлесу керек. – Әдептілік деген не? – Адамдардың жүріс-тұрысы мен өзара қарым-қатынасының ережелері. Мұғалім.«Қартайса қарт бабаңды сыйлай біл. Күндердің күні болғанда кімдерде кімнің белі дейсің бүгілмес» деп Бұқар жырау данамыз айтқан екен. Адамгершіліктің негізгі қағидалары қандай? 1-оқушы.Адам тумысынан жамандыққа үйір емес. Ол жылдар өте келе өніп шығады. Жақсылық өнімнің шыққаны немесе оны жамандықтың арам шөптері басып кеткені сонда ғана белгілі болады. Ізеттілік пен сыпайылық сияқты адамгершілік түрлері отбасынан басталады. 2-оқушы.Отбасындағы тәрбиені адам өз өмірінің «Алтын бесігі» мектеп қабырғасында жалғастырып, өмір заңдылықтарын үйренеді. Мектепте халқымыздың әдептілік, әдемілік, имандылық, қайырымдылық, яғни рухани адамгершілік тағылымдарын – еліміздің дәстүрін ата-ана мен ұстаз тағылымдарын өз білімдерімізбен жалғастырамыз. 3-оқушы.Адамгершілік қасиет ең бірінші әр оқушының отбасын сыйлаудан басталады. Әке-шешеге ешқашан дауыс көтеруге, сөз қайтаруға болмайды. Ата-анасын сыйламаған адам басқа біреуді сыйлап жетістірмейді. Ата-ананы ренжітпеу – әр баланың өмір бойғы міндеті. Адам қандай жоғары лауазымда қызметте жүрсе де ізеттілікті жоғалтпауы тиіс. Үлкен адамдарға қоғамдық көліктерде орын беру, сұрақтарына дұрыс жауап беру қажет. 4-оқушы.Кешірімді болу, кек сақтамау, сөйлесе білу, әділ болу, ізеттілік. Рұқсат сұрау, кешікпеу, амандасу, өсек айтпау, уәдеде тұру, имандылық, мейірімділік, сабырлылық, қайырымдылық, т.б.
5-оқушы.Ізеттілік – айналасындағыларды құрметтеу, кішілік мінез таныту. Амандасу – бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі, мінез-құлықтың нормасы. 6-оқушы.Әділ болу – адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана құрылады. Әдет-ғұрып дәртүрлеріне қалыптасқан қағидаларға, құқықтық нормаларға, заңға сүйенгенде ғана әділдік жеңеді. 7-оқушы.Рұқсат сұрау – адамдар қарым-қатынасындағы ішкі мәдениетті айғақтайтын этикалық қағидалардың бірі. Адамның меншік құқығын құрметтеу және оған қол сұқпау. Әр адам бір-бірінің құқығын құрметтей білуді үйренгендері жөн. Имандылық – әр адам ұлтына, нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан иманды болып туады. Иманды бала дөрекілікке бармайды, ата-анасын ардақтайды, кісіге қиянат жасамайды. Имандылық бар жерде рухани тазалық бар, сенім бар. 8-оқушы.Кешікпеу – бұл дағдыны адам өзіне бала жастан дарытқаны жөн. Кешігу адамдарды сыйламау. Жұмысқа немесе туған күнге, кештерге кешігіп бару барып тұрған мәдениетсіздік. Уәделі жерге ерте бару керек, кешіккен жағдайда кешірім сұрау керек. Сабырлылық – адам бойына екі жолмен дариды, бірі туа біткені де, екіншісі адам өзін-өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Сабырлылық адамның өз мінез-құлқына ие бола алатынын көрсетеді. Қайырымдылық – айналадағы адамдарға ізгілікті іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатыгездікке жол жоқ. Өзгелер үшін жасалған ізгілік адам жанын нұрландырады, адамдық мәртебесін көтереді. Қайырымды бала қашанда ата-анасының мақтанышы. Мұғалім.Адамгершіліктің басты қағидаларын орындай адам құқықтарын қастерлеу шарттарының бірі. Оның баптары қандай? 9-оқушы.Барлық адамдар тең құқықты, ерікті, қадірлі. Азаматтар нәсіліне, жынысына, тіліне, тегіне, дініне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарай заң алдында бірдей. Өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады. Қорытындылау.Адамгершілік қағидалары туралы бірталай мағлұмат алдық. Егер сен бала күніңнен әдепті болып өссең, есейе келе ата-ананың, өз Отаныңның мақтанышы боласың. Алған мағлұматтарды қорытындылай келе, «Адамгершілік – асыл қасиет» пікір-сайысына кезек береміз.