1.2. Уранның пайдасы мен оны қолдана білу
Дәл осы тақырыпты сыныптастарымның арасында талқыладым. Ондағы мақсат – атомдық өнеркәсiбi мен қызметi жайында ақпарат беру.
Яғни, «Ядролық отын циклi», «Уран өндiрiсi», «Отын таблеткаларының өндiрiсi» және «Атом энергетикасының экономикасы», «4-шi буынның атом станциялары», «Орташа және кiшi қуатты атом станциялары» туралы мағлұматтар берілді.
Көзге көрiнбейтiн, атын естiсек шошитын уран туралы бүгiнге дейін, көп бiле бермейтiнiмiз анық. Шындығында да, бүгiнге дейiн уран өндiрiсi тек қауiптi тұрғыдан ғана естiлетiндiгiн де ешкiм жоққа шығара алмас. Атом өнеркәсiбiнiң, яғни ядролық отынның ғылыми тұрғыдағы қажеттiлiгi көбiне ғалымдар үшiн дәлелдi нәрсе болса, қарапайым халық үшiн түсiнiксiздеу жайт. Жан-жақты, құнды материалдармен, дәйектi тiлде сөйлеуге, көрсетуге тырыстық, атом өнеркәсiбiнiң қазақ үшiн пайдасы да көп сияқты. Оның үстiне, атом өнеркәсiбi жөнiнен, яғни уран қорының көптiгi жөнiнен Қазақстан Канада мен Австралиядан кейiнгi үшiншi орында тұр екен. Ал, уранның өндiрiлуiнiң өзi үлкен процесс. Уран өндiру әртүрлi тәсiлдермен, әдеттегiдей карьерлiк және ұлттық тәсiлдермен, сол сияқты озық жерасты скважиналық ерiту тәсiлiмен жүргiзiлуi мүмкiн. Бұдан бөлек, алтын, мыс, фосфор өндiрiстерiнде уран қосалқы өнiм ретiнде алынуы мүмкiн.
Ядролық отынның, яғни атом өнеркәсiбiнiң пайдалы жақтарын көбiрек түсiндiруге тырыстық. Сондықтан, әзiрге атом энергетикасы туралы бiржақты пiкiр айтудан аулақпыз. Әрине, тақырып әлi де зерттеудi, зерделеудi қажет ететiндiктен, оның зияны жоқ па деген күдiк көкейде қалады екен.
Сыныптастарымның қойған сұрақтарына тыңғылықты жауап беруге тырыстым.
Радиоактивтілік деген не?
Радиоактивтілік дегеніміз – кей ядролардың зарядталған альфа, бета және бейтарап гамма бөлшектер ағынын тудыру қасиеті. Альфа-сәулелену Менделеев кестесіндегі барынша ауыр ядроларға (торий, уран, плутоний) тән. Альфа-сәулеленудің еніп кетуші қасиеті төмен, бірнеше сантиметр ауа қабаты немесе бір бет қағаздың өзі оны тоқтата алады. Уран бөлінісінің барлық өнімдері, сондай-ақ кейбір табиғи нуклидтер бета-сәулелену болып табылады. Альфа-бөлшектерге қарағанда бета-сәулеленудің еніп кетуші қасиеті айтарлықтай жоғары, оны өткізбеу үшін бір метрлік ауа қабаты немесе бірнеше миллиметр алюминий немесе оргәйнек қажет. Гамма-сәулелену – өте қысқа толқынды электромагнитті (квантты) сәулелену. Есесіне еніп кетуші қасиеті өте күшті: оны сіңіру үшін ондаған сантиметр, кейде тіпті тығыз ортаның бірнеше метрі қажет болады. Гамма-сәулеленуден ауыр материалдар (мысалы, қорғасын) тиімді қорған бола алады.
Сәулелену мөлшері (дозасы) деген не және ол немен өлшенеді?
«Сәулелену мөлшері» деген терминнің радиациялық физика мен медицинадағы қолданысы бірдей емес. Әдетте тиімді доза, яғни сәулеленудің алыс салдары туындауының тәуекел мөлшері сөз болады. Оның бірлігі – зиверт (Зв). 1 Зв – сәулеленудің айтарлықтай үлкен мөлшері, қалыпты жағдайда адам өзінің бүкіл өмірінде шамамен одан бес есе аз қабылдайды. Сондықтан оның бөлшектелген үлесі қолданылады: миллизиверт (мЗв – 0,001, немесе 10 -3 Зв), микрозиверт (мкЗв – 0,000001, немесе 10-6 Зв). Әрекет ету уақытына жатқызылған мөлшер дозаның қуаты деп аталады (мысалы, секундына пәлен микрозиверт). Мөлшер қуаты маңызды көрсеткіш саналады: қаншалықты доза көп және сәулелену уақыты аз болса, жаман зардаптардың туындауы да соншалықты жоғары болады.
Күнделікті өмірде біз радиацияның ықпалына түсеміз бе?
Әрине. Адам баласы анық бір дозаны радиацияның табиғи көздерінен қабылдайды. Сыртқы табиғи сәулелену көздеріне ғарыштық сәулелену, жанартаулар қызметі, тау жыныстарының, топырақтың, құрылыс материалдарының радиосәулеленуі жатады. Адам организмі құрамында ішкі табиғи радиоактивтілік бар, сондай-ақ, өмір сүру барысында сумен, тағаммен бірге түсетін радиоактивті заттар мен сүйек талшықтарындағы кейбір радиоизотоптардың қыртыстары есебінен жинақталады. Радиация көздерінің басқа топтарын адам өзі жасап алған. Бұған рентгендиагностикасы мен флюорографияны, ядролық жарылыстардың қалған атмосферадағы радиоактивті шөгінділерді жатқызуға болады.
Адам үшін радиациялық мөлшердің шегі қандай?
Сәулеленудің шегін БҰҰ басшылығында жұмыс істейтін радиологиялық қорғаныс жөніндегі халықаралық комиссия белгілейді. Шегіне жеткен мөлшерлер қауіпсіздіктің үлкен коэффициентін қамтиды. Тұрғындар үшін жасанды көздерден түсетін мөлшердің ең жоғары шегі жылына 5мЗв тең. Кәсіпорын қызметкерлері үшін кәсіби сәулеленудің шегіне жеткен мөлшері жылына 50 мЗв құрайды. Көрсетілген бұл мөлшерлерде табиғи көздерден және медициналық процедуралардан алатын дозалар ескерілмеген.
Адам үшін қандай радиация зиянды?
Табиғи фоннан асып түсетін кез келген сәулеленуді қауіпті деп қарастырған дұрыс. Дерліктей барлық жеткілікті энергетикалық қуатқа ие радиация белгілі бір жағдайда зиянды болуы мүмкін. Үлкен мөлшердегі иондаушы сәулелену адам организмін зақымдауы мүмкін, өйткені ионизация үдерісі жасушалар және талшықтармен химиялық реакцияға кірісетін жоғарыреактивті химиялық әралуандықты (радикалдар) туындатады.
Атом стансалары қызметкерлері сәулеленудің қандай мөлшерін алады?
Атом және энергетика салаларының қызметкерлерінің қауіпсіздік талаптарын сақтағанда қабылдайтын мөлшері рұқсат етілген шектегіден әлдеқайда аз. Қалыпты жұмыс істеу жағдайындағы АЭС қызметкерлері үшін рұқсат етілген сәулелену (дене тұтастай сәулеленгенде) мөлшері жылына 50 мЗв.
АЭС-ке жақын маңдағы тұрғындар үшін радиациялық қауіп бар ма?
Дүние жүзіндегі бірнеше ондаған АЭС орналасқан аумақты көп жылғы бақылау нәтижесі көрсеткеніндей, атом энергия көзін тиісті пайдалағанда табиғи радиациялық фонда ешқандай өзгеріс болмайды. АЭС төңірегіндегі 30 шақырымдық аймақ үшін жылдық техногендік доза 0,01 мЗв-тен аспайды (жалпы фондық мөлшерден 350 есеге аз). Мұншалықты аз мөлшерді аспаппен анықтау мүмкін емес, өйткені олар табиғи фонның табиғи тербелісінен де, өлшеу аспаптарының мүмкіндіктерінен де өте төмен. АЭС-ке жақын маңда тұратын тұрғындар үшін сәулеленудің мөлшерлі шегі жылына 5 мЗв тең.
Атом энергиясының басқа қандай экологиялық артықшылықтары бар?
Артықшылықтар аз емес, ал солардың ішіндегі ең маңыздысы – энергия өндіру барысында кислородтың жағылмауы, сондай-ақ ауаға шығарылатын уытты және булы заттардың болмауы. Кез келген технологияны жүзеге асыру салдарынан туындайтын кері әсер етуші клиникалық, санитарлық-гигиеналық және экологиялық зардаптардың жиынтығы әлгі зардаптарды жоюға жұмсалатын шығынның деңгейімен анықталатын сол технологияның «сыртқы бағасы» деген түсінікке біріктірілген. Мамандардың бағалауынша, түрлі энергиятехнологиялардың «сыртқы бағасы» мына көлемде бағалануы мүмкін (сағатына евроцент/кВт): көмір – 15; мазут – 4,5; газ – 3; атом энергиясы – 0,2.
Реактордағы тізбекті реакцияны реттеу қалай атқарылады?
Тізбекті реакцияны реттеу белсенді аймаққа нейтрондарды сіңіретін бор мен кадмийден жасалған өзекті батыру жолымен жүзеге асырылады. Өзекті төмен түсіре және жоғары көтере отырып реактордың жұмысын қажетті қуатта ұстауға болады.
АЭС қауіпсіздігі оны пайдалану барысында қалай қамтамасыз етіледі?
АЭС қауіпсіздігі бәрінен бұрын, радиоактивті шығарындылардан қорғауды қамтамасыз етумен байланысты. Плутоний да, уран да радиациялық белсенділікке ие, яғни адам және қоршаған орта үшін қауіпті радиация таратады. Адамдардың ядролық энергияға қатысты қауіпсінулерінің көбі міне, осыған байланысты. Алайда қауіпсіздіктің барлық нормалары сақталғанда радиация реактор ішінде сенімді бекітілген болып қала береді. Қазіргі заманғы АЭС-терде ядролық материалдардың тарау жолына тосқауыл болатын төрт деңгейлі кедергі бар: отын таблеткасының өзі, жылу бөлгіш элементтердің (ЖБЭЛ) металл қабығы, реактор қорабы (бірінші контур) және бірінші контурдың барлық құрал-жабдықтарын радиоактивті жылутасымалдағышымен қоса ұстап тұратын реактор ғимаратының (контейнмент) бетоннан берік құйылған сырт қабаты. Контейнмет құрылмасы сыртқы ықпалдардың барлық түріне: жерсілкінісі, құйын, дауыл, құм дауылдары, әуедегі толқындар соққысы және тіпті ұшақтың құлауына да төтеп беруге қабілетті. Сол сияқты басқару және қорғаныс жүйесі (БҚЖ) де қарастырылған, ол ядролық реакцияны толық тоқтатуға дейін басқара біледі. Мұнымен қатар, барлық стансалар бірнеше белдеу қоршаулармен, бақылау-өткізу пунктерімен және қорғаныстың басқа элементтерімен жабдықталған.
АЭС немесе ЖЭС қайсысы үнемді?
Бөлінетін 100 гр. уран 400 тонна көмірге барабар. Оған қоса, атом энергиясының тарифында отын құрамдас бөлігі ең аз мөлшерде. Атом энергетикасы тарифтердің секіріп өсуіне жол бермейді. Егер газ бағасы үш есеге қымбаттаса, ол автоматты түрде ЖЭС тарифын үш есеге өсіруге әкеп соқтырады. Ал егер уран бағасы үш есеге өсер болса, онда АЭС электр энергиясының бағасын ең көп болғанда 5-6 пайызға ғана көтеруі мүмкін. Сонымен қатар, атом энергия көздері ұзақ уақыт бойы электр энергиясы бағасының тұрақтылығына кепілдік береді, себебі, АЭС-ты пайдалану мерзімі орта есеппен 60 жылға тең.
Қазір әлемде қанша атом стансасы жұмыс істеп тұр?
Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың деректері бойынша, 2007 жылғы жаздың соңына таман дүние жүзінде 438 ядролық реактор жұмыс істеген. Бүгінде дамыған елдерден АҚШ, Франция, Испания, Бельгия, Жапония, Германия, Канада, Ұлыбритания және басқа елдер атом электр стансаларының энергиясын тұтынады. Қазіргі кезде атом энергетикасы Қытайда (мұнда 6 энергоблок құрылуда), Үндістанда (5 блок), Ресей (3 блок) барынша қарқынмен дамып келеді. Жаңа энергоблоктар сондай-ақ АҚШ, Канада, Жапония, Иран, Финляндия және басқа елдерде салынуда. Польша, Вьетнам, Белорусь сияқты тағы бірқатар елдер атом энергетикасын дамыту ниеттері барын мәлімдеді. Дүние жүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметтерінше, 2009 жылғы наурыздың басында әлемде 436 ядролық реактор жұмыс істеп тұрды, 43 реактор жаңадан құрылып жатты, тағы 108 реактор жобалық дайындық кезеңінде болды, 266 жоба қарастырылып жатты. Демек, дүние жүзінде жаңадан жалпы 417 реактор салынатын болады.
Қазақстанда атом стансасын пайдалану тәжірибесі болды ма?
Иә, Қазақстанда атом стансасын пайдалану тәжірибесі бар. Әлемдегі алғашқы жылдам нейтрондағы өнеркәсіптік БН-350 реакторы Ақтау қаласында 25 жыл бойы сәтті жұмыс істеді. Осы реакторды пайдаланған атомшы-мамандар қазір МАГАТЭ бақылуымен оны қолданыстан шығару ісімен шұғылдануда. Оған қоса, елімізде ғылыми мақсатта үш ядролық зертеу реакторында табысты жұмыс жүргізілуде.
Неліктен ресейлік ВБЭР-300 жобасы таңдап алынды?
Себебі, 300 МВт қуаттағы батыстық ұқсас жобалар жоқ. Мұндай реакторлар шағын және орта қуаттағы реакторлар тобына жатады. «Westinghouse», «Areva», «General Eleсtric» сияқты алып шетелдік компаниялар қуаты 1000 МВт-тық реакторлар шығарады. Ал бізге керегі қуаты 300 МВт-тық реактор, үлкен қуаттағы реакторлар экономикалық тұрғыдан мақсатқа лайық емес. Қазақстан реакторды қайта жүктеу кезінде 1000 МВт-ты резервке қоя алмайды. Мұндай қуатты жергілікті электр тармақтары өткізе алмайды, ал басқасы бізде жоқ. Сол себепті, Ресеймен біргелікте блок түріндегі кеме реакторы базасында ВБЭР-300 реакторын жасауға шешім қабылданды. Аталмыш реактор әлемдегі ең жоғары саналатын «3+» халықаралық қауіпсіздік класына ие. Ол осыдан 10-15 жыл бұрынғы реакторлармен салыстырғанда 100 еседей жоғары. ВБЭР-300 реакторының құрылмалық сенімділігі КСРО, кейін Ресей әскери-теңіз флотының суасты кемелеріндегі 6 мың реактор жылмен дәлелденген.
ВБЭР-300 атом стансасын пайдалану қанша жылға межеленген?
Станса 60 жыл жұмыс істеуге межеленген. Алғашында ядролық реакторлар орта есеппен 40 жыл бойы пайдаланылатын болады деп болжанған. Қазіргі таңда «өмір уақыттарын басқару» жөніндегі технологияны жетілдіру арқасында АЭС энергоблоктарының қызмет ету мерзімі АҚШ-та 40-60 жылды құраса, Жапонияда ол 40-70 жылға жетеді. Қауіпсіздігі жоғары, Ресей, АҚШ, Франция және Германияда жасалған жаңа буындағы реакторлық қондырғылардың жобалық пайдалану мерзімі 50-60 жылды құрайды.
Ақтауда ВБЭР-300 салынуы нәтижесінде жаңадан қанша жұмыс орны ашылатын болады?
Станса ғимаратын салу кезеңіндегі құрылысшы-монтажшы қызметкерлердің есептік саны 3000 адам, ал шырқау шегі – 4000 адам. Станса пайдаланылатын уақыттағы өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлердің жалпы саны 1165 адамды құрайды. Бұл атом стансасын пайдалануға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге тікелей қатысатын қызметкерлердің саны.
Қалдықтар қалай пайдаланылатын болады және олар қайда сақталады? Істен шыққан ядролық отын қайда жіберіледі?
Пайдалану барысында АЭС-те қордаланатын радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған арнайы қорап қарастырылған. Радиоактивті қалдықтар арнайы қайта өңдеуден (жағу, нығыздау, қатайту, цементтеу) соң, АЭС жұмыс істейтін бүкіл кезеңде арнайы қоймада сақталатын 200 литрлік бөшкелерге салынады. Кейін бұл бөшкелер тұрақты сақтау үшін аймақтық қоймаларға жөнелтіледі. Істен шыққан ядролық отын Байкал-1 сақтау орнына жеткізілетін болады.
АЭС-те қолданылған радиоактивті су Каспийге төгіле ме?
Жоқ, төгілмейді. Оған үстіне, 20 жыл бойы БН-350 қондырғысында қолданылған теңіз суы радиоактивті болған емес. Каспийге құйылып отырған сол судың тазалығы соншалықты, бұл аймақ қазір қорық құрамында. Осы аймақта балықтар да тамаша жүзіп жүр. Мұнда су құстары ұяларын салады. Жапонияның «Намаоко» АЭС-індегі су төгетін каналда елдің айтулы мейрамханаларының ас мәзірі үшін теңіз айдарларын өсіріледі.
Апат бола қалғандай болса реактор қорабының тұтастығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған?
Қорап төзімділігі жоғары және иілгіш арнайы болаттан жасалғандықтан оның бұзылуы мүмкін емес. Болат, қорап бекіту – бәрі жүз пайыздық бақылаудан өтеді. Қорап материалындағы ақауды болдырмау мақсатында жапсарласқан жіктері екі әдіспен – ультрадыбыстық және радиографикалық әдістермен зерттеледі. іледі. Материалдың беріктігі мен тығыздығына қорап дайын болған кезде және оны пайдалану барысында әлсін-әлсін гидравликалық сынақтар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ реактор қорабының механикалық қасиеттеріне үлгі-куәларда талдау жүргізіліп, пайдалану барысында да мезгіл-мезгілімен қорап бақылауда болады. Реактор қорабына түсетін салмаққа бақылау оны пайдалану барысында тұрақты түрде жүргізіліп отырылады.
ВБЭР-300 реакторлық қондырғысының 1-контурынан 2-ншісіне жылу өткізудің ерекшеліктері қандай?
Бу генераторларында 1-інші контурдан 2-нші контурға жылу беру радиоактивті өнімдердің екінші контурға түсуіне жол бермейтін герметикалық құбыр үсті арқылы өтеді.
Отын жақпайтын энергия көзі болуы мүмкін бе?
Әлемде энергияның жаңарып тұратын көздері де (күн, жел, су энергиялары) бар. Өкініштісі сол, олар әлі оншалықты дамымаған және өнеркәсіптік ауқымда тұрақты ток өндіруге қабілетсіз, сондықтан электр энергиясының базалық көзі бола алмайды. Маңғыстауда гидроэлектр стансасын салатын ағынды су жоқ. Іс жүзінде өнеркәсіптік ауқымда параметрлері жөнінен тұрақты энергия алу үшін тек шағын ауқымда үлкен энергия қоры жинақталған қуат көздері ғана қолданылады, бұған тек жанатын органикалық және бөлінетін ядролық материалдар ғана жатады.
Атом (ядролық) энергиясы дегеніміз не?
Әрбір атом энергия бөлшектерінен тұрады. Осы энергия атомның барлық бөлшектерін біріктіреді, ал егер оларды ажыратса (бөлсе), онда әлгі энергия босатылады.
Атомнан энергия алудың екі әдісі бар:
Синтез реакциясы;
Бөліну реакциясы.
Синтез реакциясы кезінде екі атом қосылып, біртұтас атом құрайды. Атомдардың қосылуы кезінде жылу түрінде орасан зор энергия бөлінеді. Күн энергиясының үлкен бөлегі Күнде өтіп жататын синтез реакциясының нәтижесінде алынады. Ол термоядролық реакция деп аталады. Қазір халықаралық ғалымдар тобы МАГАТЭ басшылығында термоядролық тәжірибелік реактор құруда, ол дүние жүзіндегі тұңғыш термоядролық электр стансасының болашақ үлгісі болмақ. Екінші әдіс – бөлу, ыдырау немесе бөлшектеу реакциясы. Бөлшектеу бір атомның екіге бөлінуімен түсіндіріледі. Ол атомды атом бөлшектерімен, мысалы, нейтрондармен (ол атом құрамына кіреді) бомбылағанда жүзеге асады. Алайда бомбылағанның бәрінде де атом бөлшектене бермейді. Көптеген атомдарды бөлшектеу мүлде мүмкін емес. Дегенмен, уран мен плутоний атомдары тиісті жағдайларда ыдырайды. Уран түрлерінің бірі – уран-235 (оны уран изотобы деп те атайды) нейтрондармен бомбылағанда екі бөлікке бөлінеді. Уран-235-тің бір килограмы бір килограмм көмір жанғанда бөлінетін энергиядан миллион есе көп энергия бөліп шығарады. Уранның шағын ғана бір кесегі тұтас бір мұхит кемесінің, ұшақ немесе генератордың жұмысын қамтамасыз ете алады. Болашақта атом энергиясы адамзат үшін басты энергия көзі болып қызмет етуі мүмкін.
Атом электр стансасы (АЭС) деген не? Ол қалай жұмыс істейді?
АЭС-тегі электр қуаты ядролық энергиядан өндіріледі. Сонымен энергияның үш түрінің өзара бір-біріне айналуы жүзеге асады, яғни ядролық энергия жылу энергиясына, жылу – механикалық, ал механикалық энергия электр энергиясына айналады. Станса тиісті технологиялық қондырғылар орнатылған ғимараттар кешені болып саналады. АЭС жұмысының қақ ортасында ядролық реактор тұр. Ауыр элементтер ядроларының (уран немесе плутоний изотоптары) энергия бөле отырып бөлшектенетін бақылаудағы тізбекті реакциясы осы реакторда жүргізіледі. Бөлінген энергия суды жылытумен қатар оны буға айналдырады, өз кезегінде бу алып турбиналарды қозғалысқа келтіреді де ол электр өндіре бастайды. АЭС ешнәрсе жақпайтындықтан кислород шығындамайды, жанғанда пайда болатын лас өнімдерді ауа қабатына шығармайды, ең бастысы органикалық отындар – тас көмір, газ, мұнай және басқа да пайдалы қазбалар қорын үнемдейді. АЭС жұмыс істеуі үшін аз ғана ядролық отын жеткілікті. Соған қарамастан стансаның қуаты мықты, ал өндірілетін өнім барынша арзан.
Атом стансасын кім салады?
Қазақстандағы атом стансасын салу ісімен қазақстандық компаниялардың қатысуында Ресей Федерациясының «Атомқұрылысэкспорт» компаниясы шұғылданатын болады. «Атомқұрылысэкспорт» өз елінен сырт жерде бір уақытта 5 энергоблок салып жатқан әлемдегі жалғыз компания саналады: Қытайдағы Тяньван АЭС-ның екі энергоблогын пайдалануға тапсырғаннан компания Үндістандағы «Куданкулам» АЭС-ін, Ирандағы «Бушер» АЭС-ін және Болгариядағы «Белене» АЭС-ін салу бойынша өз міндеттемелерін орындауда. Жақын болашақта ресейлік жоба негізінде салынған Қытайдағы Тяньван АЭС-ның екінші кезегі (3-інші, 4-інші энергоблоктар) құрылысын бастау туралы «Атомқұрылысэкспорт» ЖАҚ мен JNPC арасындағы келісімге қол қою жоспарланған. Сондай-ақ компанияның алдағы уақытта Үндістан, Венгрия, Белорусь, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Балтық бойы елдерінен жаңа тапсырыстар алуға нақты мүмкіндіктері бар. Осындай компания Қазақстанның атом энергетикасы саласын жасауда сенімді серіктес боларына ешқандай күмән жоқ.
Атом стансасында кімдер жұмыс істейтін болады?
Атом стансасын салу және пайдалануға қатысатын адамдар жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікке ие болуға тиіс. Әлемдік атом энергетикасы бүгінгі таңда осы салада еңбек ететін адамдардың айрықша мінез-құлық кодексін дайындап шықты. Соған сәйкес кәсіпорынның қарапайым жұмысшысынан бастап басшысына дейінгі барлық деңгейдегі атқарушылардың қызметін бағалаудың басты басымдылықтары мен өлшемдері қауіпсіздік болып саналады. «Қауіпсіздік мәдениеті» деп аталып, халықаралық нормалар мен талаптарға қосылған бұл кодекс атом өнеркәсібі және энергетика қызметкерлерін кәсіби дайындау мен сапа бақылауының көп сатылы жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанда атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылданғандықтан, бұл жүйені біздің елімізде де жасауға тура келеді.
Кеңестер заманында Қазақстанда ең жоғары технологиялық деңгейдегі ядролық отын циклының бірқатар кәсіпорындары құрылған болатын. Ақтаудың өзінде БН-350 реакторлы атом ЖЭО 1972 салынып, 1997 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеді. Ядролық реактор бойынша біраз ғалымдар мен мамандар Ұлттық ядролық орталықта та бар. Ал мамандарды дайындауды Алматы мен Шығыс Қазақстан облысындағы оқу орындарында ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар, алғашқы кезеңде Қазақстанда атомшы мамандарды әзірлеуге Ресей және атом энергетикасындағы «қауіпсіздік мәдениетінің» үздік тәжірибесін дүние жүзіне таратуды қадала бақылап отырған МАГАТЭ көмектесуі мүмкін.
1.3. Тіршіліктегі уранның биологиялық әсері.
Адам ағзасына әсер ететін радиоактивті элементтердің әсерін сипаттау үшін доза мөлшері D және доза қуаты P = D/ t қолданылады. Дозалар рентген, грей және джоульмен кг – дағы биологиялық эквивалентімен өлшенеді. Бұл өлшемдердің бір -біріне қатынасы: 1 грей = 1 джоуль / кг = 100 рентгенмен эквиваленті. Дозалардың қуаты 1 сағаттағы рентген мөлшерімен өлшенеді. Адам ағзасына әсер ететін дозаның жалпы қуаты 1,5 – 4,0 миллигрей/ жыл. Біздің ағзамыз мұндай қуатты дозаларға бейімделгендіктен, олардың ешқандай зияны жоқ.
Өсімдіктердің, жануарлардың және адамдардың ағзаларындағы беткі қабаттарының жасушаларында 10 -5 – 10 -8 % микро өлшем шамасында кездеседі. Өсімдік топырағында оның концентрациясында 1,5*10 -5 % құрайды. Көп жағдайда уранның барланған қорлары түрлі саңырауқұлақтар мен балдырлар арқылы орны толған. Уранның биогенді миграциясына атсалыса отырып, мына қатарды дамытады: СУ – ТЕҢІЗ ӨСІМДІКТЕРІ – БАЛЫҚ – АДАМ. Адам мен жануар ағзаларына уран тамақ, су мен бірге сақазанға түсіп, ауа арқылы дем алу жолдарына, сонымен қатар тері қабаттарымен шырышты қабық арқылы өтеді. Адам ағзасына түсетін уранның 1% оңай ерігіш заттар құрамында, 0,1 % қиын еритін заттар арқылы түседі. Адам ағзасында уран бірдей таралмайды.
Адамның ішкі құрылысындағы уранның жиналу орны өт, бүйрек, бауыр, және дем алу жолы өкпе. Қан құрамында уран карбонат және ақауыз түрінде кездеседі. Үлкен айналымда болмайды. Жануарлар мен адамның ішкі құрылысындағы уран мөлшері 10 -7 г/г – нан аспау керек.
Уран тірі организм бойына түскенде алдымен улы, кейіннен радиациялық әсер етеді. Тірі ағзаларға уранмен бірге түскен басқа элементтер де зиянды әсер етеді. Уланулар оның уранның еруімен түсіндіріледі. Уланулар уран өңдейтін мекемелерде жиі кездеседі. Уран ағзаға түскен жағдайда барлық дене мүшелеріне әсер етеді. Өте күшті қышқылды у болып табылады. Улану белгілері бүйрек ауру және зәрдан қанттың шығуы. Сонымен қатар бауыр мен асқазан аурулары.
Уран, бор, мыс т.б. жоғары концентрациялары бар ортада тіршілік ететін микроорганизмде мутагенез жүріп, пайда болған мутанттар осындай ортада жылдам дамиды. Мысалы, Ыстық көлдегі уранның концентрациялары Әлемдік мұхиттағы уранның концентрацияларынан біршама жоғары. Ондағы хар балдырлардың құрамындағы уранның мөлшері көлдегі судан 3 есе артық.
Еліміздегі су мәселесін ушықтыратын жағдай – су көздерінің өндіріс қалдықтарымен ластануы. Мысалы, Ертіс өзеніндегі судың құрамындағы цинктің мөлшері өмірге залалсыз қалыптан – 114 есе, мырыш – 10,6 есе, азот 2,8 есе жоғары. Батысымызда аса ластанған су көздері Жайық, Елек өзендері, Шалқар көлі болса, солтүстік және орталық Қазақстанда Нұра, Ақбұлақ, Есіл өзендері. Балқаш көліндегі суда мыстың мөлшері қалыптан 9 есе жоғары. Ластанушылардың тізімін оңтүстігіміздегі Іле, Шелек, Тентек, Қаратал, Ақсу, Көксу өзендері, Қапшағай су қоймасы, олармен бірге Сырдария, Талас, Шу, Келес өзендері, Тасөткел, Шардара су қоймалары жалғастыра береді.
Әсіресе келешегі тым қатерлі қауіп – жерасты суларының ластануы. Бұл ретте Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы уран өндіру жұмыстарының залалы орасан зор. Әлемдегі уран кен орындары бар басқа елдердегі жерасты жұмыстарында әлдеқашан заңмен тыйым салынған кенді күкірт қышқылы арқылы ерітіп алу әдісі тек бізде ғана қолданылады.
Әлемдегі уран кен қоры ең мол Австралияда, оны өндіру үшін күкірт қышқылын пайдалануды ұсынып көріңізші, есіңіздің дұрыстығына күмән келтіреді. Себебі уран кендері геология бойынша жерасты су қабаттарына орналасқан, ондағы күкірт қышқылының таралу жылдамдығы тәулігіне 100 метрге дейін жетеді. Күкірт қышқылын пайдаланудан Қызылқұмда уран кендерін игеріп жатқан Өзбекстанның үзілді-кесілді бас тартқанына оншақты жыл болды. Ендігі өзбектердің уайымы – біз пайдаланып отырған күкірт қышқылы жерасты жарықшақтарымен олардың жеріне жетеді-ау деген қауіп.
Біз болсақ, өндіріске өмірге қауіпсіз технологияны енгізудің орнына, қылмысқа пара-пар енжарлық танытып, оңтүстік өңірдегі жер қойнауын, тереңдегі таза су жүйелерін улы заттарға бай күкірт қышқылымен барынша ластап жатырмыз. Тіпті, тап қазір ластануды тоқтатсақ та, жерасты су көздерінің табиғи тазаруына 150-200 жыл керек. Жалпы жер қойнауындағы жұмыстарға технологиялық қадағалау, бақылауды жоғары кәсіби деңгейде жүргізу – әбден пісуі жеткен шаруа. Біздегі кен орындарындағы технологиялық келеңсіздіктердің салдарынан жоғалтқан су көздерінде есеп жоқ.
«Қошқарата» атты сай көлге айналып, аумағы 77 шаршы шақырымға жетті. Сөйтіп, бұл адамның қатысумен техногендік әсерден пайда болған көл еді. Енді мынаған қараңыз ... 1990 жылдардың басынан еліміз экономикалық дағдырысқа ұшырап, уран өндіру тоқтатылды. Ал, табиғи толтыру болмағандықтан көл құрғай бастады. Енді ше... Маңғыстаудың шілдедегі 50 градустық ыстығына шыдамай, қазір көл 34 шаршы шақырымға азайды. Ал су кепкен жерде ураннан қалған неше түрлі радиоактивті шөгінділердің барлығы анықталып отыр.
Ол жерден нитрат, мырыш, амоний нитраты, фосфаттар, радий және ең бастысы уран 238,
радий 226,
торий 230 анықталды.
Ақтаудың үздіксіз желі оны ауамен таратып,бар халықты уландыруда.
40 жылдан астам уақыт бойы жиналып жатқан радиоактивті қалдықтар жер асты сулармен қосылып, жан – жағына қарай 4 шақырымға дейін кеңейгендігі анықталып отыр. Бұл әрі қарай жалғаса берсе, улы радиоактивті қалдықтар, жер асты суының құрамындағы ауыр металдар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зардабын тигізері анық.
Қойма 1964 жылдан бері пайдаланып келеді. Улы заттардың салмағы 105 млн. тн – дан асады, оның радиоактивтік жиынтығы 11,2 мың кюриді құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |