8 Тақырып Жауап алу тактикасы. Тану үшін көрсету тактикасы.
1. Жауап алу, оның түсінігі мен міндеттері
2. Жауап алу алдында жүргізілетін дайындық жұмыстары. Жауаптың қалыптасу кезеңдері.
3. Жауап алғанда қолданылатын тактикалық әдістер. Беттестіру тактикасы
4. Тану үшін көрсетудің түсінігі, міндеттері және түрлері
5. Объектілерді тану үшін көрсетер алдында жүргізілетін дайындық жұмыстары
6. Тану үшін көрсетудің нәтижелерін бекіту
Сабақтың мақсаты: Жауап алу тактикасы мен тану үшін көрсету тактикасын ашу.
Әдебиеттер:
Криминалистика: Оқулық.. –Алматы: Жеті-жарғы, 2006. 281-300 бет.
Яблоков Н.П. Криминалистика: Учебник / 2-изд. М.: Юристъ,2001.-167-172бет
Криминалистика: Криминалистическая техника. Учебник для вузов. Под редакцией д.ю.н. А.Ф.Аубакирова. Алматы, Аркаим 2002
Криминалистика. учебник. под редакцией И.Ф. Крылова М.2001ж.
Криминалистика. (конспект лекции в схемах) Москва 1999 издательство ПРИОР. редактор- составитель Д.И.Платонов. 18-19бет.
1. Жауап алу дегеніміз — занда көрсетілген тергеу және сот әрекеті. Ол арқылы жасалған кылмыстың мән-жайлары жөнінде керекті деректі мәліметтер алынып, олар қылмысты ашуға пайдаланылады. Іс жүргізу жағдайына байланысты жауап беретін адамнан жауап алудың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда: жәбірленушіден, сезікті адамнан, куәден, айыпкерден жауап алу деп бұл тергеу әрекеті төрт түрге бөлінеді. Кімнен жауап алынса да ол қылмыстық іс жүргізу заңында көрсетілген тәртіп бойынша жүргізілуі тиісті. Бірақ, іс бойынша неғүрлым көп, маңызды мәліметтер жинап, осы тергеу әрекетінің сапасын арттыру үшін жауап алғанда, бұған тиімді, ыңғайлы тактикалық әдістер қолданылады. Бірақ ол қаншалықты тиімді болғанымен ол занда көрсетілген тәртіпке қайшы келмеуі керек.
Жауап алғанда қылмыстық оқиғаға қатысты мынандай мәліметтер: кылмыстың болған уақыты, оның орны, амал-әдісі, кылмысты кімдердің жасағаны, оған қанша адамның қатысқаны, істеген кылмыстың зардабы, залалы, сипаты мен мөлшері және қылмыстық оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталады. Бұлар - заңда көрсетілген, міндетті түрде дәлелдеуге тиісті жағдайлар, қылмысты оқиғаға тікелей қатысы бар деректі мәліметтер. Сондай-ақ, жауап алу арқылы тікелей қылмыстық оқиғаға қатысы жоқ, бірақ қылмысты ашуға керекті аралық мәліметтер де алынады. Айталық, қылмыскердің қайда жүргенін, оның мекен-жайын білу үшін қылмыскердің ең жақын адамдарынан да жауап алуға тура келеді. Жауап алудың мұндай аралық түрінің, қылмыстық оқиғаға тікелей қатысы болмаса да, істі тез ашуда, қылмыскерді тауып ұстауда, істің кейбір мән-жайын анықтауда үлкен маңызы бар.
Жәбірленушінің, куәнің жауаптары істегі басқа деректерді нақтылап, тергеушінің, соттын оқиғаның мән-жайына толық қанығып, тиісті шешім қабылдауына зор септігін тигізеді. Дегенмен, болған кылмыстың мән-жайын қылмыскердің өзінен артық ешкім білмейді. Сондықтан қылмысты мойындап, өз қателігін дұрыс түсінген қылмыскерден аса маңызды мәліметтер алуға болады. Бірақ, оны асыра бағалап, оған ерекше сенімділікпен қарауға болмайды. Өйткені, істегі деректердің дәлелдемелік күштері бірдей, бірінен-бірінің артықшылығы жоқ. Сондықтан қылмыскердің кылмысын мойындап, берген жауабында сын көзбен карау керек. Тіпті, кей жағдайларда қылмыскердің жасаған ауыр кылмысын жасыру үшін, бір ұсақ қылмыстарын мойнына алып, тергеушіні осыған сендіріп, өзінің жасаған ауыр қылмыстарынан құтылып кетуге тырысуы мүмкін. Айып істеп барлық деректердің тұжырымды қорытындысына ғана негізделуі тиіс.
2. Жауап алудың пәрменділігіне және сапасына тергеушінің осы тергеу әрекетін әткізу алдында жүргізген дайындық жұмыстары көп әсер етеді. Куәден, жәбірленушіден, не қылмыскерден жауап алар алдында тергеуші, біріншіден деректерді, құжаттарды толық оқып, танысып алуы керек. Іспен толык танысып болғаннан кейін, әрбір жауап алу барысында қандай мәселелерге назар аудару керектігін анықтап, жоспарлап, жазып алуы тиіс. Әр жауапкерге қандай сүрақ қою керек екендігін және осы сұрақтардың қандай кезекте кою керек екендігін алдын ала анықтап, белгілеген жөн.
Жауап алуға дайындық үстінде қажет адамның мінез-құлқы, моральдық және зияткерлік (интеллектуалдық) касиеттері жөнінде белгілі мәліметтер жинап, ол адамның кім, қандай адам екенін біліп, онымен қандай бағытта, қалай сөйлесу керек екендігін тергеушінің алдын ала жүйелеп алғаны жөн.
Дайындық жұмыстарын өткізу барысында жауапты қай уақытта, қай күні алу керектігін шешу керек. Бұл мәселені шешкенде, жауап алуға шақырылатын куәнің денсаулығы, жасы есепке алынуы тиіс. Әрине, егер оны біреулер өтірік жауап беруге азғырып, көндіруі мүмкін деген кауіп туса, одан уақыт өткізбей дереу жауап алған жөн.
Жауап алу уақытын белгілегенде тергеуші бұған өзінің бос уақыты бар ма, жоқ па соны мұқият ескеруі тиіс. Бұрын басқа тергеу әрекеттері жоспарланған, басқа да жұмыстар қат-қабат келген күнге жауап алуды белгілеуге болмайды. Асығыс, шар-шап жүргенде өткізілген шараның сапасы, әрине, төмен болады.
Қай жерде жауап алу керек екендігі де алдын ала жоспарланады. Көбінесе тергеуші жауапты өзінің жұмыс бөлмесінде алады. Кей жағдайларда жауапкердің денсаулығына байланысты оның үйіне, не ауруханаға барып алуға тура келеді. Қылмыскер қамауда отырса, тергеуші одан жауапты көбінесе қамау орнында алады. Кейде айыпкерді тергеушінің талап етуі бойынша, қамау орнының әкімшілігі тергеушінің жұмыс бөлмесіне жеткізеді.
Жауап алуға керек жағдайда мамандар, тілмаш, ал жасы толмаған куәден жауап алғанда педагог, дәрігер, не тергеушінің қалауы бойынша жасы толмаған куәнің ата-анасы да қатысады.
Дайындық жұмысы жауап алу жоспарын кұрумен аяқталады. Жауап алынатын әр адамға арнап құрған жоспарда, оған қойылатын сұрақтар жазылады, істегі қандай деректер мен фактілердің дәлелденілетіні көрсетіледі, ол деректерді қандай кезекте көрсету керектігі белгіленеді.
Жауаптың қалыптасу кезендері
Жауап алушы — тергеуші әр куәден, жәбірленушіден қандай көлемде және қандай мәлімет алуға болатынын білу үшін, куәнің, жәбірленушінің ойында жауаптың калыптасу ерекшеліктерін есепке алуы керек.
Жауаптың қалыптасу процесі бірнеше кезеңнен құралады:
Бірінші кезең - оқиғаны, не істің басқа бір мән-жайын қабылдау (көру, есту);
екінші - осы кабылдап алған мәліметті ойда сақтау,
үшінші - осы мәліметтерді есіне түсіріп, тергеушіге айтып жеткізу қабілеті.
Болған оқиғаны қабылдап алу, оқиғаға қатысты мәліметтердің толық қабылдануы белгілі бір себептерге байланысты.
Бұл себептер объективті және субъективті болып екі топқа бөлінеді.
1. Объективті себептер - көруге, естуге бөгет болатын жағдайлар, 2
2. субъективті - есту, көру мүшелерінің қабілеті.
Қабылдауға объективті түрде бөгет болатын себептер оқиғаны шұғыл, тығыл таяң уақытта қабылдау, жарықтың түсу жағдайының нашар болуы, қатты шудан нашар естілу, болып жатқан оқиғаны алыстан көру, ауа-райының жаман болуы, қар не жауын жауып тұрғанда оқиғаны қабылдау, осының бәрі оқиғаны толық және анық көріп, естіп кабылдауына бөгет жасайды, оқиға жөніндегі ақпараттың толықтығына, сапасына кері әсер етеді.Сондықтан жауап алғанда тергеуші осы себептерді ескеруі шарт.
Қабылдауға субъективті түрде әсер ететін себептермен, яғни жауап беріп отырған адамның қабылдау мүшелерінің кемістігімен, есту, көру мүшелерінің қабылдау кабілетінің төмендігімен бірге, оқиғаны толық және анық қабылдауға жауап беруші адамның мамандығы, жасы, интеллектуалдық кабілеті, ол оқиғаға зер салып, көңіл аударып, бақылай алды ма, жоқ па, міне, осының бәрі әсер етеді.
Жауаптың толыктығына, шындығына, сонымен қатар куәнің, жәбірленушінің болған оқиғаны ұмытпай, ойында сақтау қабілеті де әсер етеді. Ал, ондай қабілет әр адамда әр түрлі - кейбіреулер белгілі бір қимыл-әрекетті есте жақсы сақтайды, екінші біреу - көрген жерін ұмытпайды, сондай-ақ естігенін есте жақсы сақтайтын, керісінше, өте ұмытшақ адамдар бар. Тергеуші жауап алғанда осының бәрін ескеріп, қажеттілік туса ұмытылған жайттарды еске түсіру үшін қолайлы жағдай жасауға әрекет етуі керек.
Болған оқиғаны есіне түсіріп, жауабын толық айтып жеткізу қабілеті де әр адамда әр түрлі. Жауап алғанда бұл да мұқият ескерілуі тиіс. Жауап куәнің, не жәбірленушінін болған оқиғаның мән-жайын еркін баяндауынан басталады. Куә, не жәбірленуші, өзінің өтініші бойынша, жауап бергеннен кейін, жауабын колымен жазуына құқығы бар. Тергеуші толық жауапты естігеннен кейін, жауап беруші адамға қосымша сұрақтар қойып істің кейбір мән-жайын нақтылайды.
3. Жауап алғанда тергеуші мен жауап беруші адамның арасында белгілі бір қарым-қатынас калыптасады. Психологиялық тұрғыдан ол қарым-қатынас олардың көзқарасында қайшылықтың бар-жоғына байланысты орнығады. Егер жауап беріп отырған адам өз еркімен шындықты, істің мән-жайын толык айтып отырса, мұндай пікір қайшылығы жоқ жағдай деп есептеледі.
Ал, егер жауап беріп отырған адам жалған жауап беріп, істің кейбір мән-жайларын жасырып, айтқысы келмей жалтарса, мұндай жағдай келіспеушілік, яғни қайшылықты жағдай деп саналады.
Іс бойынша толық мәлімдеме алу үшін осы екі жағдайда да белгілі бір тактикалық әрекеттер қолданылады.
Бірінші жағдайда тергеу әрекеттері ұмытылып қалған окиғаның кейбір мән-жайын жауап беріп отырған адамның есіне түсіруіне бағытталса, екінші жағдайда тактикалық әдіс жауап бсріп отырған адамның өтірігін шығарып, әшкерелеп, оның шындықты айтуына мәжбүр етуге бағытталады.
Кейбір куәден, жәбірленушіден жауап алғанда көбінесе жау ап үстінде пікір қайшылығы жоқ жағдай байқалады да, ал сезікті адамдардан және айыпкерлерден жауап алғанда келіспеушілік жағдай жиі кездеседі. Осыған байланысты жауап алуда қолданылатын әдістерді қалыптасатын тактикалық жағдайға сәйкес қарайық.
Біріншіден, жауап алып отырған адамға жайлы тыныш жағдай туғызса, оның асықпай, болған оқиғаны толық есіне-түсіруіне жеңіл болады. Болған оқиғаны хронологиялык тәртіппен басынан аяғына дейін айтқызу арқылы да толық жауап алуға болады, себебі, мұндай жағдайда жауап берген адам болған оқиғаны белгілі бір ретпен, тізбектей, оның ұмытылғап кейбір сәттерін есіне тез түсіреді. Сонымен қатар, болғап оқиғаны, керісінше, соңынан басына қарай қайталатса жауап беруші оқиғаның кейбір мән-жайын есіне түсіріп, өзінің жауабын толықтыруы мүмкін.
Осындай тактикалық жағдайда тағы бір жиі қолданылатын әдіс — ол жауап беруші адамның ойын жаңғыртуға бағытталған әрекет. Егер жауап беруші екі оқиғаны, фактіні бір мезгілде және белгілі бір жағдайда қабылдаса, тергеуші оқиғаның өзін емес, сол жағдайды ғана есіне түсірсе, жауап беруші тергеуге қажет оқиғаны да есіне түсіреді.
Жауап берушінің ойында белгілі бір фактілерді кайтара жаңғыртуына сонымен қатар, жауап үстінде құжаттарды, фото-суреттерді көрсету де үлкен әсер етеді. Кейде куә көрген адамның бет-әлпетін сипаттап беруде қиналады. Мұндай жағдайда криминалистикада қалыптасқан, бет-әлпетін сипаттау терминдерін айтып көмектесуге болады.
Егер тергеуші жауапты оқиға болған жерге барып алса, жауап беруші көптеген мән-жайды кайтадан көз алдына келтіріп, оқиға жөнінде толығырақ, қанықты жауап бере алады. Естіген фактілерді де ойға түсірудің тиімді әдістері бар. Айталық, куә бір кісінің тегін, немесе есімін есіне түсіре алмай отыр дейік, бірақ ол кісінің тегі А. әрпінен басталатынын ұмытпаған. Мұндай жағдайда оған телефон анықтамасы берілсе, ондағы есімдерді тізбектей оқи келе ұқсас есімге келгенде ол ұмытылған есімді есіне түсіріп, айтып береді.
Жауап алушы және жауап беруші адамның арасында қайшылықты жағдай қалыптасқан кезде, басқаша тактикалық әдістер қолданылады, ол әдістер жауап беруші адамның өтірік айтып отырғандығын әшкерелеуге бағытталады. Мұндай жағдай көбінесе айыпкерден жауап алғанда, яғни айыпкердің қылмысты мен жасаған жоқпын, ол уақытта мен басқа жерде бол деп шындықтан жалтарған кезінде кездеседі. Мұндайда айыпкердің алибиін әшкерелеу үшін қолданылатын ең бірінші - жауап беруші адамнан неғұрлым толық жауап алу, ұсақ оқиғалардың бәрін қамту. Біріншіден, мұның, яғни ең елеусіз сәттерге дейін ескеріліп, жауап алынуы, олар тексерілген кезде бекімесе, жауап беруші адамның өтірігін шығаруға кемектеседі.
Жауапкер адамның өтірік айтып отырғанын әшкерелеу үшін істе осы факті бойынша жиналған басқа дәлелдемелерді, заттай дәлелдемелерді пайдалану керек.
Деректерді пайдалану тәсілдері бар. Ең алдымен дәлелдеме есебінде елеусіздеу деректерді айыпкерге көрсетіп, оны мойындамаса неғұрлым маңызды, бұлтартпас деректерге көшіп, жалған жауапты әшкерелеуге болады.
Айыпкерден жауап алудың тағы бір тактикалық әдістерінің бірі ішкі істер органдары арқылы жауап алу процесіне жедел-іздестіру деректерін пайдалану. Мұндай деректер:
• жауап берушінің қылмыстық оқиғаға қатыстылығын, оның жасалған қылмыс жөнінде қаншалықты хабардар екендігін болжаттыратындай жеке сипатына, тергеу кезінде оның аталған істің нәтижесіне мүдделілігіне;
• қылмыстың жекелеген элементтерін жариялауға немесе қылмыстың ашылуына;
• жауаптау кезінде алынуы мүмкін дәлелдемелерді тексеру әдістеріне қатысты пайдаланылады.
Аталған деректерді жауап алу барысында пайдалану сипаты әрқилы. Егер жауап берушінің жеке басына қатысты мәліміттер жауап алу тактикасын саралаған кезде ескеріліп, бірақ оның жауабында айтылмаса, жауапты тексерудің мүмкін жолдары туралы мәліметтер, жауап алу процесінде ғана ескерілсе, онда кылмыстық оқиға және оның жасалу тәсілі туралы жедел іздестіру деректері, жауап берушінің жауабына қолданылуы керек.
Жауап алу кезінде жедел-іздестіру барысында алынған деректердің орнын мейлінше құпияландырудың маңызы өте айрықша. Сондықтан, тергеуші жедел-іздестіру деректері бойынша айыпкерден жауап алғанда, қойылатын сұрақтарына өте мұқият болуы тиіс. Егер жауап алу күрделі жағдайда өтетін болса, онда тергеуші ең маңызды сұрақтарды алдын ала іріктеп, кұрастырып алғаны жөн. Жедел-іздестіру деректерін пайдаланғанда, мұның маңызы өте зор болады. Әйтпесе, сәтсіз қойылған бір сұрақтың өзі жедел-іздестіру деректерінің алынған көзін айыпкерге сездіріп алуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, мұндай деректерді кай кезде, қалай пайдалану керектігін де ескеру қажет. Жедел-іздестіру деректеріне катысты сұрақтар, оның кұпиясы берік сақталған кезде койылуы тиіс.
Жедел-іздестіру деректерін белгілі бір мәліметтермен бірге қатарластыра пайдалануға болады. Мұндай жағдайда, бұл деректерге жауап берушінің назары әдейі аударылмайтындай деңгейде әрекет еткен жөн.
Жедел-іздестіру деректерін пайдаланудың барлық әдістерін егжей-тегжейлі сипаттап беру мүмкін емес. Өйткені, ол тексерілетін нақты іске байланысты өзіндік ерекшелігімен, өзіндік тәсіддерімен анықталады. Дегенмен, криминалистика ғылымы жедел-іздестіру деректерін пайдаланудың жалпыға, мейлінше ортақ бірқатар тәсілдерін ұсынады. Ондай тәсілдер төмендегідей:
а) жауап алу барысында сұрақтардын сипатына орай айыпкер оның шыккан кезін байқап қалатын деректерді пайдаланбағаны жөн;
ә) егер қолданылған шаралардың барысында айыпкердің кылмыстық жолмен жинаған құнды заттары, мүліктері, т.б. заттай дәлелдемелері жасырылған жерлерді анықтайтын кайсыбір деректер табылса, ол заттарды, не мүліктерді тергеу әрекеттері (тінту, т.б.) арқылы қолға түсіріп, содан кейін ғана оның нәтижелерін, жауап алу кезінде пайдалану өте орынды болады.
Қылмыскерлер, әсіресе, аса кауіпті қылмыскерлер, соңдай-ақ басқа да заттай дәлелдемелердің, келтірілген кұжаттардың бұлтартпайтындығына көздері жеткен, бірақ кылмысын қалай, қандай жолмен болсын мойындаудан бас тартуға әбден бекінгендер, жаңағы заттай дәлелдемелердің, құжаттардың көзін құртуға тырысады. Сондықтан тергеу кезінде оның сақталып, корғалуына мейлінше мұқият болу керек. Ол құжаттарды айыпкерге үстелдің әйнегінің астына қойып көрсету немесе оның көшірмесін жасау, сондай-ақ жауап алу кезінде айыпкердің заттай дәлелдемелерді немесе құжаттарды кұртып жіберуінен сақтану үшін екінші бір куәні де жауап алу процесіне қатыстырып, сактық шараларын колдану керек. Берілген жауап хаттама жазу арқылы бекітіледі. Қосымша бекіту әдісі есебінде дыбыс және бейнежазбалары қолданылады.
Беттестіру тактикасы
Қылмыстық істі тергеу үстінде өте жиі кездесетін жағдай - бұрын жауап алынған адамдардың жауаптарында елеулі қайшылықтардың болуы. Мұндай жағдайда, осы қайшылықтарды анықтап, оны жою үшін оларды беттестіріп, жауап алынады. Яғни, беттестіріп жауап алу дегеніміз бұрын жауап алынған екі адамды бірге отырғызып, бір мезгілде екеуінен қатар, қайтадан жауап алу. Беттестіру тек бұрын жауап алынған адамдардың арасында жүргізіледі. Куә мен куә, сондай-ақ куә мен айыпкер немесе айыпкер мен айыпкер беттестіріледі. Жауаптағы қайшылықтар әр түрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Бірде жауап берушінің біреуінің жаңылуынан немесе кейде беттесуге қатынасып отырған жақтың біреуінің жалған жауап беруінен болады.
Беттестіру өте күрделі тергеу әрекеті, сондықтан оны сапалы, нәтижелі өткізу үшін тергеуші оған мұқият дайындалып беттестіру жүргізу үстінде белгілі тактикалық әдістерді қолдануы, заңда көрсетілген қылмыстық іс жүргізу тәртібін қатаң сақтауы керек. Тергеу әрекетінің мұндай түрін өткізуге дайындық кезінде тергеуші мынандай мәселелерді шешіп алуы тиіс:
1. Беттестіру үстінде қандай қайшылықтарды шешу керектігін?
2.Беттестіруге қатынасып отырған адамдарға қандай сұрақтар қою қажеттігін?
3.Беттестіруге қатынасатын адамдардан кандай кезекпен жауап алу кажеттігін.
Тергеу әрекетін бастамас бұрын тергеуші беттестіруге қатынасатын адамдардың өзара қарым-қатынасын, егер олардың бас араздығы болса оның себебін, ал егер екеуі де куә болса олардың айыпкерге, жүргізіп отырған іске қандай қатынасы бар екенін аныйтап біліп алуы керек. Беттестіру мезгілінде жауапқа қатынасып отырған адамдарға ұсынылатын заттай дәлелдемелерді, құжаттарды алдын ала белгілеп, дайындап қоюы тиіс.
Заң бойынша беттестіру тек бірімен-бірі таныс адамдардың арасында жүргізіледі. Егер беттесуші адамдар куәлар болса, оларға дұрыс жауап беруге міндетті екендіктерін түсіндіріп және жауап беруден бас тартқаны немесе біле тұра өтірік жауап бергені үшін жауапты болатыны ескертіледі. Бұдан кейін тергеуші беттестіруге қатынасып отырған адамның біреуіне істін мән-жайын, атап айтканда, жауаптың қайшылықты тұстары жөнінде сұрақ қояды. Тактикалық тұрғыдан бірінші сұрақ тексеріп отырған фактіні дәлелдеп, растап отырған адамға беріледі. Ол өзінің осы факті бойынша бұрын берген жауабын растайтынын айтып, берген жауабын беттестіруге қатынасушы екінші адамның көзінше қайталап, баяндап береді. Беттестіруге қатынасып отырған екінші адам, бұл жауапты толық естігеннен кейін оны растайтынын немесе растамайтынын білдіреді, егер бекітпесе себебін айтып, өзінің бұрынғы берген жауабын кайталайды. Осыдан кейін тергеуші бірінші жауап берген адамға сұрақ қойып, екінші адамның жауабы жөнінде оның пікірін сұрайды. Беттестіру үстінде тергеушінің рұқсатымен беттестіруге қатынасып отырған адамдар бір-біріне сұрақ қоя алады. Мұндайда тергеуші бұл екі адамның бір-бірімен алдын ала келісіп, істі жүргізуге бөгет болатындай сарында қоймауына мұқият назар аударады, егер қажетсіз, яғни іске тікелей қатынасы жоқ сұрақ қойылса, оны тоқтатып тастауы керек. Беттестіріп отырған адамдардың бір-бірімен сөз таластырып кетуіне де жол берілмеуі тиіс.
4. Қылмыстық істерді тергегенде кей жағдайда жеке адамның, заттардың, бұйымдардың және басқа да объектілердің осы тергеліп жатқан кылмысқа байланысын анықтау үшін оларды жәбірленушіге, куәге тану мақсатымен ұсынып, керсетуге тура келеді. Бұл объектілерді тану үшін керсету тергеу әрекетінің қылмысты ашуда, іске керекті дәлелдемелерді тауып, жинауда маңызы зор. Себебі осы әрекет арқылы қылмыс жасаған адамның кім екені анықталады, іс бойынша қажетті заттай дәлелдемелер табылады. Бұл тергеу әрекетінің мағынасы — ол қылмысқа байланысты бұрын көрген объектіні танушы адамның өзінің ойында қалған осы объектінің белгілері бойынша танып, айыруы. Яғни, психологиялық жағынан алғанда бұл да криминалистикалық идентификациялау процесінің бір түрі. Мұнда да танушы адам өзіне көрсетіп отырған объектідегі белгілерді, өзінің бұрын көрген объектіні ойында қалған белгілерімен салыстырып, теңдестіріп, сол бойынша мына көріп тұрған объектісі бұрын көрген объектінің нақ өзі, немесе ол еместігін айырып, шешүі керек.
Тану үшін көрсетілетін объектілер қатарына жататындар: адамдар, мәйіт, зат, бұйым, мал, кей жағдайларда пәтер, бөлме не жеке бір жерлер де көрсетілуі мүмкін.
Тану үшін көрсету дегеніміз ол жәбірленушіге, куәге, сезікті адамға немесе айыпкерге белгілі бір объектіні көрсету арқылы, осы объектіні оның бүрын керген не көрмегенін анықтап, егер көрген болса, қашан және кандай жағдайда көргендігін, оны нақты қандай белгілері бойынша танитындығын айырып, шешу үшін жүргізілетін заңда көрсетілген тергеу әрекеті.
Бұл тергеу әрекетін өткізудің қажеттігі тергеу үстінде алынған жауаптан туындайды. Сондықтан бұл тергеу әрекетінін жауап алумен көп ұқсастығы бар. Тіпті, бұрынырақ бұл тергеу әрекеті жауап алудың бір түрі есебінде саналып жүрді. Қыл-мыстық іс жүргізу кодексінде бүл тергеу әрекеті адамньщ кім екені, яғни, заттарды танытқанда жауап алу деп аталып, жауап алудың бір түріне теңестірілді. Бірақ бүл тергеу әрекетін өткізудің психологиялық процесіне талдау жасасақ, ол криминалистикалық идентификациялау процесінің бір түрі ретінде идентификациялық қағидалар тұрғысында өткізіледі. Бұл тергеу әрекеті объектілерге тән белгілерді тендестіруге негізделеді. Әдетте, көзбе-көз көріп тұрған белгілерді салыстыру арқылы идентификациялық сүрақ шешілмейді. Салыстыруға негізгі есебінде алған белгілердің бір тобын танушы адам көзбе-көз көріп тұрса, салыстыруға қолданатын екінші белгілер, олардың бейнесі жаңағы танушы адамның ойында. Сол ойында қалған белгілерді көріп тұрған белгілермен салыстыру арқылы танушы адам осы салыстырып отырған объектіні бұрын көрген көрмегендігін шешеді. Тануға байланысты мұндай психологиялық процесқе әр түрлі факторлар, себептер әсер етеді. Айталық, танушы адам осы тану үшін көрсетіліп отырған объектіні қандай жағдайда, қандай қашықтықта көрді, көргенінен барынша қанша уақыт өтті т.б.
5. Объектілерді тану үшін көрсетер алдында тергеуші біраз дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Осы жұмыстардың ұқыпты, мүқият жүргізілуіне бұл тергеу әрекетінің сапасы, нәтижелілігі, корытыңдысының объективтігі тікелей байланысты.
Жоғарыда айтылғандай, объектілерді тану үшін керсетудің керектігі бұдан бұрын куәдан, жәбірленушіден, не айыпкерден алынған жауаптарынан туындайды. Сондықтан бұл тергеу орекетін өткізу қажеттігін, оны өткізу мүмкіндігін шешер алдында тергеуші осы адамдардың объектіні қандай жағдайда көргендігі, оның сол объектіні қандай жеке белгілері, ерекшелігі бойынша тани алатындығы жөнінде жауап алады. Бұдан соң бұл тергеу әрекетін қашан және қай жерде өткізу керектігін, өткізетін жерін, уақытын тағайындайды. Бұл мәселелерді шешуде тергеушінің объектіні тануға неғұрлым тезірек көрсету ксректітін қатаң ескертуі тиіс. Өйткені уақыт өткен сайын куәнің (жәбірленушінің) ойында көрген объектінің бейнесі, белгілері ұмытылып, кемескіленуі мүмкін.
Тергеу әрекеті объектілерді көрсетуге қолайлы, ыңғайлы жерде өткізілуі қажет.
Дайындық жұмыстарының ең бір күрделісі - керсетілетін объектіге ұқсас объектілерді табу.
Бұл тергеу әрекетін жүргізгенде бүған белгілі бір мамандарды қатыстыруға тура келеді
Дайындық үстінде тергеуші керек құрал-саймандарды, ғылыми кұралдарды әзірлеп алуы тиіс.
Тану үшін көрсетілетін объектілерге байланысты тергеу бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда: адамның кім екенін тану, заттарды тану үшін керсету, мәйіттің кім екенін, оның аты-жөнін білу үшін тануға көрсету. Малдарды тану үшін керсету, белгілі бір жерді, не бөлмені, тұрғын-үйді тануға көрсету. Объектілердің түрлеріне байланысты оларды көрсету тактикасында да ерекшеліктер бар.
А) Адамдарды тану үшін көрсетудің процессуальдық тәртібі және тактикалық ерекшеліктері
Адамдардың кім екенін таныту үшін танушы адамнан алдын ала танылатын адамның сыртқы бейнесі, пішіні, киімі туралы, оны қандай жағдайда көргені жөнінде асықпай жауап алу қажет. Тану үшін көрсетілетін адам, өзіне ұқсас, кем дегенде екі адамның арасында, калаған орында тұруы керек. Танушы адам тану үшін көрсетілетін адамды тергеу әрекеті басталғанша көріп қоймайтындай жағдай жасалуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |