Әңгімелесу (сұрау) әдісі. Мектеп жасына дейінгі балаларды зерттеу үшін сұрақ әдісі көп қолданыла бермейді. Әдетте, төрт жасқа дейін сұрақ балалар заттарды немесе олардың бейнесін көрсетіп тұрып жауап беретіндей етіп қойылады. Картина бойынша сұрақ қою оған мысал бола алады. Оның мақсаты – баланың картинада бейнеленген заттың көлемін және олардың арақашықтығын бақылай білуін анықтау. Бірнеше картинада көлемі де, арақашықтығы да әр түрлі екі-екіден шыршаның суреті салынған. Балаларға: «Үлкен шыршалардың суреті қай картинада? Қайсысында кішкентай шыршалар салынған? Қандай шыршалар бір-біріне жақын орналасқан? Қандай шыршалар бір-бірінен қашық орналасқан? Қай картинада бірдей шыршалар салынған?» деген сұрақтар қойылады. Балалар бірде ана, бірде мына бейнелеулерді көрсетіп жауап беріп жатты.