Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет16/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   24

Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды», - деп көрсеттi.

Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғары ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың: «мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытаса да бiрiбiр» деп немқұрайлы қарамағаны анық. Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы. Рас, Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ұлт алдындағы жауапкершiлiгi аса үлкен, тек көзқараспен шектелiп қалмайды. Олардың басты мақсаты – барлық мүмкiндiктi пайдаланып, ұлттың рухани мәдениетiн көтерiп, жаңа танымдық сатыға көтеру едi. Көркем әдебиет саласындағы белдi таланттардың өзiн, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан мен Елдестi, Даниал мен Қошкенi оқу – ағарту саласына тартып, ғылымның барлық саласынан ұлтына мағлұмат берудi көздедi. Бұл идея олардың өзара жазысқан хаттарында да басты тақырыптың бiрi болды. Оған көз жеткiзу үшiн түрме мұрағатындағы мына хатты назарға ұсынамыз. Хат орыс тiлiнде екен. Түпнұсқасын табудың сәтi түспедi. Бiрақ осының өзiн де қанағат тұтамыз. Ахмет Байтұрсыновтың Әлихан Бөкейхановқа жолдаған сәлемiнiң ұзын – ырғасы мынадай:


«Қадiрлi Әли!..
Қызылордаға ауысу мәселесi түпкiлiктi шешiлмегендiктенде сенiң көптеген хаттарыңа дер кезiнде жауап бере алмадым. Ендi, қазақ институтының ауыспайтынына қарамастан, шәкiрттердiң кетiп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтанда пәтер қарап, iздестiре беру үшiн әйелiмдi сонда жiбердiм. Биыл орталықтағы тәржiмамның шығуына байланысты, елiме баруға мүмкiндiк алдым. Қалғанына және көшудiң қамына тамыз бен қыркүйекте кiрiсемiз деп ойлаймын. Егерде сенiң профессорың Торғай мен Ырғыз уезiне баратын болса, онда мен де сонымен бiрге жүрiп кетуiм керек шығар. Ән–күйлердi жиыстырып, фотографияға түсiру менiң де көптен ойымда жүрген iс едi. Егерде мен оны профессордан үйренiп алсам, маған да пайдалы болар едi.

Қазақ мемлекеттiк баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгiсiне орайластырып үш грамматика және қырғыздардың әліппесiн құрастырып беруiм керек: бiрiншiсiн – 15 маусымда, екiншiсiн – 1 шiлдеде, үшiншiсiн – 1 тамызда және төртiншiсiн – 20 тамызда бiтiрiп беруiм керек. Мiне, осы уақытқа дейiн басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейiн де егерде Қазақ институтында дәрiс басталатын болса, бос уақытқа тағы да дiлгiр болып қаламын. 20 тамызға дейiн Ибрагимнiң (Абайдың) өмiрбаянын жазып бере алмаймын дегенiм сол. 20 тамыздан кейiн де уақыт бола ма оны да айта алмаймын. Өзiңе өзiмнiң фотографқа түскен суретiмдi жiберемiн, бiрақ байқарсың, менiң суретiм шығатын сенiң қатираңа менiң суретiм кiрмей қалып жүрмесiн. Бiздiң коммунистер, сендердiң мәскеулiктерiң сияқты жарты емес, нағыз «96 - пробаның» өзi.

Алтынсарының баласының суретiн «Шолпан» журналының № 6,7,8 кiтабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суретi менде жоқ.

Мiржақып Қостанай уезiне кеттi. Кеше одан: «Гая жеңiлдедi, ұл тапты!» - деген тiлгiграмма алдым. Пiшпек қаласында өткен қырғыз мұғалiмдерiнiң құрылтайынан 2 – де келдiм. Күн тәртiбiне қойылған мәселе мынадай: тiл, қарып, жазу үлгiсi, ғылыми терминдер, көне сөздердi жинастыру және мектептiң бағдары.

Латын алфавитi туралы бұларда осы уақытқа дейiн бiр жиналыс болыпты да қаулы қабылдапты. Сияз оны қостады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегi үшiн латын жазуы пайдалы, бiрақта оны бiрден қолданудың ыңғайы келмейдi, оған дейiн араб қарпiне бiраз өзгерiстер енгiзу қажет делiнген. Олар латынның «назира» қарпы араб қарпiнен нашар. Бiзде үлкен және кiшi қарiп деген болмау керек, сондай – ақ қрiптiң баспаша және жазбаша түрiнiң де қажетi жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тiлiнде басып шығара алмайды – дейдi.

Бұл ұсыныстарды қырғыз елiн зерттеу қоғамына талдауға ұсынамын, нәтижесiн кейiн хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үмiттенемiн, себебi, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.


Құшақтап сүйемiн. Ахмет. 11/VI – 25 жыл».
Мiне, «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң құрылу қарсаңында қазақ көсемдерiнiң iшiнде осындай рухани жаңғырулар жүрiп жатқан болатын. Тарихи дерекке сүйiнсек, сол кезде оқулық жазуға арласпаған бiрде – бiр зиялы жоқ. Тiптi Мұхтар Әуезовтiң өзi де «Құрылыс туралы», «Жердiң жаратылысы туралы» оқулықтарды аударуға қатысыпты. Қаражат та қажет болған шығар, бiрақ, түпкi мақсат - қазақ елiн ғылымның әр саласымен жан – жақты суару, ғылыми ұғымдар мен тiлдi, жаңаша ойлау жүйесiн қалыптастыру болатын. Ескерте кететiн бiр жай, жоғарыдағы хаттың iшiндегi «Ибрагим» деген сөздiң қасына тергеу iсiмен шұғылданған аудармашы «Абай» деп түсiнiктеме берiптi. Бiздiң ойымызша, бұл Ибрагим – Ыбырай Алтынсарин болса керек. Ұлт iшiндегi рухани түлеудiң осындай толқынды тұсында көркем әдебиет туралы пiкiрдiң қозғалмай қалуы мүмкiн емес – тiн. Мұныңның өзi өмiрлiк қажеттiлiк әрi көркем ойдың дамуының өзектi мақсатын өгей қалдыруды ойларына да алмады. Көркемдiк iзденiстiң өзi – өмiрлiк шешiмнiң көрнiсi едi. Арпалысып тұрған бейнелей отырып, тұжырым жасау болатын. Әсiресе, Мағжан, Жүсiпбек, Мұхтар сияқты әдебиеттен көркем әдебиеттi екшеп, тiл – жағын айырып алу – өздерiнiң өмiрлiк мақсатын таңдап алумен бiрдей талқы едi. Мұндай пiкiр алысулар екеуара жүрiп жатты. Ұлттық даму бағытын мұрат еткен жазушылар барған сайын қоғамдық өмiрден шеттетiлiп, әрбiр қадамы аңду мен арандатуға ұшыраған тұста олар жан сырын бiр – бiрiне ашты. Өзара пiкiр бiлдiру арқылы болашақ «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрудың алғы шарттарын жасады. Соның бiрi – Жүсiпбек Аймауытовтың Мағжанға жазған хаты болатын. «Табалдырық» атты бағдарлламада осында көтерiлген пiкiрдiң ұшығы аңғарылады. Және Жүсiпбектiң пiкiрлерi өзгелерге қарағанда ашық әрi дәлелдi. Ең алдымен, оның Мағжанға жазған хатын назарға ұстынамыз. Зады, әдебиет турасында пiкiр қозғау олардың ойында бұрыннан болса керек. «Мағжанның ақындығы» туралы өте терең мазмұнды мақала жазудың алдындағы Жүсiпбектiң дайындығы iспеттi. Екiншiден, тергеу хаттамасындағы қолжазба – Жүсiпбектiкi емес, Молдағали Жолдыбаевтiкi немесе тергеуде көшiрген өзге бiреудiкi болуы керек. Жүсiпбектiң жазуы маржандай тiзiлген, өрнегi сұлу әрi анық келедi. Ал мына жазуға қадым үлгiсi араласып отырған және ұсқыны тым қарабайыр. Сонымен...
«Орынбор. 1924 жыл. Майдың 16.
Ардақты Мағжан!

Сенiң Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.

Ақылды не ақылы қысқаны аға айтады, не жан ашыр дос–жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақта, туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос – жарандық бiлдiргелi, ақындығыңа бiз бiр ақылсымақ айтқалы келемiз.

Сен – ақынсың. Күнiмiз де көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетiнiң «көгiне өрмелеп шығып, Күн болатын» үмiткер ақын сенсiң. «Жаралы жанды», «Қорқытты», «Баянды» берген ақыннан одан да зорды күтемiз. Қазақ әдебиетiнде артынан мүрида етуге, өзiндiк дәуiр жасауға сенiң қаламыңнан басқасының дәмесi жоқ. Ақындығыңа мiн тағуға болмайды. Сенен «әттең ғана» деп табарлық бiр кемшiлiк: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегiң «сұм өмiр» деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үмiт күтпейсiң, «бүгiннен» жиренесiң, безесiң, түңiлесiң, Өйткендi жоқтап, алданыш етесiң. Өмiрге түңiлген, өмiрге қол сермеген сары қайғыға түсiп барасың, Мұндай сары уайымшылдық (пессимизм) ақынның бойын өсiре ме? Өрiс ұзарта ма? ‡мiтсiз, тiлексiз өмiрде не мағына бар?

Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бiрақ Байрон заманнындағы қара күн (реакция), Байронның жиhан күйiгi (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса күйiнсе, оны «жиhан күйiгi» деп санауға бола ма? Ол таркөздiлiк болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннiң көзiн мәңгiлiк бұлт басып тұру мүмкiн бе?

Рас, сен ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қам көңiлдi қайғыртып, уайым төгiп, қаяу салғаның қалай? «Торықпа, жабықпа, түңiлме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) от» бар деп көңiлiн көтерiп, демеу бермегенiң қалай? Болғанды «болды» деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендiру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегiне hеш бiр сенiм жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек? Бiз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып сөз iздеймiз. Өткендi өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша едi?

Пушкиндi Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңiлi, өмiрдi дұрыс бағалай бiлгендiгi ғой. Сен – туысың қазақ, адымың - қарға, елiң – мешеу болса да, өмiрге ашық көзбен қарайтын 20 ғасырдың ұлы емессiң бе. «Қу өмiр, сұм жалған», «жауыз жазым» дәуiрi сұйылып, өмiрдiң қожасы, тақтың Алласы – адам болған заманда, адамға жаңа тiлек, жаңа арман, жақсы салт – сананың заманында сен сықылды күштi ақынның... (бiр сөз танылмады – Т. Ж.) өзгерiс кiрмейдi деуге көңiл бармайды.

Сарыуайымшыл болса да, бүгiнде Байронды төңкерiс ақыны деп санап отыр. Төңкерiсшiл болмаған ақынның өркенi өспейдi. Өркенiңнiң өсуiне тiлектес болғандықтанда, дос – жараның сөз айтып, көңiлдегi мүддемiздi шығарып отырмыз.

Жүрекке, ихтихатқа, иманға қолқа салу кiмге болса да зорлық, әсiресе, ақынға зорлық. Сөйтсе де себепсiз нәрсе болмақ емес қой, таяу тұрған нәрсеге түткiдей себеп болсақ, бiздiң мақсұтымыздың орындалғаны.
Бауырларың:

Жүсiпбек


Молдағали».
Мiне, шынайы тiлек, шынайы сын деген осы. Қаншама «жасасындатып», «қарғанып қарғап - сiлеген» сыннан көрi Жүсiпбек пен Молдағалидың дәл осы сөздерi Мағжанға әлдеқайда мол әрi терең әсер еткенi сөзсiз. «Жиhан күйiгi» туралы iшкi рухани ақындық түйсiктi Мағжанды өлеңдерiнен алғаш аңғарған да және оны дәлелдеп берген де – Жүсiпбек Аймауытов. Қазiргi сауаты сан – салалы, әлем поэзиясына көзi қарақты сыншылар мен зерттеушiлер де мұны назардан тыс қалдырып келедi. Демек, ақынның жан құпиясы әлi толық ашылмады деген сөз. Өзара пiкiр алысуларда осыншама тереңдеп барған зиялылардың көзқарасы қалайда жарыққа шығып, талқыға түсуi қажет едi. «Алқа» - сол мұхтаждықты өтедi. Бұл кезде Мәскеуде Есенин мен Мандельштам, Маяковский мен Клюевтер, Горький мен Бедныйлар жеке – жеке үйiрме құрып, өзара дуылдасып жатқан болатын. Ал, қазақ әдебиетiнде тек қана «қара тақта» ғана қалып едi. Оған тек қана кедейден шыққан «кедей қолды ақындар мен жазушылар» ғана жазу жазды. Мұндай сәтте үнсiз қалудың өзi олардың көзқарасын мойындаумен пара–пар болатын. Араларында пiкiр алысудың тәжiрибесi болғандықтанда және сол тұстағы маңдайалды жазушының қатарына көтерiлген сөз қайраткерi ретiнде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек былай деп жауап бердi:
«24 / VI – 29 жыл.

Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.

Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда мен Сәрсембинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдыоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдыоңғаровтың – Т. Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсембин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады», - дедi. Сөйтсем Алдыоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен.

Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдыоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсембин, Алдыоңғаров, Сегiзбаев, аты – жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар Қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсембин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында «Мұны Жұмабаевтың қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған» деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар – жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсембин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсембин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтiң өзiне тiкелей жазып жiберемiн дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.

Қатысқандар Сәрсембиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма? – деп сұрады. Оларға Сәрсембин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар», - дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсембин: «Кiмде – кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсембинге хабарлассын», - дедi. Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.

Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәсекуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.

Негiзiнен алғанда үйiрменi ұйымдастыруды қатысқандардың бәрi де қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағадаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтанда, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.

Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi - қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.

Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде – бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтың бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай – ақ өзгелердiң де қол қойған - қоймағанын бiлмеймiн.

Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым

«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А. Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз, - дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағадаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)».
Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт – бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды деп қауiптенбегендерi байқалады. Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығында кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр – ақ бiлдi.

Осы арада екi нәрсенi назарға iлiктiре кеткендi лайық санадық. Бiрiншi, Мағжанның ақындығын талқылаған Мәскеудегi жиналыста оны қорғап сөйлеген, кейiннен «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыруға белсене қатысқан Сәрсембиннiң кейiнгi тағдыры көмескiлеу болып қалғандығы. Оның өмiрi мен шығармашылығы туралы нақты зерттелген еңбек жоқ. Әдеби естелiктерде де аты аталмайды. Сондықтанда осынау азамат қақында белгiлi бiр дәрежеде дерек пен мiнездеме бере алмағанымызға өкiнемiз. Екiншiден, осы уақытқа дейiн «Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған әдеби мақалалардың Әуезовке телiп келдi. Ал мына жауапта Абдолла Байтасов пен Даниал Ысқақов та сондай бүркеншiк атты пайдаланғаны дәлелдi түрде көрсетiлген. Беделдi ғалымдарымыз да дәл осы екi азаматтың жазған мақаласын Аймауытов пен Әуезовтiң «екiншiсiне» бердi. Бұл - қиянат. Ескерiп, әркiмнiң сыбағасын өзiне берген лазым. Тергеушiлердiң назары ендi Мұхтар Әуезовке түстi. Соған көшейiк.

«Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:

Тергеу протоколы.


«30 жыл қазанның 8 күнi.

Мен, ПП ОГПУ –дiң Шығыс бөлiмiнiң КССР бойынша өкiлi Попов, төменде аты аталған адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарттым, ол мынаны көрсеттi:

Мұхтар Омарханұлы Әуезов (бiз тек М.Әуезов толтырған жазуды ғана көшiрдiк – Т. Ж.), 33 жаста, Семей губерниясының Шыңғыс болысында туған. Партияда жоқ. 1922 жылға дейiн ВКП (б) мүшесi болған, қазақ, орта шаруаның баласы, Ақпан төңкерiсiне дейiн оқуда болған, Қазан төңкерiсiне дейiн оқыған және мұғалiм болған, мамандығы педагог, бiлiмi жоғары, үйленген және екi баласы бар, жалақымен күн көредi, олар қазiр қасында жоқ, қазақ болғандықтанда әскерге алынбаған.

Тергеу iсi бойынша нақты мынаны көрсеттi:

Мен Байтұрсыновты 1918 жылдан берi бiлемiн, ал онымен етене жақын араласқаным 1921 жылы Орынборға ауысып келген соң басталды. Тынышбаевпен Ташкентке ауысып барған кезде 1922 жылдың күзiнен бастап таныспын. Халел және Жаhанша Досмұхамедовтермен де, И. Қашқынбаевпен де, А. Омаровпен де, Д – М. Әдiловпен де сол Ташкентте таныстым. Қандай да бiр үйiрменiң бар екендiгiн мен олардан естiгенiм жоқ. Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау:

1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6 – 7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт–насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақта ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.

Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт – бағдарынан байқалып тұрғанындай, М. Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақта мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап–тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.

Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте – бiрте өшiп тынды.

Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.

Күдеринмен арадағы қарым - қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын.

Мұхтар Әуезов».
Қат - қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз – ақ ақтап шығады. Тергеу iсi жаңа басталғандықтанда, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.

Сонымен қатар, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң сұрақтарының астары да өзгеше. Екi сұрақ - жауаптың арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып, сотқа берiлген болатын. Олардың iзi суымай жатып ұлтшылдардың екiншi тобын әшкерелеудi қолға алды. Алдыңғы iстiң айыптау қорытндысына орайластыру үшiн Мұхамеджан Тынышбаев бастаған топқа неше түрлi арандату сұрақтарын қойды. «Алқа» әдеби үйiрмесi – жасырын контрреволюциялық ұйым ретiнде бағаланды. Мұхтардың әуелгiде жiберген қатесi де осы едi. Ахмет Байтұрсыновтан бастап Дiнше Әдiловке дейiнгi адамдардың барлығының атын атап, тiзiп шыққан тергеушiлердiң өздерi де не iстерiн бiлмей дағдарып қалса керек. Өйткенi, олардың қолында нақты айғақтар да жоқ едi және олардың көкейiн тескен оқиғалар өткен тұста Мұхтар Әуезов Ленинград қаласында оқуда жүрген болатын. Бұл оған түрме тергеушiлерiнiң қойған сұрақтарына жалтара жауап беруге мүмкiндiк жасады. Алайда Голощекиннiң өзi партия конференциясында «контрреволюцияшыл ұлтшыл» деп ашық жарияланғандықтан да iстi тоқтатудың ешқандайда лажын таппады. Өйткендегi оқиғаларды қоздырып, пәленiң үстiне пәле iздедi, жаланың үстiне жала жапты. Олар қашан iлiк тауып, ресми айып тақанша бiраз уақыт өттi. Мұхтар Әуезовтiң шәкiртi Қайым Мұхамедқановқа мақтана айтып, түрмеде Ахмет пен Мiржақыптың, Мағжан мен Жүсiпбектiң, өзге де алаш азаматтарының әңгiмесiн емiн – еркiн тыңдап, айызы бiр қанып қалғандығы туралы меңзеген кезi де осы дүбара сәт болса керек. Өйткенi, дәл сол кездерi «Байтұрсыновтiң iсiнiң» тергеуi аяқталып, олар Мәскеудiң пәрменiн күтiп жатқан болатын. Қашан Бутырка түрмесiне жөнелтiлгенше екi топтың да «бос уақыттары» болған. Мiне, сол кезде Ақаң өзiнiң ақылын кейiнгi ұсталғандарға айтып үлгерсе керек.

Түрме кiмдi де болса түршiктiредi. Белгiсiздiк – одан да қиын. Сондықтан Мұхтар Әуезов тергеушiлерге ресми мәлiмдеме жасауға мәжбүр болды. Оның мазмұны төмендегiдей:

«ПП ОГПУ-дiң (Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың өкiлеттi өкiлдiгiнiң – Т. Ж.) iстерi жөнiндегi прокурор Столбов жолдасқа және ОСО -ның (ерекше тергеу бөлiмiнiң) тергеушiсi Попов жолдасқа

Тұтқын Әуезов Мұхтардан

Мәлiмдеме:

Алматы қаласындағы өкiлеттi уәкiлдiктiң (полпредства) жанындағы түрмеде қамауда жатқаннан бергi уақыттың iшiнде сұрақ - жауап алуға мен бiр –ақ рет шақырылдым. Бұл сұрақ - жауапттың кезiнде Попов жолдас менiң жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанымды, менiң қандай әрекеттерiм үшiн ұсталғаным бұдан кейiнгi тергеу барысында нақты көрсетiледi, деп мәлiмдеген едi. Ташкенттегi тергеушi де менiң қандайда бiр нақты айыбымды ашып көрсетпеп едi. Қазақстанның 10 жылдық мерекесiне орай өткен салтанатты мәжiлiстегi Голощекин жолдастың жасалған баяндамасында келтiрiлген Байдiлдин мен Аймауытовтың куәлiгiне орай түсiнiк беруге шақыруын өтiнiп Попов жолдастың атына жазған арызым да ескерiлмей, аяқсыз қалды. Байдiлдин болса осы көрсетуiнде маған қарсы ойдан шығарылған қисынсыз бiрнеше айып тағыпты. Ол бiр кезде баспасөз беттерi арқылы маған қарсы ашық түрде жапқан жаласы мен көкмылжың көкезу көпiрмесiн (насквозь демагогическую травлю) түрмедегi көрсетiндiлерiнде одан әрi жалғастырып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет