Шәді Жәңгірұлының шығармашылығы. Шәді–көп жазған ақын. Әрі оның жазған шығармаларының басым бөлігі өзінің көзінің тірісінде Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларында жарық көріп отырған. Шәді дүниесін көп зерттеген Немат Келімбетов: “…Оның жүз мың жолдай өлең-жыр жазып, соның жетпіс бес мыңдай жолының ақынның көзі тірісінде түрлі қалаларда басылып шықты,”-дейді.
Ақынның баспа көрген бірқатар кітаптары мен әлі жарыққа шықпаған шығармалары Қазақстан Республикасы академиясының орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Өуезов атындағы Өдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. Сондай қолжазбалардың бірінде Шәді төре Жәңгірұлының баспадан шыққан кітаптары мен баспаға берілген қолжазбаларының тізімі берілген. Баспадан шыққан еңбектерінің қатарында “Сияр Шәрип,” “Назым Чоһар Дәруіш,” “Шайхы Барсиса,” “Беташар,” “Қамарзаман,” “Атымтай” сияқты жалпы саны он үш кітаптың аты көрсетілсе, “Хәзірәт Ескендір”, „Тарихи Абылай хан,” “Ибрахим Халилуллаһ,” “Мұса Перғауын хикаясы,” “Аһуал Қиямет,” тәрізді тоғыз шығарманың баспаға берілгені айтылады. Ал, Немат Келімбетов шайырдың баспа көрген еңбектері жайында: “Шәді Жәңгіров үлкенді-кішілі он сегіз дастан-поэма, қисса-хикаят, бірсыпыра өлең-жыр жазып, бастырған деген дәйекті келтірген».
Өзінің жазған шығармаларының көлемі жағынан бірнеше ақынды орап алатын Шәді төренің еңбектері әлі толық зерттеле қойған жоқ. Өсіресе, оның діни шығармалары белгілі бір себептерге байланысты бір жақты ғана қарастырылып, ақын сусындаған діни арналар ескерілмей келді. Тіпті, оны өзі жырлаған діни шығармаларға қарсы бағыттап, барынша діннен алшақ ұстауға тырысып келгені тағы бар. Десек те, оның шығармаларының басым бөлігін діни дастандардан тұрады. “Назым Хайбар,” “Назым Сияр Шәриф,” “Фикһ Қайдан,” “Ахуал-Қиямат,” “Қисса Барсиса,” “Мұсаның тауратты алғаны” сияқты шығармаларының қазақтың ислам әдебиетіндегі алар орны ерекше.
Шәді медреседе оқыған ислами пәндерінің негізінде дастандар жазып отырса керек. Мысалы, медреселерде оқытылатын Мұхаммед пайғамбардың өміріне (Сиярун-наби) “Назым Сияр Шәриф” дастанын жазса, ислами фәлсафаға “Ахуал қиямат” дастанын, шариғат іліміне “Фикһ Қайдан” шығармасын, пайғамбарлар өмір тарихына (Қиссасуыл әнбия) “Назым Ибрахим Халиолла,” “Хазірет Мұса мен Перғауын,” “Дәуіт уақытындағы рәйіс,” сияқты дастандарын дүниеге әкелген. Осындай діни дастандар жайында М.О.Әуезов “….Діни өлеңдерін, қиссаларды, көбінің сарыны шеттік болудан басқа мазмұндары да түгелімен мұсылман ғылымынан келген көшпелі, қыдырма әңгімелер. Сондықтан оларды тексеріп, ұғынып түсіну үшін, жалғыз ғана қазақ топырағындағы көлеңкесіне қарап тон пішу керек емес, әрқайсысын тудырған жағыдай мен себепті әуелі шыққан ұясынан бастап ұғыну керек,»– деп жазғаны бар. Суреткер-ғалымның сол кезде айтқан өсиетіне бүгінгі дінтанушылар мен шығыстанушы ғалымдар құлақ асады деген ойдамыз.
Шәді -Ислам тарихын жетік білген ақын. Әрі оның діни дастандары Алланың қасиетті кітабы Құран мен Мұхаммед пайғамбар хадистерінің желісіне құралған. Ақынның қаламынан туған “Хайбар” дастаны соның айғағы.
Хайбар соғысының Ислам тарихында алар орны ерекше. Пайғамбардың мүшріктерді жеңіп, елдің сол қанатына шоғырланған жүгеттермен болған шешуші шайқасы Хайбарда өткен болатын. Дін үшін болған осы ғазауатты Ислам тарихшылар жарыса жазған. Бұл дастанда батырлық пен ерлікті жырлауды басты нысана етіп алған шайыр, хазірет Әлидің шайқаста көрсеткен ерліктерін айтып дәріптейді:
Жебірейіл Расулға айтты: “Иә, Мұхаммед,
Бір Құдай сәлем айтты сізге шексіз:
-Жолына жолбарыстың туын беріп,
Жіберіп жалғыз өзін осы мезет,
Майданға жалғыз барсын Әли шерім.
Тахсин ғыб құдіретімді көрсін менің!”
Осы ғазауатта пайғамбардың жеңіс туын Әлиге ұстатқанын Әбу Хурайра риуаят еткен хадистерде де орын алған.
Шығыс мұсылман әдебиетіне бір жола ден қойған ақынның шығармаларында жомарттық пен сақилықтың іздері де көрініс тауып отырады. Осы жолда ол “Харун ар-Рашид” пен “Атымтай” жайлы дастандарын жазған. Атымтай-діни хикаяларда пайғамбар заманынан бірнеше жыл бұрын өмір сүрген “Тай” тайпасының “Жомарт адамы” деп беріледі.
Ислам әлемінде “Хадис іліміні” әмірі атанған Исмағил Бухаридің “Сахихул Бухари” еңбегінде Ади ибн Хатим деген сахаба көптеген хадистер руаят еткен. Осы Ади Жомарт Атымтайдың баласы етіп көрсетіледі. Тіпті, Атымтайдың қызы Софана мұсылмандардың қолына түскенде, оның әкесінің атын естіген Пайғамбар “Әкесі жомарт адамнан жамандық шығуы мүмкін емес” деп босатып қоя бергені жайында аңыздар да бар.
Парсының атақты ақыны Сағди өзінің “Бостанында” Атымтайды” жомарттығын дәріптейтін жыр жолдарын бұлайша жазған:
Шенидәм дәр әйиом-е Хотем кебуд,
Ке бехил әндәрәш бод пойи чу дуд.
Атымтайды” заманында,
Желдей есетін жылқысы болғанын естідім,-
дей келіп оның жалғыз атын қонағына сойып беретін жомарттығын асқақ жырлайды.
Шәді жомарттықтың нышаны ретінде “Атымтай” дастанын жазса, оған кереғар мәнде сараңдарды мұқату мақсатымен “Камал хан деген патшаның уақытында болған оқиға” деген шығармасын жазған. Мұнда басты кейіпкер етіп “Бақылсары” деген Сараңды алады (бақыл–араб тілінде сараң деген мағына береді). Бұл да қазақтың Шық бермес Шығайбайы сияқты біреуге бір нәрсе берсе, бірнеше күн міндетсініп жүретін сараң болады. Қызының бір диуанаға бір үзім нан бергені үшін, садақа берген қолын кесіп алып, адам аяғы жетпейтін айдалаға апарып тастайды. Серуендеп жүрген патша бір қолы жоқ қызды баласына әкеп қосады. Оң қолының жоқтығына нала болған қыз, Аллаға мінәжат еткенде, Жаратушының рахымы түсіп, қолы орнына қайта келеді.
Шәді осы дастан арқылы пақыр мен мұқтажға көмектескеннің сауабы Алладан қайтатынын айтады. Шәді төре адам баласын барша жамандыққа жетелейтін әзәзіл Ібіліс деп біледі. Әрі қарапайым адамға қарағанда діндар адамға Ібілістің жақын жүретінін айтады. Пайғамбардың “Ібіліске сауатсыз мың адамды азғырғаннан, бір иманды ғалымды азғырған артық” деген өсиетін басты назарға ұстайды. Шайыр осы тұрғыда “Барсиса” деген дастанын жазған. Шығармада Барсиса атты діндардың аяғын шалыс басып, шайтанның арбауына қалай түскені баяндалады. Бұл хикаяның негізі – Шайтанның айла-шарғысын көрсететін Ибн Жузидың “Талбису Иблис” (Ібілістің айлакерлігі) деген еңбектен алған болуы мүмкін.
Дастанда діндар Барсиса ертелі-кеш құлшылық етумен айналысады. Шайтанның азғырғанына да назар аудармайды. Алайда, Ібіліс оның осал жерін тауып, оған адам емдеу әдісін үйретеді де бір жас бойжеткенді талма ауруына душар етеді. қыздың ата-анасы оны емдету үшін Барсисаның алдына алып келеді. өмірінде ңйленбеген сопы онымен зинақорлық жасап, ақырында қызды өлтіріп тынады. Барсисаны дар басына алып келгенде, Ібіліс пайда болып: “Егер маған сиынсаң, мен сені өлімнен сақтап қаламын,” – деп азғырады. Барсиса оның алдауына түсіп, оған сыйынады. Жоғарыдағы “Талбису Иблис” деген еңбекте бұл аңыздың негізін Хашыр сүресінің 16-аятымен байланыстырған. Онда: “Олар шайтанның мысалы сияқты; адамдарға: “Қарсы бол” деп айтып, адам баласы қарсы болған кезде: “Шынында сенен бездім. Расында әлемдердің Раббы Алладан қорқамын» деген еді”,- делінген. Яғни аяттың мағынасы бойынша Ібілістің мақсаты адам баласын Алланың хақ жолынан айырып, өзіне сыйындырып, жаман жолға бастау. Ақын дастанның соңында:
Жетпіс жыл тынбай қылған ғибадатың,
Зәрредей пайда болмай қалды кетіп.
Осындай хиле қылып шайтан лағын,
Ойлайды азғырмақты” қайғы-қамын.
Шайтанның алдауына кірмеңіздер,
Халінен ғибрат алып Барсисаның,
Әзәзіл бұл күнде де көп азғырар,
Әр түрлі ой ойлатып иғуа қылар,
Бір Құдай өз фазылымен сақтамаса,
Мәкрінен еш адам жоқ мойын бұрар,-
деп, Ібілістен сақтануға шақырады.
Шайыр Исламның негізгі іргесі – “ақида” жайлы да қалам тербеген.
Бір кітап ақайд деп ат қойылған,
Ішінде хақ сипатын зікір қылған, –
деп, Шәді өзінің “Ахуал қиямат” деген дастанын жазады. Ақида іліміне қанық шайыр әуелі Алланың субути және зати сипаттарына ерекше тоқталған. Осы дастаннан оның құран тәпсірін де жетік меңгергенін көруге болады. Құранның ішіндегі Алланың жалғыздығын сипаттайтын “Ықылас” сүресінің мағынасын да ашады.
Дастанда болмыстың, шайтанның, періштенің, адамның неден жаратылғанын айтады:
Жаратқан нұрдан Алла періштені,
Болмаған көптігінен есеп саны.
Алдына бәрі бірден жаратылған,
Күнәдан таза қылған Алла оны.
Дастанның екінші жартысы бүтіндей қиямет күнін суреттеуге арналған. Ақыр заман жақындағанда Яжуж-Мажуж қауымының шығатынын, Дажалдың адам баласын шыбындай қыратынын, сол кездерде күннің батыстан шығатынын айтады. Алланың қарғысын алған Ібілістің адамды соңғы демі қалғанша азғыратынын жырлайды:
Өлмеске дыққаты жетіп бағзы пенде,
Сөйлеуден тілі қалған сол мезетте.
Кеселдің сол жағынан зохер болып,
Көрініп шайтан лағын келген онда,
Деп айтар: “Ислам дінін тәрк етіңіз,
Екеу деп бір Алланы айтыңыз тез.
Ол айтқан сөздерімнің бірін қылсаң,
Кеселден сыххат тауып жазыларсыз”.
Шәді ақынның осы дастанының негізі Исламның атақты факиһы Әбу Мансур Мұхаммед Матуридидің “Таухид” еңбегіне негізделгені аңғарылады.
Шәдінің жазған шығармаларынан оның діни кітаптарды көп оқығанын көреміз. Оның дастандарында пайғамбар хадистеріне негізделген жыр жолдары да аз емес. Ол Исламның Алланың ақ жолына шақыратынын біліп, діни дастандары арқылы хақ дін-Исламды үгіттейді.
Шайыр шығыс мұсылман әдебиетінде әділдіктің үлгісі ретінде суреттелетін “Ескендір Зұлқарнайын” туралы да дастан жазған. Ө.Қоңыратбаев: “Шәдінің ең алғаш жазған хикаяттарыны” қатарына “Ескендір Зұлқарнайын” мен “Хикаят Әмір Хамзаны” жатқызады.
Жастайынан шығыс мұсылман әдебиетіне жетік Шәдінің парсы классиктері жарыса жырлаған Ескендірге соқпай кетуі екіталай еді. Бұл тақырып Фирдауси, Низами, Әмір Хосрау Дехлеви, Жәми, Науаилардың шығармаларында орын алған. Олар тарихтағы шынайы Ескендірдің бетін бүркемелеп, оны пайғамбар дәрежесіне дейін көтерген. Ал, қазақ топырағында Тұрмағанбет Ізтілеуов, Абай, Ыбырай, Мағжандар да Ескендір жайлы шығарма жазып, оны дәріптеместен, қайта оған сын көзбен қараған.
Алайда, Шәдінің Ескендірді қай тұрғыдан суреттегені бізге белгісіз. Оның бұл шығармасы қолға түсе қойған жоқ. Осы орайда Немат Келімбетов: “Шәді Жәңгіров көп жазған, кітаптары көп басылған ақын. Оның кітаптарын түгел жинадық деп айта алмаймыз. Ақын өзінің “Назым Чохар Дәруіш” және “Хикая Харун ар–Рашид” деген кітаптарының соңында енді баспадан беріледі деген “Ескендір Зұлқарнайын”, “Ахмад Жәми”,“Әмір Хамза –Сақипқыран” деген сияқты бірқатар дастандары да аталған. Бұл шығармалар бізге әлі белгісіз,» – деуі біздің ойымызды нақтылай түссе керек.
Шәді өз заманының “кітаби ақындары” сияқты шығыс шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаумен де айналысқан. Ол парсының атақты шайыры Фирдаусидің “Шахнамасын” қазақ тілінде сөйлетіп, Атбасар уезіндегі Қалменбайға тарту еткені жайлы деректер бар. Оған “Шәдінің болыс Қалменбайдан ат сұрап жазған” өлеңі /50/ дәлел:
Жібердім “Шахнаманы” сауап үшін,
Батыр мен балуан сөзі толған іші.
Өзіңіз оқып көріп түсінерсіз,
Ашылар естігеннің көңіл қошы.
Көрмекке сол кітапты көтерілген,
Төркінінің ашкара қылды іші.
Тым қуат моллаларға оңай емес,
Сөздерін бұл кітаптың тез білісі.
Бағзы жерлерінде бас тіллә бар,
Молланың түсінетін әлі бір ісі,-
деп, қаласа тағы бір қайтара жазып беретінін айтады.
Мінбекке ағаңызға бір ат дәркор,
Бес жаста я алтыда болсын тілі.
Толықтық, сұлулық пен семіздігі,
Ұқсасын өзіңізге әр жүрісі,-
деп ақысына бір жақсы ат сұраған.
“Орақа–Күлше”, “Чоһар Дәруіш” сияқты шығармаларымен әйел тағдырын, шынайы махаббат мәселесін көтерген ақын қазақтың той-томалақтарында келіннің бетін ашуға арналған “Беташар” деген жыр да жазған. Шәдінің басты ұстанған мақсаты – шынайы махаббат, адал жар, шаңырағы шайқалмайтын отбасы. Осы жолда ол болашақ келінге бар ақыл-өнегесін айтудан жалыққан емес.
Құлағыңды салып тыңдап тұр,
Келін жан менің тілімді.
Әдептің жолын үйренбекке
Жас кісіге ілімді.
Айтқанымды ұғарсың,
Егер болсаң сәлімді.
Ақылсызға айтқан сөз,
Далаға кеткен шығынды.
Бәрі саған керек іс
Тыңдасаң кейін жырымды.
Жырменен қосып айтамын
Бар насихат сырымды.
Шәді де Абай сияқты қазақ халқын дер кезінде сынап отырады. Абай өзінің екінші қара сөзінде “қазақты” ноғай, сартты сынаймын деп көштен қалып қойды» –деп налыса, Шәді төре де қазақ пен қырғыздың мешіт салуға салғырттығын айтып сынайды.
Петроградта салынғалы жатқан мешіт құрлысына қазақ пен қырғыздан өзге мұсылман халықтардың, әсіресе, соның ішінде ноғай мен сарттың көмек бергенін айтып, қазақтың бай дәулетті жандарына қайырлы істен құр қалмаңдар деген ой айтады:
Бір халықпыз қырғыз, қазақ қатар жатқан,
Жақынбыз бір-біреуге ноғай, сарттан.
Біздің де ішімізде өзгелердей,
Байларымыз, сахилар бар дәулеті артқан.
Көптікке аз емеспіз ешбірінен,
Есепте алты миллон санға айналған
Осындай қалың қол қойған қайыр іске,
Біздерден жәрдем жоқ еш бөленген.
Біздерге мұнан артық болмас ұят.
Сол үшін хабар беріп жазамын хат.
Ресейдің жиырма бес миллиондай мұсылманы бір мешітті бітіре алмаса, біздей Алланың пенделері үшін–өлім дейді. Құдай жолына жұмсалған қайырлы істер ешқашан да өлмейтінін, қайта оның сауабын Алла беретінін айтып, Құранның “Бақара”, “Әнбая”,”Нәміл”, “Қасас”, “Мәйда” сияқты бірнеше сүрелеріне сілтеме жасайды.
Бір есе бергенің он есе ғып,
Сауабын ол пендеге берер тәңірі.
Дәләлі осы сөздің құранда бар,
“Әнғамның” сүресінде айтылады,
– деп, бітпей жатқан мешітке қол ұшын беруге шақырады. Қазақтың не өзі ішіп –жемейтін, не өзгелерге бермейтін сараң байларын мінеп, оларға қарата қатты айтады.
Байлар бар малы жерге симай жүрген,
Мойнындағы парызын ада қылмай жүрген.
Біреуге қайыр қылып бермек түгіл,
Өзі ішіп-жемекке қимай жүрген.
Құдайым хикмет берсін біздің халыққа,
Қырғыз бен қазақ болып шыққан атқа.
Мешіттің жәрдемінде кейін қалып,
Жүрмесін күлкі болып ноғай, сартқа.
Шәді жасы ұлғайып, пайғамбар жастан асқан соң, өз ортасының үлкенге өнеге, кішіге ақыл айтар қариясына айналған. Оның білімі мен діндарлығынан хабары бар ақсақалдар оған әр түрлі сұрақтар жазып, дер кезінде оның салиқалы жауабын да алып отырған.
Оңтүстіктің бірнеше шайырлары Шәді төреге хат жолдап: “Ұлғайып барамыз. Жасымыз келген сайын күш-қуатымыз кеміп барады. Сіз көп оқыдыңыз. Осы жастықты ұстап тұрудың амалы бар ма? Біз өзімізше ақылдаса келе, жас қыз алып, жақсы жүйрік атқа мініп, ит жүгіртіп, құс салып серілік етсек, қысы-жазы қымыз ішіп, қазы-қарта, жал-жая жесек мүмкін пайдасы болар деген ойға келіп сізден кеңес сұрап отырмыз”,– депті. Сонда Шәді былай деп жауап қайтарады:
Бір сұрақ беріпсіздер сіздер бізге,
Берейік тапсақ жауап сөзіңізге.
Ағарар сақал мен шаш бейнет көріп,
Көрместік пайда болар көзіңізге.
Жігітке жиырма бес жас ақыры отыз,
Қырықта қылау депті кәрия сөзі.
Елуде көктем өтіп айналар күз,
Алпыста ақылы бүтін аң ауламас.
Атсам деп ойлап тұрар көрінсе көз.
Жетпіс жас қалайда да ерге еңбек,
Кетіріп бет ажарың бүгілер тіз.
Сексен жас оралмайтын қара қазан,
Немене айтып, айтпай тоқсан мен жүз.
Сарқылып аққан теңіз біткеннен соң,
Пайдасыз жал мен жая, қымыз бен қаз.
Сондай қартайған шағында ер жасын ой елегінен өткізіп, өзінің салиқалы ой-пікірін жыр жолдары арқылы беріп отырған ақындар қазақта аз болмаған. Солардың бірі Бұқар жырау:
Жиырма деген жасыңыз,
Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз,
Жарға ойнаған лақтай.
Іырық деген жасыңыз,
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен.
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғылы- мұңлы күн екен.
Сексен деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен.
Тоқсан деген жасыңда,
Ажалдан басқа жоқ екен.
деп жүз жасқа жетудің өзі де үлкен машақат екенін айтқаны бар.
Шәдінің көлемді шығармаларының қатарына “Россия патшалығында Романов нәсілінен хұқымранлық қылған патшалардың тарихтары һәм ақтабан шұбырыншылық заманнан бері қарай қазақ халқының ахуалы” атты тарихи реалистік поэмасы мен қазақ тарихына арналған “Тарихнама” деген көлемді тарихи шығармасы жатады. Екі шығарма да тарихи желіге құрылған.
Ақын Ресей туралы тарихи поэманы 1910 жылдары жазған. Шығарма ішінде Ресейді ежелден басқарып келе жатқан патшалар мен атақты қолбасшылардың өз халқы үшін істеген ерліктері кеңірек қамтылған. Шәдінің осы шығармасы 1912 жылы Орынборда кітап болып шығып, халық арасына кең тараған. Бұл туралы 1916 жылы көтерлісшілердің алдында сөйлеген сөзінде А.Имановтың: “Түркістан қаласынан шыққан ақын Ш.Жәңгіров бізге Россияның тарихын аударып берді, оны біз зор мақтанышпен оқимыз ”– дегені ойымызды нақтылай түседі.
Шәдінің қазақ тарихына арналған “Тарихнама” поэмасы екі үлкен тараудан тұрады. “Шыңғыс ханның тарихы” атты алғаш жартысы 32 тарудан тұрса, поэманың “Абылай хан тарихы” деген жартысы 22 тарауды құрайды. Шәдінің осы бумадағы үш қолжазбасының жалпы көлемі 31964 жол.
Поэманың басында ежелде патшалық құрып, бұл күндері аттары аңызға айналған патшаларға тоқталады да Оғыз хан, Қара хан тарихтарын өрбітеді. Ру тайпалардың шыққаны, қазақтың үш жүзге бөлінгені жайлы жәйттерді келтіреді. Шығармадағы оқиға барысы бірінен соң бірі өрбіп, хандар өмірінен көп мәлімет береді. Шәдінің бүл шығарманы жазарда қандай дерекке сүйенгені жайлы Н.Келімбетов: “Мазмұнына, құрылысына қарағанда Шәді бұл дастанын Абулғазы Бахадурханның “Шежірей түрік” деген кітабының ықпалымен, соған еліктеп жазған сияқты. Сондай-ақ “Тарих-наманы” оқи отырып, Мұхаммед Юсуфты” “Тарихи Мухимханий”(ХҺІІІ ғ), алғашқы нұсқасын Нуриддин Ахунд Мулла Тархад Самарханди жазған “Тарихи Рақимий”, Мунис Хорезмий мен оның жиені Мухаммедриза Агахий жазған “Фирдаве уа- иқбол” сияқты күрделі тарихи еңбектермен Ш.Жәңгіровтың жақсы таныс болғанын аңғару қиын емес»-дегенді айтады.
Шәді поэманы” “Қазақтың үш жңзге бөлінгені” деген тарауында:
Ілгері рулардың хикаяты,
Шығарған Абулғазы тарих хаты, –
деп Абулғазының тарихымен таныс екенін аңғартады. Сондай-ақ Шәді поэма ішінде аты белгісіз “Рузата Сафа” деген кітапқа да сілтеме жасайды. Бұдан ақынның осы еңбекті жазарда біраз кітапты қарап шыққанын байқауға болады.
Шыңғыс хан өз күшімен шахлық еткен
Уақытында онша түрлі іс көрсеткен.
Хорасан, Иран, Тұран, Дешті қыпшақ,
Һүндістан, Қытайға шейін үкімі жеткен, –
деп, Шыңғыс ханның жасаған жорықтарына тоқталған. Шыңғыстың дүниеге қолына қан ұстап келгенінен-ақ, оның әлемді жаулайтынынан хабар береді:
Тамужин анасынан дүние енді,
Бір қолдың алақаны жұмулы еді.
Қатындар қызмет еткен қарағанда
Ішінде ұйып қалған бір қан көрді.
Шәдінің шығармасындағы Шыңғыс кейде әлемді жаулаушы қанішер ретінде берілсе, кейде әділдік жағымен де көзге түседі. Қағанның Отырарға шабуылды ұйымдастыруына себеп сол шаһардың ханы–Қайыр хан деп көрсетеді. Шығарманың желісі бойынша Қайыр ханның қабылдауында болған Шыңғыс ханның саудагерлерінің бірі Отырар ханының жасырын атын біліп, оны сол атымен шақырады. Осы жайға қаһарланған хан оларды жазалауға бұйрық береді. Осы шараға қатуланған Шыңғыс хан Отырарға деген әйгілі жорығын бастайды.
Шыңғыс қағанның ел қамын ойлап, өзі құрған патшалықтың іргесі шайқалмауы үшін балаларына әрқашанда бірлікте болыңдар дейді.
Менен соң біреуіңізді патша қылып,
Һүкіміне тұрыңыздар мойын ұсынып.
Сіздерге ешкім дұшпан бола алмағай,
Тұрады қол астыңа бәрі кіріп.
Шәді бұл поэманы ұзақ уақыт бойы сарыла жазған. Ол әрбір оқиғаларға ерекше мән беріп, содан өзінше қортынды шығарып отырады.
Поэманың Абылай хан бөлімінде, оның бұл еңбекті жазудағы мақсаты–өшіп бара жатқан хан тарихын қайта жаңғырту, өткен тарихпен оқырманды таныстыру. Онда шайыр бабаларының ұмыт болып бара жатқан тарихын өзі жырламаған да кім жырламақ деп, өзін-өзі қайрап содан күш-қуат алғандай болады:
Белгілі Абылай хан қазақ ханы
Қаншасын патшалардың біледі оны.
Бұл уақытта халықтарға мәлім емес,
Жазылған Абылай ханның тарихтары.
…һәм өзім хан әулеті болған үшін,
Айтпаққа көңілім кетті қылған ісін,
Мойнына баласының лазым болар.
Істемек атасының әр жұмысын.
Осылай бабаларының шежіре – тарихын жырлаған ақын, поэманың соңын Кенесары ханмен аяқтаған. Ақынның осындай батыл қадамға барып, хандардың тарихын жырға қосуы, оның шынайы шайырлығынан, өткенге деген жанашыр, қамқорлығынан болса керек.
Шәдінің діни дастандарының ішіндегі ең көлемділерінің бірі–сіздердің қолдарыңыздағы “Назым Сияр Шәриф» дастаны деуге болады. Бұл дастан бастан-аяқ Мұхаммед пайғамбардың өмір жолына арналған. Ақынның бұл шығармасы өткен ғасырдың басында Ташкен, Қазан қалаларында бірнеше рет жарық көрген. Кешегі кеңес заманында қайта баспа көрмеген. Бірақ, араға бірнеше жылдар салып, 1995 жылы Алматыдағы “Санат” баспасынан ф.ғ.к. доцент Оңайбек Құдышұлының құрастыруымен қайта жарық көрді. Алайда, мұнда ақын еңбегі толығымен берімлместен, құрастырушы тарапынан буын саны, сөйлем құрылыстарына бірқатар өзгерістер енгізіліп, едәуір қысқартылып берілген. Қолдарыңыздағы еңбек ақынның 1914 жылғы Ташкент қаласынан шыққан нұсқасы негізінде жасалды. Әрі шығарманы бүгінгі әріпке түсіру барысында 2003 жылы “Арыс” баспасынан жарық көрген ақын еңбегі басты назарға алынды. Ақынның қолтаңбасын жоғалтпау мақсатында шығармаға ешбір түзетулер енгізілместен, араб, парсы сөздері сол қалпында беріліп, кітап соңында сөздіктер берілді.
Барша адамзаттың ардақты пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.)ды дәріптеу, оған салауат айту дәстүрі мұсылман шайырларға тән қасиет деуге болады. Қара сөзге жан бітіріп, сөз маржанын тере білген шығыс мұсылман ақындарының бәрі де пайғамбарға жыр жолдарын арнауға тырысқан. Алланың елшісінің тірі кезінде ол туралы мадақ қасидаларын жазған араб пен ажам шайырлары көптеп саналған. Иран ғалымы Хакими Мұхаммед Резаның жазуынша пайғамбар заманында оның айналасында отыз үш шайыр болған десе, Сирия ғалымы Шейх Набахани Бейрути өзінің төрт томдық “Әл мажмуғатун набаһания фил мадайхун набауия” деген еңбегінде пайғамбарды мадақтаған елу шайырды” өлеңдері берілген. Ал, Ирак ғалымы Уәлид Әлағзами өзінің “Шуғараур Расул” деген еңбегінде Алланың елшісінің қасында бір жүз он үш ақынның болғанын алға тартқан. Олардың сегізі әйел ақын болған. Риядта жарық көрген Әл-Хусри Әбу Исхақ Ибрахим бин Әли Әл-Қируани өзінің “Шуғарауд дағуатул исламия фил ғахдин нубууәтун уәл хуләфәи рашидин” деген еңбегінде: “Қала Сағид бин Әлмусайиб: “Кәнә әбу Бәкир шйғирән, уә Қумар шәғирән, уә Әли әшғәру сәләсә” деп, атақты төрт халифтың да пайғамбарға арнап жыр жолдарын жазғанын алға тартқан.
Десеек те, Пайғамбар заманында танымал болған шайырлар -Асан ибн Сәбит пен Кағб ибн Зухейр деуге болады. Соңғысының пайғамбарға арнап жазған “Бинт сәғад” қасидасы мұсылмандар арасына көп тараған. Ал, Асан ибн Сәбиттің “Уә лә мәдәхту Мухәммәдән бимәқалати, Уә ләкин мәдәхту мәқәләти би Мухәммәдән” яғни “Мен өлеңіммен Мұхаммедті мадақтаған жоқпын, қайта өлеңімді Мұхаммедпен мақтадым” деген жыр жолдарын жазғанын Ислам ғалымдары жарыса отырып жазған.
Ал,тарихшылар арасынан алғаш рет Мұхаммед пайғамбардың өмірі туралы “Сире нәби” еңбегін жазған Мұхаммед ибн Исхақты (704-767) айтып өтуге болады. Одан бері Ислам тарихшыларының бұл тақырыпқа бармағаны некен саяқ деуге болады.
Қазақ даласында пайғамбарды дәріптеп, оның өнегелі ғұмырын жыр-дастанға қосушы ақын шайырлар аз болмаған. Түркі жұртына сопылық ілімді таратушы Қожа Ахмет Иасауи:
Он сегіз мың әлемге сәруар болған Мұхаммед,
Отыз үш мың асхабқа раһбар болған Мұхаммед,-
деп, пайғамбардың өнегелі істерін жырға қосқан.
Шәді ақынның “Назым сияр шәриф” шығармасы шағатайша жазылған. Сондықтан да, шығармада араб, парсы сөздері көп орын алған. Профессор Б.Кенжебаевтың пікіріне жүгінер болсақ, бұл тіл ортағасырлық әдебиет тілі болған.
Ақынның бұл шығармасы өте тартымды жазылған. Дастанда пайғамбардың дүниеге келгенінен бастап, оның қасиетті өмірінің соңына дейінгі оқиғалар рет-ретімен, тақырыпшаларға бөлініп берілген. Әсіресе, ақынның Миғраж оқиғасын, пайғамбардың дін үшін жасаған ғазауаттарын суреттеуін ерекше атап өтуге болады. Ақын жәннат пен тозақты суреттегенде барын салған. Ондағы теңеулер, салыстырулар мен метафоралар өте сәтті шыққан.
Ақын әуелі Алланың жаратқан нәрсесі пайғамбардың нұры екенін баса айтып, оның атадан балаға қалай берілгені туралы:
Абдолла Әмина атты қатын алды,
Ибраһим мілләтімен некеленді.
Әуелі жолыққанда Абдолладан,
Расулалланың Әминаға нұры берілді,–
дей келе, соңғы пайғамбардың “Нұр” сипатына ерекше тоқталған.
Дастан ішінде имамдар арасындағы кейбір даулы мәселелерге де өзіндік пікір айтып отырады.
Расулдың талас болды туған күні,
Ақиқат дүйсенбінің еді түні.
Рабиғул-әууәл айдың он екінші,
Түні деп көп имамдар айтты мұны.
Шығарманың ең әсерлі тұстарының бірі –Миғраж (көкке көтерілу) оқиғасы. Онда пайғамбар көкке Жебірейіл періштемен бірге көтеріліп, ондағы жайлармен танысып шығады.
Әмір етіп Мәлік айтты Сухайылға,
Жебірейіл Мұхаммедпен келді мұнда.
Барлығын өз көзімен көріп шықсын,
Көрсеткін жаһаннамды осы күнде.
Сухайыл төмен қарап назар салды
Жарылып екі жаққа жер ашылды.
Құдайдың құдіретімен пайда болып,
Көрініп жеті тозақ қатар тұрды-
деп, жеті тозаққа кімдер баратынына жеке-жеке тоқталады. Шығарманың соңғы тарауында ақын пайғамбардың мінез-құлқы мен ерекшеліктерін жақсы көрсете білген. Шайырдың мұндағы келтіретін дәйектері “Фикһ” ілімінде берілетін пайғамбарлықтың бес шартымен жақсы таныс екені көрініп тұр.
Өмірдің барлығында бір мәртебе,
Болмады жалған айту шынай оған-
деген жолдарды жазған ол пайғамбарлықтың екінші шарты–“Сыдқаны” баяндаса, кереметтері жайлы:
Басынан құс өтпес ұшып хәргез (ешқашан),
Айналып өтер еді болғанда кез-
деп, Алланың елшісінің осындай ерекшеліктеріне тоқталып, оның үш мыңдай кереметі бар екенін айтады.
Әрине, дастанның ішіндегі кейбір оқиғалардың тарихи шындықтан ауытқып, аңыз желісіне құрылған жерлері де жоқ емес. Ондай жерлер шығарманың құндылығын арттырмаса, төмендетпейді. Сол әпсәна желісіне құралған жерлерінде ақын “жетпіс екі” жұмбақ санын көп қолданады.
Ол келген жетпіс екі адамдардан,
Жалғызы дінге кірді мұны көріп-
Немесе
Көп еді ғар (үңгір)ішінде тесіктері,
Санаса жетпіс екі еді бәрі.
Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл сан –ақынның ұстанған жұмбақ сандарының бірі. Шығыс мұсылман әдебиетінде мұндай жәйіттер көптеп кездеседі. Шайырлар кейде өз есімін “Әбжәд” ілімі бойынша жұмбақтап беріп, белгілі бір сандармен көрсетіп отырған. Шәді ақын да осы Әбжәд ілімін жетік білген. Ол “Барсиса” деген дастанының соңында:
Бұл сөзді ойласаңыз кім айтқанын,
Осыдүр Жүсіпбек атым менің.
Үш жүз бір мен төртке оны қосып,
Әбжәдтің есебіне назар салың.
Шәдінің “Әбжәдтағы” саны үш жүз бес. Арап тіліндегі “Ш” әрпі үш жүз санын білдірсе, “Ә”–бірді, “Д” әрпі–төрт санын береді: жиынтығы үш жүз бес.
Араб, парсы әдебиеттану ғылымында ақынның шығармада өз атын не шығарманың жазылған жылын жасырып беруін муамма тәсілі деп атайды. Мұндай шеберлікті Шығыс мұсылман әдебиетімен сусындаған, соның ішінде, Бұқара медіресінен тәлім алған ақындар көп қолданған. Солардың қатарында Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағанбет Ізтілеуов сияқты ақындарды атауға болады.