Тексерілді:
Күні: 17.11.2016
Пәні: Абайтану
Сыныбы: 10-сынып
Сабақтың тақырыбы: Абайдың табиғат лирикасы. «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі
Сабақтың мақсаты
1. Білімділік: Абайдың өмірі мен шығармашылығы және табиғат лирикасына деген сүйіспеншілігі туралы түсіндіру. Табиғатқа арналған өлеңдерінің мазмұнын игеру, мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыру Өлеңінің идеясын ашу, өз ойын толық жеткізіп, өлеңнен негізгі түйінді таба білуге үйрету;
2. Дамытушылық: Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс жасауына ықпал ету, ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру арқылы білім көкжиегіне жетелеу;
3. Тәрбиелік: Оқушыларды әдебиетке деген сүйіспеншілігін оята отырып, туған табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ – жауап, сатылай кешенді талдау,
топпен жұмыс
Сабақтың көрнекілігі: сызбалар, кестелер, дидактикалық материалдар
Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Үйге тапсырмасын тексеру: «Абай өлеңдерін оқынғаннан кейін түйген ойым» эссе жазу.
ІІІ Жаңа сабақ:
Абайдың табиғат лирикасы
Абайдың дүниежүзілік озық поэзиядан алған бір үлгісі – табиғат лирикасы. Табиғат – адам баласының өмір сүретін ортасы. Оны әлем классик ақындарының бәрі де жырлаған. Дәуірі мен ортасына, өзінің жеке басының көңіл - күйіне байланысты әр ақын өзінше жырлаған. Біреулер таза пейзаждық суреттер жасаса, екінші біреулер табиғат арқылы қоғамдық өмірді, тартысты, өз көңіл - күйін суреттейді. Абай да табиғатты өзінше жырлаған. Абайдың төрт мезгілі жайлы өлеңдері ақынның әлем поэзиясын тереңдеп оқып, үлгі тұтқан кездерінде 1886 - 1890 жылдар аралығында жазылған.
Абайдың бұл тақырыптағы тұңғыш өлеңі – «Жаз» (1886). Мұнда жазғы табиғаттың көркем көрінісі мен неше түрлі қызықты құбылыстар, бәйшешегі толысқан жайлау мен әлі қонып үлгермеген ауылдың қарбалас тіршілігі суреттеледі.
Ал, «Қыс» (1888) өлеңі – нағыз классикалық поэзия үлгісінен туған өлең. Мұнда да табиғат қозғалыс - әрекеттегі күйде алынады. Бірақ бұл әрекет табиғаттан гөрі адамның – жанды тіршіліктің әрекетіне ұқсайды.
Абайға дейінгі әдебиетте қысты жанды адам (шал) бейнесінде суреттеу әдеті болмаған. Бұл – Абай жаңалығы. Ақын оны қазақтың бейжай, енжар жатқан даласына қорқынышты үрей әкелген қатал бейнеде алады. «Демалысы – үскірік, аяз бен қарды кәрі құдаға» теңейді. Бұл жерде қазақтың байырғы ұғымы қолданылады. Мазасыз, сұрампаз, еселеп алып, тыным бермейтін кәрі құданың бейнесі арқылы қыстың да қайталап соғып, көшпелі елдің тіршілігін тарылта беретін жайын суреттейді. Өлеңде мал баққан қазақ даласының қысқы тіршілігі кеңінен суреттеледі.
Бұдан кейінгі күзге арналған екі өлеңі – «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір - екі ай» (1889). Алдыңғы екі өлеңде ақын назар аудармаған көшпелі елдің жүдеу тіршілігі, таптық, қоғамдық қайшылықтар соңғы өлеңдерінің негізгі мазмұнын құрайды.
«Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, аңдыстырған екеуін құдайым - ай»,- деп ренжіп байға: «жас бала, кемпір - шалын тентіретпей, бір қыс сақта, тас болма сенде», - деген тілек айтады.
«Жазғытұры»(1890) өлеңінде – мұнда табиғат әлеміне кірген жаңалықтың иесі – «ата - анадай елжіреген күннің көзі» көбірек айтылады. Ақын сезімі қыстан қысылып шыққан ел қуанышына ортақтасады.
«Желсіз түнде жарық ай» өлеңі
«Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдату. Ән туралы не білетіндерін сұрау. Өлеңді бір оқушыға мәнерлеп оқыту.
«Желсіз түнде жарық ай» Абайдың 1888 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады. Өлең – ақынның табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындыларының бірі. Онда пәк, таза махаббаттың белгісіндей жарық айлы, желсіз түнжан толқынысына үн қосып, сыбырласқандай қалың ағаш жапырағы, жүрексінген көңіл, бұлықсыған сезіммен астасып, көлеңкелі, терең сайға гүрілдей құлаған өзендыбысы, осындай сырлы, сұлу түнде, әлдеқайдан естілген сазды ән, тынымсыз тірлік алмағайып уақыт дабылындай бейсауат үрген ит пен үздік-создық айтақ астында сүйгенімен жолығуға аулаққа асыққан сұлу қыз жанды бейнедей ерекше лирикалық леппен тамаша суреттеледі.
Шығарма алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.
«Абай» бұл өлеңіне ән шығарған. Ән Абайдың композиторлық талантының сегіз қырлы, бір сырлы қуатын, оның көркемдік талғам-танымының биіктігін танытады. 1935 жылы композитор Л.А.Хамиди Әрхам Ысқақовтан әннің екі түрін нотаға түсіріп алды. Алайда осы екі ән бір-бірінен тек өлеңнің 3-тармағының басында сәл ғана әуен ырғақтықпен ерекшеленетіні болмаса, жалпы ән мелодиясы бір. Өлең ағылшын, араб, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Лирика дегеніміз – көркем әдебиет жанрының бір түрі. Лириканың басты ерекшелігі – адамның көңіл күйін, сезім дүниесін тікeлей бейнелеп көрсетеді. Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Ақын ең алдымен өз жайын, мұңын, арманын, қуаныш сезімін жыр ету арқылы халықтың тағдырын, қайғысын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек-мақсаттарын білдіреді. Лирика көлемі жағынан өте ықшам келеді. Оқиғадан гөрі отты сезім басымдау, күллі сурет сол сезім маңына, бас-аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады. Лирикалық шығармалар кейде шығарманың тақырыбына, мазмұнына қарай бөлінеді:
- Саяси-азаматтық лирика
- Махаббат лирикасы
- Философиялық лирика
- Табиғат лирикасы
Эпитет дегеніміз – адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушының көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөз. Мысалы: сұр бұлт, дымқыл тұман, сұр жебе, қарақат көз, күміс ай, алтын күн, меруерт жұлдыз, тістеніп сөйлеу.
Кейіптеу дегеніміз – жаратылыстың жансыз нәрселерін, тап жанды нәрселердей етіп, жандылардың істейтін амалдарын істеткізіп суреттеуі.
Достарыңызбен бөлісу: |