Кіріспе
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде қазақстандық қоғамдағы заманауи әлеуметтік мәдени трансформация ескеріле отырып әзірленді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында, отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған.
Тұжырымдамалық негіздер Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде тәрбиенің даму перспективасын, басым бағыттарын, тәрбие мақсаттарын, міндеттерін, бағалау өлшемдерін және тетіктерін анықтайды.
Тұжырымдамалық негіздер жаһандану дәуірінде қазіргі адамда қоршаған әлемге технократтық және тұтынушылық көзқарас үстем болатын заманауи қоғам дамуының ерекшеліктерін ескереді.
Осыған байланысты адамзатты ұлттың тұрақты дамуының, рухани әлеуетінің артуына кепіл болатын прогрестің рухани-адамгершілік құндылықтарына, ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығын нығайтуға қайта бағдарлау қажет.
Ұлттың ерекшеліктерін, психологиясын, менталитетін ескермеу, ұлттық-мәдени құндылықтар бастауынан алыстау немесе оларды космополитизм мен жалған мәдениет түрлерімен алмастыру – адамның моральдық азуына, қоршаған әлемге агрессиясының артуына, рухани-адамгершілік әлеуетінің құлдырауына әкеліп соқтырады.
Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр.
Туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кең пейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық, толеранттылық – қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |