Тезис Баяндаманың, мақаланың немесе басқа да көлемді материалдың тезисі дегеніміз



Дата27.10.2023
өлшемі17,53 Kb.
#188860
Байланысты:
тезис жазу тәртібі


Тезис

Баяндаманың, мақаланың немесе басқа да көлемді материалдың тезисі дегеніміз – логикалық жағынан бір-бірімен байланысты жекелеген ережелердің жиынтығы.


Кез келген тезисті жазудың негізгі мақсаты – қолдағы бар материалды жинақтап қорыту, оның негізгі ойын қысқаша беру, көлемі жағынан үлкен баяндаманың немесе мақаланың мазмұнын ашу; мəселеге терең бойлап, оған талдау жасау жəне басқалардың ойына өз ойын қарсы қоя білу не өзгенің ойын толықтыра білу.
Басқа ғылыми мəтіндерден тезистің айырмашылығы оның көлемінің аздығында (1-2 бет), соған қарамастан, тезисте баяндаманың (мақаланың) барлық негізгі идеясы берілуі керек. Оқырман сапалы жазылған тезистен тұтас жұмыс туралы мəлімет алады жəне толық көлемдегі материалмен танысудың қажеттілігі туралы шешім қабылдайды.
Сəтсіз жазылған тезистер оқырманды қызықты жазылған ғылыми жұмысты оқудан бас тартқызуы мүмкін. Керісінше, сəтті құрылған тезис мəтіні ғылыми материалға да, баяндамашыға да назар аудартады.

Тезистің түрлері


  1. Басқа автордың жарияланымы бойынша құрылған тезис.

  2. Автордың өз материалының негізінде жазылған тезис.

Бірінші жағдайда тезис авторы материалмен алдын ала таныс болмайды, сондықтан оны мұқият оқуы керек. Оқи отырып, мəтінді бірнеше бөлікке бөледі. Әрі қарай мəтіннің бөлінген бөліктерінен негізгі ойды тауып, оны көшіреді немесе сол мəтінде белгілеп қояды. Содан кейін бөлінген бөліктер бойынша жекелеген тұжырымдар жасайды. Міне, осылар тезис болады.
Екінші түріне баяндама, мақала, таныстырылым сияқты ғылыми жұмыстардың тезистері жатады. Бұл жағдайда автор мəтінде қозғалып отырған мəселені жақсы біледі, сол себепті осы мəселені жазбаша түрде қысқа əрі нұсқа беру автордың міндеті болып табылады. Алайда соңғы типтегі тезисті жазу əрдайым оңай бола бермейді. Тезис жазып отырып, жаңа идеялардың келуі де мүмкін. Авторға өз жұмысының мəнін басқаша түсіндіру керек болады. Осы міндеттерді жеңілдету үшін төмендегі нұсқаулықты беріп отырмыз.
Ғылыми жұмыстардың тезистерін жіктеу
Мұндай тезистер негізгі екі топқа бөлінеді:

  1. Қолда бар материал (көлемді мақала немесе баяндама) бойынша жазылған тезистер;

  2. Баяндама мəтіні құрастырылғанға дейін жазылған тезис.

Бірінші жағдайда басылған мəтіннің мазмұнын барынша сақтай отырып, оның көлемін айтарлықтай дəрежеде азайту тезис жазу кезінде негізгі қиындық болып табылады. Автор материалды қаншалықты нашар меңгерген болса, соншалықты дəрежеде ойды қысқа беру күрделі болады. Бұл жағдайда жоғарыда айтылып кеткендей, басқа автордың материалы бойынша тезис құрастыру ережесі көмектеседі.
Бірінші тезис жазып, уақыт өте келе, автор сол тезисті көлемді мақалаға немесе баяндамаға айналдыратын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай жағдайдағы негізгі қиындық автордың не жазғысы келгендігін аяғына дейін байыптай алмайтындығында. Ғылыми зерттеулерде бұл қалыпты құбылыс болып табылады. Басында не жазғысы келетіндігі туралы ой келеді. Әрі қарай автор бұл ойды жетілдіріп, тезис жазуға отырады. Оқырманға тезисте айтылатын идеяны түсінікті жеткізу үшін оны қажетті дəйектермен толықтыру керек. Бастапқы сипаттау қысқа əрі нұсқа болады. Барлық мəтін 1-2 бетке басылады, осылайша тезис дайын болады.

Тезис жазу алгоритмі


  1. Сіздің тезисіңіз қандай типке жататынын анықтаңыз жəне тиісті құрылымды таңдаңыз.

  2. Сіздің жұмысыңыздың негізгі нəтижесі немесе тұжырымы не болатынын анық белгілеңіз.

  3. Тезиске тақырып таңдаңыз.

Соңғы тармақ, яғни тезиске тақырып қою конференция тақырыбына сəйкес келуі үшін қажет. Егер конференция тақырыбына сіздің тезисіңіздің тақырыбы сəйкес келмесе, сізді конференцияға қатыстырудан ұйымдастыру комитеті бас тартады. Сондықтан өтетін іс-шараға қатысты тақырып таңдап, соған сай тезис жазуды естен шығармаңыз. Тезис тақырыбы тезистің барлық мазмұнын айқындайтынын да естен шығармағаныңыз жөн.

  1. Жоғарыда көрсетілген типтерге сəйкес тезис құрылымын құрыңыз. Әр бөлімде не айтатыныңызды, тезистің негізгі идеясын бір сөйлеммен беріңіз. Әдетте, тезис мəтініндегі бір бөлімге (нақтырақ айтқанда, əрбір идеяға) бір абзацтан сəйкес келуі керек. Егер сіздің бір бөліміңізде бірнеше идея болса, бұл бөлім бірнеше абзацтан тұрады. Осылайша, сіз тезистің жоспарын түп-түгел жасап аласыз.

  2. Жазған тезисіңізді мұқият оқып шығыңыз, тақырыптың толық ашылуына бөлімдер мен абзацтар жеткілікті ме, тағы бір рет тексеріңіз. Егер жеткіліксіз болса, толықтырыңыз. Әрбір абзацтағы ой жұмыстың негізгі идеясын – нəтижесін // тұжырымын дəлелдеу үшін логикалық байланыста болуы қажет. Қажет болған жағдайда абзацтардың ретін ауыстыруыңызға болады. Мүмкін жұмыстың атауына түзету енгізу де қажет болар. Бəрін қайта тағы бір рет пысықтап шығыңыз.

  3. Тезисті ресімдеу талаптарын мұқият оқыңыз. Тезистің көлеміне мəн беруді ұмытпаңыз.

  4. Дайын болған тезисті ғылыми жетекшіңізге, танысыңызға көрсетіп, тезистің мазмұны, жаңалығы, жұмыстың стилі туралы олардың ой-пікірін тыңдаңыз. Егер айтарлықтай түзетулер мен толықтырулар қажет десеңіз, енгізіңіз.

  5. Дайын тезисті конференцияның ұйымдастыру комитетіне жіберіңіз.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет