2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.
3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.
4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.
5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған – деген айып тағылды.
1929 жылы 29 шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:
«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», – деген ілеспе хаты сақталған.
Бұдан кейінгі “Әділевті және басқа да 44 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің” тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.
Ол бұл сапардан аман қайтпайтынын білді. Олардың Барсакелмеске кетіп бара жатқанынан үй-іші хабардар болған. Оған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың:
“Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен», – деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар – Жүсіпбектің баласы – Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы – Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы – Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагоңдардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: “Қайт, атамын!”, – деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: “Бектұр! Жақында, қорықпа!..», – деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп поезды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын”, – деп (Р. Сағымбекұлы. Жүсіпбек. А. 1997. 209-бет) еске алады.
Ал сол кезде есін енді-енді біліп келе жатқан, алайда шешесі Евгенияның қасында әкесі туралы естіп өскен Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызы Сахно:
«Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті. Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл», - деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен мен оны әбден тексеріп білдім», – деп хабарлапты», – деп (З.Ақышев.Қайран Жүкең..., «Шалқар» 1990, қазан) еске алады.
Ұлттың рухани өмiрiн тiзерлетiп кеткен бұл зауалдың бетiн қайыру мүмкiн емес–тiн. Оған Қужақтың – Голощекиннiң өзi де араша түсе салмайтын. Дегенменде, адамның үмiтi үзiлген бе? Он томна асатын тергеу хаттамаларының iшiнен жоғарыдағы Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызының сөзін растайтын, жұбайына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбек Аймауытовтың қосағы – Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайрымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:
«2 / VII – 29.
Голощекин жолдасқа!
Маған көмек көрсететiн бiрден-бiр адам ретiнде Сiзге хат жазып отырмын. Менiң тауқыметтi iсiме сiз ғана көмектесе алады деп көп адамнан естiдiм.
Мәселе мынада. Биылғы жылдың 14 мамыры күнi ОГПУ-дiң агенттерi менiң күйеуiм Жүсiпбек Аймауытовты тұтқындап әкеттi, оған тағылған айыптың бабына қарағанда оның қылмысының саяси астары бар екен. (Менiң күйеуiмдi ұстаған ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң өкiлi, тергеушi Саенко солай деп айтты) Мұның әлде қалай бiр жаңылысу екенiн мен өте жақсы бiлемiн, Өйткенi, менiң күйеуiм саясатпен ешқашанда айналысып көрген емес. Ол тек қана әдеби жұмыспен ғана шұғылданды, оқу-ағарту саласына арнап оқулықтар мен таза көркем шығармалар жазып, кiтап шығарды. Ол қазақтың жаңа қарпiне байланысты Орталық Комитетте жұмыс iстедi, латын қарпiн етене кiргiзуге белсене араласты, газет беттерi арқылы еуропалықтарға қазақ тiлiнен дәрiс жүргiздi. Бұдан басқа ол қазақ ағарту институтында сабақ бердi, демек, оның саясатпен айналысуға ешқандай да уақыты болған жоқ.
Мен сiзден осы iске араласып, тергеудi тездетуге және егер мүмкiн болса тергеу бiткенше кепiлдiк арқылы босатуға рұқсат етуге көмектесуiңiздi қатты өтiнемiн, өйткенi ол ешқайда ешқашанда жасырынып әлек болмайды, себебi ол өзiнiң кiнәсiз екенiн бiледi, өзгесiн былай қойғанда, жазықсыз адамның кәдiмгi қылмыскер сияқты түрмеде отыруының өзi күйiнiштi ғой. Егерде оның денсаулығы маған сенiмсiздiк тудырмағанда, онда мен соттың әдiлдiгiне сенiп, үндемей отыра беруiме шыдамым жетер едi. Алайда ол биыл қыста ғана ауырған сүзектiң зардабынан қос өкпесi қабынып кетiп едi, сол үшiн оны өкпе ауруының емханасына есепке алған болатын. Менiң өзiмнiң де өкпем ауырады, сондықтанда сағат сайын оның өмiрiн қысқартып бара жатқанын жақсы бiлемiн, ол өзiнiң жастығымен, бiлiмiмен және қабiлетiменен қазақ пролетариатына өте зор пайда келтiрген болар едi ғой.
Менiң жан айқайыма құлақ түрiп, бiр жағынан – Қазақстандағы ең ықпалды адам ретiнде, екiншi жағынан – өзге адамның қайғысын түсiне бiлетiн адам ретiнде осы iске араласып, менiң күйеуiмдi босатуға көмектесуiңiздi тағы да өтiнiп сұраймын әрi қатты үмiттенемiн. Менiң өзiм сiзге жолығып бар мұңымды ашып айтсам ба деп едiм, ойындағыңның барлығын қағазға толық түсiре алмайсың ғой, бiрақта оған денсаулығым мүмкiндiк бермедi, менiң өкпем ауырады әрi менiң қолымда үш бала бар.
Оның өзiне де, бүкiл үй-iшiне де не үшiн екенi белгiсiз, осыншама қасiрет әкелген осынау үлкен қателiктiң бетiн қайтаруды сiзден тағы да қиыла өтiнемiн.
Сiздiң кiшiпейiлдi қайырымдылығыңызға деген сенiмiмде қаламын.
Евгения Аймауытова. 15 / VI – 29 жыл.
Шымкент, Пушкин көшесi, 5 үй. Аймауытова».
Қарапайым адамның, оның iшiнде ерiн аялаған әйелдiң үмiтi мен сенiмінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Евгения Аймауытованың да сезiмi сондай қасиеттi махабаттан туып едi. Түрменiң тар терезесiнен бiр нәзiк сәуле боп түсiп, Жүсiпбектiң жүрегiне жарық құйғысы келдi. Бұл ұясына таңдайының астына тамшы тұңдырып, су тасыған ана қарлығаштың мейрiмiмен пара-пар едi. Бiрақ, оған «көмек көрсете алатын бір ден-бiр», «Қазақстандағы ең ықпалды адам» – «өзге адамның қайғысын түсiне бiлмейтiн», түсiнгiсi де келмейтiн. Ол – «кiшiпейiл де емес, қайрымды да » емес, Жүсiпбекке ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «қасiрет әкелген үлкен қателiктi» тудырып отырған, «кiшi октябрь үшiн» бүкiл елдi жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректiнiң өзi сол Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi.
Екiншiден, бiрден Голощекинге арнап хат жазуының себебi, Жүсiпбекке тағылған айыптың бiрi – Голощекинге қастандық жасауды жоспарлады деген жала. Мұңлы махаббат иесi тiкелей Голощекиннiң өзiне хабарласу арқылы оның жүрегiндегi қатқан берiштi ерiтуге тырысқан. Өлкелiк басшының кешiрiмiн алуға ұмтылған. Өкiнiшке орай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбетi ендi ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеушiлерге жолдап, қосымша айғақ ретiнде iске тiркеттiрдi. Сөйтiп:
«ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгi кеңесiнiң шешiмi бойынша № 78754 3с бойынша айыпталған Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовты қылмысты iстер кодексiнiң 58/2, 58/4, 58/11, 58/10 – баптары бойынша, Есболов Мырзағазыны 58/2, 58/10 баптары бойынша, Ғаббасав Халелдi 58/2 бабы бойынша, Әдiлев Дiнмұхамед пен Аймауытов Жүсiпбектi 58/2, 58/8, 58/11 және 58/10 баптары...» бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды.
Оның артында сабақтасы Омар Иманбаев досына түрмеден жолдаған:
«Шықпаса жаның денеңнен,
Не салса тағдыр көрем мен.
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған сенем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар, соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем – мен өлмен!», –
деген өсиет сөзі ғана қалды.
Иә, өзі өлсе де Жүсіпбектің сөзі өлген жоқ. Сөзімен қоса мұқым қазақтың жандүниесін егілтетін «Екі жирен» әні қалды.
Оны, Жүсіпбектің аса шебер музыкант болғанын, алты-жеті әні бар екенін Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының естелігі де, Бектұр Жүсіпбекұлының бізге берген мағлұматы да, Семейдегі көз көргендердің куәлігі де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешінде Жүсіпбектің «Біржа мен Сараның» айтысындағы Біржан бейнесінде сақнада өнер көрсетуі соған дәлел. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков марқұм да «Екі жиренді» айтқанда, оның екінші нұсқасын үйренген ауыл әншісі Толыбайдың тағдырын сөз еткенде Жүсіпбектің ән шығару қабілетін еске ала отыратын. Соның ішінде дәлелі анығы «Екі жиреннің»:
Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,
Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен, –
деп басталатын нұсқасы.
Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терісаққан өзенінің бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарғаны туралы естелікті бізге Баукең – Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпісінші жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазу барысында әңгімелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып еді. Бұл деректі жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсірепов дегдар да мақұлдаған болатын. Бұдан өзге де оншақты әні, соның ішінде осы тергеу ісінде аты кездесетін әйел заты – Шәкітайға (Шын аты – Шәмши – Хамар), арналған «Шәмши –Хамар» (арабша Күн мен Ай, яғни, Күнсұлу деген сөз) әні де халық әнінің қатарында жүр. «Шамши – Хамар» әнінің шығу тарихына байланысты кезінде газеттке фельетон да жарияланған. Біз оны әдейі назарға алмадық. Ол басылым туралы Муза – Мәруә Жүсіпбекқызы да мағлұмдар екен, оған шешесі Евгения айтып беріпті.
Әрине, бұл сесріліктің хикаясы дербес әңгіме.Дегенмен де енді қайтып жарық дүниені көрмейтін сапарға аттанған өнер иесінің тіршіліктегі серілік қасиеттерін еске сала кеткіміз келді.
3.
Тергеу ісінің ҮІІ томның 372-бетінен бастап Ж.Аймауытовтың өзі жазған немесе өзіне келген хаттар, сондай-ақ осы томда Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет туралы жазбалары және екі сурет тіркеліпті. Сурет тура және қырынан түсірілген. Шашы қысқа. Көзі қысылыңқырап тұр. Мұртты. Кеудесіндегі ақ шүберекке «№ 2870» деген сан жазылған. Іспен алғаш рет танысқанымызда бұл сурет бар еді. Екі жылдан кейін қайта қолымызға алғанымызда, сурет жоқ болып шықты. Оған не амал бар. Қолма-қол түсіріп алатындай мүмкіндік қазіргіге қарағанда шектеулі болатын. тығыз да кесімді уақыт, қысталаң кеңсе әдеби жазбалардың барлығын көшіріп алуға еркіндік бермеді.
Соның бірі – тінту кезінде алынған Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаевтың Мағжанға жазған хаты . Зады бұл хат «Алқа» әдеби үйірмесін құру мақсатында ниеттеніп жүрген ақынның пікір білдіру туралы өтінішіне жауап болуы да мүмкін. Өйткені мұндағы пікірлерден «Табалдырық» атты бағдарламадағы ой ұшықтары аңғарылады. Анығы, «Мағжанның ақындығы» атты мақаласына дайындық тұсында жазылған. Әдебиет туралы пікір қозғау олардың ойында бұрыннан болса керек. Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Әлде, не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым қарпінің жазу үлгісін пайдаланған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.
«Орынбор. 1924-жыл. Майдың - 16.
Ардақты Мағжан!
Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.
Ақылды – не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақ та туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.
Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын да сенсің. “Жаралы жанды”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгіннен» жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?
Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса, күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?
Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торықпа, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды –“болды” деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?
Пушкинді – Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен – туысың қазақтың, адымың – қарға, елің – мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы – адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның ( иманына –?) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.
Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.
Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түрткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.
Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали”.
Мiне, шынайы тiлек, шынайы сын деген осы. Қаншама «жасасындатып», «қарғанып қарғап - сiлеген» сыннан көрi Жүсiпбек пен Молдағалидың дәл осы сөздерi Мағжанға әлдеқайда мол әрi терең әсер еткенi сөзсiз. «Жиhан күйiгi» туралы iшкi рухани ақындық түйсiктi Мағжанды өлеңдерiнен алғаш аңғарған да және оны дәлелдеп берген де – Жүсiпбек Аймауытов. Қазiргi сауаты сан-салалы, әлем поэзиясына көзi қарақты сыншылар мен зерттеушiлер де мұны назардан тыс қалдырып келедi. Демек, ақынның жан құпиясы әлi толық ашылмады деген сөз.
Төменде назарға ұсынылып отырған Жүсіпбектің әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша мәтінінің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты анық, сұлу. Өкінішке орай хаттың кімге арналғаны туралы бастапқы жолдар таспадан хатқа түсіргенде өшіріліп кетіпті. Негізінен бұл хат Абдолла Байтасовқа, не Қошке Кемеңгеровке жолданған. Алғашқы сөйлемді:
«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсіресе қазақ өмірінде бұл өте ажыратылмаған іс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзім де кедей боп өстім. Сонда көргенім, кедей жігіттері...», – деп бастап, пікірін одан әрі былай жалғастырады.
“Сонда көргенім, кедей жігіттері жаман аяғымен, байдың жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: «Мынау қазаққа келеді екен», – деп жалшының, не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ – берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.
Тағы бір қосылмайтын жерім: «Ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», – деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені – өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болса, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, (?..) байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма? Төңкерістен бұрын деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де болып ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушылары да төңкерістен кейін кей бірі жарамсақтанған, оларда жарамсақтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащысы, тұщысы тауқымешін-тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәнін тата алмай (?..) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр. Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, қақолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген. Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға. Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябірінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келс, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың? Осының бәрі жүзден бірі, бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре - біле тұра – кімшіл болу керек?. Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.
Рас, қазақ кедейі теңдікке жетті, жетілді. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бірақ екі зорлықтан әлі айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды – бірі: өз байынан көретін зорлық, бірі – жатынан көретін зорлық. Соңғыны айтайын десең, ұлтшыл болып шығасың, ендеше, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгі алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзі мен өмір жүзін айыру керек. Ғаббас, Әбдірахмандар қағаз жүзін алса, мен өмір жүзін алғым келді. Міне, менің пікірім осы.
Мен осы пікірімді газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өріс берер, бермесін білмеймін. Ішімде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пікіріңді жаз. Теріс, бұрысын көрсет! Бұл пікірімді Ғаббасқа да айт. Жөні келсе, керек жерін оқып жібер.
Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенімен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсің? Жақсы кітап болса маған жібер. Мұхтардың адресін білсең жазып жібер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы – 72 сом. Тезірек хат жазарсың.
Достарыңызбен бөлісу: |