Жақсылықбаева Р.С.,
филол.ғ.к., баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан және шетел журналистері
тәжірибесіндегі құқықтық нормалар
Заң – тіл мәселесінің кебін киген дүние іспетті. Қоғамда қандай мәселе болмасын заң шеңберінде жүзеге асады және «Мына заң қауқарсыз», «Мынадай заң қажет» деп жарияға жар салатындар да жетерлік. Әділеттіліктің өзі заңмен астасып жатыр. Заңның пәрменділігі туралы Цицерон: «Сот – сөйлейтін заң, ал, заң – әлсіз сот» десе, АҚШ жоғарғы сотының судьясы болған Вильям Дж. Бренан: «Баспасөзге сот қажет. Өз кезегінде сотқа да баспасөз қажет, оның арқасында соттың ұлтқа деген ішкі көзқарасы қалыптасады, сонымен қатар, соттың шешімі тек қана жазалаудан емес, тәрбиелеу мен үлгі ету мақсатын да көздейді, ал, бұл мәселені баспасөздің көмегінсіз шешу тіпті мүмкін емес»,-деп жазады. Бұл арада басқа теңеудің қажеті жоқ.
БАҚ туралы заңның айналасында айтылар әңгіме көп. Бұл заң журналистік зерттеу мен журналистердің өзге де құқықтарын бұзып жатқандығы жайлы көптеген ақпарат бар. «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева БАҚ туралы заң жөнінде ойын былайша түйіндейді: «Журналистік зерттеулерге келсек, қаламақы мен еңбекақыдан бөлек әр журналист танымал болуды, атақ-даңқты армандайды. Бірақ мен мәселе барлық басылымдардың әлдебір меншік иелеріне тиесілі болғанында деп есептемеймін – бұл бүкіләлемдік беталыс. Бізде журналистік зерттеулер жүргізуге болмайды, өйткені осыны істеуге батылы жеткен кез-келген журналист дағды бойынша дерлік қылмыстық қудалауға ұшырайды, оны бостандықтан айырумен қорқытып, жазалайды».
«Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымы жасаған шолуға сүйенсек, сөз бостандығы индексіндегі 169 орынның ішінде Қазақстанға 125-шісі бұйырған. Халықаралық баспасөз институты сарапшыларының пікірінше, бірақ бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқына кедергі келтірмеген. Кейбір халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығы Орталық Азия аймағының басқа елдерімен салыстырғанда анағұрлым тәуір деп санағанымен, тәуелсіз және оппозициялық БАҚ өкілдері биліктің нысанасында қалып отыр.Кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік өзекті проблема екендігін халықаралық тәжірибе растайды.
«Нью Йорк таймс» газетінің тілшісі Джейсон Блейердің ақпаратты үнемі бұрмалайтыны газеттің беделіне нұқсан келтірді. Американдық беделді басылымдардың бірі «Нью Йорк таймс» қызметкерінің бұрмаушылықтарын түзеуге күш салып жатыр. Джейсон Блейер осы газетте жазған тағы 600 мақала тексеріліп жатыр.«Нью Йорк таймс» газетінің бірқатар өрескел қате жіберген тілшісі Джейсон Блейер жұмысынан босатылды. Оның үстінен Техас штатындағы бір газеттің редакторынан шағым түсті. Джейсон Блейердің мақаласы Техас штатындағы газеттің мақаласынан айнымайтыны анықталып, ұят жағдай болды. Ол мақалада Ирак соғысында жоғалып кеткен баласынан хабар күтіп жүрген ананың тарихы баяндалады. «Нью-Йорк таймс» газеті бұдан кейін бес журналисіне тапсырма беріп, Джейсон Блейердің жалпыұлттық бөлімге қызметке тағайындалғанан бергі мақалаларын тексертіп, талай қатені тапты[1].
Вашингтонда орналасқан Джордж Вашингтон университетінің қоғамдық қатынастар және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі ассистент профессоры Сеун Удей оқырманның сенімін осыншама бұрмалау американдық газет үшін күйзеліс боп табылады дейді. Оқырманның, көрерменнің не болмаса тыңдаушының сенімі таусылса – бұқаралық ақпарат құралы қаржылай ұтылады, бара бара бизнесін жоғалтады.
Шындығында, Америка Құрама Штаттарында журналистің тәуелсіздігін іс жүзінде жетектейтін арнайы заң жоқ. Тек жеке тұлғаларға, кәсіпорындарға не болмаса қоғамдық мекемелерге зиян жасауға тиым салынған. Бұл шектеудің өзі қылмыс туралы заңдарда емес, азаматтық заңдарда жазылған. Журналистің қызметіне заң тұрғысынан шектеу жасау АҚШ конституциясының бірінші қосымшасында нақты белгіленген.
Демократиялық мемлекеттерде «төртінші күш» деп аталатын бұқаралық ақпарат құралдары төңірегіндегі дау басылар емес. Әлемнің ең демократиялы, ең еркін саналатын елдерінің өзінде БАҚ сөз бостандығының жетіспейтіні және журналистердің проблемалары туралы ақпараттарды таратып жатады. АҚШ, Германия, Швеция, Швейцария, Түркия және Қазақстан елдерінің «Бұқараны мәліметтендіру», «Ақпарат еркіндігі», «Баспасөз еркіндігі туралы Акт», «Баспасөз заңы» сияқты заңдарын салыстырғанда 1999 жылы қабылданған ҚР «БАҚ туралы» заңы халықаралық талаптарға сай екені аңғарылады. Қайта аталмыш елдердің заңдарында бізден өзгеше шектеулер мен жазалау шараларының бар екенін байқауға болады.
Швеция Корольдігінің парламенті «Риксдаг» 1974 жылы қабылдаған «Баспасөз еркіндігі туралы Актінің» көптеген баптарында «Қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатымен қабылданған заңдарға қайшы» ақпараттарды таратуға тыйым салынған. Аталмыш заң рухани мәдениет мүдделеріне қайшы және жеке тұлғалардың құқықтарын бұзатын ақпараттарды таратуға тыйым салады. 2001 жылғы террористік шабуылдардан кейін АҚШ әкімшілігі БАҚ құралдарына көптеген мәліметтерді жариялауға тыйым салған еді[2] .
Егер әлемдік тәжірибені қарар болсақ, Австралияның, Австрияның, Канаданың, Германияның және АҚШ-тың заңдарында теріске шығару құқығы сияқты жала жабу және жеке өмірге араласпау туралы да баптар бар. Кезінде Напалеонның өзі: «Төрт мылтықтан емес, төрт газеттен қорқамын»,-деген екен. Әлемдік тәжірибеде бүкіл журналистер биліктен жоғары тұрады. БАҚ-ты атқарушы биліктің қарамағынан шығарып, «қоғамдық» ұйымға бағындыру тәжірибеде мүмкін емес. Ал, Қазақстан сияқты күрделі трансформациялық процестер қарқынды жүріп жатқан алуан этникалық топтар мен мәдениеттерді, тілдер мен діндерді қамтитын, әлемдік деңгейдегі қақтығы аймақтарының кіндігінде орналасқан мемлекетке бұл қадамның қауіпті нәтижелер беруі әбден мүмкін. Осындай ахуалда БАҚ-тың қоғамдық пікірге әсерін ескеруге міндеттіміз.
«Ақпарат – демократияның негізгі валютасы»,-деп америкалық заңгер Ральф Нейдер айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі мен сөз бостандығы – демократияның басты нышандарының бірі.Журналистің этикасына байланысты әлемдік журналистиканың өзіндік төрт түрлі басшылыққа алатын мәселелері бар екен. Олар – адамның жеке басына тиіспеу, шындықты айту, біреуді қорқытып, үркітпеу, өзінің құқығын асыра пайдаланбау деген мәселелер.
Қоғамдық-саяси, құқықтық «Заң» газеті «Төртінші билік» айдарындасот жүйесі, сот істері мен заңды ақпарат алу ұғымдарын БАҚ-пен байланыстырып,жариялап отырады. 2012 жылы күллі елді шулатқан «Жаңөзен оқиғасының» мән-жайын осы басылым журналистері арқылы біліп отырдық. Мәселен, Шолпан Қараеваның «Жаңаөзен ісі және БАҚ» атты арнайы мақаласында біршама жайттардың шеті ашылған. Сот процесі ашық өтіп жатқаннан кейін, кез келген айыпталушының, мемлекеттік айыптаушының және судьяның сот процесі кезіндегі жай-күйін көрсететін суреттер мен бейнежазбаларды алуға құқылы болатын. Ондай ақпараттарды алуға БАҚ-қа тиесілі заңдар мен Ата Заңымыз толықтай кепілдік берген. Бұл туралы БАҚ туралы Заңның 2-бабында анық көрсетілген. «Жаңаөзендегі тәртіпсіздік» туралы «Қазақпараттықтар» бірнеше мәрте жариялаған болатын. 93 томға негіз болған Жаңаөзен оқиғасында тек қана журналистер біржақты қарап отырған «Жаппай тәртіпсіздік пен ұрлау, тонау істері» ғана емес, халық тағдыры, қараша қасіреті жатыр. Мәселені тамырынан тартып, өзегін шығара жазған төртінші билік өкілдері бірнеше келелі істердің бастауы болатыны белгілі.
Қоғамдық саяси құқықтық «Заң» газетінде «БАҚ туралы» Заңның кездесер тұсын саралағанда, қылмыс туралы заң, сыбайлас жемқорлық, зорлық-зомбылық туралы түрлі ақпаратты кездестіруге болады. Мына бір мақалаға назар аударып көрелік. «2011 жылдың аяғында қабылданған «Теле-радио хабарларын тарату туралы» Заңға журналистер өз наразылығын білдірді. Ол заң бойынша еліміз 2015 жылға дейін толық сандық форматтық хабар таратуға көшетінін тілге тиек еткен» (11 қаңтар, 2012. №23 (2011). Мақала авторы Шолпан Қараева БАҚ туралы заңның аясында нақты пікір білдірмесе де, БАҚ туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, журналистерге мемлекеттік айып мөлшерін азайту керек деген мәселе көтеріпті. Еркін ақпарат айдынын қалыптастырып жатқан Қазақстан үшін сандық форматқа көшу – әлемдік ақпарат ағынынан қалып қоймаудың басты құралы. Қарсылық танытқанмен, кері қайтар жол жоқ.
Бүгінгі таңда бір нәрсе анық – мерзімді басылым қоғамдағы маңызды институтқа айналған, соның дамуына ықпал ететін катализатор. Бұл – халықтың билікті қатаң бақылауға алатын құралы, яғни, бұл бұқара мемлекетті басқаруға құқылы деген сөз. Бір кездері біздің газеттеріміз аударма деңгейіне дейін құлдыраған кезі де болды. Халық санасына керекті ақпаратты бере алған кезі де болды. Қазіргі біздің ақпарат құралдарымыздың бір кемшілігі – кез-келген жаңалықты бір жақты ғана бере біледі. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ журналистикасына жетпейтіні – ақпарат. Халыққа дұрыс ақпарат берсеңіз, олар ақ пен қараны өздері-ақ екшеп алады. Ал, Интернетте тәуелсіздікті сақтауға болады. Егер біреудің тапсырмасымен жазылған материал болса, ол Интернетте бірден көрініп тұрады. Орыс журналистикасында «Кто владеет информацией, тот владеет миром»,- деген жазылмаған қағида бар.
«Голос Америки» радиосы халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша сұралғандардың 60 пайызы ақпаратты Интернеттен алатындығын айтқан. Қазір қазақ журналистикасы да Интернетті кеңінен пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Жалпы, кез-келген БАҚ саясат, экономика және руханияттан тұрады. Осы үшеуін тең ұстанған журналистика ешнәрседен ұтыла қоймасы рас. Ал, сыртқы саясаттағы, ішкі саясаттағы, ұлттық қарым-қатынастардағы иірімдер мен тасқындар тоғысын сараптап, оны қарапайым тілмен оқырманға түсіндіру үшін жаңа ізденістер қажет екені заңсыз. Ол үшін таяу және алыс елдердегі әріптестеріміздің не жазып жатқанын, олардың қандай мәселелер толғандыратынын күнделікті қадағалап отыруға тура келеді. Қадағалау үшін түрлі елдердің тілін меңгеру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |