«Бесіктен бақиға дейін» немесе этнокөсемсөз
Көрнекті ақын, қаламгер Қасымхан Бегманов - абыз, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбат жасап отырып «абадан» жайлы айтып беруін сұрайды. Сонда Ж.Бабалықұлы: «Біздің қазақ абадан деп қасқырдың көсемін айтады,-дейді. Ит пен қасқырдың бөлінгеніне он үш мың жыл болыпты дей келе, әлемдегі иттердің жүз жиырма алты түрі барын, бірақ қазақтың тау төбеті солардың бәрінен мықты екенін тарқата айтады [1,108 б]. Тау төбет күндіз адамға үрмейді, ұйықтап жатады. Кешке қой қораның шетіне шығып, таң атқанша қойды айналып жүреді. Жәй иттер қасқырмен айқасуға бара бермейді. Қасқыр ауылға жақындағаннан қыңсылап, жан-жаққа бетімен тұра қашады. Этнограф, ғалым Ж. Бабалықұлы айтып отырған "тау төбет" қасқырмен жекпе-жекке қаймықпай барады екен. Не өзі өледі, не қасқырды өлтіреді. Тау төбеттің осындай қайсар мінезі бар екен. Осы тау төбетті қытайлар «біздікі» деп ЮНЕСКО-дан өткізіп алыпты. Соны естігенде қатты ауырып қалдым, айналайын. Ал біз отырмыз, екі қолымызды қусырып, біреу келіп заңдастырып беретіндей. Өзіңнің мүлкіңе, байлығыңа, әдет салтыңа, ата-ғұрпыңа, өзіңнің туған тіліңе өзіңе ие болуың керек қой» -деп өкініш білдірген екен [1]. Бұл жердегі Ж.Бабалықұлының жүрегін ауыртып отырған мәселе авторлық құқықты жасауда салғырттық танытып, ұлттық құндылық боп танылатын жеті қазынаның бірі «тау төбеттен» оп-оңай айырылып уыстап шығарып алғандығымыз біле білгенге.
Қайбір жылдары телеарналардың бірінен бір неміс «қазақтың бал қымызын патенттеп алыпты» деген қауесет таратты. Естігенде төбемізден жай түскендей болғаны шындық. Артынша журналист Индира Жылқайдароваға дәл сол германиялық Ганс Цольманмен жүздесудің сәті туған. Ол сұрақты төтесінен қойған журналиске бірден-ақ, «қымыз – сөзсіз мал баққан көшпелі қазақтың ұлттық сусыны», – деп мойындаған. Ол тек қымыз сөзін алмастырып, «Кумылак» деген атауды патенттеген боп шықты [2]. Ия, неміс халқы пысық, әрі тиянақты. Бір ғана атауды патенттеп, екінші бір адамның ол сөзді қолдануына шектеу қойды. Яғни, авторлық құқығын дер кезінде заңдастырып алды.
Негізінде, авторлық құқық жайындағы заңды бекітіп алғанбыз. Алайда оның орындалу, орындалмауын қадағалап отырған мекемелер бар ма? Осы тұрғыда бір ғана журналистік зерттеуімді ортаға тастап көрсем деймін. Ахмет Жүнісұлының тілімен айтқанда, әдеп – қазақта "көргенді, көргенсіз" деген сөздің шапағаты мен кесапаты адамгершілікті өлшейтін ең әділ "таразы" сықылды. Баласы "көргенді" дегенді естіген қазақ баяғыда төбесі көкке жеткендей қуанған. Бұл шыңға шығу үшін аса назар аударатын міндеттерге тәрбиелеген. А.Нүсіпоқасұлының 5 кітаптан тұратын "Ағаш бесіктен жер бесікке дейін" кітабы, С.Медеубекұлының "Ою хан мен Жою хан" ертегі кітабы, А.Жүністің "Пәниден бақиға дейін" кітабы, келешек ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты дарытып, салт дәстүрді санаға сіңдіре отырып тәрбиелеу, түзу жолға салу мақсатында жазылған құнды еңбектер. Ал осындай дайын еңбектерді басқа атаумен көшіріп басу, тарату, авторлық құқыққа қол салу болып саналмай ма?
Жалпы, Ата заңымыздағы авторлық құқықтың негізгі ұғымдары мынадай терминдермен көрсетілген:
1) автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;
2) авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары [3].
Ал, авторлық құқықтың қағидаларын этнокөсемсөзбен жеткізер болсақ «өзгенің ала жібін аттамау» түсінігіне сай келеді. Этно-мәдени бағыттағы тәрбиеге сүйенсек, жалпы адамзат құндылықтарына қайшы келмейтін ұлттық мәдениет пен аймақтық дәстүрлерге, құндылықтар мен нормаларға сәйкес құрылған, жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген принцип болып табылады. Қазақ дүниетанымында ала жіп туралы әр түрлі ұғымдар мен түсініктер бар. Мысалы, баланың тұсауын кескенде, адамдар қатты ренжіскенде тағы басқа әдет-ғұрып қағидаларында «Ала жіп» бейнесі қолданылады. Яғни, ала жіп аттамау деп ол адалдыққа, адамгершілікке сай қолданылатын теңеудің бір саласы десе де болады. Бұл теңеу «ешкімге қиянат жасама, біреудің мал-мүлкін ұрлама» деген терең мағынаны білдіреді.
«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабында біреудің «мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын“ деген сөзі оның ақ-адалдығын білдіреді,- деп жазылған [4].
Достарыңызбен бөлісу: |