Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Бұл іссапарды бағалауда ОБК (орталық бақылау комиссиясы – Т.Ж



бет217/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   213   214   215   216   217   218   219   220   ...   242
Бұл іссапарды бағалауда ОБК (орталық бақылау комиссиясы – Т.Ж.) комиссиясы үлкен қателік жіберді. Олардың анықтауынша мен Бөкейхановтың адъютанты болып шыға келдім. Бұл өте жауапты жұмыс. Сондай-ақ «Алашорда» жасағы үшін киім мен қару-жарақ алуға барыппын. Бұл мүлдем қате. Мен Бөкейхановтың адъютанты ретінде де, қару-жарақ пен киім алуға да (ондай құрметке ие болуға жеткен жоқ едім) барғаным жоқ. Оның жеке тапсырмаларын орындайтын техникалық хатшы ретінде бардым. Бөкейханов Комучтен (комитет учредительного собрания) 3000 адамға қару-жарақ пен киім алды, оны тапсырып алу үшін Орынбордан «Алашорданың» Торғай бөлімшесінің төрағасы Есполов келді және заттарды Торғайға алып кетті.

Алайда Бөкейхановпен бірге сапарға шығуым – бұрын маған белгісіз болған көптеген нәрселерге көз жеткізді. Мен «Алашорда» қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен (Бөкейхановпен, қазір шет елде жүрген Шоқаевпен, Танашевпен, Байтұрсыновпен, Ермековпен, Әлімбековпен және басқалармен) танысуға мүмкіндік алдым және оларды жақыннан білдім. Бұрын оларды тек сыртынан ғана білгендіктен: ең адал және қазақ халқының лайықты күрескерлері – деп танитынмын. Мен оларды әсірелеп бағалаппын, ал өмірде олар мүлдем басқа жағынан көрінді. Олар кеңқолтық өмір сүрді, жиі-жиі ішімдік ұйымдастырды, басшы орын үшін бақталастырды, кеңес өкіметін жақтайтын қазақтарға аяусыз жала жапты, қаражүзділермен (Львовпен – қасиетті синодтың мүшесі, атаман Дутовпен, Красильниковпен т.б.) ауыз жаласты. Қоғамдық істерге немкетті қарады. Мұның барлығы мені жиіркендірді. Бұрынғы көсемдерден көңілім қалды.

Мен жаңа жол, жаңа ақиқат, жаңа ой іздеп кеңес өкіметінің бағытымен таныстым, соны жақтайтын адамдарға бет бұрдым. Бөкейхановпен бірге Орынборға қайтып келген соң мен олардан қол үздім. «Бірлік» ұйымымен ат кекілін кесісіп, кеңес өкіметі жағын қабылдаған Ж.Сәдуақасовпен жақындастым. Партия мүшесі Феоктист Березовскийдің үй-ішімен араластым. Мен 1918 жылы қызыл армияның қатарына өз еркіммен жазылып, Семеновтың және басқа да кеңес өкіметінің дұшпандарымен соғысу үшін шығыс майданына аттанған Д.Әділевпен танысуды армандадым. Ол туралы Ж.Сәдуақасовтан көптеген мәліметтер білдім. Сөйтсем ол майданнан қайтып келіп Омбы қаласында жасырынып жүр екен. Ж.Сәдуақасов екеумізді таныстырды. Содан бастап екеуміз жиі араласып, пікір алысып, маңымызға пікірлестерді жинадық (Бейсенов, Нұрсейітов, Сейілов, Танашов т.б.).

Большевиктердің Колчакқа қарсы көтерілісінің қарсаңында (1918 ж. 22 желтоқсан) кешке жақын Әділев, Сәдуақасов, Бейсенов, С.Танашов және мен көтерлісшілерге көмек көрсетуді ойластырып менің пәтеріме жиналдық. Ж.Сәдуақасов байланыс жасап, нұсқау алу үшін Березовскийге кетті. Алайда ешқандай нәтиже шықпады. Көтеріліс сәтсіз аяқталды.

Келесі күні жаппай тіміскілеу жүріп, кеңес өкіметін жақтаушыларды тұтқындай бастады. Әділевті де іздеді. Бізге де күдікпен қарады. Әділевті қалайда бір жерге жасыра тұру керек болды. Оның ауылы Омбыдан мың шақырым алыс жерде, Ақмола уездінің Шу ауданында болатын. Оған жете алмайтын болғандықтан, оны біздің ауылда жасыруды ұсынды. Мен бұған келісім бердім де, 1918 жылдың желтоқсанының аяғында Әділев екеуміз Петропавл уездіндегі менің ауылыма бет алдық. Әділевке қысқы демалысқа келе жатқан гимназия шәкірті Ж.Сәдуақасовтың бас құжаты берілді. Біз ауылға сәтті жетіп, қауіпсіз тұра бастадық. Әділев біздің ауылда алты ай тұрды. Колчак тыңшыларының тіміскілеуінен еріксіз өз ауылына кетуге мәжбүр болды. Әділев біздің ауылда тұрған кезде үш рет Колчак полициясы тінту жүргізді, есерлік бағыттағы саяси әдебиеттерді, Ленин мен Троцкийдің кейбір кітапшаларын, сондай-ақ Бөкейхановпен бірге барған кездегі біріккен ұйымдардың мәжілісіне қатысқан куәліктерімді қоса тәргілеп әкетті. Бұған қарамастан Әділев біздің ауылдан аман-есен аттанып кетті.

Міне, осы арадан ОБК-ның мені партия қатарынан шығаруына себепкер болған оқиға басталады. Мәселе былай: Әділев кеткен соң шамамен 20 күннен кейін аудандық полиция бастығының көмекшісі маған «достық пейілмен»: менің кеңес өкіметіне аздап іш тартатыным туралы мәліметтің барлығын, егер бұл рас болса, онда мен сияқты интеллигент адамға жараспайтынын ескертті. Мен оның бұл ескертуі үшін рахмет айтып, большевиктерге ешқандай да жанашырлығым жоқ екенін білдірдім.

Содан кейін бірнеше күннен соң маған бір татар келіп, өзін: Колчактың 3-армиясының штабының қызметкерімін – деп таныстырды. Ол менімен ұзақ әңгімелесті: өмірбаянымды сұрады, саяси көзқарасымды білгісі келді, мен сияқты оқыған адамның ауылда жұмыссыз неге жүргеніне таңданысты. Бұдан әрі ол өзінің жұмысы туралы айтты, Колчак армиясында тұрғындар арасында мәдени-ағарту жұмысын жүргізетіндігін, штабтың газетін тарататынын айтып, штабтың жұмысын күшейту үшін қызметкер керектігін, сол орынға мені ұсынғанын айтты. Бастапқыда бұл әңгіменің астары мен татардың ұсынысын түсінгемін жоқ. Мәдени-ағарту жұмысы болғандықтан да, мұнда тұрған ешқандай оғаштық жоқ деп ойладым. Сөйтіп, қызмет істеуге келісім бере жаздап, тез айнып кеттім. Майдандағы контрреволюциялық армия қалай тұрғындарды мәдени-ағартумен айналысады? Мен мұнда бір қитұрқы пәле барын түйсіндім де, ұсынысынан бас тарттым. Әлгі татар тағы біраз үгіттеді де менің көнбегеніме өкінгенсіп кетіп қалды.

Осы оқиғадан кейін мен мазасыздана бастадым. Маған қарсы бір жамандық жасалып жатқан сияқты көрінді. Полиция бастығы көмекшісінің: менің кеңес өкіметіне бүйірім бұратынын ескертуі және штабта қызмет істеуді ұсынуы қалай?

Жұмбақ. Бұл күдігім губернияда өткен оқиға кезінде үдей түсті. 1919 жылдың мамыр айында Амантайдағы шаруалар және Атбасар уезіндегі қазақ тұрғындары Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастырды. Бұл көтерілісті Ванягин дегеннің жазалау отряды сондай қатыгездікпен басты. Бұл отряд көтерілісті басқаннан кейін біздің ауылға келіп, Полтава, Астрахань селоларын қан қақсатты. Отрядтың біздің ауылға келер алдына: Атбасар қаласында Әділев қолға түсіпті, енді мені іздеп жүр,– деген лақап тарады.

Міне, мені осындай үрей билеп жүрген кезде әлгі татар тағы да келді, қасында бір әскери адамы бар, өзінің бұрынғы ұсынысын қайталады. Әрине, қарғыс атқыр бұл татармен сөйлескенде менің бұрынғыдай ойланатындай уақытым болған жоқ, сонда да: ешқандай тәжірибем жоқтығын сылтауратып бас тарттым. Сол сәтте татар өзінің дауысын өзгертіп: ендеше шұғыл түрде штабқа жүресің, қазақ тіліндегі газеттің редакторы петорпавлдық татар Ғазиз Болатовпен бірге жұмыс істейсің,– деді. Мен шынымен қорқып кеттім. Не жауап берерімді білмедім. Тығырықтан шығудың жолын іздестірдім. Басыма екі ой келді: 1. Штабқа барып контрреволюционенрлердің басшылығында қызмет етіп, олардың қолындағы қаруға айналу, 2. Шартты келісім беру, ауылда қалу, олардың тапсырмаларын орындауға тырысу, бұл алғашқысына қарағанда жеңіл түсері сөзсіз. Соңғы шешімге келіп, өзімнің келісетінімді, ауылда жүріп қызметтерін атқаратынымды білдірдім. Одан басқа жолды таба алмадым. Әлгі татар күле тұрып осыны қағазға жазып беруімді өтінді. Мен жазып бердім. Татар маған: штаб газетін кеңінен тарату жөнінде кеңес берді, ауылдағы оқиғаларды штабқа жиі-жиі хабарлап тұруды өтінді. Біраздан кейін штабтан куәлік пен газеттерді жіберді, хабар талап ете бастады.

Бұл маған өте ауыр соқты. Ауылда пікіріңді бөлісетін адам жоқ, майдан шебі алыс. Қалайда алғашқы шешімнен бас тартпауға, штабтың ешқандай талабын орындамауға бекіндім. Солай істедім де: штабқа ешқандай хабар бергемін жоқ, газетті де таратпадым. Сақ жүрдім, штабтың офицерлерінің көзіне түспеуге тырыстым, кейде қалаға келіп жүрдім, кеңес өкіметінің келуін асыға күттім. Сондай ауыр күндер азаппен өтіп жатты, сонда да, бос уәдеден басқа революцияға қарсы бірде-бір қылмыс жасағамын жоқ, кеңес өкіметінің келуін күттім.

Міне, болған жағдай осы. Енді өздеріңіз талқыға салып көріңіздер, еріксіздікпен ауызша берген уәде – қарсы барлау қызметінде істегенге, сондай-ақ кешірілмейтін қылмыстың қатарына жата ма, жоқ па. Менің ойымша жатпайды. ОБК осыны ескеруі тиіс еді (Айтпақшы, «контрразведка» деген үрейлі сөзді мен ұйымдағы тексеру кезінде ОБК-ның комиссияның төрағасы Булин жолдастың ауызынан тұңғыш рет естідім. Мен өзімнің міндетімді осы уақытқа дейін анық түсінбеппін: мен штабтың газетінде жұмыс істеуге келісім бердім бе, жоқ қарсы барлау бөлімінде істеуге уәде бердім бе? Ұйым жиналысында өзім айтып берген оқиға туралы Булин жолдас өзінше асығыс қорытынды жасады, «контрразведка» деген сөз сақнаға шықты. Мені осындай оңбаған қызметке тартқан әлгі татардың ауызынан мұндай сөз шыққан жоқ болатын, құжатта да ондай сөз болған жоқ). 1919 жылы партияға өтер алдында мен түсініспестік жағдаймен Петропавлда бірнеше күн ЧК-ның (қазіргі ГПУ-дің) түрмесіне қамаққа алындым, сонда жазған қысқаша өмірбаянымда осы оқиға жөнінде де толық баяндап берген болатынмын...»,– деп түсінік берді.

Бұдан кейін Ә.Байділдин бақылау комиссиясының қателігін, олардың әділетсіздігін беттеріне баса жазып, өзінің «оқыс оқиғасын» өзгелердің «қылмыстарымен» салыстыра баяндап, өзіне-өзі адвокат болады. Қисынды да дәлелді пікірлер бар. Партия қатарын тазалау тұсындағы осы дерек Ә.Байділдинге айып ретінде тағылып, тергеуге тартылғандықтан да ұзақ, бірақ ұзақ та болса, көп жайдан мағлұмат беретін шағым хатты толық беруді жөн көрдік.



Ә.Байділдин (жалғасы): «Егер мен жаңылысып қалмасам, Колчактың 3-армиясының штабы мені қалай өздерінің қызметкері етпек болғаны жөніндегі бұл оқиға туралы өзімнің алғашқы қысқаша өмірбаянымда көрсеткен болатынмын. Бұл екі жағдай мені партия қатарына өтер кезде оны жасырмағанымды дәлеледейді. Алайда осы уақытқа дейін бұл мәселені партия ұйымына мәлімдеп, тиісті шара қолдануын күтпегенім, менің үлкен қателігім болды. Мұны мойындаймын. Тәжірибесіздіктен кеткен бұл қателігімді, төңкерістің мүддесін қорғайтын құзырлы мекеме – ГПУ-дегілер түсінеді, менің арымның таза екеніне сенеді деп ойлаймын. Бұдан өзге бұл оқиғаны жасырып қалатындай менде бөтен ой болған жоқ. Сондықтан да комиссияның екінші айыбын да негізсіз деп есептеймін.

Комиссияның мұндай әділетсіз шешімі соңғы күндері мені қатты күйзелтті, ойша: жекелеген партия мүшелерінің де кінәлары есіме түсті. Өзімді ақтау үшін емес, менің басымнан кешкен оқиғаны салыстыра бағалау үшін де ол туралы ОБК-ға хабарлағым келеді. Мен былай ойлаймын:

1. Мен жіберген қателік, яғни, Колчактың 3-армиясына қызмет етуге келісім бергенім – 1917 жылы патшаның інісі Михаил Романовқа құттықтау жеделхатын жолдаған жолд. Каменевтің кінәсінен ауыр ма? Салыстырыңыз: Каменев кәнігі революционер, партияның аса көрнекті қайраткерінің бірі, ал мен болсам – партияда жоқ, жас, аңғал адаммын.

2. Мен жіберген қателік, партияға өткенге дейін патшалық полицияда істеген, губерния мен уездердегі жоғары лауазымдылармен бірге істеген Әйтиевтің (партия мүшесі) қылығынан лас па? Тағы да салыстырыңыздар: Әйтиев – ересек, саналы адам, ал мен болсам – жаспын, алаңғасармын.

3. Мен жіберген қателік Колчактың тергеу комиссиясында істеген, Торғайдағы Алашорда бөлімшесінің құрамында кеңес өкіметіне қарсы күрескен Тоқтабаевтің (партия мүшесі, Жер жөніндегі халық комиссары) қылмысынан ауыр ма?

4. Менің қателігім – алашорданың қарулы көтерілісін басқарған, қызыл армиямен соғысқан, бейбіт тұрғындардың арасында зобалаң орнатқан Қаратілеуовтың, Жетпісовтің және Сисекеновтің (үшеуі де партия мүшесі) сатқындығынан да өтіп кеткен бе?

5. Менің қателігім – 1922, 1923, 1924 жылдары Түркістан партия ұйымы мен кеңес өкіметінің көрнекті басшысы бола тұрып алашордашылардың контрреволюциялық әрекеттеріне кең жол ашқан, кеңестік баспасөзді («Ақ жол», «Шолпан», «Сана» т.б.) солардың қолына берген, тіпті контрреволюционерлермен (Әнуар пашамен, Заки Валидимен, басмашылармен) байланыс орнатқан жолд. С.Қожановтың (партия мүшесі, БКП(б)-ның Орта Азия бюросының бөлім меңгерушісінің орынбасары) қателігінен де зор ма?

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Менің ойымша, осының бәрімен салыстырғанда, менің қателігім барынша залалсыз және кешірімді сияқты көрінеді. Жоғарыдағы аты аталған адамдардың барлығы да партия қатарында қалды, өздерінің кінәларын іспен жууда. Мұндай құқықтан мен неге айырылуым керек деген орынды сұрақ туады. ОБК мұны да ескермеген.

Менің өткендегі өмірімдегі жағымды жақтарымды ескермеуінің өзі комиссияның сыңаржақ шешім қабылдағанын көрсетеді. Мысалы, мына жағдайды, ерікті қызыл армия жауынгері, жасырынып жүрген Д.Әділевті Колчак үкіметінің қуғынынан жасырып қалғаным ескеруге тұрмайтын оқиға ма? Колчак жазалаушыларының жаппай жазалауы кезінде кеңес өкіметіне жан ашыр болу үшін де үлкен тәуекел мен ерлік қажет емес пе. Мен сол үшін оқуымды тастап, басымды бәйгеге тіктім. Бұл туралы комиссия неге үндемейді?

Кеңес өкіметінің басына күн туған аласапыран шақтағы (1919, 1920, 1921 ж.ж.) менің жақсылықтарым туралы комиссия бір ауыз сөз неге айтпайды? Петропавл уезіндегі қазақ жастары арасында алғаш партия қатарына кірген адам мен едім, қазақ арасында партия және комсомол ұйымдарын құруға араласқан тұңғыш адам мен едім. 1919 жылы қазақ жастарының атынан кеңес өкіметін қолдап, контрреволюционерлермен күресуге үндеп қазақ жұртына ашық хат жазған да мен едім. Қазақ тілінде жазылған бұл үндеу қазақ тұрғындарының арасында таратылды. «Мир труда» (Петропавл уезінің органы) газетіне жарияланды»,– деп өзінің большевиктік жолға түсу кезеңдеріндегі күресін баяндайды.

Шындығында да, Ә.Байділдиннің белсенділігі ешкімге күмән туғызбаса керек. Тек бұл белсенділікке қоса байыпты мінез бергенде, түрмеге түспес те еді. Өзінің ұзақ шағым-арызын:



«...Жоғарыдағы жайларды комиссия ескеруі тиісті еді. Өкінішке орай, баяндалған себеп-салдардың барлығы назарға алынбады, оның есесіне негізсіз, қатал үкім шығарылды. Мұны мүлдем әділетсіз шешім деп есептеймін. Жоғарыда баяндаған жайларды ескере келіп, ОБК-ның шешімін өзгертіп, маған негізсіз тағылған айыпты алып тастап, партия қатарына қайтадан алуды өтінемін. Менің 9 жыл бойғы үздіксіз еңбегім, әсіресе, кейінгі жылдарғы ауыр да белсенді қызметімді ескеріп ОБК-ның менің өтінішіме түсіністікпен қарайды, мені сүйікті БКП(б) партиясының қатарына оралуыма мүмкіндік береді деп сенемін»,– деп аяқтады.

Ә.Байділдиннің сенімі ақталмады. Партбилеттің орнына бір аптадан кейін тұтқындау ордері берілді. Сөйтіп, осы шағымның негізінде оның өзін де тұтқындады. Бұл қамақтан өзінің енді қайтып жарық дүниеге аман шықпайтынын, ол, әрине, білген жоқ. Ең бірінші боп ату жазасына кесілді және үкім орындалды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   213   214   215   216   217   218   219   220   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет