Ермеков Әлiмхан – 6/Х. 30 ж.
Тынышбаев Мұхамеджан – 4/ VIIІ – 30 ж.
Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.
Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.
Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.
Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.
Кеменгеров Қошмұхамед – 17/IХ – 30 ж.
Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.
Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.
Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.
Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.
Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.
Ақбаев Жақып – 8/VIII – 30 ж.
Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.
Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.
Мұрзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.
Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.
Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.
Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.
Мұнайтпасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.» – күндерi түстi.
Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi топ осылар едi.
Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:
«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған», – деп көрсеткен.
Демек, М.Тынышбаевқа: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы тағылған айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген.
ЕКІНШІ ТАРАУ: «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...»
(Мұхамеджан Тынышбаев)
1.
Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың орайында жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс-әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан, бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып тағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр-бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс-бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде таңылды.
«Алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» бірінші тобы – Ә.Бөкейхановтан, екінші тобы – «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі, Қоқан (Түркістан) автономиялы республикасының премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтан басталды. Өйткені «алашода тарихшысы» С.Брайниннің «қолындағы және ішінара жұмысына пайдаланған» жандармерияның «құжаттарына жүгінсек»:
«...олар Уақытша үкіметтің отарлау аппаратында қазақ еңбекші бұқарасының баскесер жендеті міндетін ар-ұятымен (за совесть) атқарды. Бөкейханов Торғай облысындағы көтерілісті жанышты, ал Тынышбаев – Шкапскиймен қосылып Жетісудағы қазақ пен қырғыз бұқарасын талқандаған» еді» (Алаш қозғалысы, 4 том, 93-бет).
Мұндай арсыздықпен пайымдалған «ғылыми тұжырымды» «голощекиндік националдар» да, тергеушілер де қапы жібермей, ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, 1930 жылы 4-тамыз күні Мұхамеджан Тынышбаев тұтқынға алынды. Біз тарихи құжаттар мен деректерді Мұхамеджан Тынышбаевқа айып ретінде тағылған анкеталық анықтамаға жауап ретінде рет-ретімен салыстыра отырып пайдаланамыз. Сонда алаш қайраткерінің көзқарасының қалыптасуы мен «қылмыс баспалдағын» толық қамтуға мүмкіндік туатын сияқты көрінді.
Анкеталық анықтама: Мұхамеджан Тынышбаев – 1879 жылы туған. 1890-1900 жылдары Верный гимназиясында оқыған. 1906 жылы Петроградтағы байланыс қатынастары институтын бітірген. Инженер-теміржолшы. 1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бостандық идеясын насихаттап, таратқан. «Сын отечества» (шығарушы с-р Юрицев), «Радикал» (шығ. Маргулиев), «Речь» және «Русский Туркестан» (Морозовтың басшылығымен) газеттерінің тілшісі болған. Проф. Бодуен де Куртенмен (поляк), А.Кусовпен (украйн), журналист В.Жаботинскиймен (еврей) және басқалармен бірігіп 1905 жылы автономияшыл-федералшылардың одағын құрды. «Русский Туркестан» газетіндегі «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндама одақтың құрылтайында тәргіленіп, айып салынды. 1905-1906 жылдары Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген, Петербургте жасырынып жүрген. 1907 жылы Жетісу қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланды.
Кеңес тарихшылары қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын мүлдем жоққа шығарып, сол арқылы Біртұтас алаш идеясы жолындағы «Алаш» қайраткерлерінің жанкешті күресін тарихтан сызып тастауға ұмтылды. Белгісіз белсенді большевик-тарихшы Н.Гредускула қазақ депутаттарын Думада:
«Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған нақты мәселе, халықтың нақты ұлттық тілегі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 86-бет) күстаналады.
Бұған қарсы С.Асфандияров:
«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз – Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, импералистік елде буржуазия ешқандай да төңкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталды?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда болды, бұл – мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс»,– деген пікір білдірді.
Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының тезистерінде М. Тынышбаевқа:
«1916 жылғы патшаға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында: алашордашылар көтеріліске белсенді түрде қатысты, оған жетекшілік етті – делінеді. Керісінше, байлар мен алашордашылар соғыс басталғаннан бастап патша өкіметі жағында болды және оны белсенді түрде қолдады. Көтеріліс тұсында байлармен қосылып қазақтың еңбекші бұқарасының жендеті, барлаушы, патшаның жазалау отрядының жол көрсетушісі қызметін атқарды, өздері де жазалау отрядын ұйымдастырды... Мысалы, алашордашыл Тынышбаев Орта Азия мен Қазақстан бұқарасының жендеті генерал- губернатор Куропаткиннің ресми түрде аудармашысы болып, ал шын мәнінде «ауылды тұншықтыру үшін» Жетісу облысын аралап шықты...»,– деп (Алаш қозғалысы,4 том, 28 - бет) жымысқылықпен баға берілді.
Мұндайда, лениндік шындық пен адалдықтың парқы – жалақорлықпен, қаскүнемдікпен өлшенетін сияқты көрінеді. Анығында тарихи шындық мүлдем басқа болатын.
Сонда шындығы қайсы? Бұған 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңес жауап беруге тиісті еді. Онда Сталиннің:
Достарыңызбен бөлісу: |