«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм – қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi. Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтің, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң, тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда»,– деп ерекше мақтанышпен мәлiмдеді.
Қужақ түрмедегi жауаптарды өзiнiң пайдасына қарай бейiмдеп, күдiксiз нәрседен күдiк тудырды.
Идеологияның басты қаруы – сөз. Өкiнiшке орай, қазақтың өз арасынан шыққан, ұлтының мүддесiнен, жеке басының намысынан, ұрпақ алдындағы парызынан лауазым мен марапатты жоғары қойған можантопай, қолтоқпақ, исалмастардың желiктiруiнiң кесiрiнен «Қуажақтың» жағы сембедi. Ақыл-ой шалығына ұшырағандарға ғана тән, жүйкеңді шүйкелейтін мұндай көпірмелерге «Голощекиннің меншікті националдары» (С.Сәдуақасов) ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» реттi-ретсiз дамылсыз соғылып, оны дәмiл-дәмiл шабыттандырып отырды. Даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысы жарты күн мiнбеге мiнiп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Бұған Смағұл Сәдуақасовтың:
«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кінәлап өтті. Маған таққан кінәларының өзін ғана санап шығуға регламент бойынша маған берілген уақыт жететін емес»,– деген уәжі дәлел.
Голощекиннің де, оның «меншікті националдарының» да бұлай көпірмеске амалы да жоқ болатын. Өйткені Қазақстанға кезекті «волонтёрін» жіберген сайын Сталиннің өзі:
«Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес»,– деп (Алаш қозғалысы, 4-том, 442-бет) нұсқау беріп отырған.
Осы нұсқаудағы ұлтшылдарды тауып, он әшкерелеу жолында жан алып, жанын берген Ф.И.Голощекин:
«Тартыстың түп тамыры – интернационалистер мен ұлтшылдардың арасындағы күрес. Қазақ арасындағы топшылдық бөлініс 1920 жылдан, «алаштықтар» партияға кіре бастаған кезден басталды. Бөліну – қазақ партия ұйымы мен кеңестің алғашқы іргетасын қалаған «кәрі коммунистермен», 1919-1920 жылдары Меңдешевтің маңына топтасқан коммунистерді айтып отырмын, олардың арасына сынаша қағылып кірген Әуезов, С.Сәдуақасов бастатқан интеллигенция өкілдерінің, сондай-ақ Бөкейхановтың арқасында қалқаланып тұрған осы арада отырған жастардың, олардың аттарын атамай-ақ қояйын, арасында басталды»,– деп (сонда, 284-бет) қазақ зиялыларын «щиналарға» бөліп, «іріктеп берді».
Мемлекеттік саясат пен үкімет билігі бір адамның құзырында болды. Кешегі қабылданған қаулы – бүгін, бүгін қабылданған шешім – ертең бұзылып отырды. Ал келешекті ойлаған кемел тұлғалар тұншықтырылды. Көзқарасы – қондырғы насихаттан аспаған, өз сөздерімен айтсақ, «революция үшін қазақ халқын құрбандыққа шалуға даяр» С.Меңдешев, О.Исаев, І.Құрамысов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты «солшылдардың социализмдегі балалық ауыруын» «мерзімдік көсемнің» бірі Г.Зиновьев:
«Солшылдар – ұлт мәселесіне терең бара алмайды, оны тым жадағай түсінеді, соның салдарынан ұлт мәселесінің мәнін жоққа шығарып алғанын өздері де түсінбейтіндер. Олар өздерін ұлттық (национал) өкілдерміз деп барынша даурығып жүріп, ұлт мүддесін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Олардың қауіптілігі, міне, осында» ,– деп дәл басып, атап көрсетті. Ы.Мұстамбаевтің:
Достарыңызбен бөлісу: |