«... кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған хаттама және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті... Кеңес өкіметінің саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», – дейді З.Валидов (249 бет)
Ашығын айтсақ, мұндай «сұрқия пиғылдағы сүйкетпелерді» назарға ілмес едік. Бірақ оны пайдалануға мынадай бір кілтипан еріксіз мәжбүр етті. Б.Қаратаевтің қорында сақталған ол хатты 1928 жылы С.Меңдешев өлкелік комитеттің бөлімдері мен мұрағатының құзырына ұсынған. Ал онда түскен құжаттардың барлығымен ең бірінші құпия тыңшылар танысып, мәліметтерді іріктеп, тиісті орындарға хабарлап барып, мұрағаттың қорына қосатын бұлжымайтын кеңселік тәртіп бар. Оның үстіне тура сол кезде «Алашордаға» қарсы құпия мәліметтер жинақталып, Өлкелік комитетте тексеріліп, кімге қандай айып тағу керектігі туралы тергеушілерге нұсқау беріліп жатқан. Бұл ретте қарт күрескер Б.Қаратаевтің құжаттары олар үшін аса құнды еді. Сол «құнды құжаттардың» бірі «халық мұғалімі С.Тұрынтаевтің хатының» негізінде, Х.Досмұхамедов бастатқан «Ойыл уәлаяты» үкіметінің қайраткерлері түгелдей тұтқындалып, барса-келмеске жіберілді. Хат «халықтық мұғалімнің» жат пиғылына орай:
«Бұдан кейін тиісті өкім шығаруыңыз үшін Сіздің құзырыңызға Орал облысының арғы бетіндегі тұрғындардың (қазақтар мен қоныстанушылардың) тағдырын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған (вершителей судеб) Халел Досмұхамедовтің (бұрынғы Ойыл аудандық аткомының, Орал облаткомының, Орал жер басқармасының төрағасы және «Алашорданың» батыс бөлімінің, тағы басқалардың да мүшесі) қимыл-әрекеттері туралы баяндауды өзімнің парызым деп есептеймін. Халел Досмұхамедов төңкеріске дейін 8 жыл дәрігерлік етті, ол кезде қоғамдық қозғалысқа ешқандай да ынтасы байқалған жоқ», – деген әшкерелеуші екпінмен басталады.
Зады Салық мұғалім Х.Досмұхамедовтің 1904 жылы Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті, досы Ғұбайдолла Бердиевке ел қамын ойлап жазған хатынан кейін жандармереяның бақылауына алынғанынан, әрине, бимағлұм болса керек. Оған халықтық мұрағаттанушы Болат Нәсеновтің Мәскеудің Әскери-тарихи архивінен тапқан төмендегі дерегі дәлел. Хаттың шекесіне:
«Әскери-медицина Академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы туралы. Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі, 4 сөре. 23 қазан, 1904 ж. № 15081. Полиция департаментінің осы жылғы 16 қазандағы № 12065 ұсынысына орай мынаны хабарлаймын:
Қазан қаласының Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке 1904 жылы 7 қазанда Санкт-Петербургтен жазылған «Сенің Халелің» деп басталатын хаттың авторы – Әскери-медицина академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы, Даманский көшесіндегі № 46 үйде турады. Осыған дейін бұл адам туралы саяси сенімсіздік көрсететіндей мәліметтер түскен жоқ», – деген ескерту жазылған.
Демек, Халел сол күннен бастап тіміскінің аңдуына ілінген. Хат иесіне жетпей, жандармереяның құпия тартпасында қалғаны түсінікті.
Ондағы: «1904 жыл, 7 қазан. С-Петербургтен Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке.
Қаладағы ұзақ мерзімге созылған қапырық өмірден кейін шалқар даланың кеңдігі менің бойымды билеп алды. Өзіме таныс кигіз үйдің көрінісі, аса қымбатты ауылыма келуім, туыстармен кездесуім, сырт адамдардың құрметі – осының бәрі таңқаларлықтай әсер етті. Бұл қыр елінің өркениеттілерден жоғары тұрғандығының белгісі. Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабылетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», – деген сөз.
Мұндай елдің ақ сайтандардың қол астында үнемі бола беруі мүмкін емес. Өзін-өзі тұншықтырған, әрі өзінің озбыр билігіне шек қоя алмайтын, тіпті жерасты дүмпуіне қарсы тұра алмайтын бұл жұрт өзінің өшін ешқандай кінәсі жоқ шет аймақтағы халықтардан алмақшы. Осылайша, әзірше қарсыласуға шамасы жоқ біздің халқымызды тықсыруда, жаншуда. Олардың жерін тартып алуда. Бұл жерді халқымыз қанын төгіп татар, башқұрт, қалмақтардан қорғап қалған еді. Мыңдаған адамды құрбан етіп, олардың жерін ұрыларына, тонаушыларына, біздің халықты «үйретушілерге» бөліп берді. Олар біздің халыққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық, зорлық зомбылық арқылы қайыршы болуды үйретіп, соның жемісі ретінде бүкіл халықты құрып кету кезеңіне жеткізбекші. Біздің халық өмір сүру үшін жанталасуы қажет. Біздің дала әкімшілігіндегілер де дәл осындай жолмен жүрмекші. Бірін-бірі жамандауды, пәлеқорлықты, дау-жанжал туғызуды және партияға, жікке бөлініп жауласуды өршітуде.
Міне, бірнеше жылдан бері бақытсыз заманның кеселінен қатыгез, адамгершілігі жоқ, халқына деген жүрегі таза емес, аяушылықты білмейтін, тонаушылар, қасиетті діни сезімді аяққа басушылар ел басқарып келеді. Мысалы, «Қызыл крестке» жанашырлық жәрдем көрсету» дегенді сылтаулап, бастықтар «бұйрықпен» байлардан бір-бір қойдан, ал кедейлерден бір сомнан жинауға пәрмен берді. Бұл адам айтқысыз көп соманың 100 сомы басқармаға қалдырылады. Біздің бақытсыз халқымызға Жұлдызовтың (Юлдузовтың) компаниясының жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек.
Сайлау кезінде де солай. Оған ешнәрсені қарсы қоя алмайсыз. Бүкіл халықты қорқытып қойған. Олар үндемейді. Ең өкініштісі сол, осыны көре тұрып сенің қолыңнан ешнәрсе келмейді. Біз халыққа көмектесеміз деп қиялдаймыз. Қашан? Осының барлығы жүректі ауыртады. Тек сен ғана мені түсінесің, маған жаның ашиды. Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе, болыстыққа Гадучевтердің компаниясынан сұмырай Жұмағұлды сайлауы мүмкін. Онда тағы да халық оның қанауынан қан қақсайды», – деп өршіл де намысты қаламмен жазылған осынау хаттың астарынан оянып келе жатқан күрескер рухтың тегеуіріні анық танылады.
Бұл тауралы Халелдің өзі:
«1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде полицияның көзіне іліктім де, саяси жұмыс жүргізуіме тыйым салынды», – деп жазды.
Мүмкін, Халелдің мұндай елдік мінезін біліп тұрып, білместікке салды ма, кім білсін.
Егерде «қоғамдық қозғалысқа еш қатысы болмаса», онда Х. Досмұхамедов «Батыс Алашорда» үкіметінің мақсаты мен міндеті туралы 1918 жылы сәуірде Ленин мен Сталинге ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық қозғалыс туралы:
«Таптық және тектік (сословиелік) алауыздық пен бөлінудің жоқтығы тұрмыс пен шаруашылықтың бір формасы қазақ халқын біріктіре түсті, сана-сезімі ояна бастаған халық жалпыұлттық мұрат-мүдделерді талдауға ұмтылды. Жалпыұлттық мәселердің ішіндегі ең маңыздысы ұлттық мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Бұл мәселенің күн тәртібіне өткір қойылуына ықпал еткен мына жағдайлар болатын:
1. Қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігі мен дербестігін әлі ұмыта қойған жоқ еді, қазақтардың орыс бодандығына толық өтуі өткен ғасырдың 80-жылдарында, яғни, бұдан 50 жылдай бұрын ғана аяқталды.
2. Бастан кешіріп отырған патша өкіметі отарлау саясатының қорлығы мен езгісі.
Міне, сондықтан да 1905-1906 жылдардағы революция кезінде, қазіргі кезде де қазақ халқы ең алдымен ұлттық дербестік пен тәуелсіздікті талап етті, дербестік Қазақ өлкесін автономиялық жолмен басқару арқылы көрінуі керек.
Революцияның басында қазақ халқы ұлттық автономияны Құрылтай жиналысы арқылы да алмақ болды, бірақ, кейінгі Октябрь ревоюциясы мен елдегі азамат соғысы қазақтардың көзін ашты. Бостандықтың құны қымбат, сондықтан да билік басындағылар бостандықты оңай бере қоймайды. Тәуелсіздік пен бостандыққа тек ұйымдасқан күрес арқылы ғана жетуге болады. Күрес нәтижелі болу үшін қоршаған қоғамдық ортадағы әртүрлі саяси ағымдарға бейімделе білудің және күрес жолында сенімді одақтастарды таңдай білудің де үлкен маңызы бар.
Осы алғы шарттарды айта отырып, қазақтардың саяси ұйымдармен, қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрестегі партия ұйымдарының міндетімен, күрес әдістерімен таныстыруды мақсат еттік»,– деп баға бермес еді.
Назар салыңыз, әңгіме, «сенімді одақтас таңдай білу» туралы болып отыр. Мұндай формулировка саяси күресте тәжірибе жинақтамаған кез-келген дәрігердің қаламының ұшына іліне бермейді.
Ал «халық мұғалімінің орындалған парызының» мәтініндегі саяси «формулировкалар» кейінгі жылдардағы «Алашорданың» батыс бөлімі туралы «кеңестік үкімдерде» сол күйінше қайталанады. Демек, «сауатсыз халық» атанған жұрттың сауатты өкілдерінің арызындағы қолданыстар кеңестік тарихышалар мен идеологтардың өзіне де үлгі болған. Архив пен тергеу құжаттарымен таныса отырып, таң қалған бір жайым – сол жылдардағы жазылған арыздардың сауаттылығы. Оның әр жолы соттың үкіміне пара-пар. Сондай «таланттардың» басқа қыры ашылмай, «дүлейдің» түйдегінде кеткені өкінішті. Сонымен, халық мұғалімі өзінің бұқара алдындағы, дәлірек айтқанда, С.Меңдешевтің алдындағы «парызын»:
«Алайда ақпан төңкерісі басталған тұста ол өзін демократиялық қоғамдық қозғалыстың көсемі ретінде көлегейлеп көрсеткенімен де, іштей монархиялық құрылымның жақтаушысы, асқан атаққұмар, өзімшіл және материалист (құдайсыз деген мағынада – Т.Ж.) күйінде қалып қойды. Өзінің осындай қасиеттерін қанағаттандыру үшін ол туған халқын құрбандыққа шалуға да бейімді еді. Монархиялық жүйе құлаған соң Х.Досмұхамедов аталған аудандар мен Татарстандағы монархиялық құрылымды жақтайтын партия мүшелерінің көмегіне сүйеніп, Х.Досмұхамедовтің кандидатурасына қарсы күрескен Ойылдағы демократиялық бағыттағы орыс тұрғындары мен мұғалім Сүбіханов бастатқан қазақтардан басым түсіп, Ойыл аудандық аткомының төрағалығына өтіп кетті. 1917 жылы көкектегі Оралда өткен қазақтардың облыстық құрылтайына Х.Досмұхамедов өкіл боп қатысты. Ол мұнда мінбеге жиі шығып сөйлеп, өзін демократиялық қозғалыстың нағыз қайраткері, сөзұстар шешені ретінде көрсетті. Өкінішке орай ол мұны дегеніне жету үшін істепті, оның деген мақсаты – облаткомның төрағалығына өту екен, ал Х.Досмұхамедовті бұрын білмейтін құрылтай мүшелері оған сеніп қалыпты. Сонымен қатар, өзінің таныс өкілдеріне, егерде мұны төрағалыққа өткізбеген жағдайда, құрылтай жұмысын тараттырып жіберетінін айтыпты, ал құрылтайдың басты мақсаты – барлық демократиялық бағыттағы зиялыларды біріктіру болғандықтан да, оны көрсетілген қызметке сайлауға мәжбүр болды. Содан бастап өзінің құзырлы қызмет бабын пайдаланған Досмұхамедовтің контрреволюциялық іс-әрекеті үдей түсті. Айтылған құрылтайға өкіл ретінде мен де қатыстым. Оның құрылтайды таратып жіберетіні жөніндегі жоғарыда айтылған сөзін естіп, 2 күннен кейін оның төрағалығымен өткен облаткомның отырысында уездік комиссардың орынбасарлығына атақты алаяқ Шәріп Сейкетовті тағайындағанда ғана Х.Досмұхамедовтің оңбағандығына көзім анық жетті», – деп («Алашорда қозғалысы», 3-том, 2-кітап 272-273 беттер) Халел Досмұхамедовке мінездеме беру арқылы өтеді.
Сондай орнықтылықпен хатқа түсірілген бұл жолдардың аранды астары «атақты алаяқ Шәріп Сейкетовтің» орынбасарлыққа тағайындалуын «оңбағандық» деп бағалаған тұста бір-ақ ашылады. Қазақ зиялысының бір ұлттық ерекшелігі, ол дұшпанының осы дүниедегі барлық қылмысын кешіруге, оны ұмытуға бар, тек ру тартысы мен сайлау тұсындағы бақталастықты кешірмейді де, ұмытпайды да. С.Тұрынтаев қазақы екі майданда да Х.Досмұхамедовтің қарсыласы С.Меңдешевтің тобынан табылған адам сияқты. Өйткені Халел Досмұхамедовтің ұлт үшін қолданған шараларының бір де біреуі оған жақпады әрі дұшпандық боп көрінді (Біз бұл көрсетінділерге тек өмірлік дерек ретінде ғана қарап, тергеу ісіне қатысты мағлұматтарды ғана тілге тиек еттік).
Ал осындай «құпия құжаттарды ұсынған қарт күрескер Қаратаевті» С.Меңдешев саяси науқан тұсында арашалауға тырысып:
«Иә, Қаратаев патшалық құрылымды тас-талқан ете алған жоқ, сонда да, Мемлекеттік Думада «артық жер жоқ» деп сөйледі. Қандай батыл пікір... Егер Қаратаевтің Думадағы жоғарыдағы сөзін баяндамашы теріс түсіндіріп: артық жер бар – деп айтты деп тұр. Бұл мүлдем қате»,– деп пікір білдіргенімен де оның бұл сөзі қаперге ілінбеді.
«Өтелден өткенше қызын алып, өткелден өткен соң қызын талақ етіп» әдеттенген большевиктер 1933 жылы желтоқсан айында «Алашорда» қозғалысы туралы пікір алысуды тыңдауға келген Бақытжан Қаратаевтің қызын да жиналыстан амалын тауып аластап шығарды. Аса «саяси көрегендік» жасаған І.Құрамысов бұл жөнінде партия мүшелерінің алдында:
«Бір нәрсенің басын ашып алайық. Мен пікір таласы басталмас бұрын сіздерге түсініксіздеу көрінген, яғни, партияда жоқтардың мәжілістен шығып кетуін өтінуімнің себебін түсіндіре кетейін. Мәселе мынада, осында жиналған тыңдаушылардың қатарында бір топ әйелдер де отырды, олардың қатарында Телжан Шонановтың әйелі, Қаратаевтің қызы да болды. Оларды шығарып жіберу үшін сондай оқыс шара қолдануға тура келді, оным түсінікті ғой деймін, көлденең куәнің қажеті қанша...», – деп ақталды.
Шындығына келгенде, Бақытжан Қаратаевтің енді оларға кедергіден басқа керегі шамалы-тын. Сондықтан да оның өзі түгілі, оның қызын да қоғамнан тыс қалдырды. Әйтпесе, әкесінің тағдыры талқыға түскенде оны білуге туған төлінің қақысы толық бар болатын. Жақыннан – жау іздеп, жаттан – таптық бауыр тапқан сұм заманның ойын шарты солай болатын.
Ол тұста мұндай құрыққа түспеген қайраткер жоқтың қасы. Сәкен сияқты «ақындардың аққуы» да өзін-өзі ақтау орайында сондай қадамдарға барғаны және ондай мәліметтерді саяси науқандардың қарсаңында 1925 жылы 19 сәуірде, 1937 жылдың басында жазған. Алғашқысы Голощекиннің келуінің, ал екіншісі үлкен «ғарасат майданының» қарсаңы. Біз соның ішінде Д.Әділевтің көрсетіндісінде айтылатын бір оқиғаға ғана тоқталамыз. Үкімет төрағасының орнынан түскеннен кейінгі С.Сейфуллиннің Сталинге жазған хатында:
«...Айналып келгенде, Қазақстанды оңшыл элементтер билеп алды, ал «Алашордашылар» қол шапалақтап отыр. Дәйек үшін үлкен мәні бар елеусіз бір оқиғаны келтірейін. Бүкіл Қазақстан тұтастыққа ие боп, Жетісу мен Сырдария облыстары қосылғаннан кейін өткен Ақмешіт (Перовскі) қаласындағы Ү жалпықазақ құрылтайына үлкен маңыз берілді. Құрылтайдың ашылғанына екі-үш күн өткен соң менің бір жолдасым: мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған Досмұхамедов басқарған Батыс алашорданың туы қойылыпты – деді. Мен сенбедім. Бірақ та қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғанын есіме алдым. Кейбір жолдастар реніштерін білдірді. «Алашорданың» туы орынынан алынды. Кейін:«Бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты»,– деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары білімді адамдар басқарды емес пе», – деп мағлұмат берді.
Ал «мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған» Алаш туының орналасуы және оның Халел Досмұхамедовтің есімімен байланыстырылуында тарихи нысан жатыр еді. Өйткені «Алаш – Алаш болғалы, Алаша – хан болғалы», «Керегеміз – Ағаш, Ұранымыз – Алаш!» болғалы қазақтың тәуелсіздігін тұңғыш нысана еткен Ту осы болатын.
Өйткені: 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І құрылтайында Халел Досмұхамедов:
«Біздің мақсатымыз – ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз. Жайық өңірін мекендеген басқа ұлттармен достық одақ құрып, олардың өзара араздасуына жол бермеуіміз керек, өйткені бұл – заман тудырған біздің тағдырымыз. Қазір желбіреп тұрған бостандықтың жасыл туы – бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады. Сондықтан да саяси арандатушылардың жолын бөгейік, қан төгіске жол бермейік. Елдің берекесінің кетуіне түпкілікті себеп – қазақтарды жік-жікке бөліп, оларды бірін-біріне қарсы қойып, қан қақсатқан саясат. Бізге береке-бірлік әперетін тек қана Әділдік. Қалың халықты тонаушылар, момындарды жылатушылар бізге жолдас бола алмайды. Қазақты, басқа халықтарды аяусыз қанаған патша орынынан түсті. Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады. Сол себептен де біз қалай да Ресейден автономия алуға тиістіміз», – деп сөйлегенде төрде тұрған «Құран» аяты жазылған жасыл Ту – осы Ту еді.
Бұл – ұлт үшін ұлы тарихи нысана сөз. Бұл – қазақ елінің империядан ірге бөлуінің мүмкіндігіне сендірген, санаға бостандықтың сәулесін түсірген киелі хабар болатын. Жаңылысып қойылса да, ақын жанын «әрі тебірендіріп, әрі түршіктірген» төрдегі аятты ту – түпкілікті қасиетті орынын тапқан азаттықтың аян туы, Тәуелсіздік Туы, Алаш Туы еді. Осы құрылтайдың төрағасы ретінде Ж.Досмұхамедов 1938 жылы тергеушіге:
«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарынының басқару құрылымын жасап, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзі-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері еш қандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын депшешім шығарды», – деп жауап берді.
Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев мен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды. Бұл кезде құқық генералы дәрежелес Том округінің аймақтық прокуроры боп істеп жүрген Жаһанша Досмұхамедов жалпыресейлік беделге ие болып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасарлығына сайланды.
Арада тура бір жыл өткен соң, қызыл империя көсемдерінің 1918 жылы 24 және 27 науырыз күнгі шақыруы бойынша «Алашорда» өкіметінің өкілетті өкілі ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедов екеуі 1 көкек күні Ленин мен Сталиннің алдында қазақ елінің мемлекеттігін мәселе етіп қойды:
«Алашорданың» Жымпиты тобы алғашқыда «Ойыл уәлаяты» үкіметі деп аталды, яғни, Орал қазақ әскерлері территориясынан бөлек Ойыл облысы қазақтарының үкіметі құрылды. Кейін ... ресми түрде «Батыс Алашорда» үкіметі деп атала бастады. «Батыс Алашорда» үкіметінің алғашқы шешімі – Халық Комиссарлар кеңесіне өкіл жіберу туралы болды. Өкілдіктің мақсаты – кеңес өкіметіне Қазақ автономиясын тану туралы өтініш жасау, сондай-ақ өлкедегі азаматтық және әскери басқару ісін ұйымдастыру үшін материалдық көмек сұрау, әсіресе, өлке тұрғындарын азық-түлікпен және фабрика-зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету туралы келіссөз жүргізу еді. Өкілдіктің кеңестік Россияға жіберілуінің өзіндік себебі де болды: ол – ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылымын өзі шешуі құқын жариялаған Кеңестердің III съезінің қаулысы болатын, сондықтан да ұлт мәселесі бойынша Россиядағы ең сенімді өкімет – (кеңестер) деп танылды. Өкілдік 1918 жылдың наурыз айында Москваға келді. Жоғарғы кеңес мекемелерінің Петроградтан Москваға көшу кезеңіне тап келген өкілдік мүшелері өз өлкесінің мұң-мұқтажын ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинге баян етті. Сталиннің кеңесімен азық-түлікке байланысты мәселелер Азык-түлік Комиссариаты жанындағы Коллегия мәжілісінің қарауына ұсынылды.
Батыс өлке қазақтары жағдайымен мұқият танысып алған соң, Сталин тікелей байланыс арқылы сол кезде Семей қаласында болған «Шығыс Алашорда» басшыларымен сөйлесіп: Қазақ автономиясы туралы мәселе Халық Комиссарлары кеңесінің қарауына ұсынылатынын, содан соң Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінде қаралатынын мәлімдеді. Жергілікті жерлердегі автономия идеясына жеке басы түсіністікпен қараған Сталин ВЦИК-тің басылымы «Известияда» осы мәселеге байланысты принципті мақаласын жариялады. Мақалада: аймақтардағы билік ұлттық буржуазияның қолында емес, өзін-өзі билеуші ұлттық демократиялық төменгі тобының қолында болған жағдайда ғана жергілікті аймақтарға, соның ішінде Башкирия мен Қазақ өлкесіне де ұлттық-территориялық автономия берудің мүмкіндігі мен қажеттігі туралы пікір айтылды. ... Елге қайтар алдында делегация Сталинге елдегі қалыптасқан жағдайды түсіндіріп кетті: мүлдем қарусыз, әлі толық ұйымдаспаған, бұрын әскери қызметте болып көрмеген қазақтар кеңес өкіметін мезгілінен бұрын, ашық, белсенді түрде қолдап шығатын болса, Орынбор мен Орал казактары тарапынан жаппай қырғынға ұшырауы мүмкін, сондықтан да қазақ зиялыларының міндеті – қазақ жігіттерінің казактар жағына шығуына жол бермеу, казактардың қатарын қазақтардың есебінен толықтырылуын болдырмау – керектігі айтылды. Жолда, Саратов қаласында, өкілдік мүшелері...» ... тұтқындалды.
Өйткені мұндай нысаналы адамдардың азаттықта жүруі кеңес өкіметі үшін аса қауіпті әрі «намысқа» саналатын.
Сондықтан да пролетариат көсемі Ленин «Алашорда» үкіметіне о бастан екіжүзді саясат ұстанды. Оларды бетпе-бет келгенде сондай бір безбүйрек «бауырмалдықпен» бауырына тартып, «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Қаулыға қол қоя отырып, ту сыртынан Орынбордағы әскери кеңеске:
«Алаш-орда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) Кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек, жас Кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейіннен көрерміз... Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды», – деген (Д.Сүлейменова, «Алашорданың батыс бөлімінің тарихы...», 10-бет) дұшпандық тапсырма берді.
Кеңес өкіметінің жазалаушылары алаш азаматтарына «көрсететін көресісін» кейінге қалдырып жатпады. Мәскеуден қомақты қаржы көмегін алып, қыр еліне қайтып бара жатқанда, жолда Саратов қаласының вокзалында Х.Досмұхамедов пен оның серіктерін большевиктердің ықпалындағы Саратов совдепі (жұмысшы, шаруа және солдаттар кеңесі) тұтқынға алды
Шұғыл түрде шақырылған Атқару комитетінің мәжілісінде төраға В.П.Антонов-Саратовский:
«Кеше маған Орал кеңесінің мүшелері: алдыңғы шептегі жасақтар бірнеше адамды ұстап, олардың күдік тудыратыны туралы ілеспе хат бар, – деп осында алып келді. Сөйтсе, олар Петроградқа барып қайтқан қазақ жер басқармасының өкілдері екен, қолдарында Халық комиссарлар кеңесінің арнайы құжаты бар. Мен оларды тұтқында ұстаудың қажеті жоқ және байланысымызды шиеленістіруге болмас деген оймен босаттым. Олар: Халық комиссарлары кеңесі (Орал) жер басқармасына арнайы комиссар жібермек еді, ол комиссар әлі тағайындалған жоқ, сондықтан да орталық бізге арнайы комиссар жібергенше, Саратов совдепі өз өкілін жібергені дұрыс болар еді, – деген өтініш білдірді. Жандарында орталық бөлген аса көп мөлшерде ақша бар болып шықты. Оларды осы мәжіліске жіберіп, пікірлерін тыңдауды өтінемін», – деген («Алашорда қозғалысы», 2 том, 143-бет) ұсыныс жасады.
Ұсыныс қабылданды. Қалыптасқан жағдайда шарт қоя сөйлеу қатерлі еді. Сонда да Х.Досмұхамедов:
«Мен бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің мүшесімін. Барлық қазақ облыстары кеңеске қарай бейімделуі тиіс. 8 кеңес (бөлімі) болуы керек. Орталық басқарма Семей қаласында орналаспақ. Қазір ондай кеңес жоқ. «Алашорда» кеңесін өзге де өкілдермен толықтырылу көзделген. Шындығын айтқанда, бізде кеңесті ұйымдастыру қиыншылыққа соғады. Оны ұйымдастыратын да ешкім жоқ. Жұмысшы да, солдаттар да бізде жоқ. Бізде тек қана жер басқармасы ғана бар, соны ғана сақтауды ұйғардық. Халық комиссарлар кеңесі: Қазақ ісі жөніндегі комиссариат – ұйымдастыруды ұйғарды. Орталықта біз совдептердің жер басқармасына ешқандай зиян келтірмеуі туралы шешімді Саратовтағы, сондай-ақ Оралдағы совдептерге хабарлауды өтінгеміз. Осылай жүруге бір апта қалғанда, казактардың Орал кеңесінін таратқаны және олар біздің жер басқармасымен тіл табыса алмай, олардан толық бағынышты болуды талап етіп жатқаны туралы хабар алдым. Енді оларға қалай жетудің амалы барын білмейміз», – деп жалпы жағдайларынан мағлұмат берді.
Бірақ олардың қандай шешім қабылдайтыны белгісіз еді. Әсіресе, миллион сомдаған қаржы қызылдардың да көзін қызартқаны, оны қалайда алып қалуға тырысқаны кеңес мүшелері:
Степановтың: «Орал кеңесінің мүшелері сымсыз байланыс арқылы бізге басқаша мәлімет берді. Казак әскери үкіметінің шешімімен орталықтан қомақты ақша алып, оны бізге қарсы жұмсауға жіберілген өкілдер осылар емес пе. Бұлар Орал кеңесінің рұхсатынсыз кетті»;
Банкрицердің: «Қағаз мылтықпен өзімізді атып жүрмесін. Біз олардың тілінде түк түсінбейміз. Мен олардың Сейіт деген біреудің ысқырығымен жүретінін ғана білемін. Ұстамап қалмайық, бірақ Үндеуге сеніп қалуға болмайды»;
Фолькиннің: «Қазақтар Омбыда Уақытша үкіметке қарсы шыққан, алайда қытығын басқан соң оны мойындады. Кеңес өкіметі орнағанда оны да мойындады. Бұларды казактардан оқшау ұстап, Үндеуді тарату керек»;
Аты-жөні белгісіз біреудің: «Жер басқармасына он миллион сом сұрау үшін кеңестің рұқсатынсыз орталыққа кеткендер туралы естігемін. Комиссияның құрамындағы Попов – оңшыл эсер, Досмұхамедов – конституциялық демократ. Әрине, бұларды бәрінен бұрын ұлт мәселесі алаңдатады, бірақ комиссия мүшелері өте күдікті адамдар», – деген пиғылдарынан анық танылады.
Әскери төтенше жағдайға сәйкес қазақ қайраткерлері өз қауіпсіздіктерін сақтау мақсатында сол екі арада Ұлт мәселесі жөніндегі халық комиссары комиссар И.Сталинге:
«Саратов совдепі уралдық казактарға тосқауыл қоюға кірісті. Орал қаласына баратын жол әскери бақылау астында, жүруге қауіпті. Саратов қаласының вокзалында өздерін: Урал совдепінің өкіліміз деп таныстырған белгісіз бір адамдар бізді тұтқынға алды. Алайда Саратов совдепі бізді босатты. Біз: Комиссарлар кеңесімен жүргізілген келісімнің нәтижесін түсіндіріп, казактардың арандатуларына ұрынып қалмауы туралы қазақтарға үндеу жарияладық. Комиссарды тездетіп тағайындауға және Халкомның жанындағы қазақ комиссарын Урал совдепіне жіберуге тырысыңыздар. Саратов совдепі арқылы: жер басқармасының өкілдеріне күш көрсетпеу туралы телеграф арқылы қайталап хабарлауды ұмытпаңыздар. Жер басқармасына қазір тиіспесін. Бізбен Саратов совдепі арқылы хабарласыңыздар», – деп («Алашорда қозғалысы», 2 том, 441-бет) жеделхат жолдап үлгереді.
Құзырлы хабардың ырқына көнген В.П.Антонов-Саратовский қазақтарды жақтай сөйлеп:
Достарыңызбен бөлісу: |