«Түрік-татарлардың «Алашорда» үкіметін мойындамау керек, оларды тек қана мәдени автономия ретінде тануға тиіспіз», – деп «Алашорда» үкіметінің почта байланысын тегін пайдалануына тиым салғанда, Р.Марсеков қазақ комитетінің төрағасы, жалпыалаш сотының бас соты ретінде :
«Егерде үкімет мекемелері «Алашорданы» мойындамаған жағдайда онда қазақ халқы сібір үкіметінің ешқандай талабын да, өкімдерін де орындамайды. Сібір үкіметінің бірде бір өкімі жергілікті жерде таратылмайды», – деп мәлімдеп, жергілікті байланысты үзіп тастады.
Армияны жасақтауға қатты кедергі келтіретін мұндай қатаң шараға орай Министрлер кеңесі арнайы тексеру ұйымдастырды, Крот Ішкі істер министріне құпия ілеспе хат жолдап, өзінің Р.Марсековпен ешқандай жеке басының араздығының жоғын айтып, онымен татуласудың амалын қарастыруды өтінді. Большевиктердің ықпалындағы семинария оқытушысы Н.Құлжановтың арнайы жарғысы жасалмаған қазақ сотын сынаған мақаласына орай «Жалақорға жауап» атты мақал жазып, онда:
«Заңның күрделі мәселелеріне жолбикелердің жол көрсетуі ортақ іске пайда әкелмейді... Меніңше, Құлжанов, бүкіл бір халықтың құқықтық кодексін жазып шығуды – газет үшін сүйкете салған жалақорлық мақала сияқты жеңіл іс деп ойлайтын болуы керек... Төңкеріс тұсында неше түрлі қылмыстылар бас көтерді, қыр еліндегі мұндай жағдайға қарсы шұғыл күресуді қажет етеді, комиссия шақырып, кодекстің баптарын, айлап, жылдап талқылайтын уақыт жоқ. Сондықтан да осы уақытқа дейін елімізде қолданылып келген заңдарға сүйене отырып уақытша ұлттық сот құрылды», – дей келіп, Н.Құлжановтың пікірлерінің тиянақсыздығын дәлелдеп, оның большевиктердің пайдасына тыңшылық еткен қызметі үшін айыптады.
Ұсақ-қарыз мойынсеріктігін жолға қойып, одан түскен пайданы оқу ағарту, денсаулық, мал емшілігі ісіне жұмсауды ұсынды және оған қол жеткізу үшін:
«Жер басқармасы мәслихаты: осы жылдың 6 ақпан күнгі тұрғындарды астықпен, күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуді басқарманың қарауына беру туралы ұсынысынан бас тартпайды, өйткені, ерекше өкілдердің құзыры тұрғындардың талабына жауап бере алмайды. Жоғарыда аталған өкілдердің тұрғындарды қамтамасыз етуге атсалысатынын ескере отырып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыратын шараға жер басқармасы тікелей айналысуы тиіс, сондықтан да облыстық басқарманың жанынан азық-түлік бөлімін ашу, оған мойынсеріктер мен өзге де қоғамдық ұйымдарды тарту ерекше қажетті шара болып табылады», – деген (Д.Аманжолова. На изломе. Стр:180 –381) ұсыныс айтып, қаулы қабылдатты.
Өйткені, азық-түлік мәселесі, ол кезде өмір мен өлімнің құнымен пара-пар еді. 1922 жылы кеңес өкіметі «Алашорда» қайраткерлерін жаппай қуғынға алып, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовты түрмеге қамаған тұста Р.Марсеков те жауапқа тартылады. Ол өзіне қойылған:
«Кеңес өкіметінің қай саладағы саясатымен келіспейсің?», – деген анкеталық сұраққа:
«Қазақстан республикасына өзімен көрші мемлекетпен сауда келісім шарттарын жасау құқы берілмеген. Украина республикасына өзіне көрші мемлекетпен сауда келісім шартын жасау құқы берілген, ол мұны толық пайдаланып отыр, ал қазақ республикасы федерация мүшесі ретінде ондай құқыққа ие емес», – деп жауап берді.
Осыдан кейін-ақ өзінің де өмір сүру құқына ие болмайтынын біліп, «Алашорданың» шет елдегі бөлімшесін ұйымдастыру үшін 1918 жылы сәуір айында А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты бастап апарған Шығыс Түркістанға қоныс аударады. Онда мәдени-ағарту жұмыстарымен айналысып, газет ұйымдастырады. 1939 жылы кеңес өкіметінің тапсырмасымен тұтқындалып, құпия жағдайда шекаралық аймақта тұншықтырылып өлтірілді. «Алашорда» қайраткерлерін халықаралық қылмыскер ретінде көрсету мақсатымен тергеушілердің Х.Досмұхамедовтен Райымжан Марсеков туралы суыртпақтап сыр тартуының себебі де сонда. М.Тынышбаев бұл сұрақты орағытып өтіп:
«Заки Валидовтің қозғалысына біз қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін...», – деп жауап береді.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «7). Күрес тәсілі мынадай: біз, яғни, ұйым мүшелері кеңес өкіметінің барлық құрылымына қызметке кіріп, осы бағдарламаны жүзеге асыруға ықпал ету болатын. Соның ішінде сіздердің ірі орындарда отырған қызметкерлеріңіздің ара салмағына талдау жасап, есепке алу да (қанша адам, қайда, қандай дәрежеде жұмыс істейді дегендей) міндет етіп қойылды. Саяси бағдарламаның басты бір тармағы – ұлыдержавалық шовинизм мен патшалық қанаудың сарқыншағына қарсы күрес жолына арналды. Партияда жоқтар мен коммунистердің, соның ішінде ұлы державалық-шовинистік өктем саясатты ұстанатын барлық еуропалық коммунистердің іс-қимылдарына талдау жасап отыру ұсынылды. Ұлы державалық шовинизмге қарсы күресіп жүрген еуропалық коммунистермен етене байланыс жасап, олардың атқарған шараларына көмектесіп отыру, ұлттық коммунистермен де тығыз байланыс орнатып, солар арқылы сіздердің саяси, экономикалық бағдарламаларыңызға ықпал ету тактикасы алға қойылды. Интервенция мен шет ел державаларының әскери көмегіне сүйену мәселесі талқыланған жоқ».
Олар өздерінің бұл талабын алғаш рет «Алашорда» үкіметінің атынан Ленин мен Сталинге жолыққанда:
«Біз тек: тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз», – деп ашық мәлімдеген болатын.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «8). Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, егерде Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері Ташкентке шабуыл жасаса, әрине, оларға көмектесуге тиісті болдық. Біздің жағдайымызда мұны (көтерілісті –Т.Ж.) жүзеге асыруды армандауға да болмайтын. Өйткені біздің бәріміз де сырттан келгендіктен де, жергілікті тұрғындармен байланысымыз жоқ еді және тұрғындар да ұлттық тегі жағынан құрама болатын. Сондықтан да жарытып ештеңе атқара алмадық.
9). Алдында айтқанымдай, Германияға оқуға кеткен студенттерге: олардың қолында біздің ұйымның мүшелік билеттері болуға тиісті еді әрі олар үкіметтің ұсынысымен оқуға жіберілгендерін айта жүруі керек, – деп ескерттім. Оларға мен ешқандай тапсырма бергемін жоқ... Мүмкін Орынбордағы ұйым тапсырма берген шығар. Мұстафа Шоқаймен ешқандай байланысымыз болған емес. Ол біздің жақтасымыз болып есептеледі, алайда шын мәнінде ол біздің жақтасымыз болып табылмайды, өйткені ол ішкі күрестен шеттеп кетті».
З.Валидов: «Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетіне жазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді», – дейді (447 бет)
Осы астыртын жиналысқа қатысқан «Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері, оның ішінде Х.Досмұхамедов те эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тиым салып:
«Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс»,– деген шешімге келді.
М.Тынышбаев (жалғасы): «Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмейміН. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінггі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ».
Мүмкіндіктері бола тұра олардың шет елге бас ауағлап кетпегендігі де сондықтан. Ал халық мұғалімі С.Тұрынтаев мұны:
«Олар амалы қалмаған соң, ешқайда қашып құтыла алмайтын болған соң ғана большевиктер жағына шықты, олар Кавказға өтіп кетуді де қарастырды, бірақ ондағы қымбатшылық пен соғыс жүріп жатқанын біліп, тоналып, оққа ұшып кетуден сескеніп, күн көрістік күйлері болмағандықтан да райларынан қайтты», – деп «түсіндірді».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): 10) Ұйымның тұрақты қаражат қоры болған емес. Қаражатты кім жинағанын есіме түсіре алмай тұрмын. Бірімжанов Бұқараға жүрер алдында ақша жинадық. Заки Валидовпен жолығуға барарда Әділевке де ұйым мүшелері өзара келісіп 25-30 сомнан қаражат жидық».
Бұл арадағы басты мақсат – Әлихан Бөкейханов тергеу басталғаннан кейін жұмыссыз, күн көрістік қаражатсыз қалған кезінде ең жақын жанашыр достарының ақшалай көрсеткен көмегін, ұйымның қаражаты есебінде хаттамаға түсіру. Сөйтіп, қарулы көтерілісті ұйымдастыру үшін қаржы жинақталды, – деген сылтаумен Ә.Бөкейхановты тұтқынға алу. Әрине, тергеушілер дегеніне жете алмады.Ал Бірімжанов болса өзінің Бұқараға баруының басты мақсаты – аштарға көмек жинау екенін айтады.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «11). Басқа республикалардағы контрреволюциялық ұлтшыл ұйымдармен байланыс былай жүргізілді. Мысалы Орынбордағы ұйыммен бастапқыда Байтұрсынов арқылы хабарласып тұрдық. Бұл ұйым өзінің өкілі ретінде Байтасов пен Сәрсеновті ұсынып, барлық мәселені солармен кеңесіп шешуді тапсырды. Одан басқа нұсқау болған жоқ. Жаз айында мен, Тынышбаев және Жаһанша Досмұхамедов үшеуміз өзара ақылдастық. Менің білуімше Орынбордағы ұйым өзінің жұмысын ертерек бастаған сияқты. Олар өз істерін бізден дербес жүргізді. Түркістан майданындағы жағдайдың күрт құлдырап кетуіне байланысты біз де (Жаһанша Досмұхамедовті, Тынышбаевті және өзімді айтып отырмын) тыныш жатып, бассауғалауды дұрыс деп шештік. Жастардың арасында «Алаш» бағдарламасына іш тартатын ұйым бар деп естідім. Біз олардан мәселенің анық-қанығын біліп беріңдер деп тапсырма бердік, бірақ та Байтасов пен Әділев жүрексінді ме, ештеңе айтпады. Орынбор мен Ташкент ұйымдарының арасындағы байланысты Байтұрсынов арқылы жүргізеді, оған Әділев байланысшылық етеді – дестік. «Алашорданың» бағыт-бағдарындағы (жетекшілері Байтұрсынов пен Сәрсенов) ұйым жұмысын баяндайтын құжаттардың ешқайсысы да сақталмады. Орынбордан Қызылордаға келгенімде алашордашылардың ешқайсысымен сөйлескемін жоқ».
Келесі тергеуде бұлардың жолдаған хатына:
«Байтұрсынов: Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз», – деген сәлем айтқанын туралы мағлұмат беріп, Орынбор мен Ташкенттің арасында қандай да бір байланыстың болғанын жоққа шығарды.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Бұқара қаласында өзбектердің осындай ұйымы бар екенін, ол үкіметтің жетекшісі Исымов Қаримен 23-жылы таныстым. Бірақ біздің ұйым олармен байланыс жасаған жоқ. Олар жадидтік бағытты ұстанады, үлкен әрекетке қабілеті жетпейтін. Әнуар паша мен Заки Валидовтің бағдарламалары қандай, не ойлағандары бар, нені мақсат етеді, қазақтармен қарым-қатынастары қандай, соны білу үшін Бұқараға Бірімжановты жібердік. Біз екі республиканың аражігінде тұрмыз, сондықтан да біздің мақсатымыз Қазақстан мен түркістандық қазақтарды біріктіру екенін білдірдік. Бірімжановтың Бұқарадан қайтып келгеннен кейінгі жауабы маған белгісіз. Кейін Әділевтің де басмашыларда болғанын естідім. Бірімжанов пен Әділевті Орынбор ұйымы 22-жылы жіберіпті. Екі республикадағы ұйымның өзара байланысы болған жоқ».
З.Валидов: «... Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді» – деп (268-бет) еске алады.
М.Тынышбаев (жалғасы): «4) Ұйым террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедовке үндеу жазып таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұлшарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Зәки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгендей ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «12). Менің және ұйым мүшелерінің айналысқан қызметіне келетін болсам, мен ғылыми баспаны басқардым. Соның ішінде қазақ тілінде көптеп кітап шығаруға ерекше көңіл бөлдім. Сонымен қатар Оқу-ағарту халық комиссариятында да қызмет атқардым. Тынышбаев Жер жөніндегі комиссариятта істеді, Қашқынбаев денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жұмыстарымен айналысты. Бірімжанов «Ақ жол» газетінде, ал Жәленов пен Әділев жастармен жұмыс істеді. Бұрын Түркістанда жарияланбаған оқулықтарды аударып бастық. Зоология, табиғаттану, анатомия, адам физиологиясы бойынша пәндік оқулықтар жарияланды. Қазір де сол оқулықтар басшылыққа алынып оқытылады. Олар кеңестік мектептердің бағдарламасы бойынша, эксперттердің пікір білдіруімен жарияланды. Ұлтшылдықтың ешқандай белгісі де жоқ. Сонымен қатар халық әдебиетінің үш томдық жинағын шығардым. Әрине, онда маркстік талдау жетіспейтін. Мен халық әдебиеті туралы бірнеше кітапты қарастырып шықтым. Үш оқулық орыс тілінде жазылды. Сыншылар: оқулықтарда ұлтшылдықтың салқыны бар. Ол ұлтшылдық көзқарсын оқулықтар арқылы студенттерге насихаттап, өз ойын өткізіп жіберуге тырысты – десті. Алайда оған менің мүмкіндігім болған жоқ және бақылау да күшті болатын. Менің Ташкенттегі мәдениет саласына араласқан кезімде 25 атаудан астам кітап қазақ тілінде жарық көрді. Мен кеткеннен кейін бір кітап та шыққан жоқ. Бұл кітаптардың барлығын да ұлтшылдар жазған, солар аударған. Бұл оқулықтарда біздің бағдарламамыздың қазақ халқына қатысты негізгі мәселелері (тұрғылықты халықтардың саны, жер және басқа да мәселелер туралы) түсіндірілді».
Халел Досмұхамедов жетекшілік еткен Ғылым комиссиясы 1922 жылы ғана 622 кітап шығарды, оның 33,7 пайызы қазақ тіліндегі басылым болатын. ОлИнституттың ғылыми Кеңесінің төрағасы ретінде:
«Халел Досмұхамедов 1923 жылы 11 шілде күні Москва қаласында өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұйымдастырылатын қазақтың тұрмысы мен этнографиясына байланысты шараға Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының студенті Құрманбек Жандарбековтің әнші ретінде қатысуын ұсыныс етті, соған орай ол демалыстан шақыртылып алынды. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқан қазақтардың көрмесінде Қазақ ағарту институтының оқытушысы, Ташкенттегі Қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі Мағжан Жұмабаев ерекше ынта көрсетіп, белсенділік танытты. Көрмеге әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы апарылды. Олардың ұзын саны 100-ге жуық. Солардың ішінде Темірдің Түркістандағы Ахмет Яссауидің мешітін салу туралы жарлығы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның жағырапиялық очерктері», Тұрар Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» атты кітаптар бар», – делінген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 52-бет).
Алайда кеңес өкіметі мен тергеушілердің білім туралы көзқарасына жүгінсек, мұның барлығы барып тұрған «қастандық», Абайдың тілімен айтқанда, «бақас ғылым» еді. Оған «Айыптау қорытындысындағы» «Мәдениет майданындағы қастандықтар туралы дәлел. Онда:
«2. Мәдениет майданы: Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.
(...) ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды», – деп жазылған.
Х.Досмұхамедовтің тергеу хаттамасындағы жауаппен тергеушідердің «Айыптау қорытындысындағы» келтірілген дәйектемелерді зейін қоя салыстыра қараған оқырман, екі жазбаның арасындағы айырмашылықты және тергеушілердің қиыннан қиыстырып бұрмалаған «қорытындысындағы» астары теріс қаратылған «үкім жобасын» қиналмай аңғаратыны анық. Мұндай «бұратылған стильдік тәсілдердің» біразына келер беттерде де орын берілетінін ескерте кетеміз.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...
13). ...Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақаосовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойлаймын».
Х.Досмұхамедов «іштарта қараған» С.Сәдуақасовтың сол жылдары мерзімді баспасөз арқылы білдірген:
«Бүгінгі таңда ұлттық шет аймақтардағы жер саясаты саласындағы нақты міндет 1) Қоныс аударушы байырғы тұрғындармен қоса жергілікті халықты да жерге түпкілікті орналастыру. 2) Жаппай жерге орналастыру (бұған өз еркімен келгендерді жерге орналастыру да, халықтың табиғи өсімін ескере отырып, жер қорын белгілеу және т.б. кіреді) жөніндегі жұмысты қызу қарқынмен жүргізу, осының нәтижесінде артық жер бар болса, анықтау»;
«Ұлт республикаларының аппараттарындағы қызметшілердің бәрі бірдей европалық коммунистер емес екені, онда талай партияда жоқ европалықтардың, тіпті саяси жер аударылғандардың да отырғаны ешкімге құпия емес. Сонда, Митрофанов жолдастың сөзіне қарағанда, бай-манаптардың диктатурасы жария сипат алатын болғандықтан да басқару жүйесіне қалай дегенменде, бұл, жергілікті интеллигентт қой – деп патша чиновнигін (сонда патшаның кезінде чиновниктер тек қана шет аймақтың интеллигенциясынан жасақталғандай) отырғызу ілгері басқандық па?»;
«Мен ешкімді де ластағым келмейді, бірақ біздің осы мәселе жайындағы саясатымыздың бағыты дұрыс емес, орта шаруаларға тиісінше көңіл бөлінбейді, олардың пайдасы жөнді көзделінбей келеді. Бұл дұрыс емес демекшімін. Қазақ ауылында орташалардың беделі күшті, салмақты, сондықтан орташалар мен кедейлерді бөлмеске, олардың арасына жік салмасқа керек еді. Ауыл ішіндегі жұмыстарымызды орташалар мен кедейлерді одақтастыру, біріктіру бағытымен жүргізу керек еді деймін. Енді байларды тақымдау, оларға мықтылық көрсету керек деген мәселеге келейік»;
«Менің ойымша, қазақ ауылын орыс поселкесінен жеке сөз қылуымыздың қисыны жоқ, Голощекин жолдас, Ресейдегі орыс поселкелерінің жарлылар комитеті жуан жұдырықтарды тақымдап, олардың мүлкін бөліп алу дәуірін өткізіп отыр. Бірақ Қазақстандағы орыс поселкелерінде бұл жұмыстар жүргізілмейді. Қазақстанның кейбір аудандарында кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында кеңес билігі жуан-жұдырық қара шаруалардың қолында болды. Мысалы, сол кездерде Жетісудағы орыс қара шаруалары: «Осы күні жұмыскер мен қара шаруа өкіметі жасалып отыр, қазақтар туралы ештеңе де айтылмаған», – деп соғып жүрген. Бұл ойын емес, ақиқат. Бұл тарих. Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің тап саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақтың байымен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын тақымдап отыруымыз керек», – деген пікірлер еді.
Бұл пікір қазақ ұлтының өмір сүруі мен өркендеуінің кеплі еді. Сондықтан да оған тек Х.Досмұхамедов қана «іштарта қараған» жоқ, исі қауым назарын тігіп отырды. Ал мұны «Голощекиннің националдары» О.Исаев пленумда:
«Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге тоқталып өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алудың әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ», – деп қужақтата езуледі.
Өзегі өртенген қайраткер жалғыз Смағұл ғана емес еді.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «14). Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқ – деп жауап бердім».
Тергеу ісіндегі барлық хаттамада осы арада: «З.Валидов Т.Рысқұловпен кездесті ме, жоқ па?», – деген сұрақ қойылатын. «Батыс Алашорданың» көсемі Т.Рысқұловтың орынына С.Қожановтың атын атайды.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен – 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты.
ҮІ томның 133-189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинка басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Ұзын ырғасы 90 беттен асатын бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып, 133-149 беттері, 2 қарашаға дейін 150-160 беттері, 20 қарашаға дейін 176-189 беттері тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарының бас-басына тоқталып, олардың бәріне мінездеме беріп шыққан. Мұндағы пікірлер партиялық «өткір, ұстамды, ашық» пікірмен әр сөзі шегелене жазылған. Оның ішінде Х.Досмұхамедовке де тиісті «мінездеме» берілген. Алайда оның ешқандай да дәлелдік түйіні болмағандықтан да, бұл арада келтірудің жөнін таппадық.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «15). Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді.
Тергеушілердің «Айыпта қорытындысында» тура осы сөздер: (...) Досмұхамедов Х.: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)», – деп өзгертіліп берілген.
Ал: «Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын», – дегенмен: «Байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым», – дегеннің арасында үлкен айырмашылықтың бар екені және мұны неге өзгертіп пайдаланып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Ташкенттен қоныс аударғанда Қожановпен, Рысқұловпен бір рет кездестім. Баспахананы Ташкентте қалдыруға Қожановты көндірдім. Ол өтінішім орындалды ма, жоқ па, білмеймін. Мен астананы Ташкентке көшіру туралы пікірді жақтадым. Көпшілік адамдар қалыптасқан дәстүрі бар, мәдениеті жоғары Семей қаласын астана ету керек – десті. Шымкент қаласы да ұсынылды. Ходжаев (Түркістанның үкімет басшысы, өзбек – Т.Ж.) астананы ауыстыруға келісті. Оның алдында Ходжаев: Қазақтар мен өзбектер бітеқайнасып араласып кетті. Оларды бөлудің қажеті жоқ, халқы да, территориясы да Өзбекстанның құрамында қала берсін,– деп жүрген болатын. Қазақстанмен олардың байланысы шамалы болатын. Ол: Түркістанның құрамындағы Жетісу автономиясын құрайық, – деп ұсыныс жасаған еді. Ақырында Түркістанның құрамындағы «Қазақстанды» үлкен Қазақстанмен біріктіруге келісті. Оны үгіттеп көндірдім деп айта алмаймын, бірақ та әкімшілік бөліс кезінде ол белсенді түрде араласты. Үкімет өкілі ретінде мәдени құндылықтардың қайда қалатыны туралы пікір-таласқа қатысып, мәлімдеме жасадым. Соның нәтижесінде мәдени мұралардың біразы Қазақстанға берілді. Бұл мәселе жөнінде Қожанов дұрыс пікір ұстанды. Бөлінуге, мысалы Төреқұлов қатты қарсылық жасады. Ол ақыры өзінің пікірінен қайтпады. Бұл туралы Рысқұлов пен Әділев, Тынышбаев 1922-23 жылдары пікір алысып, тапсырма алған болуы тиіс. 1922-23-24 жылдары астыртын ұйымда бұл мәселелер қызу талқыланды. Кіші Қазақстанды үлкен Қазақстанға қосуды қолдау керек, сол бағытта: халық арасына үгіт-насихат жұмысын жүргізу, халық ішінде қарсылық пікір туғызу, олардың намысын ояту керек, – деп шештік. Ұйым мүшелері үкіметтің алдына: «Бөліну мәселесіне бізді де қатыстырып, ұсынысымызды айтуға мүмкіндік беріңдер», – деп мәселе қойдық. Бұл ретте мені Қожамқұлов пен Қожанов қостады. Ұйымның өзге мүшелері де осындай тілек білдірді. Олардың кімдермен сөйлескенін анық білмеймін.
Достарыңызбен бөлісу: |