Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Бұл үкім шыққан кезде Мағжанның атасы Жұмабайдың да, әкесі Бекеннің де (Бекмұхамедтің де) шаңырағы ортасына түсіп еді. Ғадылша Қаһарманұлының мағлұматы бойынша, Жұмабайдан қалған тұқым-тұқиянның барлы



бет38/44
Дата18.11.2016
өлшемі8,29 Mb.
#1993
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   44

Бұл үкім шыққан кезде Мағжанның атасы Жұмабайдың да, әкесі Бекеннің де (Бекмұхамедтің де) шаңырағы ортасына түсіп еді. Ғадылша Қаһарманұлының мағлұматы бойынша, Жұмабайдан қалған тұқым-тұқиянның барлығы, соның ішінде:

«Бекеннің 9 баласы түгелімен қуғынға түседі. Олардың басты айыптары – Мағжанның туысы болғандықтары. Мәселен, екі ағасы Әбәммүсілім мен Қаһарман, інілері Мұхамеджан мен Сәлтай «халық жауы» деген атпен тұтқынға алынды. Ал ең кіші інілері Қалижан мен Сабыржан 1930 жылы қырғыз ағайындарға барып, сол жақта қалып қояды... Осы Жұмабай әулетінен айдауда он жыл өмірін өткізіп, еліне қайтып келгені тек Мұхамеджан мен Сәлтай... Бекеннің тоғыз баласынан тірі қалған ешкім жоқ. Бекеннің ұл-қыздарынан ұрпақтар көп тараған, олар қазір Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды, Ақмола және Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарында, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Солтүстік Осетияда тұрады. Ағамыз артына тұяқ қалдыра алмаса да, өлмес мұрасы қалды»,– деп жазады бір өкініш, бір жұбанышпен.


Сөйтіп, Мағжанның қаны орыс, қырғыз, тәжік, осетин ұлттарының тамырында соғып тұр.

Иә, бір өкініш, бір жұбаныш. Әлмисақтан бері сүзіліп келген тұқымның текті үрімі, махаббатшыл сұлу сезім осылай, үзілді.


СЕГІЗІНШІ ТАРАУ: «ЗАМАНЫНЫҢ СҰРҚЫЛТАЙЫ»

(Әбдірахман Байділдин)

1.
«Алашорда ісінде» тергеуге әрі тосын, әрі орынды тартылған бір түсініксіз тұлға, дәлірек айтсақ, түсініксіз тағдыр иесі бар. Омбыда С.Сейфуллинмен, М.Жұмабаевпен, С.Сәдуақасовпен, Ж.Сәдуақасовпен, Д.Әділевпен қатар оқыған. Өмір жолын ұлт тағдырына араласқан алаш ұранды жас қазақтардың сапында бастаған. Тіпті, «Алашорда» үкіметін құру жолында Ә.Бөкейхановқа көмекші де болған. Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiніп жүретін адам екен. Ол тергеу барысында ерекше белсенділік көрсеткен және қиыннан қиысып келіп «сұранды» болған адам – Әбдірахман Байділдин.

Анкеталық анықтама: «32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, БК(б)П қатарынан шығарылған, бұрынғы «алашордашы». Оны кеңес қызметіне тартқан Омбыда бірге оқыған сабақтасы Смағұл Сәдуақасов.

Қаншама түсiнуге тырысқанымызбен осынау адамның iс-әрекетiн ақтайтындай уәж таппадық. Еркіндікте жүргенде және партиялық тазалау кезінде өзі туралы: «Алашорда» жасағының қаруын вагонмен тасыдым, Колчактың барлаушысы болдым»,– деп көпшілік арасындағы әңгімеде күлкі үшін айтып жүреді екен. Сондай-ақ: Мұхтар мен Смағұл Колчакқа қызмет еттi – деп баспасөз арқылы ашық жариялап, жазбаша куәлiк те берген.

Сонда Әбдірахман Байділдин қандай мақсат көздеді? Сауатты, аса намысқой, бірақ... «ырғасуға, бопсаға дәрменсіз» Байділдиннің түсініксіз, тіпті кейде алаңғасарлыққа бейім әрекеттерін замандастары оның әсіре мінезімен байланыстырған. Мұны ГПУ тергеушілері ұтымды пайдаланып, оған:



«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың 3-армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағып», жауапқа тарттты.

Басында барлығы да бұған “Барлаушы!” деп кекетіп күле қараса керек, ақырында ол «күлкі» тез тиылып, ату жазасына алып келді.

Қисынды-қисынсыз сөйлеп, әр нәрсеге ұрынып, әр кімге айып тағып, «солақай сыншы» атанған Ә.Байділдинді ерекше мекеменің тергеушілері де жақтырмапты. Ол туралы тергеушілер ОГПУ-дің бастығы Мироновқа:

«Осындай міңкілшілдердің қатарына баспасөз бетінде Байтұрсынов пен Дулатовты жиі сынап жазатын сыншы Байділдинді қосуға болады. Астыртын контрреволюциялық ұйымның жетекшілерінің бірі бұл адам туралы: «…Байділдин күндіз Байтұрсыновты сынайды, ал кешке қарай Байтұрсыновтың және тағы басқа да алашордашылардың құпия жиналысына қатысады» – деп көрсетті»,– деп кекете мағлұмат берген.
Бұл да тағдырдың мазағы шығар. Әуелі көрсетінділерін еркіндікте жүріп жазғандықтан да «сырттан» атанған Ә.Байділдин, енді «ішке кіріп, іштен шалатын» сұқсыр болды. Өзінің қалай арбалғанын Ә.Байділдин:

«Хаттама. 1929 жыл, 6-шілде. Алматы. Мен, Байдилдин, Логачев жолдасқа жауап беруге ешқандай құлқым соқпай тұр. Себебі, кеше ол маған жолдастыққа жатпайтын мінез көрсетіп, менің намысыма тиді. Ол маған: сенің қамаққа алынуың өзіңді-өзің әшкерелеген аса қомақты құжаттарды қолға түсіруге мүмкіндік берді, сенің партиялығыңның түкке де керегі болмай қалды, мен ГПУ-да істеп жүргенде сенен де биік самғап жүрген “қырандарды” торға түсіргемін, деп кіжіңдеді. Осыдан үш-төрт күн бұрын мені тергеуге алғандағы жұмсақтығын ұмытып, кеше өзінің маған деген қас-қабағын мүлдем өзгертті. Алдыңғы жолдары ол адам айтқысыз кішіпейілділік танытқан еді. Сөйтсем бұл тергеуші барып тұрған көзбояушы екен әрі мені жек көретін болып шықты. Міне, сондықтан да мен оған қандай да болмасын жауап беруден бас тартамын»,– деп баяндап, батыл мәлімдеме де жасады.

Өкінішке орай, бұл кезде «жасырынбақ ойын» аяқталып, «барлау ойыны» осылған болатын.

Сөйтіп, Ә.Байдилдин «өзін-өзі жау ретінде әшкерелегенін» кеш біліп, енді өзін-өзі ақтауға барынша жанталаса кірісті. Тергеуге қызмет еткен адамды тиісті дерек жинап болған соң, құпия мекеменің дәстүрі бойынша, оны түрмеден шығармай көзін құртуға тырысатынын қайдан білсін. Тергеушілер «Қалам» деген лақап ат берген Әбдірахманның да тағдыры соның керін құшты.

Мұның өзіндік мәнісі мынада. Тергеу ісіне Әбдірахман Байділдиннің 15-тен астам көрсетіндісі тіркелген, оның кейбіреуінің көлемі машинкамен басылғанда 45 парақтан (90 беттен) асады. Мұндағы әр пікір партиялық үрдіске тән «өткір, ұстамды, ашық» және әр сөзі шегелене жазылған. Жазуы ретті, ұқыпты, жүйелі. Оқиға күн-күнімен, сағат-сағатымен хатқа түсірілген. Әр сөзін құжатпен растап отырған. Әсіресе Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовке келгенде қаламын батыра, айызын қандыра баяндайды. Көрсетінділер бірден машинкаға жазылды ма, жоқ, қолжазбадан машинкаға көшірілді ме, ол жағы бізге белгісіз. Авторлық жөндеулер жүргізілген. Соңына ала осы бағытта жарияланған мақалаларының ұзақ тізімі берілген. Өзінің Бутырька түрмесінің №90 камерасында жатқанын да ұмыт қалдырмапты. «Идеологиялық қисындарды» қырнап, басын қосып, тиiстi ғылыми түсiнiктеме беріп жарияласа, жұрттың ықыласын аударатын шежірелік жылнама сыпатындағы қомақты кiтап болатынына бiз кепiлдiк беремiз.

Соның ішінде, ҮІ томның 133-189-беттері аралығын қамтитын «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты жолдары тығыздалып, парақтың екі жағына бірдей машинкаға басылған 90 беттік ұзақ көрсетіндісінің мазмұны ерекше құнарлы. Бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26-қазан күні басталып алғашқы аптада 133-149 беттері хатқа түскен. Ал қалған 150-160 беттері 2-қарашаға дейін, 176-189 беттері 20-қарашаға дейін тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарына жеке-жеке тоқталып, олардың бәріне саяси тұрғыдан мінездеме беріп шыққан. Бутырканың №90 камерасында жазылған бұл мінездемелердің ерекшелігі сол, оны оқып отырып алаш азаматтарының бойынан ешқандай адамгершілік қасиет табу мүмкін емес.

Ұзақ баяндаулар мен мінездемелердің ыңғайына қарағанда тергеушілер Смағұл Сәдуақасовқа қарсы «Қаламның» қаламын қақпайлап, ойын бағыттап отырған. «Алашорданың» мүшесі болмаса да С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов туралы міндетті түрде қосымша сұрақ қойып, жауаптарын ұқыптылықпен хаттаған.

Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Лениннiң қабылдауында болып, Солтүстiк облыстар Қазақстанға қосылғаннан кейiн, Семейге қазақ өкiметiнiң атынан Орынбордан арнайы өкiл боп келген Смағұл Сәдуақасов Сiбiр революциялық комитетiнiң Семейдегi құрамын таратып жiберген болатын. Ал сол жылдары Ежов Семейдiң губерниялық революциялық комитетiнiң секретары еді. Семейліктер «Кене», «Бүрге» деп атаған бойы бiр қарыс Ежовтың қолына ОГПУ-дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейліктерді», соның ішінде өзіне үйреншікті және 1925 жылы қыркүйек айында В.В.Молотов мақұлдап берген «қазақ зиялыларын өзара қырқыстыру» (раскол) тәсілін пайдаланып, астыртын арандатумен болды. Жүсiпбек пен Халелдi қанды шеңгелiне түсірген соң Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қаламды» – Әбдiрахман Байдiлдиндi сына етiп қаққан сияқты.

С.Сәдуақасовты қалайда түрмеге түсіру бағытындағы Голощекин мен Ежовтың тапсырмасын орындау үшін тергеушілер Ә.Байділдинді басында алдарқатып қолға түсірген. Кейіннен арбау, арандату, қорқыту басталған. Оған жоғарыдағы құжат куә.

Сондай-ақ, бұған қосымша ретінде тағы да «Алашорда әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» туралы 12 парақ (24 бет) сыни пікір білдірген. Егерде айыпталу бағытындағы қыжылдарды қырнаса кәдімгі көркем пайым, сыни талдау болып шығар еді. Біз үзінді келтірумен шектелеміз:

«...1922 жылдан бастап «Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ – 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек», деп үндеу тастады («Партия» (- ?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Ложка дегтя в бочке» атты мақаладан алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен «Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің осы мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты) үнемі мұқатып отырды...», – деп идеологиялық тұрғыдан айыптады.

Әрине, мұнда таза әдеби үрдіс мәселесі қамтылған. Бірақ түрменің көрсетіндісіне іліккен мағлұмат «қылмыстық айғаққа» жатады. Сол көрсетіндінің 178-бетінде М.Әуезовке::



«...Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариатының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды. Өлкелік Комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: Юсупбеков, К.Тоқтыбаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды»,– деп ерекше тоқталады.

Иә, мұндай «ерліктер» ол уақытта жиі жасалды. Өкінішке орай ондай «бастаманы» ұйымдастырған С.Сейфуллин, І.Қабылов, С.Мұқанов сияқты ұлттың рухани қайраткерлері еді. Олар М.Әуезовтің «Әдебиет тарихын» сынай отырып, өздері тура соның үрдісімен «қазақ хандығы мен билер әдебиетінің үлгілері тарихын» жазып шықты. Басты тақырыбымыз түрме тарихы туралы болғандықтан да, бұл арада оған тоқталып жатпаймыз. А.Байділдин осы көрсетіндісінде:



«С.Сәдуақасов өзінің Мәскеудегі «Огонек» баспасынан шыққан «Жас Қазақстан» атты жинағында Абайға, Ақмоллаға, Байтұрсыновқа, Әуезовке ескерткіш орнату керектігін ұсынады»,– деп жазғырды.

Абай мен Әуезовке ескерткіш бар, ал Байтұрсынов пен Ақмолла туралы ұсыныс әлі де күшінде қалғанын еске сала кетеміз.

Сонымен, Әбдірахман Байділдин әскери барлаушы ма, жоқ па? Колчак армиясына қызмет етті ме, жоқ, мұның барлығы алаңғасар адамның аңғалдықтан туған аңызы ма? «Айыптау қорытындысына»:

«Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiрген, сонымен қатар Колчактың 3-армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болған»,– деп жазу үшін де тұтқында отырғандардың біреуінің көрсетіндісіне сүйенуі тиіс болатын.

Біздің жорамалдауымызша, оған қылмысты істі қозғауға іліктескен суретке байланысты түсінік берген Д.Әділевтің:

«Байділдин мен Бірімжановтың және (?)...нің Ташкентте түскен суреттерін көрдім. Мен Омбыда Колчактан тығылып жүргенімде Байділдин мен Жанайдар Сәдуақасов келіп тұрды. Жанайдар екеуміз Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастыруға дайындалып жатқамыз. Көтерілісті басып тастады. Омбыдан жасырын кетуге Байділдин көмектесті. Оның алдында ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келген»,– деген мағлұматы себепкер болған.

Өзге деректі былай қойғанда: “Ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келді»,– деген бір сөйлемнің өзі тұтқындауға жетіп жатыр еді. Алайда Әбдірахман Байділдиннің “партизан, большевик, мектептес досы” Дінше – Дінмұхамед Әділев мұнымен де шектелмейді, ГПУ-дің тергеушісіне одан әрі:

Мен Байділдинмен патшаның тұсында Омбыдағы оқушы кезімде таныстым. Өзге де оқыған қазақтар сияқты ол да ұлтшыл болатын. 1918 жылдың басында, мен халықаралық пролетарлық 2-Омбы партизан отрядына ерікті жауынгер боп жазылған кезімде өзге де ұлтшылдар сияқты Байділдин де менің бұл әрекетіме қарсы болды, мені майданға аттанудан бас тартуға үгіттеді. 18-жылдың күзінде Омбы қаласына жеттім, онда ұзақ уақыт жасырынып жүрдім, Сәдуақасов Жанайдар маған үнемі қатынап тұрды. Бірде маған Байділдин де келді. Жанайдар Байділдинге сенімсіздікпен қарайтын, алайда одан қандай да бір қастандықты күтпейтін. Ол уақытта Байділдиннің белгілі бір саяси бет-бағдары қалыптаспап еді. Ол екі ойлы болып жүретін, кәдімгі ұсақ буржуазияның өкілі ғана қалпын сақтады. 1918 жылдың соңына ала Омбыда Колчакқа қарсы большевиктердің көтерілісі ұйымдастырылды, оған қазақтардың арасынан мен және Жанайдар қатысты. Көтеріліс жанышталды да маған Омбыда қалуға мүлдем болмайтын болды. 19-жылдың қаңтар айында ауылына демалысқа кетіп бара жатқан Байділдинге ілесіп Петропавл арқылы мен соның ауылына жүріп кеттім. Жанайдар Сәдуақасовтың куәлігімен Петорпавловскі қаласына бардық. Арада біраз күн өткен соң Байділдиннің ауылына да келдік. Казактар онда да тыныштық бермей, мені іздей берді. Содан Жетісуға (?) кеттім. Байділдин де кейін сонда келді. Біз онымен бір бөлмеде тұрдық. Смағұл Сәдуақасовпен, Әшім Омаровпен Байділдин жақсы таныс болатын. 1922 жылы мен қырда жүргенде ол Досмұхамедов пен Рысұловтың ұсынысы бойынша Орынборға қызметке ауысты»,– деп қайыра түсініктеме берді.

Бұдан кейін Әбдірахман Байділдиннің Ташкентте түскен суретке қатысы баяндалады.

Осы мәліметке қайырған жауабында «Қалам» әдеттегісіндей:

Ә.Байділдин (жалғасы): «1921 жылы қараша не желтоқсан айында Қазаткомның сессиясына қатысу үшін Орынборға келдім. Әуелі Сәдуақасовтың, содан кейін Әділевтің пәтерінде тұрдым. Сәдуақасов маған жастарды ұлтшылдыққа үгіттейтін кітапшасымен таныстырды. Кітапшаны таратуға көмкектесуді өтінді. Әділев пен Әшім Омаров Сәдуақасовпен бірге істейтін. Смағұл Москваға кеткен кезде мен Әділевпен бірге тұрдым. Сонда мен Әділевтің бұрынғыдан өзгергенін, теріс жаққа бет алып бара жатқанын байқадым. Бөкейханов оның бөлмесіне күнде келетін, анекдоттар айтатын, шығыс халықтарының тарихынан мысалдар келтіретін, көркем шығармалар оқып беретін, сөйтіп оны тәрбиелеуді қолына алды. Сәрсенов те анда-санда кіріп кететін. Мені Меңдешевке қарсы айдап салды, мен келесі күні фракция құруды талап еттім, Меңдешевті бұрынғыдан да бетер айыптадым»,– деп саяси мінездеме беруден бастайды.

Әрі қарай «саяси пікірін» тек қана өзіне тән қазымырлықпен жалғастырып, Орынбор мен Ташкенттегі астыртын ұйымның арасындағы байланысшы болғанын:

Ә.Байділдин: «Әлі есімде, 1922 жылы мен Ташкентке комсомол сьезіне бардым. Байтұрсынов маған: Бірімжановқа тапсыр, деп жабық хат берді, оны оқымастан мен Бірімжановқа апарып бердім. Мен Бірімжановтың пәтерінде тұрғанымда ол Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін сұрастыра отырып, олардың Заки Валидовпен және Әнуар пашамен астыртын байланысының бар екенін, олармен байланыс орнату үшін Бірімжанов пен сол кезде Ташкентте тұратын Болғамбаевтің барып қайтқанын айтты. Олармен қоса Әділев те барыпты. Бұл туралы Қожанов жақсы хабардар болыпты. Айтпақшы Қожанов мені Қожановтың өзіне қарсы боп жүрген комсомол хатшысы Мұратбаевпен татуластыруды өтінді. Мұратбаев екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы еді. Ақыр соңында мен екеуін табыстырдым, істің мүддесі үшін олар бірге жұмыс істеуге тиіс еді.

Мен Қожановпен әңгімелескен кезде, ол маған қызық бір жайды айтты, мен одан өзімнің жақсы танысым Әділев туралы сұрадым. Қожанов: Әділев Ташкентке 1920-1921 жылдары келді, Қожановпен, Болғамбаевпен бірге қызмет істеді. Әділев өте қызу мінезді жігіт, ол бірнеше рет оның әптігін басуға тырысыпты, орынсыз бір нәрсеге ұрынып қалудан сақтандырыпты. Сөйтіп жүргенде ол басмашылар жағына шығып кетіпті, соңғы кезде қызылдардың қолына түсіп, қашып шығыпты, тауда жасырынып жүріп, жоғалып кете жаздапты, дертке шалдығып, денсаулығын жоғалтып алып, азапқа түсіпті, әбден титығы шығып барып осында оралыпты. Қожанов оны өзінің пәтерінде жасырып ұстапты, денсаулығы түзеліп, жазылған соң 1922 жылдың тамыз не қыркүйек айында шығарып салыпты. Мұның барлығы мені «Алашорда» жағынан әлдебір контрреволюциялық әрекет жүріп жатқандығына сендірді, осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты»,– деп (сонда, 3-том, 2-кітап, 67-68 беттер) баяндап, өзіне де, Әділевке де саяси қылмыскер ретінде баға берген.

Әрине, тергеу хаттамасы: «Осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты»,– деп еркінсіген астарлы мәнерді, стильдік көркемдік тәсілді көтермейтін. Соның арасынан: «Лаңкестік әрекетке қатысты»,– деген сөз ғана кәдеге жаратылатын.

Солай болды да.
2.

Осынау бір тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматтың тұрлаулы, тұрлаусыз айғақтарын бұдан әрі қазбалаудың ретін таппадық. Тек өзінің барлық мінезі ашылатын, өзінің сөзін абсолютті шындық деңгейінде сезінетін және өзгелердің де солай қабылдауын талап ететін, кеңес өкіметі тарапынан да сондай бір астарсыз сенім күткен «Әбдірахман Байділдиннің – өзінің БКП (б) қатарынан шығарылуының негізсіз екендігі туралы БКП (б) орталық бақылау комиссиясына» 1929 жылы 20-маусым күні жазған өтінішін сәл қысқартып беруді лайық санадық. Себебі, осы «Өтініште» оны өлім жазасына алып келген оқиғаның жай-жапсары толық қамтылған. Ол:



«Қазақстанның басшы партия қызметкерлерін тексеру жөніндегі құрамында: Булин, Каримов және Богданов бар, БКП комиссиясы, мені партия қатарынан шығарды. Комиссияның шешімі төмендегідей:

Байділдин Әбдірахман, 1920 ж. БК(Б)П мүшесі. Партиялық билеті № 09552, 1898 жылы туған, байдың баласы, интеллигент, орта білімі бар, Өлкелік Комитеттің мүшелігіне кандидат, ҚазМУ-дың оқытушысы. 1917 жылға дейін оқыған, «Бірлік» алашордашыл жастар ұйымына қатысқан, Колчакқа белсенді түрде көмектескен. Колчак үкіметі тұсында Бөкейхановтың (Алашорданың көсемі) адъютанты ретінде Уфа және Самара қаласындағы демократиялық кеңеске қатысқан, алашорданың жасағы үшін қару мен киім алуға барған. 1919 жылғы Сібірдегі Колчак үкіметі тұсында Колчактің үшінші армиясы штабында қарсы барлаушы ретінде есепте тұрған. Ол мұны партияға өткен кезде жазған өмірбаянында жасырып қалған. Бұл туралы тек ұйымда өткен тексеру кезінде ғана айтты. Алайда үштікттің ол туралы мәліметі бұрын да бар болатын. Партия қатарында жүрсе де 1924-жылға дейін «Алашорда» қайраткерлерімен байланысын үзген жоқ. 1925 жылға дейін сәдуақасовшылардың ұлтшылдық тобында белсенді қызмет етті. 1925 жылдан бастап бұл топтан қол үзіп, партияның тура жолына түсті. 1925 жылдан бастап Өлкелік Комитеттің мәдени-ағарту науқанына белсенді түрде көмектесіп келеді.

Қаулы қабылданды: Колчак армиясының қарсы барлау қызметінің бұрынғы қызметкері ретінде және оны партиядан жасырғаны үшін БКП (б) қатарынан шығарылды».

Комиссияның бұл шешімі барып тұрған әділетсіздік деп есептеймін. Мұндай шектен шыққан қатал шешім қабылдау үшін комиссияның қолында нақты дәлелмен анықталған деректер болуы қажет. Комиссияда ондай құжаттар болған жоқ. Мәселені шешу барысында, неге екенін білмеймін, комиссия біржақты бағыт ұстап, менің өткендегі кінәларымның бояуын қоюлатып жіберді. Мысалы, комиссияның қаулысында:

«Бірлік» алашордашыл жастар ұйымына қатысқан, Колчакқа белсенді түрде көмектескен. Колчак үкіметі тұсында Бөкейхановтың (Алашорданың көсемі) адъютанты ретінде Уфа және Самара қаласындағы демократиялық кеңеске қатысқан, алашорданың жасағы үшін қару мен киім алуға барған. 1919 жылғы Сібірдегі Колчак үкіметі тұсында Колчактің үшінші армиясы штабында қарсы барлаушы ретінде есепте тұрған. Ол мұны партияға өткен кезде жазған өмірбаянында жасырып қалған. Бұл туралы тек ұйымда өткен тексеру кезінде ғана айтты. Алайда үштіктің ол туралы мәліметі бұрын да бар болатын. Партия қатарында болған кезде 1924 жылға дейін «Алашорданың» қайраткерлерімен байланысын үзген жоқ».

Комиссия қабылдаған бұл шешім шындыққа барынша жанаспайды және оның (шындықтың) тонын айналдырып көрсеткен. Шындығында, оқиға қалай болды, мен кіммін? Бұл сұрақтарға менің өмірбаянымда негізінен жауап берілген, ол БКК комиссиясының материалдарының ішінде бар. Алайда нақты шындықты қалпына келтіру үшін негізгі оқиғаларды, соның ішінде менің партиядан шығуыма себепкер болған жайларға тоқталып өткім келеді.

Мен – Петропавл округінің дәулетті бай-малшысының ұлымын. 1898 жылы тудым. Білімім – ортадан төмен, Омбы мұғалімдер семинариясының екі класын бітіргемін. 1915-1918 жылы аралығында «Бірлік» ұлттық мәдени-ағарту ұйымының жұмысына белсене араластым. Ақпан төңкерісін қуана қарсы алдым. Төңкерістен кейін «Бірлік» ұйымының жұмысы қатты жанданды, оның белді мүшелері сол кездегі бірлескен мекемелердің басқаруымен болып жатқан төңкерістік оқиғаны түсіндіру үшін және жаңа өкіметті құру мақсатында жергілікті жерлерге аттанды. Бұл жұмысқа мен де араластым. Ол кезде мен эсерлерге және жаңа құрылған «Алаш» партиясына іш тартатынмын. Бұл партияның ықпалымен Қазан төңкерісіне бастапқыда қарсы болдым.

Кеңес өкіметі Сібірде орнасымен «Бірлік» ұйымында екі ағым пайда болды: оң қанаттағылар «Алашорданың» бағытын ұстанды; ал, сол қанаттағылар кеңес өкіметін жақтады. 1918 жылдың мамыр айына дейін мен оң қанатта болдым. «Бірлік» ұйымының ұйымдастыруымен 1918 жылдың мамыр айында шақырылған Жалпықазақ жастарының құрылтайынан кейін оңшылдардан қол үзіп, солшылдардың қатарына қосылдым.

1918 жылы маусым айында Сібірдегі кеңес өкіметі құлаған соң Омбы қаласында «Алашорданың» губерниялық партия және атқару комитеті құрылды. Ол комитеттерді Тұрлыбаев, Итбаев, Сеитов, Абылайханов басқарды. Жас белсенділердің ішінен оған Саматов, Сайдалин, Кемеңгеров, Сәдуақасов С. және мен сол комитеттің құрамына кірдім. Комитетте бір ай істегеннен соң олардың жетекшілерімен тіл табыса алмағандықтан да, оның құрамынан шықтым, сөйтіп жұмыссыз қалдым. Көзқарас алшақтығы екі мәселе бойынша орын алды: салық мәселесі жөнінде және аш-жалаңаш қалған гимназия шәкірті Ж.Сәдуақасовқа (қазіргі КСР-дің юстиция халық комиссары) қызмет беру жөнінде. Мен түтін басы сайын салық алуға, яғни бай мен кедейден бірдей салық алуға қарсы болдым, сондай-ақ Ж.Сәдуақасовқа қызмет берілуін талап еттім, сол үшін комитет құрамынан шықтым.

1918 жылдың шілде айының соңында Семейден Омбы қаласына Бөкейханов келді де, Омбыдағы ұйымға бірнеше директивалық нұсқаулар берді. Түрлі мәжілістерде екі рет директивалы баяндама жасағаны есімде. Содан кейін ол Уфадағы құрылтайға қатысуға жиналып, қағаз жұмыстарын реттейтін қызметкер тауып беруді өтінді. Бұл жұмысты комитет жұмыссыз жүрген маған тапсырды. Мен бірден келісім бердім, оның басты себебі: 1. Іссапарда жер көріп қайтуды ойладым және 2. Ұлттық қозғалыс көсемімен жете танысқым келді. Сөйтіп жүріп кеттім.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   44




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет