Версия для печати


Балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспары



бет4/12
Дата08.02.2022
өлшемі127,5 Kb.
#98220
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
құқық

Балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспары, Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыру жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспары сияқты Қазақстан Республикасында әлі әзірленген жоқ. «Баланың құқықтары туралы» Заңда балалардың мүдделеріне орай мемлекеттік саясат мақсаттары айқындалған, бірақ оны іске асыру тетіктері жоқ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан – балалықты қорғау тұрғысында» атты
2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама жобасын әзірледі, алайда қазіргі сәтте бағдарлама бекітілмеген. Осы бағдарлама балаларды қорғау және олардың құқықтарын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық бағыттарын және бала жасындағы халықтың барлық санаттарының әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етудің жүйелі жүйесін жасауды көздейді.

Кәмелетке толмаған балалардың құқыққа қарсы қызметін ескерту мақсатында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заң кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыздықтың және панасыздықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жорамалдайды, бұл балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтауға қатысты мемлекеттік саясат элементі болып табылады және кәмелетке толмаған балалар үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерді жасауды, кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыздықтың және панасыздықтың алдын алу жүйесін құрайтын органдар мен мекемелерді материалдық-техникалық, қаржылық, ғылыми-әдістемелік және кадрлық қамтамасыз етуді қамтиды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы ақпандағы қаулысымен 2003-2004 жылдарға арналған Жастар саясаты бағдарламасы бекітілді. Алайда жекелеген проблемаларды шешуге бағытталған, мұндай салалық бағдарламалар Балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспарының орнын алмастыра алмайды және балалардың құқықтарын қамтамасыз етудің белгілі бір қырларымен айналысатын мемлекеттік органдардың жұмысындағы келісушіліктің жоқтығын ашық көрсетіп отыр.


Сондай-ақ Қазақстан Республикасында осы уақытқа дейін бала құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган құрылған жоқ. Осындай органды құруға 2004 жылғы наурызда талпыныс жасалған болатын: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылы
11 наурыздағы қаулысымен Балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Комиссия балаларды және олардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылған болатын және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын. Комиссияның жұмысшы органының функциялары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жүктелді. Комиссия құрамына білім және ғылым, әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, ішкі істер министрлері мен вице-министрлері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия өкілі, саяси және қоғам қайраткерлері кірді. 2005 жылғы наурызда Комиссия таратылды.
«Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заң да бала құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі мемлекеттік органды құру қажеттігі туралы сұраққа біржақты жауап бермей отыр. Заңның «Мемлекеттік органдар және бала құқықтарын қорғау» деген 44-бабы уәкілетті мемлекеттік органға сілтеме жасамағанымен, 46-бап балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның балалардың жағдайы туралы жыл сайынғы мемлекеттік баяндаманы дайындап, ұсынуын көздейді.
БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті Ұсынымдарының бірі Конвенция нормаларын іске асыруға бөлінетін қаражатты ұлғайту ұсынымы болып табылады. Балалардың абзал мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет балалардың құқықтарына қатысты жекелеген бағдарламаларды іске асыруға жеткілікті ақша қаражатын бөліп отыр. Алайда, тұтастай алғанда, Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыруға қаражат бөлуді көздейтін жекелеген бап республикалық бюджетте көзделмеген.
Жұртшылық пен балалар арасындағы Конвенция туралы хабардарлық деңгейі бұрынғысынша төмен күйінде қалып отыр. Білім беру саласында балаларды олардың құқықтарымен таныстыру факультатив сабақтар деңгейінде жүргізіледі, алайда мұндай сабақтарды міндетті түрде оқу бағдарламаларында нормативтік деңгейде бекіту тиімді болар еді.

Сонымен бірге Бала құқықтары туралы конвенцияда көзделген міндеттемелердің орындалуы туралы елдік есептерді дайындау және мақұлдау рәсімінің жоқтығы проблема болып отыр, атап айтқанда мәліметтерді жинау және Конвенция нормаларының орындалуын мониторингілеу тетігі әзірленбеген. Алайда, мұндай жағдай есептілік жүйесін көздейтін барлық құқық қорғау шарттарына қатысты қалыптасып отыр. Қазақстандағы елдік есептерді дайындау практикасында осы күнге дейін жүйелілік жоқ: есептердің бір бөлігін алқа органдары мақұлдап, қалған бөлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мақұлданады, мәтінін ұлттық заң базасынан табу тіпті мүмкін емес есептер де кездеседі.


Тұтастай алғанда, баланың оның көзқарасын құрметтеуге, туылғанын тіркеуге, тиісті ақпаратқа қол жеткізуге, отбасының болуына, денсаулығы мен медициналық қызмет көрсетуге, білім алуға, бос уақыты мен мәдени қызметіне, кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігінің іске асырылуына, азаптаудан және қатігездікпен қараудан қорғалуға, сондай-ақ панасыз балалар мен мүгедек балалардың ерекше қорғалуына құқықтарымен байланысты қалған мәселелер бойынша Қазақстан Комитеттің Ұсынымдарын орындау үшін ауқымды шараларды қабылдады.
Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияны орындауы туралы келесі есебін Комитет 2006 жылғы 10 қыркүйекке, яғни 3-ші кезеңді баяндаманы ұсыну мерзіміне тапсыруды сұрады.
Бала құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы халықаралық нормаларды енгізу процесі Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасын дамытуда және жетілдіруде өз көрінісін тапты. Бала құқықтары туралы конвенцияның жалпы принциптері мен нормалары (2, 3, 6 және 12-баптары) Қазақстан Республикасының Коснтитуциясына, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне енгізілді. Негізгі қолданылу аясы балалардың құқықтары мен мүдделері болған заңдардың толық кешені қабылданды («Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Неке және отбасы туралы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалар қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» және басқа да Заңдар). Ұлттық және халықаралық нормалардың неғұрлым егжей-тегжейлі және толық сәйкестендіру мақсатында қолданыстағы заңнама актілеріне түзетулер, толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Алайда, Конвенцияның ұлттық заңнамаға енгізілмеген бірқатар нормалары бар. Атап айтқанда, босқын балаларға ерекше қорғау жасау мәселесі шешілген жоқ. 1954 жылғы Азаматтығы жоқ адамдардың мәртебесі туралы Конвенцияға және 1961 жылғы Азаматтығы жоқ адамдарды азайту жөніндегі Конвенцияға Қазақстан қазіргі сәтте қосылмаған. «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңның 47-бабы босқын балалар мен мәжбүр қоныс аударушылардың өз мүдделерін қорғауға құқығы бар екенін көздейді. Бала орналасқан жердегі Қорғаншылық және қамқоршылық органдары, аумақтық көші-қон қызметтері ата-аналарының не өзге де заңды өкілдердің бар екені және тұратын жері туралы мәліметтерді алуына жәрдемдеседі, қажет болған кезде баланы емдеу-алдын алу немесе бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын өзге ұйымдарға орналастырады. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын немесе уақытша келген шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, босқындарға медициналық-санитарлық көмек көрсету ережесіне сай босқындардың тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне құқығы бар. Дегенмен, босқын балаларға мемлекеттік көмек беру және оларды әлеуметтік қорғау жүйеленбеген.

Өкінішке орай, білім беру саласын реттейтін кейбір нормативтік құқықтық актілерде Конвенцияның нормаларын бұзатын бірқатар нормалар орын алған. «Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерлері мен көздері туралы» Үкімет қаулысымен мынадай тәртіп айқындалған, оған сәйкес мемлекет білім алу кезеңінде азаматтардың мынадай санаттарын: жетім-балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды; кемтар балаларды, мүгедек және туғанынан мүгедек балаларды интернаттық ұйымдарда тұратын мүгедек балаларды қамтуға арналған шығыстарды көтереді. Осы қаулымен «Білім туралы» Заңның көп балалы отбасыларындағы балалармен қоса, барлық мүгедек балаларға әлеуметтік көмек көрсетуді көздейтін нормасының аясы тарылған, бұл олардың білім алу кезіндегі мемлекет көмегіне құқығын бұзып отыр.


Дегенмен, халықаралық стандарттармен кепілдік берілген, мемлекет тарапынан неғұрлым ауқымды көмекті және қолдауды қамтамасыз ететін бірқатар ұлттық заңнама нормалары бар. Атап айтқанда, Конвенцияның
28-бабы мемлекеттің тегін және міндетті бастауыш білім берумен қамтамасыз ету және тегін орта білім беру жөніндегі міндеттемесін көздейді, ал ҚР Конституциясының 30-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында орта білім алу міндетті. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Осылайша, заңнама Конвенция нормаларын кеңейте отырып, азаматтардың тек тегін бастауыш білім ғана емес, сонымен бірге тегін орта білім алуына да кепілдік береді.
Балалардың құқықтарын іске асыруға балалардың әскери қақтығыстарға қатысуына, балаларды сатуға, балалар жезөкшелігі мен балалар порнографиясына қатысты Қазақстан бекіткен Бала құқықтары туралы конвенцияға Факультатив хаттамалары да жәрдемдеседі.
Өткен жылғы мамырда Қазақстанның балаларды сатуға, балалар жезөкшелігі мен балалар порнографиясына қатысты Бала құқықтары туралы конвенцияға Факультатив хаттамасын іске асыру жөніндегі есебі дайындалып, БҰҰ-ға жіберілді. 2004 жылғы қарашада Қазақстан БҰҰ-ның Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікке пайдалануына қарсы күрес туралы Конвенциясына қол қойды, бұл адамдарды сатудың басты құрбандары балалар болып табылатындықтан, балалар құқықтарының қорғалуын жақсартуға тиіс. Осыған байланысты Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қатысуымен «Қазақстаннан, Қазақстанға, Қазақстан арқылы және Қазақстанның ішінде адамдарды сатуға (трафигіне) қарсы күрес» шарасын іске асыру жалғасын табуда. Ол құқық қорғау органдары мен прокуратура органдарының қызметкерлерін әлемдік тәжірибені ескере отырып, трафиктің алдын алу әдістемесіне үйретуді, трафик мәселелері жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіруді, сондай-ақ трафик құрбандарына көмек көрсетуді көздейді. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің адамды сатуға қарсы күрес, қылмысты болдырмау және оның алдын алу жөніндегі 2004-2005 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Үкіметтің 2004 жылғы 24 ақпандағы № 219 қаулысын іске асыру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Үкіметтің ағымдағы жылғы 3 маусымдағы қаулысымен Парламентке «Қазақстан Республикасының адамдарды сатуға қарсы әрекет жасау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жіберілді. Алайда, БҰҰ-ның Ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы Конвенциясы бекітілмеген күйде қалып отыр.
Қазақстан Республикасы бекіткен, балалардың әскери қақтығыстарға қатысуына қатысты Бала құқықтары туралы конвенцияға Факультатив хаттама 18 жасқа толмаған балалардың әскери қақтығыстарға тікелей қатысуына және әскери күштер қатарына міндетті түрде шақырылуына жол берілмеуін жариялаған. Осы хаттаманың нормалары «Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары туралы» Заңның баланы әскери іс-қимылдарға, әскери қақтығыстарға қатысуға тартуға, балалардың әскери құрылымдарын құруға тыйым салатын 41-бабына енгізілген. Өзге тәсілдермен немесе жолдармен шабуылға қарсы тұру мүмкіндігі болмаған кезде, әскери қызметшінің өміріне қауіп төндіретін қарулы шабуыл жасау, қарулы қарсылық білдіру немесе топтық шабуыл жасау жағдайларын қоспағанда, кәмелетке толмағандарға қатысты қару-жарақ қолдануға тыйым салу «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғау туралы» (20-бап) және «Әскери полиция органдары туралы» (12-бап) Заңдарында бекітілген, онда сонымен бірге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін шабуыл жасау, топтық шабуыл жасау не қарулы қарсылық білдіру жағдайларын қоспағанда, жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен дене күшін қолдануға тыйым салынған. Кәмелетке толмағандарды әскери қақтығыстар уақытында қорғауға қатысты «Әскери жағдай туралы», «Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңдарында әскери жағдай кезінде халыққа қатысты қолданылуы мүмкін жалпы шаралар ғана айтылған, ал балаларға қатысты қандай да бір арнайы шаралар бекітілмеген.
Халықаралық құқық қорғау стандарттарын енгізу саласындағы негізгі проблема олардың бар екендігі туралы хабардарлықтың төмендігі болып қалуда. Бөлімнің басында айтылғандай, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі Комитеті өзінің Қазақстанға берген Ұсынымдарында осы жайлы Бала құқықтары туралы конвенция нормаларына қатысты атаған болатын. Алайда проблема Конвенция туралы нашар хабардарлықпен ғана шектелмейді. Кәсіби топтар, жұртшылық, балалардың өздері де, әдетте, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі Комитетінің Қазақстанға берген Ұсынымдары, БҰҰ-ның кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін атқаруға байланысты Минимал стандартты ережелері (Пекин ережелері), БҰҰ-ның бас бостандығынан айрылған кәмелетке толмағандарды қорғауға байланысты ережелері, БҰҰ-ның кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықты ескертуге бағытталған Басшылық принциптері (Эр-Рияд Басшылық принциптері) туралы ақпаратты білмейді.
Ұлттық заңнама Бала құқықтары туралы конвенция нормаларын енгізу процесінде барлық басқа құқық қорғау шарттарымен салыстырғанда алға жылжып, Конвенция нормаларын тұтастай енгізген «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заң қабылданғанымен, халықаралық стандарттар бұрынғысынша ұлттық құқық жүйесінен алшақ күйде. Мүмкін, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңды іске асыру тәжірибесі халықаралық құжаттар нормаларын ұлттық құқыққа енгізудің жаңа үлгісін әзірлеуге жәрдемдесетін болар, ал әзірге заңның көптеген нормалары іс жүзінде қолданылмай отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет