Ахмет Ясауи кесенесінде әзірленген хәлім асы, әзірлену және таратылып отыру кезеңдері туралы мәселені көрсетіңіз
Оңтүстік- шығыс тұсында асхана бар. Мұнда бұрынғы замандарда дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халім асы әзірленді. Кесененің қас бетінде бұрынғы құрылыстан қалған ағаштар қазіргі кезге дейін сақталған.
Ясауи кесенесінде Әмір Темір бұйрығымен жасалған көне заттарды тізбектеп жазып беріңіз, олар туралы деректерді айтып көрсетіңіз
Музей қорына қабылданған алғашқы жәдігерлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХIV ғасырдан сақталған, Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған қола және ағаш бұйымдар. Олар тайқазан, шырағдандар, және қазандық, қабірхана есіктері, олардың қола халькалары мен балғашалары. Бұл қола бұйымдар туралы алғаш ғылыми деректер ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жариялана бастады. Мысалы, М.Е.Массон мен А.Ю.Якубовскийлер жалпы сипаттама жасаған болса 1960 жылдары Санкт-Петербургтағы Эрмитаждың шығыстанушы ғалымы А.А.Иванов кесенеде Әмір Темір дәуірінен сақталған бірнеше затқа толық анықтама жасаған болатын. Әмір Темір дәуірінен сақталған жәдігерлер қатары: келген адам ғимарат ішіне кіретін есіктерден бастау алады. Жәдігер есіктер жамағатхана бөлмесінің есігі «Қақпа» және Қабырхана есігі «Қапсырма». Шеберлер есіктің берік және әсем жасалуымен қатар, рәміздік мән-мағынасын арттыру үшін оған символдық мәнге ие ою-өрнектер, терең мағыналы хадистер мен нақыл сөздердің бедерленуіне көңіл бөлген. Есіктер екі бетінен ағаш, сүйек, алтын, күміс әшекей-өрнектермен өрнектелген. Әртүсті ағаш қиындыларымен және піл сүйектерімен жапсырып әшекейленген өрнектерінің біразы тозып жойылған. Қақпа есіктің орта бөлігінде есікті қағуға арналған екі қола алқа мен оларды орнататын топса-тұғырлары бар тік төртбұрышты тақташалар орналасқан. Алқаның топса-тұғырлары барыстың басы бейнесінде сомдалып, одан төменірек алқаның өзінде барыстың екі кішкене аланының бейнелері сомдалған. Қола тақташада алқаның ұрылып дыбыс шығаруына арналған сегіз жапырақшалы гүл бейнесіндегі кішкене төстігі бар. Екінші есік қабірхана есігі-Қапсырма. Жалпы пішіні Жамағатхана есігіне ұқсас, есіктің жоғарғы тұсында екі алқаның дөңгелек қола тақташалары және гүлге ұқсас сегіз жапырақты кішкене төстігі сақталып, алқаларының өздері жоғалған. Деректер бойынша жоғалған алқалар қақпа есіктің алқаларына ұқсас, сондағы жазулар да қайталанып жазылған. [2]
Қоладан құйылып, алтын күміс жалатылған алты шырағдан мен есік тұтқалары да халық өнерінің лағыл маржандарының қатарына жатады. Бұларды жасаушы шебер исфаһандық Тадж-ед-Дин ұлы Из-ед-дин. Қола тұтқада хижраның 797 жылы жасалғандығы көрсетілсе, Қола шырағдандардағы жазулар хижраның 799 жылғы 20 рамазанында Әмір Темірдің тапсырысымен жасалғандығы жазылған.
М.Е. Массонның көрсетуінше, бұрын екі шеткі шағын бөлмелер арқылы енетін есіктер жабық тұрған да келген адам бас есік «Қақпа» есігінен кіретін болған. «Қақпа» табалдырығын аттаған кісі ғимараттың орталық залы-Қазандық бөлмесіне кіреді. Қазандық бөлмесінің ортасында «Тайқазан» тұрған. Қазанның салмағы 2 тонна, диаметрі 2,45 метр. Қазанда қант қосылған су толы болады да, мұны мешіт қызметшілері жұма намазы аяқталған соң емдік қасиеті бар су ретінде зияратшыларға үлестіріп беретін. Бұл қазан Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ елді мекенінде құйылған. Оны құйған тебриздік шебер-Әбд-әл-Әзиз ибн Шарафуддин.[3]
Музей қорының этнография тобында Әмір Темір дәуірінен сақталған жәдігерлерден бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын қазақтың қолөнер қазыналарының небір тамаша үлгілері сақталуда. Этнография бөліміндегі қазақтың қолөнер туындыларынан кестелі-тоқымалы бұйымдар, ағаштан, теріден жасалған ыдыс-аяқтар мен үй жиһаздары, құмандар мен самаурындар әсіресе тек күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың бірін-бірі қайталамайтын 800-ден аса түрлері кездеседі. Ұлттық мұраларды жинақтауда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шет елде жүрген қандас бауырларымызды елге қайтару саясатының арқасында елге оралған бауырларымыздың ұлттық қолөнер туындыларын нақышын бұзбай сақтап қалуы және оларды музей қорына тапсыруы көп көмегін тигізді. Олар, халқымыздың XVIII-XIXғғ. қолөнер туындыларын сол қалпында сақтап қайта елге алып келгендiгiмен және кейбiреулерi өздерi тiршiлiк еткен елдiң мәдениетiн далалық қазақ мәдениетiне сiңiрiп, синтезделiп келген мәдени мұралар екендiгiмен құнды.
Қазіргі күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорында 23 978 заттай мұрағаттар мемлекеттік есепке алынған болса, оның 2627 данасы этнографиялық, 5034 данасы археологиялық, 2734 данасы жазба ескерткіштер, 13583 данасы нумизматикалық жәдігерлер болып төрт ғылыми классификациялық топқа жіктелген. Олардың көпшілігі түпнұсқа да өте құнды, қайталанбайтын қолөнер туындылары болып табылады.
2734 дана жазба ескерткіш жазылу түрі мен атқарған қызметіне қарай 4 топқа бөлінеді. Олар: көне баспа кітаптар, көне қолжазбалар, жаңа құнды кітаптар және тарихи құжаттар.
Кез-келген халықтың жазба мұралары – сол елдің құнды дерегі, сол халықты танытатын тарихы. Соның ішінде қазақ халқының жазба мұраларына тоқталар болсақ, өте бай ауыз әдебиетімен қатар, жазба мұраларының да бай қоры болғанын айтуға болады. Кезінде тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапхана бөлмесінің өзінде бірнеше ғасырлық жазба мұралар сақталғаны тарихи деректерден белгілі. Кеңестік дәуірде түп-тамыры дінмен байланысты басқа да орындар сияқты қараусыз қалған немесе қасақана құрту кезінде ғасырлар бойы жинақталған бай мұраларымыз басқа орындарға көшіріліп, өртеліп, жоғалып, ұстағанның қолында кеткен. Қазіргі кезде қорда жинақталған жазба ескерткіштер музей ашылар кезде халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бастамасымен халықтың қолында сақталған басқа көне мұралармен қатар сый ретінде музейге тапсырылып жинақталды.
Музей қорындағы жазба ескерткіштер бірнеше топқа бөлінеді. Соның ішіндегі құндысы да, ең маңыздысы – қолжазбалар. Қордағы қолжазбалардың жалпы саны-158. Олар араб, парсы және түркі тілдерінде. Олардың біразы кітап түрінде жазылып түптелген, мұқабалары бар, кейбірі қалың дәптерге көшірілген, ал енді бірі қалта дәптеріне (блокнот) жазылған. Бұл қолжазбалардың тақырыптары әртүрлі, сақталулары да әр деңгейде, қолжазбалардың сақталуына қарап, олардың қаншалықты қолданылғанын байқауға болады. Қордағы осы дүниелердің қайсыбірі адамның иманына кәмілдік, сұрақтарына жауап, ізденісіне жаңалық, пікіріне дәлел ұялауына себебі тиер болса деген ниеттеміз. Көне қолжазбалардың біразы ХІХғ-ХХғ. басында, настағлик, насх жазуларымен жазылған. Музей жәдігерлерінің қолжазба қорын зерттеген тарих ғылымдарының докторы А.К.Муминовтың «Каталог арабографических рукописей музея-заповедника «Азрет-Султан» в городе Туркестан» атты кітабында ғалым қолжазбаларды 8 топқа яғни: Құран және құран ілімі, хадистер, догматика, фикх, логика, филология, поэзия, мутаффариқат (Математика және медицина) деп бөледі. Қолжазбалардың арасында Құран Кәрімнің толық нұсқасы немесе кей сүрелері жазылған кітаптар мен кітапшалар, Мұхамммед (ғ.с.) пайғамбарға қатысты өмірбаяны, тарихы баяндалатын, ұлының опат болуы жайында «Мәшһүр насихаттар» атты хадистері аудармаларының өлең түрінде жазылғаны, Мұхамммед (ғ.с.) пайғамбардың туылған айы құрметтеліп тойланатын Мәуліт мерекесінде оқылатын «Мәуліт Шәріп» жырлары кітаптары бар. Осы тақырыптағы айрықша тоқталатын түркі тілінде жазылған Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың өмірбаянын толық қамтыған өте үлкен көлемді 3 томдық «Мағариж уннубуат» атты қолжазба қорымыздағы ғана емес, жалпы сирек кездесетін құндылық.