Заманауи әдіс және технологияларды ажырату, даму динамикасы.
«Қазіргі заманғы жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»
Н.Ә.Назарбаев.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8 – бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» – деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс – тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру.
Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады. Сондықтан да қазіргі таңдағы әрбір ұстаздың да, оқушының да іс-әрекеті ерекше шығармашылық сипатта болуы керек.
Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектігіне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.
Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс.
Әлеуметтік –сындарлық тұрғыдан оқытуды түсіну /Выготский, 1978; Вуд, 1998 / мұғалімдерге арналған нұсқаулығында айтылғандай «Оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдер» негізінде жатыр. Балалар өзінің түсінігін өзіндік зерттеулері мен әлеуметтік өзара байланысқа сәйкес құратын белсенді білім алушылар болып табылады.
Осы орайда «Кембридждік» әдіс-тәсілдер мен заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану жолында әріптестерім де ат салысуда. Әр сабақтың тиімді әрі нәтижелі өту үшін әр ұстаз өз шығармашылығын дамыту мен ізденіс үстінде.
Мотивация тудыру немесе қызығушылық ояту. Үйренушінің оқуға, үйренуге деген ықылас- ынтасы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франц кезінде «тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз деп осы сияқты білімге, білуге, үйренуге деген «тәбет».
Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді. Яғни, топтық жұмыс оқушылар арасында әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, тиімді араласу, проблемаларды шешу және топ ішінде шығарманы жан-жақты талдауға көмектеседі.
Топтық жұмыстың тиімділігі:
• Оқушылар өзара достық қатынаста болады;
• Бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді
• Өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді;
• Менен сұрап қалады-ау деп қорықпайды,топ болып жауап береді;
• Оқушылардың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Уақыттары қызықты әрі тиімді өтеді.
• Топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар,олар:
-Әңгіме-дебат барысында;
-Топтық әңгіме барысында;
-Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде байқалады екен.
«Диалогті оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру, олардың білім деңгейін көтеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат» деп К.Д.Ушинский айтқандай баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасап, сабақ барысында оқудың белсенді әдістері, диалогтік оқыту және оқу әдісін қолдануда білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып, білімді бірлесіп құру, талқылау, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Әр сабағымда оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын ашық, еркін айтуға мүмкіндік бердім. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын, бір бірінің түсінуіне көмектесетінін көрсетсе, сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысты. Бұл оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ – жауап ретінде қолданамыз. Яғни, бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген сұрақтар туындайды. Оқушылар өзара пікірлер мен болжамдар айта отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Жұмыс жасау барысында оқушыларға көптеген сұрақтарды қоюға болады. Мысалы, кез келген сабақтың басталуы сұрақ – жауаптан тұрады. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Оқушы мен мұғалім арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Диалогтік оқыту оқушы мен оқушы арасында да туындауы мүмкін. Мұнда оқушылар бір-біріне сұрақтар қояды. Бір-бірінің жауабына қанағаттанбаса, қосымша да сұрақтар беруі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |