Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры
Сарғайған сурет сыры
Тағдырдың жазуымен менің қолыма тиіп, бас газетімізде алғаш жарияланып отырған фотосурет осыдан 94 жыл бұрын түсірілсе керек. Оның астына сия қарындашпен орысша былай деп жазылған: «Фото казахской интеллигенции после банкета по поводу окончания медицинского факультета Ташкентского университета Аккагаз Дощановой. 1922 г. Ташкент». Демек, қазақтың тұңғыш дәрігер қызының Ташкент университетінің медицина факультетін бітіруіне байланысты жайылған ақ дастарқанына қазақ зиялыларының кіл қаймақтары жиналып, аяулы қарындастарының қуанышына ортақтасқан деген сөз. Бұлардың ішінде сол кездегі Түркістан республикасының астанасы Ташкенттегі қазақ қайраткерлерінің, оқымыстыларының, өнер адамдарының, бір сөзбен айтқанда, кеңестік биліктің қысымынан ығысып, бой тасалаған Алаш азаматтарының үлкен тобы барын аңғару қиын емес.
Ортада Мағжан Жұмабаев, соңғы қатарда Мұхтар Әуезов тұр. Алаштың ақиық ақынын жазбай таныған – Рымғали Нұрғалиев ағамыз. 1922 жылдың 10-20 қыркүйек арасында Мағжанның Қызылжардан кетуіне тура келген. Оған Сабыр Шәріповтің қаралап жазған мақаласы себеп болған. Жаңа құрылған губерния орталығына губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиевтің арнайы шақыруымен келген Мағжан Қызылжарда «Бостандық туы» газетінің редакциясы мен баспаханасын ұйымдастырады. Ашыққандарға көмек көрсететін төтенше комиссия төрағасының орынбасары ретінде қазақ ауылдарында белсене жұмыс атқарады. Сөйтіп жүргенде жергілікті «Мир труда» газетінде бұрынғы алашордашыларды, оның ішінде Мағжан мен Жұмағали Тілеулинді қаралап, «Олардың мойнында кісі қаны бар» деп жала жапқан ашық хат жарық көреді. Бұл кезде Мұхтар Әуезов Казциктің саяси хатшысы қызметін тастап, партиялық есептен шықпаған күйі Ташкентке кетіп қалған еді. Суреттің дәл қай күні түсірілгені белгісіз. Бірақ киім киістеріне қарағанда оңтүстіктің қысы екені анық. Шамасы, қарашаның аяғы, желтоқсанның басы секілді. Суреттің астына аты-жөндері жазылғанымен, ажырату қиын. Өшіп қалған жазулардың кейбірін қалпына келтіру үшін криминалистика мамандарының көмегіне жүгінуге тура келді. Олар: 1. Аккагаз Дощанова, 2. Халил Досмухамедов, 3. Иса Кашкимбаев, 4. Кашкымбаева, 5. Ходжанова, 6. Рабига Каратаева, 7. Магрифа Койайдарова, 8. Сара Капина, 9. …ебарова, 10. Сабыр Капин, 11. Кайрулла Каратаев, 12. Мухтар Ауезов, 13. Омаров, 14. Альджан…, 15. Мариям Ахенбекова, 16. Омарова, 17. Анель Асфендиярова, 18. … 19. Досмухамедова, 20. Тынышбаев. Біздің ойымызша, жазу да, суреттің иесі де Сара Асылқожақызы Құрманбаева (Капина) болуы ықтимал. Өйткені, ол, сол кезде Аққағаздан бір курс кейін оқыған. «Арпа ішінде бір бидай» секілді, саусақпен санарлық қазақ қыздары бір-бірін білмеуі мүмкін емес.
Суреттегі адамдардың кейбіреулеріне түсінік бере кетейік: 1. Аққағаз Досжанова – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз, Алашорданың белді мүшесі болған. Қазақ жастарының «Жас азамат» ұйымын құрысушылардың бірі. Алаш ардагері, омбылық адам фельдшері Сағындық Досжановтың қызы. 1931 жылы ауырып, қайтыс болған. Бішкек қаласының маңына жерленсе керек. 2. Халел Досмұхамедов – Алаш көсемдерінің бірі, профессор-дәрігер. Қазақстанды зерттеу қоғамын басқарған. Оның жанында – профессор А.Е.Шмидт. 3. Күләндәм Қожанова (Мұңайтпасова) – Сұлтанбек Қожановтың әйелі. 4. Сара Капина (Құрманбаева) – Түркістан республикасының прокуроры, қоғам қайраткері Сабыр Капинның әйелі, қазақтың алғашқы журналистерінің бірі. Ы.Алтынсариннің шәкірті, «Дала уалаяты» газетінің тілшісі Асылқожа Құрманбаевтың қызы. Сара Ташкент медицина институтында сабақ беріп, доктор, профессор дәрежесіне жеткен. 5. Әнел Асфендиярова – соңғы курс студенті, профессор, тарихшы, дәрігер Санжар Асфендияровтың қарындасы. 6. Мұхамеджан Тынышбаев – Алаш көсемдерінің бірі, тұңғыш теміржол инженері, тарихшы.
Суретті сәл ертерек зиялы қауым өкілдеріне көрсетіп, аты-жөндерін тиянақтап алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін.
Енді осы қымбат қазынаның қолымызға қалай түскені туралы аз-кем мағлұмат бере кетейік. Асылқожа Құрманбайұлы деген алғашқы кәсіпқой журналист, ағартушы, ұстаз болғанын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеушілер жақсы білсе керек. Торғай даласында Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің түлегі «Дала уалаяты» газетінде белсенді қызмет атқарып, айшықты қолтаңбасын қалдырған. 1905 жылғы «алғашқы орыс революциясы» деп аталған дүрбелең кезінде қазақ халқының тәуелсіздігі туралы ұран көтеріп, Ресей патшасының әділетсіз билігіне қасқая қарсы тұрған ол, «саяси сенімсіз тұлға» ретінде Лепсі оязына қарасты Қапал қаласына жер аударылған. Кеңестік билік орнаған кезде Жетісудағы халық ағарту ісіне белсене араласқан. ХІХ ғасырдағы қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу барысында оның өмірі мен қызметіне байланысты деректер іздестіріп жүріп, Алматыда қызы тұратынын білдім. 1969 жылы жолыққанымда Хадиша әжей сексеннің сеңгірінен асқан. Құлағы шала еститіндіктен, қағазға жазып сөйлесіп едім, біразға дейін сеніңкіремей отырды. «Сара Есовадан сұраңыз, әкем туралы көп біледі», деді. Ол кісімен телефон арқылы хабарласқанымда жолатпайтын сыңай танытты. Қандай кінә қоярсың? Заманнан жапа шегіп, жүректері әбден шайлығып қалған ғой. А.Құрманбаевтың Хадишадан туған жиені Роза Сейдузова ҚазМУ-де сабақ беретін. Оқып жүргенде сыртынан танитын едім. 1982 жылы жол түсіп жолыққанымда Роза апамыз зейнетте екен. Шешесінен және нағашы атасынан қалған көне альбомды әкеліп, алдыма қойды. Мұқабасын өткір ұстарамен тіліп, ішіне жасырылған осы суретті алып берді. «Қазақ тарихына ықылас-ниетің түзу екен. Жариялай алмасаңыз да сізде болсын», деп аманаттады. Бір жағынан, орысша тәлім-тәрбие алған балаларына сенбеген тәрізді.
Кеңестік дәуірде мұндай жәдігердің жарық көруі мүмкін емес-тұғын. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдім. Бәлкім, сарғайған суреттен таныстарын, болмаса туыстарын кезіктіріп, жаңа сырларға қанығып қалуымыз ғажап емес.
// Егемен Қазақстан. - 2016. - 1 қазан
Достарыңызбен бөлісу: |