11.7.1 Алтыншы аналитикалық топ катиондарын жүйелік талдау
VI аналитикалық топ катиондарына топтық реагент — концентрлі аммиак ерітіндісінің артық мөлшері, олар суда ерігенде тұрақты аммиакты комплексті қосылыс (аммиакаттар) түзеді. Оларды күкірт қышқылы ерітіндісімен ыдыратады. Натрий тиосульфаты әсерінен Сu2+ және Hg2+ иондарын VI аналитикалық топтың басқа катиондарынан Cu2S↓ және HgS↓ түрінде бөліп алады. Бұл тұнбаны ажыратып алғаннан соң центрифугаттан бөлшектеп Со2+ және Ni2+ иондарын анықтайды, ал тұнбаға сұйылтылған азот қышқылын қосып қыздырады. Осы кезде Сu (I) ионы Сu (II) ионына дейін тотығып, Cu2S ериді, центрифугаттан мыс (II) ионын аммиак ерітіндісінің әсерімен анықтайды.
HgS↓ тұнбасы бром суында ериді, ал күкірт тұнбасын бөліп алғаннан кейін центрифугаттан Hg2+ ионын SnCl2 ерітіндісімен анықтайды.
6-сызбанұсқа
VI аналитикалық топ катиондарының қоспасын жүйелік талдау
12 Катиондардың қоспасын талдау
12.1 I-VI аналитикалық топтар катиондарының қоспасын жүйелік талдау
Алтыншы аналитикалық топтың катиондарының қоспасын талдауда екі түрлі есеп кездеседі: тұнбасы жоқ қоспа және тұнбасы бар қоспа: AgCl, Hg2Cl2, PbCl2, BaSO4, SrSO4, SbOCl, BiOCl және т.б.
Қоспаны талдауды оның сыртқы түріне және белгілеріне: түсіне, иісіне, жалынның түсіне, сірке, минералды қышқылдарда және суда еруіне байланысты, ортаның рН-на байланысты бастауға болады. Бұл, қоспадағы кейбір катиондар туралы алдын ала жорамалдар жасауға мүмкіндік береді. Ерітіндінің рН мәні төмен ерітіндіде күшті гидролизденетін қышқылдар немесе катиондардың болу мүмкіндігін көрсетеді. Мысалы, Bi3+, Hg2+ және т.б. Ерітіндінің сілтілік ортасы қоспада, мысалы, Сu+2, Со+2 суда ерімейтін, гидроксидтер түзетін катиондар бар екенін көрсетеді.
Алдын ала сынаулар өткізгеннен кейін жүйелік талдау жүргізеді.
12.1.1 I-VI аналитикалық топ катиондарының тұнбасыз қоспасын талдау
Ерітіндідегі NH4+, Fe2+, Fe3+ катиондарын зерттелетін ерітіндінің бір бөлігінен бөлшектеп сәйкесінше NaOH-пен қыздырып, K3[Fe(CN)6], K4[Fe(CN)6]-мен анықтайды.
Na+ ионын анықтау үшін ерітіндінің бір бөлігіне КОН немесе К2СО3 қосып қыздырып, аммиакты ұшырып бөліп жібереді. Тұнбаны центрифугалап бөліп алады, бірақ тұнба әрі қарай қолданылмайды. Центрифугаттан K[Sb(OH)6 немесе Zn(UO2)3(СН3СОО)8 мен натрий иондарын анықтайды.
К+ ионын анықтау үшін NaOH немесе Na2CO3 қосып қыздырып аммиакты ұшырып бөліп жібереді. Тұнбаны центрифугалап бөліп алады, бірақ тұнба әрі қарай қолданылмайды. Центрифугатты сірке қышқылымен бейтараптап (қажет болса буландырады) NаНС4H4O6, Na3[Co(NO2)6] көмегімен немесе микрокристаллоскопиялық реакция арқылы Na2Pb[Cu(NO2)6] калий иондарын анықтайды.
II аналитикалық топ катиондарын бастапқы ерітіндінің бір бөлігінен 2М НС1 ерітіндісімен хлоридтер (AgCl, Hg2Cl2, PbCl2) түрінде тұнбаға түсіріп, центрифугалап бөліп алады. Әрі қарай II аналитикалық топтың катиондарын жүйелік талдау жолымен анықтайды (2-cызбанұсқа).
Центрифугатта I, III-VI аналитикалық топ катиондары бар (7-cызбанұсқа). Центрифугатқа 1М H2SO4 және этанол ерітіндісін қосады, Ш топтың катиондары тұнбаға түседі (BaSO4, SrSO4, CaSO4, PbSO4). III аналитикалық топ катиондарының қоспасын жүйелік талдауда оларды аммоний ацетаты немесе сілті ерітінділерімен Рb2+ катионы толық жойылғанға дейін шаяды. Әрі қарай Ш топтың катиондары жүйелік талдау жолымен анықталады (3-cызбанұсқа).
I центрифугатта, IV-VI аналитикалық топ катиондары бар(7-cызбанұсқа). IV аналитикалық топ катиондарын V-VI аналитикалық топ катиондарының қоспасынан топтық реагент әсерімен ажыратады (6М NaOH ерітіндісі, 3% Н2О2 ерітіндісі). IV топ катиондары ерітіндіде гидроксокомплекстер және оксоаниондар, ал V-VI топ катиондары сәйкесінше оксид, гидроксидтер мен негіздік тұздар түрінде тұнбаға түседі. Тұнбаны центрифугалау арқылы бөліп алады. IV аналитикалық топтың катиондарының қоспасын жүйелік талдау жолы арқылы центрифугаттан талдайды (4-cызбанұсқа).
Sb (V) ионын V, VI аналитикалық топтың катиондарынан бөліп алу үшін тұнбаға 2М HNO3 және 3% Н2О2 қосып V, VI аналитикалық топтың катиондарын ерітіндіге ауыстырады. МnО2·nН2О мен Со(ОН)3 тұнбалары сәйкесінше Мn2+, Со2+ дейін тотықсызданады да ерітіндіге ауысады, aл Sb (V) ионы HSbO3 түрінде тұнбада қалады. HSbO3 тұнбасын центрифугалап бөліп алады, V аналитикалық топтың катиондарын жүйелік талдау жолымен анықтайды(5-cызбанұсқа).
V және VI аналитикалық топтың катиондарын бөліп алу үшін концентрлі NH3·H2O ерітіндісін қосады, сонда V топтың катиондары сәйкес гидроксидтер мен негіздік тұздар түзіп, тұнбаға түседі, ал VI топтың катиондары аммиакаттар түрінде ерітіндіде қалады(7-cызбанұсқа). Одан кейін тұнба мен ерітіндіні центрифугалап бөліп алып, V және VI аналитикалық топ катиондарын жүйелік талдау сызбанұсқасы бойынша анықтайды (5,6-cызбанұсқа).
7-cызбанұсқа
I-VI аналитикалық топ катиондарының тұнбасыз қоспасын талдау
Достарыңызбен бөлісу: |