1 Қазақстан тарихы курсының пәні мақсаты мен міндеттері. «Қазақстан тарихы»


Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығы



бет5/16
Дата04.11.2016
өлшемі2,92 Mb.
#267
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығы

Ақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді. 1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады. Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады. 1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтар- дың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шайбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.

29)Тәуке хан

Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында Қазақ хандығының күш-қуаты өсіп, бірлігі артты. Тәукенің туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылына байланысты ғылыми зерттеулердегі пікірлер де әр түрлі. Жәңгір ханның ұлы және мұрагері Тәуке 1680 жылы Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын  құруға қажырлы қайрат жұмсады. Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді.

Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Жеті жарғыны» қазақ халқы  ХІХ  ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін  қолданылды. Сонымен бірге «Жеті жарғының» өз кезінде қағазға түсірілмегені де белгілі. Кеңестер дәуірінде «Жеті жарғыға» «феодалдық қатынастардың сарқыншығы» деген сипат тағылып, мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский  жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820-шы жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы ( 34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» дүниеге келгеннен кейін 100 жылдан соң халық ауыз әдебиеті негізінде жариялады. Сондықтан,  бұл заңдар жинағының толық нұсқасының бізге жетпегені белгілі.

«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге  бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген.  Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл  жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда және  «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану.

Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және  өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген адамның әлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым  келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.

«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да  қолданылған. Мысалы, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген екіқабат әйел елден қуылса,  христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген. Құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген.



30 )Есім хан мен Жәңгір хан

Есім хан (1598-1628 (1645) ж.ж. билік құрған) Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.

Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.

Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.

Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.

Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды.

Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.

Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.

Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.

Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты.

Салқам Жәңгір — туған жылы белгісіз, 1652 жылы қайтыс болған. Есім ханның ұлы. Ол хан тағына Есім хан өлген соң отырды. Жәңгір хан бойы аласа, бірақ мол денелі кісі екен. Сондықтан да халық оны "Салқам Жәңгір" атап кеткен. Оның тұсында Батыр қонтайшы басқарып отырған жоңғар-ойраттардың күшеюі байқалды. Олар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрды.

Жәңгір ханның билік еткен жылдары жоңғар феодалдарының қазақ жерін жаулап алуға жасаған үздіксіз жорықтар кезеңіне сай келеді. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Жәңгір ханның ордасы Түркістанға таяу маңда орналасыпты. Жәңгір хан Бұхар хандығымен одақтастық келісімге келіп, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Сонымен бірге, ол қырғыздармен де осындай қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұның бәрі жоңғар шабуылынан қорғану мақсатынан туып еді. Дәл осы кезеңде қазақ хандығы мен ойрат жоңғарлары арасындағы қарулы қақтығыстар жиілей түсті. Екі жақтың басшылары көшіп-қонуға жайлы жерлер және Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтары үшін күрес жүргізді. Сол кезеңдегі тарихи мәліметтер бойынша, Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас болған:

бірінші шайқас — 1635 жылы

екіншісі — 1643-1644 жылдары

үшіншісі — 1652 жылы

1635 жылғы шайқаста қазақ әскерлеріне Батыр қонтайшы бастаған жер қайысқан қалың қол қарсы тұрды. Бұл ұрыстың нақты нәтижелері жөнінде мәліметтер жоқ, бірақ шайқас кезінде Жәңгір ханның тұтқынға түсіп, біраз уақыттан соң қашып құтылғаны туралы деректер кездеседі. Сол кезден бастап Жәңгір хан жоңғарларға үнемі шабуыл жасап тұрады.

Екінші ірі шайқас 1643 жылы қыста Батыр қонтайшының қазақ жеріне шабуыл жасауынан басталады. Жоңғарлар Жетісу өңірінің үлкен бөлігін жаулап алып, он мыңға жуық адамды тұтқынға түсіреді. Жәңгір ханға көмекке 20 мың сарбазымен Самарқан билеушісі Жалаңтөс Баһадүр келеді. Жалаңтөс Баһадүр қолының көмегі арқасында Жәңгір хан бұл шайқаста жеңіске жетеді. Батыр қонтайшы шегінуге мәжбүр болады. Жеңіліске ұшыраған жоңғарлар бұл ұрыста он мыңға жуық адамынан айырылады. Сақталып қалған тарихи мәліметтер бойынша, бұл шайқаста Жәңгір хан зор қолбасшылық дарын мен әскери шеберлік таныта білген.

Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресте моғолдар жағынан көмек алу үшін біраз әрекет етті. Олармен тату көршілік қарым-қатынас орнату үшін екі рет елші жіберді. Бұл дипломатиялық тапсырма Жәңгір ханның ұлдары Тәуке мен Апақ сұлтандарға жүктелді.

1643-1644 жылдардағы шайқаста толық жеңілмеген жоңғарлар болашақта болатын соғысқа мұқият дайындала бастады. Жоңғар қонтайшысы 1643-1644 жылдардағы жеңілістен кейін бытыраған иеліктерін біріктіріп, Сібірдегі орыс қалаларынан қару-жарақтар және оқ-дәрілер сатып алады.



1652 жылы қазақтар мен жоңғарлар арасындағы үшінші ірі шайқаста қазақ әскерлері жеңіліске ұшырап, Жәңгір хан қаза табады.

31 )Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі.

XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тəуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан — Ресей мемлекетінің, шығыстан — жоңғарлардың,оңтүстіктен — Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп — Жоңғар хандығы тарапынан төнді. 1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар əскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Əбілқайыр жəне Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы жылы жоңғар əскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян жəне Арыс өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан. 1715—1722 жж. жоңғарлардың негізгі əскери күші Цин империясы əскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарымқатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті. Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың əскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық əуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мəжбүр болды. Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы жəне Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара аумағына өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» əні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді. 1726—27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Əбілқайыр белсенділік танытты. Мəшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жəнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Шəкəрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Əбілқайыр ханның, батырлар тама Есет, тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер «Қалмақ қырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті1726 жылы. Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары — Əбілқайыр, Əбілмəмбет, Сəмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар,Төле, Қазыбек, Əйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мəселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мəселенің бірі — бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мəселе болды. Ордабасына Əбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі — Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды. Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727—1745 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қаупін күшейтті. Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді. XVIII ғ.ортасында Орталық Азияда маңызды өзгерістер болып өтті. Жоңғарлардың қазақтарға қарсыжауластық әрекеттері Қалдан-Серен қайтыс болғаннан кейін Жоңғар хандығынын өз ішінде орын алған оқиғаларға байланысты әлсірей түсті. Жоңғарияның әлсіреуімен оның қазақ жерлерін жаулап алу қаупі жойылды.

XVII ғасырдың аяғында және XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамының өндіргіш күштері өте-мөте баяу дамыды, өндірістік қатынастар бұрынғысынша патриархаттық – феодалдық калпында еді. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы көбіне табиғаттың стихиялық күштеріне байланысты болды. Феодалдыққа негізделген тәуелді мал өсіруші шаруалардың еңбек өнімділігі мардымсыз еңбек болып қала берді.Қазақ қоғамының экономикалық базис-(негізі)-көшпелі мал шаруашылығы Қазақстан территориясында мемлекеттің дамуы мен нығаюының алғы шарттарының жасалуына едәуір кедергі болды.Жоңғар шапқыншылығынан туған зор күйзелушілік, малдың қырылуы шаруашылық дағдарысының шиеленісуіне әкеліп соқты, мұның өзі қазақ хандықтарының билеуші топтарының арасындағы саяси қарама-қайшылықтарды бұрынғыдан да бетер күшейте түсті. Қиын жағдайдан шығудың жолы жауға ұйымдасып тойтарыс бету ғана бола алатын еді, мұның өзі болашақта қазақ жүздерінің экономикалық және саяси ыдырауын тоқтатар еді. Осындай өте-мөте ауыр сыртқы және ішкі саяси жағдайда қазақ хандары мен сұлтандары жоңғар феодалдарын тойтару ісін ұйымдастыруда қабілетсіз болып шықты. Тәуелсіздік жолындағы Отан соғысын «қарадан шыққан» халық батырлары бастады. Олардың арасында Бөгенбай, Тайлақ, Саурық, Малайсары, Жәнібек және басқа да батырлар болды. Олар халықты туған елді жат жерлік басқыншылардан азат етуге шақырды. Халық жасақтарының бірігіп қимылдауы осылай басталды. Кіші жүздің батыры Тайлақ, Орта жүзден Бөгенбай және Ұлы жүзден Саурық батырлар шығып бұлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл-сұлама» жылдарындағы күрестің қаһармандары болды. Барлық үш жүздің жасақтары 1726 жылы бірлесіп қимылдаған кезден бастап қазақтар басқыншыларға ұйымдасқан түрде тойтарыс берді.



Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет