Оқушылардың республикалық олимпиадасына іріктеу
11-сынып
(Қазақ тілі мен әдебиеті)
І тур
Жазбаша жұмыс түрі. Эссе жазу.
Жазбаша жұмысты бағалау тәртібі:
Эссенің құрылымы және тұтастығы -10 ұпай
Тақырыптың ашылуы және өзіндік пайымы – 10 ұпай
Деректер мен сілтемелер келтіру деңгейі – 10 ұпай
Әдеби тіл нормасы және шығарманың стилі – 10 ұпай
Емле және тыныс белгілер – 10 ұпай
Жазбаша жұмыстан оқушының жинайтын ең жоғарғы ұпайы -50. Оқушы бір тақырыпты таңдайды.
Эссе тақырыптары
1. Абай өлеңдеріндегі тәрбиелік арналар
2. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы саяси-әлеуметтік жағдай мен өмір шындығы
3. «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін...».
Ауызша жұмыс түрлері.
Берілген жауаптарды бағалау тәртібі:
Әр сұраққа қойылатын ең жоғарғы баға – 10 ұпай, бағалау мынадай критерийлерге негізделеді:
9-10 ұпай - жауабы ерекше, жауап барысында мектеп бағдарламасынан тыс мәліметтер мен деректерді келтіре отырып, терең білім алғанын байқатады;
7-8 ұпай – сұраққа толық жауап беріледі, кейбір қосымша мәліметтер келтіре білді;
5-6 ұпай – жауап барынша толық болмады, терминдерді түсіндіруде, анықтамалар мен ережелерді айтуда, сөйлем талдауда кейбір қателер кездесті;
3-4 ұпай – жауабы толық емес, дөрекі қателер кетті;
1-2 ұпай – сұраққа жауаптың қатысы жоқ, нақты емес.
Ауызша жұмыс түрлерінен оқушының жинайтын ең жоғарғы ұпайы - 50. Оқушының олимпиаданың ауызша және жазбаша жұмыс түрлерінен 100 ұпай жинауға мүмкіндігі бар.
1-тапсырма. Үзінді қай өлеңнен келтірілген? Бұл туындыда не туралы айтылатынын қысқаша баяндап беріңіз.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын...
2-тапсырма. Мәтінді оқып, төмендегі тапсырмаларды орындаңыз. Өлең қандай ұйқасқа құрылған?
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы...
а) шалыс ұйқас б) егіз ұйқас
ә) қара өлең ұйқасы в) шұбыртпалы ұйқас
3-тапсырма. Жауап беріңіз.
1.Шешендік сөздің көріктеуіш құралдары.
2.Қазіргі шешендіктің түрлері.
3. Әлеуметтік-саяси шешендік сөз.
4. Қазақ шешендік өнерінің үшінші кезеңінің негізгі өкілдері кімдер?
4-тапсырма. Берілген сөйлемдердің құрылымдық-мағыналық түрлерін ажыратып, байланысу тәсілін түсіндіріңіз.
а) Келгендер арасында Абай бұрыннан білетін Дәндібай, Ереней сияқты қарттар бар және екі-үш орта жастағы адам бар.
ә) Мынау ағаштың күтушісі болмаған, сондықтан ол қисық болып өскен.
б) Қорған кезінде топырақ араластыра тастан қаланған екен де, бұл кезде қорғанның үстіне жыңғыл мен шеңгел араласа шығып, өзінше ол да бір сән беріп тұр.
5-тапсырма. Мәтінді оқып, төмендегі тапсырмаларды орындаңыз.
«Қадірлі қауым!
Бауырлар!
Біз, тым құрыса, араға апта, ай салмай, қазақ поэзиясының екі бірдей дүлдүл ақынынан айырылып отырмыз. Екеуі де рухы биік ұлттық поэзияның сәтті бір күні тәңірінің қалауымен туа салған тамаша талант еді: бірі жер бетінде жетпіс алты жыл, екіншісі небары елу үш-ақ жыл өмір жасап, бірінің артынан бірі ана дүниеге бет түзеп бақилық боп кетті. Әншейінде көңіл бөле қоймайтын қай-қайдағы ой адам баласына осындайда келеді. Бірі аз, бірі көп жасаған осы бір поэзия әлемінің таңдап, талғап жүріп, түптің түбінде зарықтырып барып сәтіне орай бір-ақ рет туатын тамаша перзент болғасын ба, әйтеуір ортамызды ойсыратып оралмасқа бет бұрған осы бір күндері ойлап қарасам, е жасаған, Қуандық пен Жарасқаннның адамдық болмысында да, ақындық болмысында да бір ене бауырын тартқылап емген нақ бір егіз қозыдай бірінен-бірін ажыратып болмастай бауырластырып тұрған көп ұқсастықтық бар екен ғой. Иә, екеуі де қияқтай қара мұртты, иман жүзді, аққұба, ашаң еді. Екеуі де иманы бетінде мөлдіреп тұрған нәзік жанды, жібек мінез, жайсаң жандар еді, екеуі де тірлікте жан біткенге не зәбір, не қылдай қиянат жасап көрмеген зәрсіз, ызғарсыз, иман мен инабаттан құя салғандай дүниеге ақын боп келіп, ақыры, міне, ақтық демі біткенше дүниеден өздерінің сол кіршіксіз тап-таза қалпында арамыздан ақын боп өтті... Біз қазір азаматтық арын сақтап, аппақ ақын жанына қылау түспей, арамыздан өзінің періште қалпында дүние салып бара жатқан ақынмен ақырғы рет қоштасқалы оның табыты алдында бас иіп тұрмыз! Топырағың торқа болсын! Бақұл бол, бауырым!»
Ә.Нұрпейісов
1. Мәтін қазіргі шешендіктің қай түріне жатады? Оған анықтама беріңіз.
2. Мәтіннің құрылымдық бөліктерін (кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды) ажыратыңыз.
3. Мәтіндегі негізгі ойды бір сөйлемге сыйдырып беріңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |