Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет1/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
АБЫЗ ТҰЛҒА,

АҢЫЗ ТҰЛҒА –



КЕТБҰҚА

Жауапты редакторы: Кенжал БАЛКЕНОВ,



өлкетанушы, Қ.И. Сәтбаев атындағы

тарихи-өндірістік мұражайдың директоры

Құрастырушы: Шахмұрат ИБАДАТОВ,



Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Аннотация


Бұл кітапта ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы түркі жұртының тарихында айрықша маңызды орын алатын, даналығына қаһармандығы сай Кетбұқа баһадүрдің өмірі мен ұлы істерін зерделеуге бағытталған тарихи-танымдық зерттеулер, Кетбұқа тұлғасының әдеби бейнесін жасауды мақсат еткен көркем шығармалар топтастырылған. Сондай-ақ, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің құрылған күннен бергі аралықта атқарған жұмыстарынан мағлұмат беретін материалдар жинақталған.

Кітап ел тарихын, Ұлы Даладан шыққан Ұлы тұлғалар тағдырын білуге құштар барша оқырманға арналған.




ҰЛЫ ТҰЛҒА – ҰЛТҚА ОРТАҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – деп атап көрсеткен болатын.

Алға тартылған Мәңгілік Ел идеясы – ұлттық ұлы идея. Ал, идеяның өмірлік шындыққа айналуы, бірінші кезекте, біртұтас ұлттық сенімге байланысты. Сенім өзінен-өзі туындай қалатын жасанды нәрсе емес, жасампаздыққа жол ашар ақиқаттардан бастау алатын және хақтығына кәміл көз жеткенде ғана көңілге ұялайтын сезім. Бұл сезім сана түпкірінен түпкілікті орын тапқан түсінікке ұласқан жағдайда сенім де аса қуатты, құдіретті күшке айналмақ. Құдіретті күшке айналған сенімге ие халық еш уақытта, ешқандай жағдайда көздеген мақсатына, діттеген межесіне жетпей тынбайды. Мәңгілік Ел болуымыз үшін бізге де ең қажеттісі – сенім. Ұлттың өз қуатына, өзінің ұлылығына деген сенім. Ұлы сенім нық орнығу үшін ұлт өзінің өткен тарихынан тағлым ала білуге, тарихын мақтан ете білуге тиіс. Ұлттық мақтаныш сезімі әсіреқызыл желікке емес, ғасырлар қойнауынан тамыр тартып жатқан тарихи шындықтарға негізделуі шарт.

Тарихи шындық қолдан жасалмайды, түрлі себептерге байланысты ғасырлар қатпарында елеусіз қалып қойған ақиқаттарды ұлт игілігіне жарату арқылы жаңғыра, жаңара көрінеді. Жаңа ұрпақ көзімен танылып, бағаланады. Тағлым көзіне, ұлағат бастауына айналады. Өткен тарих – мақтаныш себепшісі ғана емес, келешек жолыңның тұғырлы баспалдағы да. Мәселе – тарихыңды тани білуде, тарих қойнауындағы қасиетті қазынаңды игілікті мақсатыңа жарата білуде. Бұл ретте ел тарихының өткен дәуірлеріндегі сан қилы оқиғалармен қатар, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген, сол оқиғалардың ел тағдырында қалдырған ізінің қандай сипатта болуына септігі тиген, ықпалы болған тарихи тұлғалардың да алашақ орны зор.

Ел тағдырында маңызды роль атқарған тарихи тұлғаларды әлдебір әулетке, руға, жүзге бөліп, үлесіп алудың өзі – сыпайылап айтқанда, әбестік. Өйткені тарихи тұлға – барша халыққа, тұтас ұлтқа ортақ. Тарихи тұлға – тұтас ұлттың мақтанышы, баршаның ұлағат етер ұлық тұлғасы. Сол себепті байтақ жеріміздің қай өңірінде дүниеге келсе де, ел тағдырында өшпес із қалдырған тұлғаларымызды бүкіл қазақ баласы, қазақстандық әр азамат қадір тұта мақтан етуі абзал. Сонда ғана тарихи тұлғалар елдің тұтасуына, Мәңгілік Еліміздің нығая түсуіне қызмет ете бермек. Сонда ғана тарихи тұлғаларымыздың бірегей болмысы бұрынғыдан бетер асқақтай түспек. Ұлы тұлғаның мерейін асыру да, беделін қашыру да – бүгінгі ұрпақ қолында. Демек, тарихи тұлғаларымызды танып-білу, тағлым алу, ұрпаққа ұлағат ету – елін сүйген әр азаматтың парызы. Тарихи тұлғаларды танып-білу арқылы Мәңгілік Еліміздің іргетасы беки түспек. Бұл да – азамат парызы.

Жаңаша жыл санауымызға дейінгі ғасырлардың өзінде-ақ жаһандық тарихта біртуар қасиеттерімен, ерен қимылдарымен таңбаланып қалған ежелгі бабаларымыздан бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықта халықтық тарихымызда қаһармандығымен, даналығымен дараланған Ұлы Тұлғаларымыз аз емес. Бұл тұрғыда біздің халық жалпақ дүниедегі кез келген жұртпен иық теңестіре алатыны шүбәсіз. Айбатына ақылы сай тұлғалар ел тарихының қай кезеңінен де молынан табылады. Тек дарабоздарымызды өзіміздің танып-білуіміз әлі де кемшін түсіп жатқаны шындық.

Әредік-әредік айтылып қалғанымен, тарихи жадымызда толықтай жаңғырып, кең ауқымда танылып, өзіне лайықты жалпы халықтық биігінен орын ала алмай келе жатқан тұлғаларымыздың бірі – ХІІ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келіп, 1260 жылы алапат шайқас үстінде мерт болған Кетбұқа бабамыз.

Батырлығына парасаты үйлескен Кетбұқа бабамыз жайында осы тұста қысқа қайырым сөз қозғап өткеніміз орайлы болар.

Әуелгі сөз есімі жайында. Өйткені Кетбұқаға қатысты жазбаларда да, ел ішіндегі ауызекі әңгімелерде де оның есімі әрқилы жазылып, айтылып келеді. Өз тілімізде Кетбұқа, Кетбұға, Кетбұғы деген үлгіде келсе, өзге тілдердегі нұсқалары Кетбуга, Кетбуги, Китбуга, Китибука т.с.с. болып кезігеді. Сондай-ақ, оны Шыңғыс ханның Кете ноян деп атағаны да мәлім. Осы мәселеге байланысты түрлі ой-пікірлерді, дәлел-дәйектерді зерде таразысынан өткере келе, тарихи тұлғаның есімі Кетбұқа екендігіне ден қойдық. Бұл тұста, әсіресе, әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан пікірлері шешуші мән иеленгенін айта кетелік. Тиянақсыз пікір айтпайтын ғұлама Марғұлан өзінің көзі тірісінде баспаға ұсынған «Ежелгі жыр, аңыздар» деген кітабында (1985 ж.): «Ұлы жыраулардың ең ескі дәуіріндегі ұлы ұстазы Қорқыт (VІІ-VІІІ ғ.ғ.). Одан кейін ХІІІ ғасырда жасаған Аталық жырау, «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді» (147-б.), – деп жазады. Дәл осы кітаптың құрастырушысы болған Рахманқұл Бердібаевтың да ғалым ретіндегі ыждаһаттылығын, жан-жақты білімділігін ескерсек, Кетбұқа есімінің дұрыстығын бұл ғалымның да құптағанын түсінеміз. Осы кітаптың 107-бетінде Әлекең: «Найман – оғыздармен аталас, өгізді, көк бұқаны қасиеттеген, VІІІ ғасырдан белгілі ел», – деген пікір айтады. Олай болса, оғыздармен тектесіп кететін түркі жұртының тармақтарында да «өгіз», «бұқа» ұғымдарының киелі мән иеленгені даусыз. Ал қасиет тұтқан, қадірлеген атауларын перзентінің есімімен байланыстыру дәстүрі түркі халықтарына тән жағдай. Оның үлгісі бүгінгі таңда да жалғасып келе жатыр. Сондай-ақ, Кетбұқадан сәл ертерек өмір сүрген найман елінің билеушісі Инаң Білге Бұқа хан аталғанын, ал оның үлкен ұлының аты Байбұқа (кейіннен Таян хан атанған) болғанын ескерсек, біз сөз етіп отырған тарихи тұлғаның Кетбұқа аталғаны көңілге қонымды болмақ. Бұл бағытта басқа да дәлел-дәйектерді алға тартуға болады. Дегенмен, осы бір-екі мысалдың өзінен-ақ ой қисыны аңдалар деп білеміз.

Ел әңгімелерінде де, тарихи жазбаларда да есімі Шыңғыс ханмен және оның ұрпақтарымен тікелей байланысты айтылатын Кетбұқа өмірінде әлі де ашылмай жатқан тұстар көп. Бұл жағдайға тарихшы ғалымдарымыз ендігі уақытта жіті назар аударады деп сенеміз. Ал нақты белгілісі – Кетбұқа өмірінің 1253-1260 жылдар аралығын қамтитын кезеңі.

Онон өзенінің жағасында өткен Ұлы құрылтайда Шыңғыс ханнан қалған таққа Мөңке отырып, алдағы жорықтар белгіленген соң, Құлағу Шығыстағы мұсылман елдерін бағындыруға аттанатын боп шешіледі де, Мөңке, Бату бастаған Шыңғыс ұрпағы оның қасына Кетбұқаны кеңесші және қолбасшы ретінде қосу қажет деп ұйғарады. Міне, осы уақыттан бастап Кетбұқа Құлағу жорықтарының басы-қасында болғаны күмәнсіз шындық. Оны сол дәуірдегі тарихшылар да, кейінгі зерттеушілер де растайды. Осы жорық кезінде Кетбұқа 1260 жылы қыркүйектің үші күні Айн-Жалуд қамалы маңындағы қан-қасап шайқас үстінде Мысыр сұлтаны Құтыз қолына түсіп, мерт болады. Аталған шайқастың мұсылман елдері тағдырында аса маңызды роль атқарғанын арада шамалы уақыт өткен тұста сол жерге Бейбарыстың жарлығымен ескерткіш қойғызылғанынан байқауға болады. Бұл – мұсылман жұрты тарихында шайқас алаңына қойылған ең алғашқы ескерткіш еді. Осы ескерткішті қойғызған кезде Бейбарыс Мысыр жұртының тізгінін қолға алып үлгерген болатын. Осы жағдайларға назар аударар болсақ, Кетбұқаның 1253-1260 жылдар аралығындағы өмірін толықтай дерлік айқындай тануға мүмкіндік бар. Ол үшін Құлағудың осы жорығын егжей-тегжей зерделеу қажет деп білеміз.

Бұл – Кетбұқа өмірінің тарихи деректерден танылатын тұсы болса, көңілге күмән туғызбайтын келесі бір уақыт – Жошы ханның дүниеден озған уақыты, яғни 1227 жыл. Бұл уақыттың ақиқаты біздің дәуірге дейін әйгілі «Ақсақ құлан» күйіне байланысты аңызбен астасып жеткен. Әйткенмен, аңыз астарында шындық жататынын ескерсек, Жошы қазасының хабарын Шыңғыс ханға күймен жеткізуші Кетбұқа болғанына шүбәлану орайсыз. Бұл ретте Кетбұқаның бірнеше күйлері болғанын айғақтайтын деректердің кейінгі кездері алға тартылып жүргенін назарға алсақ, сондай-ақ, академик Ахмет Жұбановтың да «Нарату» деген күйдің бір нұсқасы Кетбұқанікі екенін өз еңбегінде осыдан жарты ғасыр бұрын жазып кеткенін ойда ұстасақ, оның «Ақсақ құлан» күйін Шыңғыс хан алдында тартып, Жошы өлімін күймен естірткеніне көңіліміз кәміл сенеді.

Сондай-ақ, әдебиетші-ғалым Кенжебай Ахметовтің ХVІ ғасырдағы Доспамбет жыраудың толғауынан ой өрбіте келіп: «...елдігінен де, билігінен де айырған Шыңғыс ханға кектенуі өршіп тұрған жұртты бір келеге келтіріп, бір уәжге жүгіндіру Кетбұқаға оңай соқпағаны анық. Оның Доспамбеттей өр мінезді жыраулардың бас иер піріне айналып, «Кетбұқа би» аталуы да осы тұстан өрбісе керек. ... Кетбұқа – би, би болғанда да, қалың жұртты қаһарымен емес, алға озған ойымен, алды-артын кемел пішкен парасатымен жүгіндірген би. Қазіргі түсінікке бейімдей айтсақ, бейресми билік иесі, аса ықпалды саясаткер, сын сағаттардағы өзгерістерді өз елінің пайдасына шебер шеше білетін дипломат», – деп түйіндейтін пікіріне де ден қою абзал болар.

Жалпы, ХІІІ ғасырда барша түркі тамырлы жұрт тағдырында аса маңызды роль атқарған Кетбұқа бабамыз – абыз болмысына көреген даналығы, жаужүрек батырлығы, ділмар ақындығы, өлмес өнерпаздығы сай келген кемел тұлға. Кемел тұлғаны зерделей зерттеп, жан-жақты тану, кең ауқымда насихаттау – бүгінгі ұрпақ міндеті. Осы мақсатқа қал-қадари еңбек сіңіру үшін «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, осы бірлестік түрлі бағытта жұмыстар жүргізіп келеді. Сол жұмыстардың бір бағыты – абыз болмысты баһадүр бабамыздың өміріне, тарихи істеріне қатысты деректерді жинақтау, қалың жұртшылықтың игілігіне айналдыру. Қолыңыздағы бұл кітап осы бағытта аз уақыт аясында жасалған жұмыстардың бір нәтижесі.

Осы орайда айта кету орынды, Кетбұқа бабамызға қатысты жазылған ой-пікірлердің бәрі бірдей бір арнада тоғыса бермейді. Бір-біріне қайшы келетін ойлар, кереғар пікірлер, асығыс бағамдаулар да ұшырасады. Алайда біз бүгінге дейін баспа бетінде жарияланған дүниелерді бөле-жармай, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Өйткені ұйытқыған құйындай ғана әсер қалдыратын ұшқары ойларға сүйенген, арзанқол «сенсациялық» қана салмағы бар жәйттер мен түп-негізі тиянақты, дерек-дәйегі салмақты, сүйекті пікірлерді көзі қарақты оқырман қауымның өзі де ажырата аларына сендік. Сондай-ақ, ақиқаттың қай уақытта да пікір таласы, ой жарысы арқылы анықталатынын ескердік.

Әлбетте, деректерді іздестіру, жинақтау, зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да толассыз жүргізіле бермек. Бұл орайда біз елдік тарихымыздың түгенделе түсуіне мүдделі азаматтардың қай-қайсы да игілікті істен қалыс қалмайды деп сенеміз. Кетбұқа бабамызға байланысты алыс-жақын дәуірлерде хатқа түскен деректерге де, ел ауызындағы әңгімелерге де әрдайым бейілдіміз.

Хабарласыңыздар, ой бөлісіңіздер, білетін дерек-мағлұматтарыңызды ортаға салыңыздар. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігіне байланысты мағлұматтар кітаптың соңғы беттерінде арнайы көрсетілген. Біз жанашыр азаматтармен байланыс орнатуға әрқашан ықыластымыз.

Құрметпен, Төлеген қажы Бүкіров,

техника ғылымдарының кандидаты,

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық

бірлестігінің төрағасы.
Бабадан қалған асыл сөз


КЕТБҰҚА

Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын!

Көкше тауды селдер жуса, көркі кетер, сақ болғын,

Көсемдерің елді алдаса, көш бұзылар, сақ болғын.
Өзегіңе өртті тастап, іштей бұзар, сақ болғын,

Асыл сөздер қордаланса, тіл бұзылар, сақ болғын.


Салқын тауды селдер бұзса, салт бұзылар, сақ болғын,

Салқындылық ентелесе, ер бұзылар, сақ болғын.


Намыс тозып, арың азса, бірлік кетер, сақ болғын,

Әділ сөзді айта алмаса, ел бұзылар, сақ болғын.


Қызыл тауды селдер бұзса, Қызыр кетер, сақ болғын,

Ұл-қыздарың дүние қуса, «құл» көбейер, сақ болғын.


Ынтымақсыз болған елден ырыс кетер, сақ болғын,

Бірлігі жоқ Алашымнан Қыдыр кетер, сақ болғын!


Тұлпар тауды селдер бұзса, тұл боларсың, сақ болғын,

Құдағисыз, құда-андасыз құның кетер, сақ болғын.


Күш-қуатың саудаланып, пұлға айналар, сақ болғын,

Құдіреті күшті елге, құл боларсың, сақ болғын!




Бірінші бөлім

ДЕРЕК КӨЗІ – ТАРИХ СӨЗІ

Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сиынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады.


М.Тынышбаев. Қазақ халқының тарихына қатысты деректер,

Ташкент, 1925 ж.

Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынына бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан,

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?!
Доспамбет жырау


Тұрсын Жұртбаев,

жазушы, филология ғылымдарының докторы

Кетбұқа

Тарихи әфсана

Әлқисса, сөз атасы аңыз емес пе. Ендеше, біз де әңгімемізді аңыздан бастайық. Бұл оқиға тым есте жоқ ескі заманда да емес, жадымызда жаңғырығы қалған бергі заманда да емес, тарихта аты мен жазған хаты қалған Шыңғыс хан мен Жошы ханның тұсында өтсе керек.

Қазақта «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген қанатты сөз бар ғой. Қаншама шапқыншылыққа толы қилы кезеңнің арасында да бір толас тапқан мамыражай шақ туып, сайын дала еркін тыныс алған сондай күннің бірінде екі жолаушы жолға шығыпты. Бұл екеуі жай жолаушы емес, өнерімен елді таңдандырған күйші екен. Аңызға сенсек, бұл тұс жаугершілік заманы болатын. Бірақ сол жылы қыста қар қалың, күн аяз, көктем ұзақ болғандықтан, елдің малы жұтқа ұшырап, жұрт қатты күйзеліске түсіпті. Үйірлі жылқыдан мінерге ат, келелі түйеден сауынға інген, қоралы қойдан тігерге тұяқ қана қалса керек. «Күн күркіреп, жаз шығар өлмегенге», – деп аталарымыздың өлеңге қосқанындай, жер қарайып, көк шығып, елдің аузы аққа ілініпті. Жаугершілік заманы болса да, ағайын жұрттың амандығын білу үшін алысқа аттанған екі күйші жапан далада жортып келе жатыпты. Жортып келе жатып, көз ұшында қарайған бір отауды көзі шалып, ат басын солай қарай бұрыпты.

Әлгі екі жолаушының көзі шалған үйдің іші де, сырты да, үй иелері де жүдеу еді. Себебі, отағасының жалғыз ұлы дүниеден ерте кетіп, әкесін қайғы-қасіретте қалдырыпты. Қысқы жұттан бар малы қырылып, жалғыз інген ғана аман шығыпты. Сол інген көктемде боталап, әлгі үйді қуанышқа кенелтіпті. Төрт түліктің ең күштісі болса да, түйенің ботасы нәзік келеді. Әлдебіреудің көзінің сұғы тиіп, ойнақтап жүрген бота аяқ астынан өліп қалады. Ботасынан айырылған інген ен даланы ащы зарға толтырып, күнұзақ боздап, ботасын жоқтаумен болады. Өркешін шайқап, шудасын желкілдетіп әр төбенің басына бір шығады да, өзегіне толған өксігін баса алмай, қайтадан үйге келіп, өлген ботасының тұлыбын иіскеп, екі көзінен жас парлап, шөгіп жатып алады екен. Баласынан айырылған адамдардың: «Ботасы өлген інгендей боздап қалдым», – деп жоқтау айтып жылауы тегін емес. Інгеннің зарындай зарлы үн болмаса керек-ті. Мына жануардың шерлене боздаған дауысын естіп өзінің жалғыз ұлының қазасын есіне алған отағасы сыртта күрсінеді. Ботасынан айырылған інгеннің боздауы мен жалғызынан айырылған қарияның ішінен жалын атып сыртқа шыққан өксігін естіген есті қыз, бір аңызда әлгі шалдың келіні деп те айтылады, үйде отырып күрсінеді.

Күрсінеді де, күбісін қолына алып, інгенді саууға барады. Хайуан да болса, өзекті жан иесі ғой, қан тамырына өкініштің уыты тараған інгеннің емшегінен сүт шықпай қойыпты. Ботасының тұлыбын иіскеп барып иитін жануар енді оның тірілмесіне көзі жетіп, әбден күдерін үзген екен. Кірпігіне жас үйірілген қыз уайымын әкесіне білдірмейді. Қалайда қарттың көңілін жұбатып, інгеннің боздауына тиым салып, жануарды иітудің амалын ойлайды. Қызының да қиналғанын көрген қария:

– Үшеумізді бірдей боздатып қойған, тәңір-ай, – деп налиды.

Сонда ақылды да зерделі қыз әкесін жұбатып:

– Әке, өзегіңді өксікке толтырып, қайғылана беріп қайтесіз?.. Құдайдың да бір жақсылығы бар шығар. Жұтатқан тәңірім жұбата да біледі. «Таңғы нәсіп – тәңірден» деуші еді ғой. Шыдай тұрайық, – депті.

Қызының не ойлағанын қарт адам қайдан білсін. Уайымының уыты ішін өртегені аздай, енді қорек етіп отырған шұбаттан қағылған әкесінің өзегін жалғау үшін әлгі қыз тосын бір шешімге бекінеді. Өлген ағасын тірілте алмасын біледі, бірақ мына інгенді иітіп алпыс екі тамырды зар қақсатқан боздауын тыйдырып, әкесін жан азабынан құтқаруды ойлайды. Сол ойға бекінген қыз бір күні:

– Әке, боз інгенге қосылып боздап отыра береміз бе. Тірі тіршілігін жасау керек. Өзекке ілінген уайым өлтірмей қоймайды. Мына боз інгенді иітіп, боздауын қойдырайын. Күні-түні құлақ етіңді жеп, жүрегіңді кеміріп, сенің де жұлын-жүйкеңді жүйкелетті. Маған ақ батаңды бер. Сайын далаға сауын айтайын. Кімде-кім батасы өлген боз інгеннің боздауын тоқтатып, емшегін иітіп берсе, мені соған қосыңыз, – дейді.

Шерлі әке аңғарлы қызының уәжіне тоқтап, тілеген тілегіне рұқсатын беріпті. Әдепті де әдемі қыздың елге айтқан сауынын естіген небір бекзадалар мен мырзалар, күйшілер мен әншілер, қобызшы мен сыбызғышылар жан-жақтан ат сабылтып келеді. Бойындағы өнерін аямай, сарқа көрсетіп, сан түрлі күй шертсе де, боз інген міз бақпапты. Сол баяғы қалпын сақтап, екі көзі мөлдіреп, ботасының тұлыбын иіскеумен болыпты. Амалы таусылып, сағы сынған өнерпаздардың басы салбырап, қайтайын десе – әдемі қызды қимай, қайтпайын десе – қыздың қойған шартын орындай алмай, жұрт аяғы да сирейді. Боз інген боздауын қоймайды. Қайғысы сейілмеген қарт бірде:

– Боз інген боздауынан жазбады. Мен сорлыны не алмады, не қоймады. Бұл Жаратқанның несін алдым соншама! – деп назаланыпты.

Сонда ақылды қыз тағы да баяғыдағы сөзін айтып:

– Жаратқанның бізге де бір жақсылығы бар шығар. Шыдай тұрайық, әке, – дейді.

Қыздың сол айтқан сөзін естігендей, сәске көтеріле екі жолаушы әлгі үйге қарай беттейді. Мұны көрген қыздың оң қабағы тарта бастайды. Жолаушылар үйге таянғанда қыздың көзі екеуінің қанжығасындағы домбыраға түседі. Жүрегі әлденені сезгендей лүпілдеп сала береді. Кеуіп қалған күбінің ішін шайып, білегін сыбанып, бетіне шырай кіре бастайды. Жолаушылар аттарынан түсіп үйге қарай аяңдайды. Келген адамның біреуі сондай еңселі, ақ сақалы кеудесін жапқан, көзі ойлы, саусақтары салалы, көкірегі күйдің көрігіндей үні гуілдеп шығатын ақ қанат қыран сияқты бірден қасиетті адам екен. Есті қыз бұл жолаушыны бірден тұспалдап білді. Ол иісі ел-жұрт Аталық жырау – Ұлығ би атап кеткен Кетбұқа еді. Ал жанындағы серігі қыз мінезді, қияқ мұрт, аршын бойлы, апайтөс, саусағы шыбықтай солқылдаған, сіңірі қатпаған жігіт екен. Қыздың көңіліне шоқ түскендей болып, алабұртып қоя береді. Өзі ылғи да әкесіне қайталап айта беретін: «Бізге де құдайдың бір жақсылығы бар шығар. Күте тұрайық», – деген тілегінің дәл осы жолы қабыл болатынын іші сезгендей еді.

Қамкөңіл қария өзінің қамкөңіл тіршілігін айтып, сөзінің аяғын боз інгенге тіреп:

– Е, бұл екеуіміздің шеменімізді ерітетін пенде де шықпай қойды. Өнер азып, құлаққа кірмейтін болғаны ма, жоқ, қайғы біздің саңылауымызды сартап қылған ба, білмеймін. Боз інгеннің боздауын қойдырып, емшегін иіткен адамға «мені қосыңыз» деген соң, қызыма берген ақ батам да қабыл болмады, қайтейін, – деп күрсініп жіберді де, төмен қарап отырып қалды.

Мынау қарияның көкірегіне толған запыранды осы отырған екеуінің бірі сейілтіп кетуі керек екенін Ұлығ би – Кетбұқа да, жас оғлан да түсінді. Түсінді де, үнсіз отырып қалды. Не істемек керек? Аталық жырау – тәжірибесіне, тұла бойындағы ұлы қасиетіне сенеді. Жас серігі талантына сенеді. Ата салтын аттап, бірінші боп күй тартудан бас тартса – жеңілгенінің белгісі. Кетбұқа қызға қарады. Қыз төмен қарады. Қабағы дір ете түсті. Мұның мағынасы не? Күнің өтті дегені ме? Күнің өтті... Кетбұқа шамырқанып кетті де:

– Өзімнің күнім өтсе де, күйімнің күні өткен жоқ! Көнегіңді алып, ботаның тұлыбының қасына бар, қарағым, – деді де, өзі атының қанжығасындағы домбырасын алып келуге кетті.

Қызының қабағындағы дірілді байқаған әке:

– Қызым, сауға сұрап, ниетінен қайырсам қайтеді, – деді. Сонда қыз әлі орнынан қозғалмаған жас күйшіге қарап қойып:

– Әке, Ұлы жыраудың бетінен қақпаңыз. Киелі жанның жанын жасытпа. Әуелі нарды идірсін. Қалғанын көре жатармыз, – деді де, көнегін алып, інгенге қарай беттеді.

Үмітсіз дүние бола ма? Тамырлары суалып, тарамыс тартқан боз інген ботасының тулаққа айналған терісін көргенде, ойнақтап жүрген ботасы көз алдына елестеп кетті ме, кім білсін, ентелей келіп тұлыпты иіскеп-иіскеп жіберді. Ерінмен екі-үш түртіп-түртіп қалып, көні қатқан тулақ екеніне енді сенгендей қалыппен меңірейіп ұзақ тұрды да, боздап қоя берді. Қарияның айтқаны рас екен, мына ащы үн тұла бойыңды шымырлатып, сай-сүйегіңді сырқыратады екен. Жүйкесі бар адамның егілмеуі мүмкін емес. Қамкөңіл қыздың әкесі де төмен қарап, уайымның тереңіне батып кетіпті. Ботасының қайтып келмесіне, енді тірі көрмесіне иланған інген де бар қасіретін бойына жиып, қан тамырлары сіңір боп кеуіп қалыпты. Ұлығ жыраудың, Аталық жыраудың, атақты Кетбұқаның да көкірегі шерге толы еді. Елінің зары, жерінің зары, қыршынынан қиылған боздақтардың асыл арманы оның да көкейінде өксік боп тығылып, жүрегі егіліп жүрген болатын. Мынау мұңлықтардың мұңы Кетбұқаның да жанын тебірентіп жіберді. Шабыты қысқан жырау шамырқана басып, ботасының тулақ терісіне түңіле қараған інгеннің алдына келіп, малдас құрып отыра кетті де, домбырасының құлағын бұрап, күйге келтірді де, қос ішекті шанақты қағып-қағып жіберіп, әлдебір азалы әуенді тарта жөнелді. Әуен барған сайын тыңдаған адамның да, шерлі жануардың жа жүрек тамырын солқылдатып, шымырлата сыңсып, тереңге шым-шым батыра берді.

Домбыраның көмейінен күй емес – күйік, әуен емес – өксік, ызың емес – зар төгіледі. Тереңнен шымырлап жоғары көтерілген теңіздің толқынындай күй әуені кеудені керіп барады. Лықси-лықси арнасын керген шер толқыны шарасынан асып барып, қайта кері қайтып, сәл саябырсып алады да, тағы да лықси жөнеледі. Домбыраның мынау солқылдатқан қоңыр үні жүйке-жүйкеңді, тамыр-тамырыңды қуалап, шемен боп қатқан сезім түйіршіктерін ерітіп, өкініштің уытын өзегіңді өртеген ыстық жалынға айналдырып жібергендей. Қамкөңіл қарт та, тамыры суалған інген де, қиылған қыз да, қияқ мұрт жас күйші де демдерін ішіне тартып, бір сәтке тынши қалыпты. Күй әуені сол сарынмен сәл ғана саябырсып барып, кенеттен енесіне еркелеген ботаның ойнақтағанын еске салатын ырғаққа көшкенде, о, ғажап, боз інгеннің жүйкесі босап, ыңыранып қоя беріпті. Күй одан да әрмен екілене екпін алып, ботасыз қалған нардың алпыс екі тамырын қуалай ерітеді. Үкідей үлпілдеген ерке ботасының еркелей ойнақтағаны, жып-жылы ернінің емшегін қытықтағаны, тәтті тілімен тамсана емшегін сорғаны есіне түсіп, інген қайта-қайта ыңыранып, емірене түседі. Бір кезде әлгі әуен інгеннің жүрек тамырын суарып алғандай солқылдата келіп, ілме қағысқа ауысып, арлы-берлі лықсып тұрып, ботаның емшекті емірене, сорпылдата сорғанын елестетіп, домбыра шанағынан төгілген күй:

– Көс-көс! Көс-көс! Көс-көс! – деп сөйлеп қоя береді.

О, жасаған! Сол кезде боз інген ыңыранып барып, екі бұтын талтайтып жіберіп, иіп сала беріпті. Кеуіп қалған желініне нәр жүгіріп, бірте-бірте емшекті сүт кере бастайды. Інген ыңыранған сайын көзінен жасы боталап, жанарын жуа беріпті. Кетбұқа да домбырасының қағысын мың құбылтып, бірде баяулатып, бірде төпеп-төпеп жіберіп, ара-арасында ілме қағыспен солқылдата шертіп, нарды идіріпті. Табиғаттың мына құдіретті күшіне таңқалған қарт пен жас күйші де күймен бірге егіліпті. Тас емшегі жібіген нардың ешкіммен жұмысы жоқ, күйдің әуеніне балқып, ботасының тулақ терісін иіскеп қойып ии беріпті, ии беріпті...


Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет