Адам құқықтарын іске асырудағы қауіпті заттар мен қалдықтардың жағымсыз салдарлары жөніндегі



Дата11.01.2017
өлшемі101,39 Kb.
#7208
Адам құқықтарын іске асырудағы қауіпті заттар мен қалдықтардың жағымсыз салдарлары жөніндегі БҰҰ арнайы баяндамашысы Башкут Тунчактың сапар соңындағы мәлімдемесі

Қазақстан

26 наурыз-8 сәуір, 2015

8 сәуір, 2015



Кіріспе

Адам құқықтарын іске асырудағы қауіпті заттар мен қалдықтардың жағымсыз салдарлары жөніндегі БҰҰ-ның Арнайы Баяндамашысы ретінде мен Үкіметтің шақыртуымен 2015 жылдың 26 наурызынан 8 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасына арнайы іс-сапармен келдім. Сапардың негізгі мақсаты Қазақстан Үкіметінің қауіпті заттар мен қалдықтарды оңтайлы басқару арқылы адам құқығын қорғау бойынша қабылдаған іс-шараларына баға беру болатын.

Бұл мәлімдеменің тек алғашқы болжаулар ғана екендігін баса айта кеткім келеді. Жағдайға толыққанды баға беретін және адам құқығына қатысты ұсыныстардан тұратын сапар жайлы толық есеп 2015 жылдың қыркүйек айында болатын Адам құқығы жөніндегі кеңеске дайындалып ұсынылады деп күтілуде.

Ең алдымен, мені арнайы шақыртып, билік өкілдері мен осы іске қатысы бар өндіріс иелерімен кездесуге мұрындық болып, қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Үкіметіне рахметімді айтқым келеді. Мен көптеген мемлекеттік агенттіктерде, бөлімшелерде болып, Алматы, Атырау, Өскемен және Қарағанды қалаларындағы осы іске қатысы бар жергілікті билік өкілдерімен, Парламент мүшелерімен кездестім, Жоғары сот пен прокуратураға, Адам құқығы жөніндегі уәкіл мекемесіне және басқа да жекеменшік орындарға бардым. Осы сапар барысында уақытын бөліп, менімен кездескен адамдардың барлығына, сондай-ақ, ашық та риясыз пікірталастары үшін Үкімет пен өндіріс орындарына алғысым шексіз.

Мен сондай-ақ, сапар алдында және сапардан кейін көрсеткен қолдаулары үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Астана қаласындағы өкілдігіне де рахмет айта кеткім келеді. Сонымен қатар, зиянды заттар мен қалдықтарды жоя отырып, адам құқығын толығымен іске асыруға талпынып жатқан, осы игі іс жолында тап болған кедергілері мен қиындықтарымен бөліскен азаматтық қоғам ұйымдарының, қоғамдық қозғалыстардың және қауымдастықтардың мүшелеріне де ыстық ықыласымды білдіре кеткім келеді.

Жалпы шолу

Қазақстан Конституциясы үкіметтен қоршаған ортаны қорғауды өзіне мақсат тұтып, осылайша, адамның «өмірі мен денсаулығына» «ыңғайлы» орта құруын талап етеді. Бұл, менің ойымша, ең басты қағида. Мені сондай-ақ, Қазақстанның адам құқығы жөніндегі халықаралық келісімшарттар мен қазіргі кезде қолданылып отырған химиялық заттектерге қатысты халықаралық және өңірлік келісімшарттардың көбін қабылдағаны қуантады. Адам құқығы жөніндегі аталмыш халықаралық келісімшарттарға сәйкес қоршаған ортаның ластануынан келер залалдар мен қауіпті еске ала отырып, Үкімет денсаулық сақтаудың ең жоғарғы деңгейіне қол жетімді болу құқығын қамтамасыз етуі қажет. Өндіріс иелерінің көбі қауіпті заттар мен қалдықтар жөніндегі Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы жалпы алғанда талапқа сай келетіндігімен келіседі.

Еркін де тұрақты болашақ құруға деген Үкіметтің талпынысын білдіретін аса маңызды құқықтық міндеттемелерді қабылдағаны үшін Үкіметке ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, Үкімет тарапынан бірқатар саяси мәлімдемелер жасалып, бастамалар көтерілді, диалогтар жолға қойылды, олардың барлығы да адам құқығын қорғау, айталық, қауіпті заттар мен қалдықтарды дұрыс игеру мақсатын 2020 жылға дейін іске асыруды көздейді.

Қазақстан даласының табиғи қорларға бай екендігі еш дау туғызбайды. Мұнда мұнай мен газдың, көмірдің, уранның, қорғасын, мырыш, мыс, алтын және асбест сияқты металдар мен минералдардың шексіз қоры бар. Қазақстандағы мұнай өндіру зауыттары мен металлургия, химиялық өнеркәсібі және уран өңдеу орындары дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдерін қамтамасыз етуде. Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болып табылатын аталмыш өндіріс орындарының өнімі одан әрі арта түседі деп күтілуде.

Алайда, аталмыш қорлар Қазақстанда тұрып жатқан адамдар үшін экономикалық мүмкіндіктерді ұсынумен қатар, олардың өзіндік қаупі де жоқ емес. Мен барған әрбір қалада пайдалы қазбаларды өндіру, қайта өңдеу, өндіріске жарату, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын қайта пайдалану кезінде бөлінетін зиянды заттардың адам құқығына тигізер әсерінің жоғары деңгейде екендігі байқалады. Елді аралап жүрген кезде мен төбе-төбе болып жатқан зиянды қалдықтарды, ауасы әбден ластанған қалаларды, өндіріс нәтижесінде шаңға бөккен үйлерді көрдім, радиоактивті және зиянды қалдықтарды заңсыз көметін қоқыс орындары жайлы көптеген әңгіме естідім.

Химиялық заттар мен қалдықтарды дұрыс пайдаланбау экономикалық, әлеуметтік, сондай-ақ, азаматтық, саяси сияқты бірқатар адам құқықтарының бұзылуына алып келеді. Үкіметтің қауіпті заттар мен қалдықтарды дұрыс игерудің оңтайлы жолын толығымен іске асырмастан, негізінен аталмыш қазбаларды өңдеу арқылы экономиканы дамытуға талпынуы, осының салдарынан Қазақстандықтардың аса қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқандығы мені алаңдатады.

Осы арада, өзім байқаған жағдайлар жайлы айтпас бұрын, қатты алаңдатушылық туғызып отырған үш мәселеге тоқталып өткім келеді. Төменде айтылатын бұл жағдайлар Қазақстанның зиянды заттарды дұрыс игеруге деген ықыласын жеделдете түседі дегенге кәміл сенемін.

Бірінші, жалпы алғанда құқықтық негіз қажетті деңгейде қабылданғанымен, Қазақстанның қоршаған орта жайлы заңнамасы дұрыс іске асырылып жатқан жоқ және оны қажетті деңгейде орындап отырған жоқ деген ортақ пікір бар. Бұл жағдай Үкіметтің адам құқығын зиянды заттар мен қалдықтардан қорғауға деген саяси қалауы жайлы орынды сұрақтардың туындауына негіз болады.

Екінші, өндіріс иелерімен кездесу барысында мен зиянды заттар мен қалдықтарды дұрыс игеру арқылы адам құқығын қорғау ісінің Қазақстанның даму жөніндегі күн тәртібінде маңыздылыққа ие емес екендігін байқадым. Мен, тіптен адам құқығы бұзылса да, экономиканы өркендетуге жоғары басымдылық беріледі деген ойға қалдым. Мен экономикалық даму мен адам құқығын іске асырудың бір-бірімен сабақтасып жатқандығын және бұл тұрақты өркениетке бастар жол екендігін тағы да баса айтып өткім келеді.

Үшінші, өндірістік қалаларда тұрып жатқан балаларды, жұмысшыларды қоршаған ортаның адам өмірі мен денсаулығына тигізетін әр түрлі қауіп-қатерінен қорғаудың бұдан да басқа тиімдірек және әсерлірек тетігі болуы қажет.

Осы жалпы шолулардың негізінде мен бірқатар нақты шолуларға тоқтала кеткім келеді.

Ақпаратқа қолжетімді болу құқығы

Ақпарат – бірқатар адам құқығымен қамтамасыз етуде маңыздылыққа ие және зиянды заттар мен қалдықтарды игеруде кез-келген қоғам үшін негіз бола алады. Қоғамның еркін, белсенді және толыққанды түрде ақпарат алмасуға қатысуын қамтамасыз етіп, зиянды заттардың адам құқығына тигізер залалдарын түсінуіміз және келтірілген залалдардың орнын толтырудың тиімді жолдарын қарастыра білуіміз керек. Менің ойымша, Қазақстанда 1) адам құқығына, атап айтсақ, денсаулық сақтау құқығына кері әсерін тигізетін қоршаған ортаның ластануы жайлы ақпаратты қалыптастыру, 2) адамдардың өз құқығын қорғай алуына мүмкіндік беретін ақпаратқа қол жетімді болу ісі жүйелі түрде жолға қойылмаған, кемшіліктер жетеді.

Айталық, Березовка елді мекенінде тұратын, талып қалатын, құса беретін және үнемі басы ауыратын баланың әкесі маған оның баласының шашынан, қанынан және тырнақтарынан алған талдау нәтижесі оның улы заттардың құрбаны болғандығын сегіз рет дәлелдеп берсе де, олардың ешқандай нақты ақпарат ала алмай отырғандығы жайлы айтып берген еді. Березовка деп аталатын кішкентай қалашықтың жанында орналасқан мұнай және газ орындарының аса улы газды ауаға көп деңгейде заңсыз таратуының нәтижесінде сандаған бала осындай жағдайға душар болып, талма ауыруына шалдыққан немесе денсаулығына басқа залалдар келтірілген.

Белгілі бір жер жайлы ақпараттың нақтылығына көз жеткізіп, тексеріп жатпастан және қоғамның мұндай ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз етпестен өндірістен келіп түскен ақпаратқа құлай сенетін жағдайлар болып жатады. Осының нәтижесінде, қоғам тарапынан қолжетімді ақпаратқа деген сенімсіздік туындайды, оларда өздеріне қажетті денсаулыққа және қауіпсіздікке қатысты ақпаратты өндірістік құпия мақсатында бүгіп қалып отыр деген алаңдаушылық пайда болады. Өндіріс орындарының біріндегі проблемалардың күрделенгені сонша, қоршаған ортаны ластады деп үстерінен арыз түскен кезде өздерінің зиянды қалдықтарға еш қатысы жоқ екендігін дәлелдеу мақсатында бірнеше компания қоғамдық бақылау орнына ақша төлеуге мәжбүр болады.

Үкімет Орхус конвенциясын қабылдағанымен, ол бірнеше жағдайларға байланысты ақпаратқа қол жетімді болу құқығын іске асыруға көмектесетін Зиянды қалдықтарды таратуды және ластауды тіркеу жөніндегі Киев хаттамасын әлі күнге дейін қабылдаған жоқ.

Еркін, белсенді және толыққанды қатысу құқығы

Мен берілетін ақыл кеңестердің қатысу құқығымен қамтамасыз етпейтіндігі және формалды түрде ғана өтетіндігі жайлы бірнеше мәрте естідім. Мысалы, қоғамдық кеңестер өткізіліп тұратын даму жобаларына арналған қоршаған ортаға тигізетін әсерді бағалау (ҚОӘБ) ісінің толыққандылығы бірнеше мәрте тексерілген. ҚОӘБ жөнінде нақты ақпаратқа қол жеткізбеген жағдайда, қоғам өздерінің келтіретін залалын түсініп, жоба жоспарларында өздерін алаңдататын мәселенің шешуін табу мүмкіндігіне ие бола алмайды. Жекеменшік секторы әзірлеген ҚОӘБты Үкімет тарапынан ұдайы тексеріп тұруға жол берілмейді.

Сонымен қатар, азаматтық қоғам мүшелері тарапынан қоғамдық кеңеске қол жеткізе алмайтындығы жайлы көңіл алаңдатарлық шағымдар келіп түсуде. Мұндай шиеленіскен жағдайлардың бірі ретінде бірнеше қоршаған ортаны қорғаушылардың ашық сотқа қатысуына бөгет болу мақсатымен, оларды соттан бұрын тұтқындауын айтуға болады.

Сондай-ақ, мен үкіметті 2007 жылғы Қоршаған ортаны қорғау кодексінің жобасына өзгертулер енгізу іс-шарасына азаматтық қоғам ұйымдарының көптеп қатысуына мүмкіндік жасауға шақырамын.



Құқықтық қорғаудың тиімді тәсіліне қол жеткізу құқығы

Өздері мен өз құқықтарын қорғай алмай, жоғары деңгейдегі қауіпті аймақтарда тұрып жатқан Қазақстандық адамдардың санының көптігі мені қатты мазалайды. «Санитарлық қорғау аймағы» деп аталатын бұл аймақтар өндіріс ошақтарының маңында орналасқан, мұндағы табиғи қорлар таусылып біткен, зиянды қалдықтар ауаға әбден тараған. Мұндай жерлерде және сол маңда тұратын адамдар денсаулық, баспаналы болу, таза ауыз суы мен асқа қол жеткізу, өмір сүрудің қажетті деңгейіне қол жеткізу сияқты басқа да құқықтарына қол жетімді болуы үшін басқа жерге көшірілуі керек. Бұл адамдар бұл жерлерден кете алмайды, үйлерін сатып немесе оларға жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды, ал басқа жерге көшу үшін улы заттар мен олардың тигізер залалдарына мойынсұнып, көп жылдар бойы күтуіне тура келеді. Березовка, Калачи және басқа да осы сияқты елдімекендер өз құқықтарына қол жеткізу үшін өздерінің қандай зиянды әсерлерді бастан кешіріп жатқандығын басқалардың дәлелдеп беруін күтпеуі керек.

Сонымен қатар, қоршаған ортаны ластап жатқан кәсіпорындарға салынған айыппұлдар құрбандарға өтемақы ретінде төленіп, ластанған топырақты құнарландыруға, мұндай келеңсіздіктердің қайта орын алуына жол бермеуге, сондай-ақ, басқа да құқықтардың транспарентті түрде сақталуына жұмсалуы қажет. Бұл мәселеде үкімет транспаренттілік мәселесін жолға қойып, жетілдіре алады деп сенеміз.

Басқару

Айтып өткеніміздей, Конституция өмір сүру мен денсаулыққа ыңғайлы болуы үшін қоршаған ортаны қорғауды үкіметтің басты міндеті ретінде одан талап етеді. Біраз уақыт бұрын, Энергетика министрлігі қазіргі кезде жабылып қалған Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің рөлі мен жауапкершілігін қабылдап алды. Сондай-ақ, қоршаған ортаның ластануынан адам денсаулығын қорғауға жауапты Денсаулық сақтау министрлігінің басты міндеттері Экономика министрлігіне жүктелді. Қазақ экономикасының адам денсаулығы мен қоршаған ортаға аса зиянды болып табылатын кен қазу кәсіпорындарына бағынышты екендігін ескерсек, Энергетика министрлігі мен Экономика министрлігінің мақсаттары бір-бірімен тығыз байланысты екендігі түсінікті. Аталмыш министрліктердің осылайша қайта құрылуын үкімет аса қажеттіліктен туындады деп түсіндіруде. Алайда, менің ойымша, аса қажеттілік ретінде экономикалық өркендеуге қол жеткізу мақсатында еш бақылаусыз энергия өндіру арқылы адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіру қаупі туындап тұр. Тағы бір айтпағым, әлсіз басқару құрылымдарының нәтижесінде пайда болған мәселелерді азайтуға көмектесетін адам құқығын қорғау мен зиянды заттар қалдықтарын тиімді игеруге арналған ортақ шешім әлі күнге жоқ.



Бизнес және адам құқығы

Үлкен, көп-ұлттық корпорациялар мен мемлекеттік кәсіпорындарда болып жатқан өзгерістер адам құқығын қорғап, сыйлау үшін Үкіметтің аталмыш бизнеске қалай ат салыса алатындығы жайлы бірнеше мәселеге түрткі болады. Қазақстанның кейбір компанияларында оң өзгерістердің болып жатқандығы байқалғанымен, елде жұмысын жүргізіп жатқан өндірістік компаниялардың алдыңғы қатарлы, қоршаған ортаға зияны жоқ технологиялар мен тәжірибелерді үнемі қолдана бермейтіндігін байқадым. Сондай-ақ, екі жақты стандарттар қолданылады, мұны кейбір корпорациялардың қолда бар технологияны басқа жерде қолданудың орнына, Қазақстандағы қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтып, осылайша, адам құқығын құрметтеу мақсатында қолдануға талпынбайтындығынан байқауға болады.



Құқықтың үстемдік құруы

Құқықтың үстемдік құруын нығайта түсу қажеттігі еш дау туғызбайды. Соттардың қоршаған ортаны қорғау заңы бұзылды деп тапқанымен, аталмыш құқықтың қорғалуына қатысты бірнеше сот шешімінің, айталық, басына қауіп төнген жеке адамдарды қорғауға қатысты іс-шаралардың күшіне енбей қалғандығын байқадым. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қолданыстағы заңнаманы іске асырып, оны орындау аса күрделі мәселе. Шағын және орта кәсіпорындар қызметінің адам құқығын қорғауға бағытталған қоршаған ортаны қорғау заңына сәйкестігін тексеруге жарияланған моратория нәтижесінде экономикалық мүдденің адам құқығын зиянды заттардан қорғау мүддесінен жоғары тұратындығы байқалды.



Қорытынды

Терең тарихы мен дәстүрі бар Қазақстан үкіметінің салыстырмалы түрде жас екендігін мойындаймын. Оның экономикалық тұрғыдан қарқынды өркендеуі мен көптеген сындарға төтеп бере алуы таңданарлық жағдай. Алғашқы шолуларымда көңіл бөлінуі қажет салалар жайлы сөз болса да, Қазақстандағы зиянды заттарды дұрыс игерудің сындарлы жолын жылдам іске асыру мақсатында олар жайлы тағы да айтып өткім келеді. Алдыңғы қатарлы технологиялар және таза өндіріс деген бар, оған саяси қалау мен барлық өндіріс иелерінің бірлесуі арқылы, тұрақты даму мен адам құқығын қорғауды ортақ мақсат ретінде қабылдау арқылы қол жеткізуге болады.

Адам құқығын зиянды заттар мен қалдықтардан қорғау жергілікті, ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейдегі мәселе. Қазақстандық адамдардың таза қоршаған ортада өмір сүру құқығы бар. Бұл құқықты қазіргі және болашақ ұрпақ үшін іске асыруға асығайық.

Бұл барлығымыз үшін ортақ іс. Мен бұл сындарлы басқосу болашақта да жалғасын табады деп сенемін, ол Қазақстанда тұратын адамдардың құқығын қорғау ісінде азаматтық қоғамның мемлекетпен тізе қосып жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Адам құқығын іске асыру жолында қалаудың әрекетке айналар кезі келді.



Мен өз талдауларымның, жағдайға берген бағамның және ұсыныстарымның толық нұсқасын жақын арада назарларыңызға ұсынатын боламын.

Қазақстанға шақырғандарыңыз үшін және осы екі апта бойы орын алған ашық және жүрекжарды пікірталастарыңыз үшін тағы да алғысымды білдіремін.
Каталог: Documents
Documents -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
Documents -> Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық және жаңашылдық
Documents -> Өмірбаяны Құрманғазы Сағырбайұлы
Documents -> Орындаған: 9 «Ә» сынып жетекшісі Болатбаева С. М. Астана 2014-2015
Documents -> Лекция №7-8 по дисциплине: «Зоопсихология и сравнительная психология» Проф. Гагарин
Documents -> Тіркеуден және қайта тіркеуден өткен күні Көшбасшысының аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет