Ахмет йүгінеки шығармашылығы және әдеби дәСТҮр алтынбеков Қ. С



Дата20.06.2018
өлшемі30,78 Kb.
#43982
ӘОК 398 (574)
АХМЕТ ЙҮГІНЕКИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ДӘСТҮР
Алтынбеков Қ.С.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан
Резюме

В статье рассматривается вопросы связи, преемственности и традиции произведений выдающегося мастера слова Ахмета Югнаки «Хибат-ул хакайык» («Подарок истин»)
Summary

In the article examined questions of connection, to the succession and tradition of works of prominent master of word Ахмета Югнаки of "Хибат-ул хакайык" ("Gift of truths")
Біз бұл зерттеу еңбегімізде Қараханид дәуірінің атақты ақындарының бірі саналатын Ахмет Йүгінеки шығармашылығының басты ерекшелігін, өзіне дейінгі және өз тұсындағы әдеби дәстүрмен байланысын, сонымен қатар кейінгі дәуірлердегі әдебиетпен сабақтастығын бізге жеткен жалғыз туындысы «Хибат-ул хақайықтың» («Ақиқат сыйы») негізінде айқындауды мақсат еттік.

Әрбір ақынды заманы тудырады. Ол – өз заманының перзенті. Өмір сүрген уақытының сипаты, адамдар арасындағы қарым-қатынас, қоғамдық құбылыстар арлы да ойлы жандарды бейтарап қалдырмайды. Ақын жанын толқытып, жүрегін сыздатқан жайттарды сыртқа шығарып, адамдардың сол мәселелерге назар аударуының жолын іздейді. Бұл жолда жаны нәзік, сыршыл, дүниені көркем сипатымен қабылдайтын жандар адамзат тарихында ықылым замандардан келе жатқан дәстүрге – көркем де сырлы сөзбен – көркем туындымен жеткізуге жүгінеді.

Ақын Ахмет Йүгінеки де дүниелік таным-түсінігін, арманы мен мұңын дәстүрлі поэзия тілімен жеткізді. Әйтсе де ақын Ахмет қазақ жерінде туылып, шығармаларын түркі тілінде жазғанымен сан ғасырлар бойы кейінгі ұрпақтарына беймәлім болып келді. Оның себебі ХХ ғасырда елімізде болған тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты болғандығы қазіргі кезде жұртшылыққа мәлім. 1960 жылдары көрнекті әдебиеттанушы ғалым Б.Кенжебаевтың ежелгі дәуірлердегі әдеби мұралардың әдебиет тарихынан орнын алуы үшін жасаған іргелі ұстанымы мен қажырлы табандылығының арқасында әдебиетіміздің тарихы белгіленіп жүрген шегінен 1000 жыл әріге созылып, Түркі қағанаты дәуірінен бастап қарастырыла бастауы ежелгі түркілік рухани мұраларды танумызға жол салды.

Міне осы кезден бастап А.Йүгінекидің де өмірі мен шығармашылығын зерттеу қолға алынып, зерттеулер жүргізіле бастады. Х.Сүйіншәлиев [1, Б. 47-50], Р.Бердібай [2, Б. 206-208], Б.Сағындыұлы, Ә.Құрышжановтардың зерттеу мақалалары бұл ізденістердің басы болды. 1985 жылы Б.Сағындықов пен Ә.Құрышжанов көне түркі тілінде жазылған дастанның қазақшаға бірі сөзбе-сөз (прозалық), екіншісі поэтикалық аудармасын жасап «Ақиқат сыйы» деген атпен «Ғылым» баспасынан кітап етіп шығаруы [3] (Онда түпнұсқалық фото көкірмесі мен транскрипциясы да қоса берілген) ақынның бұл туындысының ішкі маұзмұны мен сыр, сипатын толық тануға мүмкіншілік туғызған болатын. Осы кездерден бастап А.Йүгінекидің шығармашылығы жоғары оқу орындарына арнап жазылған әдебиеттанушы ғалымдар Н.Келімбетов, А.Қыраубайқызы, Х.Сүйіншәлиевтердің оқулық, оқу құралдарына тұрақты түрде енгізіліп студенттерге оқытылып келеді.

Ахмет Йүгінеки бұл аталған шығармасын жазуда қандай дәстүрге сүйенді деген мәселеге келсек, алдымен ол өмір сүрген кездегі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларға тоқталуға тура келеді. Х-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанның тарихи, саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуында едәуір өзгерістер болғандығы белгілі. Қазіргі Қазақстан жерінде Боғра хан (915-955) негізін салған Қарахан мемлекеті құрылды. Бұл дәуір Ислам мәдениетінің өркендеген кезі болды. Ислам мәдениетін өркендетуде ислам дініндегі, тек араб қана емес, өзге де халықтардан шыққан көптеген ұлы ғұламалар, данышпан ақын-жазушылар қатысып, өз еңбектерін жазып қалдырды. Араб тілінде дамыған мәдениет үлгілері кейін дамыған Еуропа мәдениетінің қарыштап дамуына ықпал етті. Қараханид мемлекеті де ислам мәдениетін жасаушы, ғылым мен әдебиеті жоғары деңгейдегі елдердің бірі болды.

Араб халифатының билігі әлсіреп ел басқару ісін жергілікті халықтың өкілдері, түркілер өз қолдарына ала бастаған кезде араб тілі мемлекеттік тіл болудан қалып жергілікті түркі әдеби тілі, араб графикасына негізделген түркі жазуы қалыптасты. Қарлұқ, ұйғыр, қыпшақ тілдерінде ғылыми еңбектер, көркем шығармалар жазыла бастады. Бұл жағдай ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын өздерінің ана тілінде – түркі тілінде жазуына негіз қалады. М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Қ.Ясауи, С.Бақырғани, А.Йүгінеки, т.б. түркі қаламгерлерінің түркі тілінде жазған туындылары дүниеге келді. Осы кезде исламдық танымдағы шығыстық мәдениет, әдебиет, наным-сенімдеріндегі ислам элементтері түркілерде орнықты. Бұл әсіресе, еліміздің Оңтүстік өңірлерінде көбірек көрініс тапты.

Қараханид дәуіріндегі исламдық танымға негізделген шығыстық әдеби дәстүр қалыптасып орнықты. Ол дәстүр мынадай басты белгілерімен – шығарманың кіріспесінде Жаратуыш Алланың құдіреті жайында және оған мадақ, одан кейін Пайғамбар және сахабалары, олардың қасиеттері мен ізге істері туралы мадақ айтылғаннан кейін, көркем шығармасын сол кездегі танымал тұлғаға – ханға немесе бекке тарту етуі, содан кейін туындының жазылу жайы сөз болуымен айрықшаланатын еді. Осыдан кейін барып шығарманың негізгі мазмұнын, оқиғаны жырлауға көшеді.

Қараханид дәуіріне дейінгі кездегі ежелгі түркі әдебиетінде жазылған әдеби және фольклорлық эпикалық туындыларда да осыған ұқсас белгілердің болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Түркі қағанаты дәуірінде тасқа жазылған Күлтегін, Білге қаған жырларында да негізгі айтылмақ ой, шығарманың оқиғасының алдында Жаратушы Көк Тәңірі, қасиетті Жер-Су жөнінде ой қозғап, одан кейін ата-бабаларының күш-құдіреті, оларға мадақ айтылғаннан кейін барып негізгі оқиға баяндалады. Бұл дәстүрді түркі фольклорындағы эпикалық туындыларға тән тұрақты мотивтің бірі ретінде қарастыруға негіз бар.

Жүсiп Баласағұн «Құтты бiлiк» дастанын:

Құдіретті бір хақ барша алапқа,

Соған лайық мәртебе де, мадақ та.
Аллаһ атымен бастадым мен сөз әлiбiн,

Жарылқаған, жаратқан бiр тәңiрiм! –


Түнек түнде шамы болып халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

деп бастап, Мұхаммед пайғамбарды:

Рахымды Ием пайғамбарын жiбердi,

Кiсi iзгiсi, ел сарасы жiгерлi -

деген өлең жолдарымен бастап, ол Алланың жаршысы, адамдарды тура жолға кiргізуші, үмбеттерiне тiлек тiлеуші, сол үшін салауат айт, мақта, үмiтiн ақта дей келіп, оның сахабаларын, одан кейін өзі шығармасын тарту еткен Боғраханды мадақтайды [4, Б. 406-60]. Осы сияқты А.Йүгінеки де «Ақиқат сыйының» кіріспесінде:

Ей, Алла! Көп мүнәжат етем саған, 

Ең әуел рақымың мен аңсаған. 

Мақтауға лайықты тiл жете ме, 

Төгейiн тiл өнерiн, жар бер маған.

мінажат етіп, оның атына мадақ айта келіп:

Бар қылды Жаратқан менi жоқтан,

Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан.

Тәубе қыл, шәк келтiрiп, желiк қумай,

Тұрғанда өзiң өлмей оттан сақтан!...

Бiр Алла өлтiретiн, тiрiлтетiн,

Көрерсiң сен де оны көзiң жетiп.

Иесi құдiреттiң жалғыз Құдай

Өлгендердi тiрiлту оған оңай -

деп оны бiр сәт естен шығармай, еске алып жүру керектігін айтып, құдіреттілігін сипаттайды. Ақын осы кіріспесіндегі «Айтайын артықтығын Пайғамбардың» деп басталатын өлең шумақтарының жиырма жолында пайғамбар мен сахабаларын да мадақтайды. Одан соң өзі туындысын арнаған Ыспаһсалар бектің атын мадақ айтылады [3, Б. 68-70].

Шығармаларын осылайша бастау дәстүр болып қалыптасқандығы кейінгі дәуірлердегі әдебиет үлгілерінен айқын көрініс табады. Оған мысал ретінде Алтын Орда дәуірінің көрнекті ақыны Хорезмидің «Махаббат нама» дастанын келтіруге болады. Хорезми ақын да шығармасын:

Ұлық тәңірдің атын жадыма сақтап,

Жазайын Махаббатнама жырын бастап –

деп бастап, әрі қарай Жартушының құдіретін сипаттауға едәуір орын беріп, одан кейін:

Мұхаммед әнбияға шаһ болды,

Махаббаты алласына ақ болды.

Мұхаммедтен махаббат болды пайда,

Қалдырды мені мұндай ессіз жайға –

деп пайғамбар атына мадақ айтады [5, Б. 23-38]. Ақын өзі дастанын арнаған, көп қамқорлық көрсеткен Мұхаммед Қожабекті де мақтап, мадақтауға шығармасында орын бөледі.

Осы дәстүр А.Ясауи, С.Бақырғанилар шығармаларында кең ауқымды, сюжетті туынды деңгейінде жырланса, Алтын Орда дәуірі ақындары Хорезмимен қатар Құтып, Дүрбек, Рабғузи шығармашылықтарында әртүрлі пішінде қолданылады.

Қаламгерлердің шығармаларында ислам дәуірінен тұрақты түрде қалыптасқан Жаратушы Алланың құдіреті, пайғамбар мен оның сахабаларының қадыр-қасиеттерін жырлау, туындыларына арқау ету, ой-тұжырымдарына негіз ету дәстүрі кейінгі Қазақ хандығы дәуіріндегі ақын, жыраулардың жыр-толғауларында (Бұқар жырау: «Ей, айташы алланы айт», «Алла деген ар болмас»; Шал ақын: «Жаратқан Мұхамедтің нұрын құдай», «Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың», ХІХ ғасыр. Ы.Алтынсарин: «Бір аллаға сыйынып...»; Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай сыйындым», 36, 38, 41-қара сөздері; Шәкәрім: «Бір аллаға сыйынған арам өлмес», сияқты әдебиет алыптарынан бастап «зар заман ақындары» шығармаларында, ХХ ғасырдың басындағы ағартушы, әсіресе, «кітаби», қиссашыл ақындарға дейін сабақтасып, жалғастығын тауып келді. Бұл дәстүрдің әдебиетімізде қалыптасып орнығуында А.Йүгінекидің де алатын орны үлкен. Ақын Алланың нығыметiн, Жаратушыны жырлап қоймай, басқалардың да танып бiлуiне, ислам діні қайраткерлерінен үлгi, өнеге алуды өсиет етеді.

Қараханид дәуіріндегі әдебиеттің ендігі басты ерекшелігі – сюжетті оқиғаға құрылмай дидактикалық сипатының басым болуы десек, А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастаны – осы үлгідегі туындылардың көрнектілерінің бірі. Тәлім-тәрбие, моральдық нормалар, адамгершілік қасиеттерді шығармаларына негізгі арқау еткен Ж.Баласағұн, А.Ясауи, С.Бақырғанилардан келе жатқан әдеби дәстүр «Ақиқат сыйында» ішкі мазмұнымен, жанрлық тұрғыда да сабақтасып жатады.

А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастанының көлемі, тараулары көшірмелерінде әртүрлі болып келеді. Қазақша толық аудармасында 466 өлең жолынан тұрады. Негізгі ойлар бірнеше тарауға бөлініп берілген [3].

Қараханид дәуіріндегі шығарманың басты мазмұнын – тақырыптарын жеке-жеке тарауларға бөліп жазу дәстүрі Ж.Баласағұнның дидактикалық сипаттағы «Құтты білік» дастанынан бастау алады десек, А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» да осы сипаттағы туынды. «Бұл дастан тақырыбы мен идеялық мазмұны жағынан ақын өмір сүрген қоғамдағы моральдық ұғымдар мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы болып келеді» [6, 218-б].

«Ақиқат сыйында» білімділік, әділеттілік, ізгілік, қанағатшылдық, қайырымдылық, ақыл-парасаттылық, жомарттық, сабырлылық, кішіпейіл-ділік сияқты адамгершілік қасиеттер дәріптеліп, осы қасиеттерге қарсы сипаттағы жат мінез-құлықтар, іс-әрекеттер сыналады. Ақын білімнің, тілдің, әдептіліктің қоғамдық мәні туралы ой-пікірлерін ұсынады.

Дастанда білімнің пайдасы мен надандықтың зияны, жақсылық пен жамандық, жомарттық пен сараңдық, жақсы мінез бен жарамсыз қылық, әдептілік пен дөрекілік, т.б. бір-біріне қарама-қарсы қойылып бейнеленеді.

Ақынның бұл мәселелер жөніндегі ой-тұжырым, толғамдары Түркі қағанаты дәуірі жазбаларындағы, Ж.Баласағұнның «Құтты білігіндегі», сондай-ақ М.Қашқаридың «Түрік сөздігіндегі» мақал-мәтел, өсиет, шешендік сөздермен мазмұны үндесіп, пішіні жағынан да үйлесіп жатады.

Қорытындылай келе, ойымызды ғалым Алма Қыраубайқызының сөзімен түйіндесек, «Ахмет Әдиб Жүйнекидің «Ақиқат сыйы» кітабында айтылған ойлар кейінгі қазақ ақындарына дәстүр болған. Кейінгі қазақ әдебиетін қалыптастыруға жол салған. Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Шәкәрім пәлсапасының іргетасы болып есептелінеді» [7, 97-б].

А.Йүгінеки – әдебиетімізде классикалық Шығыс әдебиеті дәстүрінің қалыптасуында өзіндік орны бар ақын. Оның «Ақиқат сыйында» айтылатын моральдық, этикалық, дидактикалық, философиялық пікір-тұжырымдар қазақ ақын-жырауларының толғау, терме үлгісіндегі поэзиясында, билердің шешендік, нақыл сөздерінде, халық ауыз әдебиетінде өзінің көркемдік жалғасын тапты. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, алтын тамырлы – әдеби дәстүр сабақтастығы.

Әдебиеттер
1 Сүйiншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. – Алматы: 1967.

2 Бердiбаев Р. Ежелгi мәдениет куәлары. – Алматы:, 1966.

3 Ахмет Иүгінеки. Ақиқат сыйы (Түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэзиялық аудармасы. Баспаға дайындағандар: Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов). – Алматы: Ғылым, 1985.

4 Баласағұн Ж. (Көне түркі тілінен аударған және алғы сөзі мен түсініктерін жазған А.Егеубаев). Құтты бiлiк. – Алматы: Жазушы, 1986.

5 Хорезми. Махаббатнама: Дастан (Алғы сөзін жазып, транскрипциясын қарастырған және ауд. А.Қыраубаева). – Алматы: Жалын, 1985.

6 Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Атамұра, 2005.



7 Қыраубайқызы А. Ежелгi әдебиет. – Астана: Елорда, 2001.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет