Айтыс қазақтың халық ауыз әдебиетінің тіл байлығын көрсететін үлкен бір саласы. Ол суырып салма ақындық өнердің жемісі



бет2/3
Дата03.07.2020
өлшемі22,26 Kb.
1   2   3
Бұлындай берекесіз арбашының (5, 134).

Ақын Сара қалың малға маталып, қор болып отырған қалпын тері-терсекке сатылған берекесіз арбашының бұлындай ғана құным бар деп найманның игі жақсыларына мұңын шағады. Я болмаса, Ұлбике мен Күдері қожаның айтысында Ұлбике:

Қожа пұлын жіберер достарына,

Кисе достар жарасқан бастарына (8, 294).

Мұнда да мата, кездеме мағынасында айтылған. Немесе Біржан сал:

Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,

Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға (5, 137).

Сеніменен айтысуға пұлға қызығып келген жоқпын, мақсатым өнер жарыспақ дейді Біржан. Бұл жерде жеңген ақындарға жасалатын сый-сияпатты айтып тұр. Сондай-ақ: “Бабаң қойын пұл қылып, әруаққа ұрынба”(Құлмамбет пен Жамбыл); “Ақыным, бұл айтқаның бәрі жөн-ді, Бір басы мың кісіден пұлды болды” (Құлтума мен Ер Сейіл, Ырысбай); “Хұрметті сәлем жаздым Серікқұлға, Қызығар базарлы жер тиын-пұлға” (Жәмилә қыз бен Серікқұл); “Пұлға сатып алмас ингуш, ноғай” (Меңеш пен әжінияз) т.б. болып кете береді. Ал Абайда “Өз пұлыңмен халың жоқ күнде тояр, Құлдық ұрып асайсың асы бардан, Жаңа бұлмен жадырап саудагерлер, Диханшылар жер жыртып, егін егер”. Диалектологиялық сөздікте бұл, пұл сөздерінің бірінші мағынасы мата, екінші мағынасы ақша, қаражат деп берілген.

Iлгерідегі мысалдардағы дегдар, пұл, бұл сөздері айтыс өлеңдерінде жиі кездеседі, сондықтан қазір біз диалект деп танып жүрген сөздер сол уақытта әдеби тіл нормасына сай қолданылған сияқты.

Майкөт пен Құлмамбеттің айтысында Майкөт ақын:

Келгенде жиырма беске бітті дәулет.

Датқа боп отырдың да құрдың сәулет (8, 180).

Я болмаса:

Момынбек, Шүйбек пенен Сеңкебай би,

Солардың датқа болған балалары (8, 171).

Майкөт ақынның “датқа” деп келтірген сөзі Оңтүстік аймақтарда ел билеуші деп қолданылатын көрінеді. Яғни бай мен би ұрпақтарының ел басқарудағы әділдігін айта отырып, сол жердің тіл ерекшелігін көрсету үшін Майкөт ақынның айтыстарында “датқа” диалектизмі жиі келтірілген. Сондай-ақ, айтыс ақындары сөз қайталаудан қашып, нормаға түсіп әдеби тілімізде қалыптасқан сөздерді немесе диалектизмді жарыстыра қолданған. Мысалы, Шөже:

Шаңыма ілесе алмай сен антұрған



Бір пәсте шығып қалдың бұл қатардан (8, 80).

Я болмаса:

Білгендей шапшаң қуып жетерімді,

Япыр-ау, осы қайдан көтерілді? (8, 79).

Шөже мен Кемпірбайдың айтысында Шөже ақын демде, жылдам жеңіліп қалдың деп, бірде бір пәсте диалектизімін, бірде жалпыхалықтық тілдегі шапшаң сөзін қолданады. Осы айтыста Шөже “бір ауыз сөзге жауап айта алмадың, жақсылық-ізгіліктен түк білмейсің” деп Кемпірбайды жеңіп кетеді. Немесе Байдырақ сері мен Саржан сұлудың қайымдасуында бір шумақта бірнеше диалектілерді орайластырып келтіруі шеберлікті танытады. Байдырақ сері:

Бөкебайға тамшылар көздің жасы,

Аужар айту бұрыннан ата жолы (9, 149).

Диалектологиялық сөздікте “бөкебай салы// шәлі ешкінің түбітінен тоқылған, мойынға орауға арналған шәлі” десе, ал “аужар” сөзін “жар-жар” деп түсіндіреді (8, 77, 133). Ал дұрысында аужар қыз ұзатыларда айтылатын салт өлеңі болу керек. Ал жар-жар — келін түскенде айтылатын салт өлеңі.

Сонымен бірге айтыс өлеңдерінде фонетикалық, кейде грамматикалық және лексикалық диалектизмдер де кездеседі. Фонетикалық диалектизмдер, яғни құрамында дыбыстық ерекшеліктері бар сөздер. Ең жиі кездесетіні — “д” мен “л” дыбыстарының алмасуы. Мысалы, “Кер миық маңлайының жұлдызы бар, Құран сөзін өңлеп айтып” (Сегіз сал мен Ұлбай қыз); “Құлақ сап тыңласаңыз мойын бұрып” (Бақтыбай мен Тезек төре); “Аңлашы, албан бай ма, дулат бай ма” (Жамбыл мен Құлмамбет); “Сөзімнің Үмбетәлі, аңла парқын” (Нұрила мен Шашубай). Лексикалық диалектизмдерге мысал келтірсек, Қарасақал Ерімбет:

Құрметті жанабыңа, мырза Аппаз,

Тағаңды жұмсап, біреуді көріп жақпас,

Бұрынғы қариялардан қалет бар ма,

“Татулық - екі жақтан” деген рас (9, 180).

Бұл шумақтағы таға, қалет сөздері диалектологиялық сөздікте “нағашы” және “өтірік”, “жалған” деп беріледі (15, 186-312).

Я болмаса Майкөт ақын:

Онан соң бес-алты жыл бақтың пада,

Жауыр қып құйрығыңды мінген тана (9, 179).

“Пада” дилектизмі сөздікте “табын”, “бір топ мал” деп берілген. Құлмамбет пен Майкөт ақын қанша айтысса да, бір-бірін жеңе алмай, төрелікке қырғыздың ел билеушісіне барады. Құлмамбет алдын ала аузын алып қояйын деп, мақтап өлең айтып, оны пайғамбарға теңейді. Бұған ол ашуланып, енді Майкөт ақын “мені жаманда” дейді. Майкөт ақын оның бақташы болғанын, басынан кедейшілік кетпегенін, жиырма беске келгенде ғана дәулет бітіп, ел билеуші болып отырғанын, яғни, барлық ащы шындықты бетіне басып айтады. Майкөт ақынның жамандап айтқан өлеңін естіген соң, “Майкөт жеңді” деп төрелік айтыпты. Бұдан басқа: “Алыстан іздеп келген нән екенсіз” (Сүйінбай мен Уазипа); “Шамбасы ұқсамай ма жабағыға” (Сапарғали мен Нұржан); “Мұт бермесең теріңді мен алмаймын” (Меңеш қыз бен Әжінияз); “Сіз бен біз бұл уақытта әйдік едік” (Омар мен Маржан); “Баласы екі тату деңгел деген” (әміреш пен Ақыш); “Бала едің биялайға туған жақын” (Дәрі қыз бен Сапаназар) “Жасатқан піскен қыштан, әйнек құрып, Қыс болса, орнатқан тамдарым бар” (Мансұр мен Дәме) және т.б. Iлгерідегі берілген диалектизмдер (нән - үлкен; шамбасы - самасы; мұт - тегін; әйдік - үлкен, зор; деңгел - бірдей; биялай - қолғап; тамдар - қолдан құйылған балшықтан, кірпіштен салынған үй және т.б.), біріншіден, ақындардың жергілікті ерекше-лігін көрсетсе, екіншіден, сол ақынның стильдік даралығын, ойды көркемдеп жеткізудегі ерекшелігін танытады. Және де айтыс өлеңдеріндегі диалектизмдерге қарап отырып, қай елдің ақыны екені аңғарылады. Ғалымдарымыз: “XIX ғ. әдебиет үлгілерінің тіліне қарап, сол кездегі қазақ тілінде айтарлықтай жігі ашық диалектілік жіктеу болды деп айту қиын”, - дейді (12, 72).

Сондай-ақ айтыс өлеңдерінде қарапайым сөздердің қолданғанын да байқаймыз. Қарапайым сөздер - белгілі бір стильдік мақсатпен сөздің мазмұнын тұрпайыландыра, дөрекі етіп қолданылатын тілдік құралдар. Бұлардың жалпылама лексикаға қарағанда эмоционалды-экспрессивті бояуы күштірек болады. Қарапайым сөздердің лексикасына қарапайым, дөрекі, анайы сөздер, варваризмдер, жаргон сөздер мен кейбір диалектизмдер, тұрпайы мәнді фразеологиздер енеді.

Айтыс өлеңдері диалогке құрылғандықтан, ауызекі сөйлеу тіліне жақын келеді. Ал қарапайым сөздер көбінесе сөйлеу тілі стилінде қолданылады. Қарсыласының сауалы мен жауабына орай ақындар тіліндегі қарапайым сөздер белгілі бір көркемдік мақсат үшін жұмсалады.

Жиналған мысалдарды сұрыптаған кезде қазіргі лексикамыздың әдеби тіл нормасы тұрғысынан біразы диалектілер деп қаралғанымен, өткен дәуірде олар әдеби тіл элементтеріне жататынын байқадық.

Осы ыңғайда ғалым С.М. Исаевтың әдеби тілдің қалыптасу жолдары туралы тұжырымын еске ала кетелік: “Кейде тіпті бір я бірнеше диалект әдеби тілге негіз болып, қалған диалектілер әдеби тілдің баюына, сымбаттала түсуіне, сөз құдіретінің артуына, жанрлық стильдік жағынан күрделене, сомдана түсуіне ықпал етуі де ықтимал” (3, 41).





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет