«Алыстан сермеп, жүректен тербеп» Ебіней Бөкетовтің хаттары бойынша эссе [Мәтін]/ М. Сәрсеке // Егемен Қазақстан. – 2013. – 30 қаңтар



Дата08.06.2018
өлшемі262,5 Kb.
#41991

Сәрсеке, М.

«Алыстан сермеп, жүректен тербеп» Ебіней Бөкетовтің хаттары бойынша эссе [Мәтін]/ М. Сәрсеке // Егемен Қазақстан. – 2013. – 30 қаңтар (№56). – (Тағылым).







Медеу СӘРСЕКЕ,

жазушы.
Бұдан елу-алпыс жыл бұрын екi мемлекетте ғана емес, ұрымтал екi ауылда отырған адамдар бiр-бiрiне көл-көсiр хат жазып, шаруа жайын, жай-күйiн ақ қағаз арқылы жеткiзiп, жан сырын да ағынан жарыла шертетiн едi. Соларды оқып отырып, бұдан жүз жыл бұрынғы жан иесiнiң ойын, тұрмыс тынысын, не киiп, не iшетiнiн, мiнез-құлқын да айна-қатесiз айыруға болатын-ды. Бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғы дәстүрлi мерекелер қарсаңында бiр-бiрiмiзге ашық хат («открытка» аталатын) жолдап, игi тiлек, құттықтау айту да ұмыт бола бастады. Әлбетте, мүдделi iс туралы да қаншама хаттар жаздық. Соның бәрiн қазiр сұқ саусағындай ғана ұялы телефон ауыстырды. Сонымен-ақ өзiмiздi қаншама рухани тонап, өмiр сүру қызығын мейлiнше жұтайтып алғанымызды, сiрә, түсiнбеймiз. Қаншама ыстық сезiм, айран-асыр қуаныштан жұрдай болдық десеңiзшi!.. Осы бір өкініш есiмi дүйiм елге мәшһүр академик Ебiней Арыстанұлы Бөкетовтің архивiнде сақталған қисапсыз көп хат бумаларын оқыған кезде, тіпті, өзекті өртейді. Хаттар Ебiней Арыстанұлының 1960 жылы Қарағандыға, ҰҒА-ның Химия-металлургия институтына директор болып ауысып, сол жерде 1983 жылдың аяғында опат болғанға дейiнгi 23 жылдық ғұмырын қамтиды. Ұзын-саны мың қаралы. Жағрафиялық жөнiнен Мәскеу, Ленинград, Киев, Вологда, Донец, Иван-Франко, Свердлов (Екатеринбург), Новосiбiр, Қорған, Том, Алматы, Семей, Қызылжар, Тәшкент, Бiшкек, Тараз, Шымкент, т.б. ондаған қалалар, селолар мен ауылдардан жазылған. Әрине, солардың бәрiне ғалым жауап жазған, кейде көкейкестi iс мүддесiн ойлап, өзi де көл-көсiр хаттар жолдаған. Өкiнiштi жайт: үнемi қара сиямен әрі қолымен жазғандықтан көптеген хаттардың көшiрмесi сақталмаған; оларда не жайында сөз болғандығын жауап хаттарды оқудан тұспалдап ұғуға болады; соның өзiнде сұңғыла ойлы, жаны мен жады сергек ғұламаның бүкiл болмысын, алып тұрпатына сай кесек тұлғасын жете ұғынасың.

Әрине, 2005-2011 жылдар аралығында Алматыдан, Астанадан, Мәскеуден және Қарағандыдан жарық көрген «Ебiней Бөкетов» (жиыны 6 мәрте, таралымы 14,5 мың дана) ғұмырнама кітаптарымда мен бұл хаттардың таңдаулыларын әжетiме жаратып, ғалым бейнесiн сомдауға барынша пайдаландым. Бiрақ, бәр-бәрiн ұқсата алмағаным түсiнiктi. Төменде мен біртуар ғалым поштасын қайыра бiр сұрыптап, барынша iрiктеп, жан-жақты бiлiмдi, өнерлi, ұлттық ғылымды өзi шұғылданған сирек металдар технологиясы саласында дүниежүзiлiк деңгейге көтерген ғұлама перзентiмiздiң жан дүниесiн осы қырынан әсiрелеусiз ашуға талап жасап отырмын…

Ғалымның ойын бұзбас үшін кейбір үзінділерді жазылған қалпында келтірдім. Енді біразын қазақша үрдіске түсірдім…

Е.А.Бөкетовтiң Б.Ф.Тарасовқа хатынан (4 шiлде 1982 жыл):

«Жетi жасар балақанның жадында көп нәрсенiң сақталмайтынын ескерте отырып, мен сiзге, аса қадiрмендi Борис Федорович, Малый Кизякта тұрған уақытта есiмде емiс-емiс қалған кейбiр оқиғалар көз алдымда көлбеңдеп, әр алуан ойға түсiретiнiн ашық айтқым келеді. Солардың бiрi – ең алғашқы ұстазымның мейiрман бейнесi. Ол кiсi толық денелi, кексе тартқан әйел едi, дабырлап қатты сөйлейтiн, үнi бiрақ құлаққа жағымды естiлетiн-дi. Орыс тiлiн ол кезде мен мүлдем бiлмеймiн, ұстазым есiмiн атауға тiлiм келмей қиналғаным есiмде. Сiрә, сол себептен де ол кiсi менiң жадымда Агустастина болып мәңгi жатталып қалды. Бертiнде, сiздiң халықтың тiлiнiң бүге-шiгесiн меңгерген кезде бұл есiмнiң Августа Устиновна екенiн шамаладым. Ал нақты фамилиясы туралы менiң де, әке-шешемнiң де ешқандай түйсiгi болмағанына түсiнiкпен қараңыз… Жә, сонда ол кiсiнi нелiктен ұмытпадым дегенге келсек? Бұл болса бiздiң отбасының әрдайым сүйiспеншiлiкпен еске алатын және жиi айтатын әңгімесі…

Оның себебi қатал тағдыр тәлкегiмен туып-өскен жерiнен безiп, босқын болған жылдарында үй-iшiмiзге сiздiң анаңыздың көрсеткен шынайы кiсiлiк қылығында дер едiм. Мынадай жәйтке сiз мән бере қараңыз: бiр жолы менiң әкем әлдебiр танысымен өзiңiзге мәлiм Лебяжi стансасына барып, күмiстен соғылған кейбiр заттарын азық-түлiкке айырбастамақ болады, амал нешiк, сол күнi олар тым қырағы милиционердiң қолына түсiп қалады; бiрден-бiр асыраушысынан айырылған анам көз жасын көлдетiп, менi жетектеп мектепке барады; Августа Устиновна дереу сiздiң әкеңiзге ат жектiрiп, аудан орталығына жетiп, торкөздi үйдiң iшiнде нақақтан отырған шерменделердi бостандыққа шығарады; егер ол кiсi жедеғабыл араласпаса – бiздiң отбасының жағдайы не болар едi, менiң де келешек тағдырым нендей қияметке түсерiн құдай бiлсiн?!

…Қысқасы, шынайы ұстазым, жүрегi қайырымдылыққа толы жанның кiм екенiн бiлмекке мен құштар болдым. Тым кеш болса да жөн-жобасын анықтауды жөн көрдiм. Содан, не керек, өткен жылы Қорған облысына арнайы барып, Малый Кизякты тауып, мұғалiмiмдi сұрастырып едiм, селоның жаңа тұрғындары ештеңе айта алмады. Мектеп үйi тып-типыл жоқ болыпты, оның жұртын бойлап өскен ескi еменнен таныдым. Қайтарда далбаса үмiтпен Мокроусово қалашығындағы өлкетану мұражайына соғып, одан сiздiң ағаңыз, генерал Г.Ф. Тарасовқа арналған стендтi көрiп, кiшкентай Германды алдына алып отырған келбеттi әйелдiң суретiне көзiм түскенде сiлейiп тұрып қалдым. «Батырдың анасы – Августа Устиновна Тарасова» – деген түсiнiк айтты мұражай қызметкерi. «Оған қоса менiң ең алғашқы Агустастина ұстазым, өзiме әлiппе танытып, әкемдi түрмеден құтқарушы!..» – дедiм көп жыл алаң боп жүрген жұмбақтың оп-оңай шешiлгенiне қуанып.



1997 жылы жарыққа шыққан «Наш Букетов» атты кiтапта жарияланған естелiгiнде Ресей ғалымы, Орал политехника институтының ректоры С.С.Набойченко «Бiртуар, Ойшыл, Еңбекқор» деп өз басынан кешкен мына бiр жайтты бүкпесіз әңгiмелептi:

«1978 жылы мыс металлургиясында автоклав жарағын қолдану жайында докторлық диссертация дайындап, ғылыми жетекшiм И.Ф.Худяков екеумiз оппоненттiң бiрiне Е.А.Бөкетовтi шақыруды жөн көрдiк. Ол кiсi бiрден келiстi. Бар жұмыс бiтiп, жұмысты қорғау 1979 жылдың 7 ақпанына белгiленген… Кенет қорғауға екi апта қалғанда Ебiней Арыстанович менi Қарағандыға шақырды. Жұмысымның қолжазбасынан көптеген стилистикалық қателiктер көрiптi, кейбiр жерiн қайта түзету жөнiнде диктофонға пiкiрiн жазып қойыпты. «Жұмысың ғылыми жөнiнен өте мәндi, бiрақ соны баяндауың өте нашар жазылған, қате құрылған сөйлемдер бар. Ғылым докторы атанбақ бiлiктi орыс адамына менiң, қазақ баласының орыс тiлiн былай жаз деп ақыл айтуым ыңғайсыз нәрсе…» – деп жұмысымды қайтарып бердi. Айтып отырғаны – екi аптада түзелмейтiн олқылық. Ұнжырғам түскен мен: «Құптамаған пiкiр жазып берсеңiз де қорғауды тоқтатпаймын!..» – деп өре тұрдым. Алайда, Ебiней Арыстанович райынан қайтпады.

Менiң қозғауыммен Свердловтан телефон шалған ғылыми кеңестiң төрағасы мен оның орынбасарының өтiнiшiн, төтенше жағдайды түсiндiруге тырысқан үгiт сөздерiн құлағына қыстырған жоқ. Айтары бiр-ақ сөз: «Шалағай да сауатсыз жазылған жұмысты талқыға жiберуге болмайды!». Амал қанша, қорғау мерзiмiн бiр айға шегiндiрдiк. Менiң сорыма қарай, ғылыми кеңестiң өкiлдiк мерзiмi бiтiп, ақыры оны бiр жыл кешiгiп, 1980 жылдың ақпан айында қорғадым. Ебiней Арыстановичтiң рецензиясы оңды болды, кеңес мүшелерi жүз пайыз дауыс берiп сенiм көрсеттi, жарым жылдан соң ВАК-тың мақұлдаған қарарын алдым…

Әрине, сол кезде мен ол кiсiге кектене қарап, ұсақ-түйекке соншама шүйiлгенiне ренжiп жүрдiм. Арада бiраз уақыт өткен соң келешек өмiр жолыма ұлағаты мол сабақ алғанымды түсiндiм. Содан былай ойымды нақтылап жазуды, әр сөйлемнiң түсiнiктi де жинақы болуын қатты қадағалайтын болдым, оны аз десеңiз, шәкiрттерiмнен де соны талап ететiн әдетке бойсұндым. Әлбетте, сол бiр табанды да қатаң талабы үшiн қазақ әрiптесiме өмiр бақи қарыздармын. Мұндай қылық өте күштi, айтқанына кәмiл сенiмдi үлкен тұлғадан туатыны түсiнiктi…».

«Қарғам Есләмбек! 1943 жыл. Жазғытұрым. Жобасы, март айы. Әкей марқұм 1942 жылдың 9 декабрінде қайтыс болды. Жиған-тергенiмiздi әкемiздiң батаоқырына түгел жұмсадық. Өйткенi, «Өлiм бардың малын шашады, жоқтың артын ашады…» деген нақыл бар. Иманды болғыр Бәлтай шешемiз алды-артына қараған жоқ, қолдағының бәрiн ас беруге салды. Қызыл сиыр көтерем боп жер қапты. Көк биеден де айырылдық, асырай алмадық… – деген сөздердi Ебiней Арыстанұлы артынан ерген төрт iнiсiнiң ең кiшiсiне 1981 жылдың 16 қыркүйегінде жолдаған. Сiрә, Қарағайлы қорғасын комбинатының бас директоры болып отырған бауырының кеуде керетiн өктем қылығын ұнатпай, қандай жағдайда өскенiн есiне салып қоюды жөн көрген сыңайлы. – Мен Ольгинкада мұғалiммiн, айына бiр пұттай паек аламын, үй-iшiмiз соған қарап қалды. Сөйтiп жүргенде бiр күнi, талонға зат беретiн рәсiм болушы едi, соның бiреуiне саған кiшкентай бәтеңке алып келдiм. «Қарғам-ау, – дедi шешеміз. – Мұны қайтушы едiң, соның орнына… бiр көйлектiк мата алсаң едi…» Сонда да ойыма келген iстi байқайын деп, сенiң екi жарым жастағы кезiң, екi аяғың шидей, мешелсiң (тоя тамақ iшпеудiң салдары), жүрмейсiң. Сенi алдыма алып бәтеңкенi кигiздiм. Бауын байлап отырғанда сен: «Әй-әй-әй!..» деп қуанып, менi құшақтап түрегелiп тәй-тайлап жүре бастадың…

Бәлтай марқұм ағыл-тегiл жыласын, оған қосылып мен де егiлдiм. Сiрә, сенiң сол сәтте қалт-құлт жүрiп кеткенiңе қуанғаннан жыласақ керек… Көйлектiк пұл алмағаным ұмыт болды. Сол сәтте Жұдырық тәтемiз келiп: «Әкесi бар бала да мұндай бәтеңке кигенiн көрсем – көзiм шықсын!..» – деп әрi күндеп, әрi жебеп, бұрқылдап сөйлеп-сөйлеп шығып кеттi.

Сол жылдың жазы. Он бес жасар Қамзабай ертелi-кеш салпақтап сиырдың соңында (колхоздың табынын бағады). Тамақ аз, аяғында шәрке. Таң атпай тұрып, буыны сылқылдап әрең кетедi. Мен мұғалiмдiк жұмысымнан босап үйге келгемiн. Ерте тұрдым да ағашқа кеттiм. Қоршауы бұзылған бақшаның iшiне мал кiрiп кетiптi. Сырық кесiп, оларды бұтақтан арылтып, қоршаудың ашық жерiн қайта қымтағанша түс болды. Аяғымды сүйрете басып, үйге титықтап әрең жеттiм. Шешемiз маған iрiмшiк жасап, бетiн шүберекпен жауып қойыпты. Соны ымдап көрсетiп, жеп ал дегендей болып, сенi, Шабдан мен Жаркендi (Жартас – М.С.) үйден шығарып жiбердi. Ал сендер, шешемiздiң қулығын сезiп қалып, есiк алдынан кетпей қойдыңдар. Тегештi алдыма алып, iрiмшiк толы қасықты аузыма апара бергенiм сол едi, үшеуiң жетiп келдiңдер де бас салдыңдар. Қысқасы, менiң сыбағамды төртеумiз бөлiп жедiк. Бәлтай марқұм қайта келгенде: «Әу, мына күшiктер қашан кiрiп кеткен?..» – деп сендерге ұрсып жүрiп шай қойды. Сөйтiп, шаршап, қарным ашып келгенде өзiмше тойған кiсi болып, сыр бiлдiрмей жата кеттiм. Шешемiз сонда мүлдем аш жүредi, қатты шаршайды. Сендерге де: «Бұл жетiмдердi өмiрi асқа тойғыза алмайсың» – деп ренжитiн…»

Алматыға оқу iздеп келiп, қандай қиыншылықпен оқығанын да (1945-1950 ж.ж.) ғалым iнiсiне жолдаған осы хатында, сiрә, ойлансын деген ниетпен жазса керек, ешқандай бүркеусiз қаз-қалпында әңгiмелептi.

«Студенттiк кез. Бәлтай марқұм, Қамзабай екеуi аңда-саңда посылка жiбередi. Мен майын жемеймiн, базарға сатып, өздерiне шай жiберемiн. Бiр жолы майды ашсам, 1947 жылдың күзi-ау деймiн, iшi жуан-жуан иiрiлген құрт (тұздамай жiберген). Плиткаға қойып қайнатып, тортасын шығарып, оны да сатып, шайға айналдырып, үйге қайтардым. Олай iстемесем күнкөрiстерi қиын: Қамзабайдың айлығы 300 сом, менiң стипендиям 300 сомның үстiнде; шешей киiм тiгедi, ақкөңiлдiгiмен көбiне тегiн тiгедi, аздап бiрдеме тапса – көп тапқандай болып қуанып отырады… Шешемiздiң ол мiнезiн бiлемiн, үй жағдайымыздың жүдеу екенiн де бiлемiн. Қамзабай хат жазған сайын менi ширатып, тұрмысымыз тамаша деуден танбайды. Екiншi курста оқыған жылы жазда шауып кеткен шөбiмдi Қарашолақ деген Құбайдың белсендi ағасы болатын, сол неме әлiмжеттiк жасап колхоздың жерiнен шаптың деп Қамзабайдан тартып алыпты… Ағаң Қамзабайдың сендердi асыраймын деп кешкен бейнетi менiң азабымнан титтей де кем болмады. «Оқуыңды қоя тұр!» – деп сөйтiп жүрiп маған айтқан жоқ. Елуiншi жылдардың ортасына дейiн бiздiң отбасы тұрмыс жүдеулiгiнен арыла қоймады…

Сендер сөйтiп өскен балалар едiңдер. Ендi күллi туыстан Қамзабай екеумiз, екi шал ғана қалып отырмыз… жақыннан сыйлауды тiлейтiн жасқа келдiк… Ағайынға өкпелегеннен жақсы ағайын табылмайды. Ақылды адам ағайынға өкпелемейдi. Жалпы өкпелеу – наданның iсi… Өкпелемей, ақылың мен парасатыңа жеңдіріп, мiнезiңдi жөндеу керек!..»

«Ардақты, сүйiктi iнiм Есләмбек!.. Қасыңда жөн айтар ақылшың жоқ. Бiлемiн. Мұндайда адам өз қайратына сенуi керек. Әкемiз бiр адамға өкпелеудi бiлмейтiн қайырымды жан едi. Оқымағанның ақылдысы да. Шешемiз Бәлтай марқұм да мейiлiнше ақкөңiл болды, сiңiрi шығып жүрiп бiреуге көмектескiсi келiп емешесi үзiлiп тұратын… Есләмбек, мен сенi жас күнiңнен асырап едiм деп бұлданғалы отырғам жоқ. Ана жылы тұңғышыңды алып келгенiңде… соның бәрi қайтқан. Бұдан артық ағаны сыйлау болмайтын шығар дегемiн. Алғысым мен батамды сонда бергемiн…» – деп 1983 жылғы жолдауында кенже iнiсiне ризалық сөзiн айтса, одан екi жыл бұрынғы хатында: «Бұл баланы мен сенен сұрағам жоқ-ты, бiрақ та тұңғышын өзi ұсынғаны – менi әкесiнiң орнына ұстағаны… деп түсiнгем-дi. Әлi де солай түсiнем… Сенiң мәрт көңiлiң, осы баланың сәбилiк ләззаты Зүкең екеумiздi қайтадан жасартты… Бұл бала жұрт алдында болса қуанар едiм, жұрт алдында болмай өссе – бәрiбiр тiрi болсам кемдiкте ұстай алмаймын. Өзi жеке қалғанда қайдан бiлейiн, тағдыры қандай болатынын…» – деп тiршiлiк күйтiнiң қиын бiр мұңын iнiсiне жеткiзген.



Жоғарыда ескерткенiмiздей, Ебекең архивiнде өз қолымен жазған хаттар көп емес, санаулы. Хат жазушы марқұм болғаннан кейiн мұражайына қайтарылғандар ғана. Соның бiрi – Мәскеуден туған жұртындағы ел ақсақалына жолдаған хаты.

«Ардақты Аха! Бұл хатты Мәскеуден жазып отырмын. Жатқан жерiмдi – Институт кардиологии Академии медицинских наук им. Мясникова деп атайды. Елiмiздегi жүрек емдеу жөнiндегi ең үлкен орталығымыз. Кардио – жүрек деген сөз, кардиология – жүрек ғылымы мағынасында. Мұнда әрi емдейдi, әрi емнiң жаңа әдiстерiн ғылым жолымен iздестiредi. Қазiргi жағдайым жақсы сияқты, бұдан әрi осылай бола берсе – жақсарғаны, мүлдем қалпына келтiру қиын көрiнедi, бiрақ емдеп, ремонттап, салақсыратпай уақытында қаратып отырса – ептеп күнкөрiске жарамды болады деген жорамалды дәрiгерлер түсiндiрiп жатыр.

Басында өзiм қорқыңқырап та қалып едiм – бұл өмiрдiң өзi ұзағырақ болмағаны ма деп, қазiр тәубешiлiк айтып отырмын. Өйткенi, әкем марқұм айтқан едi – Бөкет атамыз 52 жасында қайтыс болды, бiздiң тұқым ұзақ өмiр сүрмейдi деп. Бiрақ, Ыбекең ақсақал (Бөкеттiң екiншi ұлы – М.С.) 82-ге келгенiн көңiлге медеу тұттым, емханада шалқасынан бос жатқан адам ненi ойламайды…

Анадағы Сiздiң үйдегi баланың, Уәйiстiң (бұрынғы Сергеев, қазiрде Шал ақын атындағы ауданның орталығында тұратын құрдасын айтып отыр – М.С.) бiр баласының мен ауырып қалып көңiл аудармаған соң ретi келмедi-ау деймiн, бiрақ ден сау болса келешегiн ақылдасармыз. Балалар өзiмiздiң ұрпақ қой, оларға қолғабыс тигiзбегенде кiмге көмек жасайсыз?! Тек өзiң әдейi келгенде аяқсыздау болғанына көңiлiм аздап қобалжыды, бiрақ өмiрдiң оңы мен солын жобалайтын ағамыз… ренжiмеген болар деген ойдамын…

Ауылдағы ақсақалдарға – Сәкеңе, Маутай-ағама, Бәкеңе, Қасым-Кәкiмдерге, үлкен-кiшiсiне дұғай сәлем! Балду мен Сiздiң үйдегi балаларға және сәлем. Дертiм сауығып, жақсы болсам – Құбайдың үйiне, Мүслима жеңгемiзге бата қылуға әдейiлеп барамын.

Құрметпен, жақсылықпен көрiсуге тiлектес iнiң Ебiней, 27. 09.1976 жыл.

Мәутай-ағама айтарсыз: жалғыз өзiнiң Мәскеуге іздеп келгенi – Сүгiрдiң алты баласынан кем қорғаныш болған жоқ көрiнедi деп…»

«Медеу! Маған Герт пен Брагин (қазақстандық жазушылар – М.С.) Сенiң кiтабың шығыпты деп жазды. Қанекең жөнiндегiңдi айтам. Қуанышым қойныма сыймай кеттi. Ержiгiт, қажырлы жiгiт екенсiң, рақмет!

Бұл жақта ол әзiрше жоқ. Бiр экземплярын жiберсiң, жалпы маған әрi қарай жазуыма көмектессең – алғыс қана айтатын болам, өйткенi мен әлi мыжғылайтын түрiм бар.

Келiнге, үй-iшiне сәлем. Жаңа жылың құтты болсын!

Құрметпен ағаң Бөкетов, 18 январь 1981 жыл».

«Батыр Медеу iнiм! Сенiң хатыңды алғалы едәуiр күн болып қалды, бiр қауырт жұмысым болып, бiрден жаза алмадым, атүстi жазғым келмедi. Бүгiн қол босанқырап саған хатқа кiрiсiп отырмын. Тағы да қайталап айтам: Сенiң бұл iсiндi орыс тiлiнде «подвиг» деп атайды… Кiтап та тамаша болып шыққан. Халық Саған, тiптi ескiше айтайық, аруақ Саған ырза!..

Медеу, мына кiтабына пiкiр қарастырғың келедi, жобасы. Баспа пiкiрдi айтып отырмын. Ол қажет-ақ болар едi, жазар да едiк, бiрақ соны басатын кiм бар? Соны ойлан. Егер менi қаласаң… дайынмын. Әр нәрсенiң кемшiлiгi де, жетiстiгi де болады және әркiм өз пiкiрiн айтып жатады, айта тұра тек менiң айтқаным дұрыс дейтiнi де болады. Мәселе онда емес, мәселе Қанекеңнiң халық үшiн iстеген iсiн көпке үлгi етуде ғой. Бұл жөнiндегi Сенiң еңбегiңдi кiм өшiре алады? Соны айту қажет қой, Қанекеңдi тағы да айту қажет қой, өйткенi тiрiсiнде көпке парасаты мен шарапаты тараған кiсiнiң аруағы да құдiреттi болмақ қой. (…) Бұл кiтабың өлмейтiн кiтап, ана тiлiнде де шығарарсың, бiр шығып қана қоймас, шыққан сайын жөндеп те жатарсың. (…) Бiрақ, сенi қазiр қолдау қажет едi, оған дәрмен болмай жатқан жоқ па! Жағдай солай, айналайын Медеу.

Қолжазбаның ең жуанын бер маған. Сенiң еңбегiңдi мадақтап отырмасам, кемiте көрмен. Менiң ойым алыста, бiрақ шамамның келетiн-келмейтiнiн бiлмеймiн. Баспалар менен аулақтап жүр, бiрақ уақытша болар деген сенiм мол. Дегенмен, еңбек жеңер деген ойдамын. Бұл уақытша құбылыстарға көңiл бөлмей, жұмыс iстей берудi «Қасымның қасқа жолы» деп тауып отырмын. Сондықтан, маған Қанекеңнiң тұлғасы бүкiл өмiрдi көрсетерлiк сияқты. Мен бұл iске қазiр осындай кең тұрғыдан қараудамын. Сондықтан, Сенiң жуан қолжазбаң да, өзiң де маған талай қажет боласың… Өмiрi ақылдаспай жұмыс iстеп көрген адам емеспiн, көп ақылдасқанның пайдасын болмаса, зиянын көргем жоқ.

Осымен тәмамдайын. Келiнге, балаларға сәлем. Бек саулық тiлеймiн.

Ебiней Бөкетов. 22 февраль 1981 жыл, Қарағанды».



Ебiней Арыстанұлының сыр ғып шерткен осынау шерлi ойын мен оның мәскеулік академик В.И. Спицинге 1979 жылдың 30 тамызында жолдаған ұзақ хатының соңғы бетiнен және ұшыраттым: «Сәтбаевтың арамызда жоғын зор өкiнiшпен еске аламын, – дептi ғалым онда. – Ал ол кiсi, есiмде сақталған iс, көмiр химиясын зерттеу жұмыстарын жолға қоюды өте-мөте жиi айтып, түптеп келгенде көмiрдi химиялық жолмен пайдалану мәселелерiн зерттейтiн академиялық институт ашуды мақсат еткен едi. Бiз ол кезде жастықтың әсерiнен, әлде ақылымыз жетпегендiктен тұңғыш та әзiрше бiрден-бiр ұлттық академигiмiздiң көрегендiкпен тым ертеден болжаған, әмбе жаны ауыра ойлаған маңызды iсiне мән бермедiк, амал қанша…»

Бiздiң шамалауымызша, Ебiней Арыстанұлына көмiр химиясымен түбегейлi шұғылдануға пәрмендiрек те ерекше әсер еткен екiншi адам – Социалистiк Еңбек Ерi, КСРО Ғылым академиясының Физикалық химия институтына көп жылдар бойы директор болған, уран химиясының аса зор бiлгiрi, академик Виктор Иванович Спицин.

«…Қарағанды сiрескен көмiрдiң үстiнде тұр, демек оны сұйылту мәселесiмен шұғылдануды Сiзге тағдырдың өзi жазған… Әрине, көмiрдi сұйылту iсi бiрден өрiс алып кете қоймас, бiрақ жүрдiм-бардымға салып уақыттан ұтылуға тағы болмайды. Мен Сiзге алдағы уақытта өтетiн кеңестер, конференциялар туралы ұдайы хабар берiп отырамын. Бұларға сiздiң қатысуыңыз қажет. Сонымен қатар, Сiз өз тарапыңыздан Қазақ ССР Ғылым академиясының Химия-металлургия институтынан немесе Қарағанды университетiнен қабiлеттi екi-үш химиктi iрiктеп алып, Мәскеуге, КСРО Көмiр өнеркәсiбi министрлiгiнiң пайдалы жанғыш қазбалар институтында тәжiрибе жинақтауы үшiн ұзақ мерзiмге жiбергенiңiз жөн болар едi… Мен олардың бiр жыл, аз дегенде алты ай алаңсыз жұмыс iстеуiне жағдай туғызар едiм», – дептi мәскеулік ғалым 1979 жылдың аяқ шенiнде академик Бөкетовке жолдаған хатында.



Ғалымның тетелес iнiсi Қамзабай Бөкетовтің «Орталық Қазақстан» газетiнде «Вике мен Еке» деген атпен 1990 жылы жарияланған деректi хикаятында баяндалатын ұлағатты жайттар және нақ сол кiсiнiң зор iлтипатпен бiзге сый еткен – Ебiней Арыстанұлының В.И.Спицинге жазған 6 хаты мен мәскеулiк академиктiң оған жолдаған 3 хатының ксерокөшiрмесiмен танысу менiң көңiлiмде түрлi-түрлi толғаныстар туғызғанын мойындауға тиiспiн. Асылында отандық ғылымға аса сирек кездесетiн элементтердiң химиясын зерттеу, әсiресе, атомдық өнеркәсiпке қажет шикiзатты өндiру саласында өлмес мәндi еңбектер жасаған атақты ғұлама, сол күнде жасы сексенге ентелеген мәскеулiк кексе ғалым мен оның қазақстандық әрiптесi, әмбе одан қилы жас кiшi қарағандылық ғылым иесiнiң 1978-1983 жылдар аралығында жазысқан хаттарында ресми де ғылыми хабарламалар басым сияқты көрiнгенiмен соның бәрiне де сыналай кiрiп, әрқилы тiршiлiк тауқыметтерi көңiл күйлерi жайлы әредiк өзара сыр шертiскен, шынайы адамгершiлiк жүректерден шыққан жылы лебiздердi тебiренбей оқу мүмкiн емес.

«Аса құрметтi де қымбатты Вике! Сiздiң үнiңiздi естiп қатты қуандым және Сiздiң жексенбi күндерi де жұмысты, көкейтестi iстi ұмытпайтын қасиетiңiзге қатты таң қалғаным сонша, тiптi бұл жайында жиi-жиi есiме алып жүрмiн. Ал бiздегi кейбiр бойкүйездер жексенбi күндерiн апта бойы тау қопарып, тас тасығандай, берi салғанда шөп шапқандай-ақ үздiге күтедi…» – деп Ебiней Арыстанұлы ағынан жарыла сыр шертсе, нақ сондай шынайы адамгершiлiк лебiздермен осы хатқа жауап жаза отырып, мәскеулiк ғалым да: «Қымбатты Еке… Сiздiң көмiрдi гидрогенизациялау (сұйыққа айналдыру – М.С.) үшiн сутегiн қолдану жөнiндегi соны ойыңыз маған ұнайды. Соған қоса мен назарыңызды осы процестен шығатын сұйық заттардың сипатын анықтауға да аударуға кеңес беремiн… Сiздер автоклавтың қандай түрiн қолданып жүрсiздер? Бiз мұнда автоклавпен бiршама жұмыс iстедiк, қажет десеңiз – тәжiрибемiзбен бөлiсуге дайынбыз…» деп нақтылы қолғабыс етуге әзiр екендiгiн iлтипатпен бiлдiредi.



Е.А.Бөкетов: «… Көмiр химиясы жөнiндегi тiрлiк бiршама өзгешелеу болып тұр. Амал не, ертегi тез айтылғанымен өмiр­де ондай тездiк жоқ. Сiздерде жаттығудан өткен жолдас кейбiр уақытша жағдаяттарға бойсұнып бұл жұмыстан бас тартты. Ыңғайсыз-ақ iс болды, жағдайдың кейде бiздiң ырқымыздан тыс уақытша әуендерге түсетiнi белгiлi.»

Академик Ә.Х.МАРҒҰЛАН, 7 сәуiр 1973 жыл, Алматы – Е.А. БӨКЕТОВКЕ:

«Ардақты Ебке! Сансыз сәлем. (…) Қаныш жайында кiтап жазу әрине оңай емес. Бiрақ, жазу керек. Және оны жай кiсi жазғаннан гөрi инженерлiк өнердi жүйрiк бiлетiн, техника ғылымының иесi жазуы керек. Олай болмаса көп нәрсенiң үстiнен өте шығып, негiзгi мәселелер қалып қоюы мүмкiн. Сiз үшiн Қаныштың инженерлiк дәуренi өте түсiнiктi, айқын көрiнiп тұратын болуға тиiстi. Оны ешкiмнен сұрамайсыз да, тек уақыт тауып еске түсiрiп, шетiнен кертiп жаза бересiз.

Сiзге көмескiлеуi – Қаныштың ауылдағы бала кезi. Қандай ортада өсiп, қандай тәрбие алғандығы. Тегiнде Қаныш туралы жазу – бүкiл қазақ халқы туралы жазу деген сөз. Мұхтар жазған «Абай» – ақын Абайдың өз басының дәуренi ғана емес, барлық қазақ халқының суретi, тiршiлiк жасауы, күнкөрiс-тұрмыс, әлеуметтiк, саяси жағдай барлығы бар. Қаныш туралы да осының барлығын қамту керек деп айтпаймын, бiрақ өлшемдi түрде орын алуы қажет.

Қаныштың геолог жолдастары, оның аса бiлiмдi, мәдениеттi елдiң өзiнде сирек кездесетiн жарқын мiнезiне, сыпайылығына, ботадай елбiреп тұруына таң қалатын. Қанышты еске түсiрудегi бiр жиылыста профессор И.И. Бок: «Тағы, надан елден осындай кiсi шығу мүмкiн бе?» – деп маған сұрақ қойды. Ол кiсi Қаныштың әкесiн, қазақ халқын түсiнбей, әдебиетте жалпы қалыптасқан сарынмен айтып отыр. Ашық айтқанда, Қаныштың сыпайылығы, көп бiлуi әкесiнен ауысқан қасиет. Қаныш пен бiз бала күнiмiздi кемеңгер әкенiң бауырында өткiзiп, күн сайын олардың ғажайып әңгiмелерiн естiп өстiк. Олар қазақ халқының географиясын, тарихи легендасын терең бiлетiн. Есiм хан мен Тәуке хан заманынан бергi уақиғалар (XV-XVII) жазулы тұрған кiтаптардан кем болмайтын.

Қаныштың әкесi Имантай осы күнгi университетте оқытып жүрген профессорлардың көбiн үйрете алар едi. Ол кiсi өзiнiң байтақ бiлiмiмен Г.Н.Потанинге де көп көмек көрсеткен. Имекеңмен студент күнiмде әңгiмелескенiмдi «Жарқын бейне» деген бiр әңгiмемде айтқамын («Қазақстан мектебi», 1969 жыл, 4 нөмiр). Қаныштың жас күнi де айтылған, толығын содан оқисыз.



…Қаныш туралы жазбас бұрын «Жизнь замечательных людей» сериясынан бiр тобын оқып алған дұрыс. Олардың iшiнен Сiзге ең пайдалысы – «Александр Гумбольд». Ол кiсiнiң өмiрi, iсi, дүниенi қызықтауы Қанышқа өте жақын. Қаныш, Мұхтар, Шоқан туралы жазушылар өте көп, бiрақ тереңiнен алып дүниенi көрсете жазған бiреуiн көргенiм жоқ. Бар үмiт Сiзде. Жақсы жазып шығуға тiлек бiлдiремiн. Керек мәселе болса сұрап тұрыңыз».

Ебiней Арыстанұлы әдебиет iсiнде ешқандай қиянат жолды болмайды, шығарма бекем сомдалса ешкiм оны тоқтата алмайды, әмбе ол Қаныштай ұлт мақтанын ұлықтауға арналған туынды деп есептейдi. Сiрә, сол түйсiктiң әсерi, «Қазақ әдебиетi» газетi өзiнiң елу жылдық мерейтойы қарсаңында профессор Зейнолла Қабдоловқа арнайы тапсырыс берiп, «Селен мен өлең» деп атаған мақаласын алған соң, Қарағандыға телефон шалып (Ебiней шығармашылығына бейжай емес ақын досы, газеттiң бас редакторы Сырбай Мәуленовтiң өзi сөйлескен), бұрын жарияланбаған, ықшам бiр туындысын тездетiп жiберудi өтiнген. Ғалым «Сөзбасының» қазақша нұсқасын ұсынады. Газет оны 1975 жылдың 21 наурыз күнгi санында, З.Қабдолов мақаласымен бiрге iшкi екi бетiне далита бередi. Iзгi ниеттен туғаны сөзсiз. Дүйiм жұрт оны солай қабылдады. Елудiң өрiне көтерiлген тұлғалы азаматының ғылымды, Қазақстандағы екiншi университет жүгiн арқалаумен қоса сүйiктi әдебиетiнен де қол үзбей, Қаныш туралы ғұмырнама шығарма жазып жүргенiн бiлдi, соған да шексiз сүйсiнiп, «Ой, бәрекелдi, дарабозым! Мынауың ғажап, соны ендi тездетiп бiтiрiп, халқыңды қуант!..» – дестi. Сөйтiп бұған дейiн бiрдi-екiлi жанкүйер, Қанекең отбасы мен өзiнiң маңындағы бiз сияқты ниеттестерi ғана бiлiп жүрген iс газеттiң жүз мың таралымы арқылы күллi Қазақстан атырабына мәлiм болды. Әрине, ғалым-жазушы талабын шаттана қостаушылар көбейдi. Мерейтой үстiнде мiнберден де, жеделхат, құттықтау хаттар арасына соны сыналап енгiзiп немесе телефон арқылы сан мәрте құптау жасаушылар аз болған жоқ. Кейбiрi абырой-атағы ерекше көтерiлiп тұрған қайраткер ғалымға ниет-тiлегi бiр адам болып көрiну үшiн де…

Төменде бiз жазушы қадамына мадақ айтқан, жаппай сүйсiнiс бiлдiрген хаттар тасқынын аттап өтiп, iзденiсiне ықылас бiлдiрумен қоса нақты ұсыныс айтқан, сонымен-ақ қаламгердi әр алуан ойға түсiрген бiр хатты едәуiр ықшамдап (бiрақ негiзгi ойын тұтас қалпында сақтап) келтiрудi жөн көрдiк. Сөз сарынына қарағанда Ебекең қолжазбасын хат иесiне өзi ұсынған…

Тұрсынбек КӘКIШЕВ, филология ғылымдарының докторы (6 сәуiр 1975 жыл):

«Қадiрлi Iбеке! Қолжазбаны түгел оқып шықтым. Ең алдымен, Сiздiң осы iске бел шешiп кiрiскенiңiздi құттықтаймын. Өйткенi, Қаныш сынды өр азаматты өрелi ойы бар кiсi қолға алса керек. Екiншi, қазақша мен орысшаны жетiк бiлетiн және әр халықтың психологиясын түсiнетiн адам болуы шарт. Үшiншiден, Қанекең ғылымын ғана емес, жалпы ел мәдениетi мен ғылымның өркендеу жолдарын бағдарлай алатын оқымысты керек мұндай iске. Осының шет жағасын Таисия Алексеевнаға жазған хатта да аңғартқансыз. Сол адамның Сiз болғаны орынды деп бiлемiн.

Кiрiспе хатта Сiз өзiңiздi, бiлiм дәрежеңiздi таныта алғансыз. Оқушы жұрт кең де мол бiлiгi бар автормен «iстес» болатынын аңғарады. Сонда да ептеп қысқартса терiс болмас едi, «Олай жазсам ба, былай жазсам ба?» деген шұбыртпадан гөрi, Таисия Алексеевнаның өтiнiшi, өзiңiздiң Қанекеңе «борыштылығыңыз» Сiздi осы iске бастап отыр десеңiз ше? …Қанекең дегенде iшкен асыңызды жерге қоярлықтай сүйсiнiс-махаббатыңыз болуы керек. Ол сiзде бар. Жаздырып отырған да сол құдірет. Соны айқынырақ сездiру керек. Сiз арқылы, сiздiң сүйгендiгiңiз арқылы халықтың, елдiң махаббаты аңғарылуы керек. Әйтпесе, Таисия Алексеевна өтiнгенiнен осы iске кiрiстiм деу жеңiлдеу шығады ғой деймiн…

Орысша емiн-еркiн көсiлiп жазады екенсiз. Құттықтаймын. Сонда да бiр жайға назар аудару қажет пе деймiн. Нағыз орыстар ойын кесiп-пiшiп айтады. Әрине, Толстой, Леонов сияқты суреткерлер ұзақ сөйлемнен де қашпайды… Ал, қазақ, еврей, т.б. жазғанда орағытып, ұзақтау жазуды айырықша қалайды. Соның шет жағасы сiзде де бар… Сөйлемнiң айқын және суреттi болуы үшiн сөз топанын көбейтiп алмаған абзал деп отырмын. «Погоня за красивостью слога» – қазақ жазушыларының бойындағы үлкен дерт екенiн өзiңiз де жақсы түсiнесiз…

«В орбите кочевок» – 12-121 беттер. Негiзгi мақсатыңыз – қазақтың көшпелi өмiрiн көрсету. Мұның iшiнде этнографиялық суреттер, романтизированный жайлар өте көп. Не үшiн, кiм үшiн сол керек… деген сауалды әркiм қоюы мүмкiн. Осындай сауал менi қатты ойландырды. Соған оңтайлы жауап таба алмай отырмын. Өйткенi, бала Қаныш, Қанекеңнiң балалық шағы (өзiне тән) көрiнбей көмескiленiп қалған. Көш-қон, қыстау-жайлау, күзеу-қыстау қызықтары «Абай жолы» эпопеясы, «Оянған өлке» романы арқылы көпшiлiкке танымал болып қалды ма деп қорқамын. Құс баулу, балық аулау, егiн ору жайлары тым ұзақ. Әсiресе, егiн ору арқылы тамыр Андрейдiң өнегесiн… көрсету жаңалық емес, қажет те емес… Осындай детальдар құс баулуда да бар. Жайын-шортан уақиғасы да сендiрмейдi. Алып жайынның бауырымен саз тiлiп отырып батпаққа шығуы иландыра қоймайды. Әмбе оқиға желiсiн тап солар басып тастаған. Сондай-ақ, Шорман тұқымын, Сәдуақасты айту керек болар, бiрақ ол Имантайды да, Қанышты да тасаламауы керек. Қазақта да сондай зиялы адам болған дегендi емеуiрiнмен танытып, қызықтырып қойған дұрыс сияқты. (…) Бiздiң «қызылкөздер» Шорман тұқымын мақтап қойыпты деп даурығуы да ғажап емес…

Менiң бұл пiкiрлерiм көңiлге қаяу салар, осы iстi әрi қарай жазу керек пе, жоқ па… деген ұнамсыз ойлар тудыруы мүмкiн. Жазу керек. Тап осыны Сiздiң жазғаныңыз дұрыс, Сiздiң ғана қолыңыздан келедi. Бұл көңiл жұбату үшiн айтылған сөз емес… Сiз абыройлы да жауапты iске ендi ғана кiрiсiп отырсыз. Оны аяқтап шығу – негiзгi мақсатыңыз болуға тиiс. Өйткенi, Қанекеңдi сүйген жүрек Сiзден осылай iстеудi талап етедi.

Қанекеңнiң мектепке барар алдындағы бiр жылын Сiз 110 бет етiп жаздыңыз. Өмiр жолы ұзақ, алда – мектеп қызығы, бiлiм дариясы, Том қаласының бергенi, қазақ даласының астындағы кен байлығын болжау, ашу белестерi оп-оңай жазыла салатын кезеңдер емес. Олардың әрқайсының қызығы мен шыжығы бар. (…) Бұдан кейiн Қанекеңнiң президенттiк дәуiрi басталады. Оның трагикомизмi де болғанын бiлесiз. Әрбiр жаңа саланы өркендетуге, оның iшiнде мәдениет пен әдебиетi жөнiндегiлерiн баса айтса дұрыс болар едi-ау деймiн».



Жоғарыда біз толық нұсқасын, иә үзіндісін келтірген хаттардың қайсысы болсын, ғалымның негізгі көкейкесті ісі – ғылым турасында, иә қуана шұғылданған ермек өнері – әдеби еңбектері жөнінде жазылса да, ҚарМУ-дың ректорлығынан қиянат жаламен тайдырылып, ғылыми зерттеуге қайтып оралғанымен, соның бәрінде де аяқтан шалу, мәнді ісін қасақана елемеуге түсіп, ең шатағы, соңғы бес жылда (1979-1983 жылдар аралығы) бірде-бір әдеби, иә ғылыми еңбегін ешқайда жариялай алмаған келеңсіз қастандыққа тап болған академик Ебіней Бөкетов сол жағдаятты уақытша сәтсіздік санап, өзі шұғылданған екеуінен де бас тартпай, әрбірі үшін арыстанша алысқанын аңғарамыз. Оның алғашқысы – Қазақстан көмірінен жағармай алу мәселесі. Екіншісі – Сәтбаевтың отбасы мен жақындары және ұлы ғалымның ұлан-ғайыр еңбегіне, есіміне тәнті зиялы қауым өкілдері айырықша сенген ғұмырнамалық еңбек.

Алайда, амал қанша, қатал тағдыр өзгеше дарын иесіне солардың бірде-біреуін бейғам тірлікте отырып, емін-еркін толғауға мүмкіндік бермеді. Ебіней Арыстанұлы Бөкетов 58 жастан 7 ай асқанда, 1983 жылдың 13 жұлдызында үшінші мәрте айналып соққан жүрек талмасынан опат болды.
Каталог: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Амантаев, Ө. Жарты ғасырда жаһан жаңа / Ө. Амантаев // Орталық Қазақстан. 2013. 21 мамыр (№79-80).
Files -> Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Көбеев Е. Қазақтың біртуар азаматы / Е. Көбеев // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Files -> Салықов К. Евней Бөкетов дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз
Files -> Оразалықызы, Г. Тұғырлы тұлға / Гүлсім Оразалықызы // Ақиқат. 2006.№11-12. 98-105 б


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет