Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)



бет1/9
Дата23.08.2017
өлшемі4,25 Mb.
#25643
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Арғынбай БЕКБОСЫН

ФӘНИЛІК ДРАМА

(2500 рубаят)

(аннотация)
Арғынбай Бекбосынның бұл төрттағандар кітабының бірінші, екінші дәптерлері 1998 және 2001 жылдары «Мың түрлі ой», ал одан кейін үш дәптерден, яғни 1500 рубаяттан құралған кітап «Фәнилік драма» деген атпен 2004 жылы шығып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген болатын. Назарларыңызға ұсынылып отырған мына кітапқа автордың соңғы он бес жылдай уақытта жазған бүкіл бес дәптер яғни он мың жолдық рубаяты топтастырылып отыр.

Бастауын Шығыс поэзиясы жұлдыздарынан, оның ішінде, әсіресе, Омар Һәйям (1048-1131) сынды алыптардан алатын өлең-жырдың жалғыз шумақпен-ақ Ғалам дейтін ғажайыптың, Өмір атты кереметтің, Дәуір дейтін дәулескердің кейбір сыр-сипатын, олардың ең басты тұлғасы – Адамның жанындағы, құбылып тұрар қоғам өміріндегі қым-қуыт құбылыс-қатпарларды ашып тастайтын қуатты да сиқырлы түрінің қазіргі қазақ руханияты бағында да орнығып, өсіп-өркен жаюына еңбек сіңіруімен бірегейлік сипатқа ие бола бастаған қаламгердің философиялық-лирикалық туындылары терең де нәрлі, қай-қайсысы да көңіл толқытып, ойға шомдырады. Фәнилік сана-сезімнің – ізгілік пен зұлымдық, Махаббат пен Ғадауат мәңгілік майданының поэтикалық антологиясы іспеттес дүниелер шыншылдығымен, көркемдігімен, түйіндерінің тосындығымен тәнті етеді. Бүгінгі парасатты оқырманға керегі де осы емес пе...




АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА

(«Фәнилік драманың» «Мың түрлі ой» деген атпен шыққан алғашқы кітаптарынан)
... Арғынбай жинағының аты затына лайық – «Мың түрлі ой». Ой болғанда да оқырманды енжар қалдырмайтын, терең толғанысқа шақыратын толымды философиялық ойлар.

... Сонымен, жинақтағы төрттағанның көптен көбі желісті де келісті...

Қараңыз:

«- Кешір, қалқам, өзіңе көп қарадым,

Қарап алып біртүрлі боп барамын...

Қоңыр күзде көктемді аңсаттың-ау!..

Бұдан басқа айтарым... жоқ, қарағым...»
Мінсіз кесте! Сарабдал сабырмен айтылған сырлы, сиқырлы сөздерде біртүрлі бір нәзік діріл, құпия астар бар.
«Күміс түнде аспаннан Ай қарайды,

Ай сәулесі тастарда тайғанайды...

Бір жас бейбақ жуынса көз жасына,

Бір жас сері серігін аймалайды».


Бұл шумақ та сондай. Оның үстіне бұл – жырға айналған сыр және сол сырды дәл жеткізіп тұрған ауызекі сөз ғана емес, сөзбен салынған сурет: «Ай сәулесі тастарда тайғанайды...» Мұндай сұлу суретті нағыз суреткер ғана сала алады.

Зейнолла Қабдолов,

академик-жазушы,

1 маусым, 1998 ж., Алматы.

Арғынбай әуелі Омар Һәйямды қазақша сөйлетті. Омарды Арғынбайдан бұрын аударған Қуандық Шаңғытбаев сияқты ақындар бар. Ал, Арғынбай «Шығыстың жеті жұлдызының» бірінің мәңгілік мұрасын мейлінше молынан тәржімалап шықты.

Омардың рухы содан өзін қолдады ма, кім білсін, енді Арғынбайдың өзі де төрттағандар жазуға кірісіпті. Міне, мына «Мың түрлі ой» - соның жемісі... Арғынбай төрттағандарына зер сала жүріп, оның заман мен адам туралы философиялық-лирикалық толымды толғау үстінде екенін байқадым.

Төрттаған дегеніміз төрт-ақ жол. Төрт жол өлеңге белгілі бір ойды көркем бейнемен сыйдыру тіпті де оңай шаруа емес. Хас шеберлікті керек ететін іс.

Білмеймін: кім періште, кім айыпты,

Кім нені олай ұқты, былай ұқты...

Бірақ та бір ақиқат: ұлтын сатқан

Тозақтың ең төріне ылайықты!..


Ұлтын сатқандар дәл қазір де арамызда жүр. Олар туралы жазылып та жатыр. Ұзақ-ұзақ мақалалар, публицистикалық шығармалар аз емес. Ал, бірақ сол опасыздардың түптің түбінде тозақ төрінде шыжғырылатынын төрт жолға сыйдырған ешкім жоқ.

Арғынбай рубаяттарында мұндай ұтымды ой-толғамдар толып жатыр. Бұл кітап сонысымен де құнды деп ойлаймын. Жолы болғай!..



Шерхан МҰРТАЗА

Желтоқсан, 2000 жыл, Астана.


... «Ғибрат» деген сөз аузыма тегін түскен жоқ. Сонау Рудаки заманында-ақ өзінше өлеңдік түр ретінде танылып, Омар һәйям тұсында шырқау биікке самғаған рубайилардың жанрлық басты ерекшелігінің өзі осы ғибраттық мәні бар терең пәлсафаға бейімдігі ғой. Бір ғажабы – рубаяттардағы ғибратшылдық пен пәлсафашылдық жымдаса өрілетіні сонша, одан ешқашан ашық дидактизм аңғарылмақ емес. Бұның бар сиқыры – айтылар ойдың да, түйілер түйіннің де адам тіршілігінің тамшыға сыйған тұтас табиғат көрінісінше сығымдалған суреттері ұтқыр да бейнелі сөз орамдарымен берілу мүмкіндігіне қол жеткізетін шеберлік сырында жатса керек. А.Бекбосын осыны жете түсінген және тәп-тәуір меңгерген. Ауық-ауық қайырылып, ұлы Омар бабасына мінәжат ете беретіні тегін емес.

Жарқын даңқ пен масқаралық болмаса да біртұтас,

Екеуі де – тек санада орнатылар құлпытас.

Сәулетшісі, мүсіншісі - өмірбақи өзіңсің,

Орнатушы – ел зердесі жалғандыққа ғұрпы қас.


Немесе,

Күншілдер көп күйдірген, - білем, - ерсің!

Кек алсам, деп те кейде түнерерсің.

Күншілдің күні де түн, түні де түн,

Қайтесің, түндерінде жүре берсін...

Осынау шып-шымыр шағын миниатюраның әрқайсысы-ақ бір-бір новелла сюжетін арқалап тұрғандай емес пе?! Әрқайсысында бір-бір характер бар. Әрқайсысы бір-бір тақырып: кеңейтіп әкетіп, әдеп, ахлақ ыңғайындағы мақала жазам десең де, пәлсафалық тұрғыдан пікір қозғаймын десең де, жарап тұр. Егер бес-он шумақтан тұратын, бірақ іліп алар түйірі жоқ өлеңсымақтар да болатынын ескерсең, айтары мол шымыр төрттағандардың әр тармағына сіңген ақын маңдай терінің бағасын пайымдай бастайсың.

Әсілі, өлеңге пікір айтудан қиын ештеме жоқ. Әрбір сәтті теңеу, метафораны, әрбір ұтқыр ой, тосын суретті шетінен тізіп, таңдай қаға беру - әдеби сында пайдаланып жүрген ең оңай әдіс. Бірақ, ол парасатты пікір де, сындарлы ой да бола алмайды. Ең абзалы - өлеңнің өзін оқу. Жақсы өлең де жақсы ән іспетті ғой, ән қасиетін қайтіп талдарсың. Талдаған күнде ол ән сыйлаған ләззатты сыйлай алар ма?! Өлең де сондай эстетикалық нәзік категория, оның бар әдемілігін де, өмірлілігін де тек оқу арқылы түйсінесің.

Мұны қозғап отырған себебім – «Мың түрлі ойда» айтары мол, экспрессивтік мәні күшті, ой мен сезімге құрылған шумақтар көп-ақ. Анаусын да нұсқап көрсетіп, мынаусын да нұсқап көрсетіп, риза көңіліңді көл-көсір ақтарғың-ақ келеді, бірақ, оны жағдай көтере ме?!

... Арғынбай өлеңдерінің көзге алдымен шалынар ең басты қыры – оның қоғамдық - әлеуметтік тіршілікке жіті үңіле алуы дер едім. Мұнда, әсіресе, біздің тіршілігіміздің соңғы он жылы шеңберінде белең алған әрқилы сықпыты ашық көрініс берген. Әр шумақта, әр жолда шашырап жатқан қым-қуыт ой-пікірлерден дүниеқоңыздыққа, ынсапсыздыққа, қаныпезер қаскөйлікке, сатқындыққа – осылар секілді толып жатқан, бүгінгі замандастар бойынан бүркеусіз, ашық әрі жаппай байқалып жүрген, кісілікке жат жәйттерге және осыларды туындатқан әлеуметтік жағдайларға деген ішкі қарсылығын аңғарар едік. Ақын, әлгі егемендікпен ілесе жеткен, әлеуметтік тіршілік себеп болып, бақылаусыз етек алуға айналған құбылыстарға жиренішпен қарау арқылы өзінің моральдық бейнесін де сомдайды, оқырман көзқарасына да ықпал жасайды. Ең бастысы – бүгінгі қоғамдық-моральдық бейнемізді бүгінгі буын ғана емес, келешек ұрпақ та дәл танитындай етіп қашап соғады.

Ақша – бүгін бәрі де: махаббат та,

Қасірет те, шаттық та, шапағат та!..

Әмірімен ақшаның қан ағады,

Ақшаменен шығып тұр атақ, ат та...
* * *

Жұрт байғұстың демесең аман басы,

Өзіне емес, бұйырды-ау арамға асы!

Бір жалмауыз жемін ап тайып еді,

Қайта шапты жебірлер «командасы!»
Қазақ тіршілігінде кең орын тепкен әлеуметтік-ахлақтық кейіп осы болса, «отаным, елім, тілім, мәдениетім» - деп еңіреген ерлеріңнің алдынан көлденеңдейтін ездіктің сиқы мынау:
Ел «тілім» деп тіріле бастағанда,

Кәрі сайқал Сатқындық басты амалға:

өзге тілде сөйлетіп өз баласын,

Қазақ тілін үйретпек басқа адамға!..

* * *

Намыстың құны – бізде қара бақыр!



Сенбесең, серт те берем, қара да тұр:

Өз тілін өзге тілмен буындырып,

Қарашы, мына ел қайда бара жатыр?!
Бұл жолдар Арғынбай қаламына тегіннен-тегін ілікпесе керек. Ел қолына егемендік тізгіні тигеннен бертінгі жерде ол екі мәрте халық қалаулылары қатарында жүріп, туған халқының ұлттық мүддесіне қатысты мәселелер төңірегіндегі қым-қуыт айтыстар тұсында шеке тамыры білеулене кеңірдек созысқан санаулы азаматтардың бірі. Көзі жіті, қаламы жүрдек тәжірибелі журналист сол тұста ойшыл ақынға айналып, қоғамдық баспалдақтың жоғарғы сатысындағы пысықай топтың қалың ортасында жүріп, алуан-алуан құйтырқыны іштен бақылап, түңіле түйген ойлары ғой бұлар. Және олар шетіне шығармастай көп-ақ:
Түзуге түкіріп ап «бәлем!» демек,

Біз байғұс қисық айна - әлемде ме ек?

Өтірік өрлеп жатсын – үндемейміз,

Ал шындық үшін ылғи дәлел керек!


* * *

«Саясат?.. Түрме ме ол ой қамайтын?..

Мүмкін, ол ойын шығар ойнамайтын?..»

Деп жүрсем – арсыз арбау, қулық екен,

Бір емес, мың құрығың бойламайтын.
Жақсы айтылған дәл түйін! Әйтсе де Арекең әмсе бүйтіп кесіп айта бермейді. Көп ретте айнала төңірегіне сын көзімен ойлана үңіліп, көрген-білген, аңғарған жәйттерін қаз-қалпында оқырман алдына жайып тастайды, сонан соң үкімін өзің айт дегендей жыр жолдарын сауалмен түйеді. Ал ол сауалдардың түртпектемейтін тұсы шамалы: қоғам тіршілігі, адам болмысы, әлеуметтік жағдай, имандылық, кісілік, обал, сауап, махаббат, ерлік, ездік, ізгілік, зұлымдық, жастар тәрбиесі, азаматтық парыз... – міне, түгел аталмаған тақырыптар сорабы осындай болып келеді. Жұмбақ сауалдың бәріне жауап тауып беру – ақынның міндеті емесі белгілі. Ол кейде өзін толғантқан жәйттерге көзқарасын білдірсе, кейде оның мәнісін іздеп, көп ретте таба алмай күңіреніп отыратын жайы бар. Сонысымен ұтады. Бүгінгі таңдағы оқырман – тісі шыққан оқырман, оған бәрін шайнап беріп отырудың қажеті жоқ. Өзгеге қарағанда ақын көзі - әрқашан көргіш, ақын жүрегі - әрқашан сезгіш, сондықтан да қайсыбіріміз елемейтін, қайсыбіріміз аңдамайтын қисынды-қисынсыз тұстардан әлеуметтік-психологиялық қайшылықтарды қалтқысыз табады да, бір-ақ ауыз сөзбен, бір-ақ ауыз түйінді оймен нұсқай салып, пешенесіне тағдыр жазған міндетін – ақындық міндетін өтейді.

... Әсілі, Арғынбайда жадағай шумақтар жоқтың қасы. Әр шумақ түгіл әр жолы жүк арқалап тұратын реттер көп. Қай өлеңін оқысаң да, ақын үнемі – ой үстінде, толғаныс үстінде. Айтатыны - әмсе, ел қамы. Әрі оны туған ұлтының мүддесі тұрғысынан қозғайды. Жүрегі қан жылап қозғайды. Сондықтан да ол - әрі ойшыл, әрі лирик ақын ретінде танылады.

Шындықты күлбілтелемей, қасқия қарап тұрып айту да – ерлік. Ақын ерлікті өлеңмен жасамақ, оқырманының өлеңімен жігерлендірмек:

- Сені біреу жұбатып жақ ашты ма?!

Жан жарасын жазам деп жаласты ма?!

Жігіт болсаң – жігерді міне шауып,

Қайғы-мұңды қамшының ал астына!
* * *

Қаншама рет жағадан алды сайтан,

Сайтандарға сан рет қарғыс айтам!

Жұлқысуға зұлыммен уақыт берген,

Ұлы Тәңір – Аллама алғыс айтам!..
* * *
Тығылмай қуысына сай, тасаның,

Жекпе-жек шықсын – шыдар қай қасабың?!

Бұ дүние тарлық етсе, о Зұлымдық,

Бәрібір о дүниеде шайқасамын!


Бұндай шумақтарды оқығанда, жайшылықта мейлінше сыпайы да ұстамды, мәдениетті азаматтың ар, намыс, ұлттық мүдде тәрізді ұлы мәселелер тұсында күрт жоталанып, қайратты күрескерге айналып жүре беретін өзімізге таныс мінезін елестетеміз. Күнделікті қоғамдық-әлеуметтік тіршілікте көріп жүрген алуан түрлі қайшылықтар мен әділетсіздіктер ақынды жасыта алмағанын, қайта жігерін шыңдап, зұлымдық атаулыға қайыспай қарсы тұра алар күрескер тұлғаға айналдыра түскенін аңғарамыз...

Сөз аяғында әдейілеп айта кетер бір жәйт - ақынның эстетикалық талғамы мен ізденіс жолындағы толғауы, сөз сұрыптауы өзгеше әдемі үйлесім тапқандығы. Омар һәйямға арналған шумақтар мен өлең туралы ойлары белгілейтін кредосына өз туындылары толық жауап береді. Кітапқа енген мың шумақ-ой тұрғысынан да, сөз, образ, ұйқас тұрғысынан да бірін-бірі қайталамайды, үнемі алдыңғыдан өзге жаңа пікір, сартап болмаған соны жолдар ұсынады. Ұқсас ойлар ұшыраса, ол бұрынғы бір пікірді басқа қырынан толықтыратын ойлар болып келеді. Біз, әсіресе, осыған риза болдық.

Марал Ысқақбай,

жазушы, Алматы. 2003 жыл



БІРІНШІ ДӘПТЕР

Өлең толғап, өтер болса өмірің,

Көркем жазып, судай тассын көңілің!

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет