Ата көрген оқ жонар: Ұл тәрбиесі — ұлт бағдары



Дата07.05.2020
өлшемі23,76 Kb.
#66445
Байланысты:
ата көрген



Басты бет Ғылым әлемі Ата көрген оқ жонар: Ұл тәрбиесі — ұлт бағдары

  • Ғылым әлемі

Ата көрген оқ жонар: Ұл тәрбиесі — ұлт бағдары


Дастан Қастай

 -

12.03.2017



0

6284


Ата-бабамыз ұлды өздерiндей еңбексүйгiш, малсақ, жауынгер, әншi, күйшi, аңшы, құсбегi — бесаспап азамат етiп тәрбиелеудi мақсат еткен. Жiгiттiң бойына өнер мен еңбектi, iзгi адамгершiлiк қасиеттердi қатар сiңiрген. Ер баланы бес жасынан бастап ат жалын тартып азамат болғанға дейiн мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, терiден, темiрден түрлi тұрмысқа қажеттi бұйымдар жасауға, яғни қолөнер шеберлiгiне баулыған. Әсiресе әкелерi мен аталары ұлдарға мал жаюдан бастап шаруаның алуан тәсiлдерiн үйретiп баққан. Мысалы, малды ерте өргiзу, саулатып қоя бермей, алдын кес-кестеп қайырып, тоқтатып жаю, шаңқай түске дейiн жусатпауды тапсырған.

Буаз малды ауылға жақын жаю, туа қалса төлiн алып жылы қораға тез жеткiзу, қойдың қозысын ауыздандыру (енесiн дүрыс емуге үйрету), жаңа туған жас төлдi аяқтандыру, т.б. әдiс-тәсiлдердi баланың жасынан бiлуiн қадалаған. Ат суыту, аттың ыстығын шығару үшiн аяғының күре тамырынан қан алу, еркек малды пiшу, қойды қырқу, тоғыту, мал сою, түйе қомдау, түйеге жүк арту, ер-тұрман әзiрлеу, қайыс илеу, сiреден таспа тiлiп, айыл, қамшы, жүген, шiдер өру, қой қосақтау, түйе матау, кесек құйып, қора салу, құрық салып, асау ұстау, оны үйрету, қазақы үйдi жығу, оны тiгу — мiне осының бәрi ер баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеудiң өзегi болған. Ежелден мал бағып, айға қарап жұлдыз санап күн кешкен қазақ халқы өз ұрпағын өсiмдiктiң түр-түсiн ажырата бiлуге, қараңғы түнде жүлдызды аспанға қарап бағыт-бағдар белгiлеп, қоныссуды дәл табуға үйреткен.

Қонақ күту, үлкенге иiлiп сәлем беру, ән айтқызу, домбыра тартып күй шерткiзу, өлең-жыр жаттату, жаңылтпаш-жұмбақ үйрету немесе теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, сайыс, көкпар, күрес сияқты ұлт ойындарын үйрету тәрбиенiң басты шарты болып есептелген.

Қазақта қонақ күтудiң де жазылмаған, бiрақ дәстүр болып қалыптасқан заңы бар. Үй иесi қонақты сыйлап, ас-суға тойдырғаннан кейiн, жатар алдында өзi ауылдың алты ауыз өлеңiн айтып немесе күй шертiп қонағына құрмет көрсетедi де, қонақтан “қонақ кәде” сұрайды. Қонақ өлең, жыр, қисса, ертек, терме, толғау айтып берiп немесе күй шертiп өз өнерiмен үй иелерiне құрмет көрсетуге мiндеттi болған.

Үнемi үйге келген қонақтан өлең-жыр, ертегi, аңыз әңгiме естiп өскен балаға да жастайынан сөз өнерiне бейiм, өнегелi, өнерлi болып өсуiне әсер еткен, “қонақ кәде” мен “ауылдың алты ауызы” жастарды сөз қадiрiн бiлуге, шешендiкке, ән мен жырға баулып өсiруде белгiлi рөл атқарған.

Баланы жастайынан сөз өнерiне баулу, мақалдап, тұспалдап ойды көркем сөзбен тыңдаушыға жүйелеп жеткiзе бiлуге үйретудi ата-бабамыз мақсат тұтқан. “Бiлiмдiден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деп текке айтпаған.

Сөзiңдi айт ұққанға,

Айтып айтпай не керек —

Құлағына мақта тыққанға,—

деген мақал осы ойды меңзейдi.

Сондай-ақ қонақтың “ат тергеу” салты да болған. Ол үйге келген үлкенге 5-6 жасар баладан бастап отбасы мүшелерiнiң бәрi сәлем беруден басталады. Қонақ баладан жетi атасын таратып берудi талап етедi. Бала өзiнен бастап жетi атасына дейiнгiлердiң аттарын атап шығып, қай рудан екенiн бiлдiредi. Қонақ “жақсы, өнегелi азамат бол!” деп батасын бередi. Ат тергеу далада кездесе қалғанда жолаушылардың бiр-бiрiне сәлемдес-кеннен кейiн де iске асыратын әдетi. Мәселен, жасы үлкен адамға жасы кiшi жолаушы бұрылып келiп амандасқаннан кейiн, қарияның “қарағым, қай рудансың, қай ауылдың азаматысың?” деп сұрақ қоюы заңды болған. Осы кезде жасы кiшi азамат өзiнiң ата-тегiн айтып таныстырады. Оны бiлмеген ұят саналған. Ондайларды “жетi атасын бiлмейтiн — жетесiз!” деп сөгетiн болған.

Жiгiттiң үш жұрты. Ол — өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты деп аталады. Ел азаматы осы үш жұртын (өзiнiң әке жағындағы туыстары мен шеше жағындағы туыстарын, алған жарының ел-жұртын) жақсы ажырата бiлуi заң болып саналған. Үш жұрттың жәй-жапсарын ұлдың әке-шешесi жiгiтке айтып үйретiп, құлағына сiңiрiп отыруды мiндет санаған.

Отбасындағы ұл тәрбиесiнде әке мен аталардың рөлi ерекше. Әке үйелменнiң басшысы, отбасы мүшелерiнiң тiрегi, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әкенiң мiнез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-бiлiмi — ұл баланың көз алдындағы үлгi-өнеге алатын, соған қарап өсетiн нысанасы. Қазақта бiреудiң баласы жақсы, өнегелi азамат болса: ”Оның әкесi немесе атасы жақсы кiсi едi, өнегелi жерден шыққан ғой” деп мадақтайтыны сондықтан. “Әкеге қарап ұл өседi, шешеге қарап қыз өседi”, “Әке — бәйтерек, бала — жапырақ”, “Жас – кәрiнiң көзi, кәрi — жастың тезi”, “Ата — балаға сыншы” мақалдары да осы пiкiрдi халықтың қуаттауынан туған.

Отбасында әкелерi немесе аталары өз өнерлерiн балаларына үйретiп, олардың өзiндей мерген, аңшы, құсбегi, қолөнер шеберi немесе әншi, күйшi, ақын етiп тәрбиелеуге көңiл бөлген. Ата өнерiн баласының қууы, оны мирас етуi ежелгi ел дәстүрi болған. Қазақ халқының өмiрiнде жетi атасына дейiн мергендiк, аңшылық немесе ұсталық, күйшiлiк, емшiлiк өнердi қуып өткен адамдар жиi кездеседi. Осындай әке мұрасын жалғастырушы өнерлi жастарды дәрiптеу қазақ ауыз әдебиетiнен өзектi орын алған. Мысалы, Құламергеннiң баласы Жоямерген, Тобықбай сыншының баласы Толыбай туралы ертегi-аңыздар осы пiкiрдi дәлелдейдi. “Атадан ұл тумас болар ма, ата жолын қумас болар ма” деген мақал да — сол пiкiрдiң айғағы.

Аталары балалары мен немерелерiне ертегi, аңыз-әңгiме, мақал-мәтелдер айтып берiп, шешендiкке, тапқырлыққа тәрбиелеген. Мысалы, Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов сияқты ұлы ақын-жазушылар-дың немесе Төлеби, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сияқты ел билеушi шешендердiң жастайынан елдiң салт-дәстүрлерi мен заңдарын, аңыз-әңгiме мен өлең-жыр, мақал-мәтелдерiн жаттап, жадында сақтап, көп бiлуi әкелерi мен аталарының әсерi екенi сөзсiз. Көптi көрген қариялар отбасының, ауыл-аймақтың үлгi тұтар тұлғасы, тәлiм-тәрбие мектебi сияқты.

Қазақ ауылында бала тәрбиесiне бүкiл ауылдың үлкендерi, әсiресе қарттары араласқан. Үлкендер ауыл-дастарының балаларының өрескел мiнез-құлқын көрсе, ұрсып, зекiп тыйым салуға, ақыл айтуға, тiптi реттi жерiнде ұруға да хұқылы болған.

Ән айтуға, күй шертуге, зергерлiк өнерiне бейiмi бар балаларды әке-шешесi, атасы ел iшiндегi аты шыққан әншi, күйшi, ұсталардың жанына қосып, шәкiрттiкке беруi ата дәстүрi болып саналған. Ал шәкiрттiң ұстазын ұлы әкесiндей сыйлауы, оның өнерiн жалғастырып, көпке тарату немесе жақсының жанында жүрiп, өнегелi шешен, ақын, билердiң, көптi көрген қариялардың батасын алу олар үшiн парыз боп есептел-ген. Сол мектептен тәлiм-тәрбие алған өнер адамдары ұстаздар жолын қуып, өнерiн жалғастырған. Мысалы, Төле би, Қазбек, Әйтеке билердiң ұстазы Әнет бабаның оларға айтқан өсиет-өнегелерi, Бiржанның өнер мектебiнiң түлектерi (үкiлi Ыбырай, Иманжүсiп, Балуан Шолақ, Ақан серi, Мәди), Тәттiмбеттiң шәкiрттерi (Жақсымбет, Қыздарбек, Ж.Каламбаев,. Ә.Хасенов), Құрманғазының шәкiрттерi (Сейтек, Дина, Соқыр Есжан) — ұстаздарының ұлағатын, өнер туындыларын жадында сақтап, бүгiнгi күнге жеткiзушiлер.

Сондай-ақ, атақты үйшi Сандыбай, зергер-ұсталар Әйтеке, Балтеке, Үйсiнбай, отамашы Шоқбатыр, Кәдiрсiз, Смый, суретшi Ә.Қастеевтер — өз өнер мектептерi бар халық таланттары. Олардың өнер үлгiлерi ұрпақтан-ұрпаққа шәкiрттерi арқылы тарап, бiрден-бiрге жалғасып, бүгiнгi дәуiрге жеткен.

Ежелгi ата-бабаларымыз “Жiгiтке жетпiс өнер аз”, “Өнердi үйрен, үйрен де жирен”, “Өнерлi өлмейдi” деп насихаттай отырып, қолөнерi мен шешендiк, тапқырлық, ақындық өнердi тең санаған.



Өнегелi, өнерлi, “Сегiз қырлы, бiр сырлы”, намысқор азамат тәрбиелеу аталар арманы болған. Ал аталар жолын қуып, өнерi мен өнегелi iсiн жалғастыру жастарға да үлкен сын болып саналған. “Ата көрген оқ жонар” деген мақал соны меңзейдi.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет