Қазақ қапысыз психолог: Мақал мәтелдердің психологиялық астарлары Жоспар



Дата29.03.2018
өлшемі145,99 Kb.
#39799
Қазақ - қапысыз психолог: Мақал мәтелдердің психологиялық астарлары

Жоспар:

1.Кіріспе.

2. Негізгі бөлім.

2.1 Мақал-мәтелдер—халық психологиясының айнасы

2.2 Қазақ мақал- мәтелдерінің психологиялық астарлары
3.Қорытынды

4.Әдебиеттер тізімі.


Кіріспе

Осы тақырып аясында баяндама жазып, сол мәселе төңірегінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге ой салған қазақ халқына белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, академик, психолог, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Құбығыл Жарықбаевтың журналистке берген сұхбатынан «...Еліміздің бір атақты университетінің білдей бір оқытушысы студенттерге «сендер емтиханды психологиядан орысша тапсырасыңдар. Психолог ғұламалардың ойларын қазақша аударуға болмайды» деген пікірін оқып беріп, «психология тілі қазақ тілі емес пе?» деген сауал тастады да, көзқарастарыңды, ойларыңды білдіріңдер, мәселені зерттеп, баяндама ретінде ұсыныңдар, дәлелдеңдер деген ұсынысы болды. Мінекей, осы ұсыныс бойынша ешқандай жұмыстар, пікірлер, баяндамалар жүргізіліп, дәлелденбеді. Сол себепті бүгін мен сіздерге біздің яғни қазақтардың халық тәжірибесінде психология ғылымының жоғары дәрежеде, яғни психология тілі сонымен қатар өзіміздің ана тіліміз қазақ тілінде де көрініс табатынын халық даналығының, көрегендігінің айнасы, қазақ тілінің алтын қазынасы- мақал-мәтелдер арқылы дәлелдемекпін.


Негізгі бөлім
Өкінішке қарай, қазіргі білім саласында еңбек етіп немесе білім алып жатырған, соның ішінде өздерін білгіш сезінетіндердің өз ұлтының психологиясын білмейтіні, есесіне, өзге психологтардың ой-тұжырымдарына жөнсіз сүйенетіні әлі де көрініс беріп келеді. Әйтпесе сонау жиырмасыншы жылдары Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді зиялылар қаншама еңбек қалдырды. 1926 жылы Жүсіпбектің қомақты кітабы – «Психология» жарық көрсе, бұл саланы 1938-40 жылдары академик Төлеген Тәжібаев ғылыми жүйелеп, ретке келтірді. Кейін бұлардың ісін қазақтың танымал психологтары жалғастырды, яғни қазақ психологиясының тамыры тереңде жатыр: Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш артына көптеген еңбек қалдырды. Шәкәрім Құдайбердиев – әрі ақын, әрі жазушы, аудармашы, оның да психологиялық мұрасы қаншама! Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ғұламалардың әр еңбегі – ұлттық психологияның қаймағы. Тіпті Ж.Аймауытов білім негізі ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келіп: «Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жаралғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деген ғой. Ол «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) оқулық құралдарын жазып, психология, педагогика, әдістемелік ғылымдарды ұштастыра оқытуға терең мән берді. Ал Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі» (1925), «Сауатты бол» (1926), «Педагогика» (1922) атты еңбектері – педагогика-психология ғылымдарына қосылған елеулі үлес. Мінекей, осындай ғұламалардың қалдырған мұраларын неге ең алдымен өзіміздің қазақ еліне кейін шет елдереге танытпасқа. Осындай мақсатпен қазақ халық психологиясының жоғары дәрежеде екендігін мен өз ойымды қазақ мақал – мәтелдері негізінде дәлелдемекпін. Қазақ-қапысыз психолог екенін дәлелдейтін мақал-мәтелдерінде адам жанының небір нәзік сырлары: ерлік пен батырлық, достық пен ынтымақтық, жауыздық пен зұлымдық, ақыл-ой, ерік-қайрат сияқты іргелі мәселелерімен қатар қазіргі психология ғылымында кездесетін ұғымдардың да үлкен тізбегі (арман, қиял, ес, ықылас, ынтық, ниет, ашу, қайғы, т.б.) сан қырынан сөз болған.

2.1 Мақал-мәтелдер—халық психологиясының айнасы

Мақал - мәтелдер әр халықтың өз даму тарихында басынан кешкен алуан түрлі оқиғалары, өзі аңғарған табиғат құбылыстары, қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы, психологиясы жөніндегі жасаған қорытынды, тұжырымдарының түйіні, өмір тәжірибесінен жинақталған философиялық ойлардың ұтқыр да ұтымды, жатық та көркем көрінісі. Ол айналадағы сыры мол дүние туралы білімнің сұрыпталған жиынтығы, халықтың өзінше шағын ауызша энциклопедиясы ғана емес, ұстаздық, тәлімгерлік роль де атқарады, адам бойындағы барлық жақсылықты асқақтатып, жамандықты жерлеп,бала тәрбиесінде ерекше орын алатын халық даналығы.Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа да нұсқа, әрі тұжырымды болды.. Халық даналығы ата-анаға ұрпақ тәрбиесі жөнінде өзінен бұрынғылардың моральдық-психологиялық, медициналық-гигиеналық, өнер-сайыскерлік ой-пікірлерін де шоғырландырып, бүкіл халықтың тәлімдік тәжірибесін мирасқа қалдырып отырды. Көшпеліліердің сонау ерте дәуірінен-ақ бұларды көп біліп әрі оны ақылмен байыптай алатын адамды ерекше қастерлеуі тегін емес. Ондай адам ата-баба даналығының көзіндей саналатын. Мақал-мәтелдер белгілі бір шешіммен істің дұрыстығын анықтайтын логикалық қызметтің эталоны тәрізді адамның ой-әрекеттерінде маңызды роль атқарып отырады.Мақал мен мәтелге бай халықтардың бірі – қазақ халқы. Қазақ мақалдары ХІХ ғасырда–ақ Еуропа халықтарына мәлім бола бастаған. Әдемі, сұлу сөйлеуге құштарлық мақал мен мәтелді орынды жерде пайдалануға байланысты. “Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазынасы”, — дейді  атақты қазақ тіл ғылымының белгілі профессор Мәлік Ғабдуллин. Халықтың мақалдары мен мәтелдерін жинауда, зерттеуде, Ш.Уалиханов, В. Радлов, А.В. Васильев, П.М. Мелиоранский, Ә. Дибаев, Ө.Тұрманжанов, С. Аманжолов секілді ғалымдардың еңбегі зор.

Психологияның мәні жағынан қазақ фольклорының түрлі жанрларының ішінде мақал-мәтелдер аса қызғылықты зерттеу объектісі болып табылады. Бұларда – халықтық өмір туралы сан-алуан пайым-байқауларының, ойға түйгендерінің нақты да дәл сипаттамаларының мәйегі сүзілген. Әрине, осынау халық даналығында шындықты бейнелейтін, білім-іліммен қатар қоршалған орта жөнінде, әсіресе әлеуметтік өмірдің кейбір жақтары туралы жекеленген жаңсақ ойлар да жоқ емес. Бірақ осыған қарамастан бұлар халықтық дүние-танымының, күрделі де даму қайшылық процестерін негізінен дұрыс көрсетеді. Мақал-мәтелдер адам іс-әрекетінің себебін тікелей бақылау арқылы өзіше түйіндейді. Сондықтан да ол ғылыми бақылаудан өзінің кездейсоқтығымен арнайы ұйымдастырылып, жоспарланбауымен өзгешеленеді. Алайда өмірде жиі қайталанатын сансыз бақылау күнделікті тәжірибенің өлшемі ретінде қорытыла келе психологиялық ойдың мәйегіне айналады.Диалектикалық пікір таластың, ақиқат білімнің алғашқы көріністері де мақал-мәтелдерде мол кездеседі.

2.2 Қазақ мақал- мәтелдерінің психологиялық астарлары
Мақал-мәтелдерде мінез тақырыбына көбірек көңіл бөлінген. Онда мінездің түрлі бітіс-бейнелері әр қырынан сөз болады. Мәселен, «Елің еміренсе, сен тебірен», «Тереңнен тапқан кен қымбат, Тебірене сүйген ел қымбат», «Отаның – алтын бесік», «Отан оттан да ыстық», «Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды», деген мақалдарда туған Отан адамға аса қымбат, елін, жерін сүйе білу әр адамның азаматтық борышы, («Отан үшін еңбек етсең, халық сені құрмет етер», «Халық үшін қызмет етсең, созған қолың көкке жетер»), Отаншылдық – адам мінезінің асабір жақсы сапасы, деп үйретеді мақал-мәтелдер. Отанды сүю, оны жаудың шабуылынан қорғау – әрбір азаматтың абыройлы борышы, ел қорғау жолында ерлік жасап, ел-жұртты, Отандастарын қорғаған адамдарды халық мақтан тұтып, ардақтайды. «Отан үшін отқа түссең күймейсің», «Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме», «Жауды аяған – жаралы» деп халық жастарды досқа мейірімді, жау-ға қатал болуға тәрбиелейді. «Елін сатып асаған, екі күн ғана жасаған», «Опасызда Отан жоқ» деу арқылы мақалдар туған елін, Отанын сатқан опасыздың психологиясын көрсетуді ойлаған. Халық өз ұрпағын принципшілдікке, шыншылдыққа баулиды да, өтірік айтып күн көру өмір еместігін, өтірікпен адам алысқа бара алмайтынын («Айтсаң сөзіңде тұр», «Өтірік өрге баспас», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам»), адамның кейбір ұнамсыз қылықтары – мақтаншақтық, бөспе т. б. өтірік айтуға себепші болатындығын айтып, өтірікшіні нашар мінезді адамның қатарына жатқызады да («Мақтаншақтық өтірік айтқызады, өтірік көңіл қайтқыза-ды»), мұның адамға абырой әпермейтініне, кісінің қадір-қасиетін түсіретініне ерекше тоқталып кетеді.

Мәселен, «Өтірікшінің шын сөзі –зая» деп, халқымыз мұндай адамның жұртқа қадірі болмайтынын; оның сөзіне ешкім иланбайтындығын, оған сенім болмайтынын ескертеді. Халықтың ежелден қастерлеп келе жатқан абзал қасиеттерінің бірі – адалдық пен шыншылдық. Адалдық –сөз бен сенім бірлігі, сөздің іске қайшы келмеуі. Адамның осындай асыл қасиеттері жөнінде мақалдар төмендегіше тебіренген. «Адал түбі –кеніш, арам түбі – реніш», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды». Мақалдар адалдық пен арамдықты осылайша салыстыра отырып, бірінің зияндылығын, екіншісінің жақсы қасиет екендігін, бұл екеуінің бір жерге сыйыспайтындығын айтады. Шыншылдық – адалдықтың синонимі іспеттес айрылмас серігі. Осы қасиеттің маңызы жөнінде де халқымыз аз айтпаған. «Сыр – шымылдық; шындық – айна», «Қылыш басыңа төнсе де, жалған айтпа», «Шындық үшін көрге кірсең де, бетіңнен қайтпа», «Жауды әдіспен, досыңды шындықпен жең», деген мақалдар шыншыл адам әділет үшін өмірін де қия алады, ол әділ, қара қылды қақ жаратын адам, оның ойы да орамды, іс-әрекеті де ақылға сыйымды болатындығын айтады. Әділ сыншы болу үшін де, айтылған сынның нысанаға дәл тиюі үшін де шындық аса қажет. («Әділ кісі өзіне қатты, өзгеге – тәтті», «Шешендік күшішындықта», «Сын айту үшін шын айт»), «Сырты бүтін, іші түтін», босқа көлгірситін адамдарда адалдықпен шыншылдық сияқты асыл қасиет-тер тұрақтап орын теппейтіндігін де халық даналығы жұртқа ескертіп отырған.Мақал-мәтелдер қарапайымдылықпен кішіпейілділікті де адамның еңжақсы мінездері деп есептеген. «Бетегеден биік, жусаннан аласа», «Ұлық болсаң, кішік бол», «Кішіпейілділік – кісі көркі», «Тәлімнен әдеп жақсы» дейтін мақалдардың кішіпейілділік адамның табиғи көрінісі болуы тиіс, сонда ғана ол сүйкімді, ажарлы мінез көрінісі болады деген идея жақ-сы аңғарылады. Ал, «Қолы ашықтың жолы ашық», «Жомарт бергенін айт-пайды», «Батыр айтқанынан қайтпайды» деген мақалдар адамның жақсы мінез көрінісінің бірі. Жомарт адам біреуге жақсылық еттім деп жар салып, айқайламайды, ол кішіпейіл де, қарапайым. Адам мінезінің енді бір тамаша сипаты – достық. Нағыз достық мақал-мәтелдерде ерек-ше қастерленген. «Адамның тұздығы – арасындағы достығы», «Досыңнан сырыңды жасырма, дұшпанға шыныңды айтпа», «Досы көпті жау алмайды», деген мақалдарда достық-тың жалпы маңызы айтылса, енді біреулерінде («Қайғың болса досыңа бар, дос көтерер көңілді», «Есептескен дос болмайды», «Досың жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»), деп нағыз достықты әр қырынан сипаттайды.

Мақал-мәтелдерде адам мінезін екі үлкен топқа бөліп, оны синтездей көрсетушілік басым келеді. Бұларда жақсы адамның психологиясы пиғылы жаман адамға қарсы қойылып, бұл екеуі бір-бірімен салыстырылып отырылады. Мәселен, жаман мінезді адам онда былайша сипатталады. «Жаман қорыққанын сыйлайды», «Жаманның намысы болмайды», «Қазан қолыңды кірлейді, жаман жүзіңді кірлейді», «Жаман ісінен көрмейді, кісіден көреді». Жаман адам – ез, намыссыз, ол ісі түскенді, не қорыққанын ғана сыйлайды, мінін көрмейді, оғаш қылығын басқадан көруге тырысады, шамасы келсе сағыңды сындырады, менмен болып, бәлсініп кісіні менсінбейді, («Жаман өзі бола алмайды, болғанды көре алмайды»), жамандық туа бітпейді, ол өнегесіз ортадан, нашар тәрбиеден пайда болады, («Адам туа жаман емес, жүре жаман»).

Халқымыз әр жастағы адамдардың көңіл күйі, сезімдері, мінез ерекшеліктері, түсінік талғамдары, сенім, қызығулары, әдет-дағдылары бірдей болып келмейтіндігі жөнінде де қызықты пікірлер айтқан. Мақал-мәтелдерде адамның жас өзгешеліктері негізінен балалық, жастық, кемелдік және кәрілік шақ болып төрт кезең тұрғысынан қаралатындығын байқауға болады.Адамның моральдық бейнесі, психикасы оның іс-әрекеті үстінде дамиды, ал бұлардың алғашқы ірге тасы балалық кезде қалыптасады. Халқымыз өз ұрпағын жақсы қасиетке баулуды үнемі негізгі мәселе деп ойлап келген. Осыдан да болу керек, сәби, бөбек тәрбиесі мақал-мәтелдер-ден елеулі орын алған. «Бала тілі балдан да тәтті», «Балалы үй базар», «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры», «Алты жасар бала, атқа мінсе, алпыстағы шал алдынан шығады», «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем бере барады», «Бала адамның бауыр еті» деген мақал-мәтелдерге арнаулы түсінік беріп жатудың қажеті бола қоймас. Халқымыз тәрбиесі кем балаға жаны ашып: «Әдепсіз бала сорлы бала», «Жаман бала күйік», «Талабы жоқ жас ұлың, жалыны жоқшоқпен тең», «Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы», деп әдепсіз, өзінің де, өзгенің де мазасын кетіретін, талапсыз, ынжық, жалқау, қорқақ, күйгелек, өздігінен ешнәрсе істей алмайтын, «түйе үстінен сирақ үйтетін», ебедейсіз балалардың келешегінен күдіктенеді де, ата-анасының айтқанын екі етпейтін, тіл алғыш, зерек, әр нәрсені танып, білуге құмар, елгезек, ықыласты, тәртіпті балаларды басқаларға үлгі етеді. Мәселен, «Өнерлі бала сүйкімді», «Жақсы бала сүйікті», «Балаң жақсы болса, екі көздің шамшырағы», «Адам болатын бала алысқа қарайды», «Кісі болар баланың кісесінен белгілі», «Болар адам жеті жастан бас болар». «Оралдының баласы он бесінде бас-пын дер, тоғышардың баласы жиырма бесте жаспын дер» т. б. осы секілді халық нақылдарында мінез-құлқы, психологиясы дұрыс қалыптасып келе жатқан оқу-өнерге құмар, талабы таудай, еңбек сүйгіш, тыңғылықты, жинақы, өмірге бейім балалар сөз болады.

Бала біткеннің бәрі де ес білгеннен білсем, көрсем, естісем, ұстасам, ал-сам деп әрекетке ұмтылады. Ол өзін қоршаған ортамен, басқа адамдармен, заттармен қарым-қатынасқа түсуді қалайды. Бұл баланың өзін қоршаған өмірді терең де, толық білуге құштарлығы. Олар үшін жай нәрсенің өзі жаңалық. Бұлар – құмарпаз, әуесқой, тынымсыз зерттеуші. Көптеген мақал-мәтелдердің мән-мазмұны осы айтылған идеяны да бейнелейді.Ата-ана өз баласын өнегелі сөзбен жеке басының үлгісімен тәрбиелейді. Ойын баласында үлкендердің сөзіне, қылығына, іс-әрекетіне еліктеушілік басым. Мақал-мәтелдер бұл жөнінде төмендегіше тұжырымдалған: «Ба-лапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Баланың тентек болмағы үйінен», «Балаға байқап сөйлесең ақылыңа көнер, байқамай көп сөйлесең көрсетер бір өнер», «Қызды асырай алмаған күң етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді», «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол», «Анаға баланың алалығы жоқ», «Балаға пышақ бермесең бір жылар, пышақ берсең екі жылар», деп халық бала тәрбиесін құрғақ сылдыр сөзбен жүргізгеннен гөрі іс-әрекет, үлгі-өнеге арқылы жүргізудің пәрмендірек келетіндігін, сондай-ақ бала тәрбиесі-не оның құрбы-құрдастарының, жора-жолдастарының да (балалар коллективі) ықпалы болатындығын еске алып отырған. Сондай-ақ балаға жасалатын ерекше мейірімділіктің де (баланың айтқанын екі етпеу) керемет қаталдықтың да (онымен ешбір санаспау), баланы бір-бірінен алалап қараудың да (ұл мен қызды бірінен бірін артық көру), теріс нәрсе екенін, ал баланың жеке басын құрметтеп,елеу оның психологиясының дұрыс қалыптасуына жағдай жасайтынын нақыл сөздер дұрыс көрсеткен.

Халық ұғымында адамның негізгі өмір кезеңінің бірі – жастық кезең (бозбалалық шақ). Мақал-мәтелдерден бұл тақырып та елеулі орын алған. Мәселен, «Ақыл – жастан», «Жас-тық – жалын», «Жастықты қайтара алмайсың», деген толғаулар жастық, бозбалалық шақ – адамның ақыл-ойы қауырт өсетін, қажырлы іс-әрекет-ке, қимылға құштар албырт романтикалық кезі екенін өте дәл бейнелейді. Жастық шақтың басты белгісі – адамның жаны мен тәнінің сапалық жағына үлкен өзгерістерге түсетіндігінде. Осы жаста адамның қоғамдық белсенділігі артады, сана-сезімі өседі, психикасы шыңдала, қатая түседі. Ол қоғамнан өз орнын алуға тырысады, өзін қоршаған ортаға сын көзбен қарай бастайды. Бұл жастағыларда өзін-өзі бағалауға ынталану, рухани өмірге қызығу, жеке басындағы ойлар, адамгершілік идеялар, кемеліне келе бастайды. Халық даналығы жастарға қызығы мол, қайтып оралмайтын, кейін іздесең де та-былмайтын адам өміріндегі ең қы-зықты кезеңді бос өткізсең – оның орнын ешуақытта толтыра алмайсың деп, бұл кезде адамда ғылым-білімді, өнердің сан алуан түрлерін меңгере алуға мүмкіндік мол болатынын,сол себепті көп оқып, үйреніп, біле берудің керектігін әдейілеп ескертеді, оларды еңбексүйгіш, көпшіл, белсенді, өнегелі болуға шақырады. Мәселен, «Жігіт адамға жетпіс өнер де аз», «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын», «Менмен жігіттің соры, төменшік жігіттің қоры», «Кішіпейіл, кең жайлау жігіттің зоры», «Өзім білем деген жігіттің басына ойран сал-ғаны, көп біледі деген жігіттің басына қорған салғаны», «Жасында көргені жоқ, өскенде айтары жоқ», «Жас күнінде еңбек қылсаң есейгенше жетілерсің», «Жұмыссыз жастың жүргені сөкет», деген толғаулар біз жоғарыда айтқан тұжырымдарға жақсы дәлел. Жеткіншек жастың нәзік жанына оқудың ұрығын себуші, оны мәпелеп, тәрбиелеуші – ұстаз. Мақал-мәтелдер бұл жайтты естен шығармаған. Мәселен, «Ұстазына қарап бала өсер, бақташысына қарап мал өсер», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаз көрген хат таныр», «Ереже ұсынғанша өнеге ұсын» сияқты мақалдарда ұстаздың бөбек өміріне үлгі болатын, өмірдің сан тарапты жолынан адаспай өтуде оған бағыт беріп, жөн сілтеуші адал екендігі, балғын денеге адамгершіліктің нәрін құйып, баланы еңбек сүйгіштік, адалдық т.б. сол секілді ізгі қасиеттерге баулитын жан екендігі сөз болған.

Мақал-мәтелдерде адамның жан қуаттарының да толып жатқан жақтары бейнеленген. Бұларды психологиялық тақырып тұрғысынан төмендегіше топтастыруға болады: 1. Психологияның жалпы мәселерері: а) жан қуаттары,олардың ортақ қасиеттері туралы түсінік; ә) өскен орта және тұқым қуалаушылықтың жан құбылыстарына әсері; б) психиканың қалыптасуындағы еңбек, тәжірибе және практиканың ролі; т.б. 2. Сезім мүшелерінің (көз, құлақ, т.б.) танымда алатын орны. 3. Тіл мен сөйлеу, бұлардың тіршілік пен қарым-қатынасындағы ролі. 4. Ақыл және ес. 5. Арман мен қиял. 6. Адам эмоциясы мен сезімдері (қорқыныш пен үрей, қайғы мен қуаныш, махаббат пен жек көру, шындық пен өтірік, достық пен жолдастық, т.б. 7. Қажыр-қайрат пен бос белбеу, жүрексіздік. 8. Кісінің жеке дара ерекшеліктері). 9. Түрлі топ өкілдерінің (еркек,әйел, ата-ана, бала-шаға, туыс, жекжат-жұрат, әкім, т.б. ) әлеуметтік психологиялық ерекшеліктері. 10. Әртүрлі жас мөлшерінің (бала, жасөспірім, ересек, кәмелет, қария, т.б.) психологиялық сипаттары. Ал, кәрілік шақтың рухани (мол тәжірибе , тоқталған ақыл, ескі әдеттің үстемдігі, кінәмшілдік, ұмытшақтық, т.б.) және тәң (көз бен құлақтың әлсіреуі, тістің түсуі, бел бүгіліп, қозғалыстың нашарлауы, шаштың ағаруы, әжімнің көбеюі, т.б.) белгілерін саралаған халықтық пайымдар өз алдына бір төбе. Осы айтылғанға «Көңіл қартаймас, көз қартаяр», «Кәрі білгенді, пері білмейді», «Сақалға ақ түсті, көңілге дақ түсті», «Көп жасаған көмбенің үстінен шығады» деген тәрізді мақал-мәтелдер жақсы айғақ.

Мақал-мәтелдерде адмның ес, жад қуаттары жөнінде де аз айтылмаған. Бұлардың ғылыми психологиямен тамаша ұштасып жатуы таңқаларлық. Мәселен, біреу көзбен көру, екінші біреу құлақпен, үшінші адам қозғалыс мүшелерінің қатысуымен, ал төртінші біреу бұларды араластыра есте сақтайтындығын,біреу тез арада есте сақтай алатын болса, екінші біреу бұған ұзақ уақыт машықтанатын халық даналығы жақсы қөрсеткен. Әрине, жалаң еске сақтаумен адам алысқа бара алмайды, ол өз есін, оның басқа қасиеттерімен( беріктік, нақылдық, реакция шапшаңдығы, т.б) ұштастырғанда ғана бағалы болмақ. Бұл айтқанды «Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң, қағып алады», «Оқығаныңа мәз болма, тоқығаныңа мәз бол», т.б. мақалдар жақсы қуаттайды. Немесе қарт адам жуырда оқыған , естіген, көрген нәрселерін тез ұмытады, бұл естің әлсіреуіне әкеледі. Осыны «Ер қартайса-жаңылшақ» деген дана сөз де нақылдай түссе, оқығанды миға тоқу да қайталаудың маңызы зор екенін, «бұрынғыны айтпай, соңғысы еске түспейді», « көз көруге, құлақ естуге тоймайды» дейтін мақалдар қуаттайды. Ал сын көзімен қабылдау естің дамуына елеулі ықпал ететіндігін «Өз қатесін көрмеген, кісі қатесін сезбейді» деп түйіндейді. Есте сақтау да, еске түсіру де материялдың эмоциялық әсерімен байланысты болатындығын, жақсы, шапағаты мол мәселелерді есте мықтап сақтауға меңзейтін мақал-мәтелдер де баршылық. Мақалдарда адамның есте сақтау қабілетіне айрықша баға беріледі, ақылдылық жоғары дәріптеледі.

Мақал-әтелдерде адам танымының өзге жақтары туралы да қызғылықты ойлар аз емес. Мәселен, арман мен қиялдың адам өміріндегі орны жайынды « арманы жоқ жігіттің дәрмені жоқ» десе, сезім мен ойдың байланысы туралы «аузы күйген үріп ішеді», ал ерік-жігер жөнінде «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай», әдет пен дағды туралы «ауру қалса да әдет қалмайды», құмарлық, бейімділік жайында «Жақсығы жақсы әуес», «Саусағы ұзын биші болар» дейді.Адам баласы әртүрлі жағдайда тәрбиенің әр алуан әсерінде болып, әр салада қызмет етеді. Осы фактордың бәрі оның жан-дүниесінің қалыптасуында елеулі із қалдырады. Кісі оқу, іздену, тәрбиелену арқылы өзін-өзі сомдайды. «Көре-көрекөсем болар, сөйлей-сөйлей шешен болар», «Адам туа білмейді, жүре біледі», деу осы айтылғанның дерегі. Халық даналығында адамның моральдық-психологиялық ерекшеліктері жай көрініс таппай, оны қалыптастырудың жолдары да сөз болған, бұларды қалайша тәрбиелеуге болатындығы жайлы түйіндер де айтылады.

Қорытынды

Қорыта келе қазақ мақал- мәтелдері өзінің мазмұны жағынан да, психологиялық тәрбиесі жағынан да бала тәрбиелеу жұмысында ең күшті құрал болып табылады. Әрине тек қана мақал- мәтелдерді зерттеп қоймай , сонымен қатар көптеген қазақ халқының қай-қай еңбектерін алып, терең үңілетін болсақ, ондағы терең құндылықтардың кездесуі, соның ішінде психологиялық астарлардың берілуінен қазақ психологиясының күштілігін байқаймыз. Осындай мәселені дәлелдей келе «...Еліміздің бір атақты университетінің білдей бір оқытушысы студенттерге «сендер емтиханды психологиядан орысша тапсырасыңдар. Психолог ғұламалардың ойларын қазақша аударуға болмайды» деген пікірін жоққа шығарып, «психология тілі сонымен қатар қазақ тілі» деген пікір қалдырамын. Қалайша осынау белгілі қазақ психологтарының еңбектерін жоққа шығара аламыз? Психология ғылымының өз елімізде сонау ерте заманда да, қазіргі заманда да жоғары дәрежеде дамығандығы, қазақ халқының сонау ата-бабадан қалған ең асыл мұраларының бірі- мақал- мәтелдеріміздің өзі дәлел емес пе! Мінекей, осындай пікірімді білдіре келе, қазіргі білім саласында еңбек етіп немесе білім алып жатырған, соның ішінде өздерін білгіш сезінетіндердің ең алдымен өзгенің психологтарының тәжірибесіне жүгінбестен бұрын, өз ұлтының психологиясын танып, зерттеуге сонымен қатар әрі қарай да қазақ психологиясының дамуына өз үлестерін қосып, еңбектенулерін сұраймын. Сондықтанда болашақ әрбір бала тәрбиелеуші тұлғаларға айтарым, қазақтың мақал- мәтелдерін тәрбиелеу барысында қолданатын болсақ, үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз. Ендеше, істеріңізге сәттілік тілеймін!



Қолданылған әдебиеттер:

1. Жарықбаев Қ.Б. Қазақ психологиясының тарихы.- Алматы: Қазақстан,1996.- 145 б.

2. Жарықбаев Қ.Б. Қазақ тәлім-тәрбиесі: Қазақ ұлттық педагогикасы мен

ұлттық психологиясының тарихы. – Алматы: Санат, 1995.- 352 б.

3. Қалиев С.Қ. Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. – Алматы: Сөздік-

Словарь, 2007.- 416 б.



4. Елікбаев Н. Ұлттық психология. – Алматы: Қазақ университеті, 1992.
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет