Қазақ ертегілерінің адамгершілікке тәрбиелеу әлеуеті К. Ж. Қожахметова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жалпы және этникалық педагогика»



Дата13.12.2016
өлшемі89,86 Kb.
#3743
Қазақ ертегілерінің адамгершілікке тәрбиелеу әлеуеті
К.Ж. Қожахметова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жалпы және этникалық педагогика» кафедрасының п.ғ.д., профессоры

А.Ж. Баймұратова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жалпы және этникалық педагогика» кафедрасының 1курс магистранты
Резюме

В данной статье рассматривается нравственное воспитание детей средствами казахских народных сказок. Проблема нравственного воспитания личности всегда была одной из актуальных проблем общественного развития, а в современных условиях она приобретает особое значение. Сказка – это наиболее простой и интересный способ формирования этических принципов и картины мира у детей.


Summary

This article describes moral upbringing of children by means of Kazakh folk tales. The problem of moral upbringing of the individual has always been one of the most urgent problems of social development, and in modern conditions, it acquires special significance. Fairy Tale - this is the most simple and interesting way of forming ethical principles and worldview in children.


Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық рөл атқарады. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі қызметтен шығады. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әртүрлі ырымдар мен аңыздар ізінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Қазақ Ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейпі көбірек көрініс тапқан. Қазақ Ертегілері іштей бірнеше жанрға бөлінеді: жануарлар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер.

Жануарлар жайындағы ертегілердің өте терең моральдық және әлеуметтік мәні бар. Мысалы, хайуандар қанша бір-бірімен шайқасып, қақтығысып жүрсе де, жыртқыштар ешуақытта жеңіске жетпейді. Әңгіменің соңында жыртқыштар мен озбырлар міндетті түрде жеңіліске ұшырап, дәрменсіз болып шығады. Ертегілердегі мораль мен әлеуметтік утопизм, міне, осында.

Қиял-ғажайып ертегілер көне замандар айғағы. Қиял-ғажайып ертегілері батырлық ертегілерімен жалғасын табады. Батырлық ертегілерінің басты тақырыбы – ерлікпен үйлену, неше түрлі құбыжықтармен соғысу, рудың, елдің намысын қорғау. Міне, сондықтан әрбір ертегінің балаға берер тәрбиесі мол.

Мұхтар Әуезов былай дейді: «Кішкентай болымсыз тірлік иелерінің өмірге икемділігін, жеңгіштігін көрсету балаларға арналған, қазақ ертегілерінің барлығына ортақ». Жастайынан ертегі тыңдап өскен бала болашақ өміріне азық болар адамгершілік қасиеттерді бойына жинап, өнегелі тәрбие алып өсті десе болады. Шынында да солай! Тәрбие - бала болашағы.

Балалық шақ әр адам баласының басынан өтетін ең тәтті, ең қызық, қайталанбас жастық шағы болса, осы кезеңдегі арманшыл, қиялшыл болып келетін баланың ең жақын досы ертегі десек те болады. Бізде «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөз бар. Сондықтан қазақ халқы бала тәрбиесіне бала ана құрсағында жатқан кезден бастап-ақ көңіл бөлген.

Өзіміз көп үміт күтіп отырған жас ұрпақ ата-бабамыздан қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінің өн бойындағы мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан тәлім-тәрбиесі мен үлгі - өнегесінен нәр алары анық.

Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді. Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі балаларға ең жақыны ол  ертегі болмақ.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген халық. “Кейін кеш болады”,- деп баланы ана құрсағында жатқан кезден бастап-ақ тәрбиелеуге кіріскен халық. Сондықтан ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыздың бала тәрбиесіндегі рөлі зор. Аналар бесіктегі сәбиге:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем,

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?!

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?! - деп

“Бесік жырын” айтып берсе, әжелер балаларды: “Ерте, ерте, ертеде. Ешкі жүні келтеде”,- деп басталатын ертегілермен, аңыз әңгімелермен сусындап отырды. Әжелеріміз ертегілердің тәрбиелеуге тигізер үлесін сонау ерте заманнан-ақ білсе керек. Ертегі балаларды тәрбиелеп қана қоймай, олардың білімдерін молайтып отырған. Мысалы, Бауыржан атамыздың “Ұшқан ұя” деп аталатын естелігінде бала Бауыржан үлкен апасын: “Жыл санауы бойынша сен маймыл жылы туылғансың, сондықтан сен маймылсың”, - деп айтып жыл санауды үйренгенін көрсеткісі келген Бауыржанды апасы дұрыс түсінбей қалып, оны доңыз деп атауы бала Бауыржанды ренжітеді. Сонда әжесі: “Балаларым, құлақ салып тыңдаңдар. Көңілге түйіп, ұғып алыңдар. Жаппар ием жарық дүниені, Күн мен Айды, жарық пен қараңғыны жаратарда күнге, аптаға, айға және жылға ат қоюды ұмытып кетіпті...”,- деп жыл санауының қалай шыққаны туралы ертегі-аңызды айтып беруі балалардың ой-өрісін дамытты.

Бес жасқа дейін баланың санасы кез келген ақпаратты тез қабылдап алатын аса қабілетті кезеңі, сол себепті де осы аралықта балаға қолдан келгенше жақсы үлгі көрсету қажет. Бұл сөздерді Бауыржан атамыздың мына естеліктерімен де нақтылай түсуге болады: “Біздің кейде өткенді еске алсақ, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек-кесек кереметтер іздеп, ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Дәл осы өлшем балғын кезге келе бермейді. Өйткені бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, алғашқы сезгенін, алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында, тұнық күйінде болмысына ұйытып алады да, сол қалпында сақтай біледі. Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп жатпайды, қайта үзік-үзік үміттің өзінен рахат сезімге бөлене береді”. Міне, сондықтан да бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөліп, ертегі айтып беріп, ондағы кейіпкерлер арқылы жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету керек.

Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағындағы көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты. Бүлдіршіндер мен жастар адамның рухын шыңдап, жігер беретін ортада ақыл-ойы ұшқыр, көргенді боп өседі. Балаларға оқытылатын кітап мейлі өлең-жыр, не қара сөз болсын, адамның ойына қозғау салатындай, рухын шыңдайтындай, үміт пен жігерді жанитындай болуы керек. Сонда ғана ерік-жігері күшті, ақыл-ойы түзу ұрпақ өсіп шығады...

Тәрбие өзінше бір ғажайып әлем және жақсы тәрбие алған адам қандай құрметке де лайық. Иә, адам оқымаған қараңғы болса да, оны ізеттілігі үшін жақсы көруге әбден болады. Ұлттық рух пен ұлттық тәрбиеден мақұрым халықтар дөрекі, надан әрі желөкпе, қаңбақ адамдарға ұқсайды. Олардың достықтарында опа, қастықтарында шынайылық жоқ, яғни жау боп жарытпайды, не дос боп опа таптырмайды. Мұндайларға сенгендердің үміті үзіледі, оларға арқа сүйегендер қиын-қыстау сәтте жалғыз қалады. Сондықтан балаға жастайынан рухани ұлттық тәрбие берген абзал. Бұл тәрбиені біз ауыздан-ауызға беріліп келген, қазақ халқының армандарынан туған және олардың тұрмыс-тіршілігін, қандай дана адам болғанын көрсететін ертегілер арқылы беруімізге болады. Халық адамгершілік пен әділеттілікті, ақылдылық пен батырлықты ертеден –ақ өте жоғары бағалап, әңгіме, ән-жырға, ертегі-аңызға арқау етіп отырған. Халықтың ауыздан-ауызға тарап, бізге жеткен ертегі, аңыз әңгімелерінің барлығында да ақылдылық пен ақымақтық, арамзалық пен адалдық, жақсылық пен жауыздық қатар көрсетіледі. Ертегілердің тәрбиелік маңызы орасан зор. Ертегілерді тыңдау арқылы балалар қарапайымдылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ертегілердің тілі түсінікті, қанатты сөздер мен бейнесіне тіркестерге бай болып келеді. Енді сол ертегілерге талдау жасасақ.

“Ғажайып бақ” ертегісінің оқиға желісі қызықты. Ертегінің кейіпкерлері Асан мен Қасен -  қарапайым еңбек адамдары. Ертегінің негізгі идеялы – қарапайым адамның ісі мен ақылын ардақтау. Көңілі ақ, жүрегі таза Қасен бір кездері басына қиыншылық түскен кезде Асанның бөліп берген жерінен ішіне толтырып алтын салған бір қара қазанды тауып алып қуанышы қойнына сыймай, қазанның құлағынан сүйрей, досының үйіне қарай жүгіреді, ал Қасен алтынды алудан бас тартып “бұл сол жерде маңдай терін төгіп, еңбек еткен адамдікі”,-  деп Асанның өзіне қайтаруы – адалдықтың, пәктіктің үлгісі.

Алтынды алудан Қасен мен Асанның балаларының да бас тартуы оларды өздеріне тартқан адал, шыншыл екенін дәлелдейді. “Енді алтынды кім алуы керек?” ,- деген сұрақ ертегідегі оқиға желісінің өрбуіне әкеледі. Ақыры алтынды “осы алтынды жұмсап, құлазып жатқан далада гүл жинаған, кедей кепшікке пана болар саялы бақ өсірер едім” деп шешім айтқан қарияның үшінші шәкірті алады да арманына, тілегіне жетеді.

“Сиқырлы жүзік” ертегісіндегі жағымсыз кейіпкердің кедей егіншіден сиқырлы сақинасын ұрлап, қайғыға душар болуы және егінші мен оның ақылды жарының ерінбей еңбек етіп, дәулетті болуы балаларды жастайынан шыдамды болуға үйретіп, шыдамдылықпен еңбектену арқасында мол табысқа жетуге болатынын айтады. “Ақыл, Ғылым және Бақыт” ертегісінде сарапшылардың үшеуіне берген ақылы мынадай болады:   Бірінші  Бақытқа: сен, тұрақсыз, опасызсың, орныңды  таңдамай  қонасың, қонғаныңды  ісінтесің, тасытасың, ақырында бір күні  лақтырып тастап кетесің. Ақылмен  тізе қос, сонда көп жасайсың, – депті.            

Екінші Ғылымға: дүниеде  сенен  күшті нәрсе жоқ,  қара тасты  қайнатасың, дүние жүзін  жайнатасың,  сақауды сайратасың, жоқты бар, бардан жоқ жасайсың, бар ғаламды  өзіңе  бағындырғың келеді, бағынбағанды демде  әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен  бірік, сонда абыроймен  ұзақ жасайсың, – депті.           

Үшінші Ақылға : дүниеде  адамзатқа   сенен артық  дос жоқ,  бірақ Ашу үстіңе кіріп  келгенде, орныңды  беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп кеткен соң,  кіресің де  Ашудың  бүлдіргенін  оңдайсың.   Әуелден  орныңнан  тұрмай отырсаң, Ашу сенің  үстіңе  кірмеген болар еді. Соңында үшеуіне: “Үшеуің біріксеңдер ешбір мұң-мұқтаждарың болмайды”,- дейді. Бұл ертегінің де бала тәрбиесіне берері зор.  

«Үш ауыз сөз» ертегісінде  жас жігіт ақылды қарияға бір  үйір жылқы беріп «суын ішкен  құдыққа түкірме», «оң қолың ұрысса, сол қолың арашашы болсын», «ертеңгі асты тастама» дейтін үш ауыз өсиет үйренеді. «Ұр тоқпақ» ертегісінде ұрылардың өзі ұратын тоқпақтың астында қалғаны суреттеледі. «Ұрлық түбі - қорлық» деген ғибрат осыдан келіп шығады. Бұл ертегілерден басқа балаларды батыр, ер жүрек, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершіліктік құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізетін ертегілер өте көп. Мысалға келтіретін болсақ, “Алтын сақа”, “Ер Тарғын”, “Туған топырақ”, “Толағай батыр”, “Ақылды келін” және тағы басқа.

Ертегі айту еріккеннің ермегі емес, жастарды сөз өнерінің қыры мен сырына жаттықтырып тәрбиелеу, этикалық, эстетикалық, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру мектебі болып саналған. Мәселен, ертеде казақ ауылына келген әр қонақтан «қонақ кәде» талап етіп, қонақтың өзі білетін ертегі, аңыз әңгімелерді қисынына келтіріп айтып беруін қалауы, ал оны ауылдың үлкен-кішілерінің кірпік кақпай тындап ләззат алуы, ертегі тек жастар үшін ғана айтылмайтынын дәлелдеп отыр.



Қорыта келе, халық адамгершілік пен әділеттілікті, ақылдылық пен батырлықты ертеден–ақ өте жоғары бағалап, әңгіме, ән-жырға, ертегі-аңызға арқау етіп отырғанын көреміз. Халықтың ауыздан-ауызға тарап, бізге жеткен ертегі, аңыз әңгімелерінің барлығында да ақылдылық пен ақымақтық, арамзалық пен адалдық, жақсылық пен жауыздық қатар көрсетіледі. Ертегілердің тәрбиелік маңызы орасан зор екендігі ертегі сюжетінен анық байқалады. Ертегілерді оқу арқылы балалар қарапайымдылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ертегілер әрқашанда қазақ халқының өмірінде маңызды роль атқарып келген және болашақта да солай болып қала бермек. Себебі, ертегілердің мазмұнында халықтың тұрмыс тіршілігі салт-дәстүрі, әдет- ғұрпы, бүкіл болмысы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы т.б. бейнеленген. Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі жеңіл, түсінуі оңай болғандықтан, ертегілердің балаларға отансүйгіштік, еңбексүйгіштік тәрбиелермен қоса, адамгершілік құндылықтарды да жас ұрпақтың бойына сіңіртері анық.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Әуезов М. Ертегілер. І том.  Алматы: Жазушы, 1988. - 40 бет.

  2. Момышұлы Б. Ұшқан Ұя. – Алматы: Атамұра, 2003. - 240 бет.

  3. Қазақ ертегілері: Аңыз, тұрмыс-салт, қиял-ғажайып, хаиуанаттар туралы ертегілер. Алматы «Балауса» 2004ж. 27-346.

  4. Фетхуллаһ Гүлен. Бесіктен бел асарға (Баланың діни тәрбисі). – Алматы: Көкжиек, 2011. – 200 бет.

  5. www.el.kz

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет